Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. Әуезов әлемі

28.09.2017 6172

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. Әуезов әлемі

“Мұхтар Әуезов – құбылыс, біздің өміріміздің ұлы символы,

аңыз-адам, жаңа заманның данышпаны, нағыз ақын һәм адам”.

Ираклий Андроников,

грузин текті орыс жазушысы,

Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.

Бұл өзі осыдан екі жыл шамасы бұрын болған оқиға еді. Қашанда өзі­не де, өзгеге де биік талғаммен қарай­тын Әбең – Әбдіжәміл Нұрпе­йі­сов ағамыз маған өзі туралы мәс­кеу­лік автор жазған кітапты сыйға тарт­ты. “Небо в чашечке цветка” де­ген әп-әдемі атауы бірден-ақ наза­рымды аударғаны болмаса, бояуы оң­ған, суреттері солған, безендіруі кем­шін кітапты оқып шығуға онша құл­қым бола қойған жоқ.

Мәскеуге барған әр сапарымда басқаға мүмкіндік таппасам да, білім атаулының мәңгі таусылмас қайнар бұлағы саналатын кітап әлемін ар­ман­сыз аралауды әлдеқашан әдетке ай­налдырған болатынмын. Сөредегі­нің бәрін аларың анық болмаған соң кейде аңдатпасын қайта-қайта оқып, ең болмағанда авторының есімін жадыңда сақтап қалғың келетін кез болады. Кейін аңғардым: маған әуел­гіде аты-жөні тым таныс сияқты көрін­ген кітап авторы талғамы биік Мәскеу оқырмандары ортасында есімі үлкен құрметпен аталатын МГУ-дің профессоры Николай Аркадьевич Анастасьев болып шықты.

Коммунистік жүйе кезінде Батыс­тың аузымен құс тістеген неше алуан жазушыларының шығармалары идео­логиялық шектеулер мен “қырағы көз­дердің” кеселінен кеңестік оқыр­ман­дардың назарынан тыс қалып отыр­ды. Әйгілі америкалық жазушы­лар Нобель сыйлығының лауреаттары Э.Хемингуэй мен У.Фолкнер туралы бұлай айта алмайсың. Олардың “ка­пи­талистік жүйенің бар шындығын жал­ғанның жарығына шығарған” шы­­ғармалары миллиондаған тираж­бен басылып, үлкен-үлкен зерттеулер жазылды. Сол жылдарда Н.А.Анас­тасьев жоғарыдағы екі шоянға екі бірдей кітап арнады. Ал идеология­лық шектеуліктер алынып тасталған кезде бір кездері шығармалары орыс оқырмандарына “самиздат” арқылы ғана жеткен Владимир Набоков тура­лы “Одинокий король” дейтін клас­сикалық монография жазған сабазың да дәл осы Анастасьев еді.

Ертесіне Әбең телефон шалып: “Оқыдың ба?” деген жалғыз ауыз сұрақ қойды.

Мен де қысқа қайырып: “Баста­дым”, – деп жауап қаттым.

“Сен жассың, көзің өткір, жылдам оқисың. Тез бітір. Сосын пікір алы­сайық”, – деп Әбең шегінуге жер қал­дырмастан алдағы атқаратын ша­руаны біржолата шегендеп тастады.

Сол түні мен есімі әлі күнге дейін ашылмаған сан алуан жұмбақтарға то­лы ағылшынның иллюминат-ақыны Уильям Блейктың әдемі бір ғана жолымен аталып, Әбең шы­ғармашылығын қазіргі заман әдебиеті жампоздарымен қатарластыра талда­ған әуелде сүйкімсіздеу көрінген кітапты сүйсіне оқып шықтым.

Әбеңнің бойында бүгінгі қазақ жазушыларының көбінде кездесе бермейтін тамаша қасиеттер бар.

Біріншіден, ол өз шығармасының орыс тіліне аударылуына аса мұқият қарайды. Әрқашан аудармашыны өзі таңдап, әр сөйлем, кейде тіпті әрбір сөзінің аударылуына айрықша мән беріп, кітап басылып шыққанша өзін де, аудармашыны да әбден әлекке түсіріп, шығармасы бар қырынан жарқырап шықпайынша тыным тап­пайтын жазушы. Оның әр туындысы орыс тіліне түпнұсқаның бар бояуын сақтаған қалпында аударылатыны да осыдан болса керек.

Екіншіден, қисынды пікірге құлақ аса білетін қаламгер. Өзі туралы орнықты сөзге де ешқашан бей-жай қараған емес. Қазақ әдебиеті Қарт Қожағының бұғалықты Анастасьевтай америкалық “мустангке” тастауы осы суреткерлік биік талғамның бел­гі­сі болса керек.

Ертесіне Әбеңе өзім телефон ша­лып, кітаптан алған әсерім мен ав­торға деген ерекше ризалығымды қуа­нышпен жеткіздім.

Телефондағы әңгімеде бұл жоба­ның жүзеге асқаны анау-мынауды жа­лына жармастыра бермейтін тар­паң мінезді қазақ әдебиеті үшін үлкен жаңалық, үлгі боларлық үрдіс екен­дігін білдірдім.

– Ендеше өзің мақтап отырған сол автормен кешке кең отырып сұх­бат құрайық, – деді Әбекең телефон­ның ар жағынан әр сөзіне салмақ түсі­ре сөйлеп.

Жұмысбасты болып отырған мен Әбеңнің аузынан “қазір” емес, “кеш­ке” деген сөзді естісімен бірден-ақ келісе кеттім.

Әбеңнің әрбір әрекеті кәнігі шах­матшының көп комбинациялы жүрісі сияқты. Ағамыздың маған кітапты сыйлап, ізін суытпай пікірімді білуі­нің соңында осындай бір ұсыныстың болатынын ішім әлдеқашан-ақ сез­ген. Оның үстіне “Одинокий король­дің” авторымен жүздесуге өзім де ерекше бейіл таныттым.

Бұл бір естен кетпес ерекше кеш бол­ды. Николай Аркадьевич амери­кан әдебиетінің ғана емес, жалпы әлемдегі ағылшын тілді әдебиеттің терең білгірі болып шықты. Бірнеше сағатқа созылған әсерлі әңгіме үстінде қарт Чосерден бастап, ұлы драматург Шекспир, қайсыбір деректерде Қара теңіз­дің солтүстігін мекен еткен көш­пелі скиф тайпасынан шыққан аты аңызға айналған король Артур бастаған рыцарлар туралы даңқты роман авторы Мэлори (орайы келгенде айта кеткен жөн: ортағасырлық еуропа әдебиетінде барынша дамыған рыцарлық романдар Испания араб билігінде болғанда мы­сыр­лық баһадүр билеушілер Салах ад-дин, Бейбарыс туралы мұсылман шы­ғысында кең тараған халықтық роман­дар әсерімен пайда болды), ағылшын­тілді жаңа романның басында тұрған Филдинг, Ричардсон, бергі заман ақын­дары Бернс, Байрон, Блейктерден бастап, Уайльд, Шоу, Джойсқа дейінгі ұлы ағылшын әдебиетінің классиктері түгел түгенделіп шықты. Әдебиетті ары кетсе профессор В.Ф.Железнов пен М.В.Мадзигондардың алдын көрген студент, беріде көзі қарақты оқырман ретінде ғана білетін мені Анастасьевтің әсіресе осы заманғы американ әдебие­тінің ұлы тұлғалары Хемингуэй, Фолк­нер, Стивенс, Воннегут, Апдайк, Стейн­бек шығармаларын ерекше құш­тар­лықпен талдағаны былай тұрсын, олардың өмір тарихына қатысты айтқан талай-талай қызықты хикаяттары мүлде елітіп әкетті.

Дәл осы кеш бұрындары “Бұл жігіт­тің ар жағы қалай өзі?” деп маған қы­рын­дау қарап жүрген Әбеңмен біржо­лата жақындастырып жіберді.

Кеш соңында Әбдіжәміл аға “Әдетте мен сөйлеп, жастар тыңдаушы еді, бұл жолы сендер сөйлеп, мен тыңдадым”, – деді әзіл-шыны аралас. Шынды­ғында, қызды-қыздымен бірде ойға, бір­­де қырға шығандап кеткен біздерді Әбең қақпайлап, қазақ әдебиетінің қо­ра­сына қайта-қайта қайырумен болды. Қазір бажайлап қарар болсам, ағамыз­дың кейде тату, кейде қату қабағының астында ортағасырлық араб философы Әнуар әл-Арабидің “Өзгені тану өзіңді танудан басталады” дейтін үлкен ұлағаты жатқан екен.

Әбең қанша қайырып салғанымен қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі ту­ралы әңгімеміз онша мандымады. Анас­тасьев тамырын тереңнен тартқан қазақ әдебиетімен енді ғана таныса бастаған сияқты. Абай, Әуезов шығар­машылығынан аздап хабардарлығы болмаса, бұл тақырыпты арнайы зерт­темегені бірден-ақ көзге ұрып тұрды.

Ертесінде мен Николай Аркадьевич жатқан қонақ үйге соғып, оған “ЖЗЛ” сериясы бойынша М.Әуезов туралы кі­тап жазуды ұсындым. Бірден мәселенің басын аша сөйлеп, оны шығаруға қажетті барлық жағдайды өзім туғызып, бар шығынды өзім көтеретінімді де ашық айттым. Ол ойлануға мұрсат сұ­рап, ертесінде Мәскеуге аттанып кетті.

Бір-екі аптадан соң менің элек­тронды поштама профессордан көптен күткен жауап та келіп жетті. Жаңа та­қырыптың оңайлықпен алдыра қой­май­тынын білген автор өзінің бірқатар талап-тілектерін алға тартып, солар орындалған жағдайда кітапқа кірісуге әзір екендігін білдіріпті. Біз оларды түп-түгелдей хош алып, жобаға Мұхаңның бел баласы, үлкен білімпаз азамат Мұрат Әуезов бастаған бірқатар кеңес­шілерді тарттық. Көп ұзамай Николай Аркадьевич қазақтың ұлы жазушысы жайлы кітапқа кірісіп те кетті. Биылғы жылдың қыркүйегінде қалың оқырман қауыммен табысқан әйгілі “ЖЗЛ” сериясымен шыққан Мұхтар Әуезов жайлы кітаптың қысқаша жазылу тарихы осындай болатын.

Сәтімен жүзеге асқан бұл жоба көп­тен көкейімде жүруші еді.
Сексенінші жылдардың орта­сында мен академик Манаш Қозыбаев­тың жетекшілігімен революцияға дейінгі орыс энцикло­пе­дияларындағы Қазақ­стан тарихының проблемаларын зерттей бастадым. Сол кездерде менің қолыма орыс баспагері Ф.Ф.Павленковтың 1899 жылы Санкт-Петербургте басылған бір томдық әмбе­бап энциклопедиясы түсті. Бұл орыс тарихындағы ең ықшам, ең жинақы, барлық мәліметтері бір томға топтас­ты­рылған әрі ең көп тиражбен басылған энциклопедия еді. Тіпті баспа­гер дүние салғаннан кейін тағы да қатарынан төрт рет басылып, энцик­лопе­дияның жалпы тиражы 100 мыңнан асып жығылды.

Төңкеріске дейін жарық көрген 86 томдық “Брокгауз-Ефрон”, 58 томдық “Гранат”, 18 томдық “Жаңа энцикло­пе­диялық сөздік” т.б. көп томдық эн­циклопедиялардың таралымы аз, баға­сы қымбат болғандықтан, қай елде бол­масын қалтасы жұқа келетін қарапайым оқырмандардың игілігіне айнала қой­мады. Осы олқылықтың орнын толты­рып, Ресейдің алыс-жақын өлкесіне бірдей тараған бірден-бір әмбебап анық­тамалық дәл осы Павленков эн­циклопедиясы болды.

Диссертация тақырыбына, Павлен­ковқа қатысты деректер жинай жүріп, оның 1890 жылы “Жизнь замечатель­ных людей” атты кітаптар сериясын шы­ғарғанын білдім. Павленковтың көзі тірісінде басталған бұл жоба ол дүние салғаннан кейін де жалғасыпты.

Павленковтың “ЖЗЛ-і” бүгінгімен салыстырғанда көлемі өте шағын (4-5 баспа табақ), мұқабасы жұқа, бағасы арзан (небары 25 тиын) кітаптар болды. Кейін белгілі орыс баспагері Н.Руба­кин: “Эта библиотека ... незаменима по своей социальной и психологической ценности... Ни одно из павленковских дел, по моим наблюдениям, не может сравниться с тем огромным влиянием, которое оказала на русских читателей всех слоев, классов и рангов изданная Павленковым и почти законченная (ес­ли ее только можно закончить) “био­графическая библиотека” или “Жизнь замечательных людей”, – деп жазды.

Шындығында, Павленков өмірінің тек кейінгі он жылы ішінде (1890-1900) осы сериямен Гюго, Колумб, Фран­клин, Теккерей, Вагнер, Мольер, Ра­фаэль, Данте, Шопенгауэр, Моцарт, Лин­кольн, Конфуций, Будда т.б. тура­лы 212 кітап (қайта басылғандарын қо­са есептегенде) шығарыпты. Олар ғы­лым-білім мен әдебиетке талпынған Ре­сейдің талай-талай арманшыл жаста­рына қанат бітіріп, ұлы мақсаттарына жол ашты десе де болғандай. Өздерінің жазуы бойынша солардың қатарында Н.Бердяев, В.Вернадский, И.Бунин, А.Толстой сияқты орыс ақыл-ойының ХХ ғасырдағы аса көрнекті тұлғалары болды. Жалпы Павленковтың сериясы­мен 1890-1924 жылдар арасында 193 кітапта 198 өмірбаян жарық көріпті (қайта басылғандарын қоса есептегенде – 244 басылым).

Жас кезінде өзі де қызыға оқыған се­рияны ұлы пролетар жазушы, социа­листік реализм әдебиетінің атасы М.Горь­кий 1933 жылы қайта жалғасты­рып, оқырмандар көз жазып қалған серияға тың тыныс береді, бірақ совет­тік басылымдарда оның төл басында Ф.Ф.Павленковтың тұрғаны мүлде “ұмыт қалдырылып”, серияның негізін салған М.Горький деп қана көрсетілді. Горькийдің зор беделі арқасында басы­лымның тиражы шарықтап өсіп, одан шығатын кітаптар қатары да көбейе түсті.

“ЖЗЛ-ға” еліктеп, барлық одақтас республикаларда осы тектес клон-кі­тап­тар сериясы пайда болды. Қазақ­станда да “Тамаша адамдардың өмірі”, “Өнегелі өмір”. “Ғибратты ғұмыр” деген айдармен әлі күнге дейін шығып келе жатқан кітаптар сол солықтау­лардан туындаған сериялар.

“Молодая гвардия” баспасының деректері бойынша, 2001 жылға дейін “ЖЗЛ” сериясымен жалпы тиражы 100 мил­лионнан астам тұп-тура 1000 кітап шы­ғыпты. Сондықтан орыс мәдениетта­ну­­шы­лары бұл серияны орыс кескінде­ме өнерінде Третьяков галереясының ор­ны қандай болса, орыс кітап басу ісін­дегі “ЖЗЛ-дің” орны да соншалық­ты биік деңгейде деп орынды бағалайды.

Қысқартып айтар болсақ, “ЖЗЛ” – Ресейде, бәлкім бүкіл дүние жүзінде 116 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан бірден-бір басылым. Егер оның алғашқы кітабы жарық көргеннен бері адамзат тарихында екі дүниежүзілік соғыс өтіп, әлем картасында жүзден ас­там жаңа мемлекеттер пайда болғанын ескеретін болсақ, бұл серияның қадір-қасиеті өзінен-өзі түсінікті бола түседі.

Міне, осындай даңқты сериямен кеңес жылдарында Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин және кейін зор қиындықпен Қаныш Сәтбаев туралы кітап жарық көрді.

Әзірбайжан ағайындар өзінің “Ни­за­миын” сонау қырқыншы жылдары, ал татар туғандар “Тоқайды” жетпісінші жылдары шығарды. Сол кітаптарды оқи жүріп, осы қатарда Абай мен Әуезовтің жоқтығына қатты қынжылушы едім.

Мен 2001 жылы министр қызметіне тағайындалдым. Сол жылы дағыстан­дықтар “Имам Шәмілді” шығарды. Мен енді осы сериямен Абай, Әуезов, Абылай, Кенесарыны шығаруды мықтап қолға ала бастадым. Келесі жылы ресейлік әріптесім М.Е.Швыд­койды алға сала жүріп, аталған кі­таптарды шығаруға ресейлік министр­лік­тің де, баспаның да келісімін алып, тақы­рыптық жоспарға енгізіп те қой­дым. Ендігі қиыны автор табу еді.

Жалпы, “ЖЗЛ-дің” кез келген кітап авторына қоятын үш шарты бар: кейіпкердің өнеге болатындай өмірі, деректердің ғылыми дәлдігі және шы­ғарманың жоғары әдеби деңгейі.

Мен енді осы талаптарға жауап беретін авторларды іздей бастадым. Абайды жазуға Әбіш Кекілбай, Әуезов үшін Рымғали Нұрғали ағаларыма қолқа салдым. Бірі – әдебиеттің, екін­шісі әдебиеттанудың айдынында еркін жүзетін екі классиктің екеуі де қай қа­зақ үшін құдіреттей көрінетін ұлылар аруағы алдындағы жауапкершілік жүгінен жүрексінді ме, әлде бауырын жазып, еркін көсілуге әбден үйренген қалам-қарымын “ЖЗЛ-дің” қатаң та­лабымен шектегісі келмеді ме, екі ағам­ның екеуі де менің бастамама батала­рын беріп, ақ тілеумен шығарып салды.

“Наполеондай” ғажайып кітап жаз­ған академик Е.Тарленің үлгісімен Абылай туралы кітап жазу жөніндегі ұсынысымды академик Манаш Қозы­баев қабыл алса да, жобаға кірісуге денсаулық шіркіннің мүмкіндік бер­мей­тінін ашық айтты. Әрі тарихшылы­ғы, әрі бір атаның баласы екендігі бар, әйтеуір Едіге Уәлиханов қана “Кене­са­рыны” жазуға бірден келісіп, уағда­ласқан мерзім ішінде хан Кене жайлы іші де, сырты да жұқалтаң кітапты дайын етті. Амал жоқ, “Кенесарыға” бұған дейін шыққан Шоқан, Қаныш ағаларымыз туралы кітаптардың өңде­ліп, толықтырылған нұсқаларын қосып, 2003 жылы оларды қайта басып шығардық. Бұған сол жылдың соңында дипломат-тарихшы Тайыр Мансұров­тың қазақтан шыққан тұңғыш дипло­мат, қайраткер Нәзір Төреқұлов туралы кітабы қосылса да бір өкініш, бір үміт ішімізде кетті.

Сондықтан Анастасьевпен танысу менің Әуезов жайлы “ЖЗЛ-дан” шыға­руға жос­парлаған кітап туралы ойыма қайтадан қанат бітірді.

Оған ұсыныс жасауымның да өзін­дік себептері бар еді.

Біріншіден, Н.Анастасьев – әде­биетші ғалым. Ғалым болғанда әлем әдебиетіне оннан астам Нобель сыйлы­ғының лауреаттарын берген ағылшын-американ әдебиетінің асқан білгірі. Әуезовтің бүкіл драматургиясы – Шекс­пирмен, алғашқы әңгіме, повес­тері – Дж.Лондон, Дж. Конрад, ұлы эпопеясы – Дж.Голсуорси, У.Фолкнер­дің әйгілі романдарымен үндесіп жа­тыр. Ал Анастасьев еуроатлантика әдебие­тінің айдынында армансыз жүзіп, жоғарыдағы жампоздардың әр шы­ғармасын жілік майын шаға талдаған зерттеуші.

Екіншіден, Анастасьев қазақ әдебие­ті­нің бүгінгі классигі, Мұхтар Әуезов әдеби мектебінің түлегі Әбдіжәміл Нұр­пейісов туралы тамаша монографиялық кітап жазған адам. Демек, Нұрпейісов шығармашылығы туралы кітап жазу арқылы ол қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын шолып шыққан әжептәуір дай­ындығы бар ғалым. Егер бұған Анастасьевтың айтуы мен қайтуы, тол­қуы мен шалқуы, қарпуы мен шарпуы қатар келетін әлем әдебиеті алып мұ­хитының ортақ стихиясын он сауса­ғындай білетін хас шебер және күн сайын құбылып жатқан әдебиет ай­ды­нындағы тіл, стиль, жүйе, жүлге, тол­қын, ағым сияқты сан алуан құбы­лыстар тылсымын тап басып анықтай алатын білімпаздығын қосар болса­ңыз, Әуезовтей алып жайлы кітап­қа бұдан артық автор табудың қиын-ақ екендігі өзінен-өзі түсінікті болады.

Үшіншіден, Әуезов шығармашылығы кеңес заманында түрлі идеологиялық шектеуліктердің кесірінен қазіргі әлем әдебиетінің дамуы контексінде қарас­тырылмай келді. Ол замандастары ішін­де ары кеткенде француздың комму­нист жазушылары Луи Арагон, Андре Стиль, неміс қаламгері Анна Зегерс, беріде Михаил Шолохов шығармалары­мен ғана шендестіріліп зерттелді. Ал кеңес заманының өзінде әдеби зерттеу­лерінің басты тақырыбы ретінде батыс әдебиетін таңдаған Анастасьев – осы олқылықтың орнын толтыра алатын бірден-бір әдебиетші ғалым еді.

Сөз жоқ, Нобель сыйлығының лау­реаты М.Шолохов орыстың ұлы жазу­шысы. Бірақ кеңес заманы әдебиет­шілерінің қазақ кемеңгерін “Шығыс­тың Шолоховы” деуі оны көтермелеу емес, керісінше, кемсіту сияқты көрі­неді. Әуелі асыл тек, бекзат болмысты бүкіл профессурасы сақталған Импера­торлық Санкт-Петербург университе­тінің шығыстану факультетін, кейін түбі бір түркі зиялылары түгел бас қосқан Орталық Азия университетінің аспирантурасын тәмамдап, елуінші жылдары Кеңестер Одағының бас жо­ғары оқу орны – Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры болған академик Әуезовті небары 4-сы­ныптық білімі бар Шолоховпен салыс­тыруды кемсіту демей не дерсің.

Төртіншіден, және ең бастысы, біз енді бұрынғыдай “біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп өз буымызға өзіміз пісе бергенше, ең алдымен өзі­мізді өзгелерге танытып, “мықтылар­дың” мықтысына мойын­дата білуіміз керек. Сонда ғана біз ұлттық рухтың ұлы тұлғаларын Қазақстанның шеңберінен шығарып, әлемдік биікке көтеретін боламыз. М.Әуезов туралы кітаптың авторы мәскеулік автор, жай ғана мәскеулік емес, шығармалары көптеген шет елдерде басылып, әдеби жұртшылық­тан өте жоғары бағасын алған әйгілі автор болуының осындай артықшы­лықтары бар.

Әрқашан азаматтық арлы позиция ұстанып, кәсіби кіршіксіз репутация қалыптастырған Анастасьевтей ғалым­ның Әуезовтей ақылман туралы кітап жазуға тартылуының сыры осындай еді.

Міне, қазақстандық оқырмандар тағатсыздана күткен кітап қазір алдымызда жатыр. Әсем мұқабалы, аппақ қағазға басылған, шытырлап ашылған әр парағы әдемі әуездей естілетін кітапты біз де үлкен ықы­ласпен парақтап шықтық.

Қазіргі орыс әдебиеттану ғылы­мында Анастасьев, ең алдымен, Э.Хе­мингуэй, У.Фолкнер және В.На­боков шығармаларын зерттеуші ретінде танылған адам. Бұлардың үшеуіне “ЖЗЛ” үш кітап арнаған. Бір қызығы, үш жазушының өмірі мен шығарма­шылығына үш бірдей моно­графия арнаған Н.А.Анастасьевтей дап-дайын автор тұрғанда баспадағы­лар оны есімі белгісіздеу басқа біреу­лерге жаздырған. Шынын айтқанда, Анастасьев кітаптары олардың қай-қайсысынан болмасын оқ бойы озық тұрған туындылар еді. Демек, баспа мен автор арасында біз білмейтін бір кілтипан бар сияқты. Мұның шет жағасын Николай Арка­дьевич ептеп сездірсе де, мен автор таңдауда алған бетімнен қайтпадым.

Осылайша Н.А.Анастасьев М.Әуе­зов туралы кітаптың авторы ретінде бекітіліп, жаңа жобаға кірісіп кетті. Мәскеу – Алматы – Семей – Бөрілі – Қарауыл арасындағы талай әсерлі сапарлар мен ізгілікті ізденістердің жемісі ретінде “ЖЗЛ” сериясымен шыққан “Мұхтар Әуезов: триумфатор трагедиясы” кітабы дүниеге келді.

Кітапта ұлы жазушының ғибратты ғұмыры ғылыми дәйектілікпен, әдеби ше­бер­лікпен әдемі өріліп шыққан.

Әуезов, ең алдымен – қазақ, сосын тұтас түркі, бұдан кейін мұсыл­ман Шығысынан шыққан ұлы жазушы. Ұлы тұлғаның ұлтын шексіз сүюі, түркі дүниесінің тұтастығына қызмет істеуі, әлемдік ғылым-білім мен өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан мұсылман ойшылдары, философтары мен ақындары шығар­ма­ларына жиі-жиі жүгініп өтуі осы­ның айқын айғағы болса керек. Сол үшін де ол өмір бойы ұлтшыл, пан­тюркист, панисламист ретінде қудаланып өтті.

Мұхтар Әуезовтің шығысшылдығы – оған ана сүті, ата тәрбиесі, Алла нәсібімен келген қасиет. Анастасьев шығысшылдық жас Мұхтарға ұстаған қалам, оқыған кітап, тоқыған шежіре­мен ғана емес, тіпті ата-бабалардың қанымен дарыған кие екендігін тар­қа­та, тарата жазады. Берісі Омархан, Әуез, арысы Бердіқожа, Саяқыптар­дан басталып, әріде Баб Арыслан, Ясауи, Бақсайыс қожадан бір-ақ шығатын ата-баба шежіресі де автор назарынан тыс қалмаған. Бұл – Әуезов­тің көзі тірісінде өзі де шешіліп айта алмаған, өзгелер де өз биігінде көтере алмаған тақырып. Ислам өркениеті дүниеге қанат жайып, көне араб, парсы, түркі, үнді әдебиеті­нің озық үлгілерімен түрленіп, орта ғасырларда Шығыс пен Батыстың бар әдебиетіне шамшырақ болған мұсыл­ман ренессансы атты құдіретті құбылысты туғызды. Міне, осы мұсылмандық қайта өрлеу батыс пен шығыстың философиялық ой-са­насын жаңа биікке көтеріп, әдебиетін жаңғыртты.

Жас Мұхтар алғашқыда өз атасы Әуездің әдемі әңгімелерінің әсерімен, кейін данышпан Абай шығармалары арқылы, ал қалам ұстап, қара таныған кезде оқыған кітаптарынан, сту­денттік жылдары Бартольд, Самой­лович, Жирмунскийлерден тыңдаған лек­циялары арқылы шығыс әде­биетінің бар құнарын бойына сіңіріп, бал шырынымен сусындады. Шығар­маларын араб, парсы, кейде түркі тілдерінде жазған Ибн әл-Араби, Ибн әл-Фариди, Фирдоуси, Рудаки, Хафиз, Жами, Сағди, Сайхали, Руми, Физули, Шамси, Низами, Науаи сияқты ғажайып ақындардың жыр­лары оның жан-дүниесіне шуақ болып шашылып, шырақ болып жағылды. Бұған мұсылман шығысы ғана емес, Еуропадағы ортағасырлық филосо­фиялық ой-сананың дамуына өлшеу­сіз әсер еткен Ибн Рушд, Әл-Фараби, Әл-Ғазали, Ибн Синалардың шығар­машылық мұрасын қосар болсаңыз, қашанда алып мұхиттай толқып, тасып жататын Әуезовтің телегей-теңіз білімінің сыры түсінікті бола түседі. Профессор Анастасьев осы тақырыпты барынша ашуға талпыныс жасаған және мұнысы өте сәтті шыққан деуге болады. Ол шы­ғыс поэзиясының орыс, батыс ақындары шығармашылығының да шырайын қалай кіргізгенін әдемі мысалдармен әдіптей білген.

Әуезов әлемінің тағы бір тұнық тұмасы – қазақ әдебиетінің көне қайнарлары – фольклор, миф, көк түрік, көне түркі әдебиеті, би-шешен байламдары, ақын-жырау толғаулары. Анастасьев осының бәрінің Әуезов шығармаларында кейіпкерлерінің кесек-кесек сөз тастауларында, образдар жүйесінде қалай көрініс тапқанын шеберлікпен талдай білген. Тіпті, дала данышпандарының ой-толғамдары батыс философтарының еңбектерімен қалай үндесетіндігіне де назар аударуды ұмытпаған.

Әуезов әдебиетінің тағы бір үлкен айдыны – батыс әдебиеті. Бұл та­қырыпқа келгенде профессор Анас­тасьев төрт аяғын тең басқан жорғадай жөнеп береді-ай, дерсіз.

Автор Әуезовтің кез келген туындысын әлем әдебиетінің классикалық шығармаларымен шендестіре зерттейді. Әсіресе, “Еңлік-Кебекті” Шекспирдің “Ромео-Джульеттасымен” салыстыра отырып, Кебек – Еңлік – Есенді Ромео – Джульетта – Париспен қатар қойып, қабаттастыра қарастыруы, Монтекки мен Капулетти арасындағы күйкі тірлік кикілжіңдерін наймандар мен тобықтылар арасындағы бітпейтін даумен салыстыра суреттеп, типо­логиялық түрлендірудің суреткерлік сырына үңіледі. Автор мұнымен де шектелмей, шығыс әдебиеті үлгілеріне де қайырылып, “Еңлік-Кебектен” Әлішер Науаидың “Ләйлі-Мәж­нүніне” ұқсас қайырым­дар мен ортақ үндесулер іздейді.

Мұхтар Әуезов өмірінің әр кезеңінде Шекспир драматургиясына айналып соғып отырған. Ұлы драматургтың қазақ тіліндегі ең үздік аудармасын жасаған да дәл осы – Әуезов. Ендеше Анастасьевтің алтын шыққан жерді белден қазып, Мұхаңның таңдаулы драмалық туындыларынан Шекспир әсерін іздеуі құптауға тұратын ізденіс.

Н.Анастасьев Әуезов драматур­гиясының “Еңлік-Кебектен” кейінгі тағы бір шыңы “Айман-Шолпанды” тағы сол Шекспирдің “Қателіктер комедиясы”, “Асауға тұсау” атты туындыларымен салыстыра талдап, ұлылар үндестігі жайлы тұщымды тұжырымдар жасайды. Автордың “Қарагөз” бен “Гамлет” авторлары арасындағы көзқарас жақындығы, Офелия мен Қарагөз образындағы трагедия төркіні мен табиғаты жөніндегі соны авторлық байламдары кітап оқырмандарын тың ойларға жетелейді.

Мұхтар Әуезов – өзінің 20-30-шы жылдары жазған әңгіме, повестері­мен-ақ сол тұстағы еуропалық проза биігіне көтерілген суреткер. Егер ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті өзіне дейінгі классикалық ағылшын, француз және неміс әдебиетінің әсерімен бой түзеп, иық теңестірсе, бұл жылдарда Әуезов алдыңғысын кейінгі үшеуіне қоса түгел тауысып, қаламгерлік қолтаң­басын қалыптастырып үлгерген еді. Дәл осы кезеңде Әуезов сияқты әлем әдебиеті алыптарының шеберлік мектебінен өткен мұхиттың арғы-бергі жағындағы әдебиеттің жас бөрілері шығармашылық табыстың қансона­рына шыққан болатын.

Автор Әуезовтің 20-30-шы жылдарда жазған “Қорғансыздың күні”, “Қаралы сұлу”, “Кім кінәлі”, “Ескілік көлең­кесінде”, “Бүркітші”, “Барымта”, “Қи­лы заман”, “Қараш-Қараш оқиғасы”, “Көксерек” шығармаларын талдай келе Мұхтар Әуезовті даланың ұлы жыршы­сы немесе дала Айвазовскийі деген тосын теңеуді алға тартады. Шынды­ғында Дж.Лондон үшін – солтүстік, Э.Хемингуэй үшін – саванна, Д.Конрад үшін – теңіз, М.Твен үшін – жабайы америкалық батыс, Х.Борхес үшін – пампа қан­дай жақын болса, Мұхтар Әуезовтің жүрегіне дала да сондай жақын. Өйткені, ол – Дала перзенті. Осы ту­ралы ойын Н.Анастасьев: “это пере­даст прежде всего исторический слом степной цивилизации и культуры, который, собственно, и составляет основные содержание, именно содер­жание, а не частные сюжеты, ранних вещей Мухтара Ауэзова”, – деп түйіндейді.

Н.Анастасьев “Көксеректі” Фолк­­нер­дің “Аюы”, Дж.Лондонның “Ақ азуы”, Л.Толстойдың “Холстомері­мен”салыстыра суреттеп, Әуезов әңгіме­леріндегі Дала келбетін, поляк текті ағылшын жазушысы Джозеф Кон­радтың “Тайфун”, “Түнек тө­рінде” повестеріндегі теңіз стихия­сымен шендестіреді. Осы тұста мына бір ақиқатты айта кетпеске болмайды. “Көксеректі” Чеховтың “Каштан­касы”, Толстойдың “Холстомері”, Лон­донның “Ақ азуы”, Сетон-Томп­сон­ның “Виннипег қасқырымен” салыстыра зерттеген тұңғыш әде­биетші қазақ ғалымы, академик Рым­ғали Нұрғали болатын.

Автор шығармашылық параллель­дер жүргізген У.Фолкнер, Дж.Конрад шығармаларын дәл сол жылдары жас Әуезов оқи қоймаған да болар, бірақ қазақтың ұлы жазушысы әлем әде­биетіндегі жаңа үрдісті хас суреткерге ғана тән ерекше интуициямен сол кездің өзінде-ақ аңдай білген.

Мұхаңның бас кітабы – “Абай жолын” талдауға кіріспес бұрын автор дала данышпаны Абайдың ұлы тұл­ғасын тануға өзінше талпыныс жа­сайды. Ол Абайдың кемеңгерлік келбетін мифтік Протейден бастап, Сократ, Аристотель, Марк Аврелий, әл-Фарабилермен қатарластыра зерт­тесе, оның ақындық талантын Абай – Гете – Байрон – Пушкин – Лер­монтов арқылы тануға тырысады. Ал Абайдың ойшылдығын Еуропа ақыл-ойының алыптары француздың фи­лософ, ғалым, жазушылары Ларош­фуко, Монтень, Монтескье, Клодель, тіпті Паскальға дейін, ағылшын фи­ло­софы Бентам, дат данышпаны Кьер­кегордың дүниетаным көзқарас­тарымен салыстыра талдап, Абай ақыл­мандығы жөнінде батыл да бай­салды, көкейге қонып, көңілге ұялай­тын тұжырымдар жасайды. Автордың Абай тақырыбын герменевтикалық талдауының тереңдігі соншалық, оның орыс тіліндегі ең таңдаулы ау­дармаларының түпнұсқадан әлде­қайда алыста жатқанын да орынды аңғара білген.

Тағы да қайталап айтайын: мен әдебиетші емеспін, бі­рақ өмірімнің әр кезеңінде ұлы жазушының мол мұрасына жиі-жиі оралып, бойыма қуат, жаныма нұр аламын. Егер Әуе­зов қазақ әде­биетінің шырқау шыңы болса, “Абай жолы” – оның ұшар биігі. Ендеше қазақтың бас жазу­шы­сының басты туындысы туралы көр­некті орыс ғалымының пікірі мені де бей-жай қалдырмаса керек. Енді ав­тордың “Абай жолын” қалай талда­ғанына келейік.

Біз бұған дейін: “Абай жолы” – қазақтың тұңғыш эпопеясы, қазақ өмі­рінің энциклопедиясы, кең ты­нысты тарихи-эпикалық туынды, те­рең философиялық роман деген сияқты анықтамаларды оқып келдік. Анастасьев осының ешқайсысын жоққа шығармай-ақ, ұлы туындының бұған дейін өзге зерттеушілер назарынан қаға беріс қалып келген, өзі байқаған жеті сипатын ашады.

Біріншіден, “Абай жолы” – тәр­биелік роман. Автор мұның Гетенің “Вильгельм Мейстері”, Р.Ролланның “Жан-Кристофы”, Дж.Лондонның “Мартин Идені”, Дж.Джойстың “Суретшінің жастық шақтағы портретімен” шендестіре отырып дәлелдейді.

Екіншіден, “Абай жолы” – шы­тыр­ман оқиғалы роман. Төрт кітаптан тұратын эпопеяның алғашқы кіта­бындағы “Қайтқанда”, “Қат-қабат­та”, “Жолда”, “Шытырманда”, “Бел-белесте”, “Өрде”, “Қияда” дейтін та­рау­ларының өзі-ақ келесі кітаптарда одан әрі ширыға түсіп, соңғы кітапта “Түн-түнекте”, “Құз-қияда”, “Қапа­да”, “Қастықта”, “Шайқаста”, “Жұт­та” деген тараулармен толығады. Егер бұған шапқан ат, ұшқан құс, жүгірген аң, қуғын-сүргін, қашу-құтылу сияқ­ты үнемі шиыршық атқан шым-шы­тырық оқиғаларды қосар болсаңыз, эпопеяның осындай сипатына еш кү­мәніңіз қалмайды. “Абай жолының” шытырмандығы Фенимор Купер, Майн Рид романдарындағы әбден жауыр болған жеңіл экзотикадан емес, әр кейіпкердің қилы тағдыр-талайы мен өмірлік коллизиясының қиын түйіндерінен тұрады.

Үшіншіден, “Абай жолы” – әскери роман. Әрине, Стендаль, Хемингуэй, Ремарк шығармаларындай “Абай жолының” әр бетінен оқ-дәрі иісі аң­қып тұрған жоқ. Бір кездегі Аттила, Шыңғысхан әскерлерінің жантүрші­герлік жаһангер соғыстарын да тап­пайсыз. Тіпті жарты әлемді қайқы қы­лыштың қаһарымен табанына тү­сір­ген кешегі көшпенділердің жауын­герлік рухы да мүлде көрінбейді. Бі­рақ романда орыс патшасының оз­быр, отаршыл саясатының арқасында қылыш орнына – шоқпар, найза ор­нына құрық ұстап қалған сол жауынгер халықтың бүгінгі жұқана ұрпағының талас-тартыс, барымта-қарымта, тіпті үш күнге созылған қанды шайқасынан (Мұсақұл шайқасы) дейінгі дала вендет­тасының бүкіл белгілері көрініс тапқан.

Төртіншіден, “Абай жолы” – махаб­бат жайлы роман. Романда Абай – Тоғжан, Абай – Қуандық, Абай – Әйгерім арасында ыстық сүйіс­пеншілік бар. “Махаббатсыз дүние бос”, – деп жер-жаһанға жар салған Абай туралы эпопеяның махаббатқа арналмауы да мүм­кін емес. Әрине, мұнда батыс ро­ман­дарындағыдай лап етіп жанып, үп етіп сөнетін бір сәттік махаббат емес, сахараның қай тұсынан болмасын сама­ладай жарқырап көзге түсіп, жас жүрек­тердегі сезім шоғын маздата жағатын сыпайы да шынайы махаббат бар.

Бесіншіден, бұл – психологиялық роман. Шығыс пен Батыс, бодандық пен бостандық, ескі мен жаңа, ата мен бала арасындағы талас-тартыс – бәрі-бәрі “мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма” деп Шыңғыстау биігінен қарап тұрған ұлт ұстазының ұлы бейнесі төңірегінде топтастырылған.

Алтыншыдан, бұл – натуралистік роман. Батыс әдебиетіндегі Э.Золя, ағайынды Гонкурлар мен Г.Гауптман шығармаларының үлгісіндегі ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының бар шын­дығын ешбір бояма-бүкпесіз көрсе­те білген, өмір шындығына суарылған туынды.

Жетіншіден, “Абай жолы” – мифо­ло­гиялық роман. Эпопеяда ежелгі ми­фо­логиялық желілер еленіп, екшеліп, кейіпкерлердің өңі, түсі, сөзі, ойы, іс-әрекеті арқылы үнемі көрініс тауып отырады.

Автор өзі ұсынған “Абай жолының” алғашқы үш сипатын әлем әдебиетінің классикалық туындыларымен шендесті­ре талдағанымен, кейінгі төртеуін сана­малап шығумен ғана шектелген. Әуелгі тәсілмен бұларды да одан әрі нақты мысал, үлгілермен дәлелдеп, тереңдете түскенде оның айшықты ойы одан әрі әрлене түсер еді деп ойлаймыз.

Профессор Анастасьев “Абай жолы” туралы өз ойын жинақтай келе, оны авторларына Нобельдік сыйлық әпер­ген ХХ ғасырдың ең ұлы романдары – Р.Ролланның – “Жан Кристоф”, Дж.Гол­суорсидің – “Форсайттар туралы сага”, Роже Мартен дю Гардың – “Тибоның отбасы”, М.Шолоховтың – “Тынық Доны” және У.Фолкнердің әйгілі трилогиясымен қатар қояды. Онымен де шектелмей, қазақтың ұлы классигі туралы өз ойын: “Быть может, он вообще последний классик в лите­ратуре ХХ века, последний законный наследник Золотого века романа” деген тамаша тұжырым жасайды. Шынын айту керек, бұл бағаның өзге емес, осы заманғы орыс әдебиеттану ғылымының ең озық тұлғасы профессор Н.А.Анас­тасьев сияқты білімпаздың аузынан шығуы біз үшін өте қымбат, өте қажет.

“Триумфатор трагедиясы” – ғұмырнамалық шығарма. Автор сан алуан шырғалаң, шытырманға толы Әуезов өмірінің әр кезеңдерін сол заманның шындығымен, өмірде, өнерде болған нақты кейіпкерлерімен бірегей бірлікте қарастыра білген.

Мұхтар Әуезовтің ата-бабасы, ата-анасы, өнген өңірі, өскен ортасы, оқы­ған мектебі, білім алған универси­теттері, қызмет істеген орындары, дәріс оқыған білім ордалары – бәрі-бәрі автор назарынан тыс қалмаған.

Ғұмырнамалық баянда біз кеңесші­лік жасаған Әуезов және Алаш тақы­рыбы да жан-жақты ашылған. Әуезов­тің Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы, ұлы жазушының үлкен жолдағы сенімді серіктері, серт­тескен достары, алдағы аға, соңдағы іні, қатардағы қаламдастарымен байланыс­тары түгел-түгел қамтылған.

Кітапта А.Байтұрсынов, Ә.Бөкей­ханов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Шоқай, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтердің есімдері аталып қана қоймай, олардың өмірінің әр кезеңіндегі Әуезовпен рухтас, ниет­тес, серіктес болғандығы нақты факті­лермен дәлелденген. Алаш партиясы бағдарламасының мазмұны, “Алқа” әдеби ұйымының қам-қарекеті, Әуезов-Ермековтердің әйгілі “мойындаулары”, тіпті төңкерістен кейінгі бүкіл ғұмырын Түркияда өткізген башқұрт зиялысы Зәки Уәлиди Тоғанның естеліктері өз ісіне зор жауапкершілікпен қараған автордың назарынан тыс қалмаған.

Әуезовтің бүкіл өмірі “соқтықпалы, соқпақты заманда өскен” данышпан Абай сияқты үнемі талас-тартыс, қу­ғын-сүргінде өткені белгілі. Мәскеулік автор мұны да ұмытпайды. Әуезов – Мұқанов арасындағы әр кезеңде әр­түрлі “сипат” алған күрмеуі қиын қарым-қатынастың жай-күйі, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлымен аға-інідей кіршіксіз көңілмен ұғынысуы, әр кезеңде ұлы жазушының қасынан табылған қаламдас достары мен үміт артқан шәкірттері – бәрі-бәрі өзіне лайықты орын тапқан.

Кітапта мыңдаған кісі есімдері, жүздеген шығармалар атауы, көптеген жер-су, елді мекендер аталады. Солар­ды жазуда редактор, корректорлардың бір ғана қағып тастауынан қалмайтын ұсақ-түйек қателер де кеткен. Оларды шағын рецензияда теріп, сүзіп жатпай-ақ, келесі басылымда ескеру үшін авторға тапсырғанды жөн көрдік. Әйтсе де автор бақайшығына дейін шағып талдаған төрт кітаптан тұратын эпо­пеяны баспаның аңдатпада “трилогия” деп көрсетуін немқұрайдылық қана емес, кітап редакторының білімсіздігі ретінде қабылдаған жөн.

Автордың келесі басылым­дарда ескеретін кітаптың тағы бір кемшін тұсына назар аударғымыз келеді.

Әуезовтанушылардың назарынан күні бүгінге дейін қаға беріс қалып келе жатқан тақырыптардың бірі – оның ядролық қару-жарақты сынау мен таратуға қарсы жаһандық қозғалыстың көш басында тұрғандығы. Ұлы жазушы өзі зор шабытпен жырлаған Абай туған киелі өңірде КСРО Үкіметінің жа­сырын қаулысымен 1947 жылы ядро­лық полигон құрылғаннан кейін ұлы дала Әуезовтің көз алдында біртіндеп солып, қуарып, сөніп, уланып бара жатты. Дегелеңнің жақпар жартастары күлге айналып, әуеде, жерде жасалған қисапсыз көп сынақтардан қасірет шек­кен қандастарын көргенде жазушының онсыз да жаралы жүрегі қалайша қан жылағанын түсіну қиын емес. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің “Бей­бітшілік кіндігі” атты кітабында: “Со­нау 1957 жылдың өзінде Жапонияның астанасында өткен атом және сутегі бомбасына тыйым салу жолындағы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде жер бетіндегі алғашқы ядролық сынақтардың тажалды зардаптары туралы Мұхтар Әуезов айтқан болатын. Ол өзінің кіндік қаны тамған өңірге, ежелгі Семей жеріне атом полигонымен ілесе келген қасірет туралы, түсініксіз сырқаттардан баз кешкен адамдар мен мутанттар туған жүздеген аналар туралы толғады...”, – деп атап көрсеткен еді. Тоталитарлық заманда айтылған жазу­шының бұл сөзі ерлікпен пара-пар еді. Ал дәл осы кезде сутегі бомбасының авторы, бүгінде бүкіл әлем әулие санап жүрген академик А.Сахаров Социа­листік Еңбек Ерінің екінші жұлдызын омырауына қадап үлгерген болатын.

Қазір антиядролық халықаралық ұйымдар, қозғалыстар, партиялар жыртылып айырылады. Ал солардың қайнар бастауында қасиетті қасқа маң­дайы жарқырап қазақтың ұлы жазушы­сы тұрғанын өзге жұртты былай қойып, бүгінгі қазақтың көпшілігі біле бермей­ді. Ендеше, келесі басылымда осы бір ол­қылықтың орны толады деп үміт­тенеміз.

Жапония туралы әңгіме болған соң мына бір жәйтке де назар аудара кеткен жөн: ұлы жазушының күншығыс еліне деген қадір-құрметі оның көк қауыр­сын, жас қанат кезінде-ақ басталған. Әдебиетке жаңа ғана келген балғын шағы – 1920 жылы “Жапония” атты мақала жазып, әйгілі Мейдзи рефор­ма­сы­нан кейін ескіліктің сарқыншақта­рын серпіп тастап, жаңғыру жолына түскен жапон елін қазақ қоғамына үлгі-өнеге ретінде ұсынып, жақсыдан шара­пат алуға шақырған. Өзі көптен құмарт­қан елге алғаш рет бара тұрса да, күші­гі­нен таланған жазушы жапон тақыры­бына қалам тартпады. Көзі қарақты адамға оның өзіндік себебі де бар болатын.

Кезінде сталиндік репрессияның қанды қырғынына ұшыраған қазақ зиялыларының бір тобы “жапон тың­шысы” деген қисынсыз айыппен аты­лып кетті. Мәселен, қазақтан шыққан тұңғыш тіл білімі профессоры Құдай­берген Жұбанов қазақ-жапон тілдері салыстырмалы грамматикасын зерттеге­ні үшін репрессия құрбаны болды. Та­лай тергеу мен адам төзгісіз абақты азабын тартқан Әуезов өзі үшін күнде­лік жүргізсе де Жапония жайлы әсер­лерін жариялауға асықпады. Сондықтан біз әуелі жазушы архивіндегі жапон сапары күнделіктерін ғылыми түсін­дірмелермен толықтырып, оқырман назарына ұсынуымыз керек. Екінші кезекте жазушының сол жазбалары негізінде қазақ-жапон әдеби, мәдени, тіпті рухани байланыстары төркініне үңіліп, оны ғұмырнамалық баянның кәдесіне жаратсақ, жаңа кітап тағы бір қырынан жарқырап шыға келер еді.

Ғұмырнамалық баянда тағы бір тарқатыла түсер тақырыптың бірі – Әуезовтің “Америка әсерлері”.

Ұлы жазушы өмірінің соңғы кезе­ңінде, 1960 жылдың ақпан-наурыз ай­ла­рында кеңес жазушылары С.Щипа­чев, Л.Леонов, О.Гончарлармен бірге бір ай бойы Американы армансыз ара­лайды. Жазушының өз жазбалары бой­ынша ол Нью-Йорк – Вашингтон – Лос-Анджелес (Калифорния штаты) – Финникс (Аризона штаты) – Бостон (Мас­сачусетс штаты) – Нью-Йорк мар­шру­тымен жүріп өткен. Өзі жазған­дай “тілсіз цехтар, станоктар, агрегаттар жанындағы үнсіз жұмыскерлер” қаласы саналатын Чикаго, Детройт сияқты ірі өндіріс орталықтарына барудан бас тартып, “Американың байырғы тұрғын­дары – индеецтердің резервация аталатын байлаулы мекен-жайларын” көруге ықылас білдіреді.

“Америка әсерлері” – аяқталмаған шығарма. Жазушы Нью-Йорк пен Ва­шингтоннан алған әсерлерін ғана ма­шинисткаға бастырып үлгерген. Оның өзі жазушы қайтыс болғаннан кейін, 1964 жылы ғана жарияланды және әлі күнге дейін орыс тіліне аударылған емес. Қазақ тілін білмейтін Анас­та­сьев­қа бұл тұрғыдан қояр еш кінәміз бол­маса да, автордың қаперіне мына бір жәйттерді сала кеткен жөн деп білемін.

Сапар барысында Әуезов көптеген американ жазушыларымен кездесіп (мәселен, америкалық әйгілі ақын Карл Сэндберг), бірқатар бұқаралық ақпарат құрал­дарына сұхбат береді. Жазушы­ның өз жазбасы бойынша осындай көлемді сұхбаттың бірі Нью-Йорктің “Сатедей ивнинг” басылымында жарық көріп, онда Э.Хемингуэй шығармала­ры­ның Кеңес Одағында кең таралуы­ның сыры жөнінде өз пікірін ортаға салған. Егер “Триумфатор трагедиясы­ның” авторы осы сапар ізімен індете жүріп, америкалық басылымдар мен Әуезов кездескен әдебиет, өнер қайрат­керлерінің шығармаларын шолып шық­са, ғұмырбаяндық кітаптың бәсін арт­ты­ра түсетін тың деректермен толыға түсер еді деп ойлаймыз.

Америка сапарында профессор Әуе­зов өз өтініші бойынша Колумбия, Лос-Анджелес, Гарвард университетте­рінің профессорлары, студенттерімен кез­десіп, америкалық әйгілі универси­тет­тердің жай-күйімен танысқан. Ко­лум­бия университетінде болған кезде осы университет ғалымдарының бірі қазақ батырлық жырына қатысты док­торлық диссертация қорғағаны жайлы тебірене жазады. Мұндай әсерлі кезде­сулер аталған университеттердің толып жатқан басылымдарында атаусыз қал­маса керек. Соларды бір сүзіп шыққан жағдайда академик Әуезов жайлы тың деректердің төбе көрсетіп қалуы ғажап емес.

Ұлы жазушы сапар барысында соңында аңдушы жүргеніне қарамастан саяси қуғын-сүргіннің кеселінен мұхит асып кеткен ежелгі достарымен кезде­суге де мүмкіндік тапқан. Әрине, “Амери­ка әсерлерін” былай қойып, күнделік жазбаларында да бұл туралы бір ауыз сөздің болмайтыны белгілі. Бірақ туысқан башқұрт халқының ұлы перзенті, үлкен ғалым, Алаш ардагер­лерімен қиын жолда қиыспас дос бол­ған Зәки Уәлиди Тоғанның 1969 жылы жарияланған естеліктерінде Нью-Йоркте Мұхаңның сондағы қазақ эмигранттарымен кездескендігі туралы дерек бар. Бұл ұлы жазушының ғұмы­рының соңына дейін Алаш идеясынан айнымай өткендігінің белгісі.

Америка әсерлерін толықтыра түсу үшін онымен сапарлас болған Л.Лео­нов, С.Щипачев және О.Гончар есте­ліктерін, сол тұстағы кеңес баспасө­зіндегі материалдарды да қарап шыққан жөн. Осы тұста Анастасьевтың Щипа­чев естеліктерінен “Нью-Йорк” өлеңін қалай жазып, оны не үшін Әуезовке арнағаны туралы келтірген кішкентай фрагмент кемеңгер жазушының сан қырлы талант иесі екендігін аша түскендігін де айта кеткен ләзім (осы бір оқиғаны қаз-қалпында “Америка әсерлерінде” Әуезовтің өзі де келтіреді). Бар ғұмырын қазақтың бас ақыны шығар­машылығына арнаған Әуезов аса сезімтал суреткер болған. Ол Нью-Йорктің төбесі көк тіреген үйлерін Ман­хэттен аралының аспанына жазыл­ған поэмаға, ал ұзынды-қысқалы не­бос­кребтарды осы поэманың жолдары­на теңейді. Дала данышпанының табан астында суырып салған керемет теңеуі орыс ақынын ерекше толқытып, ол осы тақырыпқа “Нью-Йорк” өлеңін жазып, оны Әуезовке арнайды. Автор жазушы­ның сапарлас серіктері естеліктерін дәл осылай екшей түссе, кемеңгер келбетін толықтыратын жаңа деректердің табы­лып қалуы бек мүмкін екендігін еске салғымыз келеді.

Әуезов және Америка тақырыбын қорытындылай келіп, оқырмандарға “халқымыздың бар екенін, нар екенін американ халқына тұңғыш танытқан қазақ кім еді?” деген сауал салғым ке­леді... Тағаттарыңызды тауысып қай­тейін: көк мұхитты көк семсердей ті­ліп, Америка құрлығына жеке дара жол салған алғашқы қазақ Әуезовтің мәңгі сыйынып өткен пірі, халқымыздың ұлы ойшылы, данышпан Абай болатын.

Бұл сөз сыралғысы ретінде әншейін айтыла салған сөз емес, бұлтартпас нақты дерекке құрылған айқын факт.

Он тоғызыншы ғасырдың соңында америкалық журналист-жазушы, сая­хат­шы Джордж Кеннан қайғы-мұңға бөгіп, қасірет шеккен орыс ормандарын аралап, Сібір өлкесіне сапар шегеді. Көрген-білген, көкейге түйгендерін 1887-89 жылдары Нью-Йорктың сол тұстағы ең беделді журналының бірі “Сэнчури мэгэзинге” мөлдірете жария­лайды. Оның бұл жазбаларын мұхиттың арғы-бергі жағындағы Марк Твен, Лев Толстой бастаған әдебиет алыптары қуана қостап, үлкен баға береді. Бұл жаз­балар 1891 жылы “Сібір және сүр­гін” деген атпен бір мезгілде Нью-Йорк пен Лондон қалаларында басылып шы­ғады. “Сенчуридегі” жарияланымдар сиясы кеппей жатып орыс басылымда­рында жарияланып, кереқарыс қос том­дық кітап толығымен 1906 жылы “Си­бирь и ссылка” деген атпен Ресейде басылып шығады.

Орыс революционер жазушылары­ның библиясына айналған кітаптың 7-тарауы “Үлкен қазақ даласы” деп ата­лады. Америкалық публицист Түмен – Омбы – Павлодар – Семей – Өске­мен – Барнаул бағытымен жүріп өт­кен­діктен, оның еңбегінде қазақ жері­нің отарлануы туралы көптеген дерек­тер бар. Кітаптың “Менің саяси жер аударылғандармен алғашқы кездесуім” атты тарауында автор Семей қаласына келіп, ондағы саяси жер аударылған жергілікті зиялы қауыммен қалай кез­дес­кені жайлы дерек бар. Сонда импе­раторлық Паж корпусын бітіріп, Санкт-Петербург университеттерінде оқыған, саяси айдауда жүрген жас ғалым А.А.Леон­тьев “Я знаю одного образо­ван­ного старика-киргиза, которого зо­вут Ибрагим Кононбай, так он не толь­ко ходит в библиотеку, но и читает та­ких авторов, как Бокль, Милль, Дрей­пер. ...Когда я впервые увидел его он поразил меня тем, что спросил разницу между индукцией и дедукцией. Потом я узнал, что он и вправду изучал англий­скую философию и прочитал в русском переводе всех названных мною авторов”, – деп Кеннанды таң-тамаша қалдырады (Кеннан Дж. Сибирь и ссылка. С-Пб, 1999, 1-том, 198-бет).

Әрине, Еуропаға терезе ашқан тұң­ғыш қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов еді. Ол туралы 1865 жылы Англияда басылған ағайынды Джон және Роберт Митчеллдердің “Капитан Уәлиханов пен М.Венюковтың жазбаларындағы Орта Азиядағы орыстар” кітабынан бастап, бірқатар француз, неміс басы­лымдарында қазақтың алғашқы ағар­тушы ғалымының есімі мен еңбектері жайлы еңбектер жарияланды. Бірақ америкалық журнал мен кітапта есімі аталған тұңғыш қазақ – данышпан Абай екендігі еш күмәнсіз факт. Сон­дықт­ан араға ғасырға жуық уақыт салып Америка төріне сол Абайдың ру­хани мұрагері Әуезовтің шығуы қазақ­тың қос алыбының өмірбаянындағы ғана емес, халқымыздың рухани-мәде­ни тарихын­дағы аса айтулы оқиға деп білеміз. Сол себепті бұл тақырып ғұ­мыр­намалық кітапта тарқатыла, тереңдетіле түсуі керек.

Автордың ерекше назар аударар тақырыптарының бірі – Әуезов және Үндістан.

Ұлы жазушы ұзақ жылдар бойы үнді-кеңес достық қоғамы қазақстан­д­ық бөлімшесінің төрағасы болды. Екі рет қатарынан Үндістанға сапар шекті. Азияда енді ғана көтеріліп ке­ле жатқан алып елге үлкен құрметпен қарады. Әуезовтің Үндістанды ерекше жақсы көруінің басты себебі осы елдің қырық қатпарлы тарихында жатқан сияқты.

Үндістан мәдениеті аса бай, та­мырын көне ғасырлар қойнауынан тартқан қаншалықты үлкен ел болса да, оның тарихындағы сыртқы дүниеге кеңінен танылған алғашқы мемлекет Үндістанның солтүстігінде 13-ғасырдағы Мұхаммед Гур бастаған мұсылман билеушілері құрған Дели сұлтандығы болды. Бұлардан кейін Үндістанды үш жарым ғасырға жуық Бабыр негізін салған ұлы моғолдар әулеті биледі. Акбар тұсында оның жер көлемі екі есеге, ал Аурангзеб билік құрған кезде қазіргі Үндістан жерінің 90 пайызға жуығы және Пәкстан мен Ауғанстан жері тұтастай дерлік ұлы моғолдар империясы құра­мына кірді.

Міне, осындай жер көлемі, хал­қының саны, экономикалық күш-қуаты Қытаймен қарайлас алып империя 16-17-ғасырларда керемет гүлдену дәуірін бастан кешірді.

Моғолдардың түп атасы монғол болса да, ата қоныстан ерте ажыраған олар әбден түріктеніп кеткен еді. Тілі түркі моғолдар еліндегі мемлекеттік тіл парсы тілі болды. Сондықтан им­перияда парсы тіліндегі әдебиет, әсі­ресе поэзия ерекше дамыды. Олар­дың діні мұсылман болса да өзге дін­дерге, әсіресе индуизм мен жай­низм­ді де жатырқаған жоқ. Нәтижесінде империядағы ислам жергілікті діни наным-сенімдермен модернизация­ланып, өзгеше арнада дамыды. Алып мемлекеттегі сан алуан халықтардың әдет-ғұрып, салт-саналарының мидай араласуы олардың рухани, мәдени өмірін де жақындастырып жіберді. Ал мұның бәрі ұлы моғолдар мемлекетін үлкен биікке көтерген сәулет, сұңғат, сурет өнерінен көрініс тауып, қайта­ланбас үнді-мұсылман стилін қалып­тастырды. Мұның бәрі Әуезовтің жүрегіне етене жақын еді. Сондықтан “Индия очерктерін” еркін көсіліп, қанатын жаза зор шабыт, үлкен сүйіспеншілік сезіммен жазды.

“Индия очерктеріндегі” Әуезов тағылымы туралы айтар болсақ: бүгінгі заманда адамзатқа мәдениет, өркениет, дінаралық соғыс емес, тоғыс керек. Көшпелі мәдениеттен шығып, түркі өркениеті арнасында дамып, орта ғасырларда мұсылман қауымының қуатты күшіне айналған ұлы моғолдар тарихы бүгіндері біз кейде үміт, кейде үреймен жиі-жиі ауызға алатын жаһандануды қалай ғана мемлекет мүддесіне, ұлт игілігіне бағындыру керек екендігін ұғындыра түскендей.

“Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” күллі әлемге жар салған даныш­пан Абай рухында тәрбиеленген Әуезовтің “Менің Үндістанымды” (орыс тіліне осылай аударылған) бас­қаша жазуы да мүмкін емес еді. Енде­ше Үндістан сапарының жазбалары арқылы Әуезов және жаһандану тақы­рыбы тереңдетіле түскені жөн.

Осындай кейбір кемшіліктеріне қарамастан, кітапта ұлы жазушының ғибратты ғұмыры, тағылымды тағ­дыры, өркенді өнері өз биігінде көрі­ніс тапқан деуге толық негіз бар.

Ең бастысы, Әуезов әлем әдебие­тіндегі Р.Роллан, Дж.Голсуорси, У.Фолкнер, Э.Хемингуэй сияқты алыптар деңге­йінде бағаланып, сол биіктен ойып тұрып орын алғандығы. Егемен еліміз­дің бүгінгі ұрпағының мойнындағы ең үлкен парызы – ұлы жазушыны өзімен теңдес, тұлғалас, иықтас таланттармен қатар өз тұғы­рына қондыру еді, сол парыз сәтімен орындалды деп сенуге болады.

Осымен Әуезов мұрасы түгенделді деуге бола ма? Әрине, жоқ. Ендеше, алда қандай міндеттер тұр. Соған да тоқталып өтейік.

Біріншіден, осыдан он жыл бұрын қолға алған ұлы жазушының елу томдық мол мұрасын ұзын арқан, кең тұсауға сала бермей тезірек аяқтаған жөн.

Екіншіден, кейде асығыстықпен, кейде әдеби-саяси коңюнктураның салдарынан М.Әуезовтің орыс тіліне сапасыздау аударылған туындыларын бар мәйегін сақтап қайта аударуды кешіктірмей қолға алу керек.

Үшіншіден, Мұхаңның әйтеуір аударылса болды деп құлағын кесіп құнтитып ағылшын, неміс, француз, т.б. тілдерге құнтсыз аударылған туындыларын қайта қарап, ең болмағанда, ағылшын тіліндегі бес томдық канондық нұсқасын әзірлеу керек. Осы мақсатты орындауда әйгілі батыс университеттерін бітірген қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген қазақ жастарының білім-білігін пайдаланған жөн.

Бір сөзбен айтқанда, Әуезов Абай арқылы қазақты әлем әдебиетінің биігіне көтерді, ал біз халқымыздың несібесіне бұйырған осы ұлттық брендті бостан еліміздің бүгінгі ұрпа­ғының игілігіне барынша жарата білуіміз керек.

Ел егемендігі, ұлт тәуелсіздігі, ең алдымен, рух бостандығынан бастал­са керек. Соңғысы болмаса, бастапқы екеуі – баянсыз бос тірлік. Ал Әуезов туындылары – қазақтың әлі талай буыны қанып ішер рух азаттығының мәңгі сарқылмас қайнар бұлағы.

* * *

Ғұмырнамалық баянның эпило­гында автор оқырманды Алматыдағы ұлы жазушы зиратының басына әкеледі. Өзіміз талай тағзым еткен киелі орын. Тас тұғырға қашалған ескерткіштің төменгі жағында екі-ақ ауыз сөзбен жазушының аты-жөні жазылған.

Менің есіме дәл осы автордың ең үздік туындысы “Одинокий ко­рольдің” алғашқы бетінде суреттелген В.Набоковтың зиратындағы “жазу­шы” деген жалғыз ауыз сөз түсті. Әуезовте бұл да жоқ. Өйткені, оның бүкіл болмыс-бітімін, құбылысқа ғана тән құдіретті бейнесін ешбір сөзбен айтып жеткізу қиын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар