Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Аягүл Мантай: Есениннің тағдыры

22.02.2017 2512

Аягүл Мантай: Есениннің тағдыры

                               

Ол – болмысынан, табиғатынан ақын еді.  Ол әлдебіреулер секілді өмірде ақынның образын жасаған жоқ. Өмірде басы «ноқтаға сыймай» ақын болып өмір сүрді. Ол басқаша өмір сүре алмас та еді. Есенин – ақын боп туып, өмірден ақын боп өткен тұлға. 


1957ca2cea7b6701aca33a8d87ff7de3.jpg


Ақын өзі туралы «Он сегіз жасымда өлеңдерімді журналдарға поштамен жібердім. Бірақ жарияланған жоқ. Ызаланып, Санкт-Петерборды бағындыру үшін үлкен қалаға аттандым. Бірінші Блокты, сосын Городецкийді көрдім. Алғаш рет Блокты көргенде қатты терлеп кеттім, себебі, өмірімде алғаш рет тірі ақынды көріп едім.  Қазіргі заман ақындарынан маған Блок, Белый, Клюев ұнайды» деп жазады.

Есенин танымал ақынға айналғанда оны көруді, онымен танысып, жақын араласуды талай жас ақын, талай оқырман армандады.  Есенинге еліктеп, Есенинше өлең жазғылары келді. Есениндей өмірге еркелеп, өмір сүргісі келді. Бірақ өмір ешкімді еркелеткен емес. Тіпті тумысынан дарынды, ерекше жаратылыс иесі, ерке, нәзік, сезімтал, сенгіш, аңғал, тәкаппар Есенинді де.

Сергей Есенин 21 қыркүйекте 1895 жылы Ресейдің Рязань облысына қарасты Константиново селосында өмірге келді.  Он жеті жасында Мәскеуге келіп, ет сататын дүкенде, типографияда жұмысшы болып, жұмыс істейді. Ол кезде Ресейдің астанасы, мәдени ордасы – Санкт-Петербург еді. Мәскеуден Петербургке келген жас ақын, бұзық Есенин  ақындардың ортасында өлең оқып, әдеби ортаға тез танылады.

...Петербургтің шылым сіңген қабырғаларына сүйеніп мас Есенин өлең оқып отыратын, өлең жазып отыратын. Есенин баратын барларға оқырмандар оның өлеңдерін тыңдау үшін іздеп баратын.

Ақынның америкалық танымал биші, өзінен он сегіз жас үлкен Айседора Дунканға үйленгенін біреулер жазғырып жатты.  Бірақ... өзін өзі құтқару үшін, сақтау үшін, тағы да өлең жазуы үшін ол солай етуге мәжбүр еді. Талантына тұсау, шабытына тежеу болған аяр дұшпандардан алыс кету үшін, біраз уақыт шетелге кету үшін кедей ақын бишіге үйленуі тиіс еді. Айседора Дункан орыс тілін өте нашар білетін, тіпті ойын жеткізіп айта алмайтын, ал Есенин ағылшынша  мүлдем білмейтін. Екеуі ыммен сөйлесіп, бірін-бірі әйтеуір түсінетін.

Айседора талантты, тағдырлы биші еді. Үлкен ұлы мен қызы жол апатына ұшырайды. Олар мінген машина көпірден Сенаға құлап, машинамен бірге балалары суға батып, өледі. Ауыр қайғыдан көпке дейін биші өз өзіне келе алмайды. Бәрін ұмыту үшін биші бала сүйгісі келеді. Өмірге шекесі торсықтай ұл әкеледі. Үшінші баласының көрер жарығы аз екен, өмірге келгеннен кейін бірнеше сағаттан кейін ол да көз жұмады.

Замандастары: «Алғаш танысқан сәтте-ақ екеуі бірін-бірі бұрыннан білетін секілді әсер қалдырды.  Ерке, тентек Есенин Айседораның тізесіне басын қойып жатты. Айседора «алтын бас» деп оның шашынан сипап отырды», - дейді. 

Айседора Дункан Есенинге тұрмысқа шығарда өзінің жасын жасырып, тіпті паспорттағы өмірге келген жылын өзгертеді. Есенин «Айседораны өзінен тоғыз жас үлкен» деп ойлайды, ал шын мәнінде, әйелі өзінен он сегіз жас үлкен еді.

Айсодораға дейін Есенин Зинаида Райх есімді актрисамен некеде болды. Зинаидадан екі баласы бар. Журналист, әрі өзінің әдеби көмекшісі Галина Бениславскаямен Айседора Дунканға үйленгенше бірге тұрды.  Дунканмен ажырасқаннан кейін Галинаға қайтып келді, бірақ екеуі үйленген жоқ. Есенин өмірден өткеннен кейін бір жылдан кейін Галина ақынның бейітінің басында өзін өзі атып өлтіреді.

Лев Толстойдың немересі Софья – Есениннің соңғы әйелі. Софьяға үйленгеннен кейін бір жылдан кейін Есенин өзіне өзі қол жұмсап өледі. Бірақ бүгінде мінезді ақынның өзіне өзі қол жұмсап өлмегенін, оның өліміне НКВД-нің қатысы бары жазылып та, айтылып та жатыр.

Саған ұқсап менің де жанады ішім,

Құлағыма сыбырлап, құран оқып,

Иектейді мені де «қара кісі», –

деп жазады Мұқағали Сергей Есенинге арнаған өлеңінде.

Есенин «Қара кісі» атты өлеңінде қара адамның өзіне маза бермейтінін айтып, ішкі жан дүниесіндегі арпалысты қағазға түсіріп, жанын азаптаған ойлардан арылғысы келеді.

Есенин танымал болғаннан кейін әдеби салондар бірінен кейін бірі оны кештерге шақыра бастайды. Сондай кездесудің бірінде Есенинге деген оқырманның ықыласын көрген Максим Горький Р.Ролланға былай деп хат жазады: «Қыркүйек айында мешкей бүлдіргенді көрсе қалай қуанатынындай,  қала оны үлкен таңданыспен қарсы алды».

Қазір басқа уақыт, басқа кеңістік. Бүгінде қоғамның әдебиетке деген көзқарасы мүлдем басқа. Бірақ Есенин өлеңдері әлі күнге дейін оқырманның таңданысын тудыруда.




  





 Аягүл Мантай



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар