Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Әдебиеттанудағы зерттеу әдістері...

28.02.2023 5927

Әдебиеттанудағы зерттеу әдістері 16+

Әдебиеттанудағы зерттеу әдістері - adebiportal.kz

«Ғылыммен неғұрлым көп танысқан сайын, оны соғұрлым жақсы көресің», деп ғалым Н.Чернышевский айтпақшы, ғылымды сүю үшін, оған көбірек уақыт бөлу керек. Кез келген ғылымның негізгі мақсаты ақиқатқа жету болса, оның тәсілі ғылыми зерттеу жүргізу екені анық. Ал ғылыми зерттеуді дұрыс бағытта жүргізу үшін оның әдіснамасымен таныс болу керек. 

«Ғылыми зерттеу әдіснамасы» аясында оқытушы-зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы Аймұхамбет «Әдебиеттанудағы зерттеу әдістері» атты ғылыми семинар өткізді. Бұл семинарға қатысқан әр студент өз білімін толықтырып, ғылым жолында дұрыс бағыт-бағдар алды деп айтуға толық негіз бар. Жанат Әскербекқызының семинарда берген ақпараты біздің оқырман қауымға, студенттерге, оқытушыларға өз көмегін тигізер деген оймен осы жерде жариялауды жөн көрдік.

 

«Зерттеу дегеніміз деректерді анықтап, жаңа қорытындыға қол жеткізу үшін материалдар мен дерекөздерді жүйелі түрде оқып, тұжырым жасау» 

(Oxford English Dictionary, 2007).

Зерттеу нәтижелері адамзат қоғамындағы келеңсіз жағдайларды болдырмауға табиғи апаттардан сақтануға, терроризм қаупімен, адам денсаулығына зиянды нәрселермен күресуге қызмет етеді.

Ғылыми зерттеу дегеніміз – дерек жинау процесі, бұл процесс мәселені шешуге ықпал ететін білімге тікелей қатысты. Зерттеу терең білімге жол ашады, өзіміз нысанға алған мәселені анықтап, оның қаншалықты күрделі екенін түсінуге көмектеседі. 

Яғни зерттеу – ізденушіні алға жылжытатын, жағдайды жақсартатын, мәселенің шешімін табуға көмектесетін құрал.

Зерттеуші зерттеу жүргізудің моральдық және этикалық міндеттерін толығымен біліп, орындауы керек. Зерттеу жұмысын жүргізгенде зерттеу нысандарын мұқатпауға,  ар-намысқа тимеуге, ешкімнің өміріне қауіп төндірмеуге, яғни ешкімге психологиялық және дене зақымын келтірмеуге міндеттенеміз. Бұл – моральдық міндеттемелер. Зерттеу жұмысын жүргізгенде моральға қатысты басты назарда болатын: саналылық, әділдік, шыншылдық.

Зерттеу жүргізудің мақсаты – сенімді және ғылыми негізді жаңа білімге қол жеткізу. Сондықтан алынатын нәтиже, өндірілген білім сенім тудыруы керек. Зерттеу барысында сенім тудыру өте маңызды. Ол үшін шынайылық, түпнұсқалық, бейтараптық және нәтижені тексере алу сияқты индикаторларға сүйенеді. 

Зерттеу барысында қиындықты еңсеру үшін мына сұрақтардың жауабын біліп алыңыз:

1) Зерттеу тақырыбының мақсат-міндеттері нақтыланды ма?

2) Зерттеу саласының тиімді индикаторларын анықтау жүзеге асты ма?

3) Зерттеудің әдістері бірізді ме?

4) Зерттеудің әдіснамалық негіздері анықталды ма?

5) Зерттеу нәтижесін тексере аласыз ба?

Зерттеудің жүзеге асуында, ақиқат шешімге жетуде ізденіс әдіс мәселесіне келіп тіреледі.

Әдіс дегеніміз:

  • таным процесін ұйымдастырудың түрі; 
  • белгілі бір ғылым саласындағы практикалық және теориялық білімнің белгілі көлемін меңгеру әдістерінің жиынтығы;
  • зерттеу мақсаттарына жету жолы. Дұрыс таңдап алынған әдіс ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелі болуына үлкен әсер етеді;
  • кез келген бір қызметтің практикалық және теориялық ақпаратты тәсілдердің жиынтығы.

Зерттеу әдістері – шығарманы тану мақсатында жүзеге асырылатын тәсілдер. Зерттеу әдістері мынадай кезеңдерден тұрады:

1. Ғылыми материалдар жинақтау: әдебиеттерді қарау, жұмыстың теориялық жағымен және тарихымен танысу, басқа саладағы табыстарымен танысу, кеңес, бақылау.

2. Жинақталған материалмен танысу (оқу): салыстыру, өлшеу, анализ бен синтез, жалпылау, аналогия, модельдеу.

3. Тексеру  және фактілерді нақтылау: сын, жасалған қорытындыларды нақтылау, түзету, қорытындыны талқылау, тәжірибе, іс-тәжірибеде тексеру.

ӘДІСНАМА

  • Әдіснама – әдістер туралы ілім, әдістер теориясы, зерттеліп отырған нысан туралы мәліметтер мен жаңалықтарды бірізге келтіру тәсілдерінің жүйесі. 
  • Әдіснаманын негізінде белгілі бір білім жүйесі (ұғымдар, заңдылықтар) жатады. Әдіснаманың дұрыстығы оның негізінде жатқан теорияның ақиқаттығына, шынайылығына байланысты.
  • Әдіснама – ғылыми-танымдық іс-әрекеттің формасы мен әдістері, әдістемелер бірлігі мен байланысының теориялық негіздеулері туралы ілім. Ғылым әдіснамасы зерттеу компоненттеріне (нысанға, материалға, мақсатқа және зерттеу мәселелеріне) сипаттама береді.

Заманауи ғылымда əдіснама деп ғылыми-танымдық іс-əрекеттердің түзілу принциптері, формалары мен тəсілдері жөніндегі білімді айтады. Ғылым əдіснамасы зерттеу жүйесіндегі құрылымдық бірліктердің – нысаны, талдау пəні, зерттеу міндеттері, зерттеу құралдарының тобы т.б. сипаттамасын береді. Сонымен бірге зерттеу міндеттерінің шешімін табу процесіндегі əрекеттердің бірізділігін белгілейді. Осыдан, әдебиеттану əдіснамасын көркемдік таным жəне болмысты бейнелеудің  теориялық ережелер топтамасы ретінде қарастырған жөн.

И. В. Блауберг пен Э. Г. Юдин әдіснаманың мынадай деңгейлерін атап көрсетеді: жоғары деңгей – философиялық әдіснама, екінші деңгей – жалпы ғылыми әдіснама, үшінші деңгей – нақты ғылыми әдіснама, төртінші деңгей – зерттеу  әдістемесі мен техникасы.

1-деңгей

Философиялық әдіснаманың мазмұны таным принциптерінен және жалпы ғылымның категориялық пәнінен тұрады. Әдіснаманың бұл саласы философиялық білімнің бөлімі болып табылады және философияға тән әдістермен жасалады. Философия қолда бар ғылыми білімге оны қолданудың шарттары мен шекаралары, әдіснамалық негізінің сәйкестігі және дамудың жалпы тенденциялары тұрғысынан сындарлы сын айтады әрі ғылым нәтижелеріне, оның ішінде әдіснамалық нәтижелерге әлем картинасының бір көрінісі тұрғысынан дүниетанымдық түсінік береді.

2-деңгей

Әдіснаманы жалпы ғылыми принциптер мен зерттеу деңгейі формаларының тұрғысынан белгілейді. Бұған әдіснамалық  функцияларды орындайтын және іргелі пәндердің белгілі бір жиынтығына міндетті түрде бір мезетте  бірдей дәрежеде болмаса да әсер ететін,  әдіснамалық міндеттердің кең ауқымдық шеңберіне жеткілікті нәтижелермен байланысты ресми әзірлемелер мен теориялар сияқты жалпы ғылыми тұрғыдағы ұтымды концепциялар да кіреді. 

3-деңгей

Нақты-ғылыми әдіснама, белгілі бір арнайы ғылыми пәнде қолданылатын әдістер, зерттеу принциптері мен ережелер жиынтығын ұсынады. Белгілі бір ғылыми пәннің әдіснамасы осы саладағы ғылыми танымға тән және әдіснаманың жоғары деңгейлерінде қойылған мәселелерді (жүйелі тәсіл, экономикалық зерттеулердегі модельдеу мәселелері және т.б.) қамтиды.

4-деңгей

Технологиялық әдіснама (зерттеу әдістемесі мен техникасы) біркелкі және сенімді эмпирикалық материалды және оны алуды қамтамасыз ететін әрі қолма-қол білім массивіне қосуға болатын бастапқы өңдеу сияқты процедуралар жиынтығымен сипатталады.

ӘДЕБИЕТТАНУ ӘДІСНАМАСЫ

  • Әдіснаманың барлық деңгейлері іштей бір-біріне бағынатын  күрделі жүйені құрайды, 
  • Әдіснаманың философиялық деңгейі кез келген әдіснамалық білім негізі ретінде әрекет етіп, шындықты тану және түрлендіру процесіне дүниетанымдық көзқарастарды анықтайды.
  • Әдебиеттану әдіснамасы – ғылыми теориялық пән, оның міндеті – әдебиет  (әдебиеттану) туралы ғылымды және оның жекелеген бөлімдерін жүйелеу принциптерін әзірлеу, оларға қол жетімді зерттеу жолдары мен әдістерін зерделеу, осы әдістерді қолданудың салыстырмалы тиімділігі мен шекараларын анықтау. 

Қазіргі әдебиеттану әдіснамасының негізгі мәселелеріне мыналар жатады:

  • 1) әдебиет теориясының жалпы, принципті мәселелері – әдебиеттің  шындыққа және мәдениеттің басқа да сабақтас салаларына қатынасы, оның қоғамдық өмірге қатысты шарттылық сипаты және әдебиеттің шындықты өзгертудегі белсенді рөлі, әдебиеттің дамуындағы сабақтастық пен ілгерілеу, пішіні мен мазмұны, дәстүрі мен жаңашылдығы, ұлты, т.б.;
  • 2) ұлттық және халықаралық шеңберлердегі әдеби процесті зерделеу әдіснамасы; әдеби дамудың тарихи стадиалдылығы мен типологиясы, әдебиетті салыстырмалы-тарихи зерделеу мәселелері;
  • 3) халықаралық әдеби байланыстар мен өзара ықпалдастығын ықпалдардың зерттеудегі салыстырмалы-тарихи әдіс;
  • 4) жеке туындыны, оның мазмұны мен нысанын зерттеу әдістемесі.

Әдеби зерттеу әдістері

  • Түрлі тарихи кезеңдерде әдебиеттанудың түрлі нақты әдістері белсенді болды.
  • Әдеби шығарманың қандай аспектілері басты назарда болатынына  байланысты әдіснамалық концепцияларды төмендегідей түрде жүйелеуге  болады:

1. Авторды зерттеуге бағытталған әдістер;

2. Мәтіннің пішіндік ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған әдістер;

3. Әдеби және мәдени-тарихи контекске бағытталған әдістер;

4. Оқырманға бағытталған әдістер. 

Авторды зерттеуге бағытталған әдістер қатарында биографиялық, психологиялық және психоаналитикалық әдістерді атаймыз.

  • Биографиялық әдіс – жазушының жеке қасиеттері мен өмірбаянын шығармашылықты айқындайтын басты белгі ретінде қарастыра отыра, көркем әдебиетті қабылдау, талдау, бағалау және зерттеу.

Биографиялық әдістің философиялық негізін неміс ғалымы Фридрих Даниэль Эрнст Шлейермахер (1768-1834) қалады. Ол романтизм эстетикасын ашуда суреткердің жеке басы шығармашылық процестерді анықтайды деген пікір айтады. 

Дербес мектеп ретінде биографиялық әдебиеттану ХІХ ғасырдың ортасында қалыптасты. Француз әдебиеттанушысы, сыншы Шарль Огюсте́н де Сент-Бёф (1804-1869)  «Әдеби портреттер», «Дүйсенбі сайынғы әңгіме» деген еңбектерімен бұл мектепке үлкен үлес қосқан. Бұл кезеңде биографизм кең ауқымда қарастырылды: ғасырдың саяси, қоғамдық идеялары, жазушының әдеби ортасы, т.б. 

Биографиялық әдістің келесі даму кезеңі И. Тэн (1828-1893) есімімен байланысты. Ол таза биографиялық зерттеулерден тысқары жатқан «нәсіл» және  «географиялық орта» мәселелерін қарастырып әдеби зерттеуді толықтырды. 

ХХ ғасыр басында биографиялық әдісті жақтаушылар өмірбаянды сыртқы, артық элементтерден тазартып, жазушының «рухы» мен «менін» қалдырды. 

Биографиялық әдіс қолдану мынадай жағдайларды нәтижелі болды: 

  1. Суреткердің шығармашылық дамуы, шығармашылық жолын зерттеуде; жазушы өмірбаяны оның шығармашылық мұрасын кезеңдерге бөлуде негіз болды; мысалы, Пушкиннің шығармашылық жолы (лицейлік, лицейден кейінгі лирика, Болдиндік күз және  т.б.)  
  2. Автобиографиялық жанрларды зерттеу: жеке өмір фактілері, өмірлік тәжірибе шығармашылық зерттеу нысаны болады. Автобиографиялық кейіпкер  автобиографиялық жеке тұлғадан бөлектенеді. Өмірбаяндық прозада көбінесе кейіпкер (қаһарман) басқа атпен беріледі. 

Психологиялық әдіс физиология мен психология жетістіктеріне негізделді. Эмиль Эннекен (1858-1888) кейіпкер мен авторды зерттеді. Ол автор туралы шығармасын оқи отыра барлығын білуге болады дейді. Бұл әдіс үшін маңызды нәрсе – шығарманы жазып отырған кездегі автордың ойы мен көзқарасы қандай болғанын анықтау. Эннекен автордың психологиясын зерттегенде әдебиеттің емес, психологияның заңдылықтарымен бетпе-бет келіп отырды. Бұл әдістің ұстанымдарын негіздеуде Потебняның да еңбегі болды.

Психологиялық әдіс көркем шығарманы тудырған қаламгердің психологиясын қарастыруды немесе суреткер сомдаған бейнелер психологиясын зерттеуді көздеді. 

Көркем шығарма авторының болмысын зерттеуді нысан еткен психоаналитикалық әдіс ХХ ғасырдың басында Австрияда туындаған. Негізін салушы – психиатр, философ Зигмунд Фрейд. Оның пайымында суреткер санасының құпиялары, түйсігі, жұмбақ жағдайларын айқындауға бағытталады. Психоаналитикалық талдау адамдардың бойында ең басты қасиет – нәпсі, қанға ұмтылу деп пайымдайды. Фрейдтің пікірінше адамның тіршілігі, өмірінің әрбір кезеңдері, қателіктері, басқалармен қарым-қатынасы,-бәрін реттеп отыратын – нәпсі. «Бейсаналық психологиясы» еңбегінде Фрейд адам психикасына ерекше назар аударады. Бұл зерттеуде әдеби шығарманың эстетикалық, қоғамдық мәні ысырылып қалады. Психоаналитикалық әдіс  аясында «бейсаналық», «эдиптік комплекс», түс көру, қателесу, толыққандылыққа жетпеу тежелісі, т.б. ұғымдар қарастырылады. Көркем туынды автордың психикалық қалпынан туындайды делінеді.

Егер Фрейдтің психоаналитикасы көркем шығармашылықтың биографиялық астарына бағытталса, Юнгтің психоаналитикасы (архетиптік әдіс) жекелеген сананы емес, ұлттық және жалпыадамзаттық байырғы қарабайыр танымды оның өзгермейтін бейнелі формулалары – архетиптер арқылы зерттеуге ұмтылады. Бұл жерде зерттеу өзегінде шығармашылық иесінің жеке тұлғасы емес, тұлғадан тысқары санасыз символика орталық нысанға алынады. Олар: кеңістік пен уақыттың тарихқа қатыссыз ең жалпылама сипат иеленген феномендері (ашық/тұйық, ішкі/тысқы) және физикалық, биологиялық субстанциялар (әйел/еркек, жас/кәрі), стихиялар.

Феноменологиялық әдіс - авторлық танымның мәтін арқылы көрінуін алға тартады, туындыны контекстен тыс сипаттауға ұмтылады. Бұл әдістің доминантты тұжырымы: кез келген туынды авторлық танымның бейнеленуі болып табылады. Зерттеуші авторды «феномен» ретінде туындыдан сезінуі керек. Феноменологиялық тәсілдің негізінде танымдық сын, рефлексия, субъективті сын ұғымдары айтылады.

Семинар қатысушыларымен

Мәтінді пішіндік тұрғыда меңгеруге бағытталған әдістер: формализм және структуралық (құрылымдық) әдіс. Мәтіннің пішіндік ерекшеліктерін тануға бағытталған әдеби зерттеу әдістерінің қатарында формализмді ерекше атаймыз. 

Формализм әдісі зерттеу нысаны ретінде әдеби мәтінді қарастырды. Дәстүрлі қалыптасқан пікір бойынша, әдеби туындының өзіне емес берілетін ой, мағынасына назар аударылса, формализмді жақтаушылар әдебиетке сөз өнері ретінде ол қалай құрастырылған деген сұраққа жауап іздеп, үлкен өзгеріс енгізді. Әдебиеттану қатаң және нақты ғылым болу керек деген ой ең бастысы болу керек дейді. Бұл әдіс көркем шығарманың жазылу шарттары мен жағдайларына емес тікелей шығармаға бағытталды.

Структуралистік әдіс. Әдебиеттанудағы структуралистік әдіс – сөз өнерін жүйелі-функциональды зерттеуді мақсат еткен ғылыми әдіс. Оның негізі ХХ ғасырдың 20 жылдарында қалана бастады. 

Әдебиеттану қолданысына алғаш рет «структура» терминін енгізген  Ю.Н.Тынянов зерттеулерінде поэтикалық шығарманың құрылымдық  элементтерін функциональды мақсатпен зерттеу бағдарламасы ұсынылған. Структуралистік әдістің әрі қарай дамуы әдеби шығармашылықты  коммуникативті процесс ретінде қарастырған Прага лингвистикалық үйірмесінің өкілдерімен байланысты. Олар көркем таңба мәселесіне ерекше тоқталды. Құрылымдық талдау үшін бинарлық оппозиция теориясының дамуы қажет болды. Ол әдеби шығарманы ұйымдастыруға қатысатын элементтердің айырмашылық белгісін тануға мүмкіндік береді. 

СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ ӘДІСІ – өзінің атауын семиотика ғылымынан алады. Ол структуралистік әдістің бір түрі ретінде белгілі. Структурализм – «структураның» (мәтіннің әр түрлі деңгейі мен элементтері, мәтін элементіне қатысты алғанда «сыртқы түр») өзара байланысын, қарым-қатынасын зерттейтін тәсіл болса, көркем туынды мәтіні структуралық, семиотикалық, коммуникативтік тұтастықта қарастырылады. 

Семиотикалық әдістің негізін салушылар ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысында өмір сүрген ғалымдар Ф.де Соссюр, Ч.С.Пирс, Ч.У.Моррис. Ертегінің таңбалық функционалдық структурасын қарастырған В.Проптың «Ертегі морфологиясы» еңбегі бұл бағыттағы алғашқы ізденіс еді. Аталған еңбегінде ол ертегінің  33 тұрақты сюжетін негіздеп берген. 

ХХ ғасырдың екінші жартысында семиотика әдісі Тарту-Мәскеу семиотикалық мектебі өкілдерінің еңбектерінде ұсынылды. Олардың қатарында Ю.Лотманды, М.Л.Гаспаровты, Ю.В.Левинді айтамыз. Сондай-ақ Е.М.Мелетинскийдің, Б.А.Успенскийдің, француз ғалымы Р.Барттың еңбектерінде де семиотикалық әдіс ұстанымдары көрініс тапты. 

Мәтінді мәдени-тарихи және әдеби тұрғыда меңгеру әдістері:

Салыстырмалы әдіс компартивистика ұғымымен түсіндіріледі. Компартивистика – латын тілінен аударғанда тең дәрежедегі байланыс, өлшемдердің сәйкестігі, өзара келісім деген мағынаны береді. Компартивистика 1) гуманитарлық білімдердің әр саласындағы (құқықтану, әдебиеттану, тіл білімі, мәдениеттану, тарих пен дінтану) салыстырмалы әдістер жиынтығының жалпы атауы; 2) салыстырудың философиялық теориясы пайымдаудың базистік операциясы ретінде қабылданады. 

Салыстырмалы әдіснаманың негіздері айқындалып, гуманитарлық білімдердің жекелей дамуында «компаративистика» термині бекітілді. Бұл термин біріншіден, гуманитарлық ғылымдар ішіндегі мамандандырылған және нақтыланған нысандарды зерттеу тенденциясымен, екіншіден, білімнің жалпылама, әмбебап жүйесіне қарсылықпен, үшіншіден, ұлттық сананың өсуімен және мәдениет тарихы мен әлеуметтік тарихтағы «ұлттық фактордың» ролінің жоғарылауымен тікелей байланысты болды. 

Социологиялық әдіс және оның негізгі бағыттары. Қағидалары.

Социологиялық әдіс – әдебиетті қоғамдық құылыс ретінде қарастыратын зерттеудің әдіснамалық және әдістемелік принциптер жиынтығы. Оның зерттеу нысаны бір жағынан, әдебиеттің қызмет ету ерекшелігі (әдебиеттің қоғамдағы орны, оның қоғамға әсері, ондағы жазушының орны мен ролі, оқырманның әдебиетті қабылдауы, және т. б.), екінші жағынан – әдебиеттің қоғамдық генезисін зерттеу. Әдебиеттің қоғамдық табиғаты туралы сұрақ ХІХ ғасырдың ортасында социологияның ғылым ретінде пайда болуынан кейін анықталды. Бұл әдіс әдебиетті қоғамдық сананың бір формасы деп қарастырады. 

МИФОПОЭТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ ӘДІСІ. АРХЕТИПТІК ӘДІС. 

Мифо-сын – ХХ ғ. ағылшы-америка әдебиеттануындағы ықпалды бағыт

Мифопоэтикалық әдістің негізгі ұстанымы: миф адамзат ойлап тапқан, барлық көркем туындының шешуші факторы.  Мифопоэтикалық әдіс бойынша көркем шығарма құрылымынан мифологиялық негіз іздестіріледі, яғни күллі ізденіс мифотектоникамен байланыстырады. Мифологиялық әдістің негізі  ХІХ ғасырда әдебиеттану мен фольклортануда  романтизм дәуірінде қалыптасты. Мифологиялық мектептің философиялық негізі ретінде Ф.Шеллингтің эстетикасы алынды. Олар үшін миф поэзияның ең алғашқы түрі болды, бұдан кейін ғылым мен философия дамыды, ал мифология барлық өнер түрлері үшін бастапқы, алғашқы материал, одан поэзияның ядросын, ортасын іздеу керек деп ұқты. 

Кейін бұл әдісті ағайынды Яков және Вильгельм Гриммдер дамытты. 

Оқырманға бағытталған әдіс түрлері:

ӘДЕБИ ГЕРМЕНЕВТИКА (ИНТЕРПРЕТАЦИЯ, ТҮСІНДІРУ). РЕЦЕПТИВТІ ЭСТЕТИКА.

Әдеби герменетивка әдісі гуманитарлық ғылым шеңберінде кең қолданылады.   Әдеби герменевтиканың негізгі мәні – интерпретация, түсінік беру. Интерпретацияның негізгі мақсаты - мәтінінің болмысын тану, мәтін мағынасын анықтау. Интерпретацияның негізгі құралы-көркем шығарманы танып қабылдайтын тұлғаның танымы, түсінігі.

Герменевтикалық интерпретацияда әдеби мәтіннің тарихи реконструкциясы  ғана емес, біздің тарихи контекстің әдеби контекстпен сабақтасты келісімі, сондай-ақ оқырманның түсінік аясының кеңейуі де маңызды орын алады. Герменевтикалық ұстанымдарды нақты жинақталған түрде ұсыну рецептивті эстетикадан көрінеді.

Герменевтика әдісі көркем шығарманың түпкі белгісіз, жасырын мағынасының интерпретациясын жасайды. Герменевтика әдісінің негізгі концепцияларын былайша жіктеп көрсетуге болады: 

  • классикалық герменевтика
  • діни герменевтика (экзегетика)
  • француз романтикалық герменевтикасы 
  • психоаналитикалық герменевтика
  • юнгиандық герменевтика
  • мифо-сын герменевтикасы
  • М. Хайдеггердің онтологиялық герменевтикасы
  • Г.Г. Гадемердің философиялық герменевтикасы
  • постструктурализм
  • феминистік герменевтика
  • Э.Хиршаның ағылшын тілді «жаңа герменевтикасы»

Әдеби зерттеуде өзінің тиімділігін танытып, барынша өміршең болған және кең қолданылған салыстырмалы, структуралық, мифопоэтикалық әдістерді ерекше атауға болады. Бұл әдістер зерттеу барысында тұтас әдіснамалық негізді туындатқанын айтуға болады. Салыстырмалы және құрылымдық талдаулар көркем туындының табиғатын мазмұндық-пішіндік, танымдық тұрғыда зерттеуге жол ашты. Салыстырмалы мифология, құрылымдық мифология, салыстырмалы әдебиеттану, структуралық әдебиеттану қазіргі әдебиеттануды тың парадигмалармен толықтырды. Структуралық әдіс негізінде постструктурализм, деконструктивизм, нарратология, интермәтінді талдау әдістері туындап, қазіргі әдебиеттанудың сан салалы аспектілерін анықтады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар