Иранның қазіргі поэзиясынан аударма
Меһди Ахаван Салес
Бостыққа толы
Сәттердің өзені – ағынды.
Түсінде әудем жерден су көретін,
Судың ішінен тас көретін шөлдеген көзе сынды,
Достарым мен дұшпандарымды мен танимын.
Өмірді жақсы көрем!
Өлім – дұшпан.
Әттең, бірақ мұны кімге айтуға болады?
Дұшпаннан қорғанғанда соны пана тұтатын менің досым бар.
Сәттердің өзені – ағынды.
Cоһраб Сепеһри
Кашанның тұрғынымын.
Тұрмысым жаман емес.
Бір жапырақ наным, аздаған ақылым мен қабілетім бар.
Ағаштың жапырағынан артық анам мен
Ағынды судан артық достарым бар.
Осы жақын жерде Құдай бар:
Жұлдызшешектердің арасында, анау биік қарағайдың түбінде,
Судың хабардарлығы мен өсімдіктер заңының үстінде.
Мен – мұсылманмын.
Қыбылам – қызыл гүл.
Жайнамазым – бұлақ, мөрім – нұр.
Дала – менің сәждем.
Мен терезелердің дүрсілімен дәрет аламын.
Намазыма ай мен толқын қатысады.
Намазымның тасасынан тас мұндалап тұр,
Намазымның барлық бөлшегі – мөлдір.
Намазымды
Азанды самырсын мұнарасынан жел шақырғанда оқимын.
Намазымды
Шөптің «такбират ал-ихрамы» мен
Толқынның иқамасынан кейін оқимын.
Қағбам – судың жағасында.
Қағбам – мамыргүлдердің түбінде.
Қағбам самал жел сынды бақтан баққа, қаладан қалаға еседі.
«Хаджар ул-Асвадым» – бақтың жарығы.
Кашанның тұрғынымын.
Кәсібім – суретшілік.
Кейде бояумен тордың суретін саламын да,
Ішіндегі қамалған лала гүлінің әнімен
Жалғыз жүректеріңіз жаңарсын деп,
Сіздерге сатамын.
Бекер, бекер, бос... білемін.
Пердем – жансыз.
Мен салған хауызымның балықсыз екендігін жақсы білемін...
Ахмад Шамлу
Егер түн дәлелсіз әдемі болса,
Несіне әдемі?
Кім үшін әдемі?
Түнде жұлдыздар су рәуішті ағып жатыр.
Әрбір таң он екі оқпен үндестікте тесілген кезде
Ұзын шашты қаралы топ
Өзеннің екі жағасында
Құрбақалардың тынысты тарылтатын қасидасымен жоқтағанда,
Қай естелікті еске салады?
Егер түн дәлелсіз әдемі болса,
Несіне әдемі?
Кім үшін әдемі?
Мохаммад Али Баһмани
Денем – ғазал, бірақ рухымның барлығы – «нимаи».
Қосындының айнасынан бұл әдемі көрінеді.
Тән қапасты қалайды, жан ұшуға жаратылған.
Ол – тоғанның, бұл – теңіздің балығы.
Қазір менің бойымда бір ғазал сені іздеп жүр...
Сені көру – айқын түрткі.
Мен қашуды, ол менің жолымды жабуды ойлайды.
Уа, шайыр! Дайын, тың ұйқастармен
Адамдардан не іздеп жүрсің?
Бұлар оның көзінің арқасында тартымды.
Таң мен айқұлақтың тәпсірін ол жасайды.
Жақсы мен сұлулықтың анықтамасы – сол.
Мен біреумін, ол – көп. Мен аңқаумын, ол – зерек.
Ол мені еркімнен тыс ғашықтық жаққа тартады.
Мен жолдамын.
Жолды жауып: «Үндестік уақыты кезінде қайда барасың?» дейтін бір халық бар.
Ол – біреу, біз – көппіз. Тәнді жерге тапсыр,
Дауысты түрмеге қамама. Сенің дауысың – дүниелік.
Мен екі есіктің ортасында қалып, қашып, шаршағам.
Өлеңім бұл жұмбақты қайтеді?
Ғейсар Аминпур
Менің дертім –
Үстімнен шешетін киім емес.
Айтатындай өлең мен қасида емес.
Жүректің түбінен шығаратындай айғай да емес.
Менің дертім айтылмайды.
Менің дертім – құпия.
Менің дертім – бүгінгі заман адамдарының дерті сияқты болмағанымен,
Замандастардың дерті.
Адамдардың дерттері –
Тондарының мыжылғаны,
Жеңдерінің түсі мен
Есімдері,
Куәліктерінің ескі қаптары...
... Дәптерімді
Дерттің қолы парақтайды.
Жаңа өлеңімді дерт айтып,
Дерт естіген.
Бұл ретте не айтамын?
Дерт – сөз емес,
Дерт – менің екінші атым.
Ондай болса өзімді қалай шақырамын?
Шамс Лангоруди
Көптеген ақындар
Екінші жартыларын іздеумен қартаяды.
Әнсіз, әуенсіз...
Көптеген ақындар
Нұрдың көбігін іздеп,
Қараңғылықтарды парақтап,
Түбіне жетеді.
Қаламдары жоқ
Көптеген ақындар
Көбік тектес керемет өлеңдерді
Желдің саусағының ұшымен
Суға жазады.
Жапырақ та, қалам да, жойылады.
Құстардың панажайлары болған ормандарда
Құстар
Сөзсіз, қаламсыз,
Жартыларымен
Жарықта,
Қараңғыда
Әндетіп,
Сөйлеседі.
Махмуд Мошарраф Теһрани
Қайланың даусы естілді.
Шырын
Ай сәулесінің астында айға
«Қайланың даусы естілді» деді.
Ай жарқырады.
Фарһадтың қайласының даусы естілді.
Шырын лала гүлдерінің жанында мылқау Лалаға
«Жылаған үн естілді» деді.
Лала жылады.
Фарһадтың қайласының үні естілгенде
Шырынның жылаған даусы
Басылды.
Жалғыздық бағының ортасында
Жаңбырдан мыңдаған лала гүлі
Жауып жатты...
Аударған: Айнаш Қасым
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.