Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҚАЛАМГЕРДІҢ БІР КҮНІ
Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің бір күні...

13.12.2017 17976

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің бір күні

Жазушы Қабдеш Жұмаділовтің бір күні - adebiportal.kz

ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің ең бір шарықтаған дәуірі болды. Осы ғасырда қазақтың небір классикалық туындылары жазылды, ірі-ірі романдар дүниеге келді. Толқынды толқын қуып, қолына қалам ұстаған Алаш зиялыларының орнын Мұхтар, Ғабит, Сәбиттер басты. Олардан кейін әдебиетке Әбіш, Мұхтар, Қабдеш секілді дарынды жазушылар келді. Олар қазақ әдебиетінің іргетасын мықтап бекітті.

Міне, біз бүгін қазақтың дарабоз жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың үйін бетке алып келеміз. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан жазушының бір күні қалай өтетінін білмекпіз.

Есікті жазушының өзі ашты. Күтіп отыр екен. Күні қалай өтетінін сұрағанымда, негізінен үйде жазумен, кітап оқумен өткізетінін айтты. Қарт жазушының ыңғайын байқаған соң бірден сұхбатқа кірістік.

БАСЫММЕН ЖАУАП БЕРЕЙІН, ӘДЕБИЕТТІ СҮЙЕТІН АДАМ ҚЫЛМЫСҚА БАРМАЙДЫ

– Қабдеш аға, өткен жылы 80 жылдық мерейтойыңыз өтті. Қалай тойланды? Өзіңіздің көңіліңіз толды ма?

– Жыл деген, жас деген сенің еркіңдегі нәрсе емес екен. Қарап отырсақ, 80 деген жасқа келіп қалыппыз. Оны Алматы қаласы боп атап өттік. 80 жасымның 60 жылын Алматы қаласында өткізіппін. Сонау Шәуешек дейтін шаһардан жиырма жасымда келгенмін, содан бері осы Алматыдамын. Алматыға рақмет. 60, 70, 80 жасым да театрда тойланып, баяндама жасалып жатыр. Өткен жылы да солай болды. Ал құрметті азаматы болып саналатын Шығыс Қазақстан облысы “біздің елдің азаматы” деп елеп-ескермеді. Мен Аягөз, Тарбағатай, Үржар аудандарының құрметті азаматымын. Тарбағатай тіпті “біздің елдің адамы” деп иемденіп жүрді. Оған мен де қарсы емес ем. Шекарадан 20 шақырым жерде ғана болса да, өз туған жерім – Шәуешек шекараның сыртында қалды. Туған жерім деп Шығыс Қазақстанды атамағанда қай жерді атаймын? Бәрі де адамына байланысты екен. Сол Шығыс Қазақстан мен 80-ге келгенде елге шақыруға жарамады. Бұрынғы мерейтойларымда Үржар ауданына шақырып, бүкіл Шығыс Қазақстан жиналып, мені құттықтап, талай құрметтеген кездері болған. Астыма ат, темір тұлпар мінгізіп, иығыма шапан жапқан. Ол кездегі облыс басшылары басқа болатын. Қазіргі басшының бетін әлі көрген жоқпын. “Осындай азаматымыз, жазушымыз бар еді” деп, бір де бір рет шақырып, қабылдаған жоқ. Елдің ықыласына дау да, өкпе де жоқ. “Қабеке, біздің жаққа қашан келесіз? Халқыңыз күтіп отыр ғой. Сізді көрмегелі көп болды. Келсеңіз жақсы болар еді, сізбен жүздессек болар еді” деп халық шуылдап хат та жазды, телефон да соғып жатыр. Бірақ шенеуніктер мызғымады. Біз де “жарайды” деп қойдық. Ол үшін халыққа өкпелемеймін, олардың ықыласы баяғыдай.

Юбилей деген керек екен. “Неге керек?” деп біреулер тұмсығын шүйіреді. Жоқ, керек. Өйткені мерейтойда сенің еңбегің айтылады. Өзің халық алдында есеп бересің. Қазір жазушы көп. Жазушылар одағына мүше боп жүргендердің өзі – 700-800. Оның сыртында мүше еместер қанша? Газет-журнал бірін-бірі мақтаған адамдардан босамайды. Саған кезек тимейді. Мерейтойдың бір жақсысы, амалсыз саған бір уақыт кезек тиеді. Сен туралы үндемей келген газет-журнал еріксіз айта бастайды екен. Жаңа шығайын деп жатқан кітабыма былтырғы 80-жылдықтың материалдары: мақалалар, зерттеулер, арнау өлеңдерді бәрін ел білсін деп әдейі қостым. Сосын 80 жылдығымда есеп бердім. Мен 20 томның үстінде шығарма жазған адаммын. Оның 10-ы роман, 21-і повесть, 70-тен астамы әңгіме. Елу әңгіме осы тәуелсіздіктен кейін жазылды. Он бес повесть тәуелсіздік өмірінен, он романның да үш-төртеуі осы кездерде жазылды. Осындай еткен еңбегіме үкімет тарапынан ерекше марапат болған жоқ.

Бізге баяғыда өнер мен әдебиеттің адамдарына стипендия тағайындаған. Арасында 20-30 ақын-жазушы, актер, композитор бар. Жылдың аяғында беруші еді. Міне, алты-жеті жыл болды, мені содан қысқартып тастапты. Қартайғанда бұған ақша керек жоқ деді ме екен. Мұны да істеп отырған билік. Халық білсін деп әдейі айтып отырмын. Неге халықтың ақшасын Халық жазушысынан аяйды? Оны өз қалтасынан бермейді ғой. Мен сондық еңбек етпеппін бе? Міне, 2014, 2015, 2016 жылдары шыққан кітаптар. Барлығы да соңғы жылдары жарық көрген. Еңбекке қарап бағалайтын болса, осының бәріне қарау керек қой. Билік былтырдан бері “Рухани жаңғыру” деп ұрандатып жүр. Ол – жақсы. Бірақ бір әттеген-ай жері бар. Рухани түлеу, рухани жаңғыру, рухани реформа біздің билік басындағылардың есіне 25 жылдан кейін түсіпті. Оңды нәрселерді айтқан. Бірақ кеш қимылдады. Құлдырап кеткен экономиканы білгір адамдардың қолына түссе, 5-10 жылда көтеруге болады. Ал құлдыраған руханият дүниесін бүтіндеу өте қиын. Ол бес-он жылда орындайтын дүние емес. Оған қырық-елу жыл керек. Бір нәрсені бүлдіру оңай да, қалпына келтіру әрқашан қиын ғой. "Әдебиет керек пе, керек емес пе?” деген сұрақ та қойылмау керек қой. О бастан керек нәрсе емес пе?! Қылмыс секілді нәрселердің вирусын өлтіретін бір-ақ нәрсе бар. Ол – көркем әдебиет, поэзия, сұлулық. “Сұлулық әлемді құтқарады” деген сөз жайдан-жай айтылған жоқ. Әдебиет керек емес деп ойладық та, ел кітап оқуды қойды. Абайды, Пушкинді, Лермонтовты, Мағжанды, Қасымды жатқа оқып жүрген жастар ешқандай қылмыс жасамайды. Басыммен жауап берейін, әдебиетті сүйген адам қылмысқа бармайды. Мысалы, биыл жарық көрген мына кітабым екі-ақ мың данамен шығып отыр. Екі мың дана неге жетеді? Осы Алматыдан аспайды ғой. Менің “Тағдыр” дейтін романым кезінде қырық мың данамен шыққан. “Соңғы көш” қырық, “Атамекен” отыз мың данамен жарық көрген. Біз осындай таралыммен танылдық. Бізді осы кітаптарымыз арқылы біледі. Кейінгі жастар мені білмеуі де мүмкін. Олар білмеймін десе, мен өкпелемеймін. Өйткені, менің кітабым олардың қолына тиген жоқ. Олар қайдан біледі? Және насихатым жоқ. Мені айтпауға, мен туралы айтқызбауға тырысатындар бар. Кейбіреулер жақпай қаламыз ба деп мақаланың ішінде менің фамилиям кетіп бара жатса сызып тастайды екен. Қазір көзі тірі нөмірі бірінші жазушы деп кімді ойлайсыз?

– Өздеріңіз ғой, аға. Санаулы Халық жазушылары қалдыңыздар...

– Бұрын менің жанымда Әбіш Кекілбаевты айтатын. Марқұм боп кетті. Жақсы жазушы еді. Мұхтар Мағауин осы нәрсеге шыдамай Америкаға безіп кетті. Сен секілді бір журналист “Мағауин Қазақстанды тастап кетіп қалды. Сізде ондай ой жоқ па?” – дейді. Мен оған “Жоқ, кетпеймін. Өйткені Мұхтардың таңдауын мен осыдан 55 жыл бұрын жасағанмын. Өзіме жақпайтын мемлекетті тастап, 1962 жылы атажұртқа келгенмін. Жалғыз келіп қоймай, екі жүз мың қазақты өзіммен бірге алып келгенмін. Былайша айтқанда, таңдауды жасап қойған адаммын. Енді оны қайталағым келмейді. Не болса да атажұртта қаламын. Осылардың құрметі болса құрметін көремін, қорлығы болса, қорлығына шыдаймын. Сүйегім осында қалады”, – деп жауап бердім. Атажұрттан енді бөлінбеймін. Атажұрт, халық орнында қалады. Биліктегілердің біреуі келеді, біреуі кетеді. Мен тек халық жағындамын. Анау келсе анаған, мынау келсе мынаған жағынамын деп шаршайтын жағдайым жоқ. Менің ұстанымым – осы.

Сұхбат арасында жазушы тұрып, кітапханасын көрсетті. Қабырға бойы қалың кітап, суреттер.

Халық жазушысы деген атақтың салмағы қандай, аға?

– Қазір ең жасымыз – Мұхтар Шаханов. Оның өзі жетпіс беске келді. Мұхтар Мағауин, Олжас Сүлейменов, мен, Шерхан Мұртаза, Әбдіжәміл Нұрпейісов. Мұзафар Әлімбаев бар еді. Ол да дүниеден озды. Былтыр Әмірхан Меңдеке дейтін сыншы “Жас алашқа” мен туралы “Ұлт жазушысы” деген үлен мақала жазды. Мені орыстың үлкен жазушыларымен салыстырады, халықтың мұңын мұңдайтын жазушы екенімді айтады. Мені түсінген үлкен ғалым ағамыз Рахманқұл Бердібаев еді. Сексеннен асқан жасында қайтыс болды. Бір көңілін сұрап барғанымда бес томдығы шығып жатыр екен. Маған сыйға тартты. Соның бірінші томына: “Ұлттық рухтың жалаугері Қабдешке”, – деп жазыпты. Ұлттық рухтың жалаугерінің бірі Рахманқұл ағамыздың өзі болатын. Сол кісінің осы сөзін медеу тұтамын. Халық жазушысы деген атыма сай еңбек етіп жүрмін деп ойлаймын. Халық жағындамын. Халықтың мұңын айтамын, сорын айтамын, қиыншылық жағдайды, көші-қонды айтамын. Көк тудың астына тезірек жиналуды айтамын. Көші-қонның тоқтап қалғанына бес-алты жыл болды. Парламент арқылы бюджеттен бөлінген квотаның ақшасы қайда кетті? Жылына жиырма мың отбасыны көшіріп аламыз деген. Ол – кемінде сексен мың қазақ. Сексен мың қазақ қымбат па, жоқ анау жылтырап салынған құрылыс қымбат па? Оның бағасын болашақ ұрпақ өзі бере жатар.

– Қабдеш аға, адам жазушы болып туыла ма, жоқ уақыт өте білімін толықтырып, шеберлігін шыңдап, қалыптаса ма?

– Жазушылық – Алланың берген сыйы. Ақын болып, жазушы болып адам туылады. Алла оған сондай жүрек береді, сондай тіл мен жақ береді, талант пен дарын береді. Оны “Халқыңның мұңын мұңда, жоғын жоқта, сөзін сөйле” деп береді. Ол – біздің мойнымыздағы аманат, борыш. Алланың берген аманатын орындауымыз керек. Ал шеберлігіңді шыңдау дейтін уақыт өте болатын нәрсе. Оқымай, дәнеңе етпей, жазу жаза алмайсың ғой. Ештеңе оқымай өлеңдете беруге болар, бірақ әлемдік деңгейдегі роман жазу үшін көп білім керек. Білімсіз ештеңе өрге баспайды. Өзіңнің тұрған орныңды, деңгейіңді, алдыңда кімдер бар, артыңда кімдер тұр бәрін білуің керек. Мен қазір дүниежүзілік әдебиетте тоқырау бар деп ойлаймын. Жарып тұрған ешкім жоқ. Орыс тілі арқылы неміс, француз, ағылшын әдебиетімен таныстым. Бәрін болмағанмен біразын оқимын. Әлде олармен деңгейлесіп біз де үлкейіп кеттік пе... Бірден мойындататыны аз.

– Нобель алып жатқан жазушыларды оқып тұрасыз ба?

– Нобель сыйлығы да саясаттанып бара жатыр. Дүние былыққанда ол да былықшылыққа айналды. Кейбір ұсақ-түйек жазушылар да өтіп кетіп жатыр дейді. Енді мен Нобель сыйлығын алып көргем жоқ. Сондықтан кесіп айта алмаймын. Ал бір кездері оның талабы қатты болатын. Бәріміз төбеге көтерген Шыңғыс Айтматов та ала алған жоқ. Ұсынбаған емес, ұсынды. Біздің Елбасы да ұсынылып жатыр дейді. Алсын деймін. Ең болмаса біреудің алғаны жақсы ғой. Соны аламыз деп көптеген қадамдарға барып жатырмыз, әйтпесе.

МЕНІҢ АТЫМДЫ ШЫҒАРҒАН, АНАМНЫҢ РИЗАШЫЛЫҒЫНА БӨЛЕНДІРГЕН - "СОҢҒЫ КӨШ" РОМАНЫ

– Аға, бір сұхбатыңызда анаңыздың қуануына себеп болған кітап жөнінде айтасыз. Ол қай кітабыңыз еді? Алғашқы жинақ жазушы ретінде сізді бірден халыққа танытты ма? Бір кездері өлең де жаздыңыз, иә?

– Алғаш “Жас дәурен” деген өлеңдер жинағым жарық көрді. Сосын “Қаздар қайтып барады”, одан кейін жастардың өмірін суреттейтін “Көкейкесті” деген романым шықты. Ол кезде әдебиетке келудің де өзінің баспалдақтары болатын. Алдымен ұсақ жанрмен танылып барып, роман жазуға көшетінсің. “Көкейкесті” романымның қазақшасы қырық мың данамен шықты. Орысшасы 100 мың тиражбен “Зов” деген атпен жарық көрді. Одан кейін менің атымды қатты жайған 1973 жылы жарияланған “Соңғы көш”.

Қалтай Мұхаметжанов «Бұл қазақ әдебиетінің классикалық дәстүрінде, М.Әуезов, С. Мұқанов мектептерінен творчестволық үйрену нәтижесінде жазылған эпикалық кең тынысты проза үлгісі. Романда халық ортасынан қайнап шыққан, халық мүддесі үшін бар қайратын жұмсап күрескен азаматтардың қайталанбас образдары бар...» деп баға берген «Соңғы көш» қой?

– Иә, бұрын шекара сыртында қазақ бар деп айтылмайды екен. Бәрі жасырын. 1956 жылы Қытайдың жолдамасымен Қазақстанға оқуға келдім. Сонда “Қытайдан студент қазақ келіпті. Барып көрейік” деп хайуанаттар бағына жаңа жолбарыс келгендей бізді көру үшін топ-тобымен студенттер келген. Түрімізге қарап, қолымызды ұстап көріп “Қазақ-ей, кәдімгі. Өздері қазақша ағып тұр” деп таңырқаған. Сондай қызық болған. “Соңғы көштің” жазылуы қиын болды. Әнуар Әлімжанов марқұм көп көмектесті. Кітап жазылып біткен соң бір данасын Орталық комитетке, бір данасын Ұлттық қауіпсіздік қызметінің штабына, тағы бір данасын академияға жібердік. Бұрын бір адам сараптан өткізіп, рецензия жазып берсе кітап шыға беретін. Ал “Соңғы көшке” келгенде ешкім оны мойнына ала алмады. Жаңағы жіберген мекемелеріміздің барлығынан “Романның басылуына қарсы емеспіз. Барлығы дұрыс секілді. Тек өмір шындығы мен көркем шындық қаншалық үйлесіп тұр? Қытай жағдайы қандай? Ол туралы біз билік айта алмаймыз” деген мазмұнда қысқаша хат келді. Оған билік алатын ЦК-ның өзі мойындарына ала алмады. Тек ҰҚК “Бұл мәселенің басын ашатын бір-ақ мекеме бар. Ол – Мәскеудегі Қиыр Шығыс институты. Тез арада орысшаға аудартып, соған жіберу керек. Сондағы қытайтанушы, жапонтанушы мамандар шешімін айтсын”, – депті. Соны айтып, Жазушылар одағының бірінші басшысы Әнуар Әлімжановқа барып едім, ол бірден көмектесті. Дереу Төлеу Шаханов және Ғаббас Жұмабаев деген екі жігітті бөлді де, Одақтан ақша шығарып отырып орысшаға аудартты. Екеуі де орысшаға жүйрік, сөзбе-сөз аударма жасады. Романды қақ бөліп алып, үш айда бітірді. Сосын оны Әнуар Әлімжанов Қиыр Шығыс институтының адресіне хатпен бірге жолдады.

– Әнуар Әлімжановқа қатысты жазушылардан жиі жылы пікір естимін. Жазушыларға көп көмек қолын созған адам болған секілді…

– Өзі де талантты жазушы болатын. Мәскеуге беделді еді. Айтқыш болатын. Мұхтар Әуезовтің жақсы көрген шәкірті болды. «Хат жазып, Мәскеуге салып жібердім» деп көңілімді орнына түсіріп қойды, Әнуар. Бес-алты ай кешігіп барып жауап хат та келді. Есесіне қандай хат! Қиыр Шығыс институтының бір жауапты қызметкері жазған екен. “Дәл қазіргі сәтте бізге керек роман осы. Қытайдағы бүкіл жағдай дәл көрсетілген. Ұлттық езгі де, экономикалық жағдай да, алыптардың басына түскен қасірет-қайғы да анық айтылып тұр. Ештеңе артық та, кем де айтылмаған. Осы кітапты неғұрлым тез жариялау керек” деген хат келді. Сол хатпен бірге романның бір данасын “Жұлдыз” журналына апарып бердім. Шерхан Мұртаза ұлтжанды, жақсы азамат қой. Мәскеуден келген орысша жазылған пікірді дереу қазақшаға аудартып, романмен бірге “Жұлдыздың” үш нөміріне, әлі есімде, 1973 жылдың 9, 10, 11 сандарына жариялап жіберді. Ол сандар менде сақтаулы. Сонда қанша таралыммен шықты деп ойлайсың? «Жұлдыздың» ол уақыттағы әр нөмірі 196 мың данамен шығып тұрған екен. Дүниежүзіне, қай жерде қазақ бар, сол жерлердің барлығына тараған. Сол роман менің атымды дүрілдетіп, аспанға бірақ шығарды. Мені танытқан – “Соңғы көш” романы. Іле-шала жеке кітап болып шықты. Елдің ықыласы деген керемет, жан-жақтан жауған хаттың астында қалдым. Кітап боп шыққанда шешеме көрсетіп: «Осында менің әкем де бар, Күдері би атам да бар, мынау аталарым жайлы, әкем жайлы роман» деп, қолына бердім. Сонда шешем сандықта ақ матаға ораулы жатқан Құранға қалай тәу етсе, менің кітабымды да бір иіскеп, тәу етіп, маңдайына басып, қабылдап алды. Сосын: “Рақмет, балам. Жұмаділдің әруағы саған разы шығар. Әкеңнің атын дүниеге жайдың”, – деді. Әкем 1950 жылы қайтыс болды, сол жақта жерленді. Әкем мен шешем қосылғанда әкем 16-да, шешем 15-те екен. “Таңғажайып дүние” дейтін өмірбаяндық романымда оның бәрі айтылған. Әкеме он екі құлақты үлкен зират соқтық. Бүкіл әулет сыятын зират. Әркім орын сұрап келетін. Шешем өзі көрсетіп беріп отырды. Әкемнің оң жағындағы орынды ешкімге бермей өзіне сақтап жүрді. Басқа жағына ағайын-туған жайғаса бастады. Әкем өлгеннен кейін он екі жылдан кейін бері аудық қой. Шешем екі ойлы боп, қатты толқып: “Жұмаділдің әруағы қалып бара жатыр ғой, оны қалай жалғыз тастап кетемін?” – деп қатты қиналды. “Құран оқып тұрамыз. Әрі өзіңің туған жерің де Қазақстанда ғой”, – дедім. Анамның өзі – Зайсанда туған кісі. 1916 жылы «әскерге бала бермейміз» деп біраз қазақ Қытайға қарай ауған. Ол кезде шешем он екі жаста болыпты. Өзі: “Дап-дардай қызбын. Жеке атқа мініп өттім. Ертістен жүзіп өттік. Артымыздан орыс солдаттары тарсылдатып атып келе жатыр” деп айтып отыратын. Бері өткен соң біздің елге келеді. Атам Күдері би жаңадан келген елді сіңіріп әкету үшін дереу бойжетіп қалған қыздарына құда түсіп жібереді. Менің шешем Қанипаны өзінің екінші ұлы Жұмаділге әпереді. Анам солай бізбен 1962 жылы бері өтіп, 1977 жылы осы жақта қайтыс болды. Қазір зираты Кеңсайда жатыр. Қайбір күні немерелерімді ертіп барып, шешемнің басына Құран оқып қайттық. Анау Алтайда туып, Тарбағатайда өсіп, Алатаудың бауырына келіп жәй тапты. Сөйтіп шешемнің батасына ие болған адаммын. “Саған мен разы, әкең Жұмаділ де разы шығар, оның атын сен дүниеге жайдың ғой”, – деп еді шешем.

– Кезінде жазушы Тәкен Әлімқұлов бұл романыңызға «Горький айтқандай, әдебиеттің бірінші шарты – тіл. «Соңғы көште» осы тілдің байлығы бар. Автор сан қуу үшін сөз термейді, терген сөзді шығармасына зорлап телімейді. Сондықтан да әрбір сөз қалауын тапқан қардай өз орнында жарасып тұрады», – деп жоғары баға берген еді. Сіз бұдан кейін де көркемдік деңгейі жоғары бірнеше роман жаздыңыз. «Дарабозыңызда» Қабанбай батырды, «Прометей алауында» Ақтайлақ биді кейіпкер еттіңіз. Таңдау неге осы екі тұлғаға түсті?

– Біздің тарихымыз – таза жазылмаған тарих. Үнді халқының белгілі қайраткері Джавахарлал Нерудің «Отар елдердің тарихын отаршылдар жазып береді», – дейтіні бар ғой. Бізге орыстар қалай қараса, тарихымызды да солай жазды. Біз олардың жазып бергенін тотықұсша қайталадық. Жазуға мүмкіндігіміз кейін ғана болды. Сол кезде мен XVIII ғасырға түстім. Ең былыққан тақырып осы ғасырда екен. Ол кездегі басты оқиға не? Басты қаһарман кім? Соны іздедім. Оның бәрі бізде теріс айтылып келді. «Басты оқиға – Қазақстанның Ресейге қосылуы» дедік. «Басты қаһарман – бізді бодандықпен Ресейге қосып кеткен Әбілқайыр хан» дедік. «Сол арқылы социализмге ерте өтіп, коммунизмге жақындадық» дедік. Қабанбай, Абылайлар туралы ештеңе айтылмады. Қазақ Совет энциклопедиясында Қабанбай батыр туралы не жазды екен деп қарадым ғой. Қарасам, түк жоқ. Қабанбайға сіріңкенің қабындай ғана жерге орын беріп “Қабанбай батыр – жоңғарға қарсы соғыстың қаһарманы” деп қояды. Туған, өлген жылы да белгісіз. Соның дәл астында “қабан” дейтін жануарға берілген түсінік бар. Анадан әлденеше есе үлкен. Осының бәрі іште жатқан нәрсені оятты. Біз бала кезімізден Қабанбайдың ұрпақтарымен бірге өстік. Олар бізбен ауылдас. Біздің, яғни төртуылдардың ұраны – Баймұрат батыр. Ол ылғи Қабанбайдың қасына еріп жүріп, бірге соғысқан. XVIII ғасырда қазақ даласы үшке бөлініп қалды. Ұлы жүз жоңғарға, яғни, Төле би Қалдан Церенге қарап, сол арқылы Ташкент уәлаятының билеушісі боп тұрды. Елі, жұрты жоңғарға алман салық төледі. Ол да амалсыздан барған қадам. Бұдан Төле бидің дәрежесі кемімейді. Қайта мәміле тауып, елін бостырмай, жерін бөлшектемей сол қалпы сақтап қалды. Рубасылар бір-бір баласын Қалдан Церенге аманатқа берді. Егер мыналар бүлік шығарса, аманаттың басы қағылады. Төле бидің ұлы Жолан, Райымбектің әкесі Хангелдінің інісі Пұсырман, тағы сол секілді әр рудың адамдары жоңғардың қол астында жатты. Ал Кіші жүз жағы, Әбілқайыр бастаған бір бөлігі Ресейге бодан болам деп кетті. Сонда жоңғарға қарсы негізгі тірескен Орта жүздің Абылай бастаған хандары мен батырлары болды. Оның бас қолбасшысы Қабанбай еді. Мен осы екі тұлғаны негізгі етіп алдым. Менің концепциям – XVIII ғасырдағы басты оқиға Ресейге қосылу емес, қазақтың жерін жоңғардан азат ету. Жоңғар біздің Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент облыстарын биледі. Бір жыл емес, бес жыл емес, қырық жыл басып жатты. Біздің наймандар Алтай мен Сауырды, Тарбағатайды тастап, Арқаға, Есіл бойына, Ұлытауға босып барды. Жерін тастап кетті, бірақ елін берген жоқ. Қайтадан бас құрап, бүкіл батырларды маңайына жинап, тұңғыш рет жоңғарға тірестік берген Абылай хан болатын. Демек, XVIII ғасырдағы басты тұлға Әбілқайыр емес, Абылай хан. Ол болмағанда халық тоз-тоз күйінде кетер еді. Ұлы жүз Жоңғардың қол астында, Кіші жүз орыстың, Орта жүз тағы біреудің ықпалында кеткен болар еді. “Дарабоз” романында осы мәселе сөз болады. Жұрт “Дарабоз” романын жақсы қарсы алды.

Кітап қай жылы жарық көрді?

– Тәуелсіздіктен кейін, 1993 жылы бірінші кітабы, 1995 жылы екінші кітабы шықты. Ол тәуелсіздіктің арқасында жарық көрген кітап. Менің бұл концепциямды бұрынғы империяның тұсында атамаңыз. Оны маңайына жолатпайды ғой. Мен тапсырыспен ештеңе жазған емеспін. Жүрегім нені қаласа, соны жаздым. Мысалы, Ақтайлақ биді айтайын. XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың басы. Жоңғар кетті, жеңдік. Жерді азат еттік. Абылай бақилық болды. Қалған жерге біз ие болған болып отырмыз. Ақтайлақ би –біздің хандықтың атынан Бейжіңге императорға елші боп барған, император сарайынан дәм татқан кісі. Сұңғыла, ішкі, сыртқы саясаткер. Ақтайлақ би Кенесарының жеңетініне сенбейді. Алтыбақан алауыз сұлтандардың түрі мынау, аға сұлтандардың түрі анау, қаптаған қалың орыс мынау. Ендігі міндет не? Не істеу керек? Ақтайлақтың ауылының дәл жанына орыстар келе бастайды. Онда орыстардың аяғы Алматыға жетпеген кез, тіпті мына Ақсу-Қапалға да түспеген кез. Орыстардың алдыңғы шебі Аягөзге келеді. Келе салып, шіркеу салады. Бір күні қараса, қаңғыр-қаңғыр қоңырау соғылып жатыр. Шолып көру үшін онда Ақтайлақ би келеді. Бүкіл сыбандар бес болыс. Құрақ ұшып қарсы алады. “Шіркеуді көрейін деп келдім” дейді. Көрсетеді. Поптары бар. Келе салып шоқындырып жатыр. Кедей-кепшіктің баласына ақша беріп, христиан дініне қабылдап жатыр. Бұл Қызылжар жақтан басталған. Онда атақты Науан хазіретті шоқындыруға қарсы шыққаны үшін Сібірге айдаған. Ақтайлақ би келгенде келідей қоңырау соғылады. Би бәрін көріп, көп ой түйіп қайтады. Романды оқысаңыз қызық. “Мына қоңырау жайдан-жай соғылып отырған жоқ. Бұлар зеңбірегімен бірге қоңырауын ала жүреді. Ендігі майдан жүректе өтеді. Енді халықты дін ғана ұстап қалады”, – дейді менің суреттеуімде Ақтайлақ би. Сөйтіп жаугершілік заманда дінінен алыстап қалған халыққа дінді үйрететін адам керек екенін ұғады. Өздері жылда барып, Құран оқып қайтып жүрген Әзірет Сұлтан маңайын есіне түсіреді. Солай Түркістанға өзінің Кеңесбай деген баласын жіберіп: “Барып, қожа алып келесің, қожа болғанда да Бибі Фатимадан, Хасен мен Хұсейіннен тараған сейіт қожалар болсын”, – дейді. Содан Кеңесбай таңдап жүріп, қырық қожаны көшіріп әкеледі. Сол қожаның ішінде кімдер болды дейсің ғой. Мұхтар Әуезовтің арғы атасы Бердіқожа, қазіргі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің арғы атасы Сейқұлсейіттер келген. Бұл бір игілікті көш болады. Кейін Ақтайлақ би оларға қоныс, жер береді. Қырық үй келе жатыр дегенде, Аягөз өзенінің бойына қырық киіз үй тігіп қойған екен. Қырық атты белдеуіне, қырық бұзаулы сиырды желісіне байлап қойған екен. Содан Ақтайлақ биден қожа сұрайтын адамдар көбейіп кетеді. Құнанбай – Ақтайлақ бидің ауылына күйеу. Шәкерімнің әжесі Күңке Ақтайлақ бидің елінен. Сонда келіп жүріп Құнанбай Бердіқожамен танысады. Ақыры ат-түйедей қалап, Шыңғыстауға көшіріп алады. Бүгінге дейін ел біреуді мақтаса бар жақсылықты үйе береді ғой. Құнанбай Бердіқожаны Қаратаудан емес, Аягөзден көшіріп алған. Осының бәрі кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатын ақтарғанда Мұхтар Әуезовтің өмірбаянынан шықты. Онда жазушының өзі “Біз Шыңғыстауға найман ішінен, Ақтайлақ би ауылынан келіппіз”, – деп жазған. Осы ізбен Ақтайлақ би туралы роман жазуым керек болды. Ол халықты сақтап қалу жолында еңбек еткен ең соңғы ұлы билердің бірі ғой. Солай Шығысқа, Арқаға әлгілердің ізімен қожалар келе бастайды. Осылай Арқаға дін орнығады. Дін – халықты сақтап қалудың бірден-бір күші, негізі. Діні жоқ адам көрінгенге құл болып кете береді. Осы мақсатта Ақтайлақ би туралы “Прометей алауы” деген роман жаздым. Гректің аңызында Прометей деген аспаннан Құдайдың отын жерге алып түскен қаһарман ғой. Ал менің Құдайдың оты деп отырғаным – Исламның діні, Исламның шариғаты.

Одан кейін әдебиетші ғалым Шериаздан Елеукенов: «Тағдыр» – ұлтжанды қаһарманды биік өреге көтерген роман. Ол – қазақ әдебиетінің өз қойнауынан шыққан туынды. Басқа тілдерге аударылғанда ғана бағы ашылатын кейбір шығармалардай, батыс я Латын Америкасы роман үлгісі бойынша пішілмеген. «Тағдырды» оқып отырғанда қазақтың кең даласына сүңгіп кеткендей рахат кешесің» – деп пікір білдірген “Тағдыр” романыңыз жазылды. Кеңес кезінде жазушылардың тіліне тұсау болды дедік. Тәуелсіздіктен кейін еркін көсіліп жаза алдыңыз ба?

Иә, одан кейін жазылған “Тағдырда” шекара жұмысы қалай жүрді, бір қазақ қалай екіге бөлініп, орыс пен қытай қазақты қалай екі жаққа әкетті, осы нәрсе туралы айтылады. Мен керек, ділгір нәрселерді ғана жаздым. Бұрын тарихта зерттелмеген, айтылмаған, айтылса, қыңыр-қисық айтылған дүниелерді жаздым.

Әзірге “мынаны жазба” деп тоқтатып жатқан ешкім жоқ. Құдайға шүкір, еркіндік. Солай екен деп мен де тым ауа жайылып кетпеймін. Міне, “Академиктің көз жасы” деген кітабым. Бұған үш повесть, он шақты әңгіме кірді. Академик жылай ма екен? Мен өмірдің осындай қайшылықты жерін аламын. Академик деп отырғаным, нөмірі бірінші академик – Қаныш Сәтпаев. Ол туралы басқалар да жазып жүрді. Олар Қаныш Сәтпаевты мақтай береді, мақтай береді. Оның талантын, еңбегін айта береді, оның бәрі рас. Ол – қазақтың жерасты байлығын іске жаратқан адам. Бірақ осы кісінің де жылаған, өкінген кезі болыпты. Мен хикаятыма дәл сол жерлерді арқау еттім. Өзі бес рет Ленин орденін алған екен. Сол адам неге жылауы керек? Қарасаң, нөмірі бірінші қазақ. Сөйтсең, ұлт азат болмай, халық еркін болмай, ұлт бақытты болмай, жеке адам бақытты бола алмайды екен. Менің концепциям осы. Қаныш осыны бастан кешіреді. Әкесі Имантай 1930 жылы бар малы тәркіленіп, абақтыда өледі. 1937 жылы үш ағасы Әбікей Сәтпаев, Әбдікәрім Сәтпаев, Ғазиз Сәтпаевты халық жауы деп жазықсыз атып тастайды. Өзін 1950 жылға келгенде өз қолымен құрған Академиядан аластатып, орнынан алып, енді итжеккенге жібереміз деп жатқан кезде Мәскеуге қашып барып жаны қалады. Мұның бәрі құжатта бар нәрселер. Көмекшілерінің естелігінде Мәскеуге пойызбен ұрланып кетіп бара жатқанда еңкілдеп тұрып балаша жылағаны айтылады. Ал тағы бірінде, 1932 жылы еліне барады. Барса, жұрты қырылып жатыр. Өзі – Қарсақпайда кен орнының бастығы. Бәрін сақтауға мүмкіндігі жоқ. Өзінің бір ағасын үш-төрт баласымен салып алады, жолда атақты Шорманның ауылына келсе, пәленбай мың жылқы біткен байдың ауылы да қырылып жатыр екен. Сонда ұзатылған Ғазиза деген әпкесі бір жұма бұрын қайтыс болыпты. Жүруге халі жоқ екі баласы қалған екен. Сол екеуін жанына қосып алады. Сонда бір жылайды. Сол екі баланы адам қылады. Ол екі бала кім дейсің ғой? Бір жиені Кемел Ақышев кейін үлкен археолог болып, Алтын адамды тапты. Оны оқытып адам қылған – Қаныштың өзі. “Академиктің көз жасы” деп отырғаным сол. Семейде Қанышты бұрыннан жазып жүрген Медеу Сәрсеке деген жазушы бар. Ол менің осы повестімді оқып, хат жазып, сынапты. “Кеңес үкіметін жамандапсың, осы күнде Кеңес үкіметін жамандаушылар көбейді. Менің портретімді пайдаланды”, – дейді. Оның Қаныш туралы 600 беттік үлкен кітабы бар. Ал менікі – алпыс беттік повесть. Оның хатына “Ұзақ-сонар ашықхатқа қысқаша жауап” деп хат жаздым. Сонда “Сенің алдыңа түсіп кетейін деп отырған жоқпын. Мен сен айтпай кеткен нәрселерді айттым. Сен Қаныштың табыстарын, жеңістерін, шыққан биіктерін айттың. Мен Қаныштың жылаған жерлерін айттым. Екеуміздің концепциямыз екі түрлі”, – дедім.

Ақмоланың қасындағы әйелдердің лагері АЛЖИР туралы да бірінші жазған адам менмін. Шәкәрім қажы туралы, оны кімдердің атқанын жаздым. Ол да осындай повесть. Кезінде «Құнанбай тұқымын құртамыз» деген ашық ұран болған ғой. Оның ұрпағынан ешкім қалмады. Қазіргі Абай ауданы бұрын Шыңғыстау ауданы деп аталатын. Бір кездері отыз мың халқы бар екен. 1932 жылғы аштықтан кейін 1934 жылғы санақта бес-ақ мың халық қалыпты. Кімдер қалған дейсің ғой? Ылғи пролетарлар, Кеңес үкіметінің қолшоқпарлары, ГПУ-дың тыңшылары, шолақ белсенділер қалған. Қалғандары Қытайға, Қырымға қашқан, қырылған. Абайдың Әйгерімнен туған Тұрағұл дейтін ұлы мына Жамбыл облысына барып аштан өлген. Абайдың немересі, Мағауияның баласы Жағыпар да аштан көз жұмған. Қазір Абайдың ұрпағын іздестіріп жүргендер ана бір жылы Маңғыстаудан Ақылбайдың немересін тауыпты. Әйтеуір біреудің тірі қалғаны да. Абайдың жеті ұрпағы Ұлы Отан соғысынан қайтпаған. Өз аттарын ақтау үшін барын салып, соғысқа кеткен ғой. Сөйтіп Абай ұрпағы құрып кеткен. Мен Шәкәрімді сол үшін жаздым. Кім атты, қалай атты, ел қалай бұзылды, бәрі осы повесімде әңгіме болады.

ӨЗІМДІ НОБЕЛЬ АЛҒАН МО ЯННАН КЕМ САНАМАЙМЫН

– Аға, сіз жазушыларымыздың ақсақалысыз. Өзіңізден кейінгі қалам ұстаған жас жазушылардың жазғандарына көңіліңіз тола ма?

– Жазушылар Одағын 21 жылдан бері Нұрлан Оразалин деген жігіт басқарып отыр. Еш адам осынша ұзақ уақыт Одақты басқарған емес. Сәбит Мұқанов сегіз-ақ жыл, Ғабит Мүсірепов екі сайлауда сегіз жыл отырған. Әнуар Әлімжанов та тоғыз жыл отырған. Съездерде ашық “кет” деп айтылды. “Кет” десе де кетпейді. Бұл Жазушылар Одағына мүшені қырық-елуден қабылдайды. Ана жылы съездің алдында 42 адамға Алаш сыйлығын үлестірді. Мұндай әдебиет шарықтап, өсіп жатуы керек емес пе? Бір жылда осынша Алаш сыйлығын алған әдебиет жоғары тұруы тиіс. Мүмкін өсіп жатқан шығар. Мен оны айта алмаймын. Оны Нұрлан Оразалиннен сұра. Бірақ оқитын нәрсе жоғы анық. Үйге “Жұлдыз” журналы келіп еді. Әнес Сарайдың әңгімелері шыққан екен. Соны оқып рахаттандым. Ол – біздің әдебиетке балықшы өмірін алып келген кісі. Әнес өзі балықшының баласы екен. Университетке кейін келіп түскен. Балықшылар өмірін беске біледі. Өмірдің үлкен бір саласын әдебиетке алып келу – жоғары нәрсе. Ол да биыл сексенге келді, жас емес, біздің буын. Ал кейінгі жастар әдебиеттің өз тақырыбанан гөрі саясатқа, бақай қулыққа жетік. Желдің қай жақтан соғатынын біледі. Шығарма алдымен кімдерге ұнау керектігінен хабардар. Мемлекеттік сыйлық та кім көрінгенге беріліп жатыр. Кейінгі жастардан пәлендей жарып шыққан ешкімді көрмедім.

Бірнеше сағатқа созылған сұхбат арасында асүйге барып, апай дайындап қойған шәйдан да ішіп қайттық.

- Аға, сіздіңше Тәуелсіз Қазақстанның әдебиеті қай бағытта, қалай жазылуы керек?

Оған бас қатыратын түк те жоқ. Әдебиет – өмірдің айнасы. Өмірде не бар, соны айнытпай, дәнеңе етпей реалистікпен халық өмірін, халық тағдырын, халық басындағы проблеманы сол қалпында жазу керек. Сосын ұзақ романдарды, көпсөзділікті қою керек. Ұзақ дүниелердің оқылмайтынын мен бұрын сездім. Қазір роман жазуды қойдым. Ең соңғы романым – «Прометей алауы» мен «Қылкөпір». «Қылкөпір» деп отырғаным, ХХ ғасыр ауысып, ХХІ ғасырға өттік қой. Формация өзгерді, мыңжылдықтар, жүзжылдықтар ауысып жатыр. Осы кезеңді мен «Қылкөпір» деп атаймын. Қылкөпір – діни ұғым. Қиямет-қайым болғанда бәріміз шулап қылкөпірдің үстінен өтеді екенбіз. Сонда Марфуға секілді иманды, жақсы адамдар заулап өте шығады екен. Кейбіреулер отқа түсіп кетеді. Сосын үлкен романды жазуды қойғанымның тағы бір себебі, ол – қиын. Мысалы, «Дарабозды» бес жыл бойы жаздым. Зерттеуге 10 жылым кеткен шығар. «Соңғы көш» те сондай, үлкен-үлкен екі том. Оның бәрінен уақыт аяған жоқпыз. Жас болатынбыз. Ал бұдан былай романды жазатын да, оны оқитын оқырманның да уақыты жоқ деп білемін. Баяғыдай диванда шалқадан жатып роман оқитын кез өтті. Зыр жүгірген адамдар. Тіршілік, күнкөріс керек. Сол үшін мен шағын повесть, әңгімелерге өттім. Жетпістен астам әңгіме жаздым деп отырғаным сол. Шағын жанрмен де көп нәрсе айтуға болады. Қаныш туралы «Академиктің көз жасын» алпыс-ақ беттік повестке сыйдырдым. Жалпы, қазақ әдебиеті ешкімнен сорлы емес. Өз басымды ешкімнен кем санамаймын. Әлемнің кез келген мықты жазушыларымен теңесем. Қытайдың Мо Янь дейтін Нобель алған жазушысы шыққан екен. 1955 жылы туыпты, кейін шыққан жазушы ғой. Оның кітаптарын оқып шығып, дәрежесін байқап, иншалла, сол дәрежеде біз де бар екенбіз деп ойладым.

Аға, қазір Мо Янды әлем оқиды. Біздің әдебиетіміз мықты болса, жазушыларымыздың жазғандарын неге басқа ұлттар оқымайды? Бұл әдебиетіміздің сауатты аударылмауынан ба, әлде басқа себебі бар ма?

Рас, бізде аударма жағы ақсады. Көп уақыт бойы белгілі бір адамдар ғана аударылды. Бірақ көп аударылумен жазушының бағасы өлшенбейтінін де көрдік. Мысалы, Әбдіжәміл Нұрпейісов көп аударылды. Өзі Мәскеуде аударма жағынан комиссияның бастығы болып отырып, басқамыздың аяғымыздан шала беретін. Менің «Соңғы көш» романымды Мәскеудегі «Советский писатель» ұнатып, өздері аудармашы тауып шығарайын деп отырғанда соны тізімнен Нұрпейісов алдыртып тастады. Бұл – нақты дерек. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев секілді үкімет, билік маңайында жүрген адамдар аударылды. Бізді жолатқан жоқ. Менің «Советский писательден» орысша «Скакуны» дейтін бір-ақ повестер жинағым шықты. Сосын «Соңғы көш» түрік тіліне аударылды. Оны Хасен Оралтай аудартып, өзі шығарыпты. Сол кездің өзінде үш әріптен адамдар келіп, мені тексерген болатын. Ол уақытта Түркияны айтқызбайтын кез. «Түркиямен қандай қатынасыңыз бар? Онда «Соңғы көш» деген кітабыңыз аударылыпты ғой. Қатынасыңыз жоқ болса, ол қалай аударылды?» – деді. «Рақмет! Сүйінші хабар екен! Аударылғанын өзіңнен естіп отырмын», – дедім. Расымен білмейтінмін. «Хасен Оралтай деген біреу жауапты редактор болыпты», – деді. «Хасен Оралтайдың әкесін танитынмын. Ал өзін әлі көрген жоқпын», – дедім. «Ол кітапты қалай алды?» – дейді. Қазақша 40 мың, орысша 100 мың данамен шыққан кітап қой. Біреуі ол жаққа да барған шығар», – дедім. Сөйтсем кітаптарымыз шыққаннан кейін жан-жаққа тарап жатады екен ғой. Менің бір балам Америкаға оқуға барып, бір айдан кейін «Папа, мына біздің университеттің кітапханасында сіздің романдарыңыздың бәрі тұр», – деп хат жазды. Сөйтсек, кейбір үлкен орталықтар мұндай кітаптарды алдырып отырады екен ғой. Солай болған шығар. Мемлекеттік сыйлық алған «Тағдыр», мынау Қаныш туралы жазғаным да аударылмаған. Өткенде аудармашы іздеп «Простор» журналына бардым. Редакторы қазақ жігіт екен. «Аудармамен тікелей шұғылданатын кімдер бар? Жақсы орыстілді аудармашылар бар ма?» – деп сұрадым. «Тағдыр» кітабым шет тіліне аударылатын 100 кітапқа ілінсе керек. Соған тәуір аудармашыны енді іздеп жүрмін. Бұрын бізді аударатын еврейлер бар еді. Олар Израильге кетіп қалыпты, біразы өліпті, жөнді аудармашы да қалмапты. Дегенмен біреуге аударту керек шығар.

Бір кездері абыз жазушы Қажығұмар Шабданұлын Қытайдан қайтару жөнінде біраз мәселе көтерген едіңіз. Бірақ ол тілек орындалмады, арғы беттегі ақсақал жазушымыз туған жеріне табаны тимеген күйі бақилық болып кетті. Сіз тағы да шырылдап жүріп, «Қылмыстың» 6 томын шығарттыңыз. Тіпті өз кітаптарыңызға бұлай жүгірмегеніңізді байқап отырмын. Мұның себебі неде? Қажығұмардың шығармашылығына деген құрметіңіз бе, әлде жазушының алдында қандай да бір қарызыңыз бар ма еді?

Қытайдың саясаты ақын-жазушыларды ұзын арқан, кең тұсау, етіп ұстайды. Өріске жіберген болады, бірақ қоршаудың ішінде. Саясаттан шығармайды. Соның өзінде де амалын, формасын, мазмұнын тауып жазып жатқан жақсы шығармалар бар. Қажығұмардың оның алты томын шығару үшін 2-3 жыл уақытым кетті. Төте жазумен келді, оны кириллицаға аударттым. Компьютерге түсіріп, артынан оқуым керек. Бақандай алты том. Әрқайсысы 500 беттік роман. Өз қалтамнан ақша шығарып компьютерге бастырдым. Шынын айту керек, көп уақытым, біраз қаржым кетті. Баспадан шығарар кезде де көп қиындықтар көрдім. Құдай сәтін салып дәл сол кезде Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәдениет министрі боп келе қалды, соған рақмет. Оның әкесі мен Қажығұмар Шәуешек гимназиясында бірге оқыған. Абрар ақсақал биыл тоқсан бірде. Министр алты томға бюджеттен ақша бөлдірді. Ақшаны көрген баспалар басуға таласпады ма?! Оның алдында қолжазбаны сырттағы жазушылардың кітабын шығаратын «Атажұрт» баспасына апарып: «Ең болмаса жылына екеуден шығар. Қажығұмардан артық қандай жазушы бар?» –дедім. Сенесің бе, қолжазба «Атажұртта» табан аудармай үш жыл жатты. Ешкім қозғалмайды, жаны ашымайды. Бір күні «Қабеке, алты том деген көп қой. Осыны қақ жартысына қысқартып берсеңіз қайтеді?» – дейді. Алла-ай, түңіліп кеткенім сонша «Әй, Талғат! Сенің мамандығың немене еді? Агроном емессің бе?» – деппін ғой. Тарихшының айтатын сөзі ме? Қазақ әдебиетінің бір классигі ана жақта жатып, абақтыда көзінің майын тауысып алты том кітап жазады. Мен оны мына жерде отырамын да, қақ жартысын қысқартамын. Ондай құқықты саған, не маған кім береді? Осы сөзді айтқаныңның өзі ұят емес пе?» деп қағазымды көтеріп алып кеттім. Мұхтар министр боп келіп, ақша бөлінген соң жемтік көрген қарақұстай бәрі таласты. Адамшылық жолымен емес, шетте жүрген Қажығұмарға қол ұшын берейік деп емес, ақшаға таласты. Жаңағы Талғат Мамашев: «Бұл – біздікі. Баяғыдан басуға дайындалып жүрміз», – деп кеңірдектеп, басуға сол алатын бопты. Мен оған бермейін деп ем. Мұхтар: «Қайтесіз? Қазақтың бір баласы ғой. Солар-ақ басып шығарсын», – деп тендерін соған берді. Олар ақашаға кәні боп қалды. Алты томын басып шығарды. Бұл ғана емес, жалпы шамам келсе шеттегі қазақтарға шарапатым тисе деймін. Қолымнан келсе көмегімді аямаймын. Бірақ қолда үлкен билік, құдірет жоқ. Менікі әзірге «езуден ет жіберу» демекші, кеңес беру, ақыл айту ғана боп тұр. Сондай ғана жағдай.

Жазушының сырт келбеті Мұхтар Әуезовке де келіңкірейді. Әрі өзі Мұхаңа ұқсайтынын мақтан тұтатынын да айтып қалды.

Өзіңіз Қытайда болғанда Қажығұмар Шабданұлымен аралас-құралас болған ба едіңіз?

Екеуміз осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын көріскенбіз. 10-15 күн Тарбағатайда бірге жүрдік. Мен ол кезде 10-сыныптың оқушысымын. Өлең, әңгіме жазамын. Шыңжаң газетіне, «Шұғыла» дейтін журналға әжептәуір өлеңдерім, «Жамал» дейтін алғашқы әңгімем жарық көрген. Қажығұмар соның бәрін оқып шыққан екен. «Әй, сені әжептәуір кексе жігіт пе десем, мұртың да шықпаған бала екенсің ғой», – деп мені көргенде қалжыңдаған еді. Бұл 1955 жыл. Ол кезде Қажығұмар «Шұғыла» журналының редакторы, үлкен жазушы. Содан Үрімжіге қайтып кетті. Мен 1956 жылы бұл жаққа оқуға кеттім. Одан кейін көрісудің жағдайы болмады. 1958 жылы бізді қайта алып барған кезде Қажығұмар істі болып жатыр екен, ешкімді жолықтырмады. Сол бетімен ол Такламаға Тарымға кетті, мен елді бастап қашып, Алматыға келдім. Жолыға алмадым. Оны ойлағанда сол баяғы 1955 жылы көрген, 15 күн бірге жүрген күндеріміз ғана еске түседі.

Ал кейінгі жылдары хат-хабар алысу болмады ма?

«Қажығұмар қазір түрмеден шығып, үйқамақта отыр» дегенді естігеннен, келген-кеткен кісіден сәлем айта бастадым. Хат жазсаң, ұстап алуы мүмкін. Негізінен ауызша тапсырамын. Осында келген жиеніне «Қажекеңе айт, осыдан кейін шығарма жазар, жазбас. Бірақ «Қылмыс» дейтін роман жазыпты дейді ғой. Соны үстінен қайта қарасын. Күзеген, түзеген жері болса соның бәрін жөндесін. Сосын қандай жолмен болса да маған жіберсін. Алматыдағы Қабдеш Жұмаділовке десе болды, келеді», – дедім. «Қылмыстың» алты томы солай контрабандалық жолмен келген. Бірі көшкен елдің жүгімен келді, тағы бірі жолаушының қоржынында келді, төртінші томы жолда ұсталып қалып, қайтып кетіп, қайта жіберілді. Сондай машақатпен келген. Пакетке «Алматы қаласы. Қабдеш Жұмаділовке» деп жазып отырыпты. Қажекең бізге ұстаз болған адам ғой. Аманатын адал атқардым ғой деп ойлаймын. Сосын бір рет мені 2002 жылы Тарбағатай уәлаятының уәлиі Қызайжан дейтін жігіт Қытай үкіметінің атынан 10 күнге қонаққа шақырды. Желтоқсан айы. Қытай елшілігіне шақыртуым кеп жатты. «Жазда барайық» десем, «келіңіз» деп қоймады. «Қызайжан Құлжаға қызметі өсіп, ауысайын деп жатыр, сондықтан өз қызметін атқарып кеткісі бар», – деп біреулер жұқалап жеткізді. Бардық. Үкіметтің өзі қарсы алды. Шәуешекте бес жұлдызды қонақүйде құрметтеліп жаттық. Бұрын бір-екі рет туысшылап барғанбыз, ол кезде ешкіммен араластырмайтын, артық сөйлестірмейтін. Бұл жолы барлық жаққа есік ашық. Бұрын өзім оқыған мектепке, Дөрбілжін, Торы деген аудандарға апарып, кездесулер өткізді. Қонақасы беріп, құрметтеді. Көрсетілген құрметті пайдаланып, мен оларға мынадай талап қойдым. «Үйінде жатыр дейді ғой. Қажығұмармен кездесуім керек. Кездеспесем, ұят болады. Кейін біз өлген соң зерттеушілер «2002 жылы Қабдеш Жұмаділов Шәуешекке барды. Сол кезде Қажығұмармен кездесті ме, кездеспеді ме?» деп зерттейді ғой. «Кездеспеді» десе маған ұят болады. «Барып тұрып неге кездеспеді екен?» дейді ғой», – дедім. Біздікілер Қытай басшыларынан рұқсат алуға кетті. Ақырында «болмайды екен» деп қайтып келді. Ештеңе істей алмадым. Сосын бір күні қонақүйде жатсам, телефон шылдыр ете қалды. Алсам – Қажығұмар! Ол кісінің дауысын жақсы білемін. Лыпылдап, шапшаң сөйлейтін кісі еді. «Әй, Қабдеш! Қош келіпсің! Осында екенсің ғой. Әй, менімен жолығамын деп мыналардың басын қатырып жатыр екенсің. Сен олай істемей-ақ қой. Бәрібір жібермейді. Барлық жерде тыңшы. Мен саған көшедегі автоматтан соғып тұрмын. Сенің телефон нөміріңді біреу әкеп берді. Менімен жолығамын деп әуре болма! Рахмет! Бәрібір жолықтырмайды. Өзің әжептәуір құрметпен келген екенсің, осы құрметіңді бұзып алмай аман-есен еліңе қайт. Сау бол!» – деді Қажекең. Ал өлерінен бірер жыл бұрын Назарбаевқа: «Маған ие болыңыз. Сіз тек Қазақстанның емес, жер жүзіндегі қазақтардың президентісіз. Бізде сізден басқа президент жоқ. Өзім Үржар ауданына қарасты Қарақол деген жерде туғанмын. Маған сол жерден екі метр жер беріңдерші. Барып, сол жерде жатқым келеді. 10-15 том шығармаларым бар. Іріктеп, дайындап қойдым. Оны сол жақтағы халыққа, ұрпаққа тапсырғым келеді. Соны қабылдап алыңдар. Маған ие болыңыз!» – деп өлердегі сөзін айтып хат жазды. Әлгі хатты оқыған кісінің көзіне жас келеді. Біз соны жерде қалмасын деп, «Қазақ әдебиетіне» бастырдық. Хатты қосып, Президент аппаратына жібердік. Бірақ қозғалған ешкім болмады ғой. Ең болмағанда әрекет етіп көріп, біреуге тапсырса болар еді. Ана бір жылдары Президенттің 15-20 жазушыдан қабылдайтыны бар еді ғой. Сондай қабылдаулардың бірінде: «Қажығұмар қазір түрмеде. Жатқанына қырық жыл болады. Біз ғой, міне, Президенттің қасында отырмыз. Арман жоқ. Сізден өтініш, оның түрмеден босауына қамқорлық етіңіз. Тіпті болмаса олардың да бір тыңшысы біздің түрмеде жатқан шығар. Сонымен айырбас жасаңыз», – деп тұрып айтқанмын. Президент «Көрерміз, әй жазып алыңдаршы. Есте болатын нәрсе екен», – деді. Есіктен шыға бере ұмытылды ғой.

Ендігі жоспарыңыз қандай? Не жазып жүрсіз? Жалпы бір күніңіз қалай өтеді?

– Осыған дейін өз күшіммен жылына бір кітап шығарып келдім. Өткен жылы да кітабымды тапсырдым. Енді осыдан былай өзімді кітап жазып қинамай-ақ қояйын деп отырмын. Өйткені, сұраныс жоқ, «әкел» деп тұрған кісі жоқ. Көбіне өткен жылғы кітапты сатамын да, түскен ақшаны шашау шығармай келесі жылғы шығатын кітапқа төлеймін. Солай-солай кітаптарымды шығарып жүрмін. Негізі Халық жазушысының кітабын үкімет шығарып тұруы тиіс қой. Бұлар тұяғын қимылдатпайды. Стипендиядан қаққан соң болды ғой. Еңбектеніп жүрген Мұхтар Мағауин екеумізді алып тастаған. Ол да «Шыңғыс хан туралы төрт том кітап жазды. Екеуміздей еңбек сіңіріп жатқан кім бар? Оған қазір қарамайды. Ал мына Мәдениет министрінің кімнің министрі екенін білмеймін. «Мына Халық жазушысының қалы қалай? Кітаптары шығып жатыр ма? Шықса, өтіп жатыр ма?» – деп хәл білген бір адам жоқ.

Сосын уақытымның көбі кітап оқумен кетеді. Көріп отырсың, Шыңжаңдағы бір зерттеуші жігіт тоғыз том кітабын әкеліп тапсырды. Жазуды көбіне күндіз жазамын. Осы кабинеттің ауасы кең. Өзім би, өзім – қожа. Көңіліме келген нәрсені жаза беремін. Көкіректе қайнап піскен дүниені шығарамын. Жиырма томның үстінде таза проза жазыппын. Жетеді! Осы қазақ соны оқып, соны бойына сіңіріп алса болғаны.

– Кітаптарымды сатам деп қалдыңыз. «Қалай сатасыз?» Оқырман үйге келіп ала ма? Әлде арнайы бір жерге қоясыз ба?

– Екі жерге қоямын. Бірі – «Алматыкітап» дүкені, сосын «Атамұра» баспасы. 100-200-ден апарып беремін. Олардың Алматы, Астана қалаларында, облыс орталықтарында дүкендері бар. Біте бергенде тағы апарып беремін. Олар өздері үстіне қоятынын қояды, пайдасын көреді. Маған әр кітаптан 1000 теңгеден тиеді. Үйден де алып кететіндер бар. Тіршілік сол.

Жанымдағы фототілші Әйгерім екеуміз жазушының қолынан бір-бір кітап сатып алып, автограф жаздырып алдық. "Сендерге сатпасам да болар еді. Бірақ мен әдейі сатып отырмын. Мұны жазасыңдар ғой. Жұрттар менің бұл жағдайымды да білсін", - деді.

Неге екенін жазушының үйінен біртүрлі мұңайып қайттық...

Марфуға ШАПИЯН

Фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар