Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бізде бәрі бар. Бірақ бізде ештеңе жоқ!

10.01.2019 903

Бізде бәрі бар. Бірақ бізде ештеңе жоқ!

Екінші дүниежүзілік соғыста Польша бомбаның астында қалды. Шаруашылық түгел күйреді. Әлемге Коперниктей ғалым, Шопендей сазгерді сыйлаған Варшаваның 90 пайызы жойылып кетті. Иә, бір елдің ондаған ғасырлардан бері жиып-терген дүниесі бірнеше жылдың ішінде түгел дерлік қирап қалды. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана асқақтап тұрған сарайлар, өнеркәсіп орындары театрлар мен кітапханалардың күл-паршасы шықты.

Енді қараңыз. Соғыстан кейін майдан даласында шашылып жатқан тас, кірпіштердің орнына ғажайып Варшава қайта тұра қалды. Қазір Варшаваға барып көріңіз. Құдды ештеңе болмағандай. Корольдер тұрған, Шопеннің түнгі сонатасын тыңдап, Мицкевичтің жырына балқыған Варшаваны көресіз. Құрылыстың мінсіз шыққаны сонша 1980 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұрасына» енді.

Адамның ақыл-ойының құдіретіне таң қалып, тіпті көзіңізге жас алуыңыз мүмкін. Ойлап қараңызшы, 90% жойылып кеткен қала дым болмағандай қайта құлпырып кетті.

Бұл оқиға көп нәрсені аңғартты. Қарап отырсыз ба, бір дүрбелең келсе мыңдаған жылдан бері жиған материалдық дүниеңіз бір сәтте тас-талқан болады. Ал адамның миы деген бар. Оны ешкім сізден тартып ала алмайды. Оны Жаратушыдан басқа ешкім жойып жібере алмайды. Сіз сол жұдырықтай мидың арқасында бәрін қайта тұрғыза аласыз. Себебі сол нәрселерді кезінде сіздің ақыл-ойыңыз тұрғызды. Ән – әлемді тербегенімен, әнді әнші жазады. Мына жер бетіндегі барлық материалдық игіліктер бар болғаны біздің ақыл-ойымыздың жемісі ғана.

Варшава, Польша

Ғажайып ғимарат, сәнді дүкен, қымбат машина әйтеуір бір күндері жойылады. Сіз мұнай мен газға сенесіз бе? Оған мүлде сенбеңіз. Бізде жер асты байлық төгіліп жатыр. Ал сол төгіліп жатқан байлықтан қалтаңызға ең болмағанда 15 теңге түсе ме? "Ата-бабам қорғаған жердің байлығының арқасы", - деп ең құрығанда дүкеннен бір бөлке нан тегін ала аласыз ба?

Бізде бәрі бар. Бірақ бізде ештеңе жоқ! Осыны мойындайтын кез келді.

Мен бұл жерде басқа нәрсе айтқым келіп отыр.

Варшава оқиғасы – адам ақыл-ойының қаншалықты кұдіретті екенін көрсетті. Нағыз байлық біз ойлағандай жер қыртысында емес, адамның ми қыртысында екенін дәлелдеді.

Дәл қазіргі түрімізбен Варшаваның ерлігін қайталай аламыз ба?

Әлде немістің мәшинесін, араб-түріктің ғимаратын, француздың әтірін, Американың айфонын, корейдің самсунгісін, ең ақыры қырғыздың киіміне дейін сыпырып алса, көшпенді бабамызға ұқсап далада мал бағып кетеміз бе?

Басшылықтың құлағына алтын сырға. Бюджетті игере алмай, табан ет, маңдай термен келген халықтың ақшасын түсініксіз жобаларға салып, одан қалғанын ұрттап-жалап, соңында ақшаның қайда кеткенін білмей бір біріне жыпылықтап қарап отырғанша, сол ақшаны адамның миын дамытуға салсын. Сосын қара да тұр, жастардың өзі «Рухани жаңғырудың» қандай болатынын көрсетеді оларға.

Рысбек Рамазанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #шопен, #коперник
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар