Қалада жаңбыр аралас қар жауып тұр. Терезенің ар жағындағы әлем менің жандүниемнің арпалысын суреттемесе де, «менікі» дегенді жақсы көретін өзімшіл болмысым табиғат картинасы мен «Меннің» арасынан үйлесімділік іздеді. Жаурасам да жылы киім кимедім. Өзгелерді ғана емес, өзімді азаптағаннан адреналин алатын өзімшілдігімнен емес, жалқаулығымнан да емес, күннің жылығанына алданып, өз бойымнан түсініксіз ауырлықты сезінгендіктен, көктемнің ортасында қалың киімдерімнің бәрін садақа ретінде таратып тастап едім.
Есіктің қоңырауы қайта-қайта шырылдады. Есікті іштен бекітпегендіктен, келген қонақты қарсы алуға бармадым.
– Үйдесің бе? – деп өзіне тән биязылықпен үн қатты.
«Соқырсың ба? Үйде екенімді көріп тұрсың ғой». Жауап қатпастан басымды үнсіз изедім.
– Үйің суық қой. Жаурамадың ба?
«Жігіт болсаң, жемпіріңді шешіп, менің иығыма жап».
Орта бойлы, атжақты, шашы аздап толқындау, мұңлы, ақылды көздерімен айналасын зерттеп, сақтанып тұратын биязы, білімді, бірақ өзіне аса сенімді емес жігітпен ешқашан еркін, ашық-жарқын сөйлесе алмаймын. Пәтері менің жалдап тұратын пәтеріме көрші орналасқан.
Ол менің ойымды оқып қойғандай, күлгін түсті түймелі қалың жемпірін шешіп, иығыма жапты. Жемпірден аздап темекінің күлімсі исі шығады.
«Бұл темекі шекпеуші еді ғой...»
Ол менің ойымды тағы да оқып қойғандай күлімсіреп:
– Подъездегі екі бойжеткенмен бүгін сөйлесіп едім, солар шеккен темекінің исі ғой, – деді.
«Екі бойжеткені» – төменгі қабатта тұратын тоғызыншы сыныптың екі оқушысы.
– Сен тағы да оларға «темекі денсаулыққа зиян» деп лекция оқыдың ба? – дедім әдеттегідей екеуара диалогтағы сөзімді қайталап. – Әйелі бар еркекке ғашық болу, күндіз-түні соны ойлау, «әйелінен қайтсем де тартып алам» деп жоспар құру да күнә ма? Біреуді жақсы көру, онымен тағдырыңды қосуды армандау – қалайша күнә болады? Сеніңше, мен де күнәһармын ғой, – деп оның ақылды көздеріне жаратпай қарадым.
– Сен онымен ешқашан өмірде бетпе-бет кездескен жоқсың ғой. Сен күнәһар емессің, сен – өз қиялыңның құрбанысың. Оған деген сезімің осыдан бес жыл бұрын оянса, осы күнге дейін онымен кездесуіңе болар еді ғой. Саған өз қиялыңмен өмір сүру ұнайды, сол себепті, сен онымен кездесуден қашасың. Кездессең, оны мәңгілікке жоғалтып алатыныңды білесің. Бұл психологиялық соққыны сенің нәзік жүйкең көтермейді. Оған деген сезім, құштарлық – сенің әлсіз жүйкелеріңді емдеп, сенің өмір сүруге құштарлығыңды арттырады. Саған өзіңді өзің сақтау үшін осы рөлді ойнау ұнайды. Сен оның, жалпы ешкімнің сенің өміріңнің режиссері болғанын қаламайсың. Әйел жаратылысы ретінде сенің ең басты қателігің – осы. Өзіңді өзің азаптап тағы да осылай қанша жыл өмір сүресің? Тағы да бес жыл ма, әлде он жыл ма? Әлде отыз жыл?..
– Отыз жыл? Менің ендігі ғұмырым отыз жылдан аз...
– Адам өз ажалын өзі шақырмауға тиіс. Адам өз өмірін болжай бастаған кезде қасында шайтан тұрады, – деп Санат маған жаратпай қарады.
– Мен оның екінші әйелі болуға да намыстанбас едім, – дедім.
Ол мені естімегендей терезеден далаға көз салды. Өлген кептерді шұқып жеп жатқан қарғаның әрекетін үнсіз бақылай бастады.
– Бала кезімде шешем есік алдындағы керілген жіпке жаңа сойылған малдың етін тізіп жайып, мені етті қарауылдауға қоятын. Кітап оқып отырып, етті ұмытып кететінмін. Қарға шұқып, шұқып, етті жерге түсіретін. Көрші үйдің бұралқы иті келіп, жерге түскен етті алып қашатын. Мен иттің артынан қуып шаршайтынмын. Мен итті қуып жүргенде қарға етті тағы да шұқып, жерге түсіріп, ол етті басқа көршіміздің иті жеп кететін. Мен өкпем өшкенше, екінші итті қуалаймын. Жете алмағасын ызаланып, тас лақтырып, ұратынмын.
Өмір кейде қарға мен иттің арасындағы қарым-қатынасқа ұқсап кетеді. Қарға ешқашан итті етпен тойдыру туралы ойлаған емес. Қарғаның мүддесі – өз қарнын тойдыру. Саясат сахнасындағы «қарғалардан» қалғанды «ит» секілді пысықтар жымқырып кетсе, өз қазынасына ие бола алмаған халық «қарғалардың» емес, «иттердің» артынан қуып жүреді. Себебі, қарғаға қарағанда өкпесі өшіп, тілі салақтап, әйтеуір бір итке жетуге болатынын біледі. Бұл ойын неше жылға созылады? Жалпы бұл ойынның тарихына қаншама жыл? Бұл ойын атадан балаға, немереге мирас болып қалып жатыр. Формуласы, ережесі бар бұл «зұлымдық ойыны» да барлық ойындар секілді зерттелуі керек қой. Оны зерттеуге ең батыл, шыншыл, принципшіл адамның өзі батпайды. Себебі, бұған дейін зерттеуге талпынғандардың өмірі өліммен аяқталғанынан қорқады, – деді мұңлы көздерімен ренішін жасыра алмаған ол.
Ас бөлмеге өтіп, шай қойып жатқанымда да Санат сөйлеп жатты. Мен оның бір сөзін естіп, бір сөзін естімедім. Әдеттегідей дастархан жаймастан, қолына шайға қант салынған кесені ұстаттым. Ол бетіме таңдана қарады. Үйде ешқандай азық-түлік жоғын, кеше қара суға күріш қайнатып жегенімді, бүгін де құр күрішті қайнатып жейтінімді жалған намысшылдықпен оған айтып, мұң шаққым келмеді.
– Маған өзімнің жандүниемдегі арпалысты жеңу ғана маңызды, – дедім шаршағанымды жасыра алмай.
– Ішкі жандүниеміздегі арпалыс көбіне-көп өз «Мендігімізден» өзге «Мендікті» жоғары санайтынымыздан туындайды. Ал сыртқы көрініс мүлдем бөлек. Өз «Мендігіңді» өзге «Мендіктерден» жоғары қоясың, әманда өз «Мендігіңнің»үстемдігі үшін күресесің. Күрес. Жеңіс. Жеңіліс.
Мен одан шаршай бастадым. Тезірек шайын ішіп, үйіне қайтқанын қаладым.
– Ол ешқашан билікке араласпайды, оның бәрінен көңілі қалған, – дедім бейсаналы түрде.
Санат: – Кім туралы айтасың? – деп бетіме таңдана қарады. Сосын әлдене санасына жеткендей: – Оны ұмытатын уақыт жетті ғой. Өмір өтіп барады. Өмірді құр қиялмен, иллюзиямен өткізуге болмайды. Жас емессің, тұрмыс құрып, бала сүюің керек, – деп бетіме жанашырлық кейіппен қарады. – Біздің ғасыр – депрессия ғасыры, бірақ романтиктердің ғасыры емес. Қиялмен өмір сүру адамды Құдайдан алыстатады.
– Прагматиктерді Құдайға жақын деп саған кім айтты? – дедім жақтырмай.
– Әңгіме – романтиктер мен прагматиктер жайлы емес. Қиялмен өмір сүретін адам мына өмірден алыстап кетеді. Өмірден алыстау – Құдайдан алыстауға апаратын қадам. Шынайы өмірдің ережелерімен ойнап жүріп, (отбасын құру, бала сүю) өзіңді жоғалтпай, кемелдендіріп, Құдайды іздеу керек. Құдайды іздеу арқылы ғана баянсыз өмірден мән табуға болады. Рух тәнде ешқашан тыныштық тапқан емес. Аллаға құл болу арқылы ғана жан тыныштық табады. Жан тыныштығын табу – жылдардың, төзімділіктің, шыдамдылықтың жеңісі.
– Құдайды іздеп жүрмін, тек оны таптым дегенде, қайта жоғалтып алам, – дедім. – Мен Құдаймен еш делдалсыз қарым-қатынас жасағым келеді.
Ол: – Жүректегі балансты сақтау – иманға, адамның сеніміне байланысты. Мына өмірде ізгілік жасай алмасаң да, адамдарды жақсы көру керек. Адамды бүкіл кемшілігімен сүйіп, кешіру арқылы Құдайға жақындауға болады. Кешірім – ізгіліктің алғашқы баспалдағы. Надан, тоғышар ғана кешіре алмайды. Адамдарды жек көретін пенделерден мен қатты қорқамын. Олар зұлымдық жасауға қабілетті. Біреуді ұнату, жақсы көру, сүю – ол қылмыс емес. Әлемді ізгілік, мейірімділік, Құдайға деген махаббат құтқарады. Өз сезіміңнің құлына айналып, бір отбасын бұзу – моральдық қылмыс. Өз арың мен ұятыңның тұтқынына айналып, «моральдық қылмысты жасамаймын» деп өз сезіміңді тұншықтырып, өзіңді шектей беру – бұл жаңалық ашуға, мына әлемді өзгертуге тиіс басты қоқыспен толтыру. Адамның миы да кәдімгі ақпараттық файлдарды сақтайтын флешкаға ұқсайды. Миды артық қоқыстан, вирустан сақтау керек. Адамның басы қоқысқа толса, мимен ғана емес, физиологиялық тұрғыдан да жұмыс істеуге қабілеті әлсірейді, – деді.
– Түсінесің бе, оның менің қиялымдағы үйшіктен шыққанын қаламаймын.
– Оны қиялыңдағы үйшіктен шығарғың келмейтіндей ол – ойыншық емес, адам, – деп кешірімді жүзбен жымиып, босаған кесені қолыма ұстатты. – Түсінесің бе, сол қиялыңдағы үйшікке оны емес, сен өзіңнің тұлғалық қасиетіңді, арманыңды, өзіңнің «Мендігіңді» жасырдың. Өзіңді өзіңнен босат. Сонда ғана сен ешкімнің құрбандығы емес екеніңді, өзіңнің құрбандығың – өзің екенін сезінесің. Өмір дегеніміз – Сен!
– Өмір дегеніміз – салыстыру ойыны. «Салыстыру ойынынан» адамдар «тепе-теңдікті» іздеп шаршайды. Өмірден «тепе-теңдікті» тапқандар Құдайды көбіне ұмытып кетеді, ал таппағандар ұмытпайды. Ұмытпайтыны сол: Құдайға ренжіп, жылайды, ұрсысады, тіпті Құдайға тіл тигізіп, қарғап та жібереді. Өзіне өзі саналы түрде қолжұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді. Бірақ мен о дүниедегі емтиханда қазылар алқасының мүшесі емеспін ғой, – дедім.
– Өзіңді көп зерттейсің, – деп жымиды ол. – Адам өзін зерттей бастағанда алдымен сәтсіздіктерін есіне алады. Әрине, пендені қателіктері өкіндірмей қоймайды. Өкініш – өмірден түңілуге, түңілу – өзіңді жоғалтуға әкеледі. Адам көбіне-көп қабылдаған шешімінің қате екенін біледі. Біле тұра, саналы һәм бейсаналы түрде қателікке бой ұрады. Өзінің сәтсіздік деп қабылдаған қадамыңның кейбірі уақыт өте келе қуаныш пен шаттыққа бөлеп жатады.
– Ал мен өз сәтсіздігімнен бақыт табуға тырысам, – дедім жұлып алғандай.
Осы кезде оның телефоны шырылдады. Әйелі. Санат жол апатына түсіп, төсек тартып жатқанда ауру күйеуін тастап, орыс жігітпен кетіп қалған.
– Сен әйеліңді кешірдің бе? – деп сұрадым.
Оған деген еш сезімім болмаса да, әйелінен қызғанатынымды сездім.
– Менің кешірген, кешірмегенім оған түкке де қажеті жоқ. Оны кешіру маған керек. Зұлымдықтан сақтану үшін ғана емес, сол зұлымдықты жасамау үшін де кектенбей, кешіре білуіміз керек. Тұлғалық қасиетіңді сақтап, өзіңді жоғалтпау үшін де кешіруді үйренуге тиіспіз. Әкенің кекшілдігі – ұл баланы әйелдерді қорлап, өш алуға итермелесе, шешенің кекшілдігі – қыз баланы еркектерге зұлым, арам деп қарауға үйретеді. Әйелін жек көретін еркектің, болмаса, күйеуін жек көретін әйелдің балалары психологиялық соққы алғандықтан, өмір сүруге құштарлықтары болмайды, олар өмірді ешқашан сүймейді. Өздеріне қолжұмсап өлетін балалардың көпшілігі осындай отбасы құндылығы аяққа тапталған отбасынан шыққан. Ал мен ұлымның ұзақ өмір сүргенін армандаймын. Әйелім өз өмірін сүріп жатыр. Үйленер кезде болашақ жарымның табиғатын терең зерттемеген өзім кінәлімін, – деп менімен қоштасып, баласымен кездесуге кетті.
Сол сәтте суреттен ғана көрген оның сүйкімді сары баласын көргім келді, бетінен сүйіп, қатты еркелеткім келді. Баласын ғана емес, әкесін де жақсы көретінімді өзіме де мойындай алмас едім.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.