Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әдебиетте бәрімізге орын бар...

03.12.2020 5892

Әдебиетте бәрімізге орын бар 12+

Әдебиетте бәрімізге орын бар - adebiportal.kz

Өткен аптаның соңын ала «Әдебиет порталының» шаңырағында бүгінгі әдеби өміріміз бен руханиятымыз төңірегінде іриәсіз, шынайы, емін-жарқын әңгіме болды. Бұндай тамаша кештің өтуіне себепкер болған Алматыдан ат арытып келген жас қаламгерлер легі болатын.

Кештің басты қонақтары «Махаббатым – Constant» романының авторы, жазушы Әлішер Рахат, «...Өліктердің уысында ериді» романының авторы, жазушы Берікбол Батан, «Телеграмма қабылдап алыңызшы» өлеңдер жинағының авторы, ақын Айжарық Сұлтанқожа және белгілі ақын қарындасымыз Ақжан Аманжол, сонымен бірге астаналық жазушылар Есбол Нұрахмет, Бақытбек Қадыр қатарлы жігіттермен «Әдебиет» порталының» қызметкерлері қатысты.

Әлішер Рахат өзінің «Махаббатым – Constant» романы хақында: «Осыдан бірнеше жыл бұрын романның идеясы келді, жалпы роман жас оқырмандарға арналып жазылды. Осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінің аудиториясында жаңа форматтағы, жас оқырманның ұғымына, талғамына сай ауқымды махаббат тақырыбындағы романның жазылмағанын байқадым. Біздің көп оқырмандар әлі де сол «Махаббат қызық мол жылдар», «Қарғын» сияқты осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған, классикалық үлгідегі романдарды әлі тұтынып жүргенін байқадым да, конкуренциясы аз ортаға барып, бақ сынағанды жөн көрдім»,- дейді.

Берікбол Батан: «Ұзақ уақыт ойлана келе осы романның идеясы бас-аяғы бүтін бір жола келді. Бірақ, жазу барысында түрлі қиындықтар болды. Ең бастысы бұл дәстүрлі ұғымдардан алыстау шығарма еді. Онда тұрақты кеңістік пен уақыт та, белгілі ұлт та, ел атауы да жоқ. Кейіпкерлердің есімі де қазақша емес, уақиғалар ойдан құрылған және аралда өтеді. Осы романның атмесфорасын сезініп, ара қарай жалғасты жазуға Айжарықтың өлеңдері себепкер болды...»,- деп өз романы туралы қысқаша пікір білдірді.

Ақын Айжарық Сұлтанқожа: «Әуелі проза, пьеса жазудан бастап көрдім, одан сәтті дүниелер шыға қоймасына іштей көнгесін, өлең жаза бастадым. Басында ешкімге оқытпаушы едім, бір күні осы Әлішер мен Берікболға бірнеше өлеңімді оқып бердім. Сол кездегі олардың реакциясы мені барынша қанаттандырды. Жалпы мен өлеңде тілді, ойды, сезімді барынша басқаша беруге талпынамын. Өлеңнің, сезімнің ең шарықтаған не жербауырлаған тұсын емес, өзгешелеу кейпін көңіл экранынан өткізіп бейнелегім келеді...»,-деп өз шығармашылығы туралы ойларымен бөлісті. Сұлтанқожа Айжарықтан бір өлең оқыңыздар.

Көктемге бір қадам –

бір күн,

таң ерте.

Аспан мен құстардың қолқасы –

күлкің.

Ас бөлме.

Шуаққа шомылған дастархан.

Үстінде – бес дүркін тыныштық,

Үш дүркін шаттықтың жеңісін тойлаған

шынылар.

Шәугімге оралған олардың

әрқайсы ішінде тиісті сыры бар...

Біреуі үнемі қоп-қою мінезді,

Бірінің ап-ашық аспаны,

Бірінің тәп-тәтті сенбілік таңғы асы.

Бірі үшін бұл мезет ып-ыстық демалыс бастауы,

Бірі үшін... жәй ғана жұманың жалғасы.

Айналасы еркелетіп ақ өлеңнің Ақжаны дейтін Ақжан Аманжол да қазіргі жаңа поэзияның жас өркендерінің бірі. Оның шынайы болмысы, нәзік те өткір түйсінуінен туған өлеңдері тек Ақжанның өз әлемі дер едік. Ақжанға ғана тән тосын құбылыс деп пайымдар едік. Әңгіме ортасында Ақжанда өз пікірлерін айтып, тамаша өлеңдерін оқыды.

Ақшыл көк

Түс көргім келеді менің!..

Түсімде -

Жолдарға еріп

көрсетер қысты қырдағы,

Отырсам деймін

бейтаныс көлік ішінде

Тым таныс əннің жанымды тербеп ырғағы.

Келеді көргім

түсімде дала қыранын

Қалықтап ұшқан

ақшыл көк түсті аспанда.

Келеді тағы

өңімдей үнсіз жылағым

Жер бетін ақ қар басқанда.

Келеді көргім

теңіз толқынын түсімде

Ақшыл көк түсті аспан реңіне бөленген.

Жазылар сосын

Жүрегім ғана түсінген

Ақшыл көк түсті өлеңдер!

Даланың ұлы жанында мəңгі сақтаған

Жусанды дала кеңдігін көргім келеді!

Түсімде көргім келгеннің бəрі –

жат маған.

Көк пен ақ түстің тоғысқан сəтте жүрегі.

Түсте де жүрек болады екен,

байқадым.

"Жүректің түсі - түстің жүрегі" –

айтарым.

Байқадым тағы

Түсімде мен тек –

Жолаушы,

Белгілі қашан қайтарым...

Бір сағаттан артық жалғасқан әңгіме үстінде, бүгінгі әдеби тіл, тіл қолдану сапасы, әдебиеттегі жетім қалған жанрлар, кітап шығару және сату мәселесі, қаламгердің әлеуметтік статусы сияқты көптеген мәселелер талқыланды.

Сөздің соңын Әлішер Рахаттың әдебиетте бәрімізге орын бар және бәрімізді уақыт орынына қояды, сондықтан бос даурығуды, өтірік бақ таласуды қойып, бәріміз бір кеменің үстінде екенімізді ұмытпай тынбай жұмыс істегеніміз жөн деген сөзіміен түйіндегенді жөн көрдік.

Әңгіменің толық бейне нұсқасын алдағы уақытта «Әдебиет порталының» ютуб каналынан көре аласыздар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар