Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Айбектің тылсым әлемі...

14.09.2023 3538

Айбектің тылсым әлемі 14+

Айбектің тылсым әлемі - adebiportal.kz

Талай мұзбалақ түлеген елдің ұрпағы, Көдек бабасының мұрагері боп жүрген айтулы айтыскер ақын Айбек Ережептің хатқа түскен жырлары да керемет. Өлеңге өз өрнегін салып жүрген олжалы ақынның бірі. Атасы, Көкжал иті туралы ерекше әңгімелерімен де көзге түскен. Көркем аудармаға да үлес қосып жүр. Оның сыртында аударған өлеңдері бір төбе. Сегіз қырлы, бір сырлы, өнері жан-жақты талант иесі. Айбек Ережеп 1986 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. 2005 жылы Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойына арналған айтысқа қатысты. Республикалық студенттер айтыс додасының бас жүлдегері де атанған. Талай айтыстың сәнін кіргізіп, көркін айшықтады. Әлі де қай жерде айтыс бар десе, сол жерде Айбекің жүретіні қуантады. Абзалында ұлт өнеріне адал жандар азайып бара жатқанда жұлдызы жарқырауға тиіс дарын иесі топ жарып жүргені нұр үстіне нұр.   

Айбектің өмірінде айтыстың алар орны ерекше, дегенмен де оның жалпы өнер атаулыға қосар үлесі аз емес. Айбектің қаламы тиген қай шығармасы да бүр ашып, гүлдеп, жайнап сала береді. Өлең болсын, көркем шығарма болсын, қаламынан шұғыла шашып, күннен дәм татқызғандай болады. Құдды бір көкірегі өздігінен сайрап, арнасынан аса тасып гүрілдеп жатқан тау өзеніндей арынды, шабытты шағын кешіп жатқандай. Ерек туындыларымен көз қуантып жүрген бірегей ақын.   

Айбек ақынның «Мәлім.кз» сайтында алғашқы ұстазы, өлеңге ту тігуге баулыған Сұлтан Қалиев туралы ғажап естелігі кімнің болса да көңілін толқытары сөзсіз. Оқып отырып жылайсың. Сондағы естеліктен үзінді келтіргім келді. «Мен барудан жалықпадым, ол кісі түсіндіруден жалықпады. Бір рет «алдында түсіндіріп едім ғой» деп айтпады. Күліп отырып алдында түсіндіргенін басқа қырынан қайта түсіндіреді. Қазақ ақындарынан, әлем ақындарынан мысалдар келтіріп, өмірлерін баяндап, кәдімгі сабақ өткендей болады. Қазір ойлаймын, неткен жұмсақ, сабырлы адам болған деп. Баламен өзінің досындай әңгіме айтып, баурап алатын. Ол кісі бір рет қабағын шытып, бір рет нашар көңіл күймен қарсы алса, бір рет селсоқ түсіндірсе, мен қайтып барам ба ол жерге? Қазір бір өлең жазсам соның тұла-бойында Сұлтан ағаның ақыл-кеңесі өріп жүреді. Ол кісі керемет ұстаз болды. Өлеңге құрметпен қарауды үйретті. Қазір сондай мейірімді, баланың ішкі әлемін түсінетін, баурап алатын жанды сағынышпен еске аласың. Үйретуден жалықпайтын Ұстаз еді!» деп алғашқы ұстазын ыстық ықыласпен еске алып, хатқа түсіріпті Айбек Ережеп. 

Бүгінде Айбек ақын ұстазының алдын көрген талапты шәкірт екенін әр өлеңімен дәлелдеп келеді. Ел мақтайтын айтулы ақын атанды. Үлкен мектептен өтіп, өзінің өнерін өркендетіп жүр. Өзі де шәкірт тәрбиесіне көңіл бөлетін жасқа келді. Ұстазының аманатын орындап, өнер үдесінен шығып, ел сөзін сөйлер шамаға келді.     

«Балалық

Жолға шықтым өзімді-өзім іздеуге, 

Ауыласына мойын созып әр үйдің. 

Табам оны көктемнен де, күзден де

Желдей ерке балақайды танимын. 

Тым арманшыл ұмытқам жоқ шын кейпін, 

Алдамшы сөз сенгіштігін жасытқан. 

Кек сақтауды, өштесуді білмейтін, 

Ренжіссе – достасуға асыққан» - 

әр баланың бойындағы саф тазалықты, бейкүнә болмысын, сәби көңілін дөп басады. Баланы қазақ періштеге текке баламаса керек. Балалық шынайылығың шалқитын ерекше бір теңіздей. Сол теңізден өсіп шығасың да, пейілі тар шөл даладай ересек өмірге қадам басатындай сипаттапты. Балалықтың сиқыры – ақ ниетін еш жасырмайтын сәби өмірдің әдемі жырлаған. 

«Қысқы таң

Қапелімде қалғандай түн от басып, 

Күн келген де жоғалды жырақ қашып. 

Терезеден қараймын көне дүние, 

Оқып отыр «қыс» деген кітапты ашып.

Шимай қылып кітаптың ақ парағын, 

Ойнап жүрген көремін топ баланы. 

Өмірді де ойын деп ойлайды олар, 

Жүреді ылғи ертегі жақта бәрі.

Қылығында жып-жылы самала бар,

Балалық-ай бақытпен бағаланар.

Ауыстыра салсаң да жүректерін,

Сол сүйкімді қалпында қалады олар

Мендік көңіл сол күйді тағы аңсады.

Асыр сап жүр тағдырдың балаң шағы.

Ең алғашқы сөйлемін қарға жазып, 

Бара жатыр өмірдің қаламсабы!

Еске түсіп бір кезгі жоғалғаным,

Үйден шықтым, сүйрелеп бала арманым,

Мен де бір кез із салғам қар бетіне,

Сол ізімді іздедім, таба алмадым.

Күн сүйеді таулардың ақ тамағын,

Көз алдында ұялмай топ баланың.

Сағынышпен торғайлар сайрап отыр,

Көктем деген кітаптан жаттағанын» - 

бұл өлеңде қысты сипаттай отырып, сол ғажап балалақты тағы бір сағынышпен, қимастықпен еске алған. Уысқа екі түспейтін бақытты күндердің тәтті дәмі тағы бір елітеді. Эмоцияны сыртқа шығаруға әсер ететін жерлері баршылық. Өлеңнің табиғаты адам жанына әсер етуі болса, Айбектің әр өлеңі оқырманның эмоционалды интеллектін сілкіп отырады. 

«Арман

Ағаш басында жасыл қанат құстар шүйіркелесіп отыр.

Олар бұлт арасында ойнақ салғандарын, 

Адам иісі шықпайтын орман барын, 

Қалың жыныстың арасында да жолдар барын, 

Жапыраққа тұнған тамшыға ай сәулесі жуынғанын, 

Гүлдердің қауызында сезімдер туылғанын айтады. 

Құстар адамның армандарын көреді екен, 

Олар құстармен жарысып ұшып, 

көк жүзін кезіп жүреді. 

Құстар айтады — көк жүзіндегі иесіз армандар жайлы…

Олар бұлдыр түнекте

жарық іздеген көбелек секілді. 

Олардың бара-бара қанаттары тасқа айналады-мыс. 

Армандар орындалғанда өледі екен…

Құстар солай дейді» - 

Айбектің кей өлеңі тұнған философия. Өлеңі жай өлең емес, тағдыр туралы трактат секілді. Өмірдің мәні жайлы, дүниенің бастауы мен ақыры хақында айтып жатқандай. Әйтпесе, кімнің ойына келсін иесіз арманды іздеу? Қанаты тасқа айналған көбелектей армандарын жоқтаған аппақ көңілдің мұңын әр адам өзінше түсінеді.   

«Алғаш атқа үш мың жыл бұрын міндім, 

Дүниенің беймәлім тілін білдім. 

Табиғатпен сөйлессем деп ойладым, 

Адамзатқа келді оны ұғындырғым.   

Жүгендедім, баптадым, сұлы бердім, 

Қатты асықтым, арманның тіліне ердім. 

Дәуірлердің басынан қарғып өтіп, 

Дүбірлеттім кеудесін сірі жолдың.   

Жүйткіп жердің шетіне жетсем дедім, 

Уақытты алқынтып кетсем дедім. 

Ерте күнде айналып ертегіге, 

Болашақтың жүзінен өпсем дедім.   

Қыр басында шаң жұтып мына жалған, 

Айдалада аһ ұрып жылап алған. 

Ғасыр сайын қоштасып қала берді, 

Адыр сайын көз жазып тірі адамнан.   

Алғаш құйғып өткенде сардаладан, 

Желге мінген патшадай паң қарағам, 

Ажалды да жеткізбей кетсем деген, 

Алаңғасар ой келген сонда маған» - 

деген жыры да соны сүрлеудегі жаңалыққа толы метафоралар. Адамзаттың тарихын үш ауыз өлеңге сыйдыра салғаны қандай көркем еді. Айбектің өлеңінде сұңғыла тереңдік бар. Ол өлеңді ермек үшін жазбайтыны, тек көңілін ауыр мұң қозғайтын сәтте жазатыны сезіледі. Өлең қонған адамға оны жетілдіру, ойы мен мазмұнын байытып отыру – зор ізденіс. Айбектің өлеңдерінен түрлі ғасырлардың ізін байқайсыз. Ол көп оқиды, көп ізденетін қаламгер. Ол әр ізденісін ұмытылмас, көңілге сыймайтын ерекше өлеңмен әлпештеп қорытады. 

«Жаз

Жаз сатты ғажабын да, қызығын да, 

Әрін де, сезімін де, қызуын да. 

Шырылын шегірткенің, құстың әнін, 

Сатты рас шыбын-шіркей ызыңын да. 

Өзінде не бар – соның сатты бәрін, 

Даланың жасыл майса, көк құрағын. 

Күз оған алтын теңге үйіп беріп, 

Әкетті орман көркін, бақтың әрін.

Байлығы уақытқа жетер ме екен, 

Жетпесе желпінгені бекер ме екен? 

Өмірді түсіне алмай, дүниенің, —

Қапыда шашы ағарып кетер ме екен?! – 

бұл өлеңнің де астарлы мағынасы бар. Ертегінің кейіпкерлерін сөйлетіп отырғандай. Ақынның болмысы әлемді өзгеше көзбен көруі, сол өзгешелікті көркем тілмен құрап шығуы. Айбектің өлеңінде ешкімде қайталанбайтын теңеулер мен бөлектеніп тұратын танымы анық аңғарылады. Дегенінен дара болмысы айқындалып, сара жолға түсіп келе жатқанын байқатады.   

«Домыра, үндемеші, 

Ешкімге мұң шақпашы, ешкімді тілдемеші. 

Уақыт өте шығар, болады бірдемесі... 

Домбыра, Жошы өлгенін,

Айтпасаң болмайды ма, өзіңді кешер ме едің?.. 

Өзіңді отқа айдаған, немене есер ме едің?..

Домбыра, күйің әні,

Шыңғыс хан жақтырмайды, ішегің қиылады,

Шындықшыл көмейіңе, қорғасын құйылады.

Домбыра, сен данасың!

Турашыл сен ғанасың, 

сен батыр, сен дарасың.

Кетбұға құтылады, сор кешіп сен қаласың.

Домбыра, үндемеші!

Ешкімді мақтамашы, ешкімді тілдемеші.

Құланның тұяғы бар, болады бірдеңесі.

Кімдерге тұрақ болған, тірліктің бұл кемесі...

Домбыра, ұғынар кім, 

Не дейді «Ақсақ құлан», шындыққа жығылар кім, 

Шыңғысхан жер астында, сен ғана тірі қалдың. 

Сөзі боп ақиқаттың, көзі боп ұлылардың!» - 

деген өлеңінде домбыраны ұлықтаған. Соңғы кезде әркім сұқтанып кеткен ұлттық өнердің киесіне айналған домбыраға өлең арнағаны да үлкен символика болар, бәлкім?! Домбыра – қазақтың ділі, көзінің қарашығы, соны сезіндіретін дана өлеңге ішің жылиды, көңілің қуанады. 

«Жүрегіңіз елп етіп мен дегенде, 

Екі рет артық соғар кем дегенде. 

Қысыласыз, тым ыстық сөз айтуға, 

Толқисыз, сезім желдей тербегенде. 

Қысыласыз, әлбетте қысыласыз, 

Сонда да мың сағыныш ұшырасыз. 

Мен оқитын, мен ғана түсінетін, 

Көзіңізден көркем хат ұсынасыз. 

Ішке бүгіп, айтуға тартынғандай, 

Талпынғандай боласыз, шарқ ұрғандай. 

Алдыңызда кеше алмас көл жатқандай, 

Шөл жатқандай, аса алмас тау тұрғандай.

Бәлкім, сіз, жанған оттан жасқанарсыз?... 

Еш себепсіз, әлде шын басқа амалсыз, 

Жан дертінен емдесе мың бір түнге, 

Жүрегімді жастық қып жастанарсыз...» - 

лирикалық өлеңдерінде де сезімнің табын бөлекше сипаттайды. Оның жүрегі сөйлейді, көзі хат жазады. «Көзбен көр де, ішпен біл» дейтін ғашықтың күйін дөп жеткізеді. Лирикалық шығармалары тосын оймен, күрделі шытырман қиюымен елітеді. Лирикасы шарықтау шегіне бет алғандай болады да, бірақ келесі бұрылыста бәрі басынан басталып жатқандай күйде қалдырады.       

«Кітап өртеу

Өртеңдер деп билік бұйрық бергенде, 

Алыптардың шығармасын ақтарып. 

Арба-арба кітапты алып келгенде, 

Кең алаңның ортасына от жағып. 

Өте мықты және елге белгілі, 

Бір жазушы көз жүгіртіп, тізімде,

Өз кітабы жоғын көріп, сол күні,

Ашу-ыза бұрқ-бұрқ қайнап жүзінде, 

Отырды да қалам алып қолына, 

«Мені өртеңдер» – деді парақ бетіне.  

Тастамаңдар талау қылып сорыма, 

Мені ұмытып кетпеңдерші өтінем!

Мен шындықты жазып ем ғой қаншама, 

Шығарыңдар алдамшылар тобынан, 

Мені сорлы көрсетпеңдер баршаға, 

«Мені өртеңдер, өртеңдерші, жалынам»! – 

деп Айбек Бертольд Брехттің өзін қазақша жырлатыпты. Лермонтовтан да жасаған сәтті аудармалары бар. Оқып отырып жыр жинақтан асып кеткен еңбекті көруге болады. Жыр жинағын шығарса, оқырман көзайым болар еді. Нағыз таланттың еңбегі бағаланатын күн алыс емес деп сенеміз. 

«Сен жеміс ағашын қарашы, 

Былтыр ол күй кешті күтпеген. 

Байғұс-ай, таусылып шарасы, 

Жемісін, желегін құрт жеген. 

Жемісі бұтаққа асылып, 

Қоштасып жатқандай өмірмен... 

Ол менің ұйқымды қашырып, 

Соншама бақытсыз көрінген. 

Ал, биыл ол қайта сілкініп, 

Ғаламға ғажайып сыр ашты. 

Бақытты болуға ұмтылып,

Бүр жарды, ақ ұлпа гүл ашты» - 

керемет теңеулерді қайдан шығара беретініне таң қаласың. Былтыр мен биылдың арақатынасын бір жеміспен де байқауға боларын ақын ғана сезінетін шығар?! Адамның көңіл күйі іспетті. Өмірге айнадан қарап тұрғандай. Кешегі өткеннің бәрі бір күні ұмытылып, жаңа белеске шақырып жатқандай. Өзгеше күйге бөленген адамның ерекше көңіл күйін таптырмайтын бояумен бояғандай. Айбектің әр өлең жаңалық. Әр өлеңі бүтін туынды. Мінсіздігімен баурайтын философия. Көкірегі ұшан-теңіз біліммен сусындаған алып бәйтерек биіктеп, жапырағын молынан жая бастағандай. Оқисың да, риза боласың. Әрі қуанасың, әрі шаттанасың, әрі таң қаласың. Ттаң қалдырған өлеңнің бәрі де тірі екенін, сенің жүрегіңді де тірілтетін құдіреті бар екенін сезінесің... Сол тылсым үшін Айбек Ережепке мың алғыс! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар