Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Орхан памук. Маған ертегіші әке ұнайды...

12.11.2018 5100

Орхан памук. Маған ертегіші әке ұнайды

Орхан памук. Маған ертегіші әке ұнайды - adebiportal.kz

Тілші: Сұхбат берген ұнай ма?

Орхан Памук: Кейде мәнсіз сұрақтардан жүйкем жұқарады. Сонда, тиісті ақымақ жауабын қайтарамын. Мен өзі сөзге шорқақпын, сондықтан да сөйлемдерді дұрыс құрамаймын, ал олар құлаққа түрпідей тиіп жатады. Ең алдымен, бұл жағдай ағылшын тілінде сұхбат бергенде көп орын алады. Саяси шолушылар мен журналистердің менің кітаптарымды оқымайтындығынан Түркияда сұхбат үстінде маған шабуыл жасалды.

Тілші: Еуропа мен АҚШ-та сіздің шығармаларыңыз баспасөз беттерінде едәуір жаңғырық тудырады. Туындыларыңызға деген Түркияда соншалықты сыни көзқарастың болуы немен байланысты?

Орхан Памук: Шығармаларым баспа беттерін енді-енді көре бастаған жақсы бір уақыттарда түрік әдебиетінің ұстаздар буыны үнсіз қалды және олар мені мені жаңа автор болғандықтан да жақсы қабылдады.

Тілші: «Ұстаздар буыны» деп кімдерді меңзеп отырсыз?

Орхан Памук: Қоғам алдындағы, ел алдындағы жауапкершілікті сезінген жазушылар. Олар экспериментаторлар емес, реалистер болды. Көптеген кедей елдердің жазушылары секілді, олар елге қызмет етуге тырысып өз дарындарын сарқып алды. Жас кезімде Фолкнерді, Вирджиния Вулф, Прустты сүйіп өскендіктен мен оларға ұқсағым келмеді, алайда Стейнбек пен Горькийдің әлеуметтік-реалистік үлгілеріне ешқашан да ұмтылған емеспін. Алпысыншы-жетпісінші жылғылар әдебиеті бірте-бірте өзектілігін жойды, әлеуметтік маңызын жоғалтты, сол себепті де мені жаңа буынның авторы есептеп «алақаймен» қабылдады. Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында, менің кітаптарымның таралымы Түркия үшін мүмкін деген рекордтарды талқандағанда түрік баспасөзімен (интеллектуалдарымен де) жылы қарым-қатынастарым аяқталды. Дәл осы сәттен бастап менің қимылдарыма да, кітаптар сатылымының өсіміне де (бірақ, мазмұнына емес) жалғыз ғана реакция – сын болды. Ал, қазір, өкінішке орай, мен сынға саяси тақырыптарда білдірген пікірлерім үшін ұшыраймын; олардың көбі мен жайлы ақпаратты шет ел баспасөзіндегі сұхбаттарымнан алған – дәл осы ақпаратты пайдаланып кейбір ұлттық көңіл-күйдегі түрік журналистері мені шын мәніндегі өзімнен гөрі елмен байланысын үзген, саяси қанағатсыз етіп таныстыруға тырысып бақты.

Тілші: Яғни сіздің танымалдылығыңызға деген дұшпандық реакцияның бары ойдан шығарылған сөз емес қой?

Орхан Памук: Бұл менің танымалдылығым мен саяси көзқарастарыма деген өз тұрғыларынан берілген жаза екендігіне кәміл сенімдімін. Бірақ, мен бұл тақырыпта сөз қозғағым келмейді: бұл менің тарапымнан ақталу секілді көрінеді. Мүмкін, мен бір нәрседе қате жіберген де шығармын.

Тілші: Әдетте қайда жұмыс жасайсыз?

Орхан Памук: Жатын бөлме немесе тұратын жер жұмыс жасауға жарамайды деп есептеймін. Үйдің салт-жоралғылары мен ұсақ-түйегі қиялыңның тас-талқанын шығарады. Олар мендегі әзәзілді өлтіреді. Үйдің күнделікті қалыпты ескі өмірі елестеткеніңнің бәрін жоқ қылады әрі шығармашылық қиялдауға қамшылайтын өзге бір әлем туралы ойлауға мәжбүрлейді. Сондықтан да менде әрқашан жұмыс істеуге арналған офис немесе кішігірім пәтер болды.

Бірақ, қайбір жылдары әйелім Колумбия университетінде диссертация жазып, АҚШ-та жарты семестрді өткіздік. Біз отбасылы студенттерге арналған кішкентай пәтерде тұрдық, сол үшін де маған бір орында ұйықтауға және жұмыс жасауға тура келді. Отбасылық өмір мені бір арнадан бұрып жіберді. Сондықтан да таң сайын жұбайыммен жұмысқа кетіп бара жатқандай қоштасып, бірнеше қиылыстар мен орамдарды басып өтіп, жұмыстан оралғандай келуші едім.

Жиырма жыл бұрын Босфор теңізі мен көне қала көрініп тұратын пәтер таптым. Бұл Ыстамбұлдың ең әдемі көріністерінің бірі болуы тиіс. Пәтер менің үйімнен жиырма бес минуттық жерде орналасты. Онда сөреде кітаптар да толы, жазу үстелі де дәл терезенің алдында еді. Мен онда күніне шамамен он сағатымды өткіздім.

Тілші: Шамамен он сағат?

Орхан Памук: Иә, жұмысты жаным сүйеді. Көбі мені айтқанынан қайтпайтын адам деп есептейді. Олары дұрыс та шығар. Бірақ, менің өз жұмысым өзіме ұнайды. Сәбидің бар ынты-шынтысы ойыншыққа ауатыны секілді маған жазу үстелі ұнайды.

Тілші: Орхан, сіздің аттасыңыз, «Қар» романындағы әңгімеші өзі туралы күн сайын жұмысқа баратын қызметші секілді айтады. Сіз де жұмыс тәртібіне қаталсыз ба?

Орхан Памук: Мен қашан да жазушы мен қарапайым қызметкер арасындағы белгілі бір ұқсастықтарға ерекше көңіл аударамын. Айталық, дәстүрлі түрде құрметтелетін Түркиядағы ақындарға қарағанда. Ақын болу өте абыройлы іс. Осман сұлтандары мен мемлекет қайраткерлерінің көбі ақын болған (біздің қазіргі түсінігіміз бойынша). Жүзжылдықтар бұрын өлең жазатын адамдар интеллектуал есептелген. Олар «диуан» деп аталатын қолжазбадағы өлең-жырларының басын құрайды, сол себепті де османлы сарай поэзиясы «диуандық поэзия» деп аталған. Көптеген османлы саяси қайраткерлері өздерінің «диуандарын» тудырған. «Диуандық поэзия» дәстүрлі терең пәлсапалық мәні мен нәзік мәнері арқылы ерекшеленеді. Батыстың мәдени дәстүрлерімен таныстық біздің ұлттық поэзиямызды байытты, ақынның жаңа бейнесі – ақиқат жолындағы күрескердің үлгісін жасап шығарды, оның қоғамдағы беделін жоғары көтерді. Екінші бір жағынан, жазушы – бұл, шын мәнінде, құмырсқа секілді қиын жолды жеңіп шығатын тынымсыз әрі шыдамды. Бізді оның әзәзілдігі немесе қиялилығы таңғалдырмайды, біз оның шыдамына таңдай қағамыз.

Тілші: Сіз өлең жаздыңыз ба?

Орхан Памук: Маған бұл сұрақты жиі қояды. Он сегіз жасымда өлеңдер жаздым, тіпті кейбіреулері Түркияда жарияланды да. Бірақ кейін бұл істі доғардым. Шамасы, ақын – Құдайдың дауысы екенін жете түсіндім ғой деймін. Сен тұла бойыңды поэзия кернеген адам болуың керек. Құдай менімен сөйлеспейтінін түсіндім ғой. Алғашында, әлбетте, бұған қапаландым: кейін ойласам, мен Оның атынан не айта аламын? Кейін жаза бастадым – асықпай, мұқият, сезімталдықпен. Прозаны, көркем әдеби шығарманы осылай жазады. Менің жұмысым қызметшінің жұмысымен аталас болды. Кейбір жазушылар мұндай салыстыруды жәбірлеу санайды. Мен олардың қатарына жатпаймын ғой: мен қызметші секілді жұмыс жасаймын.

Тілші: Жыл өткен сайын жазу жеңілдейді деп есептейсіз бе?

Орхан Памук: Өкінішке орай, жоқ. Менің кейіпкерімнің сол бір бөлмеге кіруі керек, бірақ оны соған қалай мәжбүрлеуге болатынын білмеймін. Мүмкін, бүгінде мен өзіме тым сенімді шығармын, бірақ ол көбінесе пайдасыз болып шығады, өйткені сен енді тәжірибе жасамайсың, сен жәй ғана қаламыңнан шыққанды ғана жазасың. Кейінгі отыз жылда мен беллетристикамен айналысып келемін және мен бұл бағытта шеберлігімді шыңдап, өсуім керек. Алайда, кейде өзің болжап білмейтін тұйыққа келіп тірелесің: кейіпкер бөлмеге аттап баса алмайды, не істеуге болатынын білмеймін. Отыз жыл өтті – әлі күнге дейін солай!

Шығарманың тарауларға бөлінуіне, бәлкім өзімнің ойлау образыма қарай, өте үлкен мән беремін. Роман жазғанда көп жағдайда оқиға желісін алдын-ала білемін, оны тарауларға бөліп, әр нақты бөлімнің оқиғаларының жүру барысына қарай ұсақ тетіктерді ойлап табамын. Және міндетті түрде алғашқы бөлімнен бастап соңына дейін белгілі бір тәртіппен жазып та шықпаймын. Егер мен қандай да бір дағдарысты сезінсем, кенет мені қызықтырған кез-келген жерден бастап кете аламын. Алғашқы бөлімнен бесінші бөлімге дейін де жаза аламын, ал кейін қандай да бір нәрселер көңілімнен шықпаса, он бесінші бөлімге барып, сол жерден жұмысымды жалғастыра беремін.

Тілші: Сонда, тұтас кітапты алдын-ала ойша құрастырып аламын дегіңіз келе ме?

Орхан Памук: Дәл солай. Мысалы, «Менің атым – Қырмызы» романында кейіпкер көп және әрбір кейіпкерге белгілі бір тарауларды бөліп бердім. Жазу барысында аяқ астынан белгілі бір сәтте бір ғана кейіпкер болғым келетінін түсіндім: мәселен, Шекюреге арналған жетінші тарауды тәмамдасымен, келесі кейіпкерге көшпей, Шекюре туралы айтылатын он бірінші тарауға ауысып кеттім. Маған Шекюре болған ұнады. Кейіпкерден кейіпкерге өту, тұлғадан екінші бір тұлғаға өту әдетте оңай нәрсе емес.

Соңғы тарауды қашан да ең соңынан және екінші қайырыла оралмастай бір деммен жазамын. Бұл нақты. Өзімнен-өзім финалдың қалай болатынын сұрап, өзімнің жүйкемді жұқартқан ұнайды. Тиісінше, соңына жақындағанда, аялдап, өткен тарауларға оралып, оларды қайта көшіремін. Бірақ, ақыры қашан да жалғыз.

Тілші: Жұмыс барысында қолжазбаларыңызды біреуге оқуға бересіз бе?

Орхан Памук: Мен қашан да қолжазбаны өзіммен өмірін ортақтастырған жанға оқимын. Ол адам «қайта оқышы» немесе «бүгін не жазғаныңды көрсетші» десе, мен ырзамын. Біріншіден, бұл мені қанаттандырады, екіншіден, ата-анамның қолпаштауын еске түсіреді. Ал, кейде «кешір, бұл маған ұнамайды» деуі де мүмкін. Бұл да жақсы.

Бұл ғұрыптың сақталуы арқылы мен өзім таңданысымды баса алмайтын Томас Маннға ұқсаңқыраймын. Ол ылғи бүкіл отбасын: алты баласы мен әйелін жинап алып, оларға қолжазбасының үзіндісін оқып беретін болған. Маған ертегіші әке ұнайды.

Тілші: Жас кезіңізде суретші болғыңыз келді. Суретке деген махаббат жазушылыққа деген махаббатқа өз орнын қашан ұсынды?

Орхан Памук: Жиырма екіге толғанда. Жеті жасымнан суретші болғым келді, үйдегілер де бұған көнді. Олар мені керемет суретші болады деп күтті. Бірақ, кейін өмірімде бір өзгерістер болды - кенет онымен айналысып жүрмегенімді түсіндім. Суретшілікті тастадым, дәл сол жерден алғашқы романым басталды.

Тілші: Сосын не болды?

Орхан Памук: Айта алмаймын. Жақында ғана «Ыстамбұл» деген атпен кітабымды жарыққа шығардым. Жартысы – менің осы кезге дейінгі автобиографиям, екінші жартысы – Ыстамбұл туралы эссе, дұрысын айтқанда, бала кезімдегі Ыстамбұл туралы. Бұл бір қаланың бейнесі мен кескіні туралы ойлаудың симбиозы, оның индустриалды өмірі туралы, оны баланың қабылдауы мен сол баланың өмірі туралы. Кітаптың соңғы жолдарында: «Суретші болғым келмейді, - дедім мен. – Жазушылықты қалаймын» - түсіндіруге мұқтаж емес. Алайда, шығарманың өзі көп нәрсені айқындайтын шығар.

Тілші: Бұл шешіміңізге отбасыңыз қалай қарады?

Орхан Памук: Анам қапаланды. Әкем болса түсінікпен қарады, өйткені оның өзі жас кезінде ақын болуды армандап, түрік тіліне Валериді тәржімалаған, бірақ ақыр соңында бұл ойынан бас тартқан. Оны өз туыстары, жалпы зиялы қауым да күлкі қылған.

Тілші: Жанұяңыз сізден жазушыны емес, суретшіні көруге келісті ме?

Орхан Памук: Иә, олар менің суретке көзсіз беріліп кететінімді ойлаған жоқ. Біздің отбасылық дәстүріміз инженер болу еді, құрылысшы-инженер. Менің атам – инженер, темір жол құрылысынан әжептеуір ақша тапты. Әкем және ағам, рас, одан асып түспеді, қайта керісінше, олар да Ыстамбұл техникалық университетін тәмамдады. Мен де отбасылық дәстүрді жалғасыратын болармын деп ойладым. «Жақсы, - дедім, - мен университетке барамын». Бірақ, мен шығармашылық адамы саналғандықтан, ымыралы шешім қабылданды: мені сәулетші қылуға ұйғарды. Сөйтіп, университетке де түстім, дегенмен, кескіндемеге қызыққандықтан, роман жазуды бастаған соң көп ұзамай оны тастап кеттім.

Тілші: Сіз сол кезде-ақ алғашқы романыңыздың не туралы боларын білдіңіз бе? Және дәл сол нәрсе сіздің университеттен кетуіңізге себеп болды ма?

Орхан Памук: Есімде қалғаны, нақтылы роман туралы ниетім оянған сәттен көп бұрын жазушы болуды қаладым. Алайда, алғашқы қадамдарым сәтсіз болып шықты – сол кездегі қолжазбаларым әлі күнге дейін сақтаулы. Бірақ шамамен алты ай өткен соң мен «Джевдет-бей және оның ұлдары» деген романымды жаза бастадым.

Тілші: Ол ағылшын тіліне аударылған жоқ.

Орхан Памук: Бұл Голсуорсидің «Форсайттар туралы сагасы» секілді немесе Томас Манның «Будденброктары» сияқты отбасылық дастан. Көп кешікпей мен ескілікті, заманнан артта қалған, ХІХ ғасырлық роман жазғандай өкіндім, өйткені жиырма бес-жиырма алты жасымда заманауи жазушы болуым керек деген жабысқақ идея қыр соңымнан қалмады. Ал роман ақыр соңында жарияланды, мен де отызға толдым және өзіме тәжірибе жасауға толық рұқсат бердім.

Тілші: Сіз заманауи жазушы, экспериментатор-жазушы болғым келді дейсіз ғой? Бұл түсінікке нені сыйдырасыз?

Орхан Памук: Ол кезде мен Толстой, Достоевский, Стендаль немесе Томас Манндарды ұлы жазушы есептемейтінмін. Менің пірлерім Вирджиния Вулф пен Фолкнер болатын. Қазір бұл тізімге Пруст пен Набоковты қосқан болар едім.

(Жалғасы алдағы жарияланымдарда)

«THE PARIS REVIEW» журналы

Орыс тілінен тәржімалаған: Еділбек ДҮЙСЕН

«Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар