Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Алтыншапақ Хаутай


Алтыншапақ Хаутай 1990 жылы 29-қаңтарда Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі. Республикалық, халықаралық жыр байқауларының жүлдегері. Өлеңдері түрлі басылымдарда жиі жарық көреді. «Қаламымнан сағынышым сырғанап...» атты жыр кітабының авторы.     

 

  

Таңжарық

Дəуірлер жайлы алыста қалған,

Далам айтады жылап əн.
Қалам айтады көз жасқа малған,
Жырларын жаспен суарған.

Белдер айтады азалы күннің,
Қазалы күннің өткенін.
Көлдер айтады қазақ ұлының,
Қандай азаптар шеккенін.

Ғұмырлар солай.
Тұрағы берік,
Айналып кеткен əнге анық.
Шығыс Түркістан шырағы болып,
Жарқырап туған Таңжарық!

Кеудеңді зұлым тағдырға тосқан,
Бөрісі сен бір даланың.
Серісі де едің əн -жырға қосқан,
Ай арулардың жамалын.

Еліңді ойладың, жайын басқаның,
Жаныңа бермей сəл тыным.
Асыл мұратқа айырбастадың,
Іленің күміс толқынын.

Көгілдір түске бояған едің,
Қоңыр көшесін Құлжаның.
Алаштың рухын аялап едің,
Елімнің есіл ұлдары.

Сендегі алауды сөндіре алмады,
Ызғары суық түрменің.
Өлді деп сені сендіре алмады,
Əрбір жүректе гүлдедің.

Күн сүйген шыңдай ерен асқарлым,
Мен-дағы сендей шерлімін.
Тағы бұлт торлап келеді аспанды,
Не болар екен ендігім?!...

 

Азалы АЛЖИР



Асау жылдардың ағысы қатты-ə?!
Жұмбаққа толы сыр əрбір.
Астана жақтан алысырақта,
Момақан ғана тұр АЛЖИР.

Болмағандай- ақ мүлде мұң-зары,
АЛЖИР тұр момын күй кешіп.
Қасірет деген қақпасындағы,
Ақ-қара түсі үйлесіп.

Арманға ұмтылған, алға талпынған,
Аппақ түс - адал сенімі.
Қара түс - күні қанға малшынған,
Қасірет- қайғы серігі.

Анадан келіп баланы айырған,
Қатыгез қандай қол мұндар?!
Күстеніп қолы, табаны ойылған,
Кер замандағы сорлылар...

Əйгілесе де мұңды жанары,
Əдемі үміт-тілегі.
Əлемнің бəрін сыйғыза алады,
Əйелдің ұлы жүрегі!

Баз кешсе-дағы, фәниден бүтін,
Шеккізген жапа шақтан көп.
Ойында тербеп сəби - үмітін,
Отанын, жарын сатқан жоқ!

Сыздатса-дағы тағы үміті,
Жан-тəнін қатар тілгілеп.
Сүйген жарларын сағынып күтті,
Сарылып сегіз мың жүрек.

Ескіден қанша елес қалған-ды,
Асылық айтсам, кеше гөр!
Аула сыртына... опат болғанды...
Көме беріпті... деседі ел.

Аңыз боп жеткен барған орыннан,
Айтылды бізге қысқа сыр:
Қан иісін сезсе қарғалар одан,
Кетпейді, - дейді үш ғасыр.

Асау жылдардың ағысы қатты -ə,
Жұмбаққа толы сыр əрбір.
Астана жақтан алысырақта
Момақан ғана тұр АЛЖИР...

Басқа күн келіп, басқа мұң қонып,
Болса да күннің бәрі бір.
Азалы АЛЖИРдің аспанын торып,
Қарғалар ғана əлі жүр...

 

***

 

Жұлдыздар көкте жамырайды ылғи,
Жасырып сырын күлімдеп.
Жылжыды қанша ғасырдай күн мен,
Жалғанның қанша түні көп?

Сол жұлдызбенен сырласа алдың ба?
Уақытты алаңсыз қылмады.
Сол ғашығыңа тіл қата алдың ба?
Алаштың есіл ұлдары.

...Қаһарлы патша құлады бір күн,
Сыбыстан көп ел қалтырап.
Алаштың сонда қуантып жұртын,
Шолпаны туды жарқырап.

Арпалыспенен атқа қонатын,
Алтындай таққа талас көп.
Аппақ арманын айтқан болатын,
Аялап қана Алаш деп.

Қарманып олар жақты шырағын,
Атпаған кезде əлі таң.
Қасиет, ардың тақты тұмарын,
Алаш көсемі - Əлихан.

Ашынып Ахмет сынады ел сиқын,
Сол шақтан қалған қапа көп.
Оятпақ болды ол ұйқыдан жұртын,
Ызыңдап ылғи маса боп.

Жамалдың сансыз мұңын мұңдады,
Бақытсыздықпен сырласып.
Ұйқыдағы елдің жырын жырлады,
Оян, қазақ! деп Міржақып.

Бостандық іздеп күрес жолында əр,
Бұғауға көнбей бұлқынды.
Азаттық үшін тірескен ұлдар,
Айбары сенсің -ұлтымның.

Ойында мəңгі тербейді жұртың,
Қарыса дағы сан ызғар.
Сөнгенше күнім сөнбейтін рухым,
Алашқа мәңгі қарыздар.

 

Көп оқылғандар