Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асқар Алтай. Көзімнің қарасы

14.11.2017 3673

Асқар Алтай. Көзімнің қарасы

Зау биікте көк әлемнің көзіндей боп қара ноқат қалықтайды. Қара баршын қанатының астында Алатау шұбартады, Алматы мұнартады. Көк жүзінде алаңсыз жүзген тау қыраны отты жанарымен нөпір қалаға қарашығын сүзеді.

Ал “Ақсай” ауданындағы “Әзірет-Әлі” кафесінде кездескен үшеу әлдеқандай алаңдаулы.

– ... –

– ... –

– ... –

– Көке, – деді жасы жиырманың ішіндегі бойжеткен, – қазір өмір өзгерген... Сіз түк те түсінбейсіз!

– Қарашығым-ау! – деді еңгезердей азамат. – Түсінбейтін мына мен бе? Сен не деп отырсың? Махмұт, мына қыз не дейді? Бағанадан айтқан сөзім далаға кетіпті ғой... Қарғам-ау, не деп отырсың? Білемісің?!

– Кеще... Кеще екенбіз біз, – деді Махмұт жағын қышырлата жанып. – Менің қызым болса, ...

– Көке! – деді Самал, – Мен оны сүйемін! – дауысы салмақпен зілді шықты. – Кешіріңіз! Маған басқа ешкімнің де керегі жоқ.

– “Көке” деме, – деді Рамазан ызғарлы үнмен. – Енді сенде “көке” де жоқ... “Әке” де жоқ. Көкектің жұмыртқасы...

Үшеуі де үнсіз қалды. Әкенің түсі жылан шағып алғандай сұп-сұр. Көздері кірпік қақпай қадалулы. Махмұт болса, шалқайған күйі екеуді сынай барлайды... Самалдың да сұлу жүзі бір қызарып, бір сұрланып, қиылған қастары әнтек керіліп қап, тік түскен пісте мұрны қусырылып-қусырылып кетеді.

– Жоқ-ау, Махмұт-ау, бірдеңе десеңші!? – Рамазан шарасыз күй кешті.

– Бізде – Кавказда... – деді Махмұт дауысын үзіп: – басын кесіп алады. Ал сендерде... – деп тоқтап қалды.

– Жә, оттама! – деп қалды Рамазан ширығып.

– А... а... онда өзің білесің!

– Көзіме енді көрінуші болма! – деді қызына атып жіберердей қарап. – О жақтан оралма деп тіле, Алладан! Оралмай-ақ қояйын... Сенің мына сұмдығыңды білмей-ақ қояйын!

Қызы үстел үстіндегі асқа қадалған күйі жұқа еріндерін жымқыра түсіп, тістелей берді.

– Көке, олай демеші! Сіз түсінеді ғой, оқыған адам ғой деуші едім!

– Иә-ә, әкең түсінеді... бәрін түсінеді. Бәрін кешеді! – Махмұт кекете мырс етті.

– Жап аузыңды! – Рамазанның дауысы қатты шығып кетті.

– Қойдық, Рама, қойдым! – деп Махмұт екі қолын көтерді.

Кафе ішінде адам аз болса да, оқыс шыққан дауысқа үдірейісіп қалды.

– Жер қылдың-ау! Жалымды жықтың-ау! Әлгі шешең ғой... Қап! Тұра тұр, салдақы! – деп Рамазан қызының шешесіне кіжінді.

– Көке! – деді қызы да дауысын көтере. – Шешемнің түк қатысы жоқ... Ол әлі білмейді де, бір өзіңізге айтып отырмын.

– Қорғаштамай-ақ қой! Бәрібір сыбағасын алады...

– Иә-ә! – деп Махмұт тамағын кенеді. – Маған қимап едің, досым!

– Былшылдама!.. Самал, кетші! Кетіп қалшы, құдай үшін! Қазір бірдеңе шығып кетеді... Кет енді... Көрінбе көзіме!

– Кете ғой, “қарашығым!” – Махмұт тағы қосылды.

– Жоғал ары, малғұн! – деп Самал жыландай жиырылып, атып тұрды. Бойына әлдебір қажыр-жігер құйылғандай: – Көке! – деді. – Менің өз тағдырым өзіме... Өз тағдырымды өзім шешем! Оған бола қам жемеңіз! Елдің қыздары Африкаға да асып жатыр ғой... Мен ешқайда кетпеймін, көз алдарыңда Алматыда жүрем. Кешір!

Ол шалт бұрылып, қыпша беліне шейін бос тастаған сусылдақ қара шашын сүзілте сілкіп тастап, өзіне көзін сүзіп қалған бейтаныстарға нәркес жанарларын жарқ еткізе төңкеріп, аппақ жұқа көйлегінің етегі желбірей түсіп, асығыс жөнеле берді. Әкесіне тартқан сұңғақ бойлы сұлу мүсін соңынан көз ғана еріп қалды.

Рамазан басы салбырап отыр. Қасындағы серігі аңтарыла бұрылыпты.

Қыз тыста да бұлардың көзінің жауын алып, тұтас қабырға әйнекті терезе тұсынан көлеңдей өтіп, қаңтарулы тұрған “Ауди” көлігіне барды. Оны қара торы өңді, ұзын бойлы, сыптығыр келген жігіт ағасы көлік есігін аша күтіп алды. Жеңіл көлік тау жақтан ескен самалдай лып етіп, жылдам қозғалып кетті.

* * *

Қысы – қысаң, жазы – жайсаң Кавказ жері...

Рамазан кәрі Кавказды мекен қылғалы қашан?! Баяғы “Бірінші Шешенстан соғысы” кезінде де, кейінгі “Шешен соғысы” тұсында да бұл өңірге сан мәрте аяқ суытқан. Міне, Кавказдың жалт етпе жазы өтіп, сылт етпе сары күзі сырғып жетті. Бұл Алматыны да сағынды... Самалын да... әйелі мен басқа ұл-қызын да ойлап қойды. Қанша еске алмайын десе де, мамыр айындағы “Әзірет-Әлі” кафесіндегі үшеуара әңгіме ойға орала береді. Сол бір сүреңсіз әңгімені ұмыту үшін бұл терін де шелектеп төгіп, тегеуірінін де тепсіне күшейткен. Қазір Рамазан дайындаған “Рама жанкештілері” Шешенстан ғана емес, күллі Кавказ бен Ресей өңірінде белгілі... Олар аса айлакерлігімен, қатыгез мейірімсіздігімен, жан-жақты әскери дайындығымен аты шулы.

Ақиқатына келсе, Рамазан – “Кавказ соғысы” немесе “Шешен соғысы” үшін жандарын пида етер түрлі ұлттардың жаужүрек ұлдарын даярлаушы инструкторы. Өзін “Әбу Рамазан – араб” деп таныстырып қояды. Әдейі “дөрекі” акцентпен сөйлейді. Кезінде Ауған соғысында сержант боп жүргенде орыс офицерлері айтатын: “Жаттығуда ауыр болса, ұрыста жеңіл болады” деген тәліммен ешкімді аямайды. Қан-сорпасын шығарады.

Бүгін де сондай жасырын жаттығудың бірі еді. Жиырма жеті жанкештіні қалың орман мен қызыл бүрген басқан “Дағауыл” атты қия беткейде дайындап жатқан. Бұл жер – Дағыстан өңірі. Жанкештілерді әдейі осы өңірде даярлықтан өткізеді, өйткені Ресей Федерациясы сеніміне кірген аса қауіпсіз аймақ. Ал бір сезік туса, жанкештілер қолма-қол тау ішіндегі ауылдарға бейбіт тұрғын ретінде таралып кетеді. Әрқайсысының жатын орны, тұрғын үйі, тіпті “туған-туысына” дейін белгіленіп қойылған.

Рамазан да бір ауарлық отбасында пияз егіп, мал бағып, қу құлқын асырап жүрген “келімсек”... Махмұттың досы, Қазақстаннан шыққан “детдомдық”...

Ал керек қару-жарақ атаулыны, дайындыққа қажет мүліктерді Махмұт “федералдардан” жасырын жеткізіп отырады. Оларды жеропыға мұқият жасырып қояды. Қаржы мәселесін де сол реттейді. Мұның айлық “гонорары” да шешіліп қойған. Оны бұл Алматыдағы әлдебір кавказдықтар ашқан кафеден алады. Айы – 2000 АҚШ ақшасы. Баяғы “Жоһар шері” заманында бұдан мол еді.

Дағауылда бұлар оқ атпайды, мина жармайды. Қалғанының бәрін істейді. Рамазан қолдан сағатты, сынап-ты мина жасауды, “Камаз” көлігінің карданынан гранатамет атуды, қолма-қол ұрыста пышақ салысуды, тағы толып жатқан ұсақ-түйек жаттығулар мен “жанкешті психология-сы” деп, өзі шығарып алған жанкештінің “мінсіз мінез-құлық” дағдыларын өткізетін. Сондықтан да мұның жанкештілері талайлардың таңдайын қақтырған, жауларының зәресін ұшырған мұңсыз шейіттер еді.

– ... Жігіттер, демалыңдар! – деді Рамазан екеуара жекпе-жек ұрыстан кейін. – Енді дайынсыңдар! Бүгін-ертең Махмұт келсе, “базаға” барасыңдар. Онда менен өткен дайындықтарыңды іс жүзінде сынайсыңдар.

– Федералдарға қарсы жібере ме, мырза?

– Жоқ, – деді Рамазан. – “Базада” мина жасап, снаряд жарып, миномет пен гранатамет – бәрі-бәрін өз қолдарыңмен сыннан өткізесіңдер. Тек сынақ кезінде сақ болыңдар, өздерің жарылып кетіп жүрмеңдер... Сауысқаннан да сақ болу керек.

– Сізді ұятқа қалдырмаспыз!

– Бәрі өздеріңе байланысты... Рахмет, маған қарсы келген жоқсыңдар! Жандарыңды аямадыңдар... Аналарың нағыз ұл тапқан екен, – дей бергенде:

– Ассалаумағалейкүм, жігіттер! Салам, Рама! – деп тоғай ішінен Махмұт та көрінді.

Енді бәрі мәре-сәре болды да қалды. Махмұттың жым-жылас жоғалып кеткеніне де бір айдан асып кетіп еді... Рамазанның “жанкештілерді” дайындап үлгерген кезіне дөп келгенін көрмеймісің. Әй, дегенмен, Рамазанның ішек қырындысына дейін біліп алған бұл неме! Нағыз “жансыздың” өзі, иненің көзінен өтеді.

– Рама, – деді екеуі оңашалау барып, қиядағы құба тасқа отырып жатып. – Үй ішің аман!

– Сен немене, Алматыға барып қайттың ба?

– Әрине, мыналарға “ақыларын” алып келдім. Самолетпен барып қайттым... Қазір Әзірбайжан мен Қазақстан арқылы ғана банк операциясы еркін жүріп тұр ғой... Ресейден бұрынғыдай ала алмай қалдық, қысып жатыр.

– Алматы қалай? – деді Рамазан қызы Самалды қалай сұрарын