Поэтикалық кеңістік, ерекше шабыт, әдеби атмосфера сыйлайтын қалалар, шын мәнінде аз. Көне ғимараттар, тасты көшелер, теңіздің жағасындағы тыныштық – жаңа туындылардың көптеп дүниеге келуіне сеп болады. Түркияның Измир қаласы – сондай әсер сыйлайтын бірегей шаһар. Былтыр күзде сол тылсым әрі тұңғиық қаланың сырын ашу, көру бақыты бұйырған екен. Бүгінгі алақандай шағын жазбамызды соған арнамақшымыз.
Шаһардың қысқаша тарихына тоқталсақ, ол – Кіші Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Біздің дәуірімізге дейінгі 4 мыңжылдықта құрылған қала –өркениеттің маңызды орталығы болды. Ежелгі уақытта қала «Смирна» деп аталған. Бір қызықты жайт, Смирна – «Илиада» мен «Одессеяны» жазған, аты аңызға айналған ежелгі грек ақыны Гомердің отаны.
Қазіргі таңда Измир – жаңа заманға сай түрленгенімен, кейбір тарихи құндылықтары өзгерусіз қалған. Қаланы аралағанда алдымен орталығы Қонақ алаңында болдық. Алаңның айналасында орналасқан аудандарда Османлы дәуірінен бері сақталып келе жатқан тарихи ғимараттар бар. Сондай-ақ мұнда қаланың символы – Сағат мұнарасы орналасқан. Ол да Осман империясы кезінде салынған көрінеді. Алаңның маңында Қонақ мешіті, Измир археологиялық мұражайы, Хисар мешіті және танымал Кемералта базары бар.
Измир теңіз жағасында орналасқан, бірақ Измирдің өзінде жағажайлар жоқ. Мұнда саяхаттап келген шетелдіктер Чешме мен Күшатасына барып, демалады. Ондағы табиғаттың әсемдігін, көз тартар сұлулығын бір жазбамен айтып жеткізу мүмкін емес.
Сонымен қатар, «Кадифекале бекінісі», Ататүрік атындағы музей, «Ежелгі Пергам», Гректер мекендеген «Ежелгі Эфес» қалашығы да Измирдің тарихи құнды елдімекен екенін айғақтайды. Түрік ағайындар ежелгі Грек мәдениетін тиімді пайдаланып, туристерге көркем түрде көрсетіп отырғаны көңілге қонды. Өткеннің мұрасына ерекше ілтипатпен қарау, тарихи жәдігерлерге қол сұқпау – жергілікті халықтың жоғары мәдениет танытады.
***
Сапарымыздың екінші күнінен бастап қазіргі таңдағы озық білім ордаларының бірі саналатын Еге университетінде болдық. Соның ішінде Түркі әлемін зерттеу институты, Түркі фольклоры кафедрасында білікті профессорлардың дәрісін тыңдадық.
Еге университеті (түр. Ege Üniversitesi) – 1955 жылы іргетасы қаланған Түркиядағы белді мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінгі таңда университет Түркияның үздік 20 жоғары оқу орындарының қатарына кірген. Қазіргі уақытта университетте 68 мыңға жуық білім алушы бар және бұл университет әлемдегі ең танымал оқу орындардың қатарында.
Еге университетіне қарасты «Түркі дүниесін зерттеу институты» («Türk Dünyası Araştırma Enstitüsü») – бүкіл түркі әдебиетін зерттейтін, жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізетін тағылымды орталық. Мұндағы әрбір ғалым шетелден келген түркі бауырларына ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады. Бізден бөлек, қырғыз, әзірбайжан, татар секілді бірнеше ұлт өкілдері келіп, тағылымдамадан өтіп жатқанын байқадық.
Орталықтағы «Әдебиетті зерттеу» кафедрасы құрамы – саналы ғұмырын ғылымға арнап келе жатқан белді мамандарға толы. Соның қатарында Профессор, доктор, Түркі фольклоры кафедрасының меңгерушісі Метин Екижи, Түркі дүниесін зерттеу институтының әдебиет кафедрасының докторы, профессор, ғалым Ибрагим Шахин бізді университет тарихымен, оқытушылар құрамымен таныстырып, университет ғимараттарына экскурсия жасатты. Бір ерекшелігі оқу орнындағы әрбір профессордың өзінің жеке кабинеттері бар және кейбір дәрісті де олар өз кабинеттерінде оқиды. Емен-жарқын, ашық, ең бастысы ұстаздың шәкіртке деген ықыласы, шәкірттің ұстазға деген кішіпейлділігі ерекше таңғалдырды.
Метин Екижидің докторанттарға арналған «Türk Destanları I» дәрісін тыңдадық. Бұл дәріс әдеби жанрларды жеке-жеке классификацияға бөліп, түркі әлеміндегі дастан үлгілерінен мысал келтіруді мақсат етеді. Сонымен қатар, доктор Фазыл Өздамардың «Türk Dünyası Halk Şiiri», доктор Пинар Фидакардың «Mizah Teorileri ve Mizah Tipleri I» атты дәрісіне қатысу да біз үшін маңызды болды.
Одан кейін профессор, доктор, Түркі фольклоры кафедрасының оқытушысы Алимжан Инаяттың «Turk Halk Edeb. Tasavvuf I (Kavramlar ve Tanimlar)», сондай-ақ «Türk dünyasının ortak gelenekleri» атты докторанттар мен магистранттардың дәрісіне қатысып, қазақ пен түрiк әдебиетіндегі фольклористиканың ұқсастықтары мен айырмашылықтары жөнінде ой бөлісіп, ақпараттармен таныстық.
Түркі әлемін зерттеу институтының Фикрет Түркмен (Fikret Türkmen Kütüphanesi) кітапханасымен де танысып, құнды кітаптарды оқыдық. Мұнда түрік еліндегі батырлық ертегілер мен қазақ ертегілерінің айырмашылығы мен ұқсастықтарын салыстыра отырып талданған материалдар кездесті.
Түркі халықтарының поэзиялық шығармалары мен жыр дастандарының мотивтік және сюжеттік байланыстары, тілдік қатынастары, лирикалық кейіпкерлердің характері туралы профессорлармен пікір алмасу сәті де естен кетпес талқы болғаны рас. Сол арқылы біз көркем мәтіннің негізгі қабаттарына үңіле алдық. Түркі әдебиетінің мәтіндік құрылымы жаңашыл сипатқа ие. Сондықтан қазіргі түркі ақын-жазушыларының ізденісін жоғары бағалауға болады.
Кейінірек Қазақстаннан келген докторанттармен бірге Денизли қаласындағы Памуккале университетінің профессоры Мұстафа Арсланмен де жолығып, ғылыми кеңесін тыңдадық.
Шығыстық мәндерде қалам тербейтін жазушылар мен лирикалық сарынға жақын ақындары бар түрік әдебиеті әлемді өзіне қаратып келеді. Түрік тіліндегі әдебиет тарихы мың жылдан асады. Ақындар әлеуметтік мәселелерге именбей араласып, ішкі әлемімен бөлісу арқылы өздерінің жарқын ой-пікірлерін ортаға жасырмай салады.
Мәселен, түрік ақыны Яхья Кемал Беятлы (Yahya Kemal Beyatlı) шығармаларында лирикалық иірімдер басым. Барлық шығармашылық қуатын Стамбулға арнаған ақынды білмейтін оқырман жоқ. Тевфик Фикрет, Мехмет Акиф Эрсой және Ахмет Хашим сияқты белгілі түрік қаламгерлері секілді Яхья Кемал Беятлы түрік әдебиетіне тың образдар, жаңа стиль түрін әкелуге тырысты. Түрік музыкасының элементтері бар өлеңдер жаза отырып, Бейятлы оның әр өлеңіне тән үйлесімділікке үлкен мән берді.
Түркияның ең даулы және ең танымал ақындарының бірі, драматург, жазушы, режиссер және мемуарист – Назым Хикмет. Ол поэзиялық мәтінге, формаға жаңашылдық енгізе білді. Классикалық «шеңберден» шыққан Назым Хикметтің еркін ұйқаспен жазған туындылары көп.
Тағы бір талантты тұлға – Түркияның мемлекеттік Әнұранының авторы, түрік әдебиетінің ықпалды ақындарының бірі – Мехмет Акиф Эрсой. Эрсойдың азаматтық ұстанымы, отансүйгіштігі, түрік тәуелсіздік соғысы кезіндегі рөлі және түрік тілінің қолданылуы мен дамыту ісіндегі еңбегі орасан зор.
Сонымен қатар, түрік қаламгерлерінің ішінде Атилла Илханның (Attila Ilhan) шоқтығы биік. 1925 жылы Измирде дүниеге келген Атилла Илхан өзінің шығармаларымен түрік әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосқан жарқын ақындардың бірі болды. 1960-шы жылдары Измир, Париж, Стамбул қалаларының арасында жүріп, көптеген туындыларды дүниеге әкелді. Имажизм бағытында шыққан «Тұман желекжолы» (Sisler Bulvarı) кітабын әлем оқырмандары әлі күнге дейін таңданыспен оқиды.
Измирді ғана емес, жалпы Түркияны аралап жүріп, қоғамның ұлттық идеологияға жан-тәнімен берілгенін аңғармау мүмкін емес. Әуежайдан күтіп алған такси жүргізушілерінен бастап, дүкендер, сауда орталықтары, метро, демалыс орындарына дейін мемлекеттік туы мен Ататүріктің суреті міндетті түрде ілініп тұрады. Бұдан бөлек, түріктер өзінің тіліне деген құрметті бәрінен жоғары қояды. Осылайша, бір негізге ұйысқан мемлекеттің береке-бірлігін, ұлттық танымын көріп, үлгі алуға болатынына көзіміз жетті.
Көкірекке рух ұялататын, жанды шарықтатын рухани дүниелердің қатарына Измир маршы да енеді. Измир маршы (түр. Izmir Marşı) – Түркияның тәуелсіздік соғысы кезінде Измир түрік әскерлерінің Грек басқыншыларынан азат етілуіне арналған түрік әскери шеру әні. Ресми дереккөздерде марш авторлары белгісіз делінген. Өршіл ұран Түркия Республикасының құрылғанына 10 жыл толуына орай жазылған еді.
Ән мәтінінде Түркияның тұңғыш президенті және түрік ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Мұстафа Кемал Ататүрік мадақталады. Марштың түрік тіліндегі үзіндісін келтірейік:
İzmir’in dağlarında çiçekler açar.
İzmir’in dağlarında çiçekler açar.
Altın güneş orda sırmalar saçar.
Altın güneş orda sırmalar saçar.
Bozulmuş düşmanlar hep yel gibi kaçar.
Bozulmuş düşmanlar hep yel gibi kaçar.
Yaşa Mustafa Kemal Paşa,yaşa;
Adın yazılacak mücevher taşa.
Yaşa Mustafa Kemal Paşa,yaşa;
Adın yazılacak mücevher taşa.
Измир тауларында гүлдер гүлдейді.
Измир тауларында гүлдер гүлдейді.
Алтын күн сол жерге нұрын шашады.
Алтын күн сол жерге нұрын шашады.
Жемқор жаулар әрқашан жел сияқты қашады.
Жемқор жаулар әрқашан жел сияқты қашады.
Жаса, Мұстафа Кемал Паша, жаса,
Сіздің атыңыз асыл тасқа жазылады.
Жаса, Мұстафа Кемал Паша, жаса,
Сіздің атыңыз асыл тасқа жазылады.
Бұл әнді естігенде қайтпас қайсарлық, өршілдік, намысшылдық секілді патриоттық сезім пайда болады. Әні мен сөзі шебер үйлескен ұранды түріктер кез келген жерде тыңдай алады. Тыңдап қана қоймай, эмоциясын жасырмай, бірге шырқап кететіні де бар. Бір байқағанымыз, түріктер ұяң халық емес. Керісінше, пікірін ашық айтып, қуанышын да, ренішін де жасырмай бірден айтады. Қоғамдық экспрессия бізді де өзіне «жұтып», емен-жарқын болуымызға септігін тигізді.
Мәтінде «Мен – түріктің ұлымын, елім үшін қазір-ақ құрбан болуға дайынмын» деген мағынадағы идеологиялық иірімдер бар.
Бұл марштан бөлек, кафелерде 70-80 жылдардағы ағылшын әндері, ара-тұра Орталық Азияның да әндері шырқалып тұратынын аңғардық.
Ұран – адамның парасаттылығын өсіретін, санасын оятатын алып күш. Десе де, түріктер жалпы алғанда, баяу әндерге, лирикалық әуезге жақынырақ.
***
Осы орайда, біз түрік асханасына тоқталғанды жөн көреміз. Себебі олардың асханасы біздікінен бөлек, дәмі де, талғамы да басқаша. Дастарханға көбінесе бәліш, нан секілді өнімдер қойылады. Қонаққа нан сыйлау – жоғары құрметтің ишарасы. Олардың ішінде пита, экмек (ақ нан), симит (кунжук секілген), гезлеме (жаппа нан), берек, пиде (пиццаға ұқсас тағам) бар.
Түріктер таңертеңгі тамаққа айрықша зейін қойып, соған бар назарды аударады. Өйткені сол кездің тамағында береке бар деген түсінік қалыптасқан. Барлық тәтті, дәмді тағамдарын таңғы асқа дайындайды. Дастарханға зәйтүн, сары май, бал, көкөністер, шұжық, ірімшік қойып, шаймен ішеді.
Кейінірек тауық сорпасына ұқсайтын Шифа Чорбасы, Тархана, Кебаб (қуырылған ет) секілді тіл үйірер тамағымен «асқазаныңызды» сөйлетеді.
Тәттілерден Кунефе, Түрік баклавасы, Ашура, Халва, Сүт Нуриесі бар. Сөйтіп, «ауыр» астың алтын көпірін осынау тәттілер жалғап жібереді.
Біз теңіз жағалауында аяңдай жүріп, ағаш кемедегі кафеден ауқаттандық. Қуырылған балығын жеп, түрік мәдениетінің жарқын бейнесі – түрік шайын ішкен едік.
Измир – жырлауға лайықты қала. Бұл шаһар туралы біршама көркем шығармалар жазылды, сериалдар түсірілді. Өйткені ол Стамбулдан кейінгі ең әдемі, халық көп шоғырланған, туристер көп баратын мекен. Осы орайда, ақын Дамир Тимурдың Измир туралы жазған «Измирский Брадобрей» өлеңі еске түсіп отыр.
ИЗМИРСКИЙ БРАДОБРЕЙ
Он правит Solingen на кожаном ремне.
Он мягко держит костяную ручку бритвы.
Предложит чаю — чайник на окне.
По радио звучит суфийская молитва...
Қалада шаштараз бен барбершоптар өте көп. Сонымен қатар, түріктердің менеджерлік қабілеті жақсы дамыған. Арнайы келген тұтынушыға бар жағдайын жасап, шайын беріп, безек қағады. Шаштараз сізге уақытын бөліп, бірер мезет әңгімелесуі де мүмкін. Бұл да – көпке үлгі болар игі дәстүр. Бір таңғаларлық жайт, орта жастағы адамдар да, жастар да тату салуды әдетке айналдырған.
Заманауи стильге ұмтылу, жаңа тенденциялардың мөлшерін біле отырып қолдану – көркем көрінеді. Тіпті, қабырғадағы жаңашыл бояу да адамның өзгеруіне, заман талабына сай болуына ықпал етері ақиқат. Ендеше, материя – түрлі элементтерді өзіне сіңіре алады. Біз айналамыздағы обьектілермен өмір сүреміз және әйтеуір бір күндері, соңында сол материяның бір бөлшегіне айналамыз, болмысымыз өзгереді.
Олег Чихтың «Зайнаб Великолепная. Дочь паши Измирского» атты өлеңі де біз қаузап отырған тақырыппен астарлас.
(Легенда прошлого)
Уходящая в море древней Смирны коса,
Овеянная легендами во все времена.
На скалах её вили гнёзда орлы,
Буревестники взлетали в предвестии грозы...
Мифтік сюжетпен жазылған өлеңнің жалғасы – қарақшылардың қамалға шабуыл жасауы секілді сюжетпен өріледі. Аңыз әлемін суреттеуде шығыстық стиль байқалады. Қаһарманның романтикалық образы да мәтіннен тыс қалмаған.
***
Сапарымыз аяқталып, Измирден қайтар кезде сағыныш құсы жүректе ұялап қалды. Аз уақыт болсақ та, сұлу-ғұмырдың бір ерекше сипатын көрдік.
Өткенді емес, тек бүгінді бағамдасақ, қанша іздесек те, біз бұл қалада шайырды кездестірген жоқпыз. Бірақ бір дүние санамызда жылт ете қалды. Шын мәнінде, Измирдің толқып тұрған теңізі – ақын, әр бұрышта шай ішіп, емін-еркін әңгімелесіп отырған адамдары – ақын, жансыз болса да, бір-біріне жақын орналасқан көне көшелер – ақын, түнгі көріністі одан әрмен сұлу қылып көрсететін шамдары – ақын, Еге теңізінің жағасына келіп, бүкіл өмірін көз алдына елестетіп отырған балықшы қарт – ақын, темекісін тұтатып, батқан Күнге телміріп отырған жігіт – ақын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.