Шарапи Бауыржан Серікұлы
Шарапи Бауыржан Серікұлы 1996 жылы 17 желтоқсанда Қызылорда облысының, Қазалы ауданында дүниеге келген. 2014 жылы еліміздегі ең үздік оқу ордасын бітірген соң Көкшетау қаласындағы «Көкше» академиясының «Филология және педагогика» факультетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түседі. 2016 жылдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы «Көкшетау мемлекеттік университетінде» тәлім алып жатыр.Көптеген облыстық және республикалық ақындар байқауының жүлдегері.
Ақын мен Алтай
Демеңіз: - «Ей, шырағым, қате мұның»
Алтай мен ақын аты егіз ұғым!
(Автордан)
Сен-өрісім,
Ал мен сенің тұлпарыңмын!
Сен-бөрісің,
Ал мен сенің ұрпағыңмын!
Сен бірісің,
От кешкен батырлардың,
Сен тірісің,
Мен бүгін қасыңдамын!
Сен-ормансың,
Ал мен сенің бұлбұлыңмын.
Сен-отансың,
Ал мен сенің ұл-қызыңмын!
Сен-атамсың,
Әкемсің, анамсың да,
Ал мен болсам,
Таусылмаған дәм-тұзыңмын!
Сен-жырымсың,
Ал мен сенің жырлаушыңмын!
Сен-сырымсың,
Ал мен сенің тыңдаушыңмын!
Сен тынымсыз,
Елім деп еңбек еттің.
Ал мен болсам,
Сол ісіңді үлгі еттім!
Сен қырансың көгімде қалықтаған,
Талмайтыны қанатыңның анық маған!
Мәрмәр тастан қашар ем мүсініңді,
Ал әзірше ескерткішім жырдан саған!
* * * * * *
Өр Алтай саған мың алғыс,
Батыр да, ақын туғызған.
Болса да маған жол алыс,
Ат басын саған бұрғызам!
Мәрмәрдан мүсін тұрғызам,
Ел үшін туған ерлерге.
Арнайды сонда ұл-қыз ән,
Бабалар жатқан жерлерге!
Өзен мен тау-тас, көлдерге,
Орман мен шатқал, шөлдерге.
Аллаға шүкір, мың алғыс,
Ие боп қалған сіздерге!
Алтайым-алтын шаңырақ,
Мәлім ғой бізге екені!
Қалмасын бір сәт қаңырап,
Алаштың атамекені!
ТІЛЕК!
Күлтегіннің жолын бер,
Күллі жұрт мені танысын!
Тоныкөктің жолын бер,
Тарих боп қалсын бар ісім!
Сақ пен ғұнның жолын бер,
Азияны шарлап кезейін.
Қарсы келген дұшпанды,
Табанға салып езейін.
Керейімнің жолын бер,
Жұртыма пана болайын.
Жәнібектің жолын бер,
Керейдің ісін жалғайын.
Қасым ханның жолын бер,
Іздемес істің оңайын.
Асанымның жолын бер,
Іздейін жердің шұрайын.
Әз Тәукенің жолын бер,
Бабамның бірі болғасын!
Алтын ғасыры елімнің,
Тағы бір мәрте орнасын!
Абылайдың жолын бер,
Болмайды анық қор басым!
Бұхарымның жолын бер,
Жырларым болсын қорғасын!
Төле бидің жолын бер,
Үш жүзім болсын тірегім.
Қабанбайдың жолын бер,
Арыстан болсын жүрегім!
Хакім Абайдың жолын бер,
Өмірден болсын түйгенім.
Мағжанымның жолын бер,
Ел-жұртым болсын сүйгенім!
Әлиханның жолын бер,
Алаш деп өтсін өмірім.
Ұлылардан қалған мен,
Ұрпақтардың бірімін!
Ахметімнің жолын бер,
Бойымда болсын өнерім.
Міржақыптың жолын бер,
Қазаққа болсын керегім!
Таңжарықтың жолын бер,
Халқыма болсын берерім,
Елім деп ерте өтті ғой,
Ел үшін туған еренім!
Жамбылдың да жолын бер,
Жалынды болсын жырларым!
Жырларымнан қуат ап,
Қарымды болсын ұлдарым!
Бәукемнің де жолын бер,
Отан деп отқа түсейін!
Қар жастанып, мұз кешіп,
Кеудемді оққа төсейін!
Жұмабегімнің жолын бер,
Жерімді сақтап қалайын!
Алты құрлықтағы азғантай,
Риза боп жүрсін ағайын!
Бекзатымның жолын бер,
Ол да бір менің саңлағым!
Көк туым болсын көтерген,
Алтыннан болсын алғаным!
Бұл да бір менің арманым,
Қазақты ету әйгілі!
Бүгіннен басы басталсын,
Жеңейін осы бәйгіні!
ЖАСТАРҒА ЖОЛДАУ
Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас
Осыған әрқашан да әзір болу керек.
(Бауыржан Момышұлы)
Бәукең айтты, Жиырманың қасиетін.
Жасың ғой бұл,
Бүкіл әлем бас иетін!
Ойлан шырақ, тек жүрме,
Жоқты ойлап.
Бойда қуат, сен өлме,
Барды тойлап.
Жиырмасында бабаларың атқа мінді,
Шежіре мен дастандарын жатқа білді.
Ел ішіне жау кіріп келгенінде,
Ерлікпенен шайқасып шахид өлді.
Соның бірі «әруақ» деп жауға шапқан,
Жекпе-жекте жоңғардың басын қаққан.
Кешегі хан Абылай арыстаным,
Алты алашым-үш жүзім сенім артқан!
Не жеткен шешен сөздің киесіне?,
Би сөзі халық үшін мол несібе!
Төреліктің теңеуі болған Төле,
Араласқан жиырмасында ел ісіне!
Бағындырған шет елдің даласында,
Алып ұрған орыс, жапон баласында.
Белдескенде қарсыласын шыдатпаған,
Күш атасы Қажымұқаным сол жасында!
Алтынсарин Ыбырайым ашқан мектеп,
Сауатсыздық ел ішінде алған дерттеп.
Сол дертіңді ең алғаш емдегенде,
Қалған еді жиырмаға ол да беттеп.
Атағы Алатаудан әрі асқан,
Жамбылым өз алдына дара дастан!
Айтысымның алыбы болған ақын,
Көзге түскен осынау жиырма жастан.
Міржақып Дулатов сол жасында,
Жүр еді халық жайы санасында.
Патша еліне петиция жазған еді,
Қасиетті Қарқаралы қаласында.
Шоқаным шамшырағым еді туған,
Ес біліп ерек болып білім қуған.
Он тоғызда ғылыми еңбек жазып,
Жиырмасында зерттеуші-ғалым болған!
Өлеңменен «Айқап» бетін өрнектеген,
Бұл қазаққа білім жайы керек деген.
Қараңғы қазақ көгінің күні болған,
Сұлтанымды өзге ақыннан бөлек көрем!
«Түркістан-ер түріктің бесігі» - деп,
Ұлылардың жатқан жерін жырға қосқан.
Мағжаным жыр жинағын шығарғанда,
Кезі еді жиырмаға қадам басқан.
Жастарға сенуші еді жас ақыным,
Үлгі етеді қазақтың бас ақынын.
«Мың жыл жұтса дәмі кетпес»-дегені бар,
Сусында сен де Абайдан, бар алтыным!
Ел аузында сақталған көне жырды,
Ең алғаш боп пьеса жаза білді.
Танытқан барша әлемге дана Абайды,
Мұхтарым жиырмасында болды арайлы!
Бір басында қаншама өнерімен,
Туа біткен қаhарман аға жаны!
Жиырмасында ту тіккен рейхстагқа,
Қазақтың қайсар ұлы Рахымжаны!
Шығыстың қос шынары Әлия-Мәншүк,
Ел тілегін мойнына алған жүк ғып.
Жиырмасында қан майданда қаза болған,
Ерліктерін мойындайды талай жат жұрт!
Сексен алты талай жастың қиды өмірін,
Қайратым, Ләззат пен Ербол бірің.
Азаттықтың ақ таңын аңсағанда,
Жиырманың түйген еді шымылдығын.
Көшін алға сүйреген қара өлеңнің,
Сағынышқа айналған кең бағалым.
Жиырмасында жұлдыздай жарқыраған,
От ауызды,орақ тілді Оразалым!
Туылған қазағымның бағы үшін,
Бекзатым-мәңгілік сағынышым!
Есесін жібермеген ешбір ерге,
Жиырмасында Олимптай бағынды шың.
Қазағымда аз болған ба нар тұлғалар,
Жаза берсем таусыларға күмәнім бар.
Бәукең бекер айтпаған жиырманы,
Біліп айтқан мұның да бір мәні бар.
Осыдан жиырма жыл бұрынырақ,
Өмірге келген едім мен де шырақ.
Атымды Бауыржан деп қойған екен,
Үміт күтіп баласынан әке жұмақ!
Көтеріп мойнына алған жүкті,
Сол балапан бүгінде өсіп-жетті.
Қалықтап көк аспанда ұшсам дейді,
Бетке алып ұлы өнер - әдебиетті!
Кезің келді сенің де оянатын,
Таныт сен де халқымның қазақ атын.
Көгімізде күніміз, қыранымыз,
Әнұраның болсыншы шырқалатын!
Халқың қарап сүйсініп марқаятын,
Кеңге салып арқаны шалқаятын.
Мен сендерге сенемін бауырларым,
Сенгендей өздеріңе Мағжан ақын!
01.11.2016жыл