Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
"Әлемнің жарығын сыйладың сен маған..."...

06.03.2024 1164

"Әлемнің жарығын сыйладың сен маған..." 12+

"Әлемнің жарығын сыйладың сен маған..." - adebiportal.kz

Белгілі энограф ғалым Ақселеу Сейдімбек қазақта бес мың күй мен он мың әннің бар екенін алға тартады. Дәл осы санды қазақтың әр тарапқа тарыдай шашылған қандастарымен бірге қайта оралған қазынамыз ән мен күйді қайыра қоссақ, бұл санның  енді  біреше еселеніп кетері  анық.  Енді осыншама ғажайып  қазынаның тақырыбына бойласақ,  сол ән мен күйдің  дені  әйел затына арналғаны мәлім. Әйелді  әлпештеген ел осы қазақтай-ақ болсын. Әйел – күллі өнердің қозғаушы күші. Әлемді әйелдерсіз елестету дегеніңіз еш мүмкін емес. Бұл жалғыз поэзия мен музыкаға ғана емес, сурет пен кескіндеме өнеріне де тән. Бір ғана итальяндық ұлы  суретші Леонардо да Винчдің «Моно Лиза» туындысының  өзі неге тұрады?! 

Әйел дегеннен шығады ғой...

Кешегі кеңестік «Родина-мать» түсінігінен тамыр тартқан (қазақы) «Отан-ана» ұғымы да осы төңіректегі әңгіменің бірі-тұғын.  Отанды  советтік билік  жиынтық ана бейнесінде насихаттағанымен,  бәрібір  сол талпыныстары  Шәмші Қалдаяқовтың  «Ана туралы жыр» әнімен бір шендесе алмай-ақ қойды. Жарайды, аталған әннің  Отанға, оның ішінде  ұлттық  патриотизмге еш қатысы жоқ дегеніңізбен,  оның АНАҒА арналғаны айдан анық қой.  

Бұл ешқандай да кекету мен мұқату емес. 

«Отан–Ана» мемориал монументіндегі  қос қолымен кесе ұсынған кейуананың сол бір  ескерткіші бүгін болмаса да күн  ертең көнеріп құлары  айдан анық қой, бірақ құдайшылығыңызды айтыңызшы, анаға қойылған Қалдаяқов туындысының  адам көкірегінен құлауы еш мүмкін бе?  «...Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» девизі – ананы аспанға көтеру мен ардақтаудың баға жетпес өлшемі.  Бұл әуенде анасын Меккеге жеті рет арқалап апарған  перзент парызынан да  артық өре мен өлшем биігі бар.  Бұл ән адам жүрегінің тәу етер ғибадатханасы. Ендеше бұл әнге елтімеген көңіл, дір  етпеген жүректің бір  кінәраты бар деп есептейміз. 

Әрине, ән әуезінің негізгі түйін – ананың ақ сүтінің нарқына  жету. Мұны енді жаныңа жарық түсірген  рухизат өлең,  парасатты әуен  деп мойындамай көріңізші... 

Асылық айтты демессіз, алашта ана тақырыбына келгенде тап осы әннің алдына түсер ешқандай әуен жоқ. Ал сөзі бейнебір сом алтын секілді. 

«Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін...». Рас, ананың алдында қашанда сәбиміз. Сол үшін де анадан туып, ақ сүт емген перзент ретінде басымызды иеміз...

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар