Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Айтайын дегенім......

25.12.2023 1520

Айтайын дегенім... 14+

Айтайын дегенім... - adebiportal.kz

Осыдан 130 жыл бұрын қағазға дерегі түскен әйгілі норвег суретшісі Эдвард Мунктің «Айқай» атты әйгілі туындысы бар.  Осы ғажайып туындаға қатысты сурет білгірлері  картинадағы ұлы үрейдің мынадай да астары бар екендігін алға тартады: «Бұл жердегі айқайлап тұрған - адам емес, аспан. Дәлірек айтсақ, табиғат. Адам, керісінше, сол айқайды еш естігісі келмей, құлағын қос қолымен жауып тұр», - дейді.  Бәріңіз білесіздер, суретте көк жүзі қызылкүрең түске боялған өңірде қос құлағын алақанымен басып айқайлап тұрған адам бейнесі бедерленген-тұғын. 

«Айқайдан» сөз суыртпақтауымыздың астары мынада жатыр. Дәл бүгін қазақ қоғамының ақпараттық кеңістігіне шыққан  «Әдебиет порталына» он жылдың жүзі болыпты. Осы он жылдың бедерінде порталымыз өз оқырманы мен көрерменін қалыптастырып үлгерді десек те болады. Сөз жоқ, әдебиет –  ұлттың жады мен ұжданы. 

Осы жылдар бедерінде аталған ұлт жады мен ұжданын  қызғыштай қорғап қызмет еткен портал басшылары мен оның қызметкерлеріне азаматтық алғысымды айтуға тиіспін. Атқарған қыруар жұмыс пен кәсіби еңбектерін шын бағамдай отырып, ол жандарға бек риза екенімді де риясыз көңілмен жеткізсем деймін.  

Ендігі аз күннен кейін табалдырығымызды атағалы тұрған 2024 (жаңа) ұлу жылынан бастап осы ұлт жадысы мен ұжданына  ары қарай қалтқысыз қызмет ету порталдың (жаңа жетекшісі мен пақырыңыз бен) ұжымдағы атпалдай алты әріптесімнің негізгі міндеті екендігін де қаперлеріңізге сала кеткім келеді.  Ары қарай да ұлт санасын ұдайы шынықтырып отыратын салауатты дүниелерді таңдап жазып, ізгілік гүлінің сабағына су құйсақ деген мақсат жолынан еш айнымақ емеспіз… Сөз басында Эдвард Мунктің атақты «Айқайын» жайдан-жай тілімізге тиянақ етіп отырған жоқпыз. Айқай дегеннен шығады ғой… 

Ұлттың рухани жадысы мен жан дүниесінде ұдайы бір есті  айқайдың еш мызғымастан дабыл қағып тұрғаны дұрыс. Ол, әрине, жетілген жан мен жоғары сананың парасатты «айқайы» болса дейміз. Ол - ұлт руханиятының бетіне шыққан кез келген бөрткен мен сыздауықтың бетін аямай ауыртып көрсететін, «әй, осы тып-тыныш отырайық» деген кертартпа енжарлықтың шәт-шәлекейін шығарып, мазасын алатын шын жанашырлық пен тілектестік туған ізгі айқай болса дейміз...  

Дәл қазір қазақ руханиятында (оның ішінде әдебиетте) бір бітпейтін шүкір мен тәубә мадағы емес, нағыз нар тәуекел ісінің керек екенін, енді сол нар тәуекел ісіне нағыз дәті жетіп бара алатын парасатты пікір мен сынның ауадай қажет екенін жан-тәнімізбен сезініп отырмыз. Ұлттың ертеңгі рухани қазынасы мен тұздығы  өткір сын мен кешенді пікір негізінде ғана қалыптасатыны анық қой.  Әйтпегенде еліміздегі жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп жатқан әр түрлі әдеби байқаулардың, сондай-ақ үлкенді-кішілі мемлекеттік марапат алған шығармалардың бірде біреуі ашық талқыға түсіп талданбаса, кемшілігі мен жетістігі пар айтылмаса, бұл - әлгі  Мунк айқайының  үнін өшіріп, көмейіне құм құю қылмысының нағыз өзі ғой.  Ол, ақыры айналып келгенде, адамзат ақылманы Вольтердің: «Қылмысты әшкерелемеген адам - өзі  де сол қылмыскердің бір сыбайласы болып саналады», - деген  сөзіне  қосқан шын үлесіміз емес пе?  Біз алдағы күндері «Әдебиет порталының» ұжымы ретінде осындай ұжданға жат дүниелерді  жіті бақылай отырып, ол туралы конструктивті  сын-пікір ұйымдастыруды ұдайы назарымызда  ұстасақ дейміз.  Бұл бір бітпес бәкене бойлы көкбет полемика емес, байыпты әңгіменің негізгі тамыздығы болады деген де үкілі үмітіміз жоқ емес...  

Сөйтіп, дамыған демократиялық елдердегідей, «Әдебиет порталын» әділет институтының бір деңгейіне дейін мәпелеп жеткізсек дейміз. Шын таланттың жолына ұдайы жәрдемші болып, араға адам салатын арамза  тірліктің жолына байыпты пікірімізбен  хал-қадерімізше тосқауыл болсақ дейміз… 

Мінекей, осындай да арман-мұраттарымыз бар. Бұл жолда, мәртебелі оқырман қауым, сіздің де көмегіңізге шын зәруміз. Махаббатыңызды салып, маңдай теріңізді тамшылатып жазған ойлы дүниеңізді қашанда асыға күтеміз. Өйткені «Әдебиет порталы» – сіздің де төл платформаңыз ғой. Жарықтық  Ғабиден Мұстафин ақсақалдан: «Білімім жеткен жерге дейін ғана адалмын», - деген аталы сөз қалыпты. Расымен де,  ғажайып сөз! Біз де бар біліміміз бен мінезіміз жеткен жерге дейін ғана адалдық жолындамыз.  Ал қалған  ниет пен сөздің бәрін  мәртебелі уақыт еншісінің өз  қазылығына ғана қалдыра тұрайық. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар