Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Абай құдайды тану жолында...

10.04.2023 1152

Абай құдайды тану жолында 14+

Абай құдайды тану жолында - adebiportal.kz

(1894-1898 жылдар аралығына зерттеме)

Абайдың Шығысы жайлы сөзімді жалғастырып, бұл жолы Шығыстан алған нәрі қайсы? 1894-1898 жылдар несіменен ерекше? Оны хакімдік биіктің қарсаңы деуімізге дәлелдер қайсы? деген сауалдардың жауабын іздеп көрмекпін. Сол үшін Абай өмірінің ішкі-сыртқы өзгерістеріне жіті үңіліп, сол заманның ауанымен тыныстауға тура келеді. 

Абай алған асу-биіктер көп. Соның ең соңғысы – «Тасдиқ» (қазіргіше 38-сөз) атты трактатына қалам тербеген 1899-1902 жылдар. Бұл таза хакімдік еңбек. Бізді қызықтырып отырған бұл кезең емес, оған дейінгі бес жыл, яғни хакім деңгейінің қарсаңы. Алғаш рет Абай суфистік идеямен Шығыстың сопы-ақындары арқылы танысты. Шәкірт Абай санасы Ахмет Риза имамның медресесінен осынау рухани нәрді сіңірді дейміз. Бұл жайында «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласында Мұхтар Әуезов: «Жақсы жайлау, өзгеше бір қоныстың шеті тартады. Навои, Шәмси, Сейхали аттарын атап кеп: «Мәдет бер, я шағири фәрияд» деп қыстығып, «мәдәт» тілейді», – дейді. Бірақ алғаш танысқан шағы мен оны терең түсінген уақыт арасы алшақ – отыз жылдан асады. Оның шығармашылыққа, алыс-жұлысқа да толы жылдар болғанын ескеріңіз! 

Демек, Абай Құдайды тану, мұсылманша айтсақ, мағрифатулла жолына рухани толысқан тұста қадам басты. Дәлдісінде, бұл 1894-1898 жылдар. Осы жылдары түп Иені және адамның болмысын тануға ынталы жүрек, шын көңілмен кіріседі, оның дәлеліне әйгілі өлеңдері («Әсемпаз болма әрнеге», «Лай суға май бітпес...», «Малға достың мұңы жоқ...», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман», «Алла деген сөз жеңіл», т.б.) мен қара сөздеріне (10, 12, 13, 16, 17, 28, 34, 36) сүйенсек те жеткілікті.    

Тәңіріні іздеген көңіл-күйі мен мақсат-мұраты 1895 жылғы «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде былайша өрілген:

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,

Өзіне құмар қылған Оның әмірі.

...Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкан,

Түп Иесін көксемей бола ма екен? 

Құдайды тану жолында дегенге ойшылдың осы сөзінен артық дәлел болмаса керек. Енді айтылмыш жолға қалай түскенін рет-ретімен баяндайық.

1890 жылдардың тап басында бір Абай емес, екі Абайды көреміз. Біреуі классик ақын-ағартушы һәм өмір қазанында қайнаған қайраткер Абай, екіншісі, көңілі рух өрісін іздеп шарқ ұрған, гений болуға айналған Абай. Екінші Абай қоғамның кем-кетігін ғана емес, өз мінін де көрген, қателіктерін мойнына алған хәлімен өзгерек. Мәселен, «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде: «Ақыл менен білімнен әбден үміт үзіппін» дейді. Десе дегендей, ғылымнан аулақ қалғаны шындық-тын. Сондықтан кемеңгер 1894 жылдан осы олқыны толтырмаққа бар күш-жігерін салады. Бұдан он бес жылдай бұрын Батыс қайнарына қалай барса, енді Шығыс бұлағына бас қойып, онан мейірі қанғанша сусындағаны ақиқат.

Өмірдерегіне жүгінейік. Қолда бар естеліктер 1894 жылдан Абай бір болыс елдің жұмысы, мейлі, сауда-саттықпен дейсіз бе, Семей қаласына жиі қатынағанына сендіреді. Шындығында, қалаға көбіне кітаптарды және тыңдаушы ортаны іздеп тартып отырған. 1893 жылдың соңында балаларымен кеңесе отырып, қажетті қаржыны жинап Әнияр Молдабаев деген өзі оқытқан азаматқа Семейдің орталығынан майқарағайдан салынған екіқабатты еңселі үйді сатып әперген еді (бұл үй қазір «М.Әуезов және Алаш арыстары» музейі). Банк қызметкері болған Әнияр осы үйдің үлкен де жарық бөлмесін ағасы Абайға арнап, сонда ештеңеге алаңдамай, жазуын жазуына қолайлы жағдайды жасап қояды. 

Абайдың қалалық өмірі, міне, осы оқиғадан басталған. Шаһардағы өмірі мейлінше мағыналы өткені тағы анық. Бұл Абай десе, ішкен асын жерге қоятын, ақынды бір көруге құмар қазақтар көбейген шақ, Мұхаң айтқандай, «сырт елдердің барлық басты деген кісілері Абайдың әңгіме мәжілісіне құмар болып, ақыл өсиетін де тыңдағысы келетін» кез еді. Семейде айлап аялдаған соң, шәкірт кезінен білетін ұлты татар құрбы-құрдастарымен сырлас, тамыр дос болып, қайта табысады. Аталған аумаққа Абай кәдімгі өз ауылының адамындай сіңіседі (міне, осы себепті Абайдың қырық күндік асы Семейде, жаңағы Әниярдың үйінде берілген болатын). Әрине, сол жағалауда қазіргі Жаңасемей бөлігін мекендеген қажы, халфе, көпес дейтін қазақтың игі жақсыларымен де тығыз араласқан. 

Қара сөздердің едеуір бөлігі қалада жазылғаны шындық деп мойындалуы керек. Әниярдың баласы Сапарғали ақсақал өзінің «Әкем Әнияр Абайдың тәрбиелеп өсірген адамы» деген естелігінде біздің үйге «Абай жиі келіп айлап, апталап, тіпті жылдап жататын» деп куәлік береді («Абай» журналы, №3, 2016 жыл).  «Есімді біліп қалған кездерден біздің үйдің екінші қабатындағы бөлмеде кітап оқып я болмаса жазу жазып отырған Абай атаны көретінмін» деп есіне алады. Демек..., «Мен бала күнімде естуші едім» деп басталып, қалың елі қазағын өзге ұлттармен салыстыратын  екінші қара сөз (Мүрсейіт көшірмесінде 27-сөз), сірә да, Әниярдің үйінде жазылған. Өйткені, ондағы ноғай, сарт, орыс – үшеуі де Абай мінезі мен тұрмысына қанық, көршілері ретінде күнделікті етене араласқан ұлттың өкілдері. Екінші мысал, 43-ші сөзі, онда ойшыл жан қуатының үш элементін атаған: «подвижный элемент» – бұл тез ұғыну деген сөз; «сила притягательная однородного» – ұқсас нәрселердің бір-біріне тартылуы; «впечатлительность сердца» – мұнда төрт нәрсеге мұқият болу керек...» деп. Келтірілген абзац та қалалық белгі сияқтанады маған. Қысқасы, қаланың тынысы бар қара сөздер баршылық. 

Бәрін айт та, бірін айт, кешегі кеңестік заманда Абай қалалық кітапханадан шықпай, керегін сонан тауып отырды деген көзқарас басым болды. 1879-1884 жылдары жер аударылған орыс достарымен ағартушылық арнада табысқаны, жақын тартқаны талассыз аксиома. Бірақ он жылда Ертістен көп су ақты, ахуал өзгерді. Ақынның қоршаған ортасы ғана емес, жан сарайы, ойлау жүйесі де түрленді, жаңаланды. Ендігі іздеген кітаптары да ойшылдық өрістен екенін ескеруіміз керек. 

Бір губерния елдің жүрегі болған Семейдегі Абай өмірі «Абай жолы» эпопеясының кейінгі тарауларында жиі кездесіп отырады. Бұл жайдан жай емес. Әниярдің үйі тұрған жер, Татар слободкасы делінетін сән-салтанаты жарасқан аумақ, бүкіл қаланың жүрегі есепті еді. Айнала дүкендер, кеңсе мен мәдени ошақтар, ерке Ертіс жағасында пароход тоқтайтын алаңы бар үш қабатты әсем ғимарат (бұл ғимарат қазір де бар, онда әйгілі бу диірмені орналасты). Бұдан бөлек, мешіт-медреселер бой көтерді жаңадан (жиыны жеті мешіт). Әрбірінің сөрелерінде кітаптар иін тіресіп тұратын-ды. Сеніңіз, сол сөрелерден Қазан қаласында басылған кітаптың бәрі дерлік табылатын-ды. Құран, өзге де киелі жазбалардың  тәпсірі, ең бастысы, жәдитшіл мұсылман ойшылдарының, әл-Фараби аударған ежелгі грек философтарының еңбектері, сондай-ақ, ортағасырлық «кәміл адам» танымына қатысты құнды әдебиеттер баршылық еді. Ілкіде аталған мақаласында Мұхаң: «Сонымен, өз тұсында, ХІХ ғасырдың екінші жарымында, Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшыл дін реформашыларының шеніне араласады. Абай татардан шыққан Хайым Насири алдындағы Шиһабидин Мәржаниді қостайды», – дейді. Жәдитшілдік қозғалысты меңзегені. «Тәржіман» газетінің егесі Смағұл Ғаспиринский бастатқан жәдитшіл зиялылар схолостик дінді де, ескірген оқу жүйесін де қатты сынға алған-ды. Олардың мұраты – қараңғылыққа оранған мұсылман қауымын ояту, Еуропа халқы сияқты, жарыққа, ғылым-білім жолына салу болды. Әрине, дін ислам негізінде. «Жаңашыл реформашылар шеніне Абай да араласты» деуімен Мұхаң қазақ даласында жәдитшілдік бұлағы – Абай мұрасы екеніне меңзеп отыр.        

Сөз сөзден туады, Семей ситидің сол жағалауы – Заречная слободкаға 1897 жылдың күзінде отец Сергий деген миссионер уәкіл-поп келген ғой. Қазақ балаларын шоқындыруға арналған миссионерлік шіркеудің ашылу салтанатына. Ол мұсылман қауымынан бір адам менімен пікірталасқа (ол күнде «бақас» дейді) шықсын депті. Христиан және ислам діндері бойынша жекпе-жекке шақырған ғой сабаз. Сонда сасқалақтаған татар, қазақ халфе, имамдары Абайға жүгініпті (үш сағатқа созылған бақас соңында екі ғұлама дарвинизм қауіпті ілім десіп өзара ұғысады, әйтсе де Абай жеңді, өйткені, қарсыласына «ислам – хақ дін» екенін  мойындатты дейді көзі көргендер). 

Құдай жолы – кәмәлат жолы. Абай кәмәлатқа жеткеніне басты дәлел – 1899-1902 жылдары жазылған «Тасдиқат» (қазіргіше 38-сөз) трактаты. Оның бастапқы бөлігі –  «Алла тағаланы танымақтық» ілімі, теңіздей терең ізденіссіз көнбейді. Түп Иенің сүбутия сипаттарын тағрифлап тану – Абай жаңалығы: «Егер де ол сипаттарымен тағрифламасақ, бізге мағрифатулла қиын болады» деп түйеді.

Тізе берсек, трактат таңғажайып жаңалыққа толы. Құдайды тану – барша ғылымның шыңы. Оның зерттеу методикасын анықтау, сол ізденіс арқылы бұрын-соңды болмаған жаңалықтар ашу – ешбір ғалымға қол емес, тек сирек хакімнің ғана сыбағасы екені хақ. 

Қорыта айтқанда, 1894-1898 жылдар Абай әлем ойының алыбы биігіне  басқыштағаны анықталып отыр. Шығыс қайнарынан іздегенін мешіттер кітапханасынан тапты, кейбір әдебиеттерді татар достары арқылы Қазан қаласынан алғызды деуге бейілміз. Бірақ Абай Құдайды рухани кітаптар арқылы таныған екен дегендік қате тұжырым. Бірден айтайық, жүрек көзімен танып, білген. Құдай деген – жан (рух). Рухты рух қана тани алмақ. Өзгесі Хаққа жол емес. Басқаша айтқанда, тылсымды кім таныса, сол хакім, сол «жұмбақ адам». Ғалым атаулы тек жарық дүниені танудың жүйрігі. 

Енді Абайдың 1897 жылғы «Алла деген сөз жеңіл» өлеңіне зейін қойып, оның «іштегі сырын аңғаруға» талпынып көрейік. 

 Бастапқы шумағы:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі Хаққа жол емес.

Соңғы екі жол Құдайды тану тек жүрек көзімен дейді.   Білім (соған сәйкес сенім де) бастағы және жүректегі болып екіге бөлінеді. Шын иман егесі болу шарты – жүректегі білім. Абай: «Ғалымдардың нақлиясыменен мұсылман иман тақлиди (еріп иман келтіру) қылады. Хакімдердің ғақлиятыменен жетсе, иман якини (шынайы сенім) болады» (38-сөз) деп осыны нақтылап, түсіндіріп береді.

Екінші шумақта Абай:

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл – суаты,

Махаббат қылса Тәңірі үшін, –

дейді. Бұл өзін таныған кісінің сөзі, ойшылдың өз өмір тәжірибесінен алғаны. Өзінің поэзиясы мен қара сөздері – Тәңіріні сезіп, Оған махаббат қылуының жемісі әрі қайтарымы екенін білген Абай. Өнердің шыңына жетсем, ақылым –  жүректің суатына айналсын десең осыны қыл дейді.  

Өлеңнің үшінші шумағына келейік. 

Ақылға сыймас ол Алла,

Тағрипқа тілім қысқа аһ!

Барлығына шүбәсіз,

Неге мәужүт ол куә.

Алланың заты түгіл, сипатына да (тағрипқа) тіл қысқа, өйткені, Алла өлшеусіз. Әттең-ай десек те, Алланың бар, бір екендігі шүбәсіз («Барлығына шүбәсіз»). Неге? Себебі, дүниеде не нәрсе бар (мәужүт) болса, сол Алла барлығының куәсі дейді Абай. Осынау ап-анық танымды «неге мәужүт» тіркесі ақсатып-ақ тұр. Сауал сөзге айналып кетіп.  Абайдың түпнұсқада: «Не – мәужүт, сол – куә», – дегеніне кәмілміз. Себебі, ислам философиясында «Әл-ахад (бір) уә әл-ужуд (бар)» деген іргелі теорияның бірі. Бұрмаланған өлең жолы, ерте-кеші жоқ, түзетілуі керек деген ойдамын.

Құдайды тану жайлы өлеңін хакім Абай былайша қорытады:

Ақыл мен хауас барлығын (Алланың)

Білмейдүр, жүрек сезедүр. 

Мүтәкәллимин, мантикин,

Бекер, босқа езедүр. 

Хақты тану және түсіндіру тек хакімнің ісі екенін айттық. Өйткені, ақыл мен хауас (бастағы ақыл мен сыртқы бес сезім) Жаратушыны тануға шарасыз – «білмейдүр». Алланың барлығын, яки махаббаты мен хикметін тек «жүрек сезедүр» (исламда оны «хәл ілімі» дейді). 

Бірақ кәлләмші (философ) және мантикин (логик) ғалымдар Құдайды бастағы ақылмен тануға болады деп санады. Сөйтіп, өздері де, жамағат та қатты адасты. Нанымды танымнан жоғары қою, хакімнің ілімін (пірдің рөлін) жоққа шығару осының салдары. Иман деген – жүрек тазалығы. Діннің міндеті де, хақ мағрифаты да – ой мен жүректі тазалау, Абай сөзінше, «іштегі кірді қашыру». Әйтпесе дүние ойран болмақ. Сөйтіп, Абайдың «бекер, босқа езедүр» деп қатты сынағаны дүние ойран боларын көре білгендігі дейміз.

Көзі ашық, көңілі ояу оқырман біле жүрсін деген ниетпен жасаған ой-шолуым осымен тәмам. Онан шығар қорытынды: ұлы өмірдің бес жылын (1894-1898) хакім Абай эволюциясының Құдайды тану белесі десек дұрыстық. Мәселеге әр қырынан келіп, дәлелдің бірі ретінде «Алла деген сөз жеңіл» өлеңін талдап өттік. Хакімнің орнын ғалым басқан жағдайда дүниенің ойран болатынын жеткізуге талпындық. Сыртқы қалыптың ішкі мазмұннан басым түсуінің сыры неде? Салафистік, уахаббистік ағымдардың сопылыққа қарсы майдан ашқаны несі? Дәстүрлі исламнан пайда алу жайында Абай ілімі не дейді? деген сияқты мәселелерді келесі жолы іздестіріп көрмекпін. 

Асан Омаров


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар