Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әбдуәли Қайдар: Мен «демалыс» деген ұғымның шынайы мәнін түсіне алмай келе жатқан адаммын

04.03.2019 1015

Әбдуәли Қайдар: Мен «демалыс» деген ұғымның шынайы мәнін түсіне алмай келе жатқан адаммын

Сұрақ: Сіздің шәкірт дайындау үлгіңіз қызықтырады. Сонда оларға тақырыпты қандай принцип бойынша таңдап бересіз?

Жауап: Принцип болғанда мен берген тақырыптардың баршасы көне де жаңа үрдіске еліктеуден туындаған тақырыптар емес. Олардың барлығы өзім шұғылданып, ойланып-толғанып жүрген идеялардан туындаған, өз зерттеулерімнің бір жалғасы, жаңа деректер арқылы жаңа қырларын ашып, тереңдете түсетін, өзім зерттеуге уақытым болмай жүрген мақсат, нәтижесі алдын ала айқындалған, тек соны ғылыми жүйеге салып, орындап шығуды талап ететін тақырыптар.

Сондықтан да болар, жетекшілік жасап, ақыл-кеңес айту мен үшін қиын емес. Мен мұны өз ой-пікірімді шәкірттерім арқылы жалғастыру деп түсінемін. Мұны рухани жалғастық деп те айтса болар.

Сұрақ: Өз идеяларыңызды ойдағыдай жалғастырушылары бар ма?

Жауап: Әрине, бар. Мәселен, түркі тілдер түбірін зерттеу идеясын доктор шәкіртім Ерден Қажыбеков ойдағыдай жалғастырды. Оның синкретикалық бір буынды түбірлерге, байырғы түркі сөздерінің мағынасына байланысты еңбектері осының айқын айғағы. Этнолингвистика саласы бойынша доктор шәкірттерім Жамал Манкееваны, Әділ Ахме-товты т.б. атай аламын.

Кандидаттық, диссертация деңгейіндегі зерттеулердің баршасы өз идеяларымның жалғасы.

Сұрақ: Сіз саналы өміріңіздің 25-30 жылын ұйғыртану саласына бағыштадыңыз. Бұл мамандықты таңдауыңыздың сыры неде?

Жауап: Университеттің соңғы курсында оқып жүргенде мен Шоқан Уәлихановтың ұйғырлар туралы еңбектерімен та-ныса бастадым, оған қызықтым. Ұйғыр тілін білгендігімді пайдаланып, мен де Шоқан дәстүрін жалғастырғым келді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген еді ғой ұлы Абай. Мен де солай, ұйғыр тілін таңдап алдым. Ол үшін мен өкінбеймін. Кандидаттық, докторлық диссертацияларымды мен ұйғыр тілі бойынша қорғадым. Сөйтіп өз өмірімнің саналы да сапалы жас кезеңін мен ұйғыртануға арнадым.

Еңбектерім бағаланды. Шәкірттерім де бар. Ұйғыр тілі бойынша ұжымдық еңбегіміз қытай тіліне аударылды. Қытайда ұйғырша араб жазуымен қайта басылып шықты.

Сұрақ: Ұстаздарыңыз кім? Және олар өзінің қандай ерекшеліктерімен Сіздің жадыңызда қалды?

Жауап: Ғылымдағы ұстаз дегенді мен кең мағынада және тар мағынада түсінемін. Кең мағынада өз зерттеулерімізде еңбегін, ғылыми мұрасын пайдаланған ғұламалардың баршасы мен үшін ұстаз. Олар – ақыл-кеңесін, өнеге-үлгісін жазып қалдырған ұстаздар. Және олар біреу емес, көп.

Ал тар мағынада тікелей жетекшілік еткен, ақыл-кеңес беріп, жөн-жоба көрсеткен ұстаздарымды айтамын. Олар да бір адам емес, тілін сүйіп өсуіме ұстаздық еткен, оның асыл қасиетін болмысыма сіңіріп, бойыма дарытқан анамды да (Жанбала, ол 95-де дүние салды) ұстаз санауыма, екінші ұстазым дұрыс сөйлеуге үйреткен алғашқы мұғалімім – Алтынбекова Мырза апай.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Ернат Қашқынов: Әкемнің асыл қасиеттерін үлгі еттім

Ғылым-білімнің тіл саласына баулыған ұстазым академик Ісмет Кеңесбаев. Тіл құдіретін тілші маман ретінде танып-білуге, жол-жоба көрсеткен ұстаздарым С.Е. Малов пен К.К. Юдахин сынды ұлағатты жандар.

Олардың әрқайсысының бірін-бірін қайталамайтын өз орны, ерекшеліктері бар. Ұстаз шәкіртке сыншы дейді, әдетте. Мен айтқан болар едім: «Шәкірт те ұстазға сыншы». Сондықтан да бұл өз алдына әңгіме.

Сұрақ: Сіз 14 жыл директордың орынбасары, 18 жыл директор болдыңыз. Басшылық пен ғалымдықты қатар алып жүру жұмысыңызға кедергі келтірген жоқ па?

Жауап: Басшылықтың өсуіме зияны болған жоқ, бірақ ғалымдық мүмкіншілігімді толық пайдалануыма кедергісі (әсіресе уақыт жағынан) болды. Бастықтың көп уақыты жиналыстар мен қоғамдық-әлеуметтік шараларды орындауға кетеді.

75-тен кейін жариялап жатқан жұмыстарымды да көп жыл директор болмасам, әлдеқайда бұрын шығарған болар едім.

Міне, ғылымда басшы болудың пайдасы мен зияны осындай.

Сұрақ: Сіздің зерттеулеріңіз тілтанудың негізгі салаларын түгел қамтиды. Осының себебін түсіндіре кетсеңіз?

Жауап: Біріншіден, ғалымдар ұжымын басқару деген сөз өз тақырыбыңмен ғана шектеліп қалмай, тіл білімінің сан саласынан хабардар болуды талап етеді. Міне, осындай өндірістік қажеттілік менің де әр салаға қызығушылығым-ды арттыра түсті. Екіншіден, ұжымға бастық болу сол ұжымдағы істеліп жатқан зерттеушілердің баршасына бағыт-бағдар беру ғана емес, «баға беру» міндетін де жүктейді. Үшіншіден, тіл білімінің (синтаксистен басқа) әр саласына, әсіресе, лексикологияның салаларына (этимология, фразеология, парамилология, лексикография т.б.) жеке басымның маман ретінде қызығуы басымырақ болды.

Қазақ тіл білімінде де, жалпы түркітану саласында да бұрын болмаған зерттеу нысаны – этнолингвистика да мені қатты қызықтырды. Бұл салада ғалымдардың пікірі бойынша (М. Копыленко) менің өз мектебім қалыптасты. Түбіртану бойынша да осыны айтуға болады.

Сұрақ: Егер Сіз дүниеге қайта келіп, мамандықты қайта таңдаған жағдай бола қалса, қандай мамандықты таңдаған болар едіңіз?

Жауап: Тек қана тілші мамандығын. Өйткені тілші ретінде менің тап аңғарғаным, тіл – барша ғылымның бастауы, түпнегізі, тіні, ұстыны, мән-мағынасы, маңызы. Сондықтан да тілші болу – барлық ғылымнан хабардар болу деген сөз. Ең бастысы, тілші адам дүниесін, рухын, дінін, ой-тұжырымын, өткені мен бүгінгісін, болашағын түсінуге болатын асыл қазына, мәңгіліктің мәңгілігі. Этнос өзін-өзі, тек өз тілі арқылы ғана танып-біле алады.

Сұрақ: Жастық шағыңыздың ұмытылмай жүрген сәттері бар ма?

Жауап: Жастық шақ – ол қызығы мол өткен өмірдің елесі ғой. Әрине, есте қалған, жадымда сақталған жайттар баршылық. Бұған сол жастық өмірдің өзі (егер ол өмірді 25-ке дейін деп есептесек) де мен үшін тұтас дүние бола қойған жоқ қой. Ол жылдарым отты жылдардың өртіне шалдықты. Отан соғысы басталғанда мен 16 жаста едім. Он жетімде өзім сұранып майданға аттанып кеттім. Содан 22 жасымда оралып, қиыншылық кезеңде мектеп пен ҚазМУ-ді бітірдім. Студенттік өмірді де өз қатарымнан ересек шағымда өткердім. Мұның аржағы түсінікті болар.

Сұрақ: Сіз 9-шы сыныпты бітіре салып, соғысқа өзіңіз сұранып кеттіңіз? Бұл не, патриотизмдік сезім бе, жоқ әлде басқа ма? Қалай түсіндірер едіңіз?

Жауап: Бұл сауалға дәл сол жылдардағы сезіміммен жауап берсем, иә, бұл Отанға деген шынайы патриоттық сезімнен туған әрекет еді. Бүкіл ауыл еркектерсіз қаңырап бос қалғанда , бір үйден бірден үш адам (әкем, екі ағам) аттанып, үй іші бос қалғанда мен өзіме лайықты орын таба алмадым. Солардың қатарында болғым келді. Соғысқа сұранып арыз жазуыма, бұл бір себеп болса, екінші себеп 41-ші жылдың қыркүйегінде еркек мұғалімдердің баршасы майданға кетіп, мектепте 10-шы сыныптың сабағы басталмай қалды.

«Бәрі Отан үшін, жеңіс үшін!» дейтін ұран жас та болсақ жан дүниемізге қатты әсер етті. Көшеде ойнап жүруді ар көрдік! Несі бар, жас болсақ та, азаматтық борышымызды абыроймен орындап қайттық. 5 әскери орден, 12 медаль соның бір белгісі. Ғылыми тірлік «Олжабай» болып қайтқаннан бергі тірлік нәтижесі.

Сұрақ: Қызметтес болған ғалымдар жөнінде не айтар едіңіз?

Жауап: Мен өмірім 54 жыл бойы Тіл білімі институтының қара шаңырағы астында өтіп келеді. Барым да, базарым да осы ұжым құзырында болды деп айта аламын. Ұжым болғаннан соң онда әртүрлі адамдармен қызметтес болуға тура келеді. Әсіресе бастық үшін солардың бәрімен тіл табысу міндетті нәрсе. Мен де соны істеуге тырыстым. Бірақ сөйтіп жүрсеңдағы, халық айтқандай, «Біреу даттап кетеді, біреу мақтап...». Талас-тартыс та болды, үстімізден «домалақ арыз» домалатқандар да болды, мақтап-мадақтағандар да аз болған жоқ. Қысқасы, өмірді өз салтымыз бойынша «қазақша» өткізіп келеміз. Олай дейтін себебім, қазақтың бір қасиеті біpeyді мақтаса, алты қабат аспанның ар жағына асырып жіберетін, ал даттаса, жетіқабат жердің астына батырып жіберетін әдеті бар ғой.

Сұрақ: Ғылымнан басқа уақытта немен шұғылданасыз, яғни хоббиіңіз не?

Жауап: Күлкі болса да айтайын, «ғылымнан басқа» деген уақыт менде жоқ. Болған да емес. Өйткені ғылым деген – тұңғиық терең мұхит қой. Ғылымға тұтас берілген адам (атақ-дәреже алу үшін ғана жүрген адамдардай емес) оның өз саласы бойынша толық меңгеруге тырысады. Ол деген табиғат сыйлаған дарын мен қасиеттен басқа ұлан-ғайыр уақытты талап етеді. Ал ол уақытты карта ойнауға, бильярд ойнауға, аңшылық, балықшылық т.б. осы сияқты еркектердің құмартып істейтін кәсіптеріне жұмсасақ, сөзсіз ғылымың ақсайды. Ал дәл осы құмарлық ойындарында «қызықты», рахаттанатын ермекті сол ғылымның өзінен тапсақ көп дүниені орындауға болады. Мен осы аталған қызығы мен рахаты мол дүниені сөз құдіретінен таптым.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Ақшаға сатылмайтын қымбат дерт… (Қадыр Мырза Әли мен Таласбек Әсемқұловтың сұхбаты)

Сөздіктерді қарап, сөздердің табиғатына үңілу, соны танып-білу мен үшін ең жоғары рахат сезімін алумен барабар. Менің досым, құрдасым Шора (сұхбат алушының біpі) сияқты «коллекционерлік» кәсіпке мен үйрене алмадым. Менің коллекциям қазақ тілінің (басқа түркі тілдерімен салыстырмалы түрде) сөз байлығын жинақтаумен, жүйелеумен, соларды анықтаумен ғана шектеледі. 4 томдық «Қазақ-тар: ана тілі әлемінде» атты этнолингвистикалық сөздік, т.б. сөздіктер, міне, соның нәтижесі.

Сұрақ: Тіл білімі, тілтану Cізгe рухани, моральдық азық бола алды ма, жоқ әлде ол мамандық дәрежесінде ғана қалып қойды ма?

Жауап: Егер таңдап алған мамандығың жан дүниеңе, болмысыңа рахат сезім сыйламаса, ондай өмірдің өзі де қызық емес. Мен өз өмірімді мәнді-мағыналы өткізіп, таңдап алған мамандығымның маған мол рухани, моральдық азық сыйлағандығына байланысты болғандығы. Сондықтан өмірді тек мамандық деңгейімен ғана өлшеуге болмайтын сияқты.

Сүйіп іcтeгeн ісіңнен еш уақытта шаршамайсың да жалықпайсың. 80-ге келгенше 54 жыл бойы шұғылдансам да, мен тіл табиғатын зерттеуден жалыққан емеспін. Әрқашанда ойлайтыным: өзімнің ең сүйікті, «үкілі » еңбегімді, әлі жаза алмай жүрмін ғой деймін. Мүмкін, Алла тағала рақым қылса, оны әлі жазармын да.

Сұрақ: Достарыңыз кім? Дос таңдауда, достық қатынасты сақтауда ұстанатын принципіңіз қандай?

Жауап: Дана халқымыздың «Мың досың болса да аз сана, біp дұшпаның болса, көп сана» деген дана cөзі бар.

Әрине, дұшпандарым жоқ емес, біpaқ достарым көбірек. Қолынан келген жақсылығын күнде емес, күндердің күнінде, әсіpece қиын-қыстау сәттерде іcтeгeн достарды ұнатамын. Күн ашықта көлеңкедей жаныңнан қалмайтын, бұлтты сәттерде іздесең де табылмайтын достардан аулақ жүргенді абзал көремін.

Сондықтан да болар, барша сыннан өтіп сұрыпталған, «барлауға бірге баруға болатын» достарым көп емес және олар жыл өткен сайын азайып келеді.

Сұрақ: Ғылымдағы жастарға деген көзқарасыңыз қалай?

Жауап: Ғылымға, тіл біліміне бүгін келіп жатқан жастар – ертеңгі сол ғылымның болашағы. Менің түсінігім бойынша ғылым да, ғылымның болашағы да санымен емес, сапасымен өлшенеді. Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың мұқият жинақтап жүрген мағлұматы бойынша, қазақ тіл білімі саласында бұдан 10-15 жыл бұрынғы 70 жылдай дәуірде қорғалған (докторлық және кандидаттық) диссертациялардың жалпы саны бір мыңға жетер-жетпестей болса, ал сол кейінгі 10-15 жыл барысында қорғалғандардың саны 500-ге жетіп қалыпты.

Сұрақ: Қазақ тіл білімінің бүгінгі даму үрдісі мен барысына көңліңіз тола ма?

Жауап: Тіл білімі бойынша істеліп жатқан зерттеулердің санына, тақырып аумағына көңілім толғанымен, сапасына онша көңілім толмайды. Толмайтын себебі жаңалық аз, қайталау, таптауырын болған ізбен жүру көп сияқты.

Біз кеше егемендік алғанға дейін өз зерттеулерімізде коммунистік идеология шеңберінен шыға алмай, диссертацияларымызды тек орыс тілінде қорғауға, еңбектерімізді тек орыс тілінде жазуға мәжбүр болып, көп нәрседен шектеліп келсек, бүгін «еркіндіктің» екінші бір әсеріне душар болып отырмыз.

Филология саласында қазір ғылыми жұмыстар жаппай қазақша жазыла бастады. Ол ғалымдардың өз пікірін еркін айтуға мүмкіндік тудырады. Әрине, айтатын нәрсе болса, қазақша айтқан-ақ жақсы ғой. Бірақ сол айтылып жатқан пікірлердің, теориялық тұжырымдардың басым көпшілігі кейде түркология саласындағы, орыс тіл біліміндегі, т.б. ғалымдардың бұрын айтып, тайға таңба басқандай танытып кеткен ой-тұжырымдарын аударып, өңін айналдырып қолдану, қайталау болып келетіні өкінішті-ақ!

Тіл ғылымының бұл үрдісі мен даму барысын өзгерту қажет сияқты. Түркология – мол қазына-мұра қалдырған көне сала. Оны жеке тілдерді зерттеу арқылы дамытқымыз келсе, әрбір зерттеуші аз болса да, бір жаңалық қосқаны жөн болар еді.

Тіл білімі бойынша зерттеулердің санының көп, сапасының төмендеу болуының тағы бір себебі – бұл ғылымның табысы мен жаңалығын бақылау және бағалау орталығы жоқ. «Әр кәлладағы – бір қиялға» бүгін де жол ашық.

Сұрақ: СССР ыдырағаннан кейін отандық түркологияның бұрынғы тығыз байланысы, түрколог ғылымдардың тығыз қарым-қатынасы тоқтаған сияқты. Сіздің осыған көзқарасыңыз қандай?

Жауап: Тоқтағаны рас. Жеке тілдерді ғана зерттеумен шектеліп, жалпы түркологиядан томаға-тұйық қалу осы ғылымның болашағына нұқсан келтіретіні сөзсіз. Иә, отандық түркітану ғылымының біpтұтас іpгeтacы да құлаған сияқты. Ғалымдардың бұрынғы өзара тығыз қарым-қатынасы тоқтады, байланыс үзілді, түркі тілдеріне тән ортақ идея, ортақ проблемалар бары байқалмайды. Жалпы бұл түркология үшін оң құбылыс емес, келешекте біp орталық – түркология қауымдастығын құру қажет.

Сұрақ: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, көп жылдар бойы тіл майданында жүрсіз. Осы еңбегіңіздің нәтижесіне қанағаттанасыз ба?

Жауап: Біріншіден, ол іcкe мен емес, барша халық, қазақ қауымы қанағаттанарлық сезімін әлдеқашан білдірген, өйткені біз құрған Қоғам қалғып кеткен халқымыздың санасын оята алды. Жүздеген, мыңдаған қазақ балабақшалары мен мектептері ашылды. Қоғамдық өмірден тәркілене бастаған ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Енді біз оны қорғауға заңды құқық алдық. Қоғам әрекеті алғашқы 4-5 жыл ішінде бұқаралық қозғалыс сипатына ие болды. Бірақ амал нешік, Қоғамды қолдаушы заң, қаржыландырған өкімет бола қойған жоқ. Оның үрдісі бәсеңдеді.

Бірақ қоғам өз жұмысын жалғастырып келеді, әлі де жалғастыра бермек, жасым ұлғайған соң мен президенттікті тапсырдым.

Сұрақ: Ұстаз бенен шәкірт арасындағы қарым-қатынастың қалай болуын қалайсыз?

Жауап: Ұстаз бенен шәкірт арасындағы қарым-қатынас әдетте ресми сипатқа ие болады. Бірақ кейбір шәкірттер бұл шеңберден шығып, ғалымдықпен қатар адамдық қарым-қатынасқа да бейім келеді. Олармен ғылым туралы ақылдасумен қатар өміp және өмір тәжірибесі туралы да сырласуға, пікірлесуге болады. Мұндай шәкірттер менің өмірлік ғылыми тәжірибемнен көбірек тағылым, өнеге-үлгі алуға мүмкіншілігі көбіpeк болады. Ал, кейбір шәкірттер бастан-ақ тек ресми қатынаста жүруді қалайды. Ондайлардың кейбіреулері диссертациясын қорғағаннан кейін ұстазын ұмытып, тіпті аман-сәлеміңді жөнді алмайтыны болады.

Сұрақ: Өміріңізде жамандық іcтeyгe әрекеттенген адамдар да болған шығар? Қарымта ретінде қайырған әрекеттеріңіз болды ма?

Жауап: Көбіне-көп «Таспен атқанды аспен ат!» деген принципті ұстанамын. Бірақ көп жағдайда маған ойлайтын жамандықтың себебін қолма-қол айқындауға тырысамын. Менің тарапымнан түсінбестік болса, кeшіpім сұрауға, оны жөндеуге тырысамын.

Дос болып жүріп, қастық істеуге барған адамдар менің өмірімде аз болған жоқ. Оның ең басты себебі – пендешілік: «бірге өсіп, бірге жүрген адам қалайша менен озып кетті?» деген іштарлық, көреалмастық. Мен ондай «достарымнан өш алуға, кегімді қайтаруға, шырақ алып, артына түсуге» ешқашан барған емеспін. Өз денсаулығымды сақтауды мен артық көрдім.

Ал ұзақ ғұмырымда үстімнен «домалақ арыз» жазғандар да аз болған жоқ. Олармен де қатарласып, қауымдасып өмір сүріп келе жатырмын. Ұялса, өздері ұялсын, бірақ менің ұялатын жерім жоқ.

Сұрақ: Үйдегі бала-шаға тәрбиесіне қалай көңіл бөлесіз?

Жауап: Үш қызым бар. Олардың бойжетіп, ересек болып қалғанын білмей де қалған сияқтымын. Барлығы дұрыс білім алып, ел қатарында өмір сүріп келе жатыр.

Үлкен қызым – Жанна Америкада жұмыс істеп жүр. Компьютер техникасын, ағылшын тілін меңгеріп жүр. Оның қызы – Аян біздің қолымызда, студент, ҚазМУ-да орысша оқиды, қазақ орта мектебін бітірген, ағылшын тілін жақсы біледі. Екінші қызым – Әсел. Араб тілінен мамандық алған. Академияның Тарих институтында араб тіліндегі бұлақтар бойынша қызмет істейді. Үшінші қызым – Баян. Шетелдік фирмада қызмет істейді, аға аудитор. Ағылшын тілін жетік меңгерген. Мамандығы – экономист, КИМЭП-ті бітірген.

Сұрақ: Демалысты қалай өткізесіз?

Жауап: Мен «демалыс» деген ұғымның шынайы мәнін түсіне алмай келе жатқан адаммын. Кейбіреулердей, демалысты жылына бір рет те жөнді ұйымдастыра алмай жүрмін.

Ғылыми жұмысымды істеуге тыныштық, жағдай болса, мен үшін ең жақсы демалыс сол. Жастау кездерімде біраз санаторийлерге барғаным бар. Соларды қайталай беруді міндетті деп санамаймын. Алла тағаланың берген қуаты әзірше жетіп жатыр.

Сұрақ: 75-ке келгеннен кейін 25 кітап жазуды жобаладыңыз? Осының жайы қалай?

Жауап: Бұл Алла тағала денсаулық берсе, орындалуға тиісті реальді жоспар. Олай дейтін себебім: мен 32 жыл бойы институт бастығы болдым. Тілдің әртүрлі проблемаларын ойлану, ой елегінен өткізу көбірек болды да, кітап жазу мүмкіншілігі аздау болды. Солай болса да, мен жариялаған 40 шақты кітап менің ғылыми ой-толғаныс, идеяларымды толық қамти алмады. Мен әралуан мәселе бойынша (фразеологизм, мақал-мәтел, этимология, этнолингвистика, қос сөздер, еліктеуіш сөздер, тіл тарихы, азаматтық тарих т.б. ) материал жинап, топтастыра бердім. Міне, енді қол босағаннан кейін мен соларды кітап етіп жариялап жатырмын. Жобаланған 25 кітаптың жартысы жарық көрді. Қалғаны денсаулық болса, жақын жылдары жарық көрмекші. Солардың ішінде 2 томдық этимологиялық сөздік, 4 томдық этнолингвистикалық сөздік, «Қазақ қандай халық?» деген де еңбек бар.

Сұрақ: Өмірде ұстанған принциптеріңіз қандай?

Жауап: Көп болмаса да, тұрақты ұстанатын принциптерім бар. Мысалы:

  1. Жаныңдағы адамға қолымнан келгенше жақсылық қылу, бірақ «қанша жақсылық қылсаң да, оны міндет етпе, оның қарымын қайтаруды талап етпе» деген принципті қатал сақтаймын.

  1. Жасы үлкен, атақ-лауазымды құрметтеуді ешуақытта құлшылдық, табынушылықпен шатастырып көрген емеспін.

Демек, адамға деген шынайы құрмет пен жағымпаздану – екеуі мүлдем екі басқа дүние деп білемін. Менің өмірлік принципім – қандай адам болмасын, оның жамандығын, пасықтығын т.б. сүйкімсіз мінез-құлқын, іс-әрекетін өз кө-зіммен көрмейінше, оған оң көзіммен қарап, оған құрмет көрсетуге тырысамын.

Сұрақ: Жек көретін адамдарыңыз бар ма, олар қандай адам-дар?

Жауап: Әрине, жек көретін адамдарым бар. Ол жалпы адамға тән ең жоғарғы адамдық қасиеттен жұрдай болғандар: айтқан сөзінің пәтуасы, шындығы жоқ, берген уәдесінде тұрмайтын, біреу туралы арамдық ойлайтын, жақсылық істеу қолынан келмейтін, мейірімсіз, қатыгез, қарау, даурықпа, даукес т.б. осы сияқтылар. Сөзі тәтті, діні қатты суайт, жалақор, бәлеқор т.б. осы сияқты қасиетсіздіктерді бойына сіңірген адамдарды жек көрем.

Сөзінің пәтуасы жоқ, көк мылжың, малтасын езіп, көп сөйлейтін үлкен-кіші замандастардың қасында қас-қағым уақыт та тұрғым келмейді. Көпе-көрнеу өтірік мақтап, өзіңде жоқты бар етіп, өзіңе жамап, өзіңді-өзің танымайтындай етіп, аспанға шығарып, жерге түсірмей мақтайтындардың жанынан тұра қашқым келеді. Сыпайы түрдегі жақсы ле-бізбен жаныңа жарасатын достық пікірдің жөні бір басқа деп білемін.

Рахмет, ұзақ өмір тілейміз! Адамға, ғылымға, достық-қа адал жандардың қатарында аман-есен жүргенінің өзі үлкен олжа екен-ау, деген оймен бұл жолғы сұхбатты тү-йіндегенді жөн көрдік!..

Сұхбат жүргізген проф. Ш. Сарыбаев пен проф. Ө. Айтбайұлы

14.12.2004 жыл

Өмірзақ Айтбайұлының «Тілғұмырлар» кітабынан

Кітаптағы тақырыбы - "Академик Әбдуәли Қайдармен сұхбат"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар