Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Қарлығаш Қабай. Жаңбыр астында...

12.06.2020 6546

Қарлығаш Қабай. Жаңбыр астында 18+

Қарлығаш Қабай. Жаңбыр астында - adebiportal.kz

Арқан

Иректелген жалғыз аяқ жолдар – иректелген арқандарға ұқсай ма

Жоқ әлде арқан да – "жалғыз аяқ жол" ма...

Біле алмай жүрмін...

Өмір жайлы

Өмір жайлы айтудың қажеті жоқ.

Бір күні саяхатқа шығатының жайлы да..

айтудың қажеті жоқ..

Құстар

Заттарын жинап алып, кетіп барады құстар.

Үнемі кететін, ешқашан оралып көрмеген құстар..

ешкімге, ешқашан "сау болғайсың", "көріскенше" деп айтып көрмеген құстар..

Жаңбыр астында

Жаңбыр астында

өлім сондай сұлу көрінетін

жалғыз өзің қарқылдап күлуге мәжбүр болған күндердей..

Тұқым

Бір күні тұқым

ағашқа айналғысы келіп

өз-өзін көмген..

"барлық хикая осы ғана"...

Аңыз

Қысқасы,

Барлық аңыздар

Ағынға қарсы есілген ескектер мен

мүлдем есілмеген ескектер жайлы ғана..

Көліктер

Көшедегі көліктердің барлығынан

Қай жаққа бара жатқанын сұрағым келеді кейде.

Өзің ше десе жауап бере алмай қалатыным

есіме түседі сонсоң...

Ағаш

Топыраққа көмгенің – көз жасың болса,

Табыттан басқа не өсіп шығуы мүмкін...

топыраққа не көмсек де, кімді көмсек де,

Табыттан басқа ештеңе өскен емес бірақ.

Теңіз

Әр таң сайын сені көру үшін келіп тұрамын тереземнің алдына, Теңііз!

Әр таң сайын ең сүйікті әнімді айтып беру үшін келіп тұратын болам.

Ең ұзақ сапарым – төсегім мен тереземнің арасында өтті.

Ең қасіретті әнім – сол сапарда шырқалған.

Leyle-i Kadir

үстел астында шашылып жатқан секілді

Әйнек сынықтарына айналған көз тамшылары.

Терем деуші болма, тамырларыңды тіліп аларсың..

теріп алсаң да, бәрібір уыстап апарып топыраққа табыстауға міндеттісің оны.

Күннен қашам деп көрпеңе тұншығып қала бересің білем..

Ал мен сол сынықтың біреуін топыраққа көрсетпей қағазға орап жасырып жүрмін қазір..

Құпия

Қан мен өліктің иісі ғана кезетін қираған қаладай бос құтыны арқалаған сәтің –

Ең бақытты сәтің болғанын сезінесің бір күні...

Сол сәтте ол жайлы ешкімге айтушы болма..

Мен

Мен бар болғаны

Милардтаған адамдардың ішінде өліп кеткен

милардтаған өлеңдер үшін

дұға оқып жүргенімді

қайдан білейін...

Жұлдыздар

Бір күні жұлдыздар аспанға келмей қойса

өкпелемеңдер.

Қайтыс болған армандарымыздың мазарын күзетіп жүр емес пе..

Мирас

ешкімнің көшеге шықпайтыны қандай жақсы.

Үйлердің жарығы сөнуге мәжбүр емес қазір.

Мен де жалғыз қалмасын деп аулаларды аралау қызметімнен құтылдым.

енді жалғыз ғана шаруам бар

Ол да-шылым шегу.

Кітаптарым бөлмемде бір біріне ермек боп жүрген шығар..

Жоқ мені шылым шекті деп кінәлап жүрмеңдер..

Оттығым жалғыз қалмауы үшін ғана барлығы..

Ішімдегі жалғыздыққа деген шексіз бір үрей

Құдайымнан қалған мирасым шамасы..

...

Адамдарды айтамын

Адамдар

Бір-бірін жалғыз тастамай жүре берсе болғаны.

Ал мен

Тереземнің сыртында қалған бақытымды сағынған емеспін ешқашан.

Тереземді ешқашан ашқан емеспін..

Өлең

Бидай секілді мейірімді, жомарт,

кедей және кінәсіз,-

алғашқы қылмысымыздың өлеңдері бұлар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар