Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Абай Мауқараұлы. Цунами талант ...

22.04.2019 4701

Абай Мауқараұлы. Цунами талант

Абай Мауқараұлы. Цунами  талант  - adebiportal.kz

(қиял-шыны аралас)

Жуықта әдебиет білгірі, ескі танысыма кезігіп қалғандағы естіген жаңалығым еді...

Әлгі, атақты білгір әңгіме айтар алдындағы қашанғы әдеті бойынша өзі туралы аннотациясын төгіп-төгіп алды: «Әдебиет теңізінің қайнар бұлағымын», деді. «Сол құлағымды бұрасаң Шығыс әдебиеті төгіле жөнеледі, оң құлағымды бұрасаң Батыстың классикасы тоқтамай ағады. Мұрынымды түртіп қалсаң өзіміздің Қазақ әдебиетінің жауһарлары жауады. Ал, енді ауызымнан қазір елдің ауызының суы құрып жүрген модерн мен постмодерннің түр-түрі түрленіп гүлге айналады» деді.

Міне, мұндай дара білгірді тыңдамай кете алмайсың, тыңдағаныңды біреуге айтпай тағы тұра алмайсың. Ал, өз басым мұндай әңгімені жорналис ретінде шып-шырғасын шығармай саққұлақ оқырманға жеткізбекпін.

Нөсербек деген белгісіз ақынды алғаш таныған Қызылкүрең Жойқынбаев деген кәсіби әдебиетші екен. Яғни, ол бұл күнде дариядай тасып жатқан кітаптардың арасынан Нөсербекті асқан әдеби талғаммен тауып алыпты. (Негізінде, ол тауып алған жоқ, Нөсербек оны тауып алғаны шындыққа жанасады) Солайша, білгір әдебиетші Нөсербектің жыр жинағы туралы талдау мақаланы жазып, жариялап жіберген. Порталдағы оқырман саны қырғын! Мақаланың тақырыбы оқырманның көзін бірден арбап алған болу керек. «Цунами сирек талант». Әрі, мақаланың тегеуіріні сонша, ал дегенде-ақ, ақынды Хакім Абаймен теңестірумен бастаған. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дейтін хакімнің өлең туралы өзгерместей қылып айтқан канонына алғыр талант төңкеріс жасаған, депті.

Өйткені, цунами талант дүлей толқындай алапат шабытпен жазғандықтан, «тілге жеңіл» дегенді сөздердің астым-үстім түскен, алды артына кеткен жаңа тәсілмен ауыстырып жіберген, дейді. Себебі, цунами таланттың асау арынының күші соншалық қазақтың табиғи сөйлем құрылысын талқандап, «қандай болса, сондай» деген, талғамға жеткізген көрінеді. Былайша айтқанда, цунами тасқыннан кейін жағалауда тұрған үй-құрылыстар қалай быт-шыт, ойран-топан болып қалад, дәл сондай сөз құрылымымен «өзгеше сөз суретін» салған екен. Яғни, өте табиғи! Өлеңдегі мән-мағына ұйқысыраған адамның сөзіне ұқсайды, не әбден ішкен мастың былдыры яки тойда тост көтеріп, көңілдене лепірген тойшының лебізі... әйтеуір қойшы өмірдің нақ өзі! Әдейі сөйлем құрап, жөндеп, түзеп-күзеп дегендей жасандылыққа бармаған. Міне, бұл қазақ сөз өнеріндегі постмодерн!

Ал, енді қазақ сөз өнеріндегі мұндай постмодернге ұйқастың түк те керегі жоқ. Жыраулардан бастап Абай хакім қостап бұзылмастай етіп, мәрмар тастан қашалғандай қалыптастырып қойған оншақты ұйқас түрі енді, қажет емес! Себеп, цунами таланттың қара дауылдай дүлей ойлары ондай стандарт ұйқастарға сыймайды екен! Цунамидей үрейді ұшыра күркіреген ұбақ-шұбақ өлең толқындарының ара-арасында жылт етіп қана көзге шалынатын ұйқасқа ұқсастау бірер сөздер болса жетіп жатыр. Бұл дегеніңіз, қазақ сөз өнеріне енді келіп араласқан постмодерн өлеңдердің басбілмес болмысына өте жарасып тұр!

Ал, енді Хакім Абайдың «жүрекке жылы тию» теориясына келсек, ол да бұл постмодерн өлеңде мүлде өзгеріске ұшырап, басқа кейіпке енген. Постмодерн өлеңнің сөз құрлысы әлгіндей быт-шыт табиғи болғандықтан яғни цунамиге ұшыраған теңіз жағалауындағы үйінділерге ұқсайтындықтан мәні де солай болуға тиіс екен. Оның ішінен керегіңізді өзіңіз іздеп тауып алыңыз! Кроссвордқа қалай бас қатырсаңыз, бұл постмодерн өлеңге сіз де солай бас қатырып, соның ішінен қажет болса, рухани керегіңді өзің ізде! Міне, бұл дегеніңіз дайын ұйқас, айқын ойға әбден жаман үйренген тоғышар оқырманды, ойлануға, рухани жетілуге үйірететін бірден-бір құбылыс! Яғни, үйінді-қирандының арасынан мықты болса, оқырман өзі эстетика жасап алсын!

Міне, осындай рухта жазылған әдебиет білгірінің мақаласының өзі сенсацияға айналып кетіпті. Жыр жинақ, жайында қалыпты! Осыдан кейін-ақ, келесі кезекте, әдебиеттің талантты жас білгірлері «Нөсербектің жыр жинағын» тауып алып, оның жан-жағынан кіріп, оның ішінде жасырынып жатқан небір тылсым ой мен нәзік сезімдерді ашып, алғыр оқырмандарды қайран қалдырыпты. Соның біреуі, Нөсербек ақын тіпті, қазақты алпысыншы жылдары Совет Одағына танытқан «Ғарыш ақынынан» да асып кетті, деген жаңалықты шығарып келген. Яғни, «Ғарыш ақыны» жер атмосферасынан ары шыққан ғарышкердің ерлігін паш етіп, сол кездегі аңқау оқырманның аузын аңқайтқан болса, мына цунами талантты постмодерн ақын, қазірге дейін құпиясы ашылмай жатқан жердің ядросына таяп барыпты. Былайша, айтқанда, ақын өз өлеңіндегі рухани динамитпен жер шарын қақ бөліп ашып жіберуге күшім жетеді, деген! Бірақ, әзірше біреулер бөгет болып тұрғандықтан, ашпай тұра тұрамын, депті. Міне, ғажап! Бұл деген Құдайлық құдірет қой!

Тағы бір жас әдебиетші цунами таланттың Күн мен Айды суреттеуінде, жылқы мен ешкіні жырлауында жыраулар секілді құр ақыл, Абай хакімдер құсап жансыз фотографиялық суреттеумен шектелмей, Күн мен Айды сөйлейтін тірі кейіпкерге айналдырып, қазақтың жылқысы мен ешкісін, көл бақа туралы өлең жазған әлдебір атақты Жапон ақынынан да асырып, ақ текенің сақалын айға теңеп поэзиядағы пейзаж жасауда шыт-жаңа шырқау биікке шықты деп, дәлелдеп шығыпты.

Міне, осылайша цунами талант Нөсербек ақын жайлы зерттеу мәтіндері аз уақытта бүтін интернет айналысатындай мөлшерде көбейіп үлгерілген. Әрине, бұл «цунами талантты тану» ғылымының басында осы әңгімені маған айтып беріп тұрған әдебиеттің білгірі өзі тұрғанын, одан кейінгілердің бәрі өз шәкірттері екенін, өте сыпайылап ескертіп қойды. Өйткені, ол кісі өстіп жүріп өзінің жаңаша «школын» қалыптастырмақ көрінеді. (Мен ішімнен, мұндай әдеби зерттеуге жасы жүзге таяп кеткен қазақтың сөз зергері Мұзафар Әлімбаев та, тіпті Одаққа әйгілі «Ғарыш ақыны» да жете алмаған еді-ау, деп қоям.)

Содан, әдебиет білгірі маған әңгімелеп берген зерттеу-сұхбатын қорытындылады:

Бұл цунами талантты Француздың әйгілі суретшісі Пикассоға салыстыруға болады, деді. Ол, кәдімгі уақыт өлшейтін сағаттарды қалай болса, солай майыса беретін жұмсақ резинка секілді етіп сызып бейнелеу өнерін дүр сілкіндірген. Адам қиялы жетпейтін құбылыс жасаған! Және, дәл қазіргі сахна ән өнеріне де цунами таланттың ұқсастығы бар, дейді. Былайша айтқанда, бұрынғы атақты әншілер бұлтқа жететін шырқау дауыстарымен, бұлбұл үніндей сыңғыр әуенімен мақталып, тыңдарманның көңілін әдемі күйге бөлеп, рухани рахатқа кенелтетін болса, қазіргі әншілер сахнада қолына микрофон ұстап алып, тыңдарманды «енді не болар екен?!» деген үрей мен үміттің арасында отыратын сандалбай деген күйге бөлейді екен, сөйтіп әлгі әнші кенет секіріп-секіріп кетіп, ең соңында қарлығыңқы масаң-мауыққан дауыспен әлдебір дыбысқа ұқсас үн шығарса болды, бұл дегеніңіз, қазіргі ең соңғы үнсіз-тілсіз ән-өнеріне жатады екен. (Па, мына әдебиет білгірінің бүкіл өнер саласынан білмейтіні жоқ қой, деп таңданып қоям)

Ең, соңында әңгімені төгіп тұрған әдебиет білгірі түйін сөзін айтты-ау! «Цунами талант Нөсербектің өзі, оқырман тұрыпты, кейде кейбір өлеңдерін өзі де түсінбейді екен. Өйткені, оның тастай суық ақылынан жұлдыз сәулелі сезімдері мүлде озып кеткен. Сондықтан, өрмекшінің торынан да жіңішке, жаңа жауған қардың ұлпасынан да үлпілдек сезімдерін жеткізуге қазақ сөзі тапшылық ететін көрінеді. Міне, осы жағдайға байланысты ақынның өлеңіндегі өте тұңғиық тереңде жатқан сұмдық сырларды, сұрапыл түйсіктерді қазіргі жас әдебиетшілер иіскеп таба ма, сипап таба ма, әйтеуір тауып алып талдау мақала арқылы, ойлы оқырманға жеткізіп беруге тиіс екен, дейді»

Әрең аяқталған сөз соңында атақты әдебиет білгіріне жорналист ретінде бір сауал қойдым. «Осындай ерекше қабілетті Нөсербектің өзі тауып алды деп, ойлайсыз ба? Оған осындай асқан дарынды, Жаратушы Ие бергені туралы бір ауыз сөз айтпадыңыз ғой?» деп едім, әдебиетші әріптесім қабағын қатты шытты: «Әдебиет өнеріне дін мәселесін араластыруға болмайды, бауыр!» деді. Және шегелеп тұрып тағы айтты: «Нөсербектің талантын Табиғат жаратқан іштен туған хас талант», «Нөсербектің өзі де мұны Табиғаттың жомарт сыйы деп біледі» деді.

Тағы бір сұрақ қойып қалдым: «Қалеке, осы біздің прозада постмодерн бар ма?» Әдебиетшім екіұдай күйге түсті: «Қолдоп ойнап тұрып, аяқдопқа түсіп кету қалай болады? Бірақ, бұл салада да мен «телеграфный проза» деген термин қалыптастырып үлгергендіктен бірауыз мысал айта кетейін. Міне, мынандай төрт-ақ сөзден тұратын әңгіме сол прозадағы постмоднерннің жемісі. Тыңда: «Келдің бе?» «Иә» «Отырсаңшы!» «Жоқ!» «Негеее?» «Оттама!» Мынаны естігенде «постмодерн өлеңмен» жылап көріскендей болдым...

Егер, әдебиет зерттеушісінің сағат жарым үздіксіз айтқан осы әңгімесін түгел жазсам «атөртпен» он сегіз-жиырма парақ болар еді. Оқырманды шаршатпау үшін оны шолу мақала ретінде жазғалы жүргенімде, цунами талант жөнінде адам сенгісіз сенсация тағы бұрқ ете қалды. Оқиға былай өрбісе керек:

Әлгі, бүтін интернетке жүк болатын «цунами талат» туралы зерттеу мақалалалардың ең таңдаулыларын бір жас қазақ аз уақытта ағылшыншаға аударып, кітап етіп шығарып жіберіпті. Сөйтсе, әлгі ағылшын тіліндегі әдеби зерттеу кітап «Нобель сыйлығын сараптайтын кеңестің» кеңсесіне жетіп қойыпты.

Олар Азиядағы белгісіздеу, аз халықтың осыншалық терең де, жан-жақты әдеби біліміне қатты таңданып қалыпты. Мақаладағы жаңа әдеби терминдердің молдығына риза болыпты! «Қазақ» деген халықтың ешкімге ұқсамайтын бөлек дүниетанымын, дара эстетикалық таңдамалы талғамын ағылшын тілінің шеңберінде мөлтілдетіп дәл де, әсерлі жеткізгеніне елжірегендері сонша, көздеріне жас алған екен.

Бір ғажабы «сыйлық сараптау төралқасы» Нөсербектің «жыр жинағын» яғни түпнұсқаны оқымай-ақ, осы зерттеу мақалалар арқылы «20....-жылғы әдеби сыйлықты, қазақ деген халықтың поэзия өнерін әлемге танытқан, көшпенділер ұрпағының қайталанбас дүниетанымын сөз өнеріне айналдырғаны үшін» әдеби Нобель сыйлығын беруге лайық деп, ұйғарып жіберген!

Тағы бір таңғаларлығы сыйлық сараптау төралқасына осыған қатысты әлдебір шағым хат яки қарсылық пікір де түсіп үлгерген көрінеді. Нобель сыйлығын алуға ұзақ өмірін арнаған, өте беделді бір қазақ қария бұл хабарды естісімен «Кезекті бұзып менің алдыма түсіп кететіндей ол нендей керемет қазақ?!» деген мазмұндағы хат жолдаған.

Бір ғажабы бұл арыздың да жауабы жеке иесіне ғана емес, Халықаралық әдеби журналға жарияланыпты. (Шағым хатпен қоса) Жауап қысқаша мынандай:

«Біз өз тарихымызда әдеби сыйлықты түпнұсқаның өзін сарапқа салмай-ақ, оны талдаған зерттеу мақалалар бойынша берейік деп, отырмыз. Тіпті, зерттеу мақала ғана емес мынандай да керемет бар екен. Нобельге ие болғалы отырған атақты ақынның аты-жөні туралы бір зерттеуші былай депті: Ақынның аты сел болып жауатын жауынның ең қысқаша атауы, дейді. Яғни, «Нөсербек» деген адам есімі мәдениетті батыс әлемінде әлі қалыптаспаған, тек қазақ деген халыққа ғана тән феномен. Тіпті, сыйлыққа аты ұсынылатын дүниежүзінің халқынан мұндай ерекше аты-жөнді көрмеген біз қатты таңырқап отырмыз. Ал, ақынның өз аты ғана осындай ерекше болса ештеңе емес дер едік, әкесінің аты да алапат екен! «Қарақұйын» дейді! Есімнің мағынасын ағылшынша аударғанда кеңсеміз шайқалып кетті! Енді, фамилиясын естігенде естен танудың аз алдында қалдық! Шатыр-шұтыр! Найзағай! Нөсербек Қарақұйынұлы Найзағай! Міне, бірінен бірі өткен осындай үш есім-сойдың қабаттасуының өзі ғана Нобель сыйлығына лайық» депті.

«Ойпыр-ай!» дедік, бүкіл қазақ бір дауыспен, қазақ даласын теңселте, қуаныштан маңдаймыз жарылып, көзімізден жас ыршып кетті! Толқудан аласұрған жүрек ауыздан шығып кетуге аз қалды, ерініміз кемсеңдеп: Вернард Шоу бекер айтпаған екен ғой, дедік. «Нобель секілді сыйлықты шайтан да ойлап таба алмайды!» деп. Осылайша, біз қазақ, бұрынғы киіз үйлі ауылдар елі, қазіргі «Тойханалар» отаны енді, Нөсербек Найзағайдың Нобелін тойлау қамына кірісіп те кеттік.

Бұл қуанышты хабар құлағына тиер-тимес порталға топырлаған тобырлар бірін-бірі басып-жаншып кете жаздады. Пікір алаңына шыққан тобырдың тоқсан пайызы «Атағымызды айдай әлемге жарқырата жаю үшін аянбай тойлаймыз!» деген ұран көтерді. Қалған он пайызы «Сіңірің шығып отырып ненің тойы!» деп, қарсы шықты.

Осылай портал алаңында төбелес басталып кетті. Нөсербектің жыр жинағы да, оны жазған шулы мақала да жайына қалды. Портал жазармандары өз-өзінің жазғанын жарыса жабылып жайратып, өз-өзін бидайдай қуырып сорлатып, бірінің-бірі көтенішегін суырғандай сұлатып, алқымнан алып бақыртып... азумен орып аңқитып, асыра мақтап аспандатып, ақыра боқтап жерге тығып... айқайлай жақтап, тұқырта таптап, шыңғырта даттап, қырғын қызық... әбден қызып тұрған сәтте Калбит деген қадірсіз біреу шығып «Нөсербек современный халтурщик» деп, қалып еді, әлгі бірін-бір кеңірдектен алып тұрғандар ілезде өзара жауласуын тоқтарып, қатарласа қалып Калбитке тұра ұмтылды, сұмпайыны өлміші сабап, өшіге өшіріп, өңешін жұлып, жүндей түтіп, шиедей тырнап, шидей сөгіп, терін төгіп... нелер ғажап шешен-шеге сөздер жебедей ағылды...

Бірақ, баяғыдан бері той тойлаудың әлемдік кәсіби шебері, әккі майталманы саналатын бас көсем мұндай бос сөзге алданбады, тұлпар аттай төрт тағандап тұрып:

«Егер, осы Нобелді «жуған» тойдан кейін «қазақ» деген атымызды әлем танып-білсе, қиямет қайым болғанаша, кредит төлеп, кедей күн кешуден де еш тайынбаймыз!» деп, қатты.ы.ы.ы.ы. кісінеп жіберді.

Сол кезде әлі қалың тобыр, құлағын қайшылай тігіп алып, шұрқырай кісінеді, содан тоқтамай кісінеді... Бүкіл дүние қазақтың кісінеуіне толып кетті, әлем халқы қазақтың жылқы дауысына тәнті болып жатқанда одан да өткен ғажап болды, Қазақ өкіметінің бүкіл мүшесі шошып оянғандай орындарынан атып тұрып, біріне-бірі қол беріп, қазақша «Қалайсыз!» «Қалайсыз!» дей берді...

03.12.18.

Көрнекті сурет: Критика. Травьестің карикатурасы. 1930ж


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар