Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әбіш Кекілбаев. Әдебиет әзелгі мұратынан айнымақ е...

18.10.2018 5545

Әбіш Кекілбаев. Әдебиет әзелгі мұратынан айнымақ емес

Әбіш Кекілбаев. Әдебиет әзелгі мұратынан айнымақ емес - adebiportal.kz

Жуырда ғана еді. Таң атпай жатып, телефон шырылдады. Аса таныс дауыс. Асықпай-үсікпей, әр сөзін шекеңе шегедей қадап, қазымырлана сөйледі. “Біздің ПЕН-клубтың кезекті жиыны мамырдың аяғында Ақтөбеде өтеді. Шетелдерден де меймандар келеді. Сөйлегеніңізді қалаймыз. Тарихымыз бен әдебиетіміз жайында қанша айтам, қалай айтам десеңіз де еркіңіз. Шектеу жоқ”. Айтып тұрғаны құлаққа майдай жағып барады. Қазіргі демократия дәуірінде де мұндайды күнде ести қоймайсыз. Бостандық пен еркіндіктің аздығы арытса, көптігі күпті қылатындай. Әлгіден бері әлденеше күндер өтсе де, мұндай ұлан-асыр тақырыпты неден бастап, қайдан қайтарымды білмей, әлі сабама түсе алмай, алабұртып жүргем.

Тым болмаса, Ақтөбеге дейін әуеде бәрібір қол-аяғың жіпсіз байланып, еріксіз тұтқын болатын екі жарым сағатта алдағы мәжілісте не айтып, не қоятынымды сарапқа салып аламын ғой деп есептегенмін. Көзді тарс жұмып алып, емін-еркін ойға батқым келген-ді. Одан түк шықпады. Марсқа барып қонған алғашқы аппарат, Американың тұғырлығын тулатқан торнадо, Еуропадағы су тасқыны, Азиядағы жерсілкіністер, Африкадағы қақтығыстар, тағы басқа, тағы сондай алыпқашпа ақпарат жаңалықтары шынжырдан босаған арландардай айнала анталап тұрып алды. Қайда да болса, әдебиетті ойлап, бастарын ауыртуға мұршалары болмай, мұрындарынан шаншылып жатқан жұрт кілең. Күдерімді үзіп, көзімді аштым. Еріксіз иллюминаторға еңкейдім. Қалтаңдаған қанаттың астынан әлдене бозараңдады. Тани кеттім. Ахмет Байтұрсынов туған Аққұм мен Ақкөл. Толы кеседегі қымыздай көлкіп жататын мөлтек көл биыл балығы қырылып, бетіне қалқып шығып, көже құйған тегештей қоймалжың тартыпты. Оның сыры неде? Биологиялық індет пе, әлде техногендік зардап па? Бір Алладан басқаға беймағлұм. Ол көзден тасалана бере, көк селдір мұнар арасынан жыландай ирелеңдеп Өлкейек көрінді. Әбілқайыр сонда мерт тапқан. Көп ұзамай күнбатысынан Маңтөбе маңқиды. Петербор елшісі Тевкелев сол араға келіп ат басын іріккен. Бұл құла дүзде оған дейін де талай тайпаның тарландары тағыдай жортқан. Тайбұға, Құнан, Сүмен, Елбөрі, Басман, Қалқұтан – Шыңғыс ханмен ұстасқан шын жаужүректердің бәрі осы қиырларға жетіп бой тасалаған. Моңғолдарды батысты шабуылдауға дәндеткен ең алғашқы Ырғыз шайқасы да осы бір құлазып жатқан қуаң кеңістікте өткен. Аң қуып жүрген Хорезм шахзадасы Жәлелетдин жау қуалап жүрген Жошы оғланмен осы арада ұстасқан. Алтын ордадан бақ таярдағы айқай-сүреңдердің ақ қапталдары Барақ, Құйыршық, Тоқтамыс, Едігелер мен Ақсақ Темір әулетін Тұраннан қуып, Үнді асырған Мұханбет және Махмұт Шайбанилар осы жазираларды аямай шиырлап, аянбай айқас салған. Ондай аламаншылықта өткен сұрапыл дәуренді шын айнала қоршап жатқан моңғол, сартауыл, қызылбас, саклаптар қазақшылық құру деп атаған. Бүкіл атырап, сөйтіп, Дешті Қыпшақтан біртіндеп қазақ даласына айнала бастаған.

Бір кезде Жаман қала атанған Орскінің теңірегінде Ноғай ордасының шығыс бөлігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған кейқуат Шейх-Мамай жатқан көрінеді. Ол заманында Шыңғыс әулетінен үш оғыланды – Ақназар, Ахметкерей, Мұртазаны өз ордасында тәрбиелеп өсіріп, Қазақ, Башқұрт, Ібір-Сібір тағына өз қолынан апарып отырғызыпты. Әрқайсысы бір-бір тақ иемденген бұрынғы ұяластар өле-өлгендерінше бір-бірінің соңына түсіп, өштесіп өтіпті. Шығысқа өңмендей ұмтылып, Қазан, Астрахан сынды бұрынғы Алтын Орда ордабазарларын жайындай жайпап келе жатқан орыс шонжарларынан іргесін аулақ салмақ болып, Сарайшықтағы Орыс би де осы иен шалғайға қарай шалқайыпты. Ал оның тікелей ұрпағы, патша генералы Василий Алексеевич Урусов арада ғасырлар салып, бір кездегі бабалары Едіге мен Орыстың соңдарына еріп, сойылдарын соққан сормандай башқұрттарды Ор мен Сақмар өзендерінің бойларында қан жоса қылып қырып салды...

Қысқасы, осы жиынға келе жатып, ұшақ терезесіне үңілген сайын көзім шайдай ашыла түсті. Қай-қайдағы ойға оралды. Сөйтсе, Ақтөбе аймағы ежелгі Дешті Қыпшақтың нағыз саяси кіндігі екен. Оның жоғарыда сөз болған ең ежелгі мемлекеттерінің орда тіккен орындарының – Астана, Байтақ, Қос-Жайық, Сарайшықтың – қирандылары күнбатыс беттегі Елек, Қобда, Жайық бойындағы жазықтарда әліге дейін тоз-тоз шашылып жатыр. Олармен іргелес орналасқан Орал, Орск, Орынбор, Троицк қалалары – патша тұсындағы Казақстанның бұйда ұстаған әкімшілік орталықтары. Ұзақ уақыт қолымыздан шығып кетіп, көзімізден бұл-бұл ұшқан ұлттық мемлекеттігіміз де алғаш рет өткен ғасыр басында ұлттық автономия болып осы өлкеде, Орынбор қаласында жарияланып, қайта тіріле бастаған-ды. Еуропа мен Азияның, аңшы-малшы қауымдары, түрік-моңғол, угро-фин, үнді-еуропа тайпалары Арктикамен шектес жатқан осы бойлықтарда жамырай табысып, әлденеше ұлттық-мәдени, саяси-аумақтық бірлестіктер түзген. Ежелгі скифтер мен сарматтар осы атыраптарда сайрандаған. Осы жазираларда хундар ғұндарға айналған. Атақты Атилла да Еуропаға осы тұстан аттанған. Бұл араның топырағын әлденеше жұрттар мен ұрпақтардың төгілген қаны мен тері аямай суарған. Әлемдік археологияға алтын сыбаға болып қосылған ең теріскей ежелгі қала Арқайымның, ең алғашкы доңғалақты күйменің біреуі мен ең соңғы мамонттардың біреуінің жұрнақтарының кең-байтақ қазақ даласының теріскей батыс шебі саналатын осы атыраптан табылуы тіпті де тегін емес. Әлімсақтан бермен қарай жалғасып келе жатқан планета тарихының ең ежелгі қабаттары бұл төңіректе әлі күнге тың жатуы әбден мүмкін. Адамзат тарихының ең өзекті үдерістері бұл маңайды айналып өте алмаған. Бұл өңірдің азынаған желі де әлі күнге екі иінінен дем алып, бұрқ-сарқ қайнап жатқан беймаза тарихтың арғы-бергісінен сыр шертіп, күні-түні гөй-гөйлеп тұрғандай.

Бұл жазиралардың жадында талай айтылмаған сыр, ашылмаған құпия жатыр. Олардың төстеріңде тек айтыс-тартыс, алыс-жұлыстар ғана өткен жоқ, “Үркер”, “Елең-алаң” романдарын жазып жүргенде мен де талай рет ат басын осында бұрғанмын. Кейіпкерлерім жүрген жерлерді аралап, қабірлеріне соғып, тәу еткенмін. Аттарын да ататпай, біржолата ұмыт бола жаздаған бағзы бабаларының жай-жапсарларын барынша сақтық, сыпайылық сақтап, суыртпақтап сұрағанымда талай ұрпақтар маған сенбей, сезіктене қараған. Жолықпауға тырысып, үйлерінен қашып кеткендердің сондарынан қуып барып, сөйлескен кездеріміз де аз емес. Алғада Бестамақта жатқан Есет батырдың басын қарайтпақ болған бір топ ақсақалдардың төбелеріне әңгіртаяқ ойнатып жатқан бейбастықтың үстінен шыққанмын. Бірақ, тарих та қыздардай қырық шырақты ғой. Қанша төмпеш көрсе де ебін тауып, әрбір жаңа ұрпақпен бірге қайта тіріліп, жаңғырып жатады ғой. Сол жолғы сапарда мен Сайрам түбінде қазақ хандығының жылма-жылғы жаз басы мен күз басында екі рет құрылтай өткізетін Мәртөбесінің мал қораларын салуға керек саз алатын, жоңғар тойтаратын жорықты бастайтын шешім қабылданған Ордабасының теміржолға төсейтін қайыр алатын карьерге айналып, көзапара құрып бара жатқанын көріп, алғаш дабыл қаққандардың бірі едім. Құдайға шүкір, қазір екеуі де ұлттық тарихи қорыққа айналды. Ол сапарда Қаратаудың түскейі мен теріскейін, Сыр, Торғай, Ырғыз, Елек, Қобда бойларын аралап, Қазақ тарихына тікелей байланысты Қазан, Уфа, Орынбор, Орск қалаларын барып көргенмін. Қалың жұрттың ортасында жүрсе де, тіл мен жақтан айырылып, қаралай меңіреуленіп бара жатқан талай кәріқұлақтың өзге түгілі өзінен жасырып келген тықпа сырларын тыңдағанмын. Орскіге барғанымда менің шығармаларымның басты кейіпкерлері Әбілқайыр, Абылай, Әбілмәмбет, Барақ, Нұралы, Ералы, Айшуақ, Бөкенбай, Есет, Жәнібек, Әжібай, Арал, Бақтыбай, Баймұрат, Байқара, Жәдік, Серке, Тевкелев, Кирилов, Татищев, Урусов, Неплюевтердің қалдырған іздерінің әлі сайрап жатқандарын байқадым. Сонда маған Жағалбайлының рубасы Дербісәлі Беркімбайұлының Ресейдің Азия бөлігін тегіс аралап көріп, Петерборға қайтып бара жатқан патшазаданы жол-жөнекей қалай қонақтатқанын жыр қылып айтқан. Қаланың қасына маржаңдай тізіп ақ жұмыртқа ауыл қондырыпты. Теміржол вокзалынан соған дейін болашақ падишаның табанына топырақ жұқпасын деп әлденеше шақырымға Бұхара қалы кілемін төсеттіріпті. Дәл сол ақпа-төкпе дарқан мырза кейін екі әйгілі шығыстанушы – академик В.В.Вельяминов-Зернов пен саяхатшы К.Пржевальскийді де құшақ жая қарсы алыпты. Қастарында болып, аймақты түгел аралатыпты.

Ал бұл аймаққа қызығушылық қай кезде де өте-мөте жоғары болған түрі бар. Өз басым осы өлке жайындағы А.Пушкин, Т.Шевченко, В.Даль, В.Короленко, А.Генс, Я.Гавердовский, А.Добросмыслов, В.Татишев, П. және Н.Рачковтар, Е.Мейендорф, Е.Ковалевский, И.Бларамберг, В.Григорьев, В.Витевский, Н.Харузин, А.Левшин, Ш.Ужфальви, Н.Скайлер, И.Кастанье, И.Ханыков, Л.Берг, Л.Майер және басқалардың жазбаларымен, И.И.Неплюев, Терентьев мемуарларымен әбден таныспын. Олар тек осы арадан басқа ешқайдан ұшыраспайтын экзотикалық таңсықтарымен немесе саяхатшылардың ауыздарын ашып, көздерін жұмған таңғалыстарымен баурап алмайды. Небір өнегесі мол қызық тағдырлар, асып-тасқан алабөтен құштарлықтар, төбе құйқаңды шымырлатар төтен күйзелістер, көз арбар көркем көріністер оқырман назарын өздеріне тартып, үздіктіре түседі. Солардың ар жағынан атойлап тұрған тауқыметті тартыстар небір жаңа шекспириадаларға өзек болғандай. Баяғыны былай қойғанда, кешегі мен бұрнағы күнгінің өзі не керемет шындықтарды айна-қатесіз алдыңа жайып салғандай. Басқасын былай қойғанда, бұл аймақтағы Сырым, Тіленші, Жоламан, Барақ, Асау, Исатай-Махамбет, Кенесары, Есет, Бекет, Арынғазы, Жанқожа, Әзберген көтерілістері отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің алтын тарауларын құрайды. Ондай орасан ерліктің өрмегі одан бері де үзіліп қалмаған. Бір ғана Әлия Молдағұлованың күрделі де күйзелісті өмірбаянының өзі неге тұрады? Анасы атылып қалған алап, әкесі тығылып жүрген жүлгелер қиялыңды қырық аунақшытады. Тек жарқыраған Алтын Жұлдыздың жалтылына арбалатындар Әлия мен оның оралдық құрбысы Мәншүк Мәметова жасаған ерен ерліктің қияметті қыр-сырына бойлап ене алмай, тым беріден қайтады. Осы бір емшек табы еріндерінен кетіп үлгермеген екі ару бойжеткеннің алдарынан ағыл-тегіл анталап шыққан қалың тобырға осынша шүйлігулерінің сыры неде? Озбыр басқыншылыққа қарсы өшпенділік пе? Әрине! Бірақ та, тек қана ол емес-ті. Екеуінің де әкелері жаппай қуғын-сүргіннің құрығына ілікті. Өздерін де не болса соған сеніп, кім болса соған еретін әлеуметтік әулекілік, халық жауларының балалары деп шиге шаншып, шетке итеріп бақты. Ондай көпе-көрінеу кемсітуге шыдай алмаған екі өжет қыз өздері сұранып майданға аттанады. Қолдарына қару алып, нақақ кеткен әкелерінің намысын қорғап, өздеріне тағылған оспадарсыз жаланың күлін көкке ұшырады.

Қиянат пен әбжілдікке Әлия мен Мәншүктей күйініп, тебірене отырып, тереңдей үңілмейінше, бір кезде Сыпыра жырау мен Асан Қайғы өткен абыз дала, бәрін көріп, бәріне куә болған, бәрін біліп, бәріне түсінетін, ештеңені есінен шығармаған сұңғыла өлке арғы-бергінің талай құпиясын бізге айтпай, ішіне бүгіп келеді. Ал тарихи шындық тек суреткердің қолына түсіп, көркем шығармаға айналғанда ғана халық мұрасына, ұлттық сананың мазмұнына айналады. Әйтпесе, біреу біліп, біреу білмейтін оқиғалар мен деректер бар-бар кезде әділдік пен батылдық таныта бермейтін мамандардың құбылмалылығының құрбаны болып қала бермекші. Осы бір құлазыған құла дүз бен тымырайған тылсым қыраттар аймағына келген сайын біз қанықпаған талай сыр қаламға ілікпей, әлі күнге дейін жазылмай келе жатқан жүздеген кітаптар мен олардың мыңдаған кейіпкерлерінің қоршауына түсіп қалғандай сезінемін. Олар біздің әліге дейін талай нәрседен қашасоқтап келе жатқан тәуекелсіздігіміз бен бетінен қалқып келе жатқан үстірттігімізді үнсіз мұқатып тұрғандай. Бұдан кейін әу баста адамдар өздерін өздері терең түсініп, терең қанығып алуы үшін жаратылған әдебиетіміздің әлжуаз күйіне қайтіп күйзелмессің. Өткеніңді білмей тұрып, бүгініңе түсініп, ертеңіңе еліге алмайсың. Солай бола тұра, әдеби ортада баяғыға бола бас ауыртпайық дейтін мәңгүрттік пен жанымыз жақтыратынды ғана жазып, жақтырмайтынды қалтарыс қалдыра тұрайық дейтін жарыместік әліге дейін айылын жимай отырғанына қайтіп шамырықпассың?!

Адамдардың өзін-өзі кемелдендіріп, өзгелерді кенелте алатын орасан мүмкіндіктерін ойдағыдай іске қостырмай, иықтарынан қорғасындай басып, армандарынан айнытып, жігерлерін қаралай құм қылып бағатын найсап нәмәрттік пен намыссыздықтан айықтыра алар жалғыз дауа – әдебиет. Әділін айтсақ, ол біреулер әлдеқашан жаназасын шығарып қойғандай, әлі көзін біржолата жоғалта қойған жоқ. Бірақ, әл-дәрмені құрып, жантәсілім күй кешуде. Көңіл бірлейтін жалғыз медет: әлеумет одан әлі күдер үзген емес. Хал-жайын сұрап, күңіреніп қояды. Онда да оқта-текте. Онда да ауруханада әлденеше күннен бері оттай лапылдатқан ыстығы қайтып, тілім-тілім кезерген еріндерін әрең қимылдатып, алғаш рет су сұраған науқастың еміс-еміс естілетін әлсіз күбірін еске түсіреді. Бірақ, ол да бетінің бері қарағанын сездіріп, көңілге үміт ұялатпайтын ба еді?! Біздің әдебиетке байланысты да дәл сондай үміт оятар жақсы нышандар байқала бастады. Кейбір жекелеген адамдар, ұжымдар, тіпті, өңірлер туған әдебиетімізге деген бүкілхалықтық махаббатты қайта тірілту жолында қайрат көрсетіп бағуда.

Ең бір қуанышты жағдай, әдебиет әу бастан рухани бауырмалдықтың сөзін сөйлеген. Адамдар мен топтар, тіпті тұтас халықтар мен мемлекеттер ара суытысып кеткен тұстарда да әдебиеттер арасыңдағы қимастық жойылмаған. Рухани түсіністік көпірлерін аман сақтауға тырысқан. Біз бүгін арамыздан осы заманғы орыс әдеби-қоғамдық ойының аса беделді өкілдері Борис Панкин, Евгений Сидоров, Николай Анастасьев, Францияда қазақ әдебиетін насихаттауда аса үлкен қайрат танытып жүрген граф Пьер Аполинер Доминсон, Христиан Вильвер, Малгажата және де басқа шетелдік достарымызды көргенімізге өте қуаныштымыз. Бұл әлемдік мәдениеттің адамгершілікке толы аса өнегелі дәстүрі. Расында да, бенгал Рабиндранат Тагор, жапон Кобо Абэ мен Кэндзабуро Оэ, араб Таха Хусейн, африкалық Воле Шойнке, латынамерикалық Габриель Гарсиа Маркес пен Хулио Кортасарды әлемдік маңызға ие әдеби тұлғаларға айналдырып жүрген тек отандас оқырмандар мен сыншылар ғана емес қой. Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетін тереңдеп білуге шын ықылас аударған қай досымызға да: “Іске сәт!” дейміз. Ондай ықылас өз отандастарымыз тарапынан да молая түскеніне сүйсінеміз.

Бұл арада актөбеліктердің Қазақстанда бірінші болып, жазушыларды ғана емес, жекелеген шығармалар мен әдеби кейіпкерлерді де мәңгі есте қалдыруды қолға алғандарын қуана айтпағымыз парыз. Былтыр күзде халық эпосының қаһарманы – Қобыланды батырдың құрметіне ескерткіш сомдалды. Биыл шығармалары әлденеше елдердің оқырмандарының кітап сөрелерінен әлдеқашан орын алған осы заманғы прозаның айтулы шебері, отандық әдебиеттің патриархы, табиғат талант пен күш-жігерді аямай берген сүлей суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кеңінен танымал “Қан мен тер” эпопеясының басты кейіпкерлерін бейнелейтін аса мән-маңызды монумент бой көтеріп жатыр. Талайымыз аспанды алақандай, жерді тебінгідей қылып, қанша зарланғанымызбен, баба ұрпақтар мен аға ұрпақтың тындырған игі істерін әділ бағалай алатын ризадар жеткіншек ұрпақ бар екен. Қазіргідей құндылық атаулының қатал тезге түсіп, қайта бағаланып жатқан кезінде халық қошеметіне лайық суреткерлер мен шығармалар сұрыптауда қапысыз таңдау жасап, меценаттық қызметті биік эстетикалық талғам мен азаматтық кемелділік өресіне көтере алатын іскер адамдар көріне бастағанына мың шүкірлік айтқымыз келеді.

Олар бүгін Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тері” М.Әуезовтің “Абай жолындай”, ұлттық әдебиетіміздің шығармашылық өсіп-өркендеуінің орта деңгейін емес, шырқау биігін көрсететін туынды екендігіне жұртшылық назарын тағы да аударып отыр. Жақсы шығарма ғана емес, шектен асқан шенен шығарма деп ұлықтап отыр. Сол арқылы әдеби қауымды қол жеткен табыстарды баянды етіп қана қоймай, дәйім өрелендіре, өркештендіре түсуге шақырып отыр. Ол үшін ізденіс өресі кеңейе түспегі шарт. Дүниетанымда үйреншікті көзқарастар ауқымында қалмай, әлемдік тәжірибені молынан қамтып, тереңірек зерделемек парыз. Кейінгі онжылдықтарда әбден орныққан эпигоншылдықтан арылып, шығармашылық сонылықты ұлттық табиғилықпен, суреткерлік даралықпен терең қиыстырып, ең жаңа, ең батыл ізденістер арнасында еңбектенбек мұрат.

Ең бастысы, тек шығармашылдық еңбегіміз ғана емес, бүкіл дүниетанымымызды шырмауықтай шырмап алған шырғалаң дағдарысты жалтармай мойындап, жан-жақты талдай білмегіміз міндет. Адамдардың мұндай жаппай тоқырап, жапырыла дәрменсізденуі бұрын-сонды бастан кешіп көрмеген алапат апаттардан кейін кездессе керек еді. Дәл мұндай жұрттың бәрін тегіс қамтыған шығармашылық мүжәлсіздік қай туындының да дүниеге келуіне тікелей не жанама әсер ететін автор, кейіпкер, оқырманның үшеуі бірдей тығырықтан шығып үлгере алмай жатқандығын байқатқандай. Өйткені, әдебиет өз қоғамымен өзектес қой. Қоғамның бойына жүгірген қан әдебиеттің бойына жүгірмей тұрмайды. Қоғамдық тәнді меңдеткен дерт әдебиетті де меңдетпей тұрмайды. Ондай әсер әлгі айтылған автор, кейіпкер, оқырман атты үш тағанның өзара ықпалдастығы арқылы өрістейді. Егер әлгі үш таған әлгіндей ықпалдастықтың әлсіреуінен шатқаяқтанып, істен шықса, ондай дағдарыс тек әдебиеттің басындағы ғана дағдарыс болмағаны.

Мұндай жағдай өз даму жолында әлгіндей ошарылуға ұшырап көрген қоғамдардың бәрінде де болыпты. Олардың тәжірибесі көрсеткендей, қоғам мықтап дағдарғанда адамдарда сенім азайып, көркемдік қиял алжасып, өнер әзелгі әлемді танытып, өмірді түсіндіретін өрелі сипаттарының бәрінен айырылып, ыржақай сауық-сайрандарға ғана керекті арзан ермекке айналады екен. Дағдарыс – дерт. Қоғамдық дағдарыс – қоғамдық дерттің асқынуы. Әдебиет қоғам денесіндегі қызуды айна-қатесіз дәл мөлшерлейді. Оған жолығатын дерт медицинадағы мешелге қатты ұқсайды. Әдебиеттегі дағдарыс та мешелге ұшыраған адамдай тез айығып кете алмайды. Әр жанр өз табиғатындағы айырмашылықтарға сәйкес әрқилы қарқынмен біртіндеп сауығады. Мешелге ұшыраған адамдар да тым ұзақ, тым баяу тығырықтан шығып, біртіндеп оңалмай ма?! Әдебиетте алдымен импульсивті әсерлерге – алып-жұлып бара жатқан ыза мен қуаныштарға, қызу құштарлықтар мен өткір сезімдерге, өмірдегі өзгерістерді тез қабылдап, тез өзгеретін құбылма көңіл күйге тікелей тәуелді, солардан нәр алып, тек солардан ғана шабыттанатын ұшқыр жанрлар тез тыңаяды. Ал ұзақ бағдарлап, мұқият зерделеп, тыңғылықты талдап, қапысыз бағамдау арқылы жүзеге асатын концептуальдық пен нақтылауларға тәуелді эпикалық түрлер мен сүйікті жанрлар қапелімде оңдай оралымдылық байқата қоймайды.

Әдебиетте бәрі де адамға – авторлық пайымның дәлдігі мен тереңділігіне, кейіпкердің мінез-құлқы мен әрекет аясының шынайылығы мен нанымдылығына, оқырман зердесінің нәзіктігі мен сезімталдығына барып тіреледі. Ал бізде бүгін автор да, кейіпкер де, оқырман да ойсырай жарақаттанған ошарылмалы қоғамның түлектері. Күні кеше ғана олар өздерін қоршаған дүниені жаппай мағынасыздық санап, шындап түңіліп жүрді. Қоршаған ортадағы құбылыстар енді-енді ғана мән-мағынаға ие болып, өз сипаттарын енді-енді айқындап келеді. Көбі әлі де бұлыңғыр, әлі де күңгірт. Тұтаса, сомдала қойған жоқ. Ала-құла, үзік-үзік. Алайда, біз көп сыр-сипаты әлі де түсініксіз, әлі де беймәлім, аса орнықсыз, ойнамалы дүниеде өмір сүріп жатқанымызды, тіршіліктің мақсаты да – сондай қарама-қайшылықтар мен екіұштылықтар әлемінен жөн-жосықты мән-мағына табуға тырысу екендігін енді-енді ұғынып келеміз. Әдебиет деген, түптеп келгенде, өмірдің жай әншейін көшірмесі ғана емес, оның өзіне міндет жүктеп, талап қойып, бәрін жіпке тізіп, барлап, талдап, бажайлай бағалап отыратын ымырасыз бәсекелесі де екен. Ендеше, мақсат пен әрекеттің, ниет пен нәтиженің, ықпал мен әсердің тепе-теңдігіне жетіспей тұрып, әдебиет те өмір сияқты ауыспалы ахуалдан арыла қоймайды. Оның көркем-шығармашылық көсегесін көгертетін үштік – автор, кейіпкер, оқырман да – әртарап қалпында қалып, соның салдарынан әлеумет ықыласын бірден баурап алар толыққанды эстетикалық ләззатты қамтамасыз ете алмаса керек.

Мұндай әрі-сәрілік те алғаш рет орын алып отырмапты. Осындай бір әуре-сарсаң хал кешетінімізді әлеуметшіл ойшылдар әлдеқашан айтыпты. XX ғасырды психолог К.Юнг – ұжымдық хаос белсенділігінің ғасыры десе, философтар: В.Шубарт – өліара кезең, Н.Бердяев – жаңа орта ғасыр, Борингер – жаппай абстракциялау дәуірі, жазушы Джоис – әлімсақтық архетиптердің қайта оралуы, мәдениеттанушы, философ М.Элиаде – көркемдіктің тілі біржолата байланып, атымен жаңа ғаламшар қалыптасатын дәуір деп болжамдапты. Олардың пайымдауынша, бұлай болатындығының басты себебі – қоғамның бұған дейінгі тәжірибесін үзілді-кесілді жоққа шығаруы болып табылады екен. Мұндай жағдай, сонымен, бір дәуір әбден тұралап, келесі дәуір енді-енді қылаң беріп, өткенмен байланыс түбегейлі үзіліп, жаппай ойсырайтын омырылмалы кезеңде орнайтын көрінеді. Аса көрнекті философ, социолог Питирим Сорокин әлгіндей аума-төкпе жағдайда ақыл үстемдік алатын идеационал (зердешіл) мәдениет бірыңғай эмоцияға бой алдырған сезімтал мәдениетпен алмасады дейді. Оның есептеуінше, біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырдан VI ғасырға дейін (зердешіл) идеационал мәдениет, б.д.д. VI ғасырдың екінші жартысынан IV ғасырға дейін аралас мәдениет, одан кейінгі кезеңде сезімтал мәдениет үстемдік құрыпты. Мұндай алмасулар әлденеше рет орын алған түрі бар. Мәселен, XIV ғасырдан бастап басымдық танытып келе жатқан “сезімшіл” мәдениет XX ғасырда аяқталыпты. Бір кезде гректердің “сезімшіл” мәдениеті римдіктердің интеллекті күшейткен зердешіл мәдениетімен орын алмасқан-ды. XIX ғасырда Еуропада әлденеше ірі қалалар былайғыларға тарихтың мәнін түсіндіретін үстемдікке ие болып, қалғандардың бәрін айтқанға жүріп, айдағанға көнетін шетаймақтарға айналдырған-ды. Осындай жүйелі түрде жүзеге асып отыратын жиі-жиі үрдіс алмасулар батыс адамдарын болашақтан қорғана білуге баулыпты. Бір кезде антикалық мәдениеттің “күні батқанда” гректер де не болып, не қойып жатқанына түсінбей, қатты дүрлігіпті. Сондықтанда, Фридрих Ницше тарихты толассыз қауіп деп қарастырып, мәңгілік қайталанушылық қағидасын қалыптастырды. Бұл осы кезге дейін Шығыстың жарасымшыл жайбарақат адамдарынан гөрі Батыстың тәуекелшіл алақызба адамдарына, ержүрек Прометей тектес жандарға көбірек тән деп түсіндіріліп келді.

Н.Бердяевтің пайымдауынша, батыстық түрдегі Ренессансты бастан кешіп көрмеген Ресей өз басына алғаш рет тап келген әлгіндей дағдарыс тұсында басқалардай емес, көбірек күйзеліп, көбірек күйгелектеніпті. Кешегі кеңестік кеңістікте әліге дейін жалғасып отырған созылмалы дағдарысқа байланысты да осыны айтуға болар еді.

Батыс қоғамы сияқты батыс әдебиеті де өзін-өзі өзгерте білу арқылы әлгіндей-әлгіндей әлемтапырқтарды оп-оңай еңсеріп отырыпты. Бүкіл мәдениет те, әрбір жеке адам да құбылмалы уақытты жіті бақылап, оған уақтылы икемделе білуге жете мән беріпті. Қайта жаңарту кезеңінде жаугершілік заманына тән қаһарманшылдық өзгеріс заманына тән арманшылдыққа дес беріпті. Героика романтизмге мойынұсыныпты. Буржуазия жер-жерде жеңіске жеткен тұста идеализм реализмге орын босатыпты. Жиырмасыншы ғасыр катаклизмдері шығармашылықты авторлық пайымдауда да, көркемдік шешімдеуде де әралуандыққа (плюрализмге) итермелепті, XIX ғасырда көркем әдебиетте синкретті әлеуметшіл-психологиялық талдау көбірек үстемдік құрса, бірінші дүниежүзілік соғыстан соң бірыңғай психологизм етек жайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң да осы ағым асқындай түсті. Итальяндар өнері кәдуілгіні әспеттейтін неореализмге бой ұрса, мұндайды импрессионизм мен постимпрессионизм тұсында бастан кешкен француздар адамдардың жеке қара басының жан дүниесіне тереңдей үңілуіне – экзистенциализмге көбірек ден қойды. Неорелизм де, экзистенциализм де адам тіршілігіне әу бастан тән әзелгі күйректікті (драматизм мен трагедия), оның ақылға сыймастай асқынып, естен тандыра есеңгірететін, тіпті не болып, не қойғанын біле алмастай алжастыратын сюрреалистік тұстарын, көркем бейне адам танығысыз құбыжықтанып, көркемдік әсер атымен құрдымданып, әрекет есуастыққа, сана саппастыққа айналатын есіріктену үрдістерін ежіктей көрсетуді ерекше мақсат тұтты. Ал біздің әлеуметтік етекбастылықтан әлі артылып болмаған күні кешегі кеңестік әдебиеттеріміз өз дағдарысының ең шырқау кезеңдерінде де ұстамды көрінуге тырысты. Ондай не шектен шыға ескішіл, не шектен шыға жаңашыл болып көрінуге тырысатын шамадан тыс есіріктіктерге ұрынбады. Ара-тұра бағзыны көксеушілік пен бәрін қара бояумен баттастыра былғап бағатын әсіресынампаздық бой көтерді. Дей тұрғанмен де, отандық шығармашыл күштер шектен шықпай, шеннен аспай, жақсылықты алдан тосып, шыдамдылық танытып, бәріне де шыдап бақты.

Бірақ, кәсіби әдебиет солай еткенмен, қағаз күйелемесе басы ауыратын (графомания) адам көрмегендей асқындады. Ол кітап саласын біржолата өз қолдарына қаратып алды. Бұрын жоғары жақтың қас-қабағына қарайтын – енді көшеге, бұқаралық сананың бұралаңдары мен әрқилы ағымдарға құлақ тікті. Тоғышарлық көзқарастардың көңілін аулады. Не де болса, ерінбегеннің бәрі етікші бола қоймағандарымен. Жүз пайыз сауатты ел екеніміз басқа салада байқалмаса да, кітап “бастыруда” әбден көзге ұрып тұрды. Шығатын кітаптардың саны жағынан баяғы көрсеткіштерімізді басып озуға айналдық. Жазушылық ұйым мүшелері мыңға жуықтап қалды деседі. Солай бола тұра, кітап шығару үшін сондай ұйымда тұру-тұрмау шарт болмай қалды. Біздің жазғыштардың желөкпелігі тек мұнымен ғана шектелген жоқ. Өзің шығартқан кітаптың әрі авторына айналды. Өзі жазуға қабілеті жетпейтіндер өзге бір “жазарманды” жалдады. Ат шығарудың хан базары қайнай түскені сонша, шаруашылық басқарып, омырауын моншаққа толтырған бір танысым: “Әлдеқашан, сүйегі қураған падишалар мен данышпандар аузыңа май, астыңа иномарка ұсынбайды ғой”, – деп ашықтан-ашық бопсалады. Не де болса, кейінгі жылдары шыққан кітаптарға дес берсеңіз, еркектеріміздің екіден бірі не генерал Голль, не маршал Жуков, әйелдеріміздін екіден бірі құрығанда Диана ханшайымдай болып кеткен түрлері бар.

Мұндай жағдайды көріп-біліп тұрып, “әлеуметтік тапсырыс” туралы ауыз ашуға ұяласың. Еріксіз есіңе Валак пен Валаам туралы ежелгі тәмсіл түседі. Израильдің Есорван алғанын көріп ес қалмайды. Енді кідірсе, кезек өздеріне келуі мүмкін. Валак патша әулие Валаамға ат шаптырады. Израильдықтарды дуалап беруді өтінеді. Валаам көпке дейін бұған көнбейді. Ақырында Моавқа аттанады. Енді жете бергенде, астындағы есегі тырп етпей, тұрып алады. Әулие аямай қамшы басады. Аяқастынан есек сөйлеп қоя береді. Сөйтсе, Жаратқан Ие Валаамның өз дуасын өзіне қарсы жұмсап, Израильді бір қатерден сақтап қалыпты. Өйткені, әулие бұл сапарға пара алғасын аттанған екен. Содан дуасының күші жойылыпты.

Інжіл заманындағы әулиелердің күні мұндай болғанда, қазіргі қаламгерлік еңбектің жағдайы қандай болмақ? Әлгі бір аяқ астында тіл біткен ақылды есектің айтуынша, басқаларға әсер ете алар ықпал иесі еңбегіне шын алғыстан басқа өтем дәмете алмауға тиісті екен. Оған Жаратқан әлгі ақиқаттан көзапара аттамақ болған көрсеқызар өз қожасын дер кезінде арам істен тыйдыру үшін тіл бітіріпті. Ендеше, әу бастан “Әдебиет – киелі іс” деп тегіннен тегін айтылып жүрмесе керек.

Оны, әсіресе, қазір естен шығаруға болмайтын тәрізді. Қазір жер бетіндегі ала-құлалықтың қай кездегіден де асып кеткені сонша, дәл күні бүгін бұған дейінгі тарихи кезеңдердің бәрін тауып алуға болатын көрінеді. Мәселен, Австралия аборигендері алғашқы қауымдарша өмір сүріп жатса, Батыс пен Шығыстың бірнеше мемлекеті постиндустриялық қоғам деңгейіне шырқап кетіпті. О.Тофлердің есептеуінше, Жер шары тұрғындарының 70 пайызы әрқилы кешегі қауымдардың деңгейінде, 25 пайызы бүгінгі заман деңгейінде, 3 пайызы ғана болашақ дәуір деңгейінде өмір сүріп жатыр екен. Қалған екі пайыздың өмір сүру деңгейін еш кезеңмен салғастыру мүмкін емес секілді. Сондықтан да, біреулер бүгінгіні дәріптесе, одан үш есеге жуық көп халық бағзы дәурендерін аңсайды екен. Келешекке тамсанып, өліп-өшетіндер үш пайызға жетер-жетпес шамада ғана көрінеді. Даму деңгейіндегі мұндай асипхропия тұтас халықтар, мемлекеттер, өркениеттер тағдырында өз көріністерін таппай қалмасы түсінікті. Ғалымдардың бүгінгі дәуірде бұрынғы дәуірдегі мәдениеттердің бәрінің де, соның ішінде жаңа дәуірдегі сезімшіл, орта ғасырлардағы идеационал-зердешіл мәдениеттің де сипаттары бар интеграл – аралас немесе жиынтық мәдениет орнайды деп жүргендері де осыдан екен. Олай болса, XX ғасыр сұңғылаларының бәрі бірдей қорқытып баққан ұжымдық санасыздық пен ұлғаймалы хаос қаупінен қайтіп аман қала аламыз? Оның үстіне Ж.Ревель айтқандай, “Глобальды әлеуметтік жоба” күйреп, М.Де Серто айтқандай, “өркениеттің дымы құрып тұрған” кезде адам баласы тепе-теңдік атаулының бәрінен айырылып, мәшинелер ортасының құлақкесті құлына, темір-терсектің қол баласына айналыпты.

Бөрінен де қауіптісі – қай істі де екіұштылық билеп-төстеуде. Бір жағынан, қоғам жекелеген индивидуумдарға ыдырып, атомдана түссе, екінші жағынан, сана өткінші ағымдар мен өтпелі ұстанымдарға, сән қуалаушылық пен беделде табынушылыққа беріліп, стандарттана, тіпті тоталитарлана, жаппай қасаңдана түсуде. Бұрынғы ұзақ мерзімді догма енді уақытша үстемдік құратын өтпелі догмалармен орын алмасуда. Қысқасы, азаматтық сана қалыптасқан қағидалар үстемдігінен арыла алмай отыр. Адам біткен банктерде өз есептерін ашып, бизнеске өз акциясын салып, өз калтасына ешкімге қол сұқтыртпай өзі ие болуға тырысса да, өмірде болып жатқандарға байланысты өз көзқарасын түйіп, өз пікірін қалыптастыруға соншалықты ынталы емес. Көбіне көп басқалардың ығында кетуге бейім. Экономикалық эмансипация өзіне-өзіне сәйкес әлеуметтік-моральдық, рухани-көзқарастық эмансипацияға ұласа алмай келеді.

Біздің ғасырдағы электроникалык, қайта карулану адам тіршілігін қайтадан тобырландырып бара жатқандай. Үйінде оңаша отырып та, иін тірескен көшедегі көпшіліктің арасында жүргендей, басқалардың ықпалынан құтыла алмайсың. Кез келген телефон шылдыры сені үйіңе өрт тигендей, есігіңді ұры қағып тұрғандай әбігерлендіре алады. Кім көрінген жеке өміріңе қол сұғып, көңіл-күйіңді күйзелтіп, арыңды саудаға салып, көзқарасыңа қысым, адамдық күш-жігеріңе зорлық-зомбылық жасай алады. Сырт қарағанда демократияшыл көрінген ұсыныстардың ар жағында да: “Бізді қолда. Олай етпе, былай ет!” – деген әлеуметтік озбырлық қылаң береді. Құдды бір төменнен не қапталдан бопсалау жоғарыдан бопсалағандай емес, әлеуметтік қысымға жатпайтындай. Қайткен күнде де, біздің замандасымыздың өзімен өзі қалып, өз жағдайын өзі ойланып, не істеп, не қылатынын, ешкімнің араласуынсыз, өзі анықтап алуына жағдайы қалмай, уақыты жетпей барады. Сондықтан көбі не керектің бәрін иемденіп отырып, мұқтаждықтан, кім керектің бәрін тауып отырып, жалғыздықтан арыла алар емес.

Жұрттың ордасында жүріп жұрттың бәрі жалғыздықтан жапа шегуде. Парадокс. Бірақ, шыны солай. Сырласарға дос, ақылдасарға ағайын жоқ. Оның есесіне тобырына ілестіріп әкеткісі келетін топ көп. Сондықтан да дәстүрлі коллективизмнен гөрі шынайы плюрализм көбірек керегіп тұр. Өйткені, топшылдық адамның жеке пікірі мен жеке басының мүддесін баса-көктейді. Ал плюрализм алуан пікір иелерінің арасынан өзіңе ұқсас пікірлес іздетеді. Жеке басыңның қадірі мен пікірін ешкім езіп-жаншымайды. Ендеше, осындай қалтқысыз сұхбаттас, қаяусыз пікірлестің орнын тек кітап қана толтыра алады. Оны оқып отырып, тек өз замандастарың мен отандастарың ғана емес, жалпы адамзаттың бүгінгі және бұрынғы ұрпақтарының өмір тәжірибелері мен көзқарастарымен танысып, өз ойларың мен сезімдеріңді өзгелермен салыстырып, өз жан дүниеңді өзің елеп-екшелей аласың.

Адам жады мен абырой-намысын көздің қарашығындай сақтап, ар-ұжданы мен сезімін аялай сыйлап, ақылы мен тәжірибесін үздіксіз байытып, әдебиет әуел бастан бергі әмбеге ортақ жанашыр, әмбеге ортақ ұстаз маңызын одан әрмен нығайта бермек. Сол арқылы әзелден бергі киелі мерейіне қылау түсірмей, мүлтіксіз сақтап қала алмақ.

Олай болатыны түсінікті. Бүкіл тарих көрсетіп отырғандай: ешбір қоғам мен ешбір кезең тек өңкей ізгіліктер мен жетістіктерден, жаңалықтар мен болашақ та солай болғай. Сөйте тұра, адамзат ізгілік пен жақсылыққа, адамгершілік пен гуманизмге үзбей тырысу арқылы ғана жер бетінде өзін-өзі сақтап қала алып отыр. Әдебиет те тек солай еткен жағдайда ғана адамдар ықыласын ақтай алады.

Әзелден әдебиеттің пешенесіне жазылғаны сол.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар