Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Айдос-Шолпан» – қытай тілінде жа­рық көрген ал­ға...

13.06.2016 3040

«Айдос-Шолпан» – қытай тілінде жа­рық көрген ал­ғашқы роман

«Айдос-Шолпан» – қытай тілінде жа­рық көрген ал­ғашқы роман - adebiportal.kz



24 жастағы қазақ жігіті қытай тілінде роман жазыпты. Аты – Айдос Амантай. Бейжіңде туып-өссе де, атажұр­тына келіп, ана тілін жетік меңгеруді борыш санаған жазушы жігітпен ҚазҰУ-дің қалашығында жолықтық. Өзі сонда студент. Даусы жұмсақ, ізетпен сұхбат құратын қандас арамыз­дағы әңгіме жаңа шыққан роман жайында өрбіді.


– Айдос, қытай тілінде жазған ро­маның сол елде он мың таралыммен жа­рық көріпті. Романың не жайында? 

– «Айдос-Шолпан» – қытай тілінде жа­рық көрген қазақ халқы жайлы ал­ғаш роман. Роман жаңа дәуір стилінде жазылып, онда қазақ жастарының ма­хаб­батын сан қырынан көрсететін 50 оқиға баянда­лады. Оқиғалардың уақыт ауқымы сонау Сақ-Сармат дәуірінен бүгінге дейін созы­лып жатыр. Сонымен қатар, романға әсем әуенді қазақ халық әндері жазылған CD табақшасы қоса берілген. Әрбір ән қытай тілінде орын­дал­ған. Бұл әндердің сөзін өзім аудардым. Бұндағы басты мақ­сат – қытай халқына және кейбір қытай тіл­ді қазақ жастарына қазақ халық ән­де­рін таныту. 

Менің романымдағы барлық еркекке ор­тақ бір ғана есім бар, ол – Айдос. Ал бар­лық әйелдерге де «Шолпан » деген бір ға­на есім берілген. Тарихтағы Айдос пен Шол­панның арманы анасындай сезілетін өзенді қорғау-тұғын. Бірақ онысы құр дал­баса болды. Олар бір-бірін құлай сүй­ген еді. Соғыстың кесірінен армандарына жете алмады. Олардың өмірі қазақтың сан мың жылға жалғасқан тарихы іспет­тес еді.

Бүгінгі жаңа заманның да өзіне тән Ай­достары толып жүр. Олардың да жүрек­теріне ғашықтық нұрын құйған Шолпандары бар. Сол қалың Айдостар мен Шол­пандардың кейінің басы қосылып, ба­қыттың балын татса, кейбіреуінің махаббаттан бағы жанбай жатты. Бұл екі түрлі нәтижені қолыңыздағы романнан да кезіктіре аласыз. Әрқилы Айдостар арасында нәзік бір қатынас пердедей тартылып тұр. Бірінші Айдостың тағдыры бәлкім, екінші Айдостың Шолпаннан беті қайтқаннан кейін туған әңгімелер болар. Немесе екі Айдос та бір адам шығар, екі басқа адам болуы да ғажап емес.

Кейде бірінші әңгімедегі жанама кейіпкерді екінші хикаядағы бас кейіпкер екен деп шатастырып алатындығымнан, ұқсас істі бастан-аяқ қайталайтыным бар. Мұның өзінен недәуір қы­зықты нәти­же шығады. Яғни бұл flash-тың жасалу барысына ұқсап қалады. Айталық, бірінші қабатында кішкентай ұл бала, екінші қабатында рәзіңке доп секіріп тұр. Осы екі қабатты бір-біріне жапсырып жібер­генде, әлгі кішкентай ұл ба­ла­ның рәзіңке допты төбесіне көтеріп тұр­ған көрінісі шыға келеді. Мен хикаяны дәл осындай, ұқсамаған қабаттарға бөліп түсіндіру арқылы, тұтас романымды оқыр­манын иландырарлықтай дұрыс жа­зып шыққым келді.

Романның көркемдігі – оқиғалары тар­мақтанып, салаланып бейнеленуінде. Бір хикаяның ақыры енді бір хикаяның бас­талуы, бір хикаядағы онша ауызға алу­ға татымайтын деталь енді бір хикая­ның соңғы тоқ етер түйіні болуы да мүм­кін.

– Өзіңнің есімің – Айдос. Романың – «Айдос-Шолпан». Шығармаңды неге бұлай атадың? Роман жазуға не түрткі болды?

– Айдос – менің өз атым. Мен туардан бұрын әке-шешем мені қыз болады деп ойлап, маған «Шолпан» деген есім дайындап жүрген екен. Меніңше, бұл өзі бір қызықты жағдай. Осылайша мен өз кейіп­керлеріме өз атым мен өзіме қойы­ла жаздаған атты бердім. Бұл романды жаз­уымның басты себебі, тарихи Отаныма оралғаннан кейін өз халқымды тіпті де тереңірек түсіне бастадым. Оларға деген сүйіс­пеншілігім де арта түсті. Бұл сезімді мен тек сөз өнерімен ғана жеткізе алар­мын деген оймен осы бір романды дү­ниеге әкелдім.

Роман ханзу тілінде жазылғандықтан оқырмандарымның ішінде қытайлар да аз емес. Қазіргі күнде қытай тілді оқыр­ман­дар қазақты әлі көп біле бермейді. Мен бұл романды жазуымның басты се­бебінің бірі де сол қытай тілді оқырманға өзімізді тереңірек таныстыру. Романда өз ойым көбірек айтылғандай. Дегенмен, бас­тысы, мұнда менің өз ұлтыма деген те­рең махаббатым мен халқымыздың асыл рухының жарқын бейнелері жиі кө­рініс табады.

– Романыңның формасы ерекше екен. 2006 жылы Нобель сыйлығын ал­са да, Қазақстанда әлі жарық көр­ме­ген Орхан Памуктың «Менің атым Қы­зылына» келіңкірейтін секілді. Әлем әдебиетінде осы форма үлгісінде жа­зылған шығармалар бар ма? Әдет­те ірі қаламгерлер жас буын өкілдеріне ық­пал етіп жатады. Достоевскийді жа­пон жазушылары тегіс жақсы көр­гені секілді, я Мо Яньның «Фолкнерден көп үйрендім» дегені сияқты сен де біреуден үйрендің ғой.

– Роман жазудың бір маңызды міндеті жа­ңа жазу формасын қарастыру. Әлем әдебиетінің тарихында мұндай ізденістер аз емес. Мысалы, сіз айтып отырған Орхан Памуктың «Менің атым Қызылы» осы­­­­ның жақсы мысалы. Дегенмен, менің мұн­дай форманы қолдануымның басты се­бебі, оқырмандар қазақ халқының бір ға­на әңгімесін ғана емес, ұлттың өзін то­лыққанды таныса екен деген үміт. Тек осы форманы қолданғанда ғана уақыттың әр кезеңіндегі түрлі ұқсамаған уақиғалар­ды біріктіруге болады. 

Мен Хорхе Луис Борхес мырзаға тән­тімін. Сөйтсе де, ұқсамаған екі түрлі пікі­рімді де айта кетейін. Әуелі тілдік қоршам бойынша айтқанда, қытай тіліндегі «уа­қыт» деген сөз ағылшыншадай (time) жа­ғымды емес. Қытай тілі уақыттың (time) на­ғыз образын жете түсіне алмайды. Осы­нау ұлы ұғымды жүңгөліктер «тарих» деп атайды. Кешегінің керуеніне ілесіп, келмеске кеткен сансыз әрі сан алуан талғам­дарымызды біз «тарих» сынды ас­қақ атауға жинақтадық. Қала берді, өз ба­сым, тарихта ұқсамаған нәтижелер мүл­­де өмір сүрген емес деп ойлаймын. Та­­рих сан қилы адамдардың ұқсас тал­ғаммен күрес жасап, ұқсас нәтижеге жетуімен асқақ. Тарихтың нағыз ұлылығы да осында. Әулеттен әулетке жалғасқан күрестерде, күресушілер соңғы нәтижесін қу іштері сезіп тұрса да, өз талғамдарынан әсте бас тартқан емес. Жағымды жағы­нан алып айтсақ, мұны мызғымас жігер деуге болады. Ал объективті жағынан айтсақ, мұның өзі бір кесек тылсым туынды.

Ғасырлар бойы талғамы да, татқаны да бір болған соң, бұлар бір ұлт болып қа­лыптасқан. Қоян жүрегі болсын, батыры болсын, барлығының тағдыры, салт-дәстүрі ұқсас. Сондықтан олар талғам алдында бір тілек, бір ниетте болатын, ұлттық болмысы мен бітімі де бір-бірінен айнымайтын қазақ деп аталатын ұлт.

Қытай тілінде қалам тербейтін жазушы болу салауатымен Борхестің әңгі­ме­леріне алғысым бөлек. Бұл шығарманың өн бойынан қытай мәдениетіне болған өскелең құрмет менмұндалайды. Сондай-ақ, маған да теңдессіз шабыт сыйла­ған­дығынан, жастығыма буланып, осындай ірі тұлғаның шығармасына баға айтудай батылдыққа барып отырмын.

– Романың туралы қытай қалам­гер­лері пікір білдірді ме? Не деп жатыр? Қабылдаулары қалай? Меніңше, ро­маның біздің елде жарық көрсе, жұ­рт елең етер еді.

– Көптеген қытай оқырмандар да бұл кі­тапты кітап дүкенінен сатып алып, оқып көріп маған жақсы лебіздер айтып жүр. Мен қазақстандық қандастарыммен де өз шығармамды бөліскім келеді. Шын­дығында, аударма ісі әлдеқашан басталып кеткен, осында өз шығармаларым жа­рық көрсе екен деп қатты армандаймын. Ие Мей – Қытай аз ұлт жазушылар ода­ғының төрайымы. Ол кісі менің бұл ро­маныма алғы сөз жазып, өте жоғары ба­ғалады. Қытайдың «Халық әдебиеті» жу­р­налының орынбасар редакторы Чию Хуадұң мырза менің поэзия жинағыма алғы сөз жазған. Қытайдың ең жоғарғы әде­би сыйлығы, ЛуШүн әдеби сыйлығының ие­гері Шэн Уэй мен жайлы пікірлер жаз­ған. Бұның барлығы баспа беттерінде жа­рық көрді. Бұдан тыс, ЛуШүн әдеби инс­титутының зерттеушісі, ғалым Го Ян ме­нің шығармама талдаулар жасап, ма­қала жазған.

– «Айдос-Шолпанды» кім аударып жа­тыр?

– Балапан Рабатов деген ұстазым. Ол кісі Қытай қазақтарынан шыққан бүкіл Қы­тайға танымал ақын, қазақ әдебиетінің май­талманы. Қытайдағы қазақ бауыр­ла­рымыздың барлығы оны жақсы біледі. Ол бұрынырақ менің бір әңгімемді аударып, «Жұлдыз» журналына шығарған еді. 

– Әдеби салада тағы қандай шара­лар­ға қатысып жүрсің?

– Өткен жылы Қытай аз ұлттарының үз­дік жас жазушыларының «Дөңгелек үс­теліне» қатысқан едім. Қытай бойынша 10 жас жазушыны таңдап алған екен. Соның бірі болғаныма қатты қуанамын. Романым баспадан шыққаннан соң Гуаң­жоу қа­лалық ең үлкен Фаңсуо кітап дүкені ме­ні шақырып, маған арнайы оқыр­ман­мен кездесу отырысын ұйымдас­тырып берді. Жуыр­да Қытай халық порталының қазақ ре­дакция бөлімі менен видео сұхбат алды. 

– Әдебиет деген сен үшін не?

– ХХІ ғасырдың басында әдебиет сан са­лалы ойын-сауық индустриясының дам­­уы есебінен көп күйзелді, себебі, тыныш көңілмен кітап оқитын оқырман қа­­тары күрт азайып кетті. Алайда, көпш­і­лік­тің білім деңгейі жоғары дәрежеге көтерілді. Тіпті көп адам жазу арқылы өз ойын жеткізе алатын деңгейге жетті де­сек те болар. Меніңше, осы тұрғыдан алып айтсақ, әдебиет қарапайым халыққа тіпті де жақындай түсті. Мен әдебиеттің бо­лашағы жарқын болатынына сенім­дімін. 

Әдебиет болмаса, өмірдегі барлық нәр­се өз мәнін жоғалтады, тіпті ғайып бо­лып кетеді десек те болар. Мен әдеби шы­ғармалар арқылы өмірдегі бір қара­ған­да қарапайым, алайда, терең мән-ма­ғынасы бар сәттерді естелікке алып отырамын. Қазіргі таңда әдебиет жұрт на­­­за­рын өзіне бұра алмауы мүмкін, дегенмен, әдебиеттің осындай бір естелікке алу қызметі ешқашан кем болмауы керек. 

– Ата-анаң, өскен ортаң, алдағы жос­парың туралы айтсаң?

– Менің әкем Бейжің ұлттар баспа­сын­­да жұмыс істеген, баспа жұ­мыс­­­та­ры­мен көп айналысқан. Әкем­нің осы жұмысы маған әсер етсе керек. Шешем жоғары білікті инженер, ол кісі де ғы­лымның адамы. Әке-шешем менің жазу­­шылықпен шұғылдануымды қол­дай­ды. Кішкене күнімнен Бейжің қаласында өс­тім. Бұл қала – әлемдік қала, мәдени ор­тасы өте бай. Меніңше, бүгінгі менің же­тістігім Бейжіңнің осындай бай мәдени ор­тасымен тығыз байланысты. Менің он­да көптеген достарым да бар. Олар да қазақ ұлты жайлы көбірек білгісі келеді. 

Жоспарым тым көп. Әрине, мұның ал­ғы шарты – менің әлі талмай еңбек ет­уім және қазақ тілін толық, еркін мең­геру. Шығармашылықпен үзіліссіз айналыссам деймін. Сонымен қатар, кейінірек Абай, Мұ­қағали шығармаларын қытай тіліне ау­дарсам деп қатты армандаймын. Қытай тілін еркін сөйлей білу менің ар­тық­­шы­лы­ғым, осы артықшылықты толық пайдалана отырып, өз ұлтыма көбірек үлес қоссам дей­мін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ


writers.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар