Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
«Інжу-маржан секілді...»...

26.03.2024 2201

«Інжу-маржан секілді...» 12+

«Інжу-маржан секілді...» - adebiportal.kz

                                                                                                        

                                                                        (Бірінші құлақбұрау)

Сөз бен саз да (музыка) бейнебір  адам секілді. Туады, өркендейді, тәлейі таусылған күні қара жер бетінен хош айтысып кете береді. Біздің «архаикалық сөздер» деп жүргеніміз де осы болса керек-ті. Жемір уақыттың желі мен жаңбырына тек бір ғана нәрсе шыдас береді. Ол шын кемеңгердің жасаған туындысы секілді идеалды әуеннің тек өзі ғана (Бүгінде алпыс екі тамырыңның ағысына сіңіп, біртұтас болмысыңа айналған Қорқыт пен Кетбұға әуендері осы ойымыздың бұлтартпас байламы ғой). Әрине, мұндай ғажайып үнге әманда өлім жоқ. Мәдениеттанушы  Г.Гачев: «Тілдердің бір-біріне тигізетін әсері кезінде бір тіл өзіне басқаның бөгде сөзін қосып алады, бірақ ол жай ғана кірме сөз ретінде қалып қоймай, ұлттық дүниетанымның белсенді құралы мен көрінісіне айналады», - дейді. Лингвистика ғылымына қатысты бұл мысалды куәлікке тартып отыруымыздың басты себебі осы бір жайт бейне бір музыка саласына да тән. Арғысы сақ пен ғұнды айтпағанда, бергісі Алтынорда дәуірінде алапаты артқан түркі музыкасының масштабы біршама байтақ даланы қамтыды ( Ілкі әуен мақамында сақталған «Музыкалық ландшафт» пен «Музыкалық уақыт»  ұғымдарын терең түсінсеңіз болғаны,  мұның бәрін тұп-тұнық түсінеріңіз анық). Бұрнағы түркінің  ошақ қазып, от жаққан территория аумағының тым ауқымды екендігін біз көне славян музыкасының мақамдарынан  анық бажайлауымызға болады (Түркінің табаны тиген сайын дала шекарасының шет-шегі аталған музыка лексиконында менмұндалап тұр). Немістің көне бір жазбасынан Каспий жағалауын мекен еткен ілкідегі неміс тайпаларының қыздары сам жамыраған шақта  сақтардың әнін  сызылтып салатыны жайында оқығаным бар.  Белгілі музыкатанушы Жұмагелді Нәжімеденов: «Ортағасырлық, әсіресе Түрік қағанаты кезіндегі (VІ-VІІІ ғғ.) көшпенділердің музыкалық мәдениеті туралы құнды құжаттар Жапония елінің Сесоид императорының қазынасында сақталған. Тарихи экспонаттардың ішінде ерекше назар аудартатыны Дунухуадада табылған түріктің ноталық хаты. Бұл Будданың жиырма бесінші сутрасының нотасы. Оның әуені қазақтың халық әні «Гәккуге» тым сәйкес келеді. Ол кезде жапондықтар түркінің  музыкалық аспаптарын гагаку деп,  ал осы аспаптарда беріліп ойнау әдісін билли деп атаған екен. Жалпы  гәкку  сөзі әуен мен саз, музыка мен би сөздерінің негізгі баламасы», - дейді.  

Ағылшын ғалымы Шарон Турнердің (1768-1847): «Қазіргі ағылшын-саксондардың арғы тегі сақтардан (Sakai немесе Sacae) тараған. Олар Еуропаға Азиядан келген», - деген пікірін қоссаңыз, бұл жорамалымыз тіптен үстей түседі. Бүгінде білікті музыка мамандары  романс әуендерінде дала әуезінің элементтері бар екендігіне дәйектер келтіріп айта бастады (Қазіргі Саратов бұрнағы Сарытау,  бүгінгі Волга мен Тюмень әуендерінде  ілкідегі Еділ мен Төмен топырағының көне сарындары кездесетіндігі турасында). Айталық, әйгілі орыс композиторы Александр Бородиннің 1879 жылы жарыққа шыққан «Князь Игорь» кейінірек келе «Улетай на крыльях ветра» болып өзгеріп кеткен туындысын тыңдаған адамға байырғы бабалардың төл сарыны талықсып құлаққа жетеді. Романс дегеннен шығады ғой, қазақ жеріндегі осы бір ұғымды тек Абаймен ғана байланыстырып оның әуендері орыс романстарының негізінде қалыптасты деген пікірлер де төбе көрсетіп қалып жүр. Біздіңше, бұл да бір тиянағы жоқ негізсіз пікір ме дейміз. Маған осы бір ойдың түпкі тінінде кешегі қызыл идеологияның күп-күрең қоламтасы жатқандай сезіледі. Біреуге еліктеп ән жазса ол Абай, ол кемеңгер болар ма еді. Жалпы еліктеу мен солықтау атаулы - данышпандар табиғатына жат. Шын өнерпаз дүниеге біреуді қайталауға емес, өнердегі өз патшалығын орнату үшін келеді ғой. Аңдаған адамға Абай әуендерінің орыс романстарына үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Біз бұл пікірді әбден өзгеріске ұшырап, опералық формаға түскен бүгінгі әуен мақамына ғана қарап айтып отырғанымыз айдан анық. 

Ал түпнұсқаға үңілсек, мүлде басқаша. Сенбесеңіз, Қали Байжанов әуелеткен  «Қараңғы түнде тау қалғып» әні мен Мәдениет Ешекеев орындаған «Көзімнің қарасы» әнін қайыра бір тыңдып көріңіз. Бөгенайы бөлек, тым көне сарынмен бетпе-бет жүздесеріңіз анық. Мұның бар мәні мынада ма деген ойдамыз.

 Рас, Абай әуені романс табиғатына тән. Кейде көне мифтік мәліметтердің ұлы тұлғалар танымында белгілі бір  деңгейде билік жүргізетіні бар. Бұл біздің ілкідегі ата-бабаларымыздың Абай арқылы қайыра жарыққа шыққан архетиптік әуендері болуы да бек мүмкін. Біздіңше, хакім әндерінің бар құпиясы осында ма деген ойдамыз. Бұдан шығатын ой жосыны, не нәрсені болсын орыспен байланыстырып айтудың мерзімі әлдеқашан өткендігіне шын жүрегімізбен илануымызда екен. Бұл біздің музыка саласына қатысты аздаған ақпарымыз-тұғын.  Ал Ілкідегі Русь пен Ұлы Даланың тілдік һәм мәдени қатынастарын диахрониялық тұрғыда зерттеп, орыс тілінің түп төркініндегі түркі сөздерін анықтаған М.Аджи мен О.Сүлейменовтың сүбелі еңбектерін осы орайда айтпай кету ұждан алдында сын болар еді. Өкпек уақыттың тозаңына көміліп, ел жадысынан көмескілене бастаған осы бір түркі сөздерін Олжас ағамыз мынадай үш топқа бөліп қарастырған болатын.

 Біріншісі, «Бөгде тілдің пішінін сол күйінде жоғалтпаған, сәл ғана мүкістікпен айтылатын топ» десе, екіншісі, «Славян тілдерімен мидай араласып кеткен, бірақ олардың шыққан тегін қолданыстағы этимологиялық әдіс арқылы қалпына келтірудің еш қиындығы жоқ көзге жылы ұшырайтын топ», ал, үшіншісі, «Мың жылдан астам уақыт бойы белсенді түрде қолданғандықтан өздерінің бастапқы пішінінен тек түбірінің қалдықтары ғана қалған, славияндардың көп қатпарлы қосымшаларына, жұрнақтарына жалғауларына көміліп көзге онша көріне қоймайтын топ» дейді.  Мұны айтып отырғанымыздың себебі сөз бен саз бейне бір апалы-сіңілі адамдар іспетті. Сөз қалай өзгеріске түссе саз да солай өзгеріп сала береді. Қайыра айтайық, Олжас ағамыз келтірген бұл үш дәйектеме де  ілкідегі түркі музыкасына да тән жағдайлар. Сол үшін де бұл мысалдарды саналы түрде әдейі келтіріп отырмыз. Лингвистика ғылымында мұндай саланы зерттеу диахрония десе, музыка саласында дәл осы ұғымды дөп беретін терминологияны еш ұшырата алмадық. Қалай десек те көне орыс тілінде түркі сөздерінің сынығы табылып жатса онда міндетті түрде әуеннің де байырғы түйіршіктері бар деп пайым жасауымызға әбден негіз бар. Ғасырлар өтінде  транцформацияға түскен төл әуездің бастапқы мағынасы көмескеленіп үлгергенмен, сол әуеннің негізінде пайда болған оның «немерелері» мен «шөберелерін» тап басып танып алуымызға болады. Әрине, мұның бәрі екінің бірі жүрегі дауалай қоятындай соншалықты жеңіл жұмыс емес. Осы бір істі іргелі зерттеу үшін қазақ музыкасы тағы да бір өз Олжасын  күтіп отырған  тәрізді. 

                                                       Музыка мамандарына аз ғана құлаққағыс

Бізде миссионерлік идея деген тек  дінде ғана болады деген бір салғырт түсінік бар. Ал шынтуайтына келсек, миссионерлік дегеніміз тек дінде  ғана емес, ол тіл менен үнде де  бола береді ғой. Былай деп түсіндіріп көрейікші. Сіз бәленше тұлғаны пір тұтамын деп айттыңыз делік (Бәстесуге бармын, жұрттың бұл сөзіңізге іштей мырс етіп күлетіні анық). Керісінше, мен түген деген адамды идеал тұтамын десеңіз мұныңыздың енді әлде қайда әдемі естілері анық. Бақсақ, екі сөздің де түпкі мағынасы бір. Ал, бірінші сөзді қор, екінші сөзді соншалықты зор санауымыздың сыры неліктен деп ойлайсыз. Біздіңше осы жердегі пір сөзінің «рухы»  шоқынды сөздің санатында тұр. Өз болмысынан жеріндіріп бөгде ұғымдарға бой ұрғызған мұндай мысалдарды әрине, көптеп келтіре беруге болады. Ал осы жердегі «өз сөзін қор, өзгенікін зор санататын» бұл тенденция  миссионерлік идея  емей немене енді. Айтқымыз келгені қазақ эстрадасы да дәл осы тәрізді өзінің тектік түсінігінен, дәлірек айтсақ төл әуеннің құнары мен түйіршігінен күн санап алшақтап барады (Құрметті қауым, бұл бит шаққанды ит қапқан қылып ұлғайтып көрсету емес, шынтуайтында біздің эстрада «шоқынып» кетудің  аз-ақ алдында тұр).  Белгілі музыкатанушылар «Музыканың трансұлттық ағыны көбіне күшті ұлттардан төмен қарай, сондай-ақ олардың мәдениетін басып-жаншу мен ығыстыру мәселесі де пар жүреді», – деп жазады. Музыкада «дәстүрлі емес дыбыстар» деген арнайы ұғым бар. Мұны айтып отырғаным: мәдени имперализм ұсақ елдердің этно музыкасын өзіне гибридтемей әсте тұра алмайды. Орыстың үш жүз жылдық отары (дұрысы музыкалық миграциясы) қанашама төл дыбыстарымызды ассимиляциялап үлгерді. Сөйтіп абсолютті және идеалды дыбыс түйіршіктерін барынша бүлдіріп, төл ырғақтың негізгі қағидаларын бұзды. Мұны түсінікті тілмен айтар болсам, қазақ әуезі өз «Алпамысы» мен «Кенесарысынан», «Әлиханы» мен «Мұстафасынан» айырылып тынды.

Дыбыстың да тектік әулеті болады.  Төл дыбыс – аристократ. Ол  тағынан тайған күні кембағал, етегі елпек есер дыбыстардың әулеті әуенге өз әмірін жүргізіп билеп-төстей бастайды. Біздегі төл дыбыстың мұншалықты табанға тапталуының басты себебі музыкалық иммунитетіміздің тым әлсіздігінен болып отыр. Тәттімбет пен Қазанғап әуендерін қанып ішіп Мәдимен мәйектенген, қала берді әлем музыкасының алыптар шоғырымен етене таныс ұрпақ қалайша әлжуаз бола қойсын.  Қысқасы мектепте әдебиет пәні қаншалықты  оқытылса, ән мен күй де дәл солай  оқытылып ұлт ағзасына рухани вакцина егілуі тиіс.

«Сен  не  жейтініңді айтсаң,  мен  сенің кім  екеніңді  айтамын» деген   тәмсілді  бәріміз де білеміз  ғой. Адамға тек  тән  тұрғысынан ғана  баға берген  бұл пәлсапаға біз  рухтың   «көру» мен  «есту»   ұғымдарын да   қосанжарлаған   болар  едік.  Сонда  бұл ұғымның  мағынасы: «Сен не  жейтініңді,  және не  көріп  не еститініңді  айтсаң,  мен сенің  кім  екеніңді айтамын» болып түзіліп шыққан болар  еді.  Сөзсіз ұлттың ойлау танымы оның естіген сөзі  мен тыңдаған сазының  негізінде қалыптасатыны анық.  Ал тексіз (ит ылық, мысық мауық)  музыканың этностың сапасын құлдыратып, тобырға айналдырып жіберетіні бесенеден белгілі ғой.  Музыканың  ең басты  мандаты  көрермен көңілін көтеру (яғни секірту немесе билету)  емес, оның танымын  ізгі ойларға жетелеу. 

Осы орайда біз мына бір мәселені де қосақтай айта кетсек деген ниеттеміз.  Л.Н.Гумилев: «Этносты қалыптастыратын маңызды фактордың бірі табиғат аясы. Себебі этнос та табиғаттың тура өзі секілді», - дейді. Ғалымның пікіріне илансақ, кез келген адам баласы  өзі өскен топырақтың ет пен сүйек нұсқасындағы бір бөлшегі екен. Расында музыканың лексиконына қарап отырып, ол адамның өскен өңірі мен басқан топырағын барынша бағамдауымызға болады. 

ХІ   ғасырдың көне жәдігері Кейқауыстың   «Кабус-наме» еңбегінде  музыканы тыңдаушының  жасы мен  жынысы, ұлттық  ерекшелігі мен дене  бітімінің өзі түгелдей дерлік  ескерілуі тиіс. Мәселен, семіз және тершең  тыңдаушы   үшін дыбыс биіктігі болмауы  шарт.  Ол қандай жағдайда да әлгі адамның қан қысымына әсер етуі бек мүмкін дейді. Міне, осыдан-ақ өскен өңірдің адам үшін қаншалықты маңызды фактор екендігін шын бағамдауымызға болады. Таулы жер мен жазық өңірдің өзіндік айырмашылығы  мен ондағы тұрғындардың  темпераменті әр қилы болатыны секілді музыканың да адамға өз әсер ету эффектісі әртүрлі болады. 

Мысалға Мұхит әндерінің өн бойында ен жазық пен тарғыл құмның суылы сезіліп тұрса, Естай әуендерінде Ертіс өзенінің «иісі» бар. Әрине, мұның бәрі топырақтың өз әсері ғой.  Осы жерде иіс дегеннен шығады, Қытайдың ғажайып жазушысы Фу Суңлиннің «Лияужай аңыздары» атты еңбегінде бір соқыр тақуаның кез-келген жазбаның жақсы я жаман екендігін бір иіскеп ғана біліп қоятын қасиеті болады. Кейіпкердің айтуынша нашар шығармадан борсыған су мен «шіріген жұмыртқа» иісі мүмкіп тұрады екен. Бұл әрине, еш негізсіз сөз емес. Керек десеңіз  қолымды құранға  қойып айта аламын.  Мысалы  күй шертіліп жатыр  дейік.  Негізі аңдаған  адамға  домбыра шанағынан   дыбыстан  гөрі «иіс» шығып  тұрады.  Адамды исіндіретін де,  балбырататын да (қазақы) осы  иіс  қой. Исі  жоқ  шығарманы еш  ойланбастан  өлі дүние санатына  бірден жатқыза  салуға болады.  Аталған шығармадан «сезіліп» тұратын осы «иіс» пен «әуен» адам таланттының биоөрісі  (Сенбесеңіз Н.Тілендиев пен С.Жолбарыстың,  М.Мақатаев пен Ш.Сариевтің   музыкасы  мен поэзиясынан шыққан биоөрісті  өзара салыстырып  көрсеңіз болады).  Бұл енді өз алдына жекелей тақырып қой...  Мұндай иірім мен қайырым тек музыкада ғана емес көрнекті қаламгерлердің  жеке стилінен де аңдалып тұрады. Мәселен, Оралхан Бөкей жазуында орманды алқаптың әуезі бар. Ондағы аң мен құс көне Алтай тауының бағзы бір сарыны секілді. Демек, адамның үні мен жазуынан сол табиғаттың шөбі мен суының, желі мен нуының уілі үнемі «естіліп» тұрады.  

Бұл ойымызды  әйгілі француз лингвисі Ролан Барт та растайды.   Ол  «Тілдің гуілі» еңбегінде  «Қазір мен ежелгі гректерге ұқсағандаймын, олар толқи отырып жапырақтың сыбдырына, бұлақтың сылдырына, желдің  уіліне, бір сөзбен айтқанда – жайлаған ойды ажыратуға талпынып, табиғаттың тынысына үнемі құлақ түрген. Мен де солар сияқты тілдің гуіліне құлақ түріп оның ішінде дірілдеген мәнді іздеймін. Қазіргі адам үшін бұл тіл – табиғаттың өзі» дейді. Әннің әуезі мен ішкі иірімі тікелей табиғатқа тәуелді. Оның негізгі қайнары өзінің төл топырағынан таған тартады. Әуелі, ән уілінің орасан өзгеруі уақыттан гөрі табиғатқа тікелей қатысты ма деген де ойға қаламын. Бүгінгі Қызылжар мен Көкшетаудың тым сүркей, тым жұпыны бейнесіне қарап отырып, бейнебір Ақан асқақтатып ән салмағандай, Біржан болмағандай  кейіпте боламын. Неге дейсіз ғой. Мұның бар сыры осы ортаның адам танымастай деңгейде жағырапиялық бедерінің толықтай өзгеріп кетуінде болып отыр. Мен бұл пікірге әйгілі агроном Федор Моргуннің «Думы о целине» (Тың туралы ойлар) кітабын оқығанда ғана шын көзім жетті. Ғалымның пікірінше 1955 жылдың өзінде-ақ қазақ жері қатты эрозияға ұшыраған. Жердің ылғал қабаты толыққанды талқандалғандықтан күннің ыстығы 60 градусқа дейін жеткен. Соның салдарынан жер бедері тілім-тілім болып торланып, бұлттай буырқанып борпылдақ шаң көтерілген. «Көк пен жердің негізгі үйлесімі бұзылғандықтан көктем мен жаз бойы бip тамшы да жаңбыр тамбайтын болды», -  деп жазады автордың өзі. 

Осыбір  борпылдақ шаңнан небір көкқасқа көлдер мен күміс бұлақтардың арналары бітеліп, тұмалар көзі толығымен тоқтаған екен. Әр шөбі әнге, көк құрағы күйге айналған қайран Сарыарқа сөйтіп, өткір соқаның  жүзіне оталып кете барыпты. 

Сол күннен бастап арқаның әнші қоңыр желі мен күйші сылдыр бұлағы мүлдем басқа мақамға өзгеріп кеткендігін  осы  кітаптан анық аңғаруға болады.  

Егер Г. Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді», - десе осы тұмса табиғаттың шырышы бұзылмаған сәтіне сүйсініп айтса керек-ті. Тың трагедиясы көк пен жердің өзара үйлесімін үзіп, асыл арналарымыздан рухани қуат алатын негізгі нүктелер мен  сигнал көздерін толықтай бітеп тастады. Жыртылған топырақпен бірге ұлт генофонды да сұмдық эрозияға ұшырады.

Осыдан болып жалпы жұрт «жынды су» ішкен қауымдай  мәңгірдік те қалдық. Менің бұл уәжім сіз бен біздің әбден бодан болған томар басымызға толықтай сыймайтын да шығар. Сонда да айтайын. 

Бұл нәубеттің ядролық бомбадан ешқандай бір айырмашылығы  жоқ болатын. Еліміздегі 25,5 миллион гектар қопарылған топырақпен бірге бүкіл болмысымыз бен ар-ұятымыздың да «ішек-қарыны» тұтастай ақтарылып қалған-тұғын.  Қош...

Сонымен қайыра тақырыбымызға келейік.

Рас, кісінің төл табиғатында жоқ дүниенің көбіне қондырмалы жасанды көрініп қалатыны да бәлкім осыдан болса керек (Айталық, өскен өңірінде жалбыз шөбі өспейтін адамды қанша жерден жалбызбен емдегенмен оның еш дауасы болмайды).  Музыка мамандары мен  оқытушы тәлімгерлер осыны бек ескеруі керек деген ойдамыз. Алдыңдағы отырған адамның ішкі табиғатын етене танып алмастан,  оған тәжірибе жасау  қиянаттың зоры (Жас шәкіртіне өзін, я болмаса бөгде біреуді айнытпай қайталаттыру  оны өз қолыңмен өлтіргенмен пара-пар болар еді).  Ең өкініштісі талай таланттардың түбіне осындай «мамандардың» теріс методикасы жетті. Өнердегі академиялық (дұрысы вокалдық) білім шын өнерпаздың өз даралығын төл натурализмінен күн санап алыстатып бара жатыр. Соның салдарынан ән мен әнші арасындағы синергетика барынша әлсіреп вокалдың негізгі пәрмені басты орынға шықты. Кешірерсіз, көмейінен шыққан үндері бір-бірінен аумаған опера әншілерін айтпағанда, дәл қазіргі дәстүрлі әндегі көкөрім жастар дауысынан кімнің кім екендігін ажыратудан қалдық. 

Кино мен театрда да дәл осы кеп. Академия неге адамның табиғи болмысын стандарттап шаблон шеңберіне салуға құмар? 

Жарықтық Болат Атабаевтың: «Маған актер емес, адам керек!» - деп күйіп-пісетін жанайқайының артында адам табиғатын өзінен алыстатып жіберген «өнерге» қапаланған ұлы уайым жатыр екен ғой. Сонымен дербес тұлғаның төл табиғаты дегеніміз не? 

АДАМНЫҢ САУСАҚ ҰШЫНДАҒЫ БЕДЕРІ МЕН ІЗДЕРІ БІР БІРІНЕН ҚАНШАЛЫҚТЫ БӨЛЕК БОЛСА, АДАМ ҮНІ ДЕ ДӘЛ СОНДАЙ БӨЛЕК ФЕНОМЕН. 

Кез келген дауыстың ешқандай да екінші аналогиясы жоқ. Бұл дегеніңіз енді ұлы мұғжиза ғой.  Ендеше, бірінің бірі ауызына түкіргендей біркелкі дауыстар мен әрекеттер, қимылдар мен постановкалар ережесі неліктен пайда болды? 

Бұл қазақ өнерін қайда алып барады өзі?

Консерватория мен түрлі өнер ордаларын бітірген «инкубатор түлектердің» өз  ұстазынан аумаған  дауыс мақамдары мен күй шалыстарын көріп талай мәрте пұшайман халге түскеніміз бар.

Талантты адамның өз табиғатындағы ерен қазынаны танымай, біреудің сәтсіз мәтіндік көшірмесі мен мақамдық пародиясы болуынан артық нендей енді өкініш болуы мүмкін…

                                                               « Інжу-маржан секілді...»

Бірде Конфуций өзіне жеті ішекті цин музыка аспабынан тәлім беретін  ұстазына қарап: «Мен осы әнді жазған адамды көз алдыма елестетіп отырмын. Мұны жазған кісінің дүниенің төрт тарабынан хабары бар адам екен. Сірә, қателеспесем бұл әнді Вэнь-ван жазған болар», - деп әуенді тыңдап отырып-ақ шын иесін тап басып таныған екен. Неге екенін қайдам, осы жазбаны алғаш оқығанда менің ойыма дауылпаз әнші Әсет Найманбайұлы оралды. Әншінің төрткүл дүниенің сырын бойына терең тоғытқан өнерпаз екендігі әр әуен иірімінен бірден аңдалып тұрады. Шын жампоздың бағасын асыратын, кейде тіпті күллі дүниені бір-ақ ауыз сөзбен  бүктей салатын алапат туындылар болады ғой. Соның бірі «Әсеттің Кемпірбаймен қоштасуы» әні дер едік. 

                                 «...Боз шапса, боз озбай ма буырылдан,

                                 Мен шапсам, жер танабы қуырылған.

                                 Басымды шапқан сайын сілкіп тастап,

                                 Қанды көбік шығушы еді шығырымнан.

                                 ...Келсе де тоқсан ақын бәрін жеңдім

                                  Мен дағы озып тудым ығылымнан...»

Сенесіз бе, маған осы бір-ақ шумақ өлеңнің эпикалық қуатынан қара жер қақ айырылып кететіндей әсер етеді. Дауылпаз ақынның осыншама қуатты сезімді орасан жанына қалай ғана сыйғызып ғұмыр кешкеніне таңмын. 

Рас, классикалық туындыны түсіну үшін классикалық таным қажет. Кейде мұндай өнер жұмбағының сыры біз ойлағаннан бөлек рух қабаттарының ұшар басында атойлап тұрады. Өнердің бәрі сахнаға я болмаса оқырманға ғана арналып жазылады десек қатты қателесеміз (Тек оңаша қалып өз жаныңмен ғана сұхбаттасатын танымгер  туындылар да болады.  Мінекей, нағыз өнердің саңылағы да осы). 

Көбіне біз өнердің сыртқы формасына ғана елтіп мұндай туынды ішіндегі алапат рухты аңғара бермейміз. 

Ендігі сөзімізді де сол жайында  өрбітсек пе дейміз. 

Мәселен, Шал ақынның: «Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі, Бөріге қой алдырмас ердің ері...» өлеңіне келейікші.  Рас, сөздің сыртқы формасы аграрлы өмірдің мүлкіне тән.  Оның үстіне бүгінде  «қой», «қойшы» ұғымдарын  кім жақата қойсын. Бірақ, ішкі  иіріміне үңіліліп көрейікші?  Ғажап қой  енді... Осы өлеңге анология ретінде  жапондық Мацуо Басенің «Көне тоған. Бақа секірді. Су шолп етті»  деген үш жолдан ғана тұртатын  әйгілі өлеңіне де аз ғана ат шалдыра кетелік. Тіке түсінген  адам үшін аталған ғазал мазмұнының тым жұпыны көрінері анық. 

Бұл хайку турасында үндінің ұлы ақыны Рабиндранат Тагор: «Әр халықтың өзіне ғана тән қасиеті болады.  Жапондар дүниені тек көзбен ғана көріп түйсінеді. Ендеше, Басенің бұл туындысы өлеңмен салынған картина», - дейді. Ақынның айтқаны рас. Әсіресе «Әр халықтың өзіне ғана тән қасиеті болады» пайымында үлкен «дүние» жатыр. 

Біздің ойымызша осы үш-ақ жол  өлең жапон жанының жұмбақ сырына толы. Ал  этностың өзіне ғана мәлім ол сыр мен рухты тәржімалап я болмаса түсіндіріп беру тіпті де мүмкін емес.

Айталық, алаштың ақтаңгер ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Күні бойы қой жайып түні бойы, Қозы исіндей қоп-қоңыр түс көремін» дейтін ғажайып өлең жолы бар. Осы жердегі көшпелі өмірдің өзіне ғана мәлім «қозының исі» кодын  корей мен неміске, ағылшын мен испанға түсіндіріп көріңіз енді. 

Р.Тагордың «өлеңмен салынған картина» идеясынан туындайды, әйгілі суретші Леонардо да Винчидің ғажайып «Мона Лиза» суретіне қатысты кемі жиырмаға жуық кітапты парақтаған шығармыз. Күллі кескіндеме өнеріне өмірін сарп еткен бір адам болса ол  - ағылшын өнертанушысы Эрнст Гомбрих қой. Аталған туындыға қай контур, қай нүктеден қарасаң да бейнебір тір адамның жүзінен еш аумаған осыбір суреттің құпиясын ғалым былайша зерделеген екен. Ол өзінің әйгілі «Өнер тарихы» атты еңбегінде «...Сөзсіз, мәселенің таласыз шешімін Леонардо ғана таба алған. Ол кескіндемеге көрерменді түрлі болжамдар жасуға ынталандыратын әлдебір бүкпенің болу керектігін түсінген. 

«Сфумато» деген атаумен белгілі бұлдыр, «балқыған» контурлар мен қоюланған көлеңкелердегі пішіндер елеусіз бір-бірімен біте қайнасып, көрерменді қиялға жетелейтін жаңалығының мәні де осы болатын.

Бұл арада сфумато жақсы ойластырылған әдіс. Адам бет-жүзін нобайлап болса да салуға тырысқан кез келген суреттің физиономиялық көрініспен, бірінші кезекте ерін және көзі бұрыштарымен «ашылатынын» білуі тиіс. Леонардо дәл осы тұстарды әлсіз көлеңкемен берген. ...Картинаға мұқият зер салғанда, біз оның екі жағының бір-бірімен мүлде сәйкес келмейтінін байқаймыз. Моно Лизаның сол жағы, оң жағымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Соған сәйкес картинадағы  әйел бейнесі де көтеріліп биік көрінеді.  Адам көзқарасының өзгеруіне байланысты бет-жүзі де өзгеріп симметрия бұзылады ғой. Сөйтіп ол натурадан қай жерде ауытқу керектігін, жанды дененің қай жерін әсірелеп көрсету қажеттігін анық білген» дейді. Бұл барлық өнерге тән «құпия» ғой. Осыған қарап отырып өнерді Құдайдың  «тілі» мен «үні» деп айтпай көріңіз енді. Мұны енді  бір деп қойыңыз. Екіншіден, осы еңбектерді оқып отырып шын туындының тұмса құпиясының сыры  адам рухының деңгейіне қарай ашылып сөйлейтінін де аңғарғандай болдық.

Мұндай  ұлы  шығармалар құпиясы  көбіне маңдайдағы  қос жанарға емес,  рухани бойдәреті  бар  жетілген жанның  ар мен ұятының «көзіне» ғана  көрінеді екен.  Міне, жан тазалығынсыз жанына аттап та бастыртпайтын мұндай туындылардың адамнан күтетін басты талабы да осы.  Бұл бір ғана картинаға емес барлық бекзада өнер атаулыға тән өре мен өлшем десек те болады. 

Ендеше Әсеттің ән өлшемі де дәл осы тәрізді. Әсет әні адамның ар мен ұятының бейне бір барометрі іспетті. 

                                  Бозбала бұл әнімді үйренерсің,

                                  Ырғағын келтіре алмай күйзелерсің.

                                  Асау ән жетегіңге жүрмеген соң

                                  Жуымай маңайынан жиренерсің.

Осы бір-ақ шумақ өлеңде әнді айтушының ғана емес, тыңдаушының да рухани халінің портреті тұр.  Біздің тым жеңілге жүгініп «Асау ән маңайына жуый» алмайтынымыздың басты себебі,  ар-ұятымыздағы ақау мен танымымдағы кемістік  кесірінен.  Бұған енді есіл әннің ешқандай да жазығы жоқ қой. 

Әсеттің әр әні «Інжу-маржан секілді». Көбіктің көбіне су бетінде ал інжудің  су түбінде жататыны  мәлім ғой. Демек, бағасы биік өнер қашанда зерттеу мен зерделеуді қажет етеді.  Мәселен «Самғатыптып, саңқылдатып, сар желгізіп, Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап, Қырық  қарып,  тоқсан толғап,  бес  өрлетіп» іспетті  ұғымдары қазақ ән өнерінің  әуездік  өлшемдері мен  төл  терминологиясы болса керек.  Бұл әрине Әсетке дейін де әл-Фарабидың еңбегінде  жазылған мәселе-тұғын.   Музыка дыбыстарына  «анықтық», «жазықтық» , «жұмсақтық», «күштілік», «ылғалдылық»,   «құрғақтық»,   «мұрындық» деп  атау берген  әл-Фараби терминін  оның  рухани ізбасары  Әл-Хасан әл-Катиб   өзінің «Музыкалық білімнің кемелдігі» атты  еңбегінде аталған  тізімді  21 санға  жеткізеді. 

Ал, Әсеттің  бір ғана «Інжу-маржан» туындысында  музыканың 76 төл термині  айтылады.  Мысалы «жайлантып», «жадыратып», «жүрдектетіп», «жүйткітіп», «жорғалатып», «аз желдетіп» ұғымдары әндегі қозғалыстар (ритмдер) болса, «қаусырып», «қалтыратып», «кестелентіп», «дөңітіп», «қырық қарпып», «қан қайнатып» ұғымдары әнші дауысымен салынатын ән өнерінің  ішкі ою-өрнектері (Әннің мұндай кілтең  жерлерін  меңгеру маңдайының бағы бес елі марғасқа әншінің ғана тәлейіне жазылатын бақ).

 Бұл да әлі күнге дейін  сақал мұртына ұстара тимеген тың тақырыптың бірі.

 Лао Цзының :«Сөзбен айтып жеткізуге болатын Дао тұрақты дао емес», - дейтін  әйгілі сөзі бар.  Бұл жердегі «тұрақты» ұғымы мәңгілік сөзінің жоралғысы есебінде сипатталып тұр. Қысқасы, адам айтып бере алатын дүниенің несі өнер, шын өнерге әмәнда тіл жетпейді дегенді меңзеп отыр ғой жарықтық. Әрине біз білген, түсінген жерімізге дейінгіні ғана дестелей алдық.  Ал ұлы туындылар мәңгілігінің расымен де шет-шегі жоқ қой... 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар