Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сағат Әшімбаев: «Өлең оқу үшін де өнеге керек»

12.07.2017 6580

Сағат Әшімбаев: «Өлең оқу үшін де өнеге керек»

Әдебиет ақиқаттың мәнін айғайға бармай ашуы, шындықты шыңғырмай айтуы керек. Нақтырақ айтқанда, ақиқат туралы ой өмірлік оқиғадан туып, оқиғаның астарында жатқан концепция адам образы, кейіпкер характері арқылы жеткізілуге тиіс. Демек, әдебиет үшін образ, характер жасау – негізгі міндеттің бірі. Осы міндет поэзияға да жат емес. Рас, бұл қиын талапқа жауап берудің жолы прозаға қарағанда өлең сөзде әлдеқайда ауыр. Өйткені, өлеңнің табиғаты «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жөнсіз сілтей беруді, басы артық бақыр сөздерді көтермейді.

e14abde6d3969232a6a9ee129df1e1c3.jpg

***

Ақындық міндет. Бұл ұғымның аясы өте кең. Оған ақынның азаматтық асыл мұраты, асқақ мақсаты, қоғам мен адам, уақыт пен мораль, адамдық пен надандық, парасат пен кесапат туралы ордалы ойлары жатады. Азаматтық пен адамгершіліктің биігінде тұрған адам ғана алдына ұлы міндет – халқына қаламмен қызмет еті міндетін асқаралы мақсат етіп қояды. Үлкен жүрегі бар адамнан ғана үлкен өнер туатындығын тарих тағылымы көрсетіп келеді.

***

Поэзия – жүректің сөзі. Бір жүректен шыққан шымыр сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла сезімнің бұлықсып бас көтеруіне түрткі болады. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деген ұлғатты сөздің өлеңге де толық қатысы бар. Жүректегі сезімді оятқан өлең тегін өнер болмаса керек. Өлеңнің өнегесі сол, ол адамдық сезімді ғана оятып қоймайды, оны адамзаттық асқақ сезімнің дәрежесіне дейін көтереді. Азаматтық асқар сезімнің шыңы ұлттық сезім де өлең арқылы оянып рухани күш алады.

***

Ақын – қоғамдық-эстетикалық құбылыс. Сол үшін де оған екеуінің тарихымен қатар заңдылықтарын, даму жолдарын, қажеттіліктерін қапысыз білуі керек. Яғни, ақын өзі өмір сүріп отырған қоғамның көкейкесті мәселелерін көтеріп, оған үн қосумен бірге, өзіне дейінгі әдеби дәстүрлердің жаңалығын жалғастыруы тиіс. Жалғастыру үшін бұрынғы эстетикалық құбылыстардың озық жағы мен тозық жағын бес саусақтай білген жөн.

***

Өлең – әдебиеттің көне жанры ғана емес, көлденең көк атты кимелей алмайтын көш бастаушы «көсем» жанры. Мәселен, проза әдебиеттің еркін әрі етек-жеңі кең формасы болса, өлең қиюы бөлек қиын саласы. Онда бөлек-салақ бөгде сөз, көзге ұрып тұрған көлденең нәрсе, айылын жимаған артық деталь болмауға тиіс. Өлең әрбір сөзі сан рет сараланып, өлшеніп, тартылған, сонысына қарамастан ой толғауға бірден-бір оңтайлы жанр. Оңтайлы дегенді оңай екен деп қарауға болмайды.

***

Поэзия ойға оңтайлы болғанмен, ой қайталауды қаламайтын жанр. Онда ой мен сезім қаншама терең де телегей болғанмен, образға оралмай тіке айтылған жағдайда қарадүрсінділікке айналып, дидактизмге жол беріледі. Поэзияның жаны – образбен астарланып алға тартылған татымды ой. Ол сонда ғана оқушы жүрегіне жол табады.

***

Поэзия, асылы, тікелей қарабайыр фактілердің жетегінде кетіп, күнделікті тұрмыстық мәселелерге араласа беруді қаламайтын жанр. Әйтсе де, оған өмірлік маңызы зор әлеуметтік фактілер мен адамгершілік рухани проблемалардың әсер-ықпалы ерекше екенін жоққа шығаруға болмайды. Айталық, ел өмірінде саяси-әлеуметтік оқиғалар мен жаңалықтар, әлемдік масштабтағы әр түрлі өзгерістер поэзия назарынан тыс қала алмайды.

***

Осы уақытқа дейінгі дүниелік әдебиеттегі өлең сөзбен сомдалған образдарға қарап отырсақ, оның бәрі поэзияның ой айтуға мүмкіндігі мол жанр екендігін дәлелдейді. Сондақтан да «өлеңнің өрісі тар, уақыты өтіп бара жатыр» деген пікірлерді түгелдей қостай қою қиын. «Өлең» оқылмайды деген сөздерде де ұшқарылық бар. Керісінше, оны оқу мәдениеті жете бермейтін шығар. Өлең оқу үшін де адам жанының жаратылысындағы әсемдіктің әсерін қабылдай білетін сезім ұшқырлығы мен ой кемелдігі қажет. Сұлулық та сұлу сезім бар жерге ғана қоныс тебеді. Жұмыр басты пенденің бойында да өнер кірпішімен қалануға тиіс кетіктер болады, сол кетіктің бірі өлеңмен толтырмайынша бос тұрады.

***

Рас, образ поэзияға ғана тән нәрсе емес, ол жалпы әдебиет атаулының күретамыры іспетті. Тек поэзиядағы көркемдік образ жүйесінің өзіндік өзгешелігі бар. Атап айтқанда, поэзия қара сөзге салсаң қиюы кетіп, қақырап шыға келетін ойды, яғни прозаизммен беруге келмейтін өмір шындығын көркем шындыққа айналдырады.

***

Ақындық интуиция – табиғаттың сыйы, ал ақындық мәдениет – оқу, орта, ізденіс арқылы қалыптасады. Интуицияның күшімен кім де болса бір рет жарқ етіп көрінуі мүмкін, алайда оның шындықтың жарқыраған жалынына, ақиқаттың алаулаған алауына айналуы үшін көптеген интеллектуальдық факторлар қажет. Яғни, ақындық мәдениетті адамның жеке басындағы рухани мәдениеттің байлығынан бөліп қарауға болмайды, ол ақынның интеллекті мен интеллектуальдық ізденісінің нәтижесі.

***

Әдебиеттің негізгі объектісі – өмір өзгеріп, адам іштей-сырттай өсіп жатқан уақытта әдебиеттің барлық саласында ізденіс байқалуы, поэзияның да бұрынғы таныс «әуенін» өзгертуі заңды құбылыс. Поэзия уақыттың, адам ақыл-ойының алдыңғы шебінде болуы керек. Адам санасы өскен жерде поэзияның сыры мен сымбаты одан да жоғары болуға тиіс. Біз ғылыми-техникалық революция поэзияға әсер-ықпалын қай тұрғыдан тигізіп отыр деген күрделі мәселені осы қырынан түсінеміз.

***

Поэзияның құдіреті адамдық асыл сезімнің тууына, дамуына, үстемдік алуына қолайлы адамгершілік атмосферасын жасайды. Өмірдегі жақсылық, махаббат атаулының түп төркіні осы асыл сезімнен ғана басталады. Адам баласын айуандықтан айыратын да осы аяулы сезімнің күші. Қысқасы, түйсіксіздіктен арылудың жолы – өнердегі, өлеңдегі эстетикалық сұлулықты сезіну арқылы арылу. Демек, поэзия адам бойындағы сезім байлығын сақтаудың рухани қайнар көзі деуге әбден болады.

***

Талант пен мінез! Осы екі қасиетті сөзден келіп өнер мен өнеге туындайды. Амал не, сақи да бақи табиғат жоғарыдағы екеуін де бір адамның бойына бере бермеген ғой. Бірін тапсаң, екіншісін таба алмай жатасың. Бізде қайсыбір жағдайда таланттың тарпаң келетініне пендешілікпен осқырына қарайтын мінез бар. Мәдениеті, әдебиеті, тарихы бай елдер талантты ұлдарын қалайда құрметтей білгенін, білетінін ұмытпаған жөн сияқты.

***

Өлең оқу үшін де өнеге керек. Яғни, оған бір ғана көркемдік түйсік жеткіліксіз, көрегенділік те аса қажет. Ал оны түсінбейтіндерге, өнердің мәні өңі түгіл, түсіне енбейтіндерге қарап торығудың қажеті жоқ. Өлең сияқты қасиетті өнерді қасиеті жоқ адамдардың түсінбейтіні де рас. Осы жерде «Күніне бір өлең оқыған адам – ақын, аптасына бір өлең оқыған адам – азамат» деген Р.Ғамзатовтың сөзін еске сала кеткенді жөн көрдік.

***

Рухани жарымжандықтың бел алуының типтік көрінісі – тоғышарлық мораль мен тоғышарлық психология. Тоғышарлық тоқырау басталған жерде қарақан бастың қамы күйттеліп, азаматтық асыл мұрат мансұқ етіледі, қоғамдық сана санаттан шығады. Бұл індетке қарсы күресу – ең алдымен әдебиет пен өнердің негізгі бір міндеті. Сол үшін де тоғышарлыққа тойтарыс беру, оның зауалды зардаптарын болдыртпау бағытында поэзия көтерер жүк ауыр.

***

Адам жанындағы жасаңдық пен қасаңдық өнер ме өлеңнің әсемдік әсерінің аз-көптігіне тікелей байланысты. Өйткені, адамның тәні жастықтың жалынынан алыстаған сайын, оның жанын қасаңдықтың тас қамалынан аулақтатып жасаңдыққа, жасампаздыққа жақындата түсетін рухани күштердің бірі – өнердің эстетикалық құдіреті екендігін өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Сонымен, өлең оқу сөз мәнісін білуге үйретіп қана қоймай, өмірге деген құштарлық сезіміңе тереңнен қозғау салады.

(Сыншының мақалалар жинағынан)

Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар