(Таласбек Әсемқұловтың Қадыр Мырза Әлимен сұхбаты)
Т.Ә. – Бүгінде қазақ әдебиетінде ерекше бір ахуал қалыптасқан сияқты (бұл жерде, біз, әдебиеттің дамуы ерекше бір сипат алды деуден аулақпыз, оқырман мен қаламгердің арасында орнаған шетін ахуалды ғана айтпақпыз). Кітаптың тиражы – әдебиеттегі ситуацияны айна-қатесіз көрсететін барометр сияқты. Бұрындары, отыз мың, жетпіс мың, тіпті жарты миллион деген сандарды селт етпей қабылдайтын едік. Енді үш мыңды «үлкен тираж екен» дейміз. Және тираждың үлкендігі, осы күні, оқырман аудиториясының көрсеткіші емес, демеушінің бай екендігінің ғана белгісі. Бір «кездегі ең көп оқитын» елде («самая читающая») таяу араларда хат танымайтын адамдардың пайда болуы ғажап емес. Жазушы әулетте бойкүйездік бар сияқты. Әрине, қазақ әдебиеті өз оқырмандарынан айрыла бастағанымен, өзінің жеткен биігінен түскен жоқ, машығынан айрылған жоқ. Әдебиет гүлденіп тұр десе де болады. Бірақ қазақ оқырманының өсетін түрі жоқ. Міне, ғасырдың аяғы, мыңжылдық дәуірдің соңында қазақ қаламгерлерінің санасын билеген эсхатологиялық көңіл күйдің сыры осында сияқты. Осы орайда, қазақтың майталман әдебиетшісі және елдің ағасы ретінде жамиғатқа қандай ақыл қосар едіңіз?
Қ.М. – Әңгіменің басында негізінен оқырман жайлы айтқан дұрыс шығар. Менің ойымша, біз негізгі оқырмандарды жоғалтып алған жоқпыз. Олар бар. Ешқайда кеткен жоқ. Олар тек ұйықтап кетті. Содан соң олар шаршап жүр. Мына жерде бір базар бар. Сонда барамын. Мен өзімді мақтайын деп отырған жоқпын. Сонда кейбіреулер танып жатады. «Ағай кетіп бара жатыр» деп бір-біріне сыбырлайды. Біреулері бірдеңе алсаң «Халыңыз қалай, аға? Жазып жүрсіз бе? Біздің жағдайымыз осындай. Бізді неге жазбайсыз?» деп арыз айта бастайды. Біздің талай нәрсені жазып жатқанымызды қайдан білсін. Міне, бұлар оқымайды. Бірінші себебі – жоқтық. Кітап алу тоқтады. Бұрынғы өлшеммен алсақ, жүз адамның бірде-біреуі кітап алмайды. Осының барлығы ақшаға байланысты. Жұрт ең алдымен қарын тойдырғысы келеді. Содан соң бала-шағаның қамы. Балаға оқулық, мектеп формасы, аяқ киім, т.б. содан соң қысқа дайындық басталады. Одан кейін көктем келеді. Мұқтаж мұқтажға жалғасады. Қазақтың трагедиясы – осы. Мен мына Ресеймен бұрындары байланысым жақсы болған. Москвада «Книжное обозрение» деген газет шығады. Соны мен әлі күнге дейін алдырып тұрамын. Ресейде қандай кітап шығып жатыр, соны қадағалап отырамын. Байқағаным – Кеңес үкіметінің құлдырағанынан орыс әдебиеті зиян шеккен жоқ. Керісінше ұтты. Бірінші – олар жоғалып кеткен, көміліп қалған, шықпай кеткен авторларды қайтадан шығарды. Екіншіден, бұлар қағазы бар ел. Біз сияқты мұқтаж ел емес қой. Сондықтан кітапты бұрынғыдан да әдемі етіп шығара бастады. Содан соң, бір ғажабы, бұлардың оқырмандары — дәстүрлі оқырмандар. Бұлар бұрын кітапқа бөлінген қаражатты қысқарта қойған жоқ. Олар кітапты әлі алып жатыр. Бізде қазақта – бұл бөлектеу. Мен өзім Алматыға 50-жылдардың басында келдім. Сол келген жылдардан кейін, 50-жылдардың ортасынан бастап 20 жылдай оқырманның ынтасы шарықтап өсті. Кітапты іздеп жүріп, бір-бірінен ұрлап алып кетіп (жақсы мағынасында) оқыды. Мына іргедегі Қытайдан мысал келтірейін. Қытай деген үлкен ел ғой. Ал осы үлкен елдің атамзаманғы бір жақсы дәстүрін айтайын. Қытайда кітапты ұрлаған адам жазаға тартылмайды екен. Бұл білімге деген құмарлық қой. Бір уыс бидай ұрлаған адамның қолы шабылады. Поляктарда бір анекдот бар. Бір жас семья қонақ шақырады. Қонақ келерден бұрын үйдің иесі кітаптарын анда да, мында да жасыра бастайды. Балкондағы сөрелер, қуыс-қуыстың барлығы кітапқа толады. Сонда әйелі: «Келетін достарын кітап ұрламайды. Бұл кітаптар олардың өздерінде де бар. Неге сонша әуре болдың?»,-дейді. Күйеуі: «Олардың ұрламайтынын білемін. Өздерінің кітабын танып қоя ма деп жатқаным ғой»,- деп жауап беріпті. Асқар Сүлейменов деген замандасымыз болды. Кітапты көп оқитын. Оның бір қызық қасиеті: біреуге кітап берсе кері сұрамайтын, алса қайтарып бермейтін. Қызық адам. Енді оқырмандарымызға қайтып оралайық. Біздің оқырманымыз қалың ұйқыға кетті. Оны қашан оятып аламыз және ол оянғаннан кейін қайтадан кітап оқуға кірісе ме? Қазіргі адамның психологиясы қасаңданған. Қазір кітапты ақшаның жоқтығынан алмайды. Ертең оған дәулет біте бастайды. Бірақ соның біраз процентін кітап алуға бөлу керек дегенді ұғынғанша біраз жылдар кетеді. Кітапты алмау – дәстүрге айналып кетеді. Бұл тоң сияқты нәрсе. Қашан, қалай бұзылады — белгісіз. Менің қорқатыным – осы нәрсе. Екінші бір нәрсе – осы қиыншылықтың таза әдебиетке пайдасы болды ғой деп ойлаймын. Өйткені әдебиетке келген адамдардың көбі – кездейсоқ адамдар. Әдебиеттің айналасынан пайда іздеп келгендер. Пайда іздегендер, тіпті болмағанда абырой іздеп келгендер. Мысалы, Пәленшенің партия қызметінде аты шықпады. Басқа жол жоқ. Сондықтан қалтасына «жазушы» деген куәлік салып, шіреніп жүрсе – абырой болатын болған. Міне, солар, сондайлар, қазіргі қиыншылық кез келгенде ізім-ғайып жоғалды. Өйткені, әдебиет оларға енді ештеңе бермейтін болды. Әдебиет, фанатиктердің, барым да осы, малым да осы дегендердің ісіне айналды. Сұрағыңдағы бойкүйездік деген сөзіңді түсінкіремедім. Сөздің мың түрлі мағынасы болатыны белгілі ғой…
– Пессимизм мағынасындағы сөз деп түсініңіз.
- Олай болса мен өз тұрғымда бұл сөзіңді қабылдай алмадым. Өйткені әдебиетке шын берілген фанатиктер әлі жұмыс істеп жатыр. Олар, енді кітап шығарады екенмін, осыған ақша аламын деп істемейді. Әдебиет бұлардың дерті. Құдай берген ауру. Абай «Сөз өнері дертпен тең» деген. Осыған ұқсас пікірді Пастернак айтқан. Бірақ ол «Высокая болезнь» деген. Сатып алуға болмайтын қымбат деген сөз ғой. Міне, сол нағыз жазатын адам осы қымбат дертін ешбір байлыққа айырбастамайды. Енді жазушыларға айналып тағы бір соғайық. Жазушылардың тағы бір тобы бар. Бұрын бұлар өздерінің жазбағандығын немесе аз жазғандығын тоталитаризмге, цензураға жабатын. Бәрібір қысқартып жібереді, жаздырмайды, өтірік айтқым келмейді дейтін. Ал, енді сөз бостандығы берілген кезде солар тағы жаза алмайтын болып шықты. Сөйтсе олардың ар жағында тесіп бара жатқан ештеңесі жоқ екен. Мен әдебиет туралы оқырман ретінде айтқаным – басқаша айтқанымнан дәлірек болып шығады. Өйткені менің өзім оқырманмын. Жақсы оқырманмын. Сондықтан оқырманды жақсы білемін дей аламын. Алматыда ертеректе «Сайтан базар» деген болды. Сол базарға жиырма жылдан астам барып жүрдім. Жақсы кітапты кезекке тұрып алатынбыз. Екеу-үшеуден алатынбыз. Кітап айырбастайтынбыз. Себебі керек кітапты, орнына кітап беріп қана ала аласың. Ал енді біздің әдебиет жайлы: қазақ әдебиеті едәуір биік өреге жетіп қалған әдебиет. Әдетте көршілермен салыстырасың ғой. Қазақ әдебиеті, әсіресе, поэзия, көршілес түрікмен, өзбек, тәжік әдебиетінен көш ілгері алға кеткен әдебиет. Мынандай мысал келтірейін. Біздің әкелеріміз ғасыр басындағы ақындарды оқығанда ішкен асын жерге қоятын. Ал, біз, немесе өзімізді айтсам, мектепте жүрген кезімізде поэзияны аса жақсы көргеніміз жоқ. Себебі аралары кезеңдік тұрғыдан да, стильдік тұрғыдан да алшақ жатқан қадау-қадау бірнеше ғана ақынның шығармашылығынан не ұғынуға болады? Абай поэзиясы жоғары класта оқытылады. Ал Абайдай ақынды түсіну үшін үлкен дайындық қажет. Енді қазіргі жағдайды қараңыз. Қазіргі жастар, бүгінгі поэзияны түйсініп оқитын жастар ғасыр басындағы поэзияны қабылдай алмайды. Неге? Өз мәдениетінен жерігендік пе? Жоқ! Поэзия жайлы түсінігін әдеби оқулықтан емес, шын поэзияның өзінен алған алғыр жастың санасы биік деген сөз. Әдеби сынмен айналыспаса да сыншылық ой иесі деген сөз. Олар ғасыр басындағы ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің күшпен тежелгенін жанымен, өзінің жеке әдеби тәжірибесімен сезінеді. Мағжан поэзиясының озық белгісі неде? Қазақ өлеңіне интимдік лириканы алып келгендігінде. Интимдік лирика, бұрын қазақтың ән өнерінде бірен-саран жерлерде ғана көрініс берген. Абайдың өзінде «меннен»гөрі «біз» басым. Қартайған кезінің өзінде. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» дейді. «Қартайдым» демейді. «Қартайдым» деп біз жазамыз. Неғұрлым «мен» болсаң, соғұрлым етенесің. Мағжан осы «бізді» «менге» айналдырды. Бұхар жырауды алыңыз. Биік философия. Бірақ үшінші жақтан айтылған.
Мысалы:
Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз да көпке теңеліп,
Бір майданда жолығып,
Кегін алмас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға теңеліп,
Жайлауға көшпес демеңіз.
Керемет философия! Бірақ Мағжан бір адамға ғана айтатын сырды алып келді.
- Біздің ойымызша қазақ әдебиеті, дамуға ұмтылған барлық әдебиет сияқты, Батыс мәдениеті салған сара жолға түскен болуы керек. Батыс Еуропа тарихына жүгінер болсақ, көптеген ақылға сыймайтын жайттарға куә болар едік. Бізде көп жұрт үздіксіз дамуды – үздіксіз гүлдену деп түсінеді. Ал шындығында олай емес. Өнер болғаннан кейін даму керек. Көпшіліктің талғамымен жұру – қарабайырлану, өлу деген сөз. Алайда, индивидуалистік жолмен жүрген өнер өз дамуында шыңға шығады да… қалың көпшілікке түсініксіз болып қалады. Шопенгауэр мен Ортега-Гассет айтқан дамудың парадоксы дегеніңіз осы. Не істемек керек? Ал бұл екі ортада көңіл көтерудің индустриясы қарап тұрмайды. Халыққа «түсінікті» әдебиет пен кинематографты тудыра қояды. Өзінің үмбетінің лас мәдениетке жүгінгенін көрген эстет-жазушы өзінің кірпияз өнерінің тереңіне одан сайын терең шомады. Міне, осылайша оқырман мен жазушының арасында өткел бермес терең ор қазылады. Енді осы ситуация бізге де келген сияқты. Идеологияның диктатынан құтылған, ождан бостандығы, дін бостандығы, т.т. толып жатқан бостандық алған қазақ оқырманы бүгінде шетелдің «әдебиетін» «игеріп» жатыр. Қазақ қаламгері мен қазақ оқырманы арасындағы контакт үзілген сияқты. Біз әдебиет тарихына айналып бара жатқан сияқтымыз. Осыған келісесіз бе?
- Қазақ оқырманының Еуропа мәдениетіне, әдебиетіне тартылып бара жатқандығын айтасың. Бұл жөнінде де күдігім бар. Қазақ әдебиетін оқып жүрген таза қазақ оқырманы ешқайда қашқан жоқ. Оқымайтынды алсақ – бізге жоқ ақшасы, Еуропаға да жоқ. Бізді оқуға жетпеген уақыты Еуропаға да жетпейді. Ал бізді оқымайтын орыс тілді қазақтар – бізді бұрын да оқымаған, қазір де оқымайды. Дегуманизация дегеніңіз, меніңше, таза философиялық проблема. Мәдениет философиясы айналысатын нәрсе. Мысалы, өзің айтып отырған ахуал қалыптасқан кезде, орташа, оқырманға түсінікті әдебиет белең алады. Ал классиктер өз деңгейінде қалады. Мысалы, французда Марсель Пруст деген бар. Оны мыңнан бір адам оқиды. Егер оқыса. Ал оның орнына жұрт Жорж Сименонды жақсы біледі. Екеуінің әдеби салмағын салыстыруға келмейді. Мен Агата Кристи мен Жорж Сименон екеуін салғастырып отырып оқыдым. Агата Кристиден бір абзац алып тастай алмайсыз, Ж.Сименонды онша қабыл алмадым. Былайша айтқанда, маған қатысы жоқ адам ғой. Басқа елдің адамы. Француз тілінде жазады. Өзі бельгиялық. Ұнатпаған себебім – оның төрт жүзге жуық роман жазғанын білдім. Сонда жазуда не қасиет қалды деп ойладым. Әншейін көбейтіп жаза беруге болатын болған ба? Содан соң орыс газеттерінен оның бірнеше интервьюін оқыдым. Оған деген көзқарасым өзгерді. Оның профессионал әдебиетші екендігіне көзім жетті. Кілтипан – әр жұрттың жазу өнеріне деген көзқарасында, жазудың қыр-сырына, қиындығына, машығына деген түрлі көзқарасында екен. Оның романдары – жүз, жүз он, жүз жиырма беттік романдар. Ондай романды ол екі аптада жазады. Бұл біздің ұғымымызға салғанда роман үшін өте аз уақыт. Ал екі аптаға бөлсеңіз, күніне – асса он беттен келеді. Бабыңда болсаң, алдын-ала дайындалсаң күніне он бет жазуға болады ғой? Болады! Содан соң ол жазғанда мынадай бір тәсіл қолданады: ең алдымен бір қарапайым бояуды алады. Осы шығарма үшін. Фонға керек. Көгілдір немесе қызғылтым, не қоңыр, не жасыл. Сосын бір ауа-райын алады. Сосын бір мелодия. Міне, осы әуенді ыңылдап отырып жазуға кіріседі. Ал енді романның соңғы тарауын жазып жатқанда ауырып қалды дейік. Сауыққаннан кейін аяқталмай қалған романның қолжазбасын өртеп жібереді екен. Неге дейсіз ғой? Себебі – ары қарай жазса өтірік болады. Сол сәттегі көңіл күй келмеске кетті деген сөз. Менің де өз басымда осындай кездер болған. Бір дүниені жазу барысында еріксіз үзіліс жасайсың. Ауырып қалдың дейік. Қызмет бабымен бір жерге кетіп қалдыңыз дейік. Ал сол жұмысты ары қарай жалғастырғанда, о бастағы қымбат көңіл күйді қайта кеше алмай қор боласың. Әрине, ойдың негізгі желісін үзбейсің. Мен тіпті десеңіз, үзілген сөйлемнен кейін қандай сөйлем болу керек – соны да еске түсіре алмаймын. Алайда, алғашқы ынта мен көңіл күй жоқ. Көкіректе «басталған жұмысты аяқтау керек» деген жауапкершілікті ой ғана тұрады. Сонымен бұл сауалыңа байланысты айтатынымды қорытындылап былай дейін: «дегуманизация» проблемасы әдепкі проблема. Мәңгі өлмес проблема. Бір бүгін немесе кеше ғана бой көтерген жоқ бұл мәселе. Ескі кітаптардың барлығында да «заман бұзылып барады», «адам азып барады» деген қайғылы ой, яғни, осы дегуманизация әр түрлі кейіпте көрініс беріп отыр. Бұл мәселе осыдан 1400 жыл бұрын аян етілген Құранда да, күні кеше өмір сүрген Абай поэзиясында да бар. Бір кезеңнің әдебиетін шектеп ойып алып, талдап жіберсең, кез келген жерден осы «дегуманизация» шыға келеді. Яғни, мәселе зерттеушінің өз зерттеуін нендей ниетпен бастайтындығында. Немесе әдебиет бар да, оны зерттеудің түрлі тәсілдері бар. Мен бұл проблемаларды осылай түсінемін.
- Александр Кушнердің айтқаны бар ғой «Тілді абсолюттендіріп қажеті жоқ. Дүниенің құпиясын, Құдайдың құпиясын сөзбен алмастырып қажеті жоқ» деп. Сөз өнері соншама құдіретті өнер ме? Сөзбен айтып жеткізе алмайтын күй кешкен кезіңіз болды ма?
- Бұл жерде менің айтарым сөздің көркемдік, бейнелегіштік мүмкіндігі мен ақынның шеберлігін шатастырмау керек. Сөздің құдіретіне шек келтіру – мылтықты дұрыстап ата алмаған адамның «мылтық нашар қару» деуімен бірдей. Көңілдегі ой өзінің көркемдік қисынын таба алмай жатса – оған сөз кінәлі емес, ақын өресінің жетімсіздігі кінәлі. «Тілді абсолюттендіру» дегеніңе келісе алмаймын. Кейде адам эмоцияның лебімен бір нәрсені айтып қалуы мүмкін. Бұны бірден «абсолюттендіру» деу қате. Егер де «Дүниенің… Құдайдың құпиясын сөзбен алмастырып керегі жоқ» дейтін қағиданы ұстанатын болсақ, онда жақ ашпай, мүлдем сөйлемей отыру керек. Менің ойымша, А.Кушнер бұл жерде сөз өнері мен Құдайды шендестіргенде, сөз өнерінің, сөз иесінің ерекше жауапкершілігін ғана айтса керек. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын күй кешкенім есімде жоқ. Өзім кешкен сезімдерді өлеңімде айтып бердім деп ойлаймын.
- Сіз әнге өлеңді көп жазған ақынсыз. Музыка мен поэзия бір-біріне жақын өнер түрлері. Бірақ музыканың жазылуында мынадай бір ерекшелік бар: бүгінде музыкалық гармонияның дамығандығы сондай, композицияның қағидаларын, аранжировканың тәсілдерін азды-көпті меңгерген кез келген адам гармониялық тұрғыдан тәп-тәуір әндер немесе басқа да музыкалық шығармалар жаза алады. Ал поэзияның, егер солай айтуға болатын болса, технологиясының басты ерекшелігі неде? Сіздің ақындық өнерініңізге музыканың әсер еткен кезі болды ма?
- Дұрыс айтасың. Теорияның дамуындағы бұл парадоксты ешкім де түсіндіріп бере алмайды. Бірақ, менің ойымша бұл жердегі мәселе, тағы да адам атты пендеде тұр. Музыка теориясы болсын, басқа болсын – ғылым ғой. Ғылым болғаннан кейін даму керек. Бұл – танымның өзгермес қағидасы. Ал егер аз-маз музыкалық немесе әдеби қабілеті бар адам теорияны беске меңгеріп алып, «тәп-тәуір» шығармалар жазып жатса, бұл жерде теорияның нендей кінәсі бар. Ондай «шығармалардың» құнын білу үшін шегініңкіреп тұрып бақыласа болды. Жақын тұрсаң, әрине, оның ішінен әлдебір жүйе, «логика» табасың. Түйсігі мол, білімі мол сыншы ондай өлеңді алғашқы шумағынан-ақ ұстайды. Себебі, теориямен жазылған, яғни теориялық тұрғыдан мінсіз ондай шығармада бір нәрсе жетіспей тұрады. Көркемдік ой дейсің бе, меніңше – шығарманың рухы, оны тірі етіп тұрған оның жаны. Сол жетіспейді. Ол жоқ болса – жоқ. Оны ешбір техникамен жасай алмайсың. Нобайын, сыртқы түрін жасайсың. Бірақ өзін жасай алмайсың.
Поэзияның технологиясы туралы айта беруге болады. Көп айтуға болады. Алайда мен өлең өнерінің ешқашан таусылмас көп сырының бірін, өзім түйсінген бір сырын айтайын. Өлеңді ұстап тұрған техника емес. Көп айтылған жауыр сөз болса да айтайын, өлеңді ұстап тұрған нәрсе – сезім. Мен бұл жерде сезім деп, өзің шын кешкен, өзіңнің рухани тәжірибеңе айналған шынайы сезімді, шын сезімді айтып отырмын. Жоғарыда өзіміз айтқан «өлеңнің жаны» немесе «өлеңнің рухы» дегеніңіз осы. Ақындық өнеріме, өзім сөз жазған әндер ғана емес, есімді білгеннен осы уақытқа дейін естіген жақсы музыканың барлығы да сәулесін түсірді, өз әсерін тигізді деп ойлаймын.
- Цензура көп нәрсеге тыйым салатын. Бірақ, бір ғұламаның айтқанындай, мемлекеттік, идеологиялық цензурадан биік – ішкі ар мен ұяттың, ожданның цензурасы бар ғой. Өзінізге өзіңіз тыйым салған, цензор болған кезіңіз болды ма?
- Ғұлама дұрыс айтқан екен. Мен де бір ғұламаның айтқанын келтірейін. Гетенің «Мен көп нәрсе білемін, бірақ барлығын айта бермеймін» деген сөзі бар. Ішкі цензура дегеніңіз осы. Көрген-білгеніңнің бәрін жаза беру – әдебиет емес. Көркемдік елек туралы көп айтылды ғой. Оның несін қайталайын. Ал идеологиялық, мемлекеттік цензураның әдебиетке пайдасы мол болды деп ойлаймын. Цензура әдебиетшіні белгілі бір жөн-жоралғыға үйретеді. Цензурада да ақымақтар отырған жоқ. Өзіңе тыйым салу үшін ең әуелі әлдебір қорқынышты нәрселерді шырамытуың керек. Содан соң барып «Құрысын, ойламау керек» дейсің. Ойыма ондай ештеңе келмеген сияқты. Ондай шетін нәрсе ең құрымаса есте қалар еді ғой…
- Әдебиет тек роман, повестер немесе поэмалар мен лирикалық өлеңдер ғана емес. Осыларды жазатын адам да әдеби наманың бір бөлшегі. Әдеби отандас достарыңыз көп пе? Әдебиетшіге керек ең басты ізгілік, адамдық қасиеттер және профессионалдық қасиеттер жайында айтсаңыз.
- Достарым көп. Жахаттасы бар, замандасы бар – көп. Ал профессионализм деген аса үлкен ұғым. Бұл – жеке сұхбаттың тақырыбы боларлық мәселе. Қысқаша айтсам – бүкіл жүріп өткен жолың, өміріңнің барлық тәжірибесі – профессионализм. Өз басым ақындық пен азаматтықты бір-бірінен бөліп көрген жоқпын.
- Қандай шет мемлекеттерде болдыңыз? Эмиграциядағы қазақ әдебиеті сіздің ойыңызша, қандай әдебиет?
- Шет мемлекеттерде болдым. Бірақ эмиграциядағы қазақ әдебиеті дегенге қосыла алмаймын. Егер іргедегі Қытайда отырған қазақтарды айтқан болсаңыз – ол эмиграция емес. Моңғолиядағы қазақ жұртын да эмиграцияда отыр деп айта алмаймын. Ал қиыр қонып, шет жайлап кеткен, мысалы, Түркия, Германия, Дания, Голландиядағы өте шашырап кеткен қазақтарда әңгімеге тиек етерлік әдебиет бар деп ойламаймын.
- Мемуар жазасыз ба? Бүгінгі алыпқашпа, қаңқу әңгімеге құрылатын қазақ мемуаристикасы туралы пікіріңіз қандай? Сіздің ойыңызша, мемуаристің тоқтайтын шегі қай жер? Мемуар өткен өмірдің тәптіштелген протоколы болуы шарт па?
- Мемуар жазбаймын. Кейін естелік жазу керек болса – көрерміз. Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі «мемуарларды» қабылдай алмаймын. Көбінде баяғыда болған дауды жалғастыру ниеті байқалады. Мысалы, Пәленше осыдан қырық жылғы болған бір оқиғаны жазды дейік. Түгеншені сынады дейік. Ал егерде сол Түгенше тірі болып, ол да мемуар жазса ше? Онда әдебиет тарихына айналған дау қайтадан нәр алып, қаулап жөнеледі. Мемуар жазудың әлемдік биік үлгілері бар. Қазақ қаламгерлері сол үлгілерді меңгеруі керек. Мысалы, жоғарыда өзіміз әңгіме еткен ожданның цензурасы мемуарға да жүреді деп ойлаймын.
- Екі жылдан кейін мыңжылдық дәуір аяқталады. Осы, бір дәуір аяқталып, келесіге өтердегі қазақ поэзиясының бағыт-бағдары, перспективалары қандай болмақ? Ізіңізді басып әдебиеттің қасиетті табалдырығынан енді ғана аттаған қаламдас інілеріңізге қандай тілек тілер едіңіз?
- Екі мыңыншы жыл – хроногиялық меже ғана. Ойымша, екі мыңыншы жылға соншама үміт артып керегі жоқ. 2000-шы жылдың соңғы күні, кешке қарай төсегіңізге жатасыз да, 2001 жылы таңертең оянасыз. Бұл бар болғаны келесі таң ғана. Адам әр күні бір шешуші кезеңде тұрғандай еңбек ету керек, бір-біріне жақсылық істеу керек. Қазақ поэзиясының бағыт-бағдары жайлы не айта аламын? Бізден кейін дүниеге қандай ақын келеді, ол қазақ өлеңін қандай белге шығарады – ол мен үшін беймәлім. Біз өзімізге дейінгі поэзияны алдық, оны келесі биікке шығардық. Ізімізді басқан қаламдас інілеріме айтарым – әдебиетке келген екенсің, сол әдебиетпен бол. Шын әдебиетші бол. Өлеңдей қасиетті өнерге көлеңке түсірме дер едім.
«Zaman Қазақстан» газеті, 1998 жыл.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.