Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қашаған жырау: Қолымдағы қу ағаш

02.07.2018 1008

Қашаған жырау: Қолымдағы қу ағаш

АҚПА – ТӨКПЕ, АДУЫН АҚЫН

Қашаған Күржіманұлы (1841 – 1929) – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде өзінен бұрынғы Абыл мен Махамбет қалыптастырған дәстүрдің нәрлі өнегесіне қаныға, оны ілгері дамытқан әйгілі ақын. Оның жырлары Қазақстанға ғана емес, Орта Азия республикаларына, Иран, Ауғанстан, Түркиядағы қазақтар арасына кең тараған.

Қашаған Ташауыз қаласына шектес қазақ ауылында 1841 жылы каңтардың 7-інде дүниеге келген.

Ақынның сын семсеріне ілінгендер – тек байлар ғана емес, қулық пен сұмдықты өмірдің мәні санаған саудагерлер мен дүмше молдалар, даңғой атқамінерлер мен әділетсіз билер. Ақынның «Қуаңдаған қу Бисен», «Мұстахқа», «Домбыраның қақпағы», «Сараң сұпыға» дейтін өлеңдері де сараңдық пен суайттық сияқты адам бойындағы сиықсыз мінездерді сынауға арналған. Сын-сықақ түрінде келетін бұл өлеңдердің өзегінде зілді кекесін жатады. Оның «Қарашұбар ала ешкі» дейтін өлеңі де өткір сатираның үлгісі.

Ілияс ақын: «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі», – деп текке айтпаған. Ол – сыншыл, тура, өткір, сықақ мәнді шығармаларымен танылған айтулы бұқара жыршысы. Оның ақындық, жыршылық өнерінен замандастары мен өзінен кейінгі талай өнерпаздар өнеге алған.

Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ,

Филология ғылымының кандидаты

БАСТАПҚЫ СӨЗ

Атам бір қайтты дүниеден,

Бес жаста жетім қалдырды,

Басыма қайғы салдырды.

Анам көрді жесірлік,

Өзім көрдім жетімдік,

Сүйтіп басым қаңғырды.

Алты жаста еліктім,

Жеті жаста желіктім.

Сегіз жасқа келгенде,

Бала болдым көрікті.

Тоғыз жасқа келгенде,

Қадір білер ағалар:

"Шырағым, жүр!" – деп ерітті.

Он төрт жасқа келгенде,

Балалықты тастадым.

Он бес жасқа келгенде,

Таяқ алып қолыма,

Қойымның түстім жолына.

Табанға шарық байладым,

Жұмысқа басты сайладым.

Орынбор деген қалаға

Сергей деген көпестің

Серкелі қойын айдадым.

Барған жерім айтайын:

Ақсу, Шаған, Дере тау,

Соларды көрдім есен-сау.

Ор деген судың бойымен

Қарашекпен бардым жағалап.

Електің бойын жайладым,

Қара сухар шайнадым.

Жабағыдан сырыған бөркім бар,

Жүдеп жүрген көркім бар.

Көрдеубайлар қамайды,

Қойға бар деп сабайды,

Бармасқа қандай еркім бар?!

Көрдеубайдан таяқ жеп,

Бір күні жаман сорладым,

Қөзімнің жасы парлады.

Қайтайын десем – ел алыс,

Қасымда болмай бір таныс,

Астымда болмай бір тайым,

Жабығып қатты зарладым.

Бір күні ұйықтап жатқанда

Қара кісі келіп: "Тұр, – деді, –

Мойныңды маған бұр", – деді.

Сол кісі және сөйледі:

"Қашаған, балам, көзіңді аш,

Өнер бердім – жұртқа шаш.

Таяғыңды тастап, қойдан қаш,

Барың болса, пайдаға ас.

Жырдан болар кәсібің,

Елден болар нәсібің.

Ұлықсат етіп сыйладым

Халықтың төр мен есігін!"

Батасын берді қол жайып,

Екі қолын мол жайып.

Ұлықсат содан болған соң,

Жөнелдім сөзге мен байып.

Тартып кетті қолымнан,

Тұрғызып кетті орнымнан.

Қой соңында ертең қаңғырып,

Өлең айтып жаңғырып

Жүргенімде Сергейлер

Малай, жалшы балдарын

Жіберген екен ат беріп.

Үзеңгіге салдым аяқты,

Тастадым қолдан таяқты.

Азамат ерлер жақсы екен,

Есітіп сырттан аяпты.

Жетіп барсам сол жерге,

Ақ шатырдың астында,

Әдемі төсек үстінде,

Қымбат мәсі, кебісті

Кербездер отыр келісті.

Құралында жырладым,

Сөзімді айтқан сырладым.

Сонда да бейнет кетпеді,

Тағдырдың малай еткені.

Самарға барып біз тұрдық,

Бір ай сонда қой қырдық.

Бозқырау деген амалда

Жаман ауру тап болып,

Шомытты арба үстінде

Шалқамнан сұлық құладым,

Сағынып елді жыладым.

Мен содан елге жылыстым,

Еңбегімді еткен сыйлады

Өнерден дәулет жинадым.

БАЙЛАРҒА

Жауын жауып, көл толса,

Көлде ойнайды құрбақа.

Көл суалып, ортайса,

Бір шұңқырға жиналып,

Шоғырланып қуанар,

Аспаннан жауын бір тамса.

Байлардың бұл бір мысалы,

Құрбақадай құрысар,

Қолдарынан мал тайса.

Тоңқаңдап намаз оқиды,

Жасы жетіп, қартайса.

Кейбір байды қарасаң,

Қорасында мал толы,

Үйінде ішер тағам жоқ,

Тағам жоқтан жаман жоқ.

Көре тұрып ішпеген,

Рақатсыз көрген мал –

Ұйқыда көрген түс деген.

Кейбір байды қарасаң,

Сақтайды тағам тұздамай.

Мал соймайды мұздамай.

Жарымайды тағамға,

Қашан малы қоздамай.

Кейбір байлар манаурап,

Өтірік науқас тымаурап.

Жарлыны көрсе мысқылдап,

Көкесін сөзбен ысқылап,

"Аузы қисық болса да,

Бай баласы сөйлесін" –

Орынсыз сөйтіп күш қылад.

Кейбір байды қарасаң,

Әйел алар қосынан,

Үй тігеді босынан.

Бір көргенде әуелі

Мырза екен дейсің тосыннан.

Лепірме сөзбен мақтанып.

Әңгіме айтар жосыған.

Ақырында кетесің,

Енді қайтып жол түсіп,

Тап қылмағай деп осыған.

Ондай байға барғанша.

Жарлының өргенің жақсы косынан.

ШІркін, байлар, мақтасып.

Қызарақтап боқтасып.

Қарқылдасып күлесің.

Алдыңда не бар, білесің?

Байға жарлы теңеліп,

Тартарсың малдың кересін.

Есікте жүрген жалшының

Қызығын сонда көресің!

ЕСҚАЛИ СҰПЫҒА АЙТҚАНЫ

(Домбыраны қорғағаны)

Қашаған ақын мен Құрманғазы күйші қыстың бір суық күнінде Каспий теңізінің терістік шығысындағы Елпілдекті деген аралда оғырған ауылға келеді. Күн кешкіріп қалған соң, осы ауылға қонбақ болады. Әуелі малшы жігіттерге кезігеді. Олар: "Осы бір қонақжай үй", – деп Есқали сұпынікін сілтейді. Сұпы үйінің шықберместігін білетін олар қонақтардың бірі Қашаған екендігін сезіп, Есқалиды бір жерлеттіруді ойласа керек. Атын байлап, үйге беттеген Қашағандарды Есқалидың мал қоралап жүрген келіні мен баласы:

– Қонаққа тіккен үйіміз жоқ, өзіміз малымызды күте алмай жатырмыз, – деп кес-кестеп кіргізбейді. Қашаған сүрініп кетіп, қарға жығылып қалады.

Соңда:

– Жаз болса, мен осы үйге қонбас едім,

Өлеңім, он төрт жастан жолдас едің.

Бай, сұпы, хан-кәкімнен ығар болсаң,

Сен өлең, мен Қашаған болмас едім.

Осы үйге қона алмасам, маған сын, –

Сұпыны шаға алмасаң, саған сын, –

деп далада омбы қардың үстінде домбырасын алып, сұпы келінінің әдепсіздігін жерлей жөнеледі:

Кетенің кет деп отыр келіншегі,

Кетуге ұстап отыр еріншегім.

Жас жігіт қонам десе, қон дер едің,

Ұстар ед сонда сенің көңілшегің.

Мен келдім қонатұғын уағымда-ай,

Қон десең, алар едің сауабымды-ай.

Айтасың ақылыңның аздығынан,

Ажарлы жаңа түскен уағыңда-ай.

Пейілің мұнша неге қуырылған?

Шапқанда жүйрік едім суырылған.

Сыртымнан естіген жұрт әуес еді,

Тұлпардай шығып жүрген дабылымнан,

Жас жігіт қонам десе, қон дер едің,

Көрем де сақалымның буырылынан.

Барады айтқан сөзің жарға жығып,

Итердің өңменімнен қарға жығып.

Біздің елде сіздердей жас келіндер

Сөйлемейтін еді ғой, төмен бұғып.

Оң жақта отырушы еді ісін алып,

Қонаққа тұрушы еді төсек салып.

Қызыл шай қонағына құюшы еді,

Алдына дастарқанын жая салып.

Ал сенде ұят та жоқ, иба да жоқ,

Шамасы, ұялатын иман да жоқ -

Және де әдет те жоқ, ақыл да жоқ,

Өзің жаман болған соң, жақын да жоқ,

Қонақты ренжітпей, сыйла деген

Үйреткен ата-енеңнен нақыл да жоқ.

Келіншек, не айтайын енді саған,

Қонба деп шын айттың ба осы маған?

Шапқанда жүйрік едім тайынбаған,

Менімен қалушы еді қайымдалған.

Бұл сұпы берер ет пен майын маған,

Жоқ болса, тапсын қайдан шайын маған!?

Қонақтан ығыр болып отырса егер,

Шыға кеп неге айтпайды жайын маған?

Осы кезде сыртқа сұпы шығады. Қашаған сұпыға тиісе жыр төгеді:

Сұпыеке, ашу қандай, ақыл қандай?

Болмаса тентек қандай, мақұл қандай?

Атаңнан қонақ ұлы деген жоқ па еді,

Жақсылар айтып кеткен нақыл қандай?!

Қонақпен керістіріп қойғаннан да,

Келінді күнә ма еді шақырғанда-ай?!

Шарғы жолын ұстаған сұпы болсаң,

Мейман жайлы көрмес пе ең Бақырғанда-ай?!

Бәйгі алдым талай жерде шабыспенен,

Қашаннан күнім кешті жарыспенен

Несібе осылайша жаралған соң,

Жақынды араладым алыспенен.

Құдайдан қорыққан пенде қондырар деп,

Мен келдім сұпы деген дабыспенен.

Келіншегін бет қаратпастай еткеннен сескенген сұпының баласы Қашағандарды арық-тұрақ мал жемдейтін үйге кіргізеді. Олар оған отырмай, Есқалидың өз үйіне кіреді. Есқали конаққа амандаспастан, намазға кірісе береді. Осы кезде сұпының кішкене немересі Қашағанның домбырасын кызықтап, дыңылдатып жібереді. Сол сәтте Есқали Қашағанға меңзеп:

- Бейқасиет, көргенсіз, бұл үй домбыра тартып, өлең айтуға тігілген жын-шайтанның үйі ме еді, Құдайдың үй еді ғой. "Ит еріткен қонақ жараспайды» дегендей, шайтанның қу ағашы бұл үйге қайдан келді?"-деп жекіреді. Осы кезде Есқалидікіне бағанағы малшы жігіттер мен олардан "Қашағандар келді" деп естіген ауыл адамдары жиналып калады. Надан, сараң сұпының қылығы кектендірген Қашаған домбыраны қолына алып, жырды төгілте жөнеледі:

Жақсылар, келдің жиналып,

Қашаған ақын келді деп,

Кеудесі мұның кең-ді деп,

Кеңес берер енді деп.

Сендерге кеңес беруге

Отырған жоқпын сыйланып.

Нәресте-әби бала емен,

Жасы жеткен шал емен,

Шығып жүре беруге

Отырмын өзім иба ғып.

Сұпыекең мені жек көрді,

Сұпының сөзін тік көрдім.

Ел аралап жүргенде,

Сендей-сендей монтаны

Сұпыларды көп көрдім.

Сыйлар едің қампаңдап,

Қолын қысып жампаңдап,

Садақасы болса қойнында,

Үйіңе келсе бай адам

Жамылған мауыт шекпенді.

Ақылы бар милы адам

Азамат ерге тек дей ме,

Қонағын келген кет дей ме?!

Тәубем көп деп мақтансаң,

Барсисаны да Құдай қарғаған,

Азғырып шайтан алдаған.

Бізді күнәсі көп деп боқтасаң,

Жүз кісіні өлтірген,

Жанына қаза келтірген

Насуханы* да Құдай оңдаған.

Келе сала, Сұпыеке,

Домбырамды боқтадың.

Домбырамды боқтасаң,

Өзімді басқа соққаның.

Сұпылығың қай жақта,

Шын тентекке ұқсадың.

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Қолымдағы ағашым –

Алып жүрген домбыра,

Тартқан сайын даңғыра.

Домбыра күнә деген сөз

Тек бір айтқан дабыра

Қолымдағы қу ағаш,

Сайрап отыр бұл ағаш.

Асылы емен, қарағай,

Шыққан жері су ағаш.

Аруақты ерлердің

Қолындағы ту ағаш.

Жаның сая табатын

Орман болған бұл ағаш.

Қорыққанда жалғызға

Қорған болған бұл ағаш.

Бұтақтары бүгіліп,

Көктен төмен үңіліп,

Қарның ашып келгенде

Жүрегіңді жалғауға

Нәсіп болған бұл ағаш.

Пайғамбарлар туғанда

Бесік болған бұл ағаш.

Ибраһим Қағба салғанда

Есік болған бұл ағаш.

Мұнаралы әр жерде

Мешіт болған бұл ағаш.

Шеберлердің қолында

Кәсіп болған бұл ағаш.

Өзіңді халық сұпы дейді.

Боқтағаның қай ағаш?!

Бұрынғы өткен заманда

Болған екен көп ұрыс.

Көп ұрыстың кезінде,

Жәбірейіл* Жәннеттен**

Алып келген төрт қылыш.

Төрт қылыштың атын айтайын:

Біреуінің аты Хамхам,

Біреуінің аты Сәмсам,

Біреуінің аты Зұлқажжа,

Біреуінің аты Зұлпықар.

Қынабына солардың

Қап та болған бұл ағаш.

Аруақты ерлерге

Жақ та болған бұл ағаш.

Найзасына батырдың

Сап та болған бұл ағаш.

Дариядан өткенде

Пырақ болған бұл ағаш.

Қараңғыда жарығы

Шырақ болған бұл ағаш.

Қаріп пенен қасірге

Қуат болған бұл ағаш.

Жетім менен жесірге

Суат болған бұл ағаш.

Өзіңді халық сұпы дейді,

Боқтағаның қай ағаш?!

Өздеріңдей сұпыға

Аса болған бұл ағаш.

Андып жүрген шайтанға

Таса болған бұл ағаш.

Жаңа дәрет алғанда,

Сәждеге басың салғанда,

Аузыңа салған мәсуәк

Ағаш емей, арқан ба?

Ағашты сондай боқтайсың,

Сұпыеке-ау, қалай айтасың

Ағузы менен алһамды?!

Домбыраны күнә десеңіз,

Жиын менен тойдыкі.

Ішегін күнә десеңіз,

Жұмақтан келген қойдыкі.

Пернесін күнә десеңіз,

Есебі ол пәннің он екі.

Құлағын күнә десеңіз.

Хазіреті Біләлдің

Құлағы екен деседі.

Тиегін күнә десеңіз,

Шиеленген сыр шешеді.

Атамыз Адам пайғамбар

Жеті сазбен жерге кеп,

Күй шертіпті деседі.

Ол күндегі о да саз.

Бұл күндегі бұ да саз,

Сазды күнә деп жүрген,

Молдеке, сенің ақылың аз.

Молдеке, білмей адаспа,

Домбыраның бізге күнәсі аз.

Үстіңе тіккен үйіңіз.

ІІІақырса, бұғаң келмей ме

Хазірет, қалпе, биіңіз?!

Ас салып берер табағың,

Сусын ішер аяғың

Ағаш емей, немене, -

Басыңда бар ма миыңыз?

Қанша Сұпы болсаң да,

Кеткен жоқ па сыйыңыз?!

Жақсының сөзі майдадай,

Жамаңның сөзі найзадай,

Жақсыдай болу қайдағы-ай!

Кас жаманның үйінен

Жақсының артық моласы.

Панасына түнеп қайт,

Бойыңа боран жоламас.

Осы үйден абзал қонаша,

Жаманның көңілі шат болар,

Әйелімен кеңесіп,

Көжесін ішсе оңаша.

Саналыға сөзім тыңдалған,

Санасыздың белгісі;

Пайдалы сөз айтсаң, бұлданған.

Дүниенің қызық зауқынан*,

Ақырет** күннің қаупынан.

Бәрінен де сендердей –

Қырма сақал, түйме мұрт

Надан сұпылар құр қалған!

АРАЛБАЙДЫ ЖҰБАТУЫ

Аралбай ақын жалғыз Ұлы Берекет өліп, камығып отырғанда үйіне замандасы Қашаған келеді. Бұл жайдан хабарсыз, көптен көріспеген Қашаған:

– Лебізіңді сағындым, домбыраңды шалып жібер, – дейді.

Сонда Аралбай Қашағанға мұңын ағытады:

Қолыма алған домбыра,

Сен де өзімдей аңыра,

Ажал құрық салған күн,

Қаларсың сен де әдірә.

Кешегі өткен он жасым,

Он жасымнан бері қарай,

Домбыра болды жолдасым.

Он бес жасқа келгенде,

Құрбының көрдім құрмасын,

Ағаның көрдім ордасын.

Баяны жоқ сұм жалған

Байқадым қолда тұрмасын.

Әй, Қашеке, Қашеке,

Шаттанып жүрген күнімде

Домбыраны қолға алғанмын,

Оңды-солды шалғанмын.

Қатепті қара нар едім,

Артуын таппай мертіліп,

Мен базардан қалғанмын.

Тіккен туым жығылған,

Көкірегім қайғы, арман, мұң.

Аяғы сынған арбамын,

Қанаты сынған қарғамын.

Тұяғы сынған тұлпармын,

Қанаты сынған сұңқармын.

Осындай жайға кез болдым,

Өздеріңдей ағаны

Келген күні Тәңір айдап

Бір көруге іңкәрмін.

Замандас ағам Қашеке,

Мен – қанаты сынған қаршыға

Қанатынан айрылса,

Қаршыға түсер шаршыға.

Қашеке, өлең айт дедің,

Біздей ғарып-жартыға.

Қалмасын айтқан көңілің,

Бір-екі ауыз айтайын

Дүние-жалған зарпынан.

Көңілім шатты күнінде

Аралбай едім халқыма.

Бұйрықты күні біткенсін,

Әлдилеп сүйген жалғызым

Қайрылмай кетті артына.

Мен – ботасы өлген боз мая

Тұлыбына келіп аңыраған.

Мен – бір жүрген ақ қиік,

Лағын түзде алдырып,

Орнына келіп маңыраған.

Мен – қартайған арыстан

Елсізде қалып ыңыранған.

Шеңберлі қара кемемін

Құрсауы босап қақыраған.

Мен – жапанға біткен бәйтерек

Жапырағы жерге төгілген.

Мен бір тұрған ақ сауыт

Әдірә қалып сөгілген.

Мен бір жүрген ақсұңқар

Көзінің жасы төгілген.

Қияға біткен терегім

Уақыты жетпей бүгілген.

Қадірлі аға Қашеке-ау,

Жалғызымнан айрылып,

Қанатымнан қайрылып,

Көңілім сөйтіп түңілген.

Сонда Қашаған Аралбайды жұбату жырын толғайды:

Замандасым, Аралбай,

Білмей қалдым балаңды-ай.

Тәукел Хаққа шүкір ет,

Аузыңа алма жаманды-ай.

Құдайым бізге тап қылды

Бұл сықылды заманды-ай.

Басқа түссе, амал жоқ,

Көтертер жүкті адамға-ай.

Мен сасып қалдым қапыда,

Біле алмай сөздің парқын-ай.

Жылағанмен не пайда,

Қайырын берсін артына-ай.

Замандасым Аралбай,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ

Кей пендеде іні жоқ,

Інісіз жанның күні жоқ.

Кейбіреуде аға жоқ,

Ағасыз жанда жаға жоқ,

Кейбіреуде бала жоқ,

Болмаса перзент – шара жоқ.

Болаттан бекем бол деген,

Болдырмаға болмасқа.

Уәйім, қайғы жарамас

Сендей бір жанға, жолдасқа.

Ашу деген – көк бөрі,

Ақылың қорған тал болар

Тәуекел қайық, сал болар.

Ойлап кетсең, жеткізбес,

Түсіп кетсең, бойлатпас

Уәйім деген жар болар.

Ойлағанда, Аралбай,

Өмір бір дулы шәр болар.

Бұл өмірде нелер жоқ,

Біреу кем, біреу хан болар.

Басына қайғы түспеген

Менменге қайғы таң болар.

Ақыл деген қой болса,

Ашу деген көк бөрі,

Бөрі қойға жолықса,

Дүние киғаш шаң болар.

Сабыр етші, Аралбай,

Айы біткен айда өлер.

Күні біткен күнде өлер,

Тура құрық келген күн

Таңға жетпей, түнде өлер.

Туралап өлім тап болса,

Жалғыздар емес, кім де өлер.

Өлімге қатты налиды

Кейбір де кейбір пенделер.

Басы сау, есен бай кісі

Өзі айтқаны жөн келер.

Орынды жерде сөйлесем,

Қызыл тілім дөңгелер.

Айтып-айтпай не керек,

Сені мен менің қасыма,

Даладан аңсап келгенде,

Алдымнан: "Атам келді!" – деп,

Күліп-ойнап кім келер?!

ТОМПЫ БАЙДЫ ТІЛДЕУІ

Сөйлей көр, тілім, көмейім,

Біреуді алыс, біреуді жақын демейін,

Кәнеки, жырды басталык,

Орынсыз айтып аспалық.

Ел аралап жүрген соң,

Көріп жүрмін әр жерден

Нелер сараң қастаны.

Мақтайтын еді елдері

Қосыбайдың Томпысын,

Мырза деп қолын шашпалы.

Кездескен жерден жапырып,

Бос билік айтып сапырып,

Мырзалық айта бастады.

Көп сөзінің ішінде:

"Ақ қошқарымды ал!" – деп тастады.

Ертең тұрып қошқарды

Беруге енді баспады.

Түнде сойған қозысын

Қапия сойған екем деп,

Әбден қылды масқара.

Сұрастырып қарасам,

Қосыбайдың балдары,

Миларын тесіп кұрт жеген

Сиқалы екен бастары.

ҚАШАҒАН МЕН ІЗБАС

Ізбас дейтін жас ақын болыс-билердің сөзіне еріп, қарт ақын Қашағанның мұрагерсіз, кедейлігін айтып, мұқатуды ойлайды. Өлең сөздің өрен жүйріктері Қашаған Сәттіғұлдармен сайыспақ болады.

Қашаған болсаң, таяма,

Барың болса, аяма.

Оңтайлы жігіт, жүйрік ат,

Қашқанмен сені коя ма?! –

деп тиіседі. Сонда Қашаған оны былай деп сөзбен буыпты:

Ардақты атам Ер Қосай,

Өзімнің атым Қашаған,

Ғұмырым сексен жасаған.

Адай түгіл, Алшынға

Жүйрік едім қашаннан.

Бұл күндері болғанда,

Жас сексенге толғанда,

Көз салдың ба, Ізбас-ау,

"Жасы жеткен қарт қой, – деп, –

Буындары босаған?"

Мен сені әлі артық көрмеймін

Шыбын мен шіркей, масадан.

Осы бір сөзім дұрыс па

Иә болмаса бұрыс па.

Жөн білетін бас адам?

Естілді жұртқа былшылың,

Біздердей ақын-жыршының

Соңынан қалмай сөз айту –

Арылмай жүрген қырсығың.

Маған тиген, Ізбас-ау,

Көлдей болар, шырағым,

Көздей тесік жыртығың.

Өзіңді өзің мақтайсың,

Одан пайда таппайсың,

Бұ да аузыңның тыртығы.

Жұрт күлсін деп айтамын,

Одан басқа сендейге

Болады сөзім кұр шығын.

Менің сөзім – сары алтын,

Сенің сөзің – қола, мыс.

Өтірік десең, берелік

Арасына сыншының.

Тастайды дейді тамұққа

Өзіңіздей жауыздың

Ғайбат айтқан күншілін.

Сен бір – есек, мен – тұлпар,

Адай түгіл, Алшынға

Естілген дүбір-дүрсілім.

Өзіңнің сорың тигенің,

Қиянаттап күндедің.

Топты аузына қаратқан

Жасымнан жүйрік тілдімін.

Адай түгіл, Алшынға

Хан, хәкімдей бұлдымын.

Сен белгілі жүйрік емессің,

Сен бір жүрген зияндас

Айналкөсі жындының.

Шығарармыи мысыңды,

Ақымақтықпен білмедің

Айналдырар кісінді.

Сәттігұл мен маған тигенің –

Арылмай жүрген қырсығың.

Жанғабылдың Сәттіғұл

Жүйрік еді қашаннан –

Келе жатқан баға алып,

Үстіне халық қамалып.

Озған өрен жүйрікпін,

Қосылдым талай дүбірге.

Амалым бар ма, қайтейін,

Кәрілік жетті бүгінде.

Мен – қайыртпай кеткен ақынмын

Таз Қашкынбай, Тама Ізімге.

Ұлык болар, Ізбас-ау,

Таласқан бізбен білімге.

Мен – мұхит жатқан тереңмін,

Шамшырақ жанған түбімде.

Сен – бір жабы, мен – тұлпар,

Сен – қарға да, мен – сұңқар,

Тоғыңды шайқап бүлінбе.

Сен – өзекте жүрген бөлдірке

Мен – теңіздегі кемемін.

Басармын да кетермін,

Батарсың да кетерсің.

Не деп айттың бұл сөзді,

Алды-артыңды ойламай?

Мен – бір жатқан мұхитпын,

Кетерсің, байғұс, бойламай...

Түкірігім сөндірер

Сенің жаққан отыңды.

Жүйрік едім қашаннан,

Ақ бөкендей орытқан.

Талай келдім бәйгіден,

Жоқ еді жерім зорыққан.

Ар жағың сенің кім еді?

Жалмұрза мен Жантеннің

Сойылын соққан жан едің,

Олардан бұғып қорыққан.

Сүйінді Көктен айырып,

Базар деген ауылдың

Және де өзін аз еттің,

Кесірің тиіп жолыққан.

Өзіңді өзің зорсынба!

Өзіңді өзің зорсынсаң,

Ұшқының ұшпас ұзаққа,

Түсерсің бір күн тұзаққа.

Сыртымнан жаман күндейсің,

Өз-өзіңді білмейсің.

Қабыланға тиген қарғадай

Сен – бір қара маңдайсың,

Сен кімнің арың арлайсың?

Мен – жоғарыда жүрген кемемін,

Сен – өзектегі жыртық қайықсың.

Беліңнен бассам, батарсың,

Түбіне барып жатарсың.

Саған қонған аруақ

Періште емес, шайтандай.

Қашағанды жеңдім деп

Мақтаныпсың сыртымнан,

Аузың қартаң байталдай.

Сен – шайтаннан туған малғұн,

Малғұннан туған албасты.

Құдай жақын қылыпты

Албасты мен Ізбасты.

Осы отырған көпшілік,

Енді бір мысал айтайын:

Күйкентай деген құс болар,

Далада жүріп мақтанса,

Қайраты бұтпен бұт болар.

Қарға деген азғын құс,

Қасиеті оның жоқ болар.

Құс жаманы жапалақ,

Кесіртке, тышқан жедім деп,

Қырғидың күшін көрмесе,

О да жүрер есіріп.

Шөже деген бір торғай,

Ұясында жатқанда,

Көкті тіреп жатсын деп

Аяғын жатар көсіліп.

Қырғи құсқа жолықса,

Төрт бөлініп төс еті,

Қанаты қалар кесіліп.

Ойлап тұрсам, көпшілік,

Ізбас сондай есірік.

Өзінен зорға жолығып,

Тілегі қалар кесіліп.

Менде кеткен малың жоқ,

Күйіп жүрген арың жоқ,

Нағашылы жиенді,

Қайындалы, күйеулі

Саған шатақ мен емес,

Етіп жүр деуге ерегес.

Жөніне жатқан бір шалды

Неге етесің келемеж?!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: аймақтар әдебиеті, қашаған жырау, домбыра, күйші
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар