Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Аягүл Мантай: Ақша үшін жазбаған жазушы

27.02.2017 2678

Аягүл Мантай: Ақша үшін жазбаған жазушы

Жазушы ретінде оның ұстанымы «Өзің білетінің туралы ғана жаз» еді. Ол өзінен ғана емес, өзгелерден де осыны талап етті. Өзінің қарама-қайшылыққа толы болмысынан, жандүниесінің арпалысынан аз азап шекпеді. Бәрінен жазу ғана құтқаратындай жаза берді. Өмірде өзін өзінен жасырса да, шығармаларында мұңы мен қайғысын жасырған жоқ. Ол өзі туралы жазды, оның кейіпкері өзі еді. Бір тыныштық таппайтын жанын құтқару үшін басын тауға да, тасқа да  ұрды. Жанын азаптаған мұңнан арылғысы келіп, жиі саяхат жасады. Бірақ ол өзінен ешқашан қашып құтыла алмайтынын білді.  

beccd28af14daf53bbe3bf742b2804db.jpg

Ағылшын жазушысы Сомерсет Моэм 1874 жылы 25 қаңтарда Парижде дүниеге келді. Сомерсеттің әкесі Франциядағы ағылшын елшілігінде заңгер болатын. Ол сегіз жасында анасынан, он жасында әкесінен айырылып, жетім қалады. Сомерсетті  Англиядағы туған-туыстары қамқорлығына алады. Бақуатты Моэмдер әулеті Сомерсетті жетімсіретпегенімен, зерек, бәрін де жүрегіне жақын қабылдайтын бала жалғыздық мұңын сезініп өсті. 

Моэмнің негізгі мамандығы – дәрігер. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазушы Британияның тыңшысы болды. «Эшенден немесе Британ агенті» новелласында өмірінің кейбір сәттерін суреттейді.

Алпыстан асқан кезінде Моэм ағылшынның танымал ғана емес, ең бай жазушысына айналды. Джек Лондон өзінің жақсы жазуының себебін «Мен ақша үшін жазам. Нашар дүниені ешкім сатып алмайды, сол себепті, жақсы жазам» деп түсіндірсе, Моэм өзінің ақша үшін жазбайтынын айтады.  «Мен ешқашан ақша үшін жабаймын, тек өзімді қатты мазалайтын ойлардан, харектер мен типтерден құтылу үшін жазам» дейді ол.

Моэм өзінің жазу тәсілін әрқашан күнделігі мен сұхббаттарында оқырманымен бөлісіп отырды. «Әр жаңа романымды жазуға отырар алдында «Кандиданы» қайталап оқимын, себебі, маған бұл шығарманың дәлдігі, айтар ойы, грациясы ұнайды» деп жазады.

 Жазушы  күн сайын таңертең үш-төрт сағат жазу стөлінде отырды, күнде 1000-1500 сөз жазды.

Моэм сурет өнерін жақсы түсінді, суретшілермен жақын араласты.  Бірде сөз өнерімен ауырып жүрген жас жігіт Моэмге өзі жазған дүниелерді жолдап, беделді жазушыдан мақтау, марапат күтеді. Жас талапкердің суретші туралы жазған шығармасын оқыған жазушы  «Жас жазушылар суретшінің шеберханасының табалдырығын аттамай, көріп-білмей, зерттемей суретші тағдыры туралы жазғысы келеді»  деп қынжылады.

Сомерсет Моэмге табыс әкелген романының бірі – «Ай мен бақыр». Романның басты кейіпкері Чарльз Стрикленд  прототипі әйгілі суретші Поль Гоген. Қырықтан асқан кезінде бес баласын, отбасын, қызметін тастап, «суретші болам, мен өмірге суретші болу үшін келгенмін» деп әлемді шарлап кеткен жанкешті суретшінің өмірі туралы аз шығарма жазылған жоқ.  Бірақ дәл Моэм секілді қаңғыбас жазушының тағдырын, жоқшылықтан қиналып, өмірден баз кешкенін, өнер үшін жеке басының бақытынан бас тартқанын ешкім де шеберлікпен сурттей алған жоқ.

Жазушының «Театры» әлі күнге дейін әлемдегі ең көп оқылатын кітаптардың қатарында. Әдеби ортаға драматург ретінде танымал болған Сомерсет Моэм театрдың «ішкі кухнясын» жақсы білетін, өнер адамдарының табиғатын ұзақ зерттеді. Моэм  ерлі-зайыпты режиссер мен актрисаның психологиясын, өзімшілдігін, жанкештілігін, өнер үшін қандай да құрбандыққа бара алатындарын ашып жазады.

Сомерсет Моэмнің «Пирог пен сыра» атты романы аз мақталып, аз сыналған жоқ. Романның басты кейіпкері – жазушы Эдуард Дриффилд қоғамы «жезөкше» санаған Рози есімді қызға үйленіп,  жеңіл жүрісті  әйелмен бір шаңырақтың астында бірнеше жыл өмір сүреді. Рози ешқашан Дриффилдті түсінген емес, жазушы әйелінің көңілдестері бар екенін, тіпті екеуінің кішкентай қызы дүние салған күні «қаралы» әйелінің бір көңілдесін іздеп кеткенін бәрін-бәрін біледі. (Дриффилд мұны кейіннен өз романында жазады) Бірақ ұрыс шығарып, әйелін ұрып-соғып, жазаламайды не ажырасып та кетпейді. Осы бір тағдырына көндіккен секілді,  «мамыражай» өмірін жалғастыра береді. Батыстың өркениеттілігі дегеніміз – тым-тым жабайы өркениет.  Моэм бір кейіпкерінің аузымен Дриффилдтің ең жақсы шығармаларын Розимен тұрған кезде жазғанын айтады.

Дриффилд танымал, беделді жазушыға айналған кезде Рози Америкаға  көңілдесі Джорджбен қашып кетеді. Атақты, бақуатты Дриффилд жеңілтек әйелін тастаған жоқ, керісінше, Рози оны тастап кетті.

Ішінде шайтаны бар Розиден құтылғанына қуану былай тұрсын, Дриффилд құсадан жүнжіп кетеді. Сонда үлкен шенеунік пен әйелі үйінде екі жыл тегін тұрғызып, бүкіл жағдайын жасайды. Бартон Траффорд ханым  үйінде тұрғызып қана қоймай, Дриффилдті беделді адамдармен таныстырып,  газеттің редакторларымен келісіп,  оның кітаптары туралы жақсы мақалалар жазғызып, әдебиет әлеміндегі имиджін жасайды.  Бартон Траффордтың Дриффилдке деген симпатиясы ағылшын әдебетінің нөмірі бірінші жазушысын жасап шығарды. 

Сомерсет Моэмнің жазып отырғаны шындық. Қанша талантты, білімді болса да, уақыт көзге ілмейтін тұлғалар бар. Олар кейде уақыт өте келе өз бағасын алады, кейбірі тарих қойнауында еленбей қалып қояды. Жазғаны қамқоршысының арқасында «хитқа» айналып кеткендерді уақыттың өзі қоқысқа лақтырып тастайды.

Моэм бұл романы арқылы бір жазушының тағдырын ғана суреттеген жоқ,  әдеби әлемнің «шындығын» жалаңаштап көрсетті. 

«Оқуға дағдылану – нашаға тәуелділікке  ұқсайды, адам оның құлына айналады» деген жазушының кітаптары бүгінде үлкен сұранысқа ие. Моэмнің өмірбаянын зерттеуші Селина Хастингс «Моэмді әдебиетті сүйетін адамдар ғана емес, өмірде кітапхананың, кітап дүкенінің есігін ашып көрмеген адамдар да қызығып оқыды» деп жазады.

Моэм романдарының оқылымды болуының себебі: оқырман оның романдарын оқығанда айнадан өзін көргендей сезімде болады. Өзіңмен өзің бетпе-бет келу ауыр. Өмірде өзімен өзі бетпе-бет келуден қорқатын оқырман Моэм шығармаларынан өзін көреді.


   

Аягүл Мантай



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар