Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Біржан Ахмер. Мейірхан ақынның поэзиясы хақында

05.07.2019 1092

Біржан Ахмер. Мейірхан ақынның поэзиясы хақында

«Адам өзін армансыз алдайды екен Тәттімен». Бұл – қазақтың танымал ақындарының бірі, жас та, жасамыс та өлеңдерін тұшына оқитын Мейірхан Ақдәулеттің жыр жолдарының бірі. Поэзияға атүсті, сөзге салқын қарауға арланатын саңлақ ақынның өлең әлеміне енудің өзі бір қызыққа һәм мұңға толы дүние. Мазасыз ойлардың «ызыңы» құлағыңды шулатып, дегбіріңді қашыратын даңғазаны емес, тымық түнде ұйыған беймарал тіршілікті, сол тіршіліктегі өзінің жан дүниесіндегі дауыстарды, аққудың сұңқылын, желдің гуілін терең сезінген кеуденің үкілі үміті мен үні бұл. М.Ақдәулеттің өзі осы тыныштықты «дәруіш ой» деп бедерлесе, бедерлеп қана қоймай оқырманымен осындай сырымен жақындай түссе, сүйсінбеске шара жоқ. Тіпті, мұндай мүлгіген кеште жастық шақтың балдай тәтті балғын кезеңдерін көз алдымызға елестетіп, өткенге саяхат жасауға шақырады. Ол «ақын» деген арда есімді иелене жүріп, жасанды сезімнен, жалған сөздерден аулақ болуға тырысқандай. Оны шайырдың «Өзімді алдай алмадым – өлді ішімде көп өлең» деген жалғыз жолынан біле аламыз. Жалпы, Ақдәулетұлынан қалыптасқан ақын образын, айшықты бояуары көп сөз зергерін тануға болады.

«Дәруіш Ой! Шошып ем / сенің кермек сөзіңнен – / Қашып келеді екем Мен / өмір-бойы... Өзімнен!». Бұл – әуелгі айтқан ойымыздың, анығы – өлеңнің түйіні. Оқырманды «мен кіммін?» дейтін өмірлік сұраққа қайтадан жақындатып, осы сұрақтың салмағын тағы бір мәрте сездіріп тұрған шумақтан аңғарарымыз көп. Кейде біз өлеңнің бірінші қыртысын ғана алып, екінші, үшінші қатпарын ақтаруға жалқаулық, селқостық танытып жатамыз. Ал мұндай тұңғиық сөздерге жеңіл, пәс қараудың пайдасынан гөрі, залалы көп екені анық. Әйтпесе біздің әдебиетте «поэзияны түсіндірудің қажеті шамалы, оны оқырман өзі түсініп алу керек» деген жалаң қағида арагідік бой көрсететіні бар. Әлбетте, оқырманның деңгейі жоғары болу керектігі ақиқат, алайда оның барлығы бірден танып білмейтін көлеңкелі тұстарын қайтпекпіз? Осы зерттеудің, айшықтап көрсетудің қандай зияны бар? Хош, бұл күрмеулі мәселені ысыра тұрып, М.Ақдәулеттің тағы бір өлеңіне назар салайық.

Тиынға өтпей ұят дейтін құрғырың,

Ақылынан алжасты Ар –

Өзгеге әлі жетпеген соң, бір-бірін

...талап жемек қандастар.

Кей кезде ұлы ұяттың бізді, біз оны сағынатынымыз жасырын емес. Бұрынырақта ұят беттің жүзінде қызараңдап, бары білінуші еді. Қазір ше? Сөзіңді тыңдамайтын бауырыңды, тіліңді алмайтын қарындасыңды, қолын бір сілтеп, жөніне кете беретін кербез жақыныңды көргенде, ұят туралы үн қатудың өзі орынсыз болатындай. Жоқ. Адамдар арасынан ұятты іздеп жүрген ақын жүрегі ар мен ожданды, қайырым мен қанағатты сағынады, құндаққа сіңген ізгі ниеттің жұпарын жұтқысы келеді. Мұнымен тоқтамай, шайырдың «Кие көшті бабам сенген ұғымнан» деуі – көшпенді жұрттың келелі тұрмысы, аңғал көңілі бүгінгі заманға бүлініп жеткенін меңзесе керек. Иә, өзгеге әлі жетпесе, жақынының ұятын талан-таражға салатын бүгінгі қоғамның бейнесін айшықтап, ішкі бұлқынысын сездіреді ақын. Осы орайда XIX ғасырда өмір сүрген хәкім Абайдың: «Өзімдікі дей алмай өз малыңды, Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың» дейтін немесе ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының: «Қинамайды абақтыға жапқаны, / Қиын емес, дарға асқаны, атқаны, / Маған қиын осылардың бәрінен, / Өз аулыңның иттері үріп- қапқаны...» деген қорғасындай ауыр сөздері еріксіз еске түседі. Даңқты жоғалтып, дақпыртпен бірге дегбіріп жүрген дүние-алаң шақта мұндай кесір мінез жүз жыл өтсе де қайталана беретінін қайтерсің. Бұл уақыттың бұзылмас заңы ма, жоқ әлде қоғамның бет-алысына байланысты құбылыс па, білу қиын. Осы орайда Роберт Рождественскийдің ұят туралы мына бір өлеңі айтар ойымызды аша түсетіндей.

А я писал, от радости шалея,

о том, как мудро смотрят с Мавзолея

на нас вожди «особого закала»

(Я мало знал. И это помогало.)

Я усомниться в вере:

не пытался.

Стихи прошли.

А стыд за них остался.

Адамның көңіл-күйін күзгі жапырақтай қалтыратып, кей сәтте өзіне сырттай қарауға, сынауға ықпал ететін ұят, ар, ынсап секілді қасиеттердің орны қай заманда да орны бөлек. Көл бетіне түскен тамшыдай мөлт еткен нәзік мінездің осыншалық адам баласына ықпалы тиеріне сену, сенбеу өз еркіңізде. Біздің білетіміз біреу-ақ. Ол – ар мен ұяттың өлмейтіндігі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Дидар Амантай. Кітап жолы: стиль және заман

***

М.Ақдәулет поэзиясында көбіне қарапайым өмірдегі түрлі оқиғалар, басқаша айтсақ, өзінің тағдырының мөлтек тамшылары қағаз бетіне тамған секілді. Оның шығармаларының ішінде «өмір», «тағдыр», «мұң», «уақыт» сынды философиялық ұғымдар мейілінше көп кездеседі. Бәлкім, қаршадайынан қиыншылық көріп өскен бала жүрегі сезімтал, жараланғыш, һәм сонымен қатар асқақ болуында шығар. Ол қазақ поэзиясында өзінің ізін қалдырып, дауысын естірту үшін күрделілікке емес, көркем эстетикаға жүгінген. Көркем дейтініміз сол, жырларындағы «менін» адасқақ сөздермен араластырмай, тура айтуға бекінген. Бұл, жалпы, ақындыққа тән қасиет. «Бетіне ғасырлар әжім салған суық жартастан білінер-білінбес жазу ізі байқалады. Мен одан саналы ақынның салмақты сөзін оқығым келеді», – дейді М.Ақдәулет «Өмір» өлеңінің эпиграфында. Иә, ғаламдық ғажайыптардың санап бітпейтін сиқырлы сырлары, жұмбақ үні мен үйлесімділігі қаламгерге басқаша көрінсе, оның арманына айналса, әуелгі ақындық миссияның бір тармағы орындалғандай болады.

Менмен кеудем

мекер даңққа мені үндеп,

түк бітірмей төске соққан жерім көп.

Соны ұққан соң,

көп нүктемен көмкеріп,

Қара тасқа қашай салдым

«...Өмір...» деп.

Ой қорыта келіп, мойындаған өмір шындығы осы шумақта айқын көрінеді. Ғұмырдың жақсылығы мен жамандығын таразылап, ғазиз жүрегіне дақ қондырып алмау үшін барын салған ақпейіл ақынды кім ұғып, кім түсінер дейсің. Тұрлаусыз өмірдің түсініксіз тұстары, кей сәттегі астыртын қақтығыстары шайыр жанын жаралап, өзімен бірге ілестіріп әкеткен. «Өмір»... Осы жалғыз сөздің қаншалықты салмақты әрі маңызды екенін бірден сезіну қиын. Өмір дегеніміз – бақытты немесе бақытсыз көңіл-күйдің жиынтығы ма, әлде мазасыз минуттар мен сырғыған секундтардың аспандағы жолы ма, болжау мүмкін емес. Ақыры сананы сан-саққа жүгірткен ақын «өмір» сөзінен өмірді тапқысы келеді. «Өмірден» жанды құбылысты іздегісі келеді. Міне, тылсым!

Мейірхан Ақдәулет қаламгерлермен

***

Ақынның жарқ еткен жылы шумақтары, өлең жолдары әдеби кеңістіктің биігінде менмұндалап тұр. Соның ішінде махаббат лирикасы шайырдың жарқын һәм сағымға толы шақтарынан сыр шертеді. Толқу мен таңырқаудың арасында оймақтай ғана сезім сәулесі жылт етіп, ақын жүрегіне мәңгілік қонақтап қалған сыңайлы. Музасын жырға қосу арқылы М.Ақдәулет өзінің әлемін ашып, әр кешкен сезім күйімен жан-жақты таныстырады.

Қарап тұрсам:

Қажамақшы қандай мұң –

Көресім бар көлеміндей маңдайдың!

...Көріксіздеу ойды сенен жасырып,

Күлліәлемдік ертегімен алдаймын.

(«Іштей айтылған өлең»)

***

...Мен – Мәжнүн де,

Сен – Ләйлісің...

Дәл бұлай

Сүйе алатын жан барына сенбеймін!

(«Экспромт»)

Бұл шумақтардан көркем эстетиканың байырғы тұнығынан жаралған шығыстық сарынды аңғармау мүмкін емес. Тұнығы дейтініміз – мұндағы сезім иірімдері тәлімнен туған тың элементтерге жол ашқанында. Шығыс жұлдыздарының бірі әрі бірегейі Сағдидің «Гүлстан» шығармасындағы уақыт, тағдыр, рухани тазалық, адами сүйіспеншіліктің ұшқыны, Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» ғазалдарындағы сезім мен сағыныштың сарқылмас қайнары, буырқанған долы күші М.Ақдәулеттің шығармашылығына әсер еткені белгілі. Ыстық аңсардан ішкі жан дүниенің құбылып, әртүрлі жағдаяттарға, күйлерге ұрындыратын махаббат арыны тек жоғарыдағы ақындарда ғана емес, Фердауси, Низами, Хожа Хафиз, Жәми секілді адамзат баласына үлгі-өнеге, сәуле мен із қалдыруға тырысқан шайырдардың әлемі кез келген оқырманды іздетпей қоймайды.

«Заман түзу секілді, адам ғана ұсақтау. / Сүю емес мұраты – жалаңашты құшақтау!» деген Мейірхан ақынның өзіндік үні көп дүниенің көзін ашады. Ақын жалаңаштанған қоғамға жанашырлықпен қарап, көкірегін надандықтың оғына қарсы тосқан. Бұл бір ғана дәуірдің емес, бірнеше дәуірлердің толғандырарлық түйіткілді мәселелері. Қызды қырық үйден тыйған көне жұрттың қасиетті ырымы, тәрбиесі – дала мектебінің айшықты көрінісі іспетті. Осы құндылықтың ар жағында ұлтты сақтап қалу мақсаты жатқаны анық. Ананың сүтіндей ақ адал дәстүрдің лайланып бара жатқанына ақын ғана емес, бұқара жұрттың өзі бұл күндері дәрменсіз күйде қалды. Шайырдан тағы бір сөз. «Бас жаулыққа жараса – әнмен тербер бесік бар. / ...Жеңілтек қыз сәбиін тастай қашса, нешік хал?». Міне, мағынасына зер салып, сөздің тамырын басатын болсақ, далалық мәдениеттің сөніп бара жатқандағы ащы дауысы һәм байырғы танымның бүгінгі күнмен сабақтаса алмай жатқан күйі елестемей ме? Жеңіл әңгіме. Жеңіл ой. Жеңіл әуен. Жеңілтек қыз. Бүгінгі таңда бәрі де жеңіл. Осының салдарынан адам санасы жан-жақты дами алмай, тобырлық пайымның деңгейіне түскен бе деп ойлайсың. Санаға салмақ түсірген кезде, адамның адамшылығы анықталмай ма? Әтпесе ойсыз ғұмыр кешу – бар мен жоқтың арасындағы болмашы сүлдер ғана.

«Сүйгеннен соң құлай сүю керек» – деп,

Өңеш созып, өзеурейді-ау, желөкпе!

Күйіп кете жаздап барып, кідіріп,

Күліп қана құшақтаймын сені ептеп.

Жалын шарпыған жастықтың бұла күйі, асау арғымақтай кісігенеген еркін сезімі екі ауыз өлеңге сыйып, өлеңнің өзі секілді ұяң тартқан. Мұндағы кілтипан – жас жігіттің сырбаз мінезі салқындықты қалап, шынайы сүюдің моделін айшықтап кеткенінде. Бәлкім, басқада болар. Бірақ әуелгі бозбала мен бойжеткеннің бір көзқарастан ұғынысатын, «тілсіз» тілдесетін әсері бұл. Ықылассыз ындын мен ғазиз іңкәрлік арпалысқан ішкі жан әлемінің нақты бейнесін ашу мүмкін емес. Дегенмен, бағасы биік адалдықтың, ар-ожданның алар орны ерекше. М.Ақдәулеттің бұл шумағындағы сезім сыңғыры барлығына ортақ, қарапайым өмірдің айнасы ретінде құнды. Ішіңізде «менің де күйім осындай» деген пайым еріксіз жаралып, елең еткізеді. Өзіне ерітеді. Күйіндіреді һәм сүйіндіреді.

***

Ақселеу атыраптың жұпарын жұтып, саумал-нұрын сіңіріп өскен ақын кеудесі білінер-білінбес күрсіністің көлеңкесінде оңаша ой шегеді. Сонау бала шақтан қалған балғын көңілдің білтесі әлі сөнбеген сыңайлы. Бұйра бұлттарға, асқар шыңдарға өлеңін оқып, ауық-ауық дыбыстап, алыстағыны болжайтындай. Ата ырымның бүгінге жалғасқан өнегелі жолы қандай деңгейде екен? Құлдырады ма, жоқ әлде шарықтады ма? Беймәлім. Қара шаңырақты күзетіп, қара шал мен ақ жаулықты әжейдің алақанына бір уыс мейірім сыйлап, беймарал күйде баянды ғұмырын жалғастырып жатқан шақтар есіне түседі оның. Содан кейін мынандай жыр шумақтары төгіледі мөлдіреп.

Қақаса қаңтар

Қара үйдің оты сөнбейтін,

Қараған, жыңғыл қара ошаққа кеп көлбейтін.

Егіліп тұрып,

Ертеңгі күнге шөлдейтін,

Қара шал маған,

«Ошақтың иесі – сен», – дейтін.

Қазақта «аманат» деген ұғымның қадірі де, қасиеті де биік. «Орындалмаған аманат – Ерге тағылған жаман ат» деп те айтып жатамыз. Сол себепті қазақтың бір ошағынан тараған жылу, мейірім, дәстүр бүкіл елге, бұқара халыққа жететіні түсінікті. Бір үйде сөнген жылылық – тасбауыр тағдырлардың тізбегін жасап, көңілге салқындық, сатқындық дарытпасы бар ма? Қара ошақтың бүтіндігі ғана емес, қаракөз қарындастың, аңғал бауырдың амандығы да осы әулет иесінің мойнына жүктеледі. Серті жоғалып, сенім сетінеген бұл заманда қара ошақтың қарапайым салты да күлліәлемдік ағынның ықпалында кетіп баратын секілді.

***

«Осы – менмін, ей, Өмір, сертім – жылқы, мінім – мың. / Аяп айтам атын да есебі жоқ гүліңнің!». Бұл – Мейірхан ақынның басты сөздерінің бірі деуге болар. Жалпылай алғанда, автор тұлғасын ашу, оның өзіндік әлемін оқырманға дәл жеткізу – қиынның қиыны. Десе де, бойға біткен тамшыдай талантты танып, оның қасиетін барынша терең сезіну – аядай ғана топтың емес, алқалы жұрттың да міндеті. Ой таразысына салып, ақынның өлеңдерін жаңаша бағамдап көрсек, әлі де талай жауһарлар шығар еді. Дегенмен, біздің аңғарғанымыз әзірше осы.

Сурет авторы: Ксения Дубинина. Көрнекі сурет. Ай сонатасы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар