Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Абай Мауқараұлы. Әмірханның әмірлігі...

09.03.2023 1864

Абай Мауқараұлы. Әмірханның әмірлігі 16+

Абай Мауқараұлы. Әмірханның әмірлігі - adebiportal.kz

(сыни эссе)

Иә, дәл солай! Образды түрде емес, реалды түрде жазылып тұр, «Әмірханның әмірлігі» деп. 

Әмірліктің иесі – Әмірхан Меңдеке, кәсіби журналист. Әрине, ат-тегінің артына атақты, әйгілі, танымал, белгілі... деп, әдеттегідей шұбыртсақ артық емес еді, алайда, осылардың бәрі Әмірханға кем соғатындай. Әрі ондай «қағаз тәжге» осы азамат зәру де емес екені белгілі. Өйткені «рухани әмірлікке» ие болғандар, қашанда даңқ-атақты да, сый-сыяпатты да керек етпейді. 

Сонымен «рухани әмірлік» деп, отырғанымыз не? Түйсіктен сезім, сезімнен таным, танымнан ой, ойдан сөз, сөзден сана, санадан ақыл-ой, ақыл-ойдан парасат, парасаттан рух жетіліп шығады. Ал, рухта бәрі бар: адамшылық та, ғылым-білім де. Діннің де тұрағы рух. Аталық-аналық ұрық жасушасында түйсік бар, екі ұрық осы түйсік арқылы жолығып, бірігіп, жатырда болашақ адамның негізін қалайды, содан сәби болып туып, алғашқы сезімнен жоғарыдағы аталған рухани жолды жүріп өтеді.

Ал, рухтың жоғарғы көрінісі – «Ұлттық рух». Ұлттық рухтың жетілуі – ұлттық тілдің үздіксіз дамуымен ғана болады. Ұлттық тілдің тоқырауы, тозғындауы ұлттық рухтың жойылуына әкеліп соғады. Ұлттық рухтың жойылуы – ұлттың мүлде жоғалуы екені айдан анық қой. Олай болса ұлттың әрбір мүшесі ең әуелі тілін жанындай қорғауы шарт. Егер қорғамаса, ондай пенде күнелтіп жүрген адам пішінді хайуан яки бөтен біреудің тілінде сөйлеп жүрсе, сол басқа ұлттың рухани құлы деген сөз. 

Міне, рухтың жайын қысқаша түсіндік. Онда «рухани әмірлік» те түсінікті болмақ яғни ұлттың рухани әлемін қорғаушы, соны қорғау үшін қолданылатын барлық амалды іске асырып күресуші, деген сөз. 

Қазақ қоғамы Ресей империясының қоластына түскеннен бергі бүкіл тарих осы «ұлттық рухты» қорғау тарихы. Ресейдің ақ империясы мен қызыл империясы қазақтың ұлттық рухын жою үшін адамзат тарихынан бергі жинақталған бүкіл зұлымдықтың түрін түгел қолданды. Алайда, ұлттық рухы өте мықты қазақты жоя алмады, бірақ әбден титықтатты. 

Енді «Әмірханның әмірлігі» туралы әңгімені дәл осы арадан бастаудың сәті түсті: 

«ӨЗ АНАМДЫ ӨЗ ҚОЛЫММЕН БАУЫЗДАП ӨЛТІРДІМ!» Осылай деп мақтануға, масайрауға бола ма? Болмаса, онда біздікі не? 

Бұл – осыдан 13 жыл бұрын жазған Әмірхан Меңдекенің мақаласы. Тақырыбының өзі селк еткізеді! Ал, оқи бастағанда, жоқ оқып емес... дәл қазір Әмірханның өз ауызынан естіп тұрғандай намыстан яки аяныштан қаның басыңа шабады не шарасыздықтан көзіңнен жас тамады.

Журналистің өз басынан кешкен ащы оқиға «1987-жылдың ерте көктемі», - депті. Бажайласақ, дүниені дүр сілкіндірген атақты «Желтоқсан көтерілісіне» бір жыл толған кез, осыны жазып отырған Әмірхан да ол кезде отызға енді аяқ басқан жас жігіт екен. 

Оқиғаны барынша қысқаша түйіндесек, қазіргі Республика сарайында Қазақстан мұғалімдерінің кезекті съезі өтіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің атынан Әмірхан тілші ретінде барған. Сонда, Социалистік Еңбек Ері, мектеп директоры Құмаш деген қазақ мінбеге шығыпты. Сөз ала сала: «Былтырғы жылғы алаңға шыққан ұлтшыл оңбаған, опасыз, бейбастақ қазақ жастарының қылығынан әлі бетіммен жер басып ұялып жүрмін», - дейді. «Сол үшін», - депті де, Зинаида деген баяғыда қайтыс болған өз мұғалимасының рухынан басын тізесіне жеткенше иіп тұрып кешірім сұрайды, содан тағы да аса қадірлі Геннадий, құрметті Вадим, сүйікті Галина... тағы қаншама орыс халқының адамдарынан басын иіп тұрып кешірім тілейді. 

Өз басының кешірім сұрауын азырқанғандай және бүкіл қазақ оқығандардың атынан ұлы орыс халқынан да кешірім сұрап, басын төмен иіп, ұзақ тұрып қалады. Сонда, не болды дейсіз ғой, сарайдағы үш мың мұғалім әлгі Құмаш бас иген сайын ду қол шапалақтап, ұзақ иіліп тұрған сәтінде басын көтергенше қызу шапалақтарын тоқтатпаған... 

Яғни алаңға шыққан оңбаған, бейбастақ, ұлтшыл қазақ жастарының бетіне аянбай шапалақтаған десе болады. Мұны көріп отырған Әмірхан дереу сарайдан шығып, еңістегі шыршалардың қалқасына барып: «Ал, еңіре... ал жыла...», - дейді. «Содан бергі қаншама жылда, осы сұмдық көріністің себебін тауып, дәл атауын атай алмай келемін, тек сол сұрқай көрініс есіме түскен сайын жүйкемді жаншып, еңсемді езумен келеді», - дейді. 

Иә, мұны меніңше, Ресей империясының «жеңісі» деу керек. Екі жүз жыл талмай күрескен қазақ халқының өр рухының әбден аяқ-асты болған кезі. 

Азаттық үшін жанын тіккен ұлт батырлары Махамбет, Кенесары және басқа қаншама атаусыз қалған ерлерінің басы кесілген қанды күреспен жалғасып келген Ұлт рухының «Желтоқсан жанартауы» болып атылған жастарын, өз халқынан шыққан сатқындары табанымен жаншып жатса, табалап отырса, бұл әрине, ұлттық рухтың әбден құлдыққа мойынсұнғаны, демек. 

Әмірхан оны «ұлттың тұтастай мәңгүрттенуі» деп атапты. Оған советтік аға буын ғана емес, тәуелсіздіктің дәмін татқан орта буын да, тәуелсіздік кезеңінде туған соңғы буын тіпті, мәңгүрттенуден алдыңғыларды басып озды, депті. 

Осы сөзінің дәлеліне, өздері оқымысты, қазақшалары да тәп-тәуір алматылық отбасы ата мен апаны мысалға алады. Олардың екі ұлы қазақша дым білмегені өз алдына, қазақ тіліне өшпенділікпен қарсы күрес жүргізіп келе жатқанын, бірі үкіметтік шенеунік, бірі жоғарғы оқу орнының деканы екенін, өздерінің басқарып отырған мекемесіне қазақ тілді кадрды жолатпауы тұрыпты, қазақша ісқағаз жүргізуге қатаң тыйым салған. Сонда, қол астындағы орта буын өкілдері де, жас буын да өз тілдерін қорғаштауға қауқарсыз. Ал осындай асқан орыс тілді балаларын әлгі екі қария аса мақтан тұтады, ұлдарының мансаптарына мерейленіп отырады екен. 

Әлгі екі мәңгүрт те өз ата-бабасының тілі – Ана тілін өлердей жек көретінін, оған қарсы екенін айылын жимай ашық айта береді, дейді. Сонда, бұл дегенің «Мен өз қолыммен өз анамды бауыздап өлтірдім!» - деп, мақтанумен пара-пар емес пе?» - депті. Сонсоң, журналист: «Ана тіліміз – біздің анамыз емей кім?!» - деген сұрақ қояды. 

Бірақ, бұл сауалды мұндай «мәңгүрттер» естімейді ғой, естісе де ұқпайды ғой. 

Онда, жуналистің бұл сөздері «ұлттық рух» жолында әлі берілмей күресіп келе жатқан, халқын сатпаған қазақтарға арналып айтылғаны анық. Әмірхан: «Ұлттық рухты сақтайтын жалғыз шарт ол – ұлттық тіл», - деп шегелеп айтады. Сол үшін, өзі тілін білмейтін мәңгүттермен аяусыз күресуді осы мақалада бүге-шігесін қалдырмай алға тартқан. 

Советтік мәңгүрттер тәуелсіз ел болғаннан кейін де қазақ тіліне қарсы әрекеттерді тіпті өрістеткенін жанды дерек, дөп дәйектермен жайып салған: «Қазақстанда ұлттық телеарна деп аталған орындарға көбінде орыс тілді бастықтар отырады, олар қазақ тілді бағдарламаларды өз білгенінше қысқартып жатса, оған жауапты министрлік басшылығы да, қол астындағы қазақ журналистер де еш қарсы келмейді». 

Еліміздің телеарналары орысша хабар таратуы тұрыпты, Ресейдің бүкіл ақпараттары емен-еркін ел аумағында тарай береді, басқа көрші тәуелсіздік алған елдер әлдеқашан тек өз тілінде ғана хабар таратуды жолға қойған. Бізде ғана олай емес. Үкімет басқаратын қазақтың жоғарғы шенділердің бала-шағасы түгелдей орысша мектептерде оқиды. Қазақ тілін тіл деп, білмейді. 

Осы ел-жердің тарихи иесі қазақ халқының бүкіл болмысы сақталған бай қазақ тілін білмей ел басқару деген, адамдық әдепке оғаш, саясатқа сыймайтын, қоғамтану ғылымына қайшы бола тұра, әлгі мансапты шенеуніктер қамсыз-мұңсыз, жайбарақат, күл.і.і.і.п, ел басқарып жүр, орысша сөйл.е.е.е.п, сайр.а.а.а.п. 

Бұл не!? «Жалпылай, тұтастай мәңгірттену» - депті. Ал, біздің қазақ мұндайды «тірідей тілін суыру» деп атаған. Яғни, отарлаушы империяның жүздеген жылғы зымиян жоспары іске асқан, деген сөз. 

Қалай дейсіз бе, қазақты алғаш отарлауға келген орыстың жаулаушылары өздері қазақша судай үйреніп алып іске кірісіп, елін-жерін иеленген болса, келесі кезекте қазақтың өзін орысша судай сөйлетіп, өзін-өзіне салуы – отарлаудың ең қауіпті түріне айналды.

Бұрынғы қазақтар, елін отарлаушы ата жауын танып, біліп күрес жүргізсе, енді, кіммен күресесің, «өз қолыңды өзің кесесің бе?!» - дегенге келіп тірелгеміз-ді. Сонда, амалсыздықтан, ділгірліктен «ұлт рухын» қорғаудың тың әдістерін қарастырған, жаңа ардагерлер толқыны шығып келді. 

Соның бірі, мына әңгіме етіп отырған «Әмірханның әмірлігі» еді. «ТІЛІҢДІ ӘУЛИЕ ТҰТ, СӨЗІҢДІ – ПІР» атты кітап, осы ұзақ жыл күрес жүргізген «Әмірліктің» жүріп өткен жолының бір парасы ғана. Жоғарыдағы талдаған мақала да осы кітаптың ішіндегі біреуі ғана. 

Осының өзін оқып отырғанда, қазақтың ұлттық рухына қарсы әлі тоқтамай ашық жүріп жатқан қастандықты және оған қарсы тұрған қиян-кескі ұрысты бүкіл жан-дүниеңізбен сезінесіз. Сезіндіңіз бе, болды онда, «әмірліктің» мақсатының өзі осы, әрбір қазақтың ұлттық рухын өлтірмей сақтай тұру. Басқа амал жоқ.

Мына кітапқа енген мақалалардың бәрі кезінде республикалық қазақ басылымдарында жарияланған, алдына қырық жылға таяу уақыт болған, ең соңғысының өзіне отыз, жиырма, он жылдан асқан, бірақ бәрі бүгінгі күні жазылғандай атойлап тұр! 

Атойлайтын себеп: жазылған жайлар бәкін-шүкін қу тірлік үшін емес, ұлттың рухы жайлы, оны қорғаудың қамы, оны қорғаған Алаш көсемдерінің күрес жолы (Жүсіпбек Аймауытпен рухани сұхбат; «Жала мен Жазадағы» аталған Ахмет Байтұрсын, Құдайберген Жұбан, Смағұл, Мағжан, Тұрар, Нәзір, Ораз, Сәкен, Ілияс, Бейімбет туралы; «Жебей жүр бізді, Қызыл жебе!» Тұрар Рысқұлдың ғаламат саяси өмірі, жазған кітабы; Кейкі батыр...), тәуелсіздіктен кейінгі ұлт күрескерлері мен қазақ тілді ұлт зиялыларының тағдыры («Өзгерістің керек екенін өз өлімімен дәлелдеп кетті» Алтынбек Сәрсенбай туралы; Мұстафа Өзтүрік, «Жақсыны жақсы деп, бақсыны бақсы деп қашан айтар екенбіз» мақаласындағы Жақсылық Досқалиев, Жақсыбек Құлекеев, Серік Бүркітбаев, Мұхтар Жәкішев, Бергей Рысқалиев...), ұлтқа төнген сан-түрлі қатерді көзге шұқығандай етіп анықтап көрсетуінде. 

«Әмірхан әмірлігінің» тәуелсіздіктен кейінгі ең мықты штабы «Жас Алаш» республикалық қоғамдық-саяси газеті болды. Тәуелсіздік атын жамылған елде, билік пен байлықты өзіне тәуелді етіп алған, постсоветтік орыс тілді билік өкілдері енді қазақ ұлтына қарсы «ұлтсыздандыру» тәсілін жүргізе бастағанда сөз бостандығына қарсы әрекеттерге бірден-бір төтеп берген жалғыз басылым осы еді («Дат», «Солдаттарды» айтпағанда). 

«Жас Алаш» киоскіде тоқтамай сатылып кететін және ауылдарда қолдан-қолға өтіп оқылатын. Өйткені, тәуелсіздіктің отыз жылындағы жалған сайлаулар, алдау-жолдаулар мен қара басының қамын күйттеген ел мүддесін ұмытқан шенеуніктер, нақақ сотталып кете барған ел азаматтары жайлы нақты хабарлар үздіксіз осы басылымда жазылып тұрды.

«Әмірханның әмірлігі» солайша күрес жүргізді, осылайша күрес жүргізудің жолында талай жас журналистер шыңдалып шықты, жас қыз Жұлдыз Әбділданың өзі осы «әмірліктің» сайыпқыран сарбаздарының бірі болды. 

Ал, Әмірханның өзінің көздеген жеріне дәл тиіп жалманынан түсіретін «жалғыз атар» қаншама шағын мақаласының өзі неге тұрады, оқыған сәтте көзіңді жарқ еткізеді, удай ащы мысқылмен жазылған сөздер есіңнен кетпей, көкірек көзіңнің жасын ағызады. (Бұлар кітапқа кірмей қалған екен).

«Қазақ тілді зиялылар, жалпы қазақ тілді қауым қазақ тілінің мұңы мен зарын айта-айта шаршады, қажыды... Өздерін тыңдамаған, қажытқан, шаршатқан биліктегі дөкейлерге деген ызасын ішіне жинап, кеудесіне бүге береді. Жиналған ыза-түйін бітеу жараға, күбірткіге айналады. Ал, күбіртке...», - деп, тоқтайды. 

Осыны оқып отырған оқырман, бірден «Күбіртке жарылады!!!» - деп орнынан атып тұратыны сөзсіз! Сұмдық сұңғыла болжам! Жоқ, болжам да емес, ақиқаттың жүрер жолын дәл ойлаған, ақиқатшыл, әділеті әрбір адам білетін қоғамдық қорытынды. Яғни бұл сөз «Әмірханның әмірлігінің» биліктегілерге ескертуі, халықтың көңіл-күйін дәл тапқан қаламгерлік пайымы. Мақала 2010-жылы жазылған, дәл айтқанындай бұл «қоғамдық күбіртке» 2011-де «Жаңа-Өзен көтерілісі» болып жарылды. 

«Не десек те, біз қазір отпен ойнап отырмыз. Түптің түбінде осы ойынымыздан алапат өрт шығатынын әлі сезіне алған жоқпыз. Ең жаманы, сезінгіміз де келмейтіндігі». Бұл сөз 2009-жылы жазылған, одан кейін де қоғамдық қаншама ұшқындар жарқ-жұрқ етіп келіп, 2022-жылы, дүниені дүр сілкіндірген бүкіл қазақ халқының «Қаңтар көтерілісінің» өрті шықпады ма?!

«Тіліңді әулие тұт, Сөзіңді – пірді» түгел оқығанда, қазақ қоғамының рухани ахуалында айтылмай қалған сөз аз. Сөз түйінің бәрі де, «ұлт рухының жаны ұлттық тілді қорғау, толық қолданысқа әкелу, сол тілде бүкіл еліміз бір кісідей сөйлеу» дегенге келеді. Әйтпесе... ел болу жоқ, дейді. Әсіресе, енді, ондай ойынға көн.і.і.і.п отыруға қазақ деген тарихи халықтың төзімі қалмағанын, төзімі қалмаса сол жолда өлуге бар екені...айтылады.

Міне «Әмірхан әмірлігінің» қырық жылғы қайыспай күрескен ақпараттық айқасының ең қысқа баяны осындай. Ұлт мүддесін сатқан билікқұмарлар мен мансапқорлар тарих жазбасында халықтың қарғысына ұшыраса, өз ұлтының рухани азаттығы жолында күрескендер ел есінде алтын әріппен жазылып, халқының мақтанышы, рух байрағы болатыны аксиома. Олай десек, «Әмірхан әмірлігі» де мойынындағы азаматтық міндетін таймай атқарғанын кітапты аяқтаған сәтте анық түйсінесіз. Шаршаңқырап қалсаң да, рухың шаттанғанын байқайсың.

Мен де сол ықыласпен қолыма қалам, алып оқырман ретіндегі ой-толғауларымды барынша сығымдап жаздым, ал әріптес қаламгер ретіндегі пікірлерім кітаптың бұрыш-бұрышында белгіленді. Өйткені, бұл өз меншік кітабым еді. 

Өткен жылғы қараша айының соңында, сәті түсіп «Үркер» бағдарламасынан көріп, сонда қаламгер Әмірхан Меңдекенің жаңа кітабының таныстырылымын тыңдап, осы кітапты тауып оқиыншы деп Астанадағы әдебиетші інім Ұлан Еркінбай арқылы іздеу салып едім, ол таба алмады. Ақыры шын ниетпен іздегенімдей, Жазушылар одағындағы «Әдебиет» баспасының Бас редакторы Ғалым Қалибектің өз қолынан алғам-ды.

«Жақсы кітап жан азығы» дегендей, осы кітапты шұқшия оқып отырып, өзім де өмір бойы «Қазақ рухымен, қазақ тілімен ауырғаннан» бері, отыз жыл бұрын жазған «Тілін қорғай алмаса, тәуелсіздіктен не пайда?!», жиырма жыл бұрынғы «Тілдің өз заңы мен өгей заңы», жуық жылдарғы жазған «Тобырлық санадан ұлттық санаға дейін», «Қазақ тілі: иә, жоқ» тағы қаншама мақаланы жазған әріптес ретінде, өзімді де осы «әмірліктің» қатардағы бір сарбазы сезіндім.  

04-03-2023 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар