Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ
Құсбегілік халқыма біткен өнер...

23.05.2021 5338

Құсбегілік халқыма біткен өнер 12+

Құсбегілік халқыма біткен өнер - adebiportal.kz

Бүркітті тану әдісі. Бүркіттің мекен еткен жерiнiң, өмір сүрген табиғатының ерекшелiгiне қарай үлкен, кiшiсi болуымен қатар жүнінің түсі де түрліше келеді. Көбінесе коңырлау, қара, сары, сары қоныр болады.

Қазақтың ғұлама құсбегiлерi бүркітті аспанда ұшып жүргенде танып, оның қырағылығына сын айтып, қай таудың кұсы екенiн де ажыpaта білген. Бүркітті ұшып жүргенде қарақұстардан (әсіресе, бүркітке өте ұқсас сарпыштақ, су бүркіттерінен...) ажырататын ерекше белгі құйрыгы мен мойнының ұзындығы. Бүркітке өте ұқсас қарақұстар ұшып жүргенде құйрығы келте, мойны қысқарақ көрiнедi. Бүркіттің қанатының ұшы да үшкіл болып көзге бірден шалынады. Ал қолға түскен кұстың бүркіт, иә бүркiт еместігін ажырату да бір мәселе. Бүркітке түрі де, түсі де, дауысы да, сыртқы мұқыл-мүсіні де өте ұқсас кұстардың көбінде тұяғы кара, әрi қысқа, кiшi келеді. Бүркіттің саусақтары салалы, тұяғы ірі, әрі ұзын, саны толық, бұлшық еттері шымыр болады. Бүркіттің саусақтарының терiсi бедерлі, түсі сақтиян немесе шегiрен былғары сияқты болады. Бірақ онын түсi әр бүркітте әр түрлі, ашық сары, жирен сары, қызғылт сары немесе күлгiндеу көк, сұрғылт көк.

Бүркіттің дембелше, шаршысы күшке мығым, әлдi келеді. Тұрқы ұзын салалысы: өте ұшқыш, жылдам, қарқынды болады.

Бүркіттің кәрі-жасын құйрық кауырсынындағы белдеу-белдеу ағына қарап ажыратады. Балапан (бір жастағысы) бүркіттің барлық қауырсындары ала болады. Құйрығының ұшы-бес саусақтың тырнағына ұқсаған қара бояулы келеді. Бүркіт есейген сайын құйрық қауырсынындағы ақ белдеулер түбіне қарай сыпырыла береді. Бүркіт тастүлегінде толысып, нағыз кемеліне келсе керек. Алғырлығы, алымдылығы, күшi толысатын шағы. Қазақтың алғыр, өжет жас жiгiттi "ой, нағыз тастүлек екен" деп сүйсiне айтуы тегін емес.

Бүркіттiң аталығы аналығынан кiшiлеу, бақа бастау болады. Аталық, аналығын осы белгiлерiне қарап ажыратады. "Тегi бүркiттiң аталығынан гөрi аналығы алғыр болады" дейдi кұсбегілер.

Бүркіт өзге iрi кұстарға қарағанда естиярлау келеді. Жалғанда ұясын оңайға салмайды. Қиын, жалама тастың тектұрына (жартастың текше жапсары), биік қу қарағайдың ұшар басындағы бұтақты жеріне салады. Ұясының iшiне несептемейді. Жемтік қалдығының иiстенетiнiн сезетiндiктен, балапанына әкелген жемнiң қалдығын ұясында сақтамайды. Жұмыртқасын жарғаннан кейін қашан балапан ұшырғанша бiреуі ұя маңынан ұзамайды. Жұмыртқасын жарғаннан кейін, балапаны бауырын көтергенше жемдi енесi аузымен түтіп, балапанының аузына салып береді. Сонымен бірге балапанын ұзақ жатқызбай, белгiлi бiр уақыттарда тырнағымен ақырын мытып, әлсін-әлсiн балапанды тұрғызып отырады. Өйткені, көп жатып қалған балапанның бауыры шіриді. Енесі осыны сезеді.

Бүркітті қолға түсіру. Бүркітті көбінесе ұядан балапан кезінде алады. Ұяға қабатталған қыл арқан мен ұзын сырықты белiне көлденең байлап, бiр адам ұяның үстiнен түседі. Ұяның анау биiгiнде тұрған адамдар арқанды ақырын саумалап жіберіп отырады. Белге сырық байлайтын себебі, жалама жартастың асты қуыстанып асқабақталған жеріне түскен адам шыр айналмау үшін әдейі жасалады. Егер адам шыр айналса, арқан тасқа егелiп тез киылады да, адамның өмiрiне қатер туады. Сырық адамды айналдырмайды. Кейде қиын, қауіпті құзарларға түскенде арқанның астына қанат қанат ши жаюға да болады. Бұл да арқанды қиюдан сақтайтын әдіс. Егер ұя оңайлау жерде бола қалса, арнаулы саты жасап астынғы жағынан өрмелеп шыққан дұрыс. Балапанды алмас бұрын ұяны әбден тексерiп, зерттеп әдіс-амалды алдын ала ойластырған тәуір. Бүркітшілер қыранды көбiне балапан уағында қолға түсіреді. Өйткені, балапанның қолға үйренуі түз бүркітінен әлдеқайда жеңіл болады. Әрі балапан бүркіт есейгенде де қашпайды. Тек оның бiр нашарлау жері алғашқы түлкіге салған кезде оңды-солын танымай итке, балаға түсетін кездері де болады.

Балапанды бауырын көтертпей, тым ертерек алуға да болмайды. Олай етпегенде тым жас балапанның асырап сақталуы қиын. Бауыры шiрiп өліп қалады. Өте ұқыпты кұсбегі ғана жас балапанның асырау жайын жақсы біледі. Олар ширамай алынған балапандардың астына құрғақ ағаштың үгiндiсiн төсеп, қауырсынын жайып, сондай ерекше күтіммен ғана аман сақтай алады.

Ал, құсбегілердiң тiлiндегi «түз бүркіті» дегенiмiз, ұядан балапан күнiнде алынбаған, ұшып жүргенде түрліше әдіспен қолға түсірілген бүркiттердi атайды. Түз бүркітін көбiнесе тормен ұстайды. Кәдімгі волейболдың торы не балық ұстайтын ау секілді құралдар жарай береді. Қолдан тоқылған торды бүркіт жүретiн жердегі мойнақшаға не тепсендеу жерге құрады. Ұшып келіп торға түсуіне қолайлы-ау деген жер таңдап алынады. Торды алты шыбық қадамен керегеше жайып, дөңгеленте құрады. Торды керген шыбықтар бүркіт келіп соққанда жығылатындай етiп, босандау қадалады. Құрылған тордың ішіне бітеу сойылған қоянның терісін майда самал соқса қозғалып қимылдап тұратындай етіп жерге тиер-тимес керілген жіңішке жіпке байлайды. Мұны «кеп» дейді. Әйтпесе тордың iшiне жем тастап бір қарға, бір сауысқанды байлайды. Қарға мен сауысқанның секектеп, әрлі-берлі жүруіне мүмкіндік жасайды. Қарқылдап, шиқылдап жүрген қарға мен сауысқанды көрсе болды, бүркіт торға соғылмай қоймайды. Бұдан басқа әдістер де бар. Мысалы, аяғын сындырып кетпейтіндей етіп киiз тiгiлген қақпанмен де, түнде шырақ ұстап барып, дыбыс шығармай өте еппен кұрық салып та ұстайды.

Бүркітті үйрету және баптау әдісі. Балапанында ұядан алынған бүркіттің қолға үйреніп көндiгуi, әсілі, оңай. Оның негізгі тамағы - ет. Бірақ тұздалған және бұзылған еттердi беруге болмайды. Ал ет табылмағанда қаймақ, ақ iрiмшiк берсе тiптi жақсы. Мұның бәрі болмағанда күрiш бөктiрiп беруге болады. Мұнан басқа дақылдардың қай-қайсысын да бүркіттің асқазаны қорытпайды.

Бүркітті үйде көп отырғызса өкпесі кетіп, ауруға шалдығады. Сондықтан оны жазда ашық ауада, далада ұстайды. Күндiз шымнан тұғыр жасап өзен жағасына отырғызған жөн. Заңғар тау мен зеңгір көкте, салқын самал таза ауада өмір сүрген бүркітке салқын жер жайлы да жағымды.

Түз бүркiтiн қолға түсіргеннен кейiн оны көндiктiру, үйрету едәуір қиын жұмыс. Қашан көндiккенше бүркiттi қолға ұстап, сылап-сипап үнемi басы-қасында болу керек. Мұны әрине, бүркіт әсте жаратпайды. Жанына жақындағаннан-ақ далбырлап қашып, қолға ұстасан шоқып, бей-берекет болады. Желке жүні тікірейіп, көзі жалт-жұлт от шашып, ырыққа ұзақ уақыт көнбейді. Түз бүркітін тез жуасытудың бір әдісі – «ұйқысын алу» деген бар. Ол үшiн бүркітті үнемі қолға ұстап, ұйықтатпайды, Сылап-сипап, мәпелеп, дыбысқа және қимылға үйретеді. Оған жат барлық қылықтарға көндiктiредi.

Күндiз қолға ұстап ұйықтатпаса, түнде ырғаққа отырғызып ұйықтатпайды. «ырғақ» - деп бүркіттің уысы толмайтындай жөргемделіп, екi ағаш қадаға керілген арқанды айтады. Бүркiттi байлап, осыған отырғызады. Бүркіт құлап қалмау үшiн жөргем арқанды қатты қысып, салмағын тең ұстауға, денесін босатпауға тырысады. Бірнеше тәулік көз iлмей, тәттi ұйқы әбден меңдегенде, аяғы талып, есi шыққанда бүркіт ырғақтан құлап түседі. Оятып қайта отырғызса, біраздан кейін тағы да ұйықтап, тағы құлайды. Мiне, «ұйқысын алу» деп осыны атайды. Ұйқының азабын тартқан бүркіт сайран салған аспанның көгілдір көгін, қонақтап мызғыған қарлы шыңын, қанаттас серiгiн, еркiндiктi аңсауды, сағынуды, әлдененi өзiнше армандауды ұмытып кетеді. Ұйқысын алмай жай байлап қойған түз бүркіті құсаланып өліп қалады.

Құсбегілер февральдың аяғында бүркіт салуды тоқтатып, оны семірте бастайды. Өйткені, бұл кезде түлкiнiң жүні жабағыланады. Және түлкі шағылысқа араласып, сасық иiс шығарады. Бүркітті барынша семiртудегі мақсат түлету. Жақсы түлеген бүркіттің ескі қанат, кұйрығы, барлық қауырсындары түгел түсіп жанадан шығып жетіледі. Ала қыстай аңға салған бүркіт қар үстіндегі талай-талай қан майданда, ұмар-жұмар арпалыста қанат құйрығы тозып, ескiрiп қалады. Аспанда жылдам ұшу үшiн бiр тал қауырсыны болса да бүтiнi жақсы. Осыны ойлаған кұсбегi бүркітті тегіс түлетуге күш салады.

Қолдағы бүркіт қанша семірсе де емін-еркін көк аспан, көгілдір тауын да жүргендей өздігінен жүнін тұтас тастап түлемейді. Тек ұсақ қауырсындарын төккенмен, қанатындағы алты шалғы мен он екі кұйрықтың бәрiн бiрдей тастамайды. Сол үшін құсбегілер түлемей қалған қанат-құйрықтың қауырсындарын жүні бар жерiнен кесiп, iшiндегi құлығын алып, қауырсынның iшiне бидай тығып, аузын маймен бiтейдi. Бидай бөртіп, қауырсынның түбін сыздатca, май қауырсынды жiбiтедi. Етiнiң сыздағанын сезген бүркіт қауырсынын тез тастайды. Жаңадан шыққан қауырсын жүнінің майлылығы артып, ұшқанда ауадағы кедергіні азайтады. Бүркіттің ұшу жылдамдығы артып, қиуасыз жерде түлкіге де түсуіне септігін жасайды. Сондықтан да бүркітті түлету баптаудың ең алғы шарты болып саналады.

Бүркiттi түлкiге салардан бір ай бұрын қайыра бастайды. «Қайыру» дегенiмiз - оның етін арытып, түлкі алатындай күйге келтіріп, баптау деген сөз. Бүркітті қайыру үшін етті жұп-жұқа турап, ыстық суға әлденеше рет шайып, қатты сығып, қан сөлін әбден кетiрiп, ақ жем жасайды. Осы ақ жемдi күнара беру арқылы оның етiн бiртiндеп ояздандырып, бiр қалыпты арытады. Бұл өте шеберлікпен, бiр қалыпты баяу жүргiзiледi. Егер шорт қайырылса (бiрден ашықтырып арытса) бүркiттiң бойында май бөлініп қалады. Әсіресе, қанат кұйрықтың түбiнде май қалады. Бұл кейiн бүркiттiң түлкіге салғанда шалқып, түлкіге түспеуіне, бірде алып, бірде алмауына себеп болады. Мұндайда бүркiттi қайта семіртіп, қайта қайыруға тура келеді.

Құсбегілер бүркітті қайырғанда күнделікті санын ұстап, қанат құйрықтың түбін саусағымен сипап, байқап отырады. Оның саны босап, шүберектей болып, қанат-кұйрықтын түбiнен май арылғанда басқа мүшелерінің түрлі белгілеріне қарап, «күйіне келді, түлкі алады» деп есептейді.

Қайыруды аяқтай бере бүркітті биік жерге қалдырып кетіп, қолдағы жемге шақырып дағдыландырады. Қолдағы жемдi ол едәуір жерден көріп келетіндей болғанда «шырға» тартады. Түлкінің не коянның бітеу сойылған терісіне шөп тығып, оған аздаған ет қосып байлап, бүркітті биік таудың басына қалдырып, ойда жүрiп әлгі теріні арқанға байлап, атпен сүйретеді. Міне, осыны «шырға» дейді. Шырғаға түскен бүркіт ондағы етті жеп дәнігіп, тірі түлкіге түсуге әдеттенеді. Осылай қайырып баптау, баулу балапан мен түз бүркiтiнiң екеуіне де ортақ. Бірақ тағылығы басым, еркiндiктегi ерке күнін ұмытпаған және бiрiншi рет қайырылған түз қыранының қанат құйрығын «сүзіп» қояды. Ұшқанда оның қанат құйрығы кең жайылып, шырқау биікке көтерiле алмауы үшiн, машина жiппен қанаттың қауырсынының арасын бір қалыптан артық ашылмайтындай етіп сүзеді. Оның үстiне бiрiншi рет қайырылған түз бүркітінің аяқ бауына жіп-жiңiшке есiлген, 8-10 кұлаштай жіп тағып отырады. Мұны - «шыжым» дейді. Бұл түз бүркiтiн оңай ұстауға жақсы.

Ендiгi бiр нәрсе бүркiттi қайырып, баптап жүргенде жеммен бірге кеткен жүн-жұрқа, қыл-қыбыр және кеудесiндегi запыран онын зар күйiне келуiне, түлкi алуына кедергі жасайды. Сондықтан құсбегілер бүркiттiң iшiн тазалау үшiн азғана тұз салып, түйенің шудасынан сопақшалап орап, құстырады. Осы шуданы бүркіттің аузына тығып жұткызады. Шуданы жұтқан бүркіт біраздан кейiн тұздың дәмi бiлiнгенде, қайта аузынан тастайды. Бүркiттiң iшiндегi жағымсыз заттар осы шудаға оралып, жабысып бірге түседі. Яғни бүркiттiң iшi тазарады. Әдетте шуданы бүркітке ай сайын салып отыру керек.

Бүркiттiң күйiн тауып, зар күйiне келтіру - бәйгеге қосылатын атты баптаудан да қиын. Қайырып түлкіге алып шыққаннан кейін де, оның күйiн жiтi бақылап отыру керек. Бүркiттi түлкіге алып шыққанда, бір тұғырдан тобаға тартқан түлкiнi көріп тұрып қолдан ұшпай қалса, оның күйiнiң кемігендiгi. Етi ұстараның жүзiндей болса да артықтығы. Мұндай жағдайда бүркіттің ішіне сықпалаған қар жіберіп, тоңдырып, ширықтырады. Онан кейін бірер сағаттан соң шақпақ қант жұтқызып, жүрегін қарайтады. Сонда ғана жаңағы алмаған түлкісіне қайта түседі.

Ал, түлкіге түскенiмен күйi келмей, айырылып қалса, не биікке шығып бара жатқан түлкіге жете алмай қалса, не қашқан түлкіге дөп түсе алмай қалса - етiнiң ояздығы, әлінің аздығы. Мұндайда жылы ет беріп әлдендіреді. Қорыта айтқанда, бүркітті баптау, күйіне келтіру күнделiктi үнемi жүргiзiлiп отыратын дағдылы іс.

Құсбегi жайлы соңғы сөз. Айтулы мұзбалақ қыранға нашар құсбегiлер түлкi алдыра алмаса, түлкі алмайды-ау деген нашар кұсқа тәжірибелi кұсбегi қасқыр алдырады. Бұл өзi нағыз құсбегiнiң зердесін анықтайтын салт секiлдi. Бiрақ жаман бүркіттің де азабы мен тақсiретi жеткілікті. Сондықтан кұсбегілер бүркітті алғашқыда-ақ таңдап, әбден сынап алуға тырысады. Оған қояр ең негiзгi де басты шарт мынау.

Нағыз мұзбалақ, өткір де өжет қыранның топшысы мен қанатының астыңғы сүйектері қылпылдаған пышақтың жүзiндей өткір келеді. Әсіресе, төс сүйегiнiң қыры шығып тұрады. Мұндай құс күй талғыш. Егер күйi табылса, «жерге қонбас айтулы қыранның өзі» дейді мұндайды. «Ат шаппайды, бап шабады» деп халқымыз айтқандай, бүркіттің де нағыз қыран болуы күйiне, бабына байланысты. Бапты жасайтын кұсбегі болғандықтан, кұсбегіге қояр талап - ол өнерлі болуы керек. Қылт еткен құбылысты қалт жібермейтiн қырағылық, сезімталдық кұсбегiнiң бiрiншi қасиеті. Ынта жiгерi мол болса - ол екiншi қасиет.

«Нағыз құстың тiлiн бiледi» дейтiндей құсбегі болу, кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін бiлмегендi бiлуге ұмтылған шексiз ынта керек. Жар құлағы жастыққа тимейтін қажырлылық құбылыстың сыр-сипатына терең үңіле бiлетiн зерде, естігенi мен көргенiн қапысыз есте ұстайтын алғырлық керек. Осыған қарағанда, саятшылык өнерін шексіз меңгерген ата-бабамыздың зерделілігінің ұлан-ғайыр екенiн көреміз.

Қазақ халқының саятшылығы да басқа өрелі өнер сияқты өнегелі, өзектi дүние. Атамыздан қалған асыл мұра. Сондықтан осы бір қымбат мұраға көбiне ұқыпты карап, абай болсақ демекпін.

Аға ұрпақтың құсбегілік арман тiлегi, қуаныш-қызығы, азап-бейнетi, ақыл-айласы, ашу-сабыры, тебіреніс-толғаныс қасиеттерін түрлі-түстi кино лентаға кең етiп түсіріп, соңғы ұрпаққа тағлым етіп ұсынса деген тілек, ниет бар. Саятшының жұмысы табиғатқа жақын болғандықтан, құсбегiнiң басынан кешетін өмір де табиғаттың өзіндей дарқан. Олай болса, құсбегіні бүкіл табиғат құбылысы, туған жердің тау-тасы, жануарлар дүниесі, бәрі-бәрі толғандырады. Бұл толғаныс-туған жерге деген махаббат сезімінен туған тебіреніс. Құсбегілердің бойынан осы қасиет ерекше, асқақ байқалады.

Сондықтан да мен сіздерге кұсбегілік жайлы әңгiменi кең ширатып айттым. Осы кәсіп пен жаңағы айтқанымдай туған жерге деген сүйіспеншілік сезiмi сiздерге де жұқса, табиғатты аяласа екен деген ниет менi толғантады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар