Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Әдебиет пен философиядағы суицид өнері...

06.03.2023 1673

Әдебиет пен философиядағы суицид өнері 16+

Әдебиет пен философиядағы суицид өнері - adebiportal.kz

Әсілі, өмірдің ақиқи мағынасы, өлімге апаруы. Мұны біз емес, Мартин Хайдеггер өзінің «Метафизика деген не?» атты еңбегінде айтады. Біз осы бір пікірден әрі қарай мәтінге ілгерілеуіміз үшін Перменидтің бар болу жайлы ойларына сүйенгіміз келеді. Перменид үшін бар болу, дұрысы бар болудың заттанған хәлі барлық бар болса, ол жоқ болмаса, демек ең басынан бері бар болу керек. Себебі жоқтан ештеңе бар болмайды. Егер барлық бар болса, ол мәңгілік және уақытқа бағынышты емес. Әрине, бұған келісіп, келіспеуіңізге болады. Бірақ ең назар аударатын жері мұнда: Перменид барлықтың соңы бар дейді. Яғни, оның соңының болмауы ең үлкен кемшілік. Соңы жоқ мәңгілік барлық тамамдалмаған хәл. Енді осы соңы бар барлықты Хайдеггердің жоғарыдағы сөзімен үндестірететін болсақ, өмірдің ақиқи мағынасы, тамамдалуында деген пікір шығады. Ал тамамдалмаған өмір дазайн үшін үлкен кемшілік.  Ең қызығы яки ең өкініштісі ешқашан тамамдалмайтындай болып көрінген өмірімізді, тым болмаса бір рет болсын, өз еркімізден тамамдап көргіміз келгені жасырын емес. Тіпті радикалды тұрғыда, өмірінде бірде бір рет өмірін өз еркімен тамамдап көргісі келмеген адамның дазайн екеніне күмәнім бар. Олар дас мандар. Болмыстың мәнін түсіну жолында физикалық немесе метафизикалық өлімге бар ұру – болмыстың бар болу жолындағы процессін білдіреді. Ницщенің «Жақсылық пен жамандықтың арғы жағында» атты еңбегінде «өміріңді өз еркіңмен тамамдау туралы ой сенің ең ұлы жұбанышың. Сен онымен қаншама қиын түндерді бірге өткердің» дейді. Демек бізді сол қиын түндерден аман алып шыққан бір дүние бар болатын болса, ол біздің жұбанышымыз. Ой артынан ой қуады демекші, бұл сөйлем де бізге тиесілі емес, мұны Эмиль Чоран айтады, бірақ сәл басқаша: «өмірімді өз еркіммен тамамдау туралы ой болмағанда, өзімді әлдеқашан өлтірген болатын едім» дейді философ.  Әрине, философия тарихында Шопенгауерден кейінгі «тым көңілсіз көңілді» философ ретінде қалған Чораннан бұрын да бұл жайлы әдебиет пен философияда ой-пікірлер көптеп кездеседі. 

Жалпы модерн өнер мен суицидтің арасындағы қарым-қатынастың қайнар көзі Ренессанс гуманизмінен бастау алады. «Өзіңді өлтіруге болмайды» деген ибрагимдік діндер бойынша осы уақытқа дейін тыйым салынған суицид Қайта өрлеу дәуірімен бірге әдебиет пен философияға енеді. Бұл процесс пагандық діндерге мансұп ежелгі дәуірдегі ғалымдар мен философтарға, дәлірек айтсақ, Пифагор, Диоген, Зенон, Эпикур сынды өз-өзін өлтірген білім адамдарына деген қызығушылық тудырады. Ендігі кезекте «өз-өзіңді өлтірсең, тозақта өртенесің» деген негативті ойлар, әдебиет пен театр сахналарында қаһармандық көңіл-күйге көрініс табады. «Болу ма әлде бордай тозу ма? Бар мәселе осында!» деп басталатын Гамлеттің монологы осы өзгерістерің ең атақты символдарының бірі десек артық айтқанымыз емес. Әрісі, Уильям Шекспирдің пьесаларында елуден астам кейіпкер өз-өзіне қол жұмсап өледі. 

Өз-өзіне қол жұмсау әдебиетке енген осынау жылдары философияның да басты тақырыптарына айнала бастайды. Сол уақыттағы атақты философ Монтень, Фрэнсис Бэкон да суицид туралы еңбектер жазады. Тіпті Джон Доннның да толығымен суицид тақырыбына арналған үш бөлімді «Биатанатос» атты шығармасы бар. Ең назар аударатын тұсы, бұл шығармалардың барлығы бір кезеңде жазылғандығы. Джон Донн, Монтень, Бэкон, Шекспир... қарап отырсаңыз әлем тархындағы алып тұлғалардың бір кезеңде және бұған дейін «тыйым» болып келген бір тақырыпта шығарма жазуы өнердегі түсінік пен ұғымның өзгере бастағанын білдіретін еді. Жоғарыдағы тұлғалардың замандасы, қазақ қоғамына жақсы таныс Томас Мордың «Утопиясында» «осыншалық азап шегуге мәжбүр болатынымды білсем, өзімді өмірден құтқарар едім» деуі біздің пікірімізді нақтылай түседі. 

18 ғасырда болса ағартушылықпен бірге өзін-өзі өлтіру қылмыс болып табыла ма әлде жоқ па деген қоғамдық мәселе ретінде жиі қозғала бастайды. Ескере кететін мәселе, бұл кезеңде суицид әдебиеттің де, философияның да негізгі тақырыптарының бірі болатын. 1721 жылы Монтескье өз-өзіне қол салғандар үшін заңдардың өте қатал екені жайлы мақала жазады. Дәлірек айтсақ, мұндай ниеттегі адамдарды көше ортасында масқаралау, дүние-мүлкін тәркілеу, тіпті жерлеуге тыйым салу сияқты жазалардың қатыгездік екенін айтады. Соңында сол қоғамдағы адамдардың санасына сұп-суық су құйып жіберердей бір пікірді ұсынады: Ол суицидтің Құдайға да, қоғамға да зияны жоқ екенін алға тартуы еді. Ал философия тарихындағы алғашқы деист ретінде қабылданған Дэвид Юм болса, өзінің «Өз-өзін өлтіру және рухтың өлімсіздігі жайлы жазбалары» атты еңбегінде өзін-өзі өлтіру Құдайға, қоғамға немесе адамның өзіне қарсы қылмыс бола алмайтынын айтады. Мұнымен қоса, өзін-өзі өлтіруді ақтаған философтардың ішінде, рационалист Лэйбництің философиясына қарсы жазылған атақты «Кандид» романының авторы Вольтер де бар. Вольтердің пікірінше, өзін-өзі өлтіру – жеке адамның еркіндігі. Оның Құдайға да, табиғатқа да, қоғамға да зияны жоқ. Вольтердің көзқарасы бойынша, адамзат «ішінде тек мүрделер ғана бар шағын, күлкілі мекенде өмір сүретін қорқынышты және бақытсыз қылмыскерлер тобынан басқа ештеңе емес». Ал бұл сандыраққа тек мазақ ету арқылы ғана тойтарыс беруге болады дейді Вольтер. Кейіннен Вольтердің бұл пікірі постмодернист философтар мен жазушылардың қараңғы түнде жол сілтер шырақтарының біріне айналады. Дидро мен д'Аламбер болса өз-өзіне қол жұмсауды замандастары секілді қолдамады, бірақ бұл әрекеттің ақыл-естің кемдігінен орын алатынын алға тарта отырып, жазалауға қарсы шықты. Нәтижесінде Еуропа қоғамында «ібілістің әрекеті» деп есептелінген суицид, осы кезеңнен бастап ақыл-естің кемшілігі деп таныла бастады. Француз жазушысы, моралист Шамфор жоғарыдағы замандастарының барлық сөздеріне қосылып, өз-өзіне қол жұмсап өледі. Шамфор үшін өмір сүру – науқас болу, өлім – оның дәрісі. Патшалар мен діни қызметкерлер өз-өзіне қол жұмсауға тыйым салу арқылы біздің құлдығымызды жалғастыруды қамтамасыз еткісі келеді дейді Шамфор. Шамфорға тиесілі бұл пікірдің Франко Базалья, Томас Сас сынды антипсихиатрлар мен экзистенциализмге ықпал еткен шотландтық антипсихиатр Рональд Дэвид Лэйнгтің «өмір жыныстық жолмен жұғатын ауру» деген сөзімен үндесетінін байқауға болады.

Суицидті өнермен байланыстыру идеяларының көш басында Маркиз де Садты да ұмытпауымыз керек. Сад үшін құдай да, тозақ та, жұмақ та жоқ. Сәйкесінше дұрыс пен бұрыс та өмірге келмеген. Біздің жалғыз адамгершілік компасымыз бар болатын болса, Садтың түсінігінде бұл табиғат. Оның көзқарасында адам баласының жәндіктен айырмашылығы жоқ. Ал табиғат өмірге өліммен нәр береді. Оның ойынша, қатыгездік пен қалау бір-бірінен бөлінбейді. Садтың бұл ойлары өзін-өзі өлтіруді өнер ретінде елестететін романтиктерге, Бодлер сияқты эстетикалық модернисттерге, дадаизм мен сюрреализмге, сондай-ақ Батейль, Камю және Фуко сияқты философтардың эстетикасына әсер етеді. Тіпті Фуко өзінің «Ессіздік және өркениет» атты еңбегінде Маркиз де Сад пен Франсиско Гойяның шығармаларына сүйене отырып, зорлық пен ессіздік және өнер арасындағы байланысты қарастырады.

Фуко бұл кітабында ақыл сыртындағы хаос пен жоғалу күшін біріктірген Сад пен Гойяны ессіздік пен өнерді тоғыстырған жандар деп есептейді. Содан бері қазіргі әлем үшін, иррационалдық өнер үшін бұл таптырмас тақырып болды дейді Фуко. Яғни, Фуко үшін өнер хаосты, бір сәткі тыныштықты тудырады, жауабы жоқ сұрақты дүниеге әкеліп, өзіне сұрақ қоюға мәжбүр болған қапастан саңылау ашады.

Әдеби-философиялық суицидтен суицид өнеріне көшу романтиктермен бірге әдебиет сахнасында жаңа деммен қайта өріс алады. Суицид тарихын зерттеуші Жорж Минуаның айтуынша, «романтикалық суицидтің» шебері неміс жазушысы Гете. Бәлкім, біз де бұл пікірге қосылып қалуымыз мүмкін. Себебі, Гете «Жас Вертердің қайғысы» романында өзін-өзі өлтірумен аяқталатын үмітсіз махаббатты суреттейді. Кейіннен бұл суреттеу Германияда ғана емес, Франция мен Англияда да «Вертерманияға» жол ашады. Қаншама жауапсыз махаббатқа тап болған адамдардың суицидіне себепші болады бұл кітап. Тіпті осы бір келеңсіздіктің кесірінен Еуропаның кей аймақтарында бұл кітапқа тыйым да салынады. Әсілі, Гетенің ұлы шығармасы Фаустта да өзін-өзі өлтіру философиясы жоғары деңгейде суреттеледі. Құдайдың да, білімнің де, дүниелік ләззаттың да ештеңе емес екенін түсініп, ғұлама Фаусттың өлімі туралы идеяны сахналайды. Біз бұл пікірге жазып отырған жазбаның ауаны әдебиет пен философиядағы суицид болғаннан кейін, «көз қысты, бармақ басты» деп Гетені де ішіне жазып жібергеннен аулақпыз. Себебі бүгінге дейін Фаустты бірнеше түрлі бағытта оқуға болатыны жайлы көптеген еңбектер жазылды һәм сызылды. Ал біздің ұсынатын тезіміз – Гете сол уақыттағы рационализмге қарсы шығушы Sturm und Drang атты ұйымның белсенші мүшесі болады. Негізін қалаушы Иоганн Георг Хаман Декарттың «Мен ойлаймын, демек, бармын» деген сөзіне қарама-қарсы «Мен бармын, сондықтан ойлаймын» деген пікірді ұсынады. Хаманның ойынша, құдайдың құпия тілін тек өнер адамдары ғана бұза алады деп есептейді. Яғни, ақиқаттың да, болмыстың да, тіпті жоқ болудың да субстанциясы – өнер. Ал осы пікірді негізге ала отырып, Фаустты қайта оқысақ, біздің ұсынып отырған тезіміздің де дәлелсіз емес екенін көресіз. 

19 ғасырдың аяғында романтикалық эстетика модернизмге айналды. Ал осы модернизмнің бастау көзі ретінде Бодлердің есімі нұр шашып ортаға шыға келеді. Бодлер өнер мен өлімді біріктіргені сонша, тіпті оларды бір нәрсе деп есептейді. «Қаһармандық өлім» өлеңінде өнер «тозақтың сұмдығын жамылып» қана емес, өлім сияқты «оны өмірден өшіреді». Бодлерде өзін-өзі өлтіру – ақынның құқығы, оның бостандығы, өнері. 

Бодлердің пікірінше, Эдгар По сияқты «маскүнем» ақындарда өнер мен өлім тоғысқан. Өзінің По жайлы жазбасында «Поның маскүнемдігі... жұмыс әдісі, жігерлі және өлімге әкелетін әдіс болды деп есептеймін» деп жазады. Досы Нервальдің өзін-өзі өлтіргенін естігенде де, оның өліміне емес «неге ол бейшара көшеде мойнына әлгі жаман шүберекті таңдады? Шүберектен де нәзік, хош иісті улар бар емес пе? Неге соларды қолданбады» деп оның өлу үшін пайдаланған шүберегіне намыстанады. Анасына «әрқашан өз-өзіне қол жұмсаудың алдында тұрғанын» жазған жазбалар да кездеседі. Тіпті 1845 жылы кеудесіне пышақ сұғып алады, бірақ өкінішке қарай, өлмей қалады. 

Романтиктердің ізімен рационализм жағына шыққан 19-20 ғасыр ойшылдарының көпшілігі суицид пен өнердің арақатынасын зерттеуін тоқтатпады. Осы ойшылдардың бірі Кьеркегор болмыстың абсурдтығын алға тарта отырып, экзистенциалды ойдың негізін қалады. Кьеркегор үшін өмір - үмітсіздік, ал болмыс – жоқтық. Бұл жоқтықты жеңу үшін не өз-өзіне қол жұмсау керек, не Құдайға сену керек. Ізін ала Шопенгауэр да өмір сүру үшін күрес пен ерік-жігердің түкке тұрғысыз екенін айтады. «Өмір - ең алдымен аман қалу міндеті. Ал егер сіз осы міндетті орындасаңыз, одан кейін тоқтаусыз өзге міндеттер де  үстіңізге жүктеле түседі, ал соңында сіздің жеткен «жетістігіңіз» азаптан басқа ештеңе емес» дейді Шопенгауэр. Шопенгауэрдің ойынша, өмір – қателіктің бір түрі. Бар болу – адам төзгісіз азап. Сондықтан да ол дүниеге келгеннен гөрі өлімді артық көреді: «Дүниеге келгеннен келмегенім әлдеқайда жақсы». Өмір сүрудің мақсаты – өлім, философияның бастауы осы мәселеде дейді философ. Шопенгауэрдің осынау терең нигилизмінің бәрінде уақытша болса да шығудың бір ғана жолы бар, ол – өнер. Тек өнер мен «таза ой еңбегі» арқылы ғана өмірден бір қадам шығып, оны сахналық қойылымдай тамашалауға бой алдырады. 

Ницше болса Құдайдың өлімін жариялайды. Құдайдың өлімімен бірге мораль, болмыс, өмір, шындық, жақсы мен жаман барлық мағынасын жоғалтады: Құдай өлді. Ол өлі болып қалады. Біз оны өлтірдік. Енді біз, қанішерлерді өлтірушілер, өзімізді қалай жұбатамыз? Біз әлемде болған ең қасиетті, ең құдіретті жанды пышақтап, қан кешіп өлтірдік; Бұл қанды бізден кім тазартады? Қандай сумен тазарамыз? Жоқтау үшін қандай ырымдарды ойлап табамыз? Бұл істің ұлылығы біз үшін тым үлкен емес пе? Оған лайық болу үшін құдай болуымыз керек пе?», - дейді Ницще. 

Ал сөз басындағы Хайдеггердің пікірінше, Ницше Құдайдың өлімін жариялағанда, ол шын мәнінде барлық Батыс метафизикасының және философиясының өлімін білдіреді. Басқаша айтқанда, адамның жойылып кетуіне, өліміне немесе өзіне қол жұмсауына тосқауыл болатын сенім де, ой да жоқ. Болмысты мәнді ететін өнер ғана қалады: «Өнер – бұл өмірдің ең жоғарғы міндеті және шынайы метафизикалық қызметі». Енді «әлемді тек эстетикалық құбылыс ретінде ақтауға болады».

Достоевскийдің «Құдайдың өлімі» алдында адамның өзін құдайландыруы туралы пікірлері де 20 ғасыр әдебиетінде, әсіресе экзистенциализмге қатты ықпал етті десек артық айтқанымыз емес. Оның «Жындар» романының қаһарманы Кириловтің тілімен айтсақ, «Ең зор бостандықты қалайтын адам өзін өлтіруі керек... Одан асқан еркіндік жоқ... Өз-өзін өлтіре білген кісі Құдай». Альбер Камю өзіне-өзі қол жұмсау және абсурд жайындағы «Сизиф туралы миф» кітабында Кириловтың осы сөздеріне тоқталады. Оның пікірінше, Достоевскийдің кейіпкері арқылы мұны айтудағы қисыны абсурд: "Егер Құдай жоқ болса, Кирилов - құдай. Құдай жоқ болса, Кирилов өзін өлтіруі керек. Ал Кирилов Құдай болу үшін өзін өлтіруді қалайды. Бұл қисын абсурд дейді. 

Альберт Камюдың бұл кітабы бір ғасырдан кейін Кьеркегормен басталған пікірталастарды жалғастыра түседі. Яғни, өзін-өзі өлтірудің заңдылығы мен болмыстың абсурдтылығы. Камюдің пікірінше, «бір ғана күрделі философиялық мәселе бар, ол – суицид. Өмір сүруге тұрарлық па деген сұраққа жауап философияның іргелі мәселесі. Камю өзін-өзі өлтіруді «үлкен өнер туындысы сияқты жүрек үнсіздігінде дайындалады», - десе де, оның болмыстың абсурдтығына ем болатынын мойындамайды. Өйткені, "өмір сүру абсурдты тірі қалдырады. Бұл жағдайда әрбір индивид бүлік (бунт) жасау керек. Бүлік қана өмірге құндылық береді дейді Камю. Өнердің өмір сияқты абсурд екенін айтып, бұл пікірді Ницшенің афоризмімен қуаттай түседі: «Біз абсурдпен бірге тыныс алып, онымен өмір сүруді үйренуіміз керек. Абсурдтық ләззат - par excellence, яғни жарату. Камюдің замандасы, экзистенциализмнің атақты философтарының бірі Сартр абсурд-суицид-өнер туралы пікірталастардың логикасын былай деп тұжырымдайды: Философия өмірдің абсурдтылығы мен жоқтығына қарсы қойған екі жолдың ішінде, өнер де, суицид те абсурд. 

Қорытындылай келе, тарих бойынша әдебиет пен философиядағы суицид өнері жайлы аз-кем сөз қозғадық. Ібілістің әрекеті ұғымынан басталып, ақыл-естің кемдігі, соңында алып абсурд хәліне айналған суицид, қай хронологиялық аспектіден қарасақ та, белгілі бір дәрежеде жазба басындағы «ақиқи мағына» табу жолында үлкен бір процесс екеніне көзіміз жетті. Ал әрбір индивид өзіне себепсіз жақындап келе жатқан өлімді көре тұра өмір сүруінің бірден бір себепшісі – абсурдқа толы болмысқа уақытша мән үстеуші – өнер.  Ницшенің тілімен айтатын болсақ,  өнер – шындықтан өліп қалмауымыз үшін бар. Біз осы бір пікірді сәл толықтырып,  «ақиқаттың да, болмыстың да, тіпті жоқ болудың да субстанциясы» немесе «болмысқа» «уақытша мән үстеуші», «бүлікші» өнер – шындықтан өліп қалмауымыз үшін бар және уақытқа тиесілі емес дегіміз келеді. Демек, абсурдқа толы болмыстың жаратқан, яғни тамамдаған әрбір өнері – кейінге қалдырылған суицид. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар