Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай мінсіз, мін өзімізде...

08.08.2017 7514

Абай мінсіз, мін өзімізде...

Абай шығармаларының жетінші басылымына арналған алғы сөзінде Мұхтар Әуезов: «Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойларын тамаша шығармалары мен жалынды жырларын қағаз бетіне маржандай төгілдірді, оның әрбір бетінен, әрбір жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, сонша жақын леп естіледі...», - деп жазды.

Қазір де самал желдің соншама ыстық және сонша жақын лебіндей, ал кейде ауыр жаңғырықтай Абай сөзі, Абай үні, Абай лебі зілдей естіледі, Абай Құнанбаевтың шығармалары мәңгі, заманнан биік.

Абай сөздері қазір де елге тікелей қатысты, бүгін де маңызын жойған жоқ, Абай бүгінде бізбен бірге өмір сүруде. Абайдың айтқандары ақиқат, одан қашып құтыла алмайсың.

Абай шығармалары қандай уақыт, қандай заман болмасын адамша өмір сүрудің, ел болудың негізі. Осы күнге дейін ой даналығы мен сөзінің көркемдігі жағынан Абайдан асып түскен ешкім жоқ. Абай есімі қазақтың ең басында тұрады.

****

Абай адам табиғатын да, бұл дүниедегі адам ғұмырының мәнін де, ішкі жан дүниесінде терең білді, адамның тіршілігі, қаракеті, қылығы мен мінезі туралы толы өлеңдер жазды, қара сөздер қалдырды. Еліне, адамға деген жүрек соғысын, уайымын, күйінішін, ренжішін, өкпесін, ашуын, ызасын, өлеңдерінде жасырмай жазды, халқын түзетіп бақты, дұрыс жол көрсетті. Абай өлеңдері адамға арналады:

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?! –

дейді асыл дана. Абай адам болу үшін қажет үш нәрсені анық көрсетеді:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласаң елден бөлек,

Оған қоса: «Ақырын жүріп, анық бас», -

деп адамға кеңес береді. «Адам ғұмыры адам мен адамның қатынасы, адамшылығының көрінетін жері» (Сократ), Абай адамдар қатынасының қызық дәурен болғанын қалайды:

Кемді күн, қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз!

Ел бірлігі – қазақтың достығы мен ынтымағы: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», - деп Абай бүкіл қазаққа мәңгі сөз қалдырды. Абай өлеңдеріндегі заман, адам, ел көрінісі ақынның ой көзімен бүгінде сол аяусыз дүние қалпында, адам да сол күйінде. Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңіндегі жиынтық образ ешқашанда өзгермейтін бір құбылыс, жоғалмайтын бір бейне, қазір де алдыңнан атып шығады:

Қылып жүрген өнері:

Харакеті – әрекет.

Өзі оңбаған антұрған

Кімге ойлайды берекет?

Кімді ұялап аяйды?

Расы жоқ сөзінің,

Ырысы жоқ өзінің,

Өңкей жалған мақтанмен,

Шынның бетін бояйды.

Бұл сөзімде жалған жоқ,

Айтылмай сөзім қалған жоқ,

Абайлаңыз байқаңыз –

Елдің жайы солай-ды.

Қазір де өңкейлерден аяқ алып жүре алмайсың, досың кім, дұшпаның кім екенін айыра алмайсың. Абайдың «Көңілім қайты достан да, дұшпаннан да» өлеңі елінен әбден көңілі қалған, еліне шүйліккен ақынның ауыр сөзі:

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім, сөзді ұғарлық,

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ,

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық, –

деп түйін жасаған Абай: «Ел азды» деп надандар мұңаймай жүр», - дейді.

Абай көп наданмен жалғыз алысты, надандыққа қарсы күресті. Абай қырық бірінші сөзінде: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында болуы керек. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлим берсе сонда түзелер еді.... Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін емес. Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жерлеп, не сырлап айтқанмен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен сүйегіне жеткен, атадан мирас қалған, ананың сүтімен емген надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген», - деп жазады.

Бек зор өкіметке де жеттік, есепсіз байлыққа да кенелдік, ал етімізден өтіп, сүйегімізге жеткен, мирас қалған, ананың сүтімен емген надандықты бойымыздан шығара алдық па?! Надандық – адамға қарсы індет, тұсау, кесір. Ол – адам ойында, ал егер де тұтастай мекеме, қоғам, мемлекеттік жүйе, сенген билігің көрсоқырлыққа, топастыққа ұрынса адамшылық жайында қалды дей бер. Абай адамның надандық көзін «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде терең сипаттайды:

Көзінен басқа ойы жоқ,

Адамның надан әуресі,

Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,

Жайқаң-қайқан әрнесі.

Наданның көңілін басып тұр,

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы.

Абай отыз алтыншы сөзінде: «Пайғамбарымыз салалаһу ғалайһи уәсләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаячун уәлә имануи» дәп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді, ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе?» дейді де, Абай өзі жауап береді: «Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөзде түспейді, көңілге ойда түспейді. Көздің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді». Арсыз адамнан, ұяты жоқ қоғамнан, елден адамшылық күту мүмкін емес.

Міржақып Дулатов: «Абай Құнанбаевтың адамшылық ой қиялы өте таза, ұлт жанды, елін –жерін сүйген кісі еді», - дейді. Абай адамды, қазақты, елін шексіз сүйген кісі. Абай соңғы екі ғасырда қазақтың адамшылығының сақталуына шексіз үлес қосты. Абайдың ойы да, уайымы да қазақ. Абайдың бүкіл поэзиясы мен қара сөзінің арқауы «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» – адам қамы, ел қамы, қазақ қамы. Қазақты Абайсыз түсіну мүмкін емес.

Бір кісі емес, жазғаным, жалпақ жұрт қой,

Шамданбай -ақ шырақтар ұқсаң жарар, -

десе ақын, «Жұрт бір қамықса, Абай екі қамығады», - деп жазды Мұхтар Әуезов. Абайдың құдыреті де сонда, қазірде адам тіршілігі де, қатынасы да, өткені де, жеткені де, келешегі де Абайдың ой көзімен бүгінде алаңдаулы:

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар, көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

****

«Абай сөздері дүниеде қалған қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, жолды лақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер. Абайдың өлеңдерінде мін бар деп өзім айта алмаймын», - бұл Ахмет Байтұрсынұлының айтқан сөзі.

Абай – рухани қазына, адамшылық азығы. Абай бар болғаны адам болудың, ел болудың жолын көрсетті. Абай ақиқатты жеткізді, оған өкпелейтін жөн жоқ. Абай өлеңдерінде мін жоқ, мін өзімізде....

Абайға жақын бол, Абаймен бол! Абай биігіне өрле, адам бол, не бастасаңда Абайдан баста!

Салауат Кәрім,

Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың

республикалық үйлестіру-әдістемелік

орталығының аға ғылыми қызметкері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар