Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Абай танымындағы үш сүю...

28.01.2022 9615

Абай танымындағы үш сүю 12+

Абай танымындағы үш сүю - adebiportal.kz

Мұхтар Әуезов үш сүю (имани гүл) деп аталатын Абай танымының терең бір өзекті желісіне назар аударады. Өйткені осы өлеңінде Абай: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті. Осы үш сүю болады имани гүл, Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл. Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ, Басты байла жолына, малың түгіл, - деп, үш сүю (имани гүл) жайлы ой байламдарын анықтап, ішкі нанымдарын ашқандай болады. Мұхтар Әуезов Абайдың осы өлеңінде ақынның ішкі нанымы, адамшылық жолындағы үгіті мен мораль философиясы түгілге жуық ашылған деп қарайды. Үш сүю немесе инани гүлде алға қойылатын бастапқы пікір: жаратушыны махаббатпен сүю керегін ұғынамыз. Екінші сүюде бастан аяқ таратылатын ой желісіне «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» ат қойып, айдар тағуында жатыр. Абайдың «Және хақ жолы осы деп әділетті», - дегені 38-і қара сөзіндегі нақлия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғадаләт ұғымына іліктесетін үшінші сүюі. «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңіндегі басты ой да осы үшінші сүюдің баламасы ретінде берілген. Мұхтар Әуезов Абай танымындағы әділет ұғымының өзі мұсылмандық діни танымнан табиғаты бөлекше жатыр деп жайдан-жай ескертіп отырған жоқ. Өйткені Абай шығармаларында өзекті желідей тартылған әділет ұғымы исламиятта баяндалатын әділет ұғымынан басқаша екенін ескертіп барып, мән бере қарауды талап етеді. Абайдағы үш сүю (имани гүл) деп аталатын түбірлі де күрделі таным қайдан келген?

Абай өмірінің соңында 1902 жылы жазылған «Алланың өзі де, рас сөзі де рас» деген өлеңіне дейін-ақ үш сүю жайлы ұғымдардың орын алып таратылып келгені мәлім. Абай ойларының желісіне түсіп қарастыра бастасақ, өзекті де түбірлі желісі ретінде екінші, үшінші сүюді таратуға арналғанын, ал бірінші сүюді ілеуде бір тілге алып, тыңдаушы көңіліне, ұғым-нанымына орай зер сала отырып айтатыны бар. Бірінші сүю Мұхтар Әуезовтің пікірінше, Абайдағы «тума» пікір емес, оның шығар көзі уақтубиһи кітаптардың бәрінде бар, сонау Сократ, Платондардан бермен қарай келе жатқан діни көне таным. Осы себепті Абайдығы бірінші сүю көп таратылмай, өз танымы болған екінші, үшінші сүюді танытуға алғы шарт ретінде уақытша пайдаланғандай. Мысалы, 27-і сөзінде Абайдың пікір төркіні Сократтан алынуы себепті «Сократ хаким сөзі» деген қосымша атты әдейі қойған. Яки, бірінші сүю туралы ұғымының шығу төркін аңғартқандай. Тыңдаушылары мұсылман танымындағы адамдар болуы себепті, Абай өз ойларын оларға етене таныс ұғымдармен қоса қабаттап жеткізіп отыруға тырысқан. Бірінші сүюді, яғни Хақтың пендесіне деген махаббатын, солардың қамын ойлап жасаған хикметтерін танытуға арнағаны сезіледі. Ал «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде Абай осы мәселеге басымырақ назар аударған. Өзіне махаббатпен қараған түп иеге пендесінің де махаббатпен қарап сүюі парыз екенін: «Жүректің ақыл суаты, Махаббат қылса тәңірі үшін», - деп көрсетеді. Міне, Абай осы екі шығармасында имани гүлдің бірінші сүю туралы ойларын таратады да, одан ары бұл мәселеге еш жерде арнайы тоқталып пікір білдірмейді. Ал екінші, үшінші сүю жөнінде керісінше арнайы тоқталып, адамшылық негіздері жайлы ой-пікірлері молынан ұшырасады. Мұсылмандық шығыс поэзиясында екі түрлі сарынның, яғни жүректің культі (имани гүл) мен ақылдың культін мадақтау өріс алып келгені мәлім. Имани гүл сарыны жүрек культін, сол негіздегі адамшылық жолын көтермелеп, өз шығармаларында үнемі рахым, шапағаттың баламасы ретінде жүректі шешуші орынға қоятындар: Әл-Фараби, Низами, Руми, Науаи, Абай т.б. Ал имани ақылды яғни ақылдың культін мадақтайтын сарынды Рудаки, Фирдауси, ибн-Синадан ұшыратамыз. «Имани гүл, имани ақыл туралы танымның табиғаты, оның төркіні мен даму жолы қазіргі ғылым дүниесінде әлі күнге дейін арнайы зерттеу нысанасына алынбай келеді», - дейді Мекемтас Мырзахметов. Ұлы ақынның шексіз көркемдік пен түпсіз ой тереңін білдіретін бұл сөздерін адамның өмір мақсатына жетуінің бұлжымас трактаты деуге әбден болады. Өйткені, кемеңгердің бұл ойы адамзат тарихында түрлі қасиетті жазбаларда анықталып, данышпан, әулиелердің өмірімен шыңдалып жеткен шындық.

Өлеңнің бірінші шумағынан иманның үш асылын көреміз. Абай ілімін рухани жетілу жолында да, материалдық өркениет жолында да қолдануға әсте болады. Үш сүюді әуелі бақи әлем тұрғысынан қарастырамыз. Адам баласы өмірінің алғашқы кезінде әуелі ата-анасын жақсы көреді, сонан кейін оның сүйіспеншілігі ағалары мен қарындастарына, ал өсе келе өзінің отбасына, қоғамына, отанына, халқына, немесе бүкіл адамзатқа бағытталуы мүмкін. Осылай махаббат сезімі жетіліп тереңдей береді. «Жақыныңды өзіңдей жақсы көр» деген сөз бар. Адамзатқа деген махаббатың сүйіспеншіліктің шыңы емес, алғашқы қадамды білдіреді. Бірақ ол шыңға көтерілу үшін әуелі махаббаттың ең жоғарғысы не екенін білуіміз шарт. Бұл ақиқатты «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп Абай бабамыздың өзі де көрсетіп отыр. Сүйіспеншілікке жету оңай емес екенін үлкен ғұламалардың барлығы да растайды. Жаратушыны бірден сүю мүмкін емес болғандықтан, әуелі Оның жаратқандарын сүюге ұмтылу керек. Сондықтан Абай үшінші тұжырымында «Адамзаттың бәрін сүю бауырым деп, және Хақ жолы осы деп әділетті», - дейді.

Абай: «Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, Харекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін. Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек, Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек. Ғадәләт пен мархамат – көп азығы, Қайда көрсең, болып бақ соған көмек»,- дейді. («Көк тұман – алдыңдағы келер заман», 1897ж.») Һакімнің ойы бойынша әлемдегі қасіретке ұшыраған адамдарға (мазлұм) жаның ашып, ішің күйіп жақсылық істесең, оның қамын ойлаған Тәңірі де «Мен сүйгенді сүйді» деп сені сүймек. Ойшыл осылай халыққа қызмет етудің түпкі мәнін көрсетеді. Бірақ жақсылық жасаудың да өз жөні бар. Жақсылық түрі барлық адамға бірдей болмайды. Олар адамның сана-сезіміне байланысты әртүрлі. Мәселенки, бір адамға қарын тойдырып тән құмарын қандыру үшін бір тілім нан керек болса, екіншісіне жан құмарын қандыру үшін рухани білім керек. Тән құмарымен жүрген адам көбінесе жан құмарымен жүрген адамды түсінбейді. Абайдың «етекбасты көп көрдім елден бірақ» дейтіні тегін емес. Адам баласы өзінің әрекетінде әділет (ғадәләт) пен рақымдылық (мархамат) тұрғысынан шықса ол қателік жібермейді. Харакеттің ең жоғарысы – адамға рухани білім беру арқылы Құдай жолына түсіріп, оны Түп Иеге қайтару. Енді Абайдың үш сүюін фәни өмір тұрғысынан қарастырайық. Фәни өмірде әділет заңдылығы ең негізгі заңдылықтардың бірі. Әділетті сүю керек екенін Абай да, Шәкәрім де шығармаларында жиі айтады. Сондықтан, үшінші сүюді «Және Хақ жолы осы деп әділетті сүй» деп түсінуімізге де болады. Ал «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген өлеңнің бірінші жолы адамға байланысты емес болғандықтан, үш сүю қатарына жатпайды деуге болады.

Сонымен үш сүю былай болып шығады: 1.Адамның Алланы сүюі; 2.Адамның адамзатты сүюі; 3.Адамның әділетті сүюі. Бірақ бақи әлем үшін бұндай жіктеу келмейді. Ол әлемге «сен әділетті сүй» деген деген қағиданын қажеті жоқ. Кейбір абайтанушы ғалымдар үш сүюдің бақи әлем тұрғысынан тұжырымын құптайды. Ақын оларды иманигүл деп атап, оның шың ойласаң дін де, тағат та болатынын айтып, екі дүниеде (рухани мен материалдық дүниеде) бұл тасдиқ (шындық) – Хақтың (Құдайдың) досы деп бағалайды. Сөйтіп, Абай бабамыздың ілімі бойынша үш сүю иманның тірегі, яғни оларды жүректе бекітсең, ол діннің де, Құдайға құлшылықтың да іргетасына айналады. Абай отыз сегізінші сөзінде «Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние (дүниеден безген) емес еді», - дейді. Ондай адам өмірдегі міндетін енді басқаларға үлгі көрсету үшін орындайды. Өмірдің бұл түпкі мақсатына жету өте күрделі, Абай сөзімен айтқанда: «Бұл жол – бек шетін, бек нәзік жол». Ақын бір уақыттары: «махаббат өмір көркі» деп, махаббатты, достықты дәріптеп ұран тастаған еді. Жаратушы адамды жаратқанда махаббатпен жаратқан. Қасындағы әрі алыстағы бар адамзат баласына махаббатты іс қылсаң, ақ пейіліңмен қызмет қылсаң өзіңнің де көркейгенің, адамзатты да көркейткені. «Адам баласына адам баласының бәрі – дос». Міне, осы – ұлы ойшылдың қат-қабат қалың ойларынан туындаған қорытынды пікір. Міне, осы – ұлы ақынның бүкіл ғибратты өмірінде ту қып ұстанған, бүкіл ақындық және жазушылық еңбегіне арқау – негіз қылған ең биік фәлсафалық тұғыр. «Не үшін десең», - дейді Абай осы қорытындысына, тұжырымына түсінік беріп, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерін, бармақ жерін бәрі бірдей; ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұралуың, бәрі бірдей; екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қалуың, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен». Адам осылайша, қай жағынан қарасаң да, біріне бірі ұқсап жаралған жан иесі болса, оған бір бірімен тоқтаусыз жауласпақтың, әрдайым қырғиқабақтанып жүрмектің ешбір лайығы болмағаны да. Адамның бәрі бірдей өзара дос-туыс екен, ендеше бүкіл адамзат тату-тәтті, тығыз ынтымақты болып, адамгершілік, имандылық жолында бірігіп іс қылуы, өмір сүруі ләзім. Міне сонда ғана жамандақтың орнын тезірек жақсылық басатын болады. Адамзатқа тек жақсылық ойлаған ұлы гуманист-ойшылдың да ізгі ниеті, мақсатты тілегі осы. «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!», - дейді Абай. Адамзатқа жаны ашығыш, оның бақыты үшін жүрегі ауырып, ой толғаған, қазақ даласының бір түкпірінде отырып, олардың қамын жеп толғанған ұлы Абай осылайша бар адамды, бар келер ұрпақтарды дос-туыс болуға шақырады, айтқан уағызы, өсиеті құлаққа ілінер, іске асып қалар деген үлкен, үмітті көңілмен сөз толғайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар