Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

15.05.2020 1280

Бейсенбі 12+

Қазақ шертпе күйінің төрт мектебі бар. Алтай-Тарбағатай, Арқа, Жетісу және Қаратау күй мектебі болып бөлінеді. Кез келген дәулескер күйшінің шерту мәнерінен, дыбыс бояуынан, күйдің тамыр соғысынан оның қай өңірдің күйі екенін толық аңдауға болады. Өйткені, ғасырлар бойына сол аймақта ұрпақтан ұрпаққа жетіп сақталған сарын, ортақ қасиетке еніп, сол өңірдің меншігіне, тиісті сарынына айналып, табиғатына сіңіп кеткен. Шертпе күйдің төрт мектебінің ең үздік өкілдері деп Байжігіт, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір сынды заңғар күйшілерді атаймыз. Л.Н.Гумилев сынды ғалымдар шығыстық мәдениеттің бастауы Алтай топырағы екенін айтады. Күйтанушы ғалымдардың пайымынша Алтай күйлерінен, ежелі түркінің арыдан келе жатқан қоңыр ағысын толық аңдауға болады. Домбыра, саз ұғымдарының пайда болуына қатысты ең ежелгі күйлер мен күй аңыздары да, осы Алтай топырағында сақталып, бізге жетіп отыр. Алтай-Тарбағатай күйлерінің ең биік шыңы Байжігіт бабамыздан кейін аты аталатын ұлы күйші Бейсенбі Дөненбайұлы болып табылады. Біз бүгін шертпе күйдің дүлдүлі Бесенбінің өмірі мен күйшілігі туралы баян ететін боламыз.

ӘКЕ ӨЛІМІНЕН ТУҒАН КҮЙ

Дала дегдары Асқар Татанайұлының тілімен айтсақ Бейсенбі Дөненбайұлы сөз иесі – шешен, ел иесі – әділ би, домбыра иесі – күйші, қайрат иесі – батыр адам болған. Оның өмір сүрген топырағы Шығыс Түркістанның шұрайлы өлкесі, құнарлы топырағы, нулы, сулы атырабы. Бейсенбі Дөненбайұлы Алтайдың Құжырты жайлауында 1803 жылы туып, 1872 жылы 69 жасында дүниеден озады. Оның артында қалған мол күй мұрасымен бірге, өз кіндігінен тараған ұрпақтары, бұл күнде Алтай аймағының Буыршын ауданында өркенін жайып, күй керуенінің көшін аудырмай келеді. Бейсенбі ХІХ ғасырдағы қазақтың айтулы билерінің бірі болғанымен, әкесі Дөненбай қоңыр қалта, қарапайым шаруа адамы екен. Сүйтсе де, өжет, өткір, намысшылдығымен ел ішінде сыйлы, жайлы адам болған. Бейсенбі Дөненбайдың ұзақ уақыт бала көрмей, зарығып жүріп сүйген ұлы екен. Бейсенбі өмір сүрген заман Алтай қазақтарының ұзақ жылдық қуғын-сүргін мен қазақ-қалмақ соғысынан енді ес жиып жатқан тұсы еді. Сондықтан да енді орныққан елде бала Бейсенбі оқитын мектеп-медресе жоқтың қасы еді. Бала Бейсенбінің ұстазы қоршаған ортасы, Алтайдың асқақ табиғаты, азынаған желі, сыңсыған қурайы, ата-анасы мен аталар өсиеті болды. Әкесі Дөненбай қазақтың қара шертісті, қаймақты, ескі күйлерін өз әлінше шерте білетін, көңілі түрік, қолы жүйрік домбырашы адам болған екен. Бейсенбі алғаш әкесінін домбыра тыңқылынан нәр алып, өсе келе осы күйшілік жолға бет бұрып, бірте-бірте төселе бастайды. Бейсенбінің он жастар шамасында Дөненбай ауылына, күйші Боздақ деген кісі қыдыра келеді. Дәулескер күйшінің күмбірлете төккен, мың бояулы күйіне еліткен, бала Бейсенбі Боздақ күйші қай үйге түссе, сол үйге барып, күйлерін жата жастана тыңдайды. Баласының күйшіге айрықша аңсары ауғанын аңғарған әке, Боздақты үйіне арнайы шақырып, бірнеше күн қондырып, баласына күй үйретеді. Көне көз домбырашы баланың өнерге, білуге деген ықыласын, ынтасын, алымдылығын байқап, оған «Жәнібектің көкдөнені» секілді ел ішінде кең тараған халықтық күйлерден үйретеді. Күйшіліктің қыр сырын түсіндіреді. Баланың бітімінің бөлек, зердесінің айрықша екеніне дән риза болып, болашағына үлкен үміт артып «Күй перісі дарысын» деп ақ тілек батасын беріп аттанады. Осылай бала күйшінің аты айналасына таныла бастайды. Бала Бейсенбінің жаймашуақ өтіп жатқан қамсыз бала өмірі, бір күні нілдей бұзылады. Алтайдың Қаба өзенінің маңындағы Талды ауыылында, Дөненбаймен іргелес отырған Дәрігер ауылының елу түйесін, бөгде рудың адамдары барымталап алып кетеді. «Мал ашуы – жан ашуы» емес пе, Дәрігер бұған қатты қапаланады. Түйені тобымен айдап кету, екі ру ортасындағы бұрыннан келе жатқа, жер дауы, жесір дауы, мал дауының жалғасы еді. «Бөріктінің намысы бір» дегендей, қойы қоралас отырған Дәрігерге жаны ашыған Дөненбай, қасына бір топ жігіттерін ертіп, барымташылардың соңына қуғын салады. Түйе бұлаушыларды қуып жеткен Дөненбайдың тобы қоянқолтық айқаса кетеді. Бос мойын шоқпарын оңды-солды сілтеп, жауын қоғадай жапырып жүрген қарулы Дөненбайды, қарсыластың екі жігіті топтан оңаша шығарып, айласын асырып алыстан садақпен атып түсіреді. Бір қауым уақыт жебеге сүйеніп жатқан атпалдай азамат көп ұзамай жан тапсырады. Қасындағы серіктері Дөненбайды түн жамылып Қалба таудың маңына жерлеп, асығыс ауылдарына қайтып, қаралы хабарды елге жеткізеді. Бұл кезде Бейсенбі 14 жаста екен. Әкенің жат жерде кісі қолынан мерт болуы бала күйшіге қатты батады. Осы бір қайғылы оқиға бала Бейсенбінің ерте есейіп, өмірдің ақ пен қарасын, оң мен солын, жақсы мен жаманын ерте ажыратуға, барлық нәрсеге ойлы көзбен қарауға жетелеп, ерте пысырады. Оңашада домбырасын бебеулете отырып, әке өліміне арнап, сағынышқа, шамырқанысқа толы күй шығарады. Күйдің атын «Жеке батыр» деп қояды. Күйдің мазмұнында баланың аяулы сезімі ғана емес, әкенің жаужүректігі, қайсар рухы, дара шабысы да суреттеледі. Осылайша бала күйшінің төлбасы туындысы ел ішіне кең жайылып, атағы атырапқа шыға бастайды. Әке өлімінен кейін Бейсенбінің шешесі Мәмежан, әмеңгерлік дәстүрі бойынша, Дөненбайдың інісі Айтымбетке отастырылады. Айтымбет бұғанасы қатпаған баланың бетін қақпай, белін буып еркін өсіреді.

КӨКБЕСТІНІҢ ДАУЫНАН ТУҒАН «МАЙДАҚОҢЫР»

Бейсенбінің әділ би боп қалыптасуына жанат елінің Маман биінің ықпалы аса зор болған. Маман турашылдығымен ел есінде қалған керей ішіндегі адуынды билердің бірі. Он екі абаққа билігін жүргізген Көгедай, Ажы сияқты төрелер Маман бидің қабағына қарап, онсыз іс қылмаған. Әсіресе ол төрелердің ел ішіндегі дара билігі мен зорлық зомбылығына тиым салған қаһары қатты би. Маман би Бейсенбінің дегдар болмысын сынай келе, кейінгі «тізгін ұстарым осы бала болар» деп жанынан қалдырмай тарбиелеп, ел ісіне ерте араластырған.

Бейсенбінің жастау күнінде бір аста болған жерошақ бәйгеде, алдымен келген көкбесті үлкен бәйгеде қастандыққа ұшырайды. Көкбсті абақтікі болып, уақ жақ жауапкер екен. Оның арты уақ пен абақ арасындағы бітіспес дауға айналып, ұзақ уақыт шешімін таппай жүреді. Уақтың Еркөкше биі екі елді жарастырмаққа, уақ пен абақтың би-сұлтандарын шақырып, үлкен сиез өткізеді. Осы сиезге абақтың жанатынан Маман би қасына Бейсенбіні ерте барады. Еркөкше Маман биден «Мына балаң кім?»,- деп сұрайды. Маман би: «Інім Дөненбай батырдың баласы, тізгін ұстарым»,- деп жауап қатады. Кеңес басталып екі жақтың даугерлері дауын айтып, талабын білдіргеннен кейін, қарт Еркөкше би даудың төрелігін айтуға Бейсенбіні көрсетеді. «Кәрінің сөзі тәтті, ісі сәтті, жастың жалыны қатты»,- деген сөз бар, жас биім осы даудың төрелігін сен айтшы! – деп қолқалайды. Екі арыс елдің арасындағы дауға тұңғыш жолыққан Бейсенбі: «Бестінің құны бес кесік, біткен жөн екі жақ елдесіп, жүрмелік қан кешіп, құн кесіп. Бұл жолы бас бәйге – жүз қой көкбестінің сыбағасы еді, бір кесік соған, бір кесік абақ елінің ұранына, екіні ал да, үшін қой, ел ара берекелік ісің ғой»,- деп тақпақтап барып тоқтайды.

Ұзаққа созылып білтеленген ескі даудың шиесі шешілгендей болады, екі жақ Бейсенбінің билігіне айрандай ұйыйды. Абақ керей жағы екі жүз қой алып, үш жүз қойды кешірім етеді. Бұған дән риза болған Еркөкше Бейсенбі биге, өзі мініп жүрген қоңыр жорға атын тарту етеді. Кейін аттың жайлы жүрісі мен ат иесіне деген ыразы пейілден «Майдақоңыр» күйін шығарады. Бұл күй «Майда жал» деп те орындалады. Бежеңнің ел ішінде кең шертілетін күйлерінің қатарына жатады.

ҚҰНАНБАЙ МЕН БЕЙСЕНБІ

Алтайдағы керей ішіне «Аға сұлтан Құнанбай келеді екен» деген хабар тәмам елді дүр сілкіндіреді. Әрине, елдің елеңдейтін жөні бар. Құнанбай Өскенбайұлы мұқым орта жүзге атағы жайылған шонжар. Құнанбай ойға жүйрік, сөзге шешен, айлакерлігімен орыстың лауазымды ұлықтарына да сөзін жүргізе алатын қайраткер адам. Мұхтар Әуезовтің тілімен айтқанда «Өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болған. Ақыл-ой, қажыр-қайраты, өмірді білу батылдығы, кесек қимылдары оның атын көпке мәлім еткен». Сондықтан да, қарадан шыққан хан Құнанбай алыстағы Алтай бетіне жайдан жай келе жатпағаны анық.

Құнанбай ел билеген сол заманда, қазақ жеріне қадам сайын қамал салып, қаумалап келе жатқан орыс патшалығына халықтың наразылығы күшті еді. Кенесары мен Наурызбайдың соңынан ерген азат жұрт, дүркін-дүркін патша билігіне қарсы көтеріліске шығып жатқан. Сырттай тыныш көрінгенімен, шұрайлы жер, алқалы көлінен айрылған ел іші толқымалы, қарсылық күшті еді. Мұндай әлеуметтік тартыс, ұлт азаттыққа деген аңсар тұтас қазақ даласын шарпып тұрған. Саясаты мың құбылған аяр заман еді.

Семей қаласының маңында мал бағып, Ертістен балық аулап жан баққан Ақсаққиян, Табылды деген екі жігіт патшалық Ресейдің әскерлерінен қоқан лоқысынан байыздап тұра алмай, Cемей қаласының ішінен арба айдап, жүк сүйреп, кіре тартып жан бағады. Сібірлеп жаңбыр жауып тұрған бір күні, күндегі әдетімен олар арбасын айдап жолға шығады. Төңіректі тұман басқан, күн бұлыңғыр, көшеде адам жоқ екен. Қала шетінің бір қалтарыс жерінде олардың арбасы батпаққа батып, аттары тарта алмай тұралап қалады. Олардың арттарынан келіп қалған екі атты орыс оларды тілдеп, жол босат деп айқайлайды. «Арбаны да түзеп айдай алмайтын сорлы қазақтар»,- деп тілдейді. Табылды да қарап тұрмай білген орысшасымен екеуін сыбап алады. Іс насырға шаба бастайды. Атты орыс пен Табылды алыса кетеді. Ат үстінде тұрған сары семіз орыста Ақсаққиянға тап беріп қамшымен сабай жөнеледі. Әбден кегі тасып, қаны қайнаған Табылды сары орысты да аттан жұлып алып кеңірдегінен қылқындыра кетеді. Осылардың қаншама уақыт ішіндегі зорлығынан жиналып қалған ашу мен ыза, қор болған намыс орыстың алқымын босатар емес, ақыры орыстың ақ жағалысы батпақтың ішінде тынысы үзіліп өліп кетеді. Осы кезде жаңағы жығылған орыста ес жиған екен оны да аямай жамсатып, жұдырықпен сұлатып тастайды. «Бұл немелерге осының өзі рауа, енді қашып құтылмасақ түбімізге жетеді»,- деп екеуі тұманды түнге сіңіп жоқ болады. Өлген орыс сол маңдағы қазақтар «ақ ояз» атап кеткен, әкімдік дәрежедегі мәнсап иесінің бірі екен. Оған қуанбаса қайғырған қазақ жоқ. Дегенмен бұл кісі өлімі тұтас өңірді шошытып, үлкен дүмпу тудырып, жергілікті губернатор жоғарғы жақтан ауыр сөгіс алып, қатты ашуға беріледі. Жан-жаққа жазалаушы қосын жіберіп Табылды мен Ақсаққиянның сары ізіне шөп салады. Ресей әскерінің қуғыны күшейіп, табан тірер тиянақ қалмағасын екеуі Қытай жеріне қарасты Алтайдың абақ керей еліне өтіп кетеді. Губернатор олардың арғы бетке өтіп кеткенін естіп от алып қопаға түседі де, дереу Құнанбай мен Барақ сұлтанды шақыртып алады. «Әлгі қылмыскерлер Қытайдағы қазақтардың арасына қашып өткені туралы анық мәлімет бар. Оларды қорғаштаған адам болмаса, соншама алыс жерге аттанып кете алмас еді. Ол жақтағы төрелер, Барақ сұлтан, сіздің жақындарыңыз ұқсайды, оларға хат жазып, адамдарымызды қайтарып беруін тапсырыңыз. Ал, Құнанбай сұлтан, сіз тез арада Алтайдағы қазақтарға барып, қылмыскерлерді қайыра алып келіңіз. Оғанға дейін Барақ мырза менің қасымда болады»,- деп бұйырады. Қасымда болады дегені мырза қамақ екенін, екі сұлтан да айнытпай ұқты. Губернатордың ығына көне бермейтін Құнанбай амалсыз жолға жиналады. Бір жағы ел көріп, жел шолып, арғы беттегі қазақтар өмірімен танысып, екі ел арасында бітіспей келе жатқан кейбір дау-шарларды бітістіріп қайтуды да ойға алады.

Құнанбайдың бұл келісі әдепкі жүріс емес екенін ұққан керейдің би, төре, сұлтандары дайындық жұмыстарына кіріседі. Межелі уақытында аға сұлтанды Қабаның Білезік өзені бойында көп киіз үй тігіп, салтанатпен қарсы алады. Алқалы жиналысқа Шәу жырау, Шегетай би, Шаған би, Маман би сынды ел ағаларының қатарында жас Бейсенбі де қатысады. Құнанбай «Мұндағы керей жұрты біз ойлағандай жұтаң емес, мал-басы тең өсіп, етек жеңі кеңейіп, іргелі елге айналған екен, Алтайдың күнгей бетінің жері шұрайлы, топырағы асыл екен»,- деп іштей жомарт, тоқ көңілде болады. Төрт көз түгел жиналғанда Құнекең Шәу жырауға қарап: «Қане, сөзді неден бастаймыз?»- дейді. Жиналған жақсылар өз заманының жора жолғысынан аса алмай ары бері ырғалысып отырғанда, босаға бетті ала отырған Бейсенбі: «Аға сұлтан, біз сөзді қалай бастаймыз, арғын, найман ағамыз еді, арырақта Сыр бойынан арғынның тепершімен, беріректе Қалбадан найман ағаның ығырымен ауып едік. Ортамыз ойылып, ордамыз бұзылғандай күйде осы жұртты қоныс тептік. Қазіргі иеміз Ежен хан. Деседе, Алтай қалың ойраттың ортасы, олардың төресі алса бітім, берсе бітім дегенді ғана біледі. Сөзді ортасы ойылмаған, ордасы бұзылмаған аға баласы өзі бастамай ма?!»,- деп сурып сөйлей жөнеледі. Асқақ мінезді Құнанбай жас шешеннің мына сөзіне дән риза болады. Құнекең: «Болар, болар, өзі де болғалы тұрған, ауызының жұрт иланар киесі бар, көмейінің жау жасқанар сұр жыланы бар жігіт екен, сөз өзі де басталып кетті емес пе, мына жігіт дұрыс айтты, абақ жұрты қамшысы жуандардың кесірінен ауып кеттіңдер, мен оған жұбанбасам, қуанбаймын. Мына Алтайдың құт қойнауында мал бастарың тең өсіп, дәулеттерің шалқи бастаған екен, ұзағынан сүйіндірсін»,- деп сөз тиегі ағытылып, келелі кеңес ары қарай өріс алып, елдің іші сыртындағы бірқатар мәселелер қаралып, өзара келісімге келіседі. Кеңес аяқталуға жақын қалған бір отырыстың соңын ала, Құнекең мән жайды айтып, Ақсаққиян, Табылды деген еі жігітті іздей шыққан бұйымтайын, барлық мән-жайды, болған оқиғаны тегіс баян етеді. Осы адамдардың тегін тектеп, бар болса өзін, жоқ болса дерегін анықтап берсеңіздер деген байламын ортаға салады. Сонда Шәу би: «Мұныңыз үлкен шаруа екен. Керей елі сонау Өр Алтайға дейін бытырай қоныстанған ел. Осында біраз күн ерулеп, сый құрмет көріңіз. Ел ішіне сұрау салайық, біреу болмаса біреу білер, сізге тиянақты жауабын айтармыз»,- деп қайырады. Сол уәде бойынша сұрастыра келе, ел ішіне ондай екі жігіттің паналап келгені анық болады. Ақсаққиян осы шілде айында ауырып қайтыс болғанын, Табылды осында біреудің қызына үйленіп, отау құрып, күн кешіп жатқаны мәлім болады. Сонда Құнанбай: «Іздегенімді тауып бердіңіздер. Бұларыңызға рахмет! Табылдыны алып кетермін, орыс көзбен көргеніне ғана сенетін халық. Ақсаққиянның өлгенін дәлелдейтін сыпаттама қағаз жазып, мөрін басып беріңдер. Өлмейтін пенде болмайды. Ажал құдайдан, Ақсаққиянның өлгені рас болса қайтып тірілмесін, тіріле қалса орыстың көзіне көрінбесін»,- деп сөз ұшығын аңдатады. Керей билері Құнанбайдың бұл сөзінен оның жігіттерге жаны ашып отырғанын, жазықсыз қолды болуға ішкі қарсылығын көргендей болады. Сол сәт билердің қатарында отырған Бейсенбі іштей «Құнекеңнің көздегені түсінікті болды, жігіттерді шырылдатып ұстап беруге өзі де шын пейілді емес, тек орыстың қыл бұрауы шымбайына батқан соң амалсыз істеп отыр. Айналдырған екі жігіт, біреуі ажалынан өлді, біреуі абақ елі пана болады деп сеніп отыр. Бауырымызға паналаған қорғансызды байлап матап берсек, қалың елдің күлкісіне қалармыз»,- деген ойларға беріледі де. Осы ойының шетін ортаға салмақ қа, Құнекеңнен дәт сұрайды. Дәтің болса айт дейді Құнанбай. Сонда Бейсенбі: «Мен Табылдыны шырылдатып орысқа ұстап беру ақылға сыймайды деген ойдамын. Істің арғы тегін сараптап, саралағанымыз жөн. Россия әскерлері бұларды жазықсыз жазалап отыр, төбелесті тудырған да өздері. Төбелесте ақ ояз өлмесе, бұлар өлуі мүмкін еді. Иә, қолға түсіп айдалып не атылып кетер еді. Енді бір жағы алыстан ат арытып келген аға сұлтанның көңілін қимай, Табылдыны ұстап бергенімізбен, бұл Құнекеңнің өзіне де, матап берген бізге де абырой болмайды. Ертең естіген ел наразы болады. Табалап күледі. Осыны білген орыс губернаторы Құнекеңның қолымен от көсеп, сұлтанның беделін түсіргелі отыр. Ақсаққиянның өлгені хақ, сүйегі көмулі жатыр. Сол тектес, бір сойқанда Табылдыны да жазым етіп көрсетіп, орыс ұлығына қағазын жазып, қолын қойып, мөрін басып сыпаттама берейік. «Қылмыскерді» тірі ұстап бере алмағанымыз үшін оларға жүз жылқы бодау төлейік. Сонда аға сұлтанның беті жарық болады, Табылдыны да құтқарып қаламыз»,- деп ақыл қосады. Бұған жағалай отырған игі-жақсылар дән риза кейіп танытады. Бір баланы ұстап беріп, жақсы аттанбаспыз. Оданша елдігімізді көрсетейік. Бұған Құнекең не дейді екен деп сұлтан жаққа қарасады. Ұзаққа созылған кеңестің түйін сөзін Құнекең қортындылайды. «Асыл тастан болса, ақыл жастан. Кеңесіміздің басында топты жарып сөз бастаған мына жігіт, жиналыстың сірге жияр тұсында да ұтымды кесімін, ақ жүрегін, әділ төрелігін айтып отыр. Шешіміне ризамын. Кісі өз қолын өзі кесе ме? Табылдыны амалсыз алып кеткелі отыр едім, мұндай айлалы шешімге менің зәредей қарсылығым жоқ. Жалғыз-ақ, ұрыста өлген Табылды қайта тірілмесін, тірілсе орыстың көзіне көрінбесін. Менің абыройымды ойлап, әділдікті жақтап, аққұла шығынды ауырсынбай бірге көтердіңіздер. Бұдан осы елдің қаймағы бұзылмаған берекесін, елдік қасиетін, алысты ойлаған азаматтықтарыңызды көріп отырмын. Бұған мен разы, құдай разы. Енді кешікпей жолға қамданайын»,- деп алқалы топ, бата қайырысып, ырза-хош айтысып, келер күнге есенді тілеп тарқасады.

Содан кейін Құнанбай көп айналмай аттанып кетеді. Жолай сол маңдағы Шакубай байдың үйіне түсіп, үлкен сияпат көріп қайтады. Еліне жетер жолдың үстінде Сегізбай деген бидің үйіне түседі. Әңгіме үстінде Сегізбай би Құнанбайдан Алтай елінің жайын сұрағанда, Құнанбай: «Қытайға қараған абақ керей ұрпағы үш түменнен асып, сонау Өр Алтайға дейін өрістей қонған екен. Шегетай, Шәу жырау, Шаған, Маман сынды ақылгөй даналары, Шакубайдай жомарт, елшіл байлары, жас болса да әділдік пен ақылдылықтың намысындай жарқылдаған Бейсенбідей оғылан ұлдары бар іргелі ел екен. Түбі біздің қазақтың бір тиянағы солар болар»,- деп ел мен жерге деген ерекше пейілін аңдатады. Құнанбай сұлтанның бұл көрегендігі уақыт өтіп, заман озған сайын өз құндылығын арттырып келеді. Бейсенбі осы топқа түскенде, келелі мәселе шешім табар тұста, арыдан толғап, өткен мен кеткенді сараптап әйгілі «Бодау кеңес» деген күйін шығарған екен деседі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар