Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әбубәкір Қайран: Адасқақ күндерім менің...

30.03.2019 4827

Әбубәкір Қайран: Адасқақ күндерім менің

Әбубәкір Қайран: Адасқақ күндерім менің - adebiportal.kz

ТАҢСӘРІ

Білесің бе, жаным нені көкседі?

Бұлттарым босып кетті көшпелі.

Қызықтарым кеткен сынды қыр асып,

Түйелі ауыл түтіндері өшкелі.

Толып, қайта солатұғын бақтайын

Өмір қалай өзгереді сәт сайын!

Түйелі ауыл – түскен жерім «шыр» етіп,

Соны жүрек түкпіріне сақтайын.

Сонда менің маңдайымнан күн сүйген.

Алғаш сонда үзіліпті бір түймем.

Кең шабындық, қалың томар, ну шиден

Тұңғыш рет тұмар тұтып, сыр түйгем.

Сол аспан ғой көзімді ашып көргенім,

Сол аймақ қой сарғалдақ гүл тергенім.

Бармысыңдар, сүттігенім, сүйірігім,

Бірсалар мен адыраспан, ерменім?!

Қайдасыңдар, жусаным мен көкпегім,

Қараған мен тобылғымды көкседім.

Сағындырған сәттерімді қайтейін,

Сағым жуған Тарбағатай бөктерін!

Бір жақсы жыр жазбаспын да... жазармын.

Мен, әйтеуір, сол бір жерден жаралдым.

Сомдалыпты сойым менен бітімім

Арасында Қарғыба мен Базардың.

Көкте Күнім тас төбеден ауғалы,

Аңсарымның ақ нөсері саулады.

Елесетейді – құдығымыз қауғалы.

Шешем, әне!.. Кетті түйе сауғалы.

Елестейді... Елестейді баршасы.

Өтіп кеткен бұл өмірдің қаншасы:

Өссе сонда ұлық түлік ұрпағы,

Ең бірінші қара шалдың арқасы...

Бұл өңірде тарих жатыр қаншама.

Түскен екен талқыға да алқаға.

Қалмақ қорым – Шарбақбейіт міне тұр,

Әне жатыр Қырықоба мен Төртоба.

Қайран, қайран, қасиетті қоныстар!

Өткен мұнда қанды майдан соғыстар.

Ата-баба аруағынан айналып,

Тәу етемін, басымды иіп борыштар...

Білесің бе, жаным нені аңсады?

Шаш – буырыл, шабатым да шаршады.

Барам, бүгін талма түстен тайғанап,

Ол күндерім – сүттей аппақ таңсәрі.

Таңсәрім ғой сағымды да сарынды.

Сол шақ баурап жүреді ылғи жанымды,

Солқ-солқ етіп сор татыған жүрегім,

Тікен-тікен түйе тілін сағынды.

Шеңгелімдей қоңыраулар тағынып,

Тұрам тағы түйе тілін сағынып...

Сәскеге емес, талтүске емес, мен, сірә,

Көз жұмармын таңсәріме табынып.

ҰЛЫТАУ

Ұлытау!

Ұғар ма екенмін сыр – арманыңды?!

Тасыңнан сенің тарихым шын аңғарылды –

Алаша ханнан басталған,

Өлмейтін мәңгі,

Қайталап жүрем ішімнен ұрандарыңды!

Көзіне жас пен қан толып Жошы хан қуған

Ат қылып мінді бабалар құландарыңды.

Тасыңнан сенің көрінер от – намыстарың да,

Өтті арыстарым өзіңде, кекті арыстаным да.

Алтын Орданың алпауыт,

Алапаттары –

Елжіреп сүйді Едіге – Тоқтамысың да.

Қайралды сенің қаһарлы қайраттарыңмен,

Жебенің ұшы,

Ақ найза, көк қылыштарың да!

Сайраумен тұрған санамда аңғар арымды,

Сыйлай көр маған, сыйлай бер бар ғажабыңды.

Кермиық, кербез Керей мен Жәнібек салған,

Жартаста қалған

Сүйемін таңбаларыңды!

Түріңнен көріп тұрамын –

Дешті Қыпшақты,

Күніңнен көріп тұрамын бар Қазағымды.

Ұлытау!

Сенен сан дұшпан зарлап сырылған,

Сұсыңнан шошып сан жауың…

Барлап, бұрылған.

Даңқыңды сенің,

Антыңды, Абыройыңды да

Дәлелдеп жырлап тұр, міне, Қалмаққырылған!

Аймалап тұрсың Алаштың аппақ жүрегін,

Айналып тұрсың Қазақтың ардақты ұлынан!

Кеудемді кернер сен жайлы өлеңдер менің,

Ұлытау барда сәтім жоқ төмендер менің.

Үсті – нұр,

Асты – кендердің кереметтері,

Бас иер саған сондықтан кемеңгерлерім.

Ордалар туы тігілген,

Оты сөнбейтін

Ұлытауына ұлылығын теңгерер Елім!

Ұлытау!

Сенен мен дағы бата алар ма екем,

Тасыңды қалай тайсалмай баса алар бөтен?!

Жерімнің байтақ жөргегі,

Өргегі сенсің –

Жаратқан өзі жар болып жасаған мекен!

Атыңды сенің бабалар қай замандарда

«Ұлытау» деп ұлықтап атаған екен?!

ПІР

Ұрпаққа ұждан дарыған –

Атадан мәңгі.

Ұмытпас ұл-қыз –

Ұлы істер жасағандарды!

Әйгілеп кеткен –

Ақындар, батырлар ғана

Ел-жерін сатып,

Дұшпанға тасаланғанды!

Махамбет десең –

Жәңгір мен Баймағамбеттерді,

Сүйінбай десең –

Тезек пен Қатағандарды –

Қоса айтпай болмас

Қазаққа қас адамдарды.

Дауылдай кейде,

Кей кезде құйындай заман,

Сондай бір сәтте –

Тәңірге сиынбай ма адам?!

Сәулесін төгер сондайда –

Саңылақ, сақи,

Ыдырап кетер –

Есектің қиындай надан.

Барыстай сесті,

Бөрідей текті өр ақын аз ғой,

Солардың нары –

Сомжүрек Сүйінбай бабам!

Зарлаған жоқ Ол –

Заржақтар заманында да.

Қанбастан жұтты –

Қазақтың ғажабын ғана.

Жырлаған алғаш –

Арасын Атырау, Алтай

Айқындап айтқан –

Алаштың алабын дара.

Ілікті-ау кеше –

Ілкіде бір туар жыр боп.

Мұзбалақ ақын –

Мұқағалидың жанарына да!

Бөрілі байрақ –

Бастаған ілгері жорық.

Байрақты сондай –

Бит көздер күндеді келіп.

Қазақтың туы бүгінгі –

Жалғасы соның

Қарайды бізге –

Аспан боп!

Күн көзі болып!

Әуезов Мұхтар –

Әулием айтып кеткендей –

Сүйекем қалды –

Алаштың

Алтын діңгегі болып!

ЖЫЛҚЫ

О, Қазақ елі!

Жылқы пірімен негіздес,

Жылқы қылымен егіздес –

Сенің Ар, Иман, Жаның,

Сенің Қағидаларың!

Солай меңзейді Арий бабаларың!

О, Қазақ елі!

Сенің жан нұрың,

Сенің Тәңірің –

Алтын Ай,

Ақ Күн аналарың!

Солай меңзейді Сақ, Ғұн бабаларың!

О, Қазақ елі!

Сен жылқыны үйреттің,

Жауыңды күйреттің.

Ашина – Көк Бөріге

Әлемді билеттің!

Қаһар,

Заһар,

От, Қылыш – қарағаның!

Сөйдейді Көк Түрік бабаларың!

О, Қазақ елі!

Батырың сілкініп еді,

Жауына жұлқынып еді.

Алысса жеңгізген – жылқының демі,

Алысқа жеткізген – жылқының тері.

О, Қазақ елі!

Жылқыны жебеген,

Сен – нағыз көреген!

«Жігітің сорлысын

Аттың жолдысы теңеген» –

Деген бабаларың.

Жылқыны бағалағын!

О, Қазақ елі!

Дархансың, даласың сен!

Данышпан, данасың сен!

Биіксің, тереңсің сен!

Кеменгер, кемелсің сен!

Осының бәрі –

Жылқы демінен!

Осының бәрі –

Жылқы терінен! …

… Тартқан ұл ел мен жұртына

Ескерткіш қойсын жылқыға!

АБАЙДЫҢ АҚЫРҒЫ НАЗАСЫ

Мен өлемін...

Жоқ, өлдім...

Өлген екенмін.

Өлмей нем қалды?!.

Көрге кетемін!

Қаным суалған,

Тәнім қуарған,

Досым күңіренген,

Қасым қуанған...

Жаным жара еді,

Арым таза еді –

Біледі бір Аллам!

Өр, асқақ күндерім менің,

Адасқақ күндерім менің!

Даңққұмар, баққұмар шақтарым!

Құсқұмар, атқұмар шақтарым!

Жауымды құлатқан сәттерім,

Жетімді жұбатқан сәттерім,

Сендер – бір елес,

Сендер – әттеңім!

Әттең!

Сендер жоқсыңдар енді!

Сөнген отсыңдар енді!

Ойлап – сүйінуші едім,

Ойлап – күйінуші едім.

Енді сол ой да шеткері кетті,

Бір көктем еді...

Көктеді... кетті.

Жапырақ – жастық ұшты, жоғалды,

Көңіл күптенді,

Істі көз алды.

Өз елім өзегіме өрт түсірді,

Көп кірлетті,

Көп түкірді.

«Ел бол!» деп едім –

Бетсіз көзімен атты,

Тексіз сөзімен атты.

Арыз айдады,

Құртуға белін байлады.

Сеңдей сенделдім.

Теңдей сусыдым,

Көрместі мен көрдім,

Жас боп ыршыдым.

Алыстым – жеңбедім,

Жеңілдім,

Бұл – шыным!

Қайран қазағым,

Бүгін – Жасық жанарың,

Ашық араның.

Неге маған қарадың

Қабаған иттей боп қабағың?

Ерің – аз, Езің – көп,

Таусылды айтарым,

Таусылды жазарым!

Жабықты жан, ішім,

Өртенді намысым.

О, Алла!

Жалынбан жан үшін!

Бұл маған не қалды –

Ажалдың бары – шын!

Көзімнен жоғалды,

Қос бірдей арысым –

Мағашым... Әбішім!..

Арттағы жылаулы ел,

Бақаны құлаулы ел,

Құтырған,

Жұтынған

Ақ қоян жұтынан

Сау қалған тұмаулы ел,

Енді сен...

Жөтелмей,

Еңсеңді көтергей!

Енді мен...

Үндемен.

Қош!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар