Нұртас Тұрғанбек
Нұртас Тұрғанбек - 1993 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. 2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетін тәмамдаған. Халықаралық және республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.
МІНЕЗ
Не бейнет, қандай қорлық көрсем дағы,
Бұл серттен өлгенімше танбаспын да.
Таңжарық Жолдыұлы
Өткеніңді бұл күні кім елейді?!
Жағымпаз көп, сой мейлі, іре мейлі...
Онсыз да үй мысығын арыстан деп,
Қасқыр деп қателестім дүрегейді.
Нем бар еді биікті құстан сұрап,
Қадірін қайдан білсін ұшқан шырақ.
Қыран деп сенгендегім кезқұйрық боп,
Ірілігін былғаған тышқаншылап.
Бірін-бірі аясын бұл күнде кім?!
Шаңқ етіп шыға алмадым шынжыр белім,
Тотықұс топқа түскен кезінде де,
Тілімді тістеп тұрып бұлбұл дедім.
Бұл күні қалтаңдағы құрт аңдулы,
Содан да құлау күлкі, шырқау мұңды.
Шеңберден шыр айналып шықпағанды,
Ертесінде ер салып тұлпар қылды.
Қайтейін, арыз айттым кеше өткенге,
Қайран дауысым қор болған қос өкпемде.
Қандай ғана кезеңге тап келдім мен,
Мейірім күтетұғын есектенде.
Мінез керек, бабамнан, мінсіз емен,
Шың құлатар шындаса шын сүзеген.
Сөз ұғатын бір адам табылған күн,
Үнсіз өлем!
КӨП БОЛДЫ
Көп болды ауылға бет бұрмағалы,
Көп болды жанды жерді тырнағалы.
Жатқа тастап кетуге қимай жүрмін,
Жатырқай алмаған соң бұл қаланы.
Көп болды дос-жарандар келмегелі,
Көп болды ғашық жанды көрмегелі...
Ауылдың хат-хабарын жеткізуші ең,
Ұмытып кеттің бе екен сенде мені?!
Көп болды жар жағалап жүрмегелі,
Көп болды үйдің жайын білмегелі,
Қалада бұл хәл сұрар уақыт та жоқ,
Түсіндіріп жатасың кімге нені?!
Көп болды жетсем бе деп көп тілеп ем,
Көп болды жазбағалы өткір өлең.
Алдында ауылдасты көрген кезде,
Көршінің бәрі көшіп кетті деген...
Көп болды содан бері маза қашқан,
Көп болды бәлкім маған назалы аспан.
Ауылда әттеңің де әйбәт екен,
Қалада сәттерім көп жаза басқан.
Көп болды ауыл жақты ойлағалы,
Көп болды кеуде тұсым ойран әлі.
Арманым Астананы кезгенменен,
Көңілім кең далада қой бағады...
Көп болды ауыл күйі жетім бүгін,
Көп болды санағалы кетуді мін!
Соңғы рет ошаққа мен отынды емес,
Жанымды жағып кеткен секілдімін!
СОЛАЙ
Ақша ұсынып бақыт келді алмадым,
Басқа ысырып уақыт көрді танбадым.
Адалдықты, адамдықты ойлаушы ем,
Қиналғанда сатып берді арманым.
Көз алдымда мұңды сезім жылады,
Жүрегінде сырлы сөзім жүр əлі.
Бəрі де сол жынды судың кесірі,
Бəріне сол жынды кезім кінəлі.
Пендешілік, тірлік болды баяғым,
Жылдар болып жылжып кетті ай ағын.
Жанарымда жалған тұрды мырс етіп,
Қайыр сұрап шындық келді аядым.
Ар төгілді, əр түн соны жасырды,
Қыздың жаны, бəлкім соры ашынды.
Менмін ғой деп мен де адасып кеткенмін,
Аңсап жүріп алтын толы ғасырды.
Бүгін міне ақыл күлді жынды боп,
Санасызда бақыр жүрді үлгі боп.
Мына жақта əпенделер əн айтты,
Анау жақта ақын тұрды тым жүдеп.
Заң өзгерді заман гүлдеп əр түрлі,
Бар жақсылық жаманмын деп ант ұрды.
Адам деген əр жақыным ит болды,
Иттің өзі адалмын деп шарқ ұрды...
Бағынбаған байлық керді кеудесін,
Алынбаған айлық болды көрмесім.
Жолыққанның бəрін бауыр, дос дедім,
Тоқырауда айнып берді сол досым.
Əрбір ұлы жеңілсе үздік жаңа ұқтым,
Жан дүниемде тек үнсіздік жалықтым,
Сенер жан жоқ, мен өзіме сенгенмін,
Менің өзім сенімсіздік таныттым.
Енді бірақ тоспасы анық сергелдең,
Тəңір маған басқаша ғып дем берген.
Мен періште бола алмасым белгілі,
Əй, пенделік, қоштасалық кел бермен!