Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Айгүл Кемелбаева. Шашты (әңгіме)...

18.05.2015 330618

Айгүл Кемелбаева. Шашты (әңгіме)

Айгүл Кемелбаева.  Шашты (әңгіме) - adebiportal.kz

Айгуль, фото, кабинет..jpg


Тұлпардың тұяғы таптағанда даланы,

Аспан алты, жер жеті ойран-асыр болады.

Фирдоуси


В этом мире, где счастье – пустая ложь,

Лишь одно без обмана – хребет коня*.

Сеитназар Сеиди


Көшпенділер – құм тәңірлері*.

Али Акташ


Бабалар біздің шежіре жазып қалдырған.

Қасымхан Бегман


– Қай ноғайсың?


Екеуі қоста оңаша қалғанда жөн сұрасты. Жас бала айшылық алыс жолдан барымтаға түскен қыпшақ жылқысымен қоса айдалып келген. Түрікпен Әмударияны бетке алып, Сыр бойы қыпшақтан алған қалың жылқыны дүркірете қуып, күн-түн жортқан ат үстіндегі сергелдең он бір жасар оғланды дереу есейтіп тастамаса да, қапелімде азат басына түскен қыл бұғауды тосырқап, тілі байланып, жан ұшырған.


– Аға, біз қыпшақ, атам аты Ерторы, әкем аты Құлпейіс, анамның сүт кенжесі Кенжебекпін, – деді бала көзі жасаурап, мөлтең қағып.


– Балам, сен мені жылқышы ата дерсің, – деді қазақ шал түсі жылып, – құдай аламанға кезіктіріп, таландыға бір түскен екенсің, бекер жаси берме. Ай-Күн жарықсыз болмас.


Ат құлағында ойнап өскен қыр баласы сол қырғын күнгі мың жылқысын қорыған қыпшақтың шетінен сүйекті, сай тасындай ірі, сом білегі тізеден келетін үш ер азаматының қасында шоқайып, өзі тіленіп, ат арқасынан түспей қойған. Қырық қаралы теке түрікпен* жер астынан шыққандай, жусаған жылқыға андыздай тигенде аз қыпшақ сүйірленіп, найза кезене, қарсы шабуылға қасқая ат қойды. Ешбірі тірі қалмасын білген, өлсе, жастығын ала өлмек. «Жал-жал құм арасына қаш! Қалың жыңғыл, сексеуілді панала, тез тығыл, жотадан ассаң, жау таппай қалар, құтыл, бауырым!», – деп бірі артына қарайлай бере, Кенжебекке жанұшыра айқайлаған.


Кенжебек астына мінген дегдар тұяқты жануар қиқу тиіп, құйрық-жалы нөсердей құйылып, дүр сілкінгенде желдей ескен мың бас жылқыдан үркіп, кісінеп салды. Ойдым-ойдым құм арасы жылқы жаюға қолайлы болғанымен, ат күрмеліп, шаба алмайды. Бала ішіне шоқ түскендей, айнала үшеуін, батыр ағаларын ажал сұмға қимай, көн садағын қолға ала ұмтылды. Омыраулай қарсы келген жалбыр бөрік дәу түрікпен ат үстінен қарғадай баланы жұлып кеп алды. Ұрыста жазым болып, қосақ арасында бекерге өлмесін деп ол баланы алдына лақша өңгере салды.


Жылқы күзеткен арыстай үш жігіт ұрыста өліп, Ерторының немересін табын-табын жылқымен қоса теке түрікпен олжалап, күнбатыс еліне айдап әкеткенін естігенде, тұсауы кесіле сала ат арқасына мінгізген қыпшақ елі ұлардай шулап, қатындар дауыс сала, бет жырта жылап, аһ ұрып қала берді.


– Қай ноғайсың? – деп сұрады бала іркілмей.

– Қаңбақша ауып, тамырсыз дедектеген мен бір қаңлы.

– Қаңлы ішінде қай аталық? –деді бала ересек адамша сыр тартқысы кеп.

– Тегін сұраған жат болмайды. Қаңлы десем, көгім қазақ дегенім, қарағым. Бабам азан шақырып қойған есімімді, сүйегімді жариялап айтпай-ақ қояйын. Сен сұрама.


Кенжебек жалшы шалдың ата тегін, руын дәл атауға құлықсыз екенін, батпандай құпия қайғысын нұры тайған көзінен ұқты. Әйтпесе тұқымы асыл болса астындағы атына өз тайпасын қосақтай айтуға шалт қазақ нәсілінен ғой.


– Ат басы мен ер басы қайда қалмайды, – деп күрсінді шал.

Ошақтағы от жалын кеміп, көлеңкелер бұға қалғандай, жатаған сексеуілге айналғандай елестеді.


– Сен, қарағым, алаңсыз ұйқыңды қандыр. Түнгі күзет мына менікі, атаңдікі, – дегенде жылқышының дауысы ерекше жұмсарды. – Тасқұл атаң жалғыздық сүрейге әбден еті өлген.


Ол қыпшақтың еркек баласын жортуылшы топ олжалап әкелгенде қатты тіксінді. Кенжебек теке түрікпенге тұтқынға түскелі қолына құрық ұстатып, жылқы бақтырды. Бала қасындағы үзеңгілес серігі қазақ болып шыққанына әкесін көргендей қуанды.


Ұзамай Кенжебек жаңа тірлігіне үйрене бастады. Түрікпен жылқысы шетінен аққу мойын, тік сирақ, бойы биік келеді, аяғын қаз басқанда ерен бекзат жануар болар ма, соны көргенде арқасы қозды. Бұрын көз үйренген қыпшақ, адай, алаша, шекті жылқысының шомбал мүсіні қораш сезіліп, шоқтығы биік, сымбаты көркем текежәуміт тұқымды жылқы малсақ ұлдың көзіне оттай басылды.


Теке түрікпен бегі Атажан байдың мол жылқысын иен түзде жалғыз бағатын Тасқұл қасына қарындас бауыр келгелі арқаланып, ат үстінде ыңылдап өлең айтады. Екеуі аңдуыл сырт көзден таса тілдеседі.


– Теке, жәуміт, ерсары, ғөклен, салыр тайпалары бір-бірімен қыз алыспайды, жиырма төрт ата түрікпенде қазақ рулары сияқты алыстан, жеті судан асырып құдаласу салты жоқ. Қатын-қыздарын қызғыштай қориды. Қазақ пен түрікпен өзара шабысу, аламаннан екі жағы да ешқашан айныған емес. Оғыз-қыпшақтан бергі көрген тірлік, жылқы алу, қатын-қыз, бала-шаға олжалау. Шекті-шөмекей қазақтың ұсақ шоқылығы, жалпақ жон Арқаға апарып орта жүзге сататын қыз-келіншек түрікпен тыстан жаулап әкелген жесірлер, бұл құма* мұңлықтардың құны құл базарында арзан. Айырбас саудаға жәуміт тайпасы жүреді. Олар парсы патшасына бағынады. Ғөклен бес қаруын асынған жауынгер ел. Түрікпен ноғай мен жетіруды жиі шапты. Қазақ руларынан түрікпенмен жиі соқтығысатын найзасының ұшы алтын кіші жүз байұлында адай елі. Адай біресе теке руымен, біресе жәумітпен алыс-беріске икем, көбіне шабысып, аз мезет табысып та жүреді. Қос дария бойында ежелден қыпшақтар түрікпенмен араласып, бірге көшіп-қонып жүруші еді. Құла түзде кебінсіз қалғаны бар, тігерге тұяқсыз қалғаны бар, оғыз-қыпшақ тұқымы бүліншілікте жан алысып, жан берісіп, ауыл, оба* барымта, қанды соғыстан запыс болса мейлі, бұл дағдыдан ешқайсысы жаңылған емес.


Сыр бойына жиі шабуылдайтыны текежәуміт. Қой үстіне қайдан бозторғай жұмыртқалайды. Қазақлық заманнан үш жүз бір ту астына біріксе, ер түрікпеннен бөлек, өр Алтайдан Еділге өтіп, қырғидай тиген құба қалмақтан, Ысық көлдің* арғы жағынан жөңкіліп тиісетін жауынгер тайпа қырғыздан, ормандай кәпір орыстан, сірә да жеңілмес еді.


Тасқұл шал айтқан сөзі қарғадай Кенжебектің көкейінде байыздап қалсын деп Сыпыра жыраудай түптен толғады. Құлпейістің кенжесі өз елінен тоналған қалың жылқыны бағуға жегілді. Түрікпендер жылқы мен баланы әуелде мықтап күзетті. Атажан бай жылқысын алпыс жыл бойы үзбей бағатын кәрі қазақтың қасына қарғадай ұлды қосып берген. Жылқышы шалдың жанынан екі елі қалмайтын ақтөс қос төбеті бар.


Жыл он екі ай өткенде Кенжебек жылқышы ата бір күні бай үйінен таңдаулы құлындарға беретін түйе сүті құйылған месті әкелгенде көзі шырақтай жанып, алағызып келгенін бірден ұқты.


Түрікпен мен қыпшақ тойында көшпелі салт бойынша ат шаптырып, балуан күрестіреді, бәйгеге үйірімен жылқы, сан бас түйе, тайтұяқ күміс тігіледі. Атажан бай елінде болатын үлкен той, ат бәйгеге қос тұлпарын қосу үшін атбегілігі сыннан өткен қарт қазаққа баптауды бұйырған екен. Жылқышы иесінің небір жүйрік атын талай мәрте жаратып, олжа салып жүргеніне алғаш рет жүрегі атқақтап, өлердей қуанды. Бұрын бәйгеден аты озса, бай ризашылығын жомарттықпен білдіргенде селт етпеуші еді.


Құланның қасуына, мылтықтың басуы, бұл құдайдың бұйрығы, аруақ жебеді, – деп таси сөйледі Тасқұл. Шал анадан қайта туғандай күрт өзгеріп, құшырланып сала берді. Тұйық судай тұнжырап тұратын шегір көзіне от толып, жасынша жарқ етті. Бала қарт жылқышының оқыс өзгерген мынау мінезін әсіре атқұмарлығынан деп ұққан.


Бірде жеті қараңғы түнде ғадетте құс ұйқылы шал баланы ұйқысынан шырт оятып, ошақтағы шоқтың жылт-жылт еткен табында қарсы алдына отырғызып қойды. Кенжебек көзін аша алмай, аузын аша есінеп, ұйқы қысып, түк түсінбесе де, есін ептеп жиып алды. Қай қуыстан суырып алғанын, жылқышы шал оң иығына бөрінің бас терісін тұтас қалдырған көкшулан терісін жауып алыпты.


– Шырағым, сын сағатың туды, ал, көзіме тік қара, сөзіме бақ! – деп бұйыра сөйледі жылқышы. – Түрікпеннің атқұмарлығы атаң қазақпен тең. Бәйге десе екеуі де ішкен асын жерге қояды.Түрікпен ежелден марғау далада тежеусіз құландай өскен ер қазақты қарақшы, бүлікші, тентек көреді.


Бөрі көсемі абадан болар, бөрі күшігі бөлтірік болар, бөрі анадан сүт емген қыпшақ тұқымы екеніңді мынау құмдағы мимырт елге мықтап танытар күн туды! Ежелден қоныстас теке түрікпен бұл тойды әсте ұмытпас, жадынан өшпес таңбалы етеміз!


Кенжебекке жылқышы шал құдды жер қайысқан әскермен жалғыз соғысуға даяр қас батырдай ерек көрінді. Айтқанын қалт жібермей тыңдап отыр.


– Бұлар да қазақ сияқты көбінесе басы жаугершілікте бірігетін алтыбақан алауыз ел екені рас. Тайпалары өзара дүрдараз болғанымен түрікпен тегінде асыл текті мәрт халық. Бірақ соғыстан түскен жетім-жесірді аямайтын қатал заңды қай халық болсын ұстанады. Сенің құның бұлар үшін тышқақ лақ ғұрлы жоқ. Тұтқынға түсу көшпелі рулар үшін қарғыс таңбалы, көк соққанмен тең. Жат жарылқамайды. Сондықтан мына сені, еркек баланы өлсе аямайды. Қоқан, Хиуа бектері қазақтан қыз салық алып басынады. Түрікпен салты қазақ сияқты, ұлы қатынын текті тұқымнан айттырып алады, күшік қатынын жесірден алады. Жетім қыз болса малдыға кішілікке береді, анасы көгі бөтен болса, одан туған ұл бала есіміне «құл» деп жалғайды. Таза қанды түрікпеннен шатаны солай айыру үшін.


Бала тез тітіркеніп, қорқып кетті, үкідей дөңгеленген көзіне шүпілдей үрей толды.Үлкен кісі нені мегзеп отыр? Мұны түрікпен бектері ат құйрығына байлап өлтірейін деп жатқандай тұспалмен орағыта сөйлегені несі?!


– Атажан қос жүйрігінің біріне шабандозға сені шаптыратынын кәрі жүрегім сезеді.


Шал көкейіндегісін айтқанда Кенжебектің тынысы кеңіп сала берді. Е,е, теке түрікпен де қазақ сияқты обал-сауапты білетін ел, тірі жан иесін беталды өлтірмейді.


Бұл түйелі көрші ауылға түйе сүтін меспен әкелуге барған сайын түрікпен шешелер дәмді асқа тойғызып, жетім-жесір, құл бала көріп, іштей мүсіркейтінін талай басынан кешті. Түрікпен жылқысына түйе сүтін береді.


– Кенжебек, жас та болсаң, бас болар сәт келді. Теке түрікпен «Әр түлкі өз құйрығын мақтайды», – деп айтады. Текежәуміттің айтулы бектері, бай-бағланы өз жүйрігі озғанын күтіп, жарысты есі шығып қызықтайды. Бәйгенің ең қызған шағында кертағыдай бұл қазақ бүлікшіл, өлермен халық екенін көрсет, менмен текежәуміт бектеріне атасын таныт! Сол сәт менің есіл өткен қайран өмірімнің құны толық ақталғаны! Қарағым, бұл тойда сен тәуекел деп бел буып, еліңе қашасың!


Бала бауыр басып қалған жылқышы атасының бағанадан бері нені көксеп, нені айтқысы кеп қомданып отырғанын енді айқын ұқты. Не дерге сөз таппай қалды.


– Неге үндемейсің? – деп сұрады шал жарықшақ дауысы тарғыл шығып.

– Ей, ағатай, айташым, сен мені тыңдашы. Мен қашсам түрікпендер момын аңша аулап, тарпаңдай қайырып әкеп, шырқырата ұстап алады ғой!

– Тұлпар дүбірі сені қиянға шырқатып әкетеді. Қазақ шығасың! Жылқы атасы керқұлан, жылқы аяқты мал, арқасына бір қонсаң, аруақ жебейді, құстай ұшып, желдей есесің. Сырдың суы сол сәт сирағыңнан келмейді, ұлым. Мұратың тек қашу болсын. Ат асылы теке түрікпенде, ендеше, тақымыңа Ақсақ Темірден бергіде қызылбастың мәртебелі әмірлері мінген қас жүйрік тиеді. Азаттыққа бәс тігуге ықтиярсың ба, ұлым?


Кенжебек алғидың шөлінде, қиян-қия елсіз жолдың қауіп-қатерлі уытын жұдырықтай жүрегімен ауыр сезінді. Басын изегендей болды.


Кәрі-жас екі қазақ қостан шыққанда көктегі ай тола бастапты. Жалшы шал тарамыс мойнын созып, көк аспанға телміре қарады.


– Е, балам, бағың бар сияқты, жазмыш жазуын қарай ғөр! Анаң сені ай толғанда толғатып туған екен. Шашты-түкті дүние сипаты жарқырай туып келеді, о, тоба, шебер Тәңірі жолыңды оңғарайын деп тұрғанын қара!


Кенжебек аңтарылып, көкке көз тікті. Кәдімгі түнгі аспан, жұлдыздар баданадай анық, ай сүттей жарық. Жылқышы ата нені мегзеп, қандай игі нышан көргенін ол түйсінгісі кеп кетті.


– Шашты-түкті дүние сені адастырмас, толған ай алтын қазығың. Түнгі дегдар даламен көк бөріше жортарсың. Тақырбас таз түндердің шеті кетіліп бітті. Әулие пірің Баба түкті Шашты Әзиз қолдасын, жылқы пірі Қамбар ата қолдасын, қысылтаяңда қырық шілтен ғайып ерен кезіксін! Ешқашан алақан жайып, бата берген жан емен. Батамды бердім! Темірқазықты жадыңа мықтап тұт, шөмішті шоқ жұлдыздар илайым оң жолға салады. Оразалы құтылар, бейнетті тұтылар.


– Жылқышы ата, нені айтасың? Шашты-түкті деген кім?

– Бұрынғы көнекөз жұрт көкірегі ерен көркем еді, толған ай көрсе шашты, жазғы сәуле құйылса түкті деп жатушы еді. Алпыс жыл бұрын бабамнан естіген сол сөз санамда жарқ ете түскені тегін нышан емес.


Бала есінеуі жиіледі, ары қарай сөз тыңдауға зауқы соқпады.


Ертесінде жылқышы шал Кенжебектің үкі көзінен кертабан бір үмітсіз торығудың жылт еткен белгісін көріп жаны ерен құлазыды. Оның қорқып, тайсақтауын іштей жазғыра алмаған. Бірер күнде баланың еңсесі түсіп кетті. Айшылық алыс жолды ат соғып, суыт жүріп келген балаға жыл озғанда иесіз, азықсыз, жападан-жалғыз жер түбіндегі еліне бас сауғалап, қашып баруы үшін жалаң тәуекел қылу аз. Көзсіз ерге лайық әрекетке баруға жас бала дайын емес сияқтанды.


– Жылқышы ата, мен ойласам... қашу михнаты тым қиын сияқты, – деп күмілжіді Кенжебек көзімен жер шұқылап.

– Ез болуды пір тұтпа, шырағым. Темірді қызған кезде соқ. Өзекті жанға бір өлім деп елге тарт. Есің барда елің тап!

– Айшылық жер, жер түбі, құм керуендегенде былтыр бейнетін әбден көрдім, жылқышы ата. Бірақ онда көппен бірге болдым. Аң-құс, қарақшы, алақшы* бар...

– Түрікпен Қорқытқа көр қазба дейді. Мен айтамын, Қорқытқа көр қазылсын, уақыты келсе даяр тұрады! Қайда барсаң Қорқыттың көрі десе несі бар? Көрге кіргенше көрерің аз болмайды, қарағым. Маңдайға, лаухил тақтаға* жазылған өлшеулі жас бар. Тікқұлақ көкжалдан несін қорқасың, тәңірі текті түркі-көк бөрі тұқымы емей, сен кімсің?! Тұрлаусыз өскен құландай қыпшақ қаныңды сатпа!


Жылқышы лаң тигендей атын шалт тебініп, шаба жөнелді, қос тау төбеті қапталдаса зымырайды. Ол табын жылқының ортасына тартты. Кенжебек оның соңынан ерді.Тасқұл ата наразы, мұның шалаширақ балапандай әлсіздігін қомсынып, жан алқымынан ашу қысқанын айтпай білді. Шіріген жұмыртқа, шүрегей, көк жасық дейді-ау. Бала қасына келген соң жылқышы шал мұны көзіне ілгісі келмей, тілсіз қалды. Күн қаққан өңі өрт сөндіргендей түтігіп алған. Мұның шалыс, қорқақ пиғылы дауасыз жараның аузын тырнаған тәрізді. Тек жылқышы атасы бек риза болу үшін бала қашуға бекінді, өлсе, шейіт болар, өлмесе тірі қалар.


Түн ауа жылқышы қосқа қайтпады. Кенжебек оның қасынан екі елі қалмаған.


– Түрікпеннің аламандығы қазақтың барымтасынан садаға кетсін, – деп ауыр күрсінді жылқышы шал. – Ноғайлы нәсіл тек жылқы олжалайды, сейілхан* жорықта мал-жанды түгел олжалайды. Екеуі адал ас ішсе, құдай аштан өлтірердей, құртқа* дүниеге құнығып, өзара жорық, құмда керуен тонаусыз күн көре алмайды. Бақауыл* болудан бұлар әсте жерімейді.


Оғыз-қыпшақ ежелден шығандай бергенмен түп нәсілі бір халық. Ұлы жүз қаңлы, жалайыр, шапыраштыда, орта жүз тобықтыда теке руы бар. Қарақойлы руы қыпшақта бар, түрікпенде бар. Байұлында шеркеш, түрікпен ішінде шеркез руы бар. Әлімде кете, түрікпенде кете руы бар.


Иісі қазақтың құдай сүйген қылығы жоқ. Ала жылан аш бақа, ала тілеу оңдырмасын бек біледі. Қара қыпшақ Қобыланды батыр Ақжол биді өлтірген соң арғын-қыпшақ айрылған. Кетелер кектесіп, адайдың бір ауылын шауып алады, адам шығыны көп болды. Әлім мен байұлы бертінге шекті тату болмады. Мұндағы түрікпен отын жағып, бесігін тербеткен, бірақ туған елін өлсе ұмыта алмайтын қаны қазақ жесірлер жылап айтқан құса-шер, шежіре естір құлақ керең болмаған соң көкейге жетеді.


Сырт дұшпанға сыр алдырып, елін зар еңіретіп, есесі кете бергені өз руы десе астамсып кететін, қит етсе атасын құдайдан зор көріп, тепсінген көр надан, менмен, жекпе-жекшіл, есерсоқ батыр атаулының кесірі. Мұндайда алақтап ажал іздеп ұрынғыш, алабас бураша шабынған ұрдажық есер еркек, даукес тентекке обал жоқ, бірақ қайран аналар мен қабырғасы қатпаған, ұядағы балапан, ұялас күшік, көзін ашпаған бала-шағаның соры. Оның несін айтайын. Тісімнен тіріде шығармаспын дейтін сұрқия сөзді айтқызғалы тұрсың сен маған.


Кенжебек жалшы шалдың әлемтапырық дауысынан қарадай шошынды. Шегір көзінен жаңбыр жаумайтын қу мекиен шөлдегідей тамшы жас тамбағанмен, жылқышы ата жаны егіліп жылап тұрғанын біле қойды. Зәресі ұшып, басын шайқады. Айтпай-ақ қойса екен деп тіледі.


Жалшы шал басындағы ақ жүн қозы бөрігін жұлып алды. Бас киімін Кенжебектің аяғының астына лақтырып тастады. Селдір шашы аппақ қудай екен. Қаһарлы хан алдына кеп, «Алдияр, дат!» деп тұрғандай мұнысы несі?!


– Есіңе мені бір жаман құл, Тасқұл деп алғайсың. Ертең қашпасаң, құлақ кесті қара құлдан бетер сорақы боласың. Мына сенің жасыңда тұтылдым. Уызымнан жарып, бал жалап өскенімді қайтейін. Ат тұяғы басқан жер шапқын, жылқы мінген елдер соғысып, жылқы өсірген халық шабындыға көп түседі екен. Аттанып шыққан түрікпен аламанда тұтты. Ойдағы ауылыма оқыстан жау тиді, қазанды қақ айырды. Қазақ пен текежәуміт, екі жағы барымтада бірдей ожар. Біздің рудың бас көтерер ерлері Жетісу, Теңіз* асып, бұғы қырғыздан* жылқы әкелуге кеткен кезіне килікті. Кілең қатын-бала, кәрі кемпір-шалдан бөлек найза ұстайтын ерлерден аз ғана топ қалған, жасанған дұшпан қырып салды. Жас қыз-келіншектер мен қорғансыз балаларды алғыншылар қоймен қоса айдап әкетті. Кебенек киген тірлік у татып, тұтқыннан қашып кетуге тағдыр еш қоспады. Талай әрекет қылғанмен, қолға түсе бердім. Арқамдағы дүренің іздері содан қалған белгі.


Жылқышы шал басы салбырап, ұзақ үнсіз отырып қалды. Іштегі шерін, асқан құпиясын ақтаруға батпайтын сияқты.


– Он үште отау иесі деген. Ер жетуге аз қалғанда, құдай кешпес бір кепке ұшырап, өлгім келді. Кісіге айтуға арланатын қорқау сөз еді. Құлдық кепиеті ұрмасын деп мына саған айтпасқа еш амал жоқ. Тәңірінің бұйрығы айтқызып тұрғанын қара. Түрікпендер бір күні қатын-қыздарымызға қарап қояды деп мені ата мал сияқты, қошқардайын тарттырып жіберді. Содан бергіде Азбанқұлмын!


Жылқышы шалдың иегі кемсеңдеп кеткенін көрген сәтте, бала аһ ұрып, оны арқасынан құшақтай алды.


– Келісті бозбала болып өсіп келе жатқаным қаралы құсаға ұласты. Не ер емес, не қатын емес, арадан шықтым, тірі өлікке айналдым. Баяғыда отқа табынып, маздатып шырақ жағатын бір елдің әмірші, бектері сарайында шырайлы күңдер ұстайды, сол сұлу күңдерін бақтыруға еркектіктен айырған басыбайлы қарауыл әтек ұстайды деп естуші едік. Түрікпен парсыға бізден ғөрі бір табан жақын жатқан ел, сынықтан басқаның бәрі жұғады, сұмпайы зорлықты жұқтырған көрінеді.


Ең қиямет тұсын айтқаннан соң жалшы шал біртүрлі жеңілденгендей, жаншылған қалпынан арылып, дауысы қайта өзгерді.


– Құлдан да бір сөз дейді қазақ. – Жылқышы енді айбат шеге сөйледі. – Бұқаға туған күн бұзауға туады. Бұқаны өгіз, айғырды ат, бураны атан қылу заты құдай қарғаған запыран зорлық, жаратылысқа қиянаттың көкесі. Қарғадай болсаң да көзіңдегі қос үрейді көрген соң түңіліп, сұрықсыз сұм кепті баян қылдым. Естіген құлақта жазық жоқ. Бекіту үшін айттым. Мені аяма, өзіңді ойла. Құлақ естігенді көз көрер. Қорықсаң құдайдың кәрінен, мына мен ұшыраған ықтиярсыз зауалдан қорық.


– Жылқышы ата, қашуын қашармын, бірақ мен қайтар жолды анық білмеймін. Әмудариядан өте алмасам өлдім ғой. Жау қолына қайта түссем, осы күніме зар болып, озандап қалармын.


– Мен шешекемнен ноғай-қазақ болып туғаным рас болса, байекемнің бәйгеге түсер құнаны нағыз құмай, қаракөк тұқым, аузымен құс тістейді. Мен баққан тұлпардан бір кінәрат табылар.


Жылқышы шалдың үні сенімді шыққаны сонша, бала үңіліп, оның бетіне қарады. Оның езу тартып күлгенін алғаш көрді.


– Ұлым, ат арқасында тіп-тік түзу отырғаныңды талай мәрте байқадым. Шап айылын қатты тартып мін. Аттан түскенде босатып отыр. Түн баласы ақ маяның жолына қарап жүресің. Темірқазықтан жаңылма, ұзақ сапарда бағдарың сол.


– Жылқышы ата, ақ маяның жолы қайда? – деп елең етті бала.


– Текежәуміт құс жолын солай атайды. Ойсылқара түлігі түйені пір тұтқан көшпелі тайпа болған соң құмға төзімді малды қастерлейді. Оғыз бабамның түп ұрпағы ғой. Оғыз бен қыпшақ тайталасқан, оғызды қыпшақ еңсерген, ел еңіреген жерлер, әне.


– Жылқышы ата, күндіз тығылып жатсам, қуғыншылар ұзатпай, ұстап алмай ма?


– Кезеуілші жау іздеген жасақтар кездесуі мүмкін. Әуелі жаратқан құдай, сосын әулиеге, пір Бекетке сыйынып, тарта бер. Сайтандай сап етіп, айшылық жерден торғауыт құба қалмақ жортуылдайтыны болады. Сол жоңғар-ойратқа ұрынғаннан сақтағай! Хиуа әміріне бағынған қарақалпақ жолықса, бір ноғайдың нәсілі, Мүйтен би ұрпағымын деп айт. Аузыңа түскен бір қазақ рудың атын айта бер, албан, найман, қоңырат, керей, кердері, табын, үйсін аққойлы, ысты қарақойлы, жалайыр, жетіру, ашамайлы, қанжығалы, шанышқылы, тарақты, бессары, қыпшақпын де мейлі, қарақалпаққа бөтен болмай шығасың.


Жылқы әулие, әулиеге тапсырдым! Есті жануар ғой, құла түзде жалғызбын деме, серік болады. Құладын ұшпас шөлден өтесің, араннан бетер көрінер. Өлмеген құлға несібе мол екенін білгенде, құдайыңа құлшылық қылуды үйренесің әлі. Түрікпен байдың мың жылқысын бағып, мұнда бойкүйез қала берсең, онда тірі емес, өлі санатындасың.


Жылқышы шал бие саууға түйе мойнақ ыдысты ұстап сыртқа шығып кетті, бие байласа алабай иттер иесін қорғаштап бір бүйірде жатады. Кенжебек шал бие сауғанда жылқымен күбірлеп тілдесетінін байқаған. Қыпшақ ауылда биені кілең ерлер сауатын.


Кенжебек кимешегінің жиегіне зер жүгірткен үлкен шешесі тегенеге құйып, қайың ожаумен бал қымызды ағаштан ойылған тостағандарға толтыра құяр мезетін көз алдына елестеткені сол, көзінен бір тамшы жас ыршып түсті. Шіркін, апасының көк бешпентінің өңіріне бетін бір басып, иісін иіскер күн туса!


Тасқұл үйірлі биені сауып болған соң, сүтін сабаға толтырды. Кенжебекті ертіп құмға бет алды. Бәйгеге баптаған қос жүйрікті жетекке алды. Бала жон арқасымен сырт көзден именіп барады. Түрікпендер мұның түп ойын арқасынан оқып қоярдай қуыстанды. Бірақ ешкім бұл екеуін қалт жібермей қадағаламайды. Өйткені алпыс жылда жылқышы түрікпен болып, бұларға әбден сіңіп кеткен. Барар жер, басар тауы жоқ, от жаққан жері жоқ тексіз құл санайды, осы елдің бір шерлі жетіміндей көреді.


Қазақ шал жал-жал құмға жылқыны аунатты. Бала жылқышы атасынан көргенін істеді. Шөлейтте өскен теке түрікпен жылқыны суға шомылдырмай, құмға аунатады. Құм судан бетер қапысыз тазалайды екен, жылқы түгі жылтырап кеткенде Кенжебек қайран қалды. Бейнетқор атасы мал жайынан білмейтіні жер астында.


Кенжебек бала ата ақылымен күндегі екі кесек таба нанды жемей кептіріп, жолазыққа дайындаған. Тобарси кепкен майлы құртты бір дорбаға салды. Шал оған құмдақта аңқаңды аңызақ кептіріп, өлердей шөлдесең таңдайыңа салып, құрт сор, атыңа азыққа қойдың шикі құйрығын кесіп, бір тілімнен бер деп үйретті.


Өзге ел таң ұйқысын өлсе қимас өлара шақта тірлік қылатын жылқышы шал өзі бағатын көкбурыл тұлпардың құйрығынан қыл суырып, бір талымен көзге көрінбес қылып, тілінің түп жағынан байлап тастаған. Кенжебек көкбурыл жылқы қыш оттықтағы жемнен, судан қалып, бабында жаратылмасын айтпай-ақ ұқты, жылқышы сыбырлап, оған не істегенін айтты.


– Қарағым, Кенжебек, бәйгеге өзің баққан жүйрікпен шап, саған әбден үйренді, иісіңді алды. Тілерсегіне қарашы, көсіле шапса жаңылмас, омырауы даладай емес пе, өкпесі өшпейді. Жол азығыңды, қой құйрығын сырт көзге көрінбейтін қылып сал. Ат айдаушы секем алып, бұл не деп сұраса, аттың жемі дерсің. Тұсау жіпті ұмытпа. Бәйге айналма болатын болды, оңайға соқпайды. Ат тізгінін ердің басына үш орап ал. Үш айналғанша, тізгінді жіберме, ат тері шықпаса булығып қалады. Төртінші айналымда ердің басынан бір орамын ағыт. Бәйгені қызықтаған бұқара ел бар. Сол түрікпен ішінде кімдер бар да, кімдер жоқ. Халық алдында дағарадай бөріктері қоқырайып, қаздай тізілген ақсүйек текежәуміт бектері, бай-мырзасы отырады. Дәл сол тұсқа келгенде, атаң қыпшақтың ұранын айқайлап, қиқу салып өт!


– Ойбас! Ойбас! – деп қатты дауыстап жіберді қаршадай бала көзі шоқтай жанып.


Жылқышы көзі шырадай жанды. Түрікпенқұл атанып, жалшылықта ғұмыры өткен кегі бір сәтте қайтқандай өңі нұрланып, арқасы босап сала берді.


– Бес күн жалғанда ешкімнен қаймықпай, ақ алмастай жарқылдап өткен азат ерлерге бас иемін. Боқ дүние мені менсінбеді, түтінім болмаған соң боқ дүниені мен алмадым. Кенжебек, шырағым, мынау жас күнімде елсізде адасқан дәруіш жыршыға тигізген септігім үшін риза пейілмен жомарттық жасаған түрікпен бегінен алған ерекше құнды тартуым еді. Қаңғыбас жыршы тірі жанға қылдай зияны жоқ, ел сүйетін арқалы ақын екен. Диуаналықпен ел адақтап, хисса-жыр айтып жүргенде шөлде қаңғып өлесің ғой дегенімде, мен Көроғлымын, дәруіштің пірі Қожа Хафизден нем артық деген сөзі ойымда. Мойнағы күміспен күптелген тобылғы қамшы енді сенікі.


Жылқышы шал ата салтымен бала елге аман жетсін деп Кенжебектің қолына күмістелген қамшы ұстатты. Қосқа кіргізіп, бір итіне ырымдап, тоқым жауып қойды.


– Дыбысың шыққан соң, атыңның басын бұрып, бір құдайға сыйынып, мен сілтеген Темірқазық тұсы қайдасың деп қасқая тарта бер.


Бәйгеге отыз ат тігілді. Кілең таңдаулы жүйріктің үстінде бір-бір бәйге бала, тұрымтайдай жеті жасар, он жасар арасы, барлығы ұшар құстай қомданып отыр. Аттылы болудың бағын айт. Кенжебекке ерді жылқышы шал жөке ағашынан жасап берген.


Атшабар бәйгеде теке Атажан байдың тұлпары астында, Кенжебек азат басына қылшылбыр түскен соңғы жыл он екі ай жігерін құм қылған бір батпандай кесік ойдан айнып сала берді. Желге мінгендей жүрегі атқақтап, жанын желік буып барады. Өмір мен өлім деген не тәйірі! Ат үстінде арқырай өліп кетсе өкінбес! Тұяғы жалпақ түрікпен жылқысы мұның қас-қағым сәтте аруағын асырып жіберді. Ол шауып бара жатқанда ауық-ауық қас тұлпардың үстінде қозғалақтай, қопаңдай, құйрығы көтеріліп қоятынын көргенде Атажан бек масайрай түсті. Алалы жылқы айдаған оғыздың ұрпағы емес пе! Жылқы жайын қазақтан артық кім білер, мына шабандоз бала ат беліне титтей салмағын түсірмесе, бұйырса, бәйгенің алдын бермейді.


Төртінші айналымда Кенжебек күбірлеп сыйынды: «Я Тәңірім жар бол, аруақ қолдай ғөр! Бұл өңім бе, түсім бе?! Текежәуміт тұлпарым, жануарым, құмайым, атаң суын*, анаң сүттей боз бие шығар, жылқыда өт жоқ, қанат бітіп, құстай ұш!»


– Ойбас! Ойбас!


Қыпшақ ұлдың дауысы күн күркіреп, аспан қарс айрылғаннан бетер дүйім елді селк еткізген. Ізінше әлгі өктем үн жарық дүниеге жарықшақ түсіріп, астан-кестен, алай-түлей қылды. Тек көп ішінен арзу қылып, дұға айтқан қазақ шалға Кенжебектің жас дауысы аңқып естілген. Түрікпендер қым-қуыт шулап қоя берді. Бәйгеге шапқанда қыпшақ нәсілі қалған жиырма тоғыз оғыз баладан еш айырмашылығы жоқ еді. Ұран салған соң қаршығадай ұл басындағы жалбыр бөркін жұлып алып, жерге лақтырды. Бөрік ішінен басына ақ шүберекті маңдайын баса орап алыпты. Адаймен жиі шабысатын текежәуміттің ызалы көзіне әлгі орамал адайдың ақ туындай елестеп кетті.


Қыпшақ ұл ат басын бұрып, шеңберден шығып, еліне баратын тұсқа нысаналай, жұлдыздай ағып барады. Үстіндегі бала қаңбақтай болған соң құнан жылқы қиналмай, қолтығын жаза құстай ұшады.


Кенет қашқан баланың көзіне анадайдан күн сәулесінен жаһұттай жарқыраған дөңгелек бір зат түскені. Кенжебек ат бауырынан сыпырылып құлап түсердей кілт еңкейіп, жерден бірдеңе ілгенде жылқышы шалдың қырағы көзі ұясынан шығардай, алақтап кетті. Ол айдаладан іліп алған керемет затын қойнына салды, шабысын қайта түзеді.


Ат жарыс адыра қалды. Ат жарыстан соң тойлы ел ит таластырмақ еді. Ересек түрікпен көбі атқа қонып, шығандап кеткен қашқынды жаппай, жабыла қуып берді. Ә дегеннен ұшқыр шабатын аттар жақын, жанай келді. Жүрегі су етсе несі бар. Кенжебек бауыр басқан жылқышы атасын қимай егіліп барады. Қоштасарда оның: «Мені көрдім деп ешкімге айтушы болма. Мен бір желге ұшқан қаңбақ, солған тамырмын. Өлсем обал жоқ, өлсем, Балқан тауда сүйегім қалады», – дегенін еске алып, жүрегі қан жылады.


Кетерінде бұл: «Жылқышы ата, туып-өскен жеріңді айт, туыстарыңды іздестірейік, қаңлы ішінде кім боласың? Кіші атаң кім?», – десе, шал басын шайқады. «Ежелден біздің қазақ нәсілін жалпақ тіл қаңлы, қыпшақ атайды. Руын мүсәпір құл жасырады. Тегімді білмей, теріс бағып тұрғамын жоқ, құлдықтан бетер бейдауа қорлықтың күйігі басқа түскенін білесің. Жеті атамды білемін, ел көзіне тура қарар бет болмаған соң тексізден нем артық?!» – деп ширыққан. Ол сүйекке масқара таңба түсті деп қорланған соң атасын жасыруға мәжбүр. «Бұрын періштелер мені ылғи өліге санап кететін. Расымен тірі өлік едім. Атаңа нәлет қу тірлік. Жыланды үш кессе кесірткедей әлі бар. Тірлігімнің ендігі мұраты бір сенің елге аман-есен жеткенің. Сонда мына мен өлінерде артымда басқан ізім, кіндігімнен жаралып, бел балам болмаса да азат рухым, мұрагерім, атұстарым қалды деп білемін».


Баланың көзінен жас парлады, жанашыр атасын енді қайтіп көрмейді-ау. Түйе шекпен жаңбыр өткізбейді деп жылқышы шал шегелей айтқанын жадына мықтап тұтты.


Дария тасығандай, сел ағызғандай сұрапыл күй кешті. Әттең, қапы дүние!


Қас жүйрік қыпшақ ұлдың тақымында кеткенде түрікпендер жер сабалап қалды. Ер қанаты аты өлсе, адамнан кем көрмей, көр қазып жерлейтін; ең асыл тұқымының жалын тірі жанға сипатпай, ерен құпия сақтайтын; қисапсыз қазынаға айырбастамас, антқа берік текежәуміт, ата мал айғырын өлсе сатпайтын; астындағы атын жанынан, қойнындағы қатынынан артық көретін; айтулы батырлары ұрыста өлген атының басын ардақтап биік тауға қоятын, тұлпардан айрылуды өлімнен кем көрмейтін қайсар қазақ, түбі ер түрік оғыз-қыпшақ нәсілі жылқы десе еліріп, шалық шалғаннан бетер есі кетеді.


Қазақ атқа мінбесін, қазақ атқа мінсе, бір дене, бір жанға айналып кетеді. Қашса құтылады, қуса жетеді.


Қуғыншы жасақтың аттары қатты шабыстан қызғаны соншалық, бүйірлері солықтап, өлердей болдырып, мойнынан қан шықты. Бір қашқын мен жүз қуғыншының арасы қозыкөш жер қалған.


Япырай, рақымы күшті бір құдайдың құдіретін айт! Құлдыраған қыпшақ ұл жер мен көкті қоса орай озып барады. Кенет жаңбыр жауып, күн ашылса, кемпірқосақ құбылып түссе бала атымен аспанға өрмелеп кетердей көрінеді.


Құс ұшпас құла түзде жер-көкті тұтас шаңға ораған ордалы құлан кезікті. Аспанды қақ бөліп құйын тұрғандай жойқын үдерген құландар екі ортаны жара ұрымтал тұстан киліккен.Үйірдің алдында басы қазандай ірі айғыр құлан жер қайысқан салтаттыларды көргенде қас-қағымда осқырынып, қалт тұра қалды. Айғыр құлан тұяғымен жер тарпып, танауы делдие, иегіне өскен түгі сойдиып, көзі қанға толып, адыраңдай басын кекжитті. Сол замат оның соңына ерген үйірі, мың бас табын құлан қоса шалт тоқтаған. Жердегіні көре қоймайтын өткір көзі биіктегіні қалт жібермейтін айғыр құлан ащы дауыспен қатты кісінеді.


Өмір мен өлім арасы мың құлан. Қияндағы Жайық бетке су іздеп шұбап бара жатқан мың сан тұяқ көсіліп, селдей жөңкіліп келеді екен. Өлі тыныштық буған маңғаз дала кенеттен тіріліп, жон арқасы жыбыр-жыбыр қозғалып, айдалаға маңып, құлан тайпа қопарыла көшіп барады. Көсем құланның ащы кісінеуін бұйрат қырқалар асқан қыпшақ ұл естіген жоқ, қарғыстай тым ащы дауыс қарсы жолыққан жүз түрікпеннің құлағын жарды.


Көбі уыздай бала қуғыннан құтылып кеткенінен ғөрі керемет тұлпардың көз алдында ұрланғанына іштері удай ашыған.Тек бірен-саран долы дұшпан шабандоз баланы ұстаса, итше тепкілеп, ителгі теуіп құлатқан қаздай жүнше түтер еді. Қиқуласқан көп ішінде әбден қаны қайнаған бір өлермені бар еді. Құлан қағынан жерісе, су таба алмай шөлде өлер. Тоқсан тоғыз түрікпен ер қалжырап, ат басын бұрып, кері қайтты. Соңғы қуғыншы шөлде адасып, өлудің аз алды, запы болып, еліне түтігіп оралған.


Атажан байдың үлкен ұлы үйіне келе, қазан төңкеріп тастады. Түбі шикі құл қазаққа сенген бейқам әкесіне дүлей наразылығын сөйтіп білдірді.


Біраз түрікпен суық қаруын асынып, жылқы қосына оралған қазақ шалдың соңынан жауар бұлттай түйіліп жетті. Атажан бай жирен атына жайдақ міне сап, ілес келген. Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында. Момын, бейбіт жылқышы асау тарпаңдай мінез көрсетіп, міз бақпақ түгілі, оң иығына қасқыр терісін жамылып, анталаған құн сұраушыны именбей қарсы алғанын көзімен көрді. Өзін айыпты санап отырған ол жоқ. Алпыс жыл табыннан шашау шығармай, жылқысын ерен адал баққан егде қазақтың шегір көзіне көзі түскенде Атажан бай ыза-ашуы күрт басылып, табан астында өзгеріп шыға келді. Ол жалшысына ләм-мим демей, кері шегінген.


Шабандозға шығарған құл баланы отандасы еліне қашыртып жібергенін әуелден баршасы ұқты. Ер екен. Түрікпен бай есігіндегі құлақ кесті құлды сол сәт қимас бауырындай сезініп, жүрегі алапат сыздап кетті. Ұлдарын атқа баулыған, жыл он екі ай ат арқасынан түспей, жылқысын баққан адал қазақтың өзіне ерекше қымбат жан екенін бай сезінгендей, кенет алай-түлей күй кешті.


Атажан әлекедей жаланған ерегескен топқа жылқышысын жазалатқан жоқ, олар тым құрыса, Тасқұлды сабап кеткісі келген. «Бас жарылса бөрік ішінде», – деді бай.


Атажан ертесінде қос атқа қоржын артып, өр қазаққа азаттық беруге бұйырды. Ер азаматты шексіз құлданғанына құдайдан сөйтіп рақым сұрағысы келген. Айтулы ердің соңындай, оның бір жат қылығын кешпесе өзін несін мұсылман санайды. Теке руы бір жүйрікті жоғалтса несі бар екен.


Жылқышы селт етпеді. Атажан бек оның еліне кетер ойы жоғын біліп, ішіп жылып, қуанды. Аттан түспейтін Тасқұл бақса, Қамбар атадай жылқысы дүр сілкініп бірдей жусайды, енеден туған бір құлын өлмейді.


Жер төсін тесердей дүрсіл бәсеңдеп, аспан мен жерді шаңға көміп, маң далада қыпшақпен бірге көшетін жабайы құлан үйірі түрікпенді шын бөгеді. Қалтиған бір суырды көргенде Кенжебек астындағы құнанын обалсынып, шабысын тежеуге мәжбүр болды. Жылқышы ата құлағына құя берген сөзі көкейінде сайрап тұр: «Тұлпарың шаршамайды, нысаналы жас мал, көктей жүйрік, талмай шаба береді, бірақ сақ бол. Зорығып кетіп, мұрнынан қан кетіп құласа, сол жерде тұяқ серіппей, жан тәсілім етті дей бер».


Кенжебек еңкейіп, бас сүйегін терімен қаптап қойғандай қазмойын атының тер мен тұяқтан ұшқан қою шаң көміп, үйелеген екі көзін жанқалтадағы орамалымен сүртті. Тұлпарына ерік беріп, басын бос жіберді. Тәңіріге, әулиеге алғыс жаудырды. Жылқы тектес түз тұқымын жанын аманат қылып, қатерден безген қарға бойлы балаға құтқару үшін жіберген! Желкілдеп ту көтеріп шыққан қыруар әскерден, ұлы қорғаннан үдере көшкен мың тұяқ тағының несі кем болды?!


Бір бабасы Құлан қыпшақ еді, оның құлан қағына жөргектеліп туғаны туралы аңыз тегін болмады. О, құдая, тағдырға сызылған бұл бір іс болды, адам айтса нанғысыз. Құлан қыпшақта ел қорғаған көзсіз батырлар көп деуші еді.Теңіз айрықта бағзыда қыпшақтың елбөрілі руы жаулаушы монғол қолымен шайқаста өліспей беріспей, қаза тапқан. Жұлдыздай қыпшақтың бұрынғы өткенінің өлген аруағы ма екен, елес боп көзге көрінген? Бұл тылсымға бала сенер-сенбесін білмеді. Біреу айтса, әй, еш сенбес еді.


Сырдарияның батысын орап жатқан Қызылқұмнан өту қылкөпірден өтуден кем түспейді. Бөрілі арқылы өтіп барады. Қашқанда жын соққандай кідіруге, көз ақы алып, іліп әкетуге мәжбүр еткен гауһардай жарқыраған затты қойнынан алып қараса, қола жиекті алақандай қол айна екен. Күн нұрымен шағылысып, алтындай жарқыраған айна керуен тартқан сарт саудашыдан түсіп қалған-ау. Бала түк түсінбей риясыз күлді.


Кенжебек жылқышы ата ақылын мұқият ойға алумен суыт жүре берді. «Біреулер көрстанда өлік қойып жатпаса, жолда кездескен мүжілген, мүлгіген моладан қашпа. Саған қастық қылғанды көк соқсын деп қарғадым. Жолда бейіт кездессе, әулие деп ұқ. Тәңірі жарылқасын! Сен мынау ұлы даланы билеген қыпшақтан тудың. Аруақ қонып, киік көшкен айтақыр далада құдай сақтаймын десе сақтайды. Қашқанда екі көзің алдыңда, екі көзің артыңда болсын. Жеті қараңғыда, балам, иен түзде сейілші жын-сайтан жүреді, үйірімен пері көшеді. Бөгде кейпіне еніп, құбылып кездесуі мүмкін, бастан кешкенмін. Жалғыз-жарым жолаушы бейбаққа қауіп-қатер аз емес. Шибөрідей торуылдайтын үрейді күміс қамшымен қу, саспа. Шибөрі дауысы қиямет, адам сияқты, бірде сайтанша күліп, бірде бақ етіп жылайды. Қатты шошынған сәтіңде күбірлеп дұға оқи бер, түнде тұсаулы жылқыға жақын ұйықта. Тілсіз демесең жылқыда мін болмайды, ес болады. Жолда арқан тапсаң, соны шеңберлеп ұйықта, бүйі, жылан шақпайды».


Бала бөрі құрсақ айшылық алыс жолда жападан жалғыз жортты. Қу медиенде басына құс қонбаған балбал тастар кезіксе, үміті маздайды. Шаң аралас боран соқса, ат басын жабумен орады. Алып шыққан ер азығы үш күнде таусылды. Құрғақ ауа шаңдақта әбден болдырған аты шөлге шыдаса екен. Кенжебек көк суды ылғи түсінде көріп, ерні кезеріп, жаны аңсады. Айдын көлдер мен ағын өзенге дүниеде не жетер. Шіркін, көк су, көк су! Ең тұщы, мөлдір суды шөлі қанғанша ішсе фәниде арманы болар ма!


Жылқысына өсімдіктен андыз, изен, жусан азық. Жылға тапқанда, бала өзі қаталап өліп бара жатса да, әуелі тұлпарына аз ғана су ішкізді. Жылқышы ата балаға шөл қысқанда жылқыға суды көп ішкізбе, бұл тұқымы төзімді мал, аз суға шөлі қанады, аз-аздан бөліп суғар деп үйретіп қойған.


Жылқышы қосына құдай айдап кез қылды, тірі жан жоқ, иен екен, аспа ілмек мосыда қақпағын ашса бір қазан ет пісіп тұр. Кенжебек бұл қостың иесі қоңырат руының жылқышылары екенін ұқты, төсеулі жылқы терісінің таңбасын көрді. Көк Тәңірі түрікті жаратқалы жылқышы қосында өткен-кеткен жүргінші жүрек жалғап, тойып ас ішуі үшін ылғи ет асулы тұруы бұлжымас дала заңы екенін біледі. Ілулі тұрған ескі бөрте бөрікті басына рұқсатсыз киіп кетті, әуелі қоржын жамылып жүрді, аптаптан қорғайды.


Исі хош аңқыған Сыр бойында қара үйде егін егіп отырған он түтін қарақалпақтан ас ішіп, қоржын толтыра азық алып, тіке аттанды. Киік, қарақұйрық аулауға арқасында асынған көн садағы жоқ. Ордалы киік, бөкен шұбап жүреді. Елге тақағанда қамысты айна көлдер көбейді. Тек қаранор маса жабылып, шыбын-шіркей қанын сорды.


Құмдауыттан сарала қаздың інге салған ұясын таяу көрді, қаласа тұзақпен ұстар еді. Сарала қаз етін ел жемейді.


Қаптаған дуадақ түнде жүреді, бұлдырық мол. Сыр маңы топырақ құнарлы, сексеуіл, жыңғыл түбі топ-топ қырғауыл екен. Қарақұйрық көп. Су құртындай балығын көлшіктерден қолмен ұстап, отқа қақтап жеді. Баяғыда ауылда мазақтап, бір адамды «Бақа жеген Итемер» деп ел күліп отырғаны бекер екен. Аш өзегін балықпен жалғаған. Бақырға су қайнатса, бір уыс тарыдан бөртпе жасап, уыстап асайды.


Кенжебек кіндік қаны тамған қыпшақ ауылына жарты күншілік жер қалғанда, жолда тауып алған найзасына ту көтерді.Кездігімен теке тұлпарының жал-құйрығынан бір тұтамын түбінен кесіп, қыл шашақ ту жасап алды. Еліне ту көтеріп кірді. Қиянда қалған тілекші жылқышы ата осы кейпін көрсе деп ырымдап істеген.


Қыпшақ Торыайғыр ауылына сол түні қаңғып екі дуана келді. Жұмбақтап, сәуегей сөз сөйледі. Түнімен тақуа қарт көз ілмей, намазын үзбей, таң атқанша дұғамен құлшылық жасады. Таң арайланғанда дуана ақсақалды шырт ұйқыдан оятып, «Байеке, тысқа шығып қарашы, өлгенің тіріліп, өшкенің жанды», – деп айтты.


Атасы шығып қараса, бір жыл бұрын жылқымен ұрланып, жоғалып кеткен немересі Кенжебек астындағы құнан жылқысын белдеуге байлап жатыр екен. Баланың қалың шашы иығынан асып, жалбырай өсіп, арқасын тұтып жапқан, күн жеп, тер сіңген киімі әбден тозған. Атасы ақсары өңі тотығып, әбден қап-қара болып, күнге күйген ұлан немересін үкідей дөңгелек көзінен айнытпай танып, кәрі көзінен жасы ағып, бас салды.


Торыайғыр қонақасыға тай сойғызып, айнала елді асқа шақырып, екі дуананы құлай күтті. Қырықтың бірі Қыдыр, әулие көріп, арып-ашып оралған балама бата бер деп құдайы мейманнан сұраған.


Тілекші дуана: «Шашың өлең шөптей қаулай өсіп, еліңе шашты болып келдің, Аллатағала жар болып, ұрпағың шашыңдай көп болып, өсіп-өнсін! Әумин!» – деп алақан жайып, іркілместен бата берді.


Кенжебек еліне таянған соң бір күн нәр татпады, ас батпады, шала құс ұйқылы, арып-ашып, өлердей зорығып келген. Бата жасалған соң бала алдына келген ағаш астаудағы майлы еттен арпадай асап-асап жіберді. Сосын мейірі судай тасыған, айналып-үйірілген анасы құйған жас қымыздан бір аяқ жұтып, іргедегі құстөсекке жантайып, қалғып кеткеннен үш күн, үш түн ұйықтаған.


Ол сүйікті тұлпарының мойнына меншіктеп, қос әліп қыпшақ таңба басты. Көкейіне жылқышы ата жарықшақсыз айтқан: «Бұл түрікпенбоз Тәңірі қалауымен енді қыпшақбоз болады», – деген дуалы сөзі түсті.


Жеңгелері ұл баланы сол мезеттен бастап Шашты атап кетті. Әз Тәуке хан тұсында шоқбелдеу* таққан Шашты айтулы азамат болып, аты ел аузына ілікті. Жорықта қол бастады. Баяғы теке түрікпенді шауып, қыруар жылқысын қайтарып алып, түрікпеннің сұлу қызын қоса әкелді. Екі қосағынан Шашты төрт ұл көрді.


Ерторының немересін түрікпеннен аман келтірген қас тұлпар Қыпшақбоз қаза жетіп өлгенде жігіт ағасы болған Шашты алғандарына жоқтау айтқызып, шиге орап кебіндеп көмді. Бәйбіше, тоқалы бет жыртып, дауыс салып жылағаны, Қыпшақбоздың қасиет, мәртебесін өлеңге қосып, жоқтағаны естіген елдің көкірегінде тұнып қалды.



Түсініктеме


Сеитназар Сеиди* – орыс тіліне аударған Н.Вольпин.

Али Акташ* – қазақ тіліне аударған Бауыржан Жақып.

Құма* – көне. Күң, шапқыншылықта қолға түскен әйел.

Оба* – түрікпен ауылы.

Ысық көл* – Ыстық көл.

Алғи* - елсіз алыс жер, қатерлі жол.

Алақшы* – миф. кісі өлтіруші, ажал.

Лаухил* – тағдыр тақтасы.

Бақауыл* – әскерді жабдықтаушы, олжа бөлуші.

Сейілхан* – қазақ түрікпенді кейде солай атайды.

Құртқа* дүние – опасыз қу дүние.

Теңіз* – Балқаш көлі.

Теке түрікпен*, бұғы қырғыз* – ру аттары.

Суын* – теңіз жылқысы.

Шоқбелдеу* – асыл тасты белбеу.



3.09.-23.09.2014.



Жарияланған басылымдар:

«Ақ желкен» журналы, №12.2014. / «Жұлдыз», №12. 2014.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар