Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әдебиет – ақсүйек өнер

14.02.2017 2684

Әдебиет – ақсүйек өнер

(Жазушы-драматург, филолог-ғалым Жолтай Әлмашұлы 60 жаста)


«...Кез-келген жұмыр басты пенденің былдыр-былдыр тілі қай жерде шықса, сол жерден өмір дастаны да басталады. Демек, барлығы да туған жерден бастау алып жатпақ! Бұл жаратылыс заңы, тіршілік пәлсапасы...» деп толғанады сәби күнінен санасына туған жерінің қасиетін сіңіріп өскен қаламгер Жолтай Әлмашұлы. Туған жер туралы ой толғап, қалам тербемеген ақын -жазушы жоқ болар, сірә!? Неткен ыстық, неткен құдіретті едің, туған жер! 

85bb9421b7a0b3abe8ceb7c46be83474.jpg

Туып-өскен жерінің тарихы мен тыныс-тіршілігін ұғынып, ата-бабаларының өмір сүрген дәуірінен сусындап ержеткен Жолтай аға 1957 жылдың ақпанында Жаңақорған ауданының Қыраш ауылында туды. Зерттеп-зерделегенге тарихы жетерлік Ұлы Жібек керуен жолының бойында жатқан Жаңақорған өңірінің тарихы әріде жатыр. 

Ерте ғасырларда «қыпшақ даласының қақпасы» атанған, кейін қазақ халқының басын құраған Ақ Орданың астанасы болған Сығанақ қаласы тап осы жерде! Мұнда ғұлама ғалым Хисамеддин Әл-Сығанақи, тағы басқа да көптеген елге сыйлы азаматтар өмір кешкен. Қолөнер кәсібі мен саудасы дамыған ортағасырлық Аққорған, Өзгент, Сауран қалалары бар. Алыстан сағымданып көрінетін Қорасан Ата, Қылышты Ата, Қылауыз Ата т.б. кесенелері, көне дәуірден сыр тартқан Абызтөбе, Қаратөбе, Келінтөбе, Балапантөбе, Мейрамтөбелер талай шежірені ішіне бүккен. Шежірелі Жаңақорған өңірінің осынау қасиетті топырағынан осы кезге дейін талай атпал азаматтар шығып, ел басқарып, халыққа адал қызмет етті, қызмет етіп те жатыр. 

Еңбегімен ел есінде қалған Ерлерінің есімдерін ауылдың әрбір қарадомалақ баласы жатқа айтып, ержетеді. Өткен ғасырдың 30 жылдарында Кеңестік қоғамды қалыптастыруға белсене араласып,жазықсыз солақай саясаттың құрбаны болған Нәзір Төреқұлов, Бегайдар Аралбаев, Садықбек Сапарбеков ағалар да осы Жаңақорған топырағының түлектері. Жаңақорған халқының рухани қазынасы өте бай, ел мәдениеті мен әдебиетін, өнерін өрге бастырған дара таланттары - Құлан ақын мен күйші-сазгер Әлшекейдің, сырлы сазбен ән салған Құтбай әнші мен Әбужүсіп жыршының, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтың, сазгер Бексұлтан Байкенжеев пен Нағызхан Жаманбаевтың, жақын уақытта дүниеден озған белгілі қаламгерлері Дүкенбай Досжан мен Адырбек Сопыбековтей өнер иелерінің «ат тұяғын тай басып», өнер жолдарын жалғастырып келе жатқан ізбасарлары, Жаңақорған топырағынан түлеп ұшқан, талантымен ерекшеленген азаматтары бұрын да кем емес еді, қазір де баршылық! 

Сондай елінің құрметіне бөленген, өзіндік қолтаңбасы бар, бүгінгі ұлт әдебиеті төрінен лайықты орын алған қаламгер жерлесіміз, жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2016 жылдың «Үздік драматургі» Жолтай аға Әлмашұлы екенін мақтанышпен айтсақ та жарасар! Жолтай ағаның қаламынан туған әрбір шығармасының басты ерекшелігі - туып-өскен атамекенінің тарихын, ұлттың басынан кешкен кешегі қасіретті жылдар мен ұлт тағылымын айшықтап, қазақ өмірін асқан шеберлікпен суреттеп, көңіл көзімен көре білуінде. Өзі игерген туған әдебиеттің проза, драматургия, ғылыми-тарихи салаларында қажырлы еңбек етіп, жанкештілікпен кірісіп, бар ынта-ықыласын салған. Осындай туындыларымен шығармашылық ортаны толық мойындатқан үлкен де айтулы тұлға! Қаламгердің баспа арқылы жарық көрген тұңғыш жинағынан (1979) бастап, осы кезге дейін барлығы 25 кітабы жарық көргенін мақтана айтып келеміз! Осыншалықты шығармаларымен оқырмандарына таныс үлкен қалам қайраткерінің көптеген туындылары орыс және ағылшын тілдеріне аударылғаны тағы да зор қуаныш! Туған елге, Туған жерге, Туған тілге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі әрбіріміз үшін осындай болса, арман не дейсің! Енді әне-міне дегенше адам өмірінің асқар белі алпыс жасқа аяқ басқан Жолтай ағамызға өзінің туып-өскен алтын бесігі - атамекенінің сағынышты ақ сәлемін жеткізіп, шалқар шабыт, қажымас қайрат, еңбегіңіз жана берсін деген ізгі ниет, ақ тілегімізді білдіруге асығып жатырмыз. Жолтай аға қай бір жылдары өзі туып -өскен жеріндегі аудандық музей тарихымен терең танысып, өзінің әр жылдары шыққан кітаптары мен құжат-қолжазбаларын музей қорына сыйға тартқан болатын-ды. Бүгін асқаралы мерейтойы қарсаңында жазушы-драматург, филолог-ғалым Жолтай Жұмат-Әлмашұлының аудандық музей қорында сақталған ғылыми және көркем-әдеби шығармаларының библиографиялық-анықтамалық деректерімен шолу түрінде таныстырып өтуді жөн көрдік.

Жаңақорған аудандық өлкетану музейінде белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының 60 жасқа толуы құрметіне музей экспозициясына оның шығармашылығына арналған арнаулы көрме ашылды. Онда мынадай еңбектері қойылған: 

1. «Оянған ұрпақ», роман. Жолтай Әлмашұлы. Астана. Елорда. 2002 жыл- 448 бет. - Бұл романда бірінші желіде – студент-жастар өмірі мен ой-арманы сөз болса, екінші желіде – қазіргі қоғамның кеселі болып отырған мансапқорлық, биікқұмарлық, тоғышарлық мәселелері тілге тиек етілген. Роман республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған көркем шығармалар бәйгесінде жүлде алған. 

2. «Күлкі мен жас». Роман. Ж.Әлмашұлы. Астана. «Нұржол», 2003 жыл - 280 бет - Бұл романында жазушы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ұлтының, әсіресе Сыр бойы мен Қаратау арасында өмір сүрген байлар мен жатақтар өмірінің кең көлемді панорамасын жасауға тырысады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезеңін, оның тарихи себептері мен кісі санасын сілкінтуге тигізген ықпалын суреткер өз кейіпкерлері арқылы шынайы суреттейді. 

3. «Әуезовтің жұмбақ әлемі» әдеби монография. Ж.Әлмашұлы. Алматы. Жеті жарғы.2005 – 321бет - Белгілі қаламгер заманымыздың заңғар қаламгері М.Әуезов шығармашылығының құпия сырлары мен қырларын зерттеген. Ол әсіресе, ұлы қаламгер шығармаларындағы психотрагизм мен психокомизм мәселелеріне баса назар аударып, бұрын-соңды әдебиет сүйер қауымның алдына тартылмаған проблеманы қаузаған. Автор бұған дейін де «Әуезовке қайта оралу» атты монографиясын (Әл-Фараби, Алматы, 1998жыл) бастырып шығарған болатын. Ал мына еңбек толық нұсқасында, жан-жақты қарастырылған толымды туынды. Мұнда Әуезовтің тағы бір жұмбақ әлемі өз сырын ашады. Кітап жоғары оқу орны студенттеріне, жалпы әдебиет сүйер қауымға арналған. 

4. «Бәйтерек басындағы кездесу» Жолтай Әлмашұлы «Құс жолы».Астана.2007ж. -103 бет - Соңғы жылдары өзінің драмалық туындыларымен жарқырап көрініп келе жатқан қаламгердің бұл жинағына тәуелсіз еліміздің жыл санап, сәулеті тасып өсіп келе жатқан Елордасы – Астана тақырыбына арналған үш бірдей драмасы енгізілген.Мұның ішіндегі «Бәйтерек басындағы кездесу» атты психологиялық драмасы 2005 жылы күз айында астанадағы Конгресс-холда сахналанып, қала жұртшылығының ілтипатына ие болған еді. Бұл кітаптағы шығармалары «біздің стратегиялық ойлар мен ұмтылыстардың ең басты жемісі»(Н.Назарбаев) болып саналатын Астананың гүлденіп, өсіп, әлемді таң қалдыра алатын қалаға айналатынына деген сенім төгілісі. 

5. «Күлкі мен көз жасы» роман. Жолтай Әлмашұлы.Астана. Фолиант.2007жыл -504 беттен тұрады. –«Сырдария кітапханасының» сериясымен басылып отырған бұл романында ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ ұлтының, әсіресе, Сыр бойы мен Қаратау арасындағы өмір сүрген байлар мен жатақтар өмірінің кең көлемді панорамасы жасалған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1928-1932 жылдардағы кәмпеске мен ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы репрессия кезеңін, оның тарихи себептерін суреткер өз кейіпкері арқылы шынайы суреттейді. 

6. «Тірі жан» - бес бөлімді драма-дастан. Ж.Әлмашұлы, Алматы, «Өлке», 2008ж- 332 бет. - Бұл жинаққа танымал драматургтың ел тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде жазылған драмалық шығармалары таныстырылды. Мұндағы пъесалардың тақырыбы әралуан, трагедия да, комедия да бар. Осындағы «Тірі жан» диптих-драмасы республикалық драмалық шығармалардың жабық байқауында жүлде алған. «Бақа бейнелі бала» атты психологиялық драма Қырғызстанда өткен Орта Азия драматургтері пъесаларының жәрмеңкесінде арнайы сертификатқа ие болған. Кітап республика театр ұжымына, өнер сүйер қауымға арналып шығарылған. 

7. «Таңдамалы шығармалар» - ІІ том Ж.Әлмашұлы. Алматы. «Өлке», 2009 жыл – 256 бет -Белгілі қаламгердің таңдамалы шығармаларының бұл екінші томына әр жылдарда жазылған әңгімелері топтастырылған. Шығарма тілі шұрайлы, жеңіл оқылады. 

8. «Тар дүние», Романдар, хикаяттар,әңгімелер - Астана, Астана-полиграфия, 2011 жыл – 315 бет 

9. «Жеті жебе» Драмалық хикаяттар. Әңгімелер. Новеллалар. Ж.Әлмашұлы Астана. 2012ж – 480 беттен тұрады. - Көрнекті жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлының бұл жинағына соңғы жылдары жазылған жаңа шығармалары топтастырылған. Мұндағы драмалық шығармалар мен әңгімелер жанры жағынан әртүрлі, алып отырған кезеңдері де әрқилы. Бірақ, барлық дүниелерге тән бір ерекшелік, мұнда адамгершілік пен сатқындық, тазалық пен арамдық мәселесі айтылады, ізгілік пен зұлымдық тартысы сөз болады. Кітап жеті драмалық хикаят және жеті әңгіме-новеллалардан құралғандықтан «Жеті жебе» деп аталған. 

10. «Өрілген өмір өрнегі» Жүлде алған пъесалар. Құрастырған Жолтай Жұмат. Астана Нұра-Астана. 2012 жыл 568 бет - Бұл жинаққа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы жылдары өткізіп келе жатқан дәстүрлі «Тәуелсіздік толғауы» байқауының «драматургия» номинациясы бойынша ең үздік шыққан шығармалар топтастырылған. Алғашқы бөлімде 2009 жылғы жүлдегерлер, ал екінші бөлімде 2011 жылғы жүлдегерлердің шығармалары берілген. Мұндағы пъсалардың бірқатары республика драма театрларында сахналануда. 

11. «Жасын ғұмыр», Тарихи очерк, тарихи драма. Жолтай Жұмат.Астана «Әдебиет әлемі», 2013 жыл – 160 бет. -Бұл жинақта қазақтың үлкен жүректі қоғам қайраткері, журналист, әдебиетші, аудармашы Садықбек Сапарбековтың (1902-1938жж) сан-салалы қызметі мен тайғанақ тағдыры жайлы көп мағлұмат берілген. Отыз бес жасында ұсталып, жазықсыз «халық жауы» болып жазаланған қыршын жас туралы бұл еңбекте белгілі қаламгердің тарихи-танымдық очеркі және драмалық шығармасы жарияланған. Кітап тарихшыларға, журналистерге һәм жалпы кітап сүйер қауымға арналған.


Әрине, жоғарыдағы айтылып өткен көркем дүниелерді саралап-салмақтап жатудан аулақпыз, оны оқып-талдау, өз бағасын беру келер күндердің еншісінде. Оны іске асыратын – әдебиет сыншылары мен ғалымдар! Біз қаламы жүрдек қаламгерге, жерлес жазушының жазба еңбектеріне, әрине, төреші бола алмаймыз. Алайда, қолда бар дүниелерін құрметтеп-қастерлеп ұстап, онымен көкірегі ашық зерделі жастардың танысуына, сусындауына жол ашып жатсақ, міндеттің де орындалғаны.


Ендігі айтар ақ тілек – қаламы қарымды жазушы-драматург ағамызға шабытыңыз сарқылмасын, жазарыңыз көп болсын деу!


«Алпыс –тал түс» деген рас болса, сіздің де қалам қуатыңыз төмендемей, оқырмандарыңызды жақсы да сәтті туындылармен қуанта бергейсіз!

Мөлдір Дүйсенбаева

тарихтанушы – әдебиеттанушы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар