Алтайдың тауы құлап, дала қалды,
Керейден үлкен кетіп бала қалды.
Тап берсе тапжылтпайтын сарбаз кетіп,
Тар заман, тас босаға араға алды...
Алтайдың ат суардым бұлағынан,
Ертістің шөп шаптырдым құрағынан.
Жетпістің жетеуіне келгенімде
Мылтықтың тұтқындалдым сұрағынан...
деген шумақтармен өрілген «Қарағұлдың өлеңі» атты бұл өлең бұған дейін қазақ елінің баспа бетінде жарық көрді ме, көрмеді ме, ол жағын біле алмадық. Өлең қандай тақырыпты қозғап, не айтқысы келіп тұрғанын, осы екі шумақтан да аңдалса керек. Қазақта өткен ғасырдың саяси картинасын дәл бейнелейтін бір ауыз сөз тәмсіл болып бізге жетті. Ол сөз: «Ер жақсысы түрмеде» деген мақал. Қазақтың «мен» деген көзі ашық небір тарланбоз ұлдарының айдауға кетіп, абақтыда өлгенін өкінішпен еске алсақ, сол жұрттың бір шоғыры – Шығыс Түркістан топырағындағы қазақтар да 20 ғасырдың зобалаңынан тыс қала алмады. Бас еркіндігінен айырылған ұлттың саяси тұлғалары екібастан қуғынға ұшыраса, солармен бірге қашанда қуғын-сүргін көретін ерік-жігері мықты ақын-жазушылары-тұғын. Олардың ерекше бір назар аудартатын тұсы – абақты, түрме тақырыбындағы өлең, әңгіме, дастандары түрме өмірін шынайы һәм бүкпесіз суреттеп бере алатындығында болса керек. Бұл өз кезегінде «Түрме әдебиеті» деген ұғымды қалыптастырды.
Жазайын бір әңгіме Сақаридан,
Өнердің алды екен ауыз тыйған.
Бейнетті бастан кешкен мен айтайын,
Бір мәмбет келген екен құдай ұрған -
деп басталатын «Сақаридың зары» атты өлең «Алтай қаласының халық өлең-жырлары» кітабына тоқтала кетіп, сәл шегініс жасап, түсінік бере кетейік.
«1916 жылы Қобық-Сауырдан аттанған (Тарбағатай, Алтайға қарасты жер аттары) бір дүңген саудагер Қарағайты кезеңін асып, Сауыр еліне келе жатады. Оған жол-жөнекей бір жолаушы ілеседі. Жөн сұрасқанында жолаушы ұзақтан қарындасына амандаса бара жатқанын айтады. Қазағуар саудагер оның мекені – Қобық, руы найман ішінде мәмбет екеніне біліп алады. Қарағайты кезеңінен асқанда екеуі екіге айырылады. Ел шетіне ілінген дүңген шеткі бір үйге келіп түседі. Үйдің иесі бұл күні үйінде жоқ екен. Саудагер дүңгенді үйдегі екі-үш балалы жас әйел ағынан ақтарылып күтіп, жайлап төсек салып жатқызады. Аңқау әйел залым саудагердің жаман ниетін аңғармайды. Ел көзі ұйқыға бара бергенде саудагер әйелге сөз салады. Әйел көнбегенде оған зорлық жасамаққа кіріседі. Әйел қатты қарсылық көрсетіп, айғайлап көршілерінен көмек сұрайды. Әйелдің ащы дауысынан оянған ауыл адамдары бұл іске қатты ызаланып, саудагерді сабамақшы болғанда, ол қашып Жеменей шекара өткелінің басшысы Жаң деген қытайға барады. Ол Жаңмен астасып, «Сауырдағы Сақаридың аулына бір мәмбетпен бірге қонғанымда жүз қойлық бұл-шай саудамды Сақари тонап кетті. Осы мал-мүлкімді таптырып, тонаушыларды жазалап беріңіздер», - деп арыз жазады. Жаң қытай алдымен әлгі жолаушыны қатты қинап; «Әлім, Сақари, Тынбай, Көшбай, Жеңісбай, Көжебай қатарлы жеті адам бірге тонадық», - дегізіп, жалғаннан мойындатады. Ол кезде Жеменейде аудандық өкімет болмағандықтан Буыршын әкіміне әкелінеді. (Жеменей, Буыршын – Алтайға қарасты аудандар) Сақари «Бас тонаушы» деп атуға үкім етіледі. Буыршын түрмесінде Сақаримен үш жыл бірге жатқан Көжебай Сақари жазған «Сақаридың зары» атты осы өлеңді жаттап алып, халыққа таратады», - деп дәйек келтіреді.
Қарап отырсаңыз, қып-қызыл әділетсіздікке ұшырағанына куә боласыз. Осы әділетсіздікті Сақари ашына жырға қосқан. Ал, бірақ...
Өткен ғасырдың алғашқы елу жылы әлемді шарпыған күрделі саяси дүмпулер Алтай, Құлжа, Тарбағатайда жасаған қазақтардың да басынан сипай қойғаны шамалы. Жазықсыздан жазықсыз сотталып, өлімге үкім етілген аты мүлде беймәлім Қарағұл, Сақари секілді қаншама боздақ іздеусіз, арманда кетті, ол жағы біздерге белгісіз.
Қабдеш Жұмаділовтің Қытайдағы түрме әдебиеті туралы мынадай пікірі бар: «Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің өзгеге ұқсамайтын бір ерекшелігі, онда «түрмеде туған әдебиет» деп атауға болатын шығармалардың тұтас бір шоғыры бар. Шыңжаңда «түрме туындыларының» негізін қалаған – Таңжарық ақын.»
Таңжарық Жолдыұлының ақындығы мен өлеңдері біздің оқырмандарға етене таныс болса керек. Осыған дейін бірқанша жинағы біздің елде жарық көрді. Бірақ, біз тілге тиек етіп отырған бұл екі автор – Қазақ елі түгіл, Алтай қазақтарының арасында да ұмытыла бастаған есімдер.
Қарағұл Райысқанұлы – өз кезінде Алтай бетіне белгілі, беделді адамдарының бірі болған. Жас күнінен ел ісіне араласып, өткірлігі, өжеттігімен ел алқауына бөленген кісі. Қартайған шағында бағы тайып, саясаттың құбылған желі терісінен соғып 1941 жылы мылтық жасырдың деген жаламен ұсталып, 1942 жылы түрмеде ауыр қинаумен өлтіріледі. Жетпістің жетісіне келген адам сонда бүй дейді:
Аз адам ақылдасып, ақыл құрап,
Тиегін кек пен өштің алдық бұрап.
Мал мен басқа билік жоқ болғаннан соң,
Соғысқа дайындалдық түгел бірақ.
Гоминдаң дерек алды бұл бір істен,
Тимеген жүрегіне қанды ішкен.
Әйгілі айқындалған қарсыларды,
Ұстады бір шетінен арам күшпен.
Сақари, Қарағұлдан тыс «Ой, Қайша» әнімен белгілі Бүркітбай батырдың да 1944 жылы Гоминдаң қолына түсіп Сарсүмбеде атылып кете беретіні және бар. Қалай болғанда да әділетсіздіктің құрбаны болып кеткен қаншама арыстар іздеусіз, атаусыз жатыр.
Ұлы Мағжан «Сұм өмір абақты ғой саналыға» дейді. Осы жерде «түрме әдебиеті» деп атай бастаған әдебиеттің өзі қаншалықты «түрме әдебиеті» болуы мүмкін деген ұшқары пікір ұсынғымыз келіп отыр. Қарағұл, Сақари, Таңжарықты қоя тұрып, соларды қытай қазақтарының «түрме әдебиетінің» негізін қалаған дейтін Қабдештің өзі де түрмеден қашып, түрмеге тоғытылып қалған жоқ па екен.
Осы жерде мынадай бір синдром айтқымыз келіп отыр. Отарлық езгіде болған халық ретінде біздің ішкі үніміздің өзі өткенімізден трагедия жасағысы келіп тұра ма, әлде өткенінен де ауыр тағдырдың тәлкегін көргісі келетіндей ме, сондай бір жаншылған рухани симптомымыз бар. Бір қарасақ Сақариға да, Қарағұлға да, Таңжарыққа да, Бүркітбайға да «Ой, Қайша» деп ойбайлатып тұрған дүние – жеке меніне түскен мемлекет машинасының ауыр салмағы емес пе еді?
Сол салмағы ауыр машина екібастан әділетті болғанда, әуелден құрылымы дұрыс құрылғанда, әуелден заңдасқан түрме-мемлекет болмағанда жетпіс жетіге келген Қарағұл мен қылшылдаған қырықтағы Таңжарыққа түрмеде зарлаған әдебиеттің өзгеше үлгісін туғызар ма еді?
Түрме – бұл жерде абстрактілі ұғым. Түрме туралы айтып отырған біздің ішкі рухымыздың өзі негізі түрмеде. Диссидент адамдар нағыз еркіндіктің, бостандықтың шыңына шыққан адамдар болғандықтан да, біз өзіміздің түрме-өмірімізде отырып алып олар туралы қайғылы, аянышты көзқараспен қарағымыз келеді. Бірақ, түрме-өмірдегі біздердің оларды неге айта беретінімізді өзіміз түсінбейміз. Себебі олардың бойындағы еркіндік рухы біздің назарымызды өздеріне магнитше тартып, айтқыза беретіні сол болса керек. Қазақтың арғы-бергі тарихы түгіл, міне кеше ғана денесін топырақ жапқан Арон Атабектің қазіргі түрме-өмірде жүрген мыңдаған жазарман-сызарманнан артық болатыны содан.
Замана, қоғам – адам қолымен құрылған түрме екендігін осы күнге дейін түсіне алмай, қабылдай алмай келеміз. Себебі, мына көзіміз көріп тұрған өмір-дүние біздің қалай түрмемізге айналғанын сезбейміз. Біздің шынтуайтында айтып жүрген бостандығымыз – көбіне-көп рұқсаты бар, игілігі белгілі тәртіп ішінде құндақталған түрме тұғын. Енді осы тәртіпті өмірден абақты өмірге жабылғанда көбіне-көп адамның ішкі меніндегі кейбір дүниелер қопарылып, ашылып кетері анық. Себебі түрме-өмірдің алдамшы дүние қызығына байлаулы адамның ой-санасы бостандыққа шығады. Ол ендігі болмаған пендауи байланыс, жалтырақ дүниенің қызылды-жасылды алдамшылығына байланбайды. Біз қорқып, үрейленіп айтып жүрген түрме оларды рухани бостыққа лақтырып тастайды. Мұны «рухтың түрмеде жатып оянуы» деп атасақ та болады.
Иә басы бұғауда болар, бірақ, санасы, рухы нағыз бостандықтың дәмін татады. Адам өз рухымен бетпе-бет қалады. Шындығында біз айтып жүрген темір тордың арғы беті – қорқатындай тозақтың қақпасы емес. Сол үшін де түрмеде туған дүниелер шынайы һәм бүкпесіз. Ащы һәм қапырықты. Ондағы тәнге түскен қинауларды біз тіксіне оқығанымызбен, олар оны еркіндік рухының маршындай жырлайды. Тән, дене тұрғысынан ғана ойлауды алға шығарып алған рухсыз біздер бойымыз түршіге, азаптаушының жауыздығынан тіксінсек, жазаланушының қайсарлығына таң қала таңдай қағамыз. Енді сол жазаланушының тәні сезген, биологиялық денесі көрген азапты сөзге айналдырып, шығармаларын өмір-түрмедегі біздерге ұсынсын. Әрине, дүниеге байланған біздің жүйке-жүйемізді үрей мен қорқыныштың құбыжығы қалай аралап кеткенін сезбей қап жатамыз.
Алтайда жүріп кісіге бет қаратпаған Қарағұл да кетті. Аттыға жол, ауыздыға сөз бермеген Таңжарық та кетті. Тәкең 1946 жылы абақтыдан босап шыға салып, көп өтпей белгісіз дерттен қаза тапты. Содан көп ұзамай Қарағұлды да, Таңжарықты да түрмеге тоғытқан гоминдаң кетіп, қызыл үкімет келді. Халық қуанды, бостандық, теңдік алдық деп бөркін аспанға атты. Бірақ, бостандық тек Мао Цзэдун да ғана екен. 1958 жылы Қарағұл, Таңжарық, Сақарилардың азапты ажалына көз жұма қарай алған түрме-өмірдің халқы, енді сорпа бетіне шығар Қажығұмар Шабдан, Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Оразанбай Егеубай сынды мыңдаған азаматты түрме-өмірге тоғытуға көз жұма қарады. Осылай қараша халық уақытпен ілесіп өмір сүріп жатты. 1991 жыл қазақ өз тәуелсіздігін алды деп исі қазақ шын қуанғанда, 85 жылдық ғұмырының 41 жылын Қытай түрмесінде өткізген Қажығұмар Шабдан кіндік қаны тамған жерге табан тіреуге қанша ұмтылса да, мына елдің түрме-өмірі оны қабылдай алмапты. Ол аз десеңіз, түрме-өмірдің қамытына иленіп Арон Атабекті жиырма жылға, Мұхтар Мағауин сынды арыстанды өле-өлгенше сүргінге айдатып жіберіп, түрме-дүниенің тұтқыны болып рухсыз, сөлсіз отырған түріміз осы болса керек.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.