Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жұмекен Нәжімеденов: Өлеңде өтірік соға салатын ақындар көп

22.01.2017 3899

Жұмекен Нәжімеденов: Өлеңде өтірік соға салатын ақындар көп


Жұмекен Нәжімеденов қазақ поэзиясын биікке көтерді. Өлеңдері терең идеялар мен нәзік иірімдерге құрылады. Ақын шығармашылығының әр шумағы дәлдікке, ойды жеткізуге жазылғанын аңғару қиын емес.

Жұмекен Нәжімеденовтың поэзия, күй, өнер, адамгершілік туралы өлеңмен жазылған ойларын қара сөзге түсіріп, ақынның терең танымына бір табан жақындағымыз келді.  

Оның өлеңдеріндегі негізгі ойды тәпсірлеп, оқырман назарына ұсынып отырмыз. 


7c9cdbe5c51e3d07d53392927861d711.jpg



Мен өзімнің өлеңіме үнемі сын көзбен қарап отырамын. Егер ертең менің өлеңімді бір адам шын жоқтап іздейтінін білсем, бар үмітімді сарп етіп, өлеңнен біржола бүгін қол үзер едім.   


Автор деген ауылға не айтсаң да көнеді. Оның ұсынған ақ адал тағамын кері итеріп, бетіне долдана күл шашсаң да, мыңқ етпеуі мүмкін. Тек оның оқыған өлеңін есінемей тыңдасаң болғаны. Ақынға одан асқан бақыт жоқ. 


«Күйді домбыра таңдап тартатын күйшінің мінезі құрысын» деп сәл еркелігін көтере алмай жүруші едік. Ал, енді не болды? Шын күйшіні жоғалтып алдық. Біздің төл салтымызда күй тарту қазіргідей сахнаның төрінде ғана болған жоқ қой. Күйші түгел, қазір көп үйден домбыра таба алмайсың. Уақыт көп нәрсені қымбаттатып, көп нәрсенің құнын түсірді. Қазір күйді үлкендер жағы ғана кемсеңдеп тыңдайды, бірақ балаларын даңғыр-дүңгір рояльмен жұбатады.


Күлкінің түрі көп қой. Аспанда күн күліп тұрмаса, адамдар жылылықтың күлкісін ұқпас еді. Мен күлкіні әр түрлі бағытта қолданамын. Бір күлкімді жауымның жүрегіне атамын, бірақ өлтірем деп ойламаймын. Енді бір күлкіммен өзімді-өзім емдеймін. Күлкінің өзі кеудеден ызамен емес, күліп шықса әйелдерше шын рахатқа батасың. Әйтсе де барлық күлкі атаулы жиналып алып, адамның көзінен аққан бір тамшы жастың құнын өтей алмайды.


Данышпандардың: «бүкіл әлем – тозаңдардан тұрады» деген заңына мен келісе алмаймын. Күннің шуағы кеудеме түсіп тұрғанда «тозаңдар» туралы жазам деп кім ойлаған. Айтпақшы, сол «тозаңдар да» өздерінше жарықты жақсы көреді екен. Мен алдымен жүрегімнің ішіндегі «тозаңдарды» тазартып отырамын. Ал, сыртта жүрген пысықтар аяғыңа қуып жүріп оратылып, маза бермейді. Олардың да өзінше әлі болады.


Өлеңде өтірік соға салатын ақындар көп. Мен де солар сияқты сөз көбігін жағалауда отырып шайқап, сапырар едім. Желік барда сөз құбылту, ұйқас қалау деген сөз болып па?! Бірақ шындық деген көзге ұрып тұр ғой. Ертең өлетінімді сезбесем, мен де көпірме ақындардың бірі бола салар едім.  


Ғұмырдың өзі бір ұзақ күй. Домбыраның екі ішегі өмірдің қатар жүріп отыратын жақсы-жаман ұғымы іспетті. Әр жылды пернеге балаймын. Кейде бір пернені жаңылып басып қалсам, одан әрі өмір сүргім келмей кетеді.


«Сәтсіз өлең жаздың» деген сыншының сөзіне қарамастан, атақ көріп талай өлеңімізді газет-журналдарға бастырып  жібердік. Сөйтіп өз аяғымызды сыншының қаламына матап бердік. Жастықтың желігімен жыр кештерде лапылдап, құрбының алдында бір бөсіп қалу үшін жазылған өлеңдер абырой әкелмеді. Сол кезде бетіңе мысқылмен күлгендерді күндес деп, сыртыңнан тілдегендермен тілдеспей кеттік. Өлеңді неғұрлым осал жазсаң, соғұрлым сыншың мықты болып көрініп қалады екен.


Дүниеде ақыл мен ой барда ақ шашты адамдардан үлес алып қалуды мақсат еттім. Онсыз да қайран, талай ақ шаштылар өмірден өтіп кетті. Етегінен ұстай алмадым. Ақшаштылар арамыздан кеткен сайын, уақыттың мысы мені басып барады. Ет жақын достарыма ақ шашты болуды тілеймін де, жауларымның міндетін қиындатам. Ақылды болуды ешкімнен аямаймын, оны мақтаншақ пен кещеге де қия саламын. Тек жан алғыш жандайшап, жендеттен қызғанамын.


Шығармашылық биікті бағындыру мүмкін емес. Әр жинағым шыққан сайын өз басым оқырманнан гөрі, дос пен қасты үйіп табамын. Күшті жазсам деңгейлес жүрген дұшпанның мысын басамын, әлсіз жазсам достарымның көңілінен шығып жатамын. Оқырманның жүрегінен адасып қалсам да, осы екеуінің жүрегінен орын табамын. Үнемі қадағалап отырады.


Мен өзімнен өзгенің барлығын құдай тұтамын, бірақ оларға бас шұлғып, құлшылық жасамаймын. Мен тіпті жамандарды да сыйлаймын, бірақ оларсыз өмір сүре аламын. Ал, жақсыларсыз жалғанды жалпағынан басу қиынға соғады. Адамның иттік жасаған кезіне де түсіністікпен қарап, өкпеге қимай қаламын. Тіпті жағымпазды да сыйлаймын, бірақ ол қасиет қорыққанымнан және еркімнен тыс болады. Жағымпаздар қауіпті келеді.


Кісіге көтерілетін биіктің түрі көп. Мәселен, альпинстің екі өмірі бар. Біріншісі, шыңды барып құшу үшін кетеді, екінші өмірі мың бұралып түсу үшін кетеді. Әзіл-шыны аралас түйілмей сөйлесем, әкімдерде де екі өмір бар, бірақ екеуі де қиын. Біріншісі жаңа орынға бару үшін кетеді, екінші өмірі сол орында қалу үшін кетеді.


Даңқтың өзінде дәм бар көрінеді. Аз татқандар бал дейді, көп татқандар у дейді.


Бұл өмірде бар нәрсені бір-бірінен айыруға болады, тек ақын мен қайғыны бөліп қарастыруға болмайды. Ол екеуін ажырату сүт пен суды бір-бірінен айырып алумен тең. Оның үстіне қайғысыз ақын белсенді, пысық келеді. Ал, ақынсыз қайғының өзі де бір өлексе.


Шұбатылып жаза беру өнер емес, оған кеткен күш-жігерге қайран қаламын. Жалыны бар өлеңге жақсылардың ғұмырындай қысқалық жарасады.


Құрық пен бұғаулық алып қанша қусаңда әккі ұры сияқты басын төмен бұғып, біз түгілі Абайға да ұстатпаған бір өлең жазылмай қашып жүрген сияқты.


Мағыналы, бағалы сөз іздеп әуреге түссең, өзіңді құр бекерге қамшылама. Асып-тасып кетсең бірден ауылды ойла, сонда сабаңа түсесің. "Ауыл адамдары кітап оқымайды" деп ойлама, олар тек кітаптардың төресін оқиды. Адамдардың төресі де ауылда жүр. Тірліктен тарылып бара жатсаң, тағы да ауылды ойла, бірдең кеңіп сала түсесің.


Адамның ұлт алдындағы міндеті аса көп емес. Абайдың бір өлеңін жатқа оқып, Құрманғазының бір күйін жақсы білсең, ол сенің еліңе деген құрметіңді білдіреді. Тым құрығанда әкеңнің жазғанын ана тіліңде оқи алуың керек.


Егер мен тас болып жаратылсам, өсек-ғайбат түтеген ауыздарға көлденең тұрып қарсылық көрсетер едім. Мен бір тамшы жас болсам, сұлулардың кірпігіне бітер едім. Сия болсам сөйлемдердің соңына нүкте болып тамар едім. Ал, егер бас болсам, ақымақтарға бұйырмайтын едім.


Өлеңдер Жұмекен Нәжімеденовтың III томдық шығармалар жинағының I томынан алынды. Кітап 1996 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. 

Жалғасы бар.





cf4ec7589acf9393ad2490132e05bb70.jpg






Бағлан Оразалы

   

 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар