Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Айзат Рақыш. Тегімді менің сұрама (әңгіме)...

04.08.2018 15294

Айзат Рақыш. Тегімді менің сұрама (әңгіме)

Айзат Рақыш. Тегімді менің сұрама (әңгіме) - adebiportal.kz

– Әмір, туған күніңмен!

– Достым, шын жүректен құттықтаймыз!

– Жиырма бестің әлденешеуін жасап, жүзге жет!

Қаумалаған достарым тілектерін жаудырып жатыр. Өзімді киножұлдыздай сезініп тұрмын. Бүкіл әлем мен деп елжіреп тұрғандай. Таңнан бері анамның мейірімге толы ыстық лебіздері. Енді, міне, кеш бойы құттықтаудан бір жалықпаған дос-жарандарымның ақ ниеттері. Әй, мен бақыттымын-ау! Бақыттымын! Әсіресе, Сұлушаштың өзіне тілеген жақсылық атаулыны маған тілегені. Басым айналып барады. Жиырма бес жасқа жеткенде, барлық жігіттер дәл мендей мәз-мейрам бола ма екен?! Әй, қайдам? Мендей мәре-сәре болатындар некен-саяқ шығар. Сүмбіл шашын иығынан төгілтіп тастап, ерекше сұлу көрінген Сұлушаш маған таяп келді. Менің ойымды оқып қойғандай, «Кел, билейік» демесі бар ма? Ажарлы қыз айдай сәулесін төгіп, жақын келсе, биден қашар жасық жігіт мен емеспін. Вальс әуенімен дөңгелей жөнелдік. Шағын дәмхананың іші ыстық па, әлде қыздың демінен бе, қара терге түстім. Сұлушаш аса тақалмай, сыпайы арақашықтықта ырғала билейді. Судыраған шашын жібек дерсің.Шыр-көбелек айналып жүрміз. Құйқылжыған әуен бақыт әлемінің ұранындай. Ал мен-сол ғажап әлемнің дара ханзадасымын. Перизатым да жанымда. Қиял құсым бұдан ары шарықтай берер ме еді, вальс әуені кенеттен аяқталды. Өзім ұната қоймайтын рок музыка қосылды да, жаңағы тамаша өлкенің сиқырлы суреттерін үркітіп жіберді.

– Кәне, дастарханға жайғасайық!

Қуат асабалық қызметін әлі жалғастырып жүр.

– Кел, Сұлушаш, отырайық, - дедім амалсыз.

– Әмір жақтырмайтын рок музыка қосылды. Туған күн иесінің көңілі түсіп кете ме деп алаңдап отырмын, – деп қалды Әйгерім. Өзі мен үшін алаңдайтынын бұрын да айтып еді. Бүгін тағы...

– Егер дәулетім тасып тұрса, мына дәмхананы бүтіндей жалдап алып, тек қазақша әуендерді тамылжытып қояр едім. Әрине, тек Әмір үшін солай жасар едім!

– Сұлушаш, сен одан да Әмірге ғашық екеніңді тап осы жерде мойындай салсаңшы!

– Мына сөздеріңмен мойындап та үлгердің, Сұлушаш!

– Иә, сен Әмірге ғашықсың!

– Жай әріптес қой, – деген Әйгерімнің даусы бір түрлі ерсі шықты.

Сұлушаш мен күткендей ақталмады. Өзінің мінезіндей тура біткен кірпіктерін қағып-қағып жіберіп, жайдары езу тартты.

– Әмір, бақыттың құсы кезбе деуші еді. Бүгін сол кезбе құс сенің басыңа Сұлушаш болып қонды! – Асаба Қуат мәнерлеп сөйлемек болып, бәрімізді күлдірді.

– Мен кезбе емеспін, Қуат! Мен тұрақты бақыт құсымын!

Сұлушаштың үні тіпті сыңғырлап, күміс қоңыраудай естілді. Әзілдесе отырып, дастархандағы дәмге жаудай тидік. Ақыры дәмхана жабылар кезде бір-ақ шықтық.

«Тұрақты бақыт құсын» қолтықтап, дәмханадан шықтым. Өзге әріптестерім жөн-жөнімен тарап кетті. Туған күнімді тек Сұлушашпен жалғастырғым келді. Әттең... Оның ата-анасы қыздарының тым кеш уақытта жүргенін қаламайды. Оны бірер отырыстарда байқағанмын. Сол себептен кермиығымды өзім үйіне дейін жеткізіп салмақпын. Қырсыққанда Алматы көшелерінде күндізгі иін тірескен көлік кептелісі мүлде жоқ. Жеңіл машинамен зу етіп, үйіне жетіп бардық.

– Әмір, думан кұнің құтты болсын! Жүрегің не әмір етсе, сол орындалсын!-Сұлушаш күндегіден де нұрлана, тағы да құттықтады. Сөйтті де, ақырын ғана бетімнен сүйді.

– Көп рахмет, бақыт құсым, сүмбіл шашым! – Мен де оның бетінен сүйдім. Үлбіреген беті мақта тәрізді. Толқыныстан қыздың қолын жібермей, ұстап тұрып қалдым. Қатты қысуға қимадым, саусақтары сынып кетердей тым нәзік.

– Кетуім керек,-деп сыбыр еткен Сұлушаш үйіне қарай жүгіре жөнелді. Әйтсе де өзі орнатқан бақыт күйін жүрегімде қалдырып кетті.

Кенет қалта телефоныма хабарлама келіп түсті. Сұлушаш қайырлы түн тілеп жазған болар. Басқа кім болуы мүмкін? Жалма-жан ашып едім, бейтаныс нөмірден келген хабарлама бір түрлі суық көрінді. «Жиырма бесінші туған күніңді тағы да әкесіз атап өттің бе? Не дейін?! «Екінші мүшелін атап өткен кімнің ұлы?» деп мен толғанып отырмын!» Бұл кім? Дереу қоңырау шалдым.

Тұтқаны көтермеді. Сұлушаш сыйлаған шаттың әуені жүрегімді біржолата тастап кетпесе де, бір албасты тарпа бас салатындай қорқып кеттім. Дәл бүгінгідей шат-шадыман күнімде мені мысқылдап отырған кім болды екен? Зәрлі кекесінге толы сөздер жатталып қалды.

Кімнің ұлымын? Түнгі Алматы көшесімен зырлаған көлік тізгінінде отырып, осы сұрақты еркімнен тыс қайталай бердім. Ару қаланың сұлулығына сұқтануға да, тіпті сүмбіл шашымның жүрекжарды лебізін елестетуге де дәрменім қалмады. Санамды жалғыз сұрақ осқылап тұрды.

Тілдей хабарлама тынышымды қашырғалы бүгін үшінші күн. Көңілімді жұмысқа аударған болып жүрмін. Түскі үзілісте Сұлушашпен бірге тамақтанып, көңілім сәл де болса демделіп қалды. Оның жай ғана жанымда отырғаны жүрегіме көктем гүлін шашады.

– Әмір, неге мазаң қашып жүр? – Жүрегімнің әміршісі болған аруым жанымның жебеушісіне де айналып үлгеріпті. Әйтсе де оған сыр алдырғым келмеді.

– Жай, жастық шақтың қызуы ғой, – деп әзілге сүйей салдым.

– Ол қызу саған қандай әрекет жасауға түрткі болып жүр?-Тосын сұраққа өзім ойламаған аяқасты жауап бердім.

– Сені ата-анаммен, анығын айтсам анаммен, әжеммен таныстырсам деп ойлап жүрмін.

– Жақсы ой екен. Мен анаммен ақылдасайын.-Шешесіне айтпай, шай да ішпейтін қыз ба деп сүйіктімнің бұл жауабына көңілім тола қоймады. Не дегенмен жауабын күттіріп, жігітіне наздану қызға жарасымды қылық қой.

Күнде сұлу көрінетін Алматы кеші сұрқай тартқан. Көзіме бір қара ноқат елестеген күйі, үйіме келдім. Әжем жалғыз отыр екен. Күткенім де осы еді.

– Әже, шайды қоя тұрайықшы. Менің сізге айтарым бар,-дедім асығып-үсігіп.

– Ұлым-ау, жау шапты ма? Ол не бұйымтай?

– Әже, менің әкем туралы білетініңізді маған толық айтыңызшы. Бұл тақырыптың сізге де, апама да ұнай қоймайтынын білем. Бірақ соңғы кездері әкем туралы ойланып жүрмін.

– Әмір, бұл туралы сөз қозғағаныңды анаң білсе, қатты ренжиді. Одан да жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырайық.-Әжем тура мен күткендей, әңгімеден бойын аулақ салды.

– Мен он сегізге толғанда, «тастап кеткен әкеңді сұрап қайтесің?» деп анам жауаптан қашқан. Енді жиырма беске келіп, өзім отау құрар жасқа жетсем де, әкем туралы білуге хақым жоқ па?

– Балам, сағым қуып қайтесің?

– Әже, мен сағымнан жаралдым ба?

– Тәйт, қайдағыны айтпай отыр. Сені анаң Алладан сұрап, мына әжең тәңірден тілеп алған.

Әжем менің сөзіме қатты тіксініп, іштей әлдебір дұғаларын қайталап айта берді. Анам жұмысынан келгенде, әжем екеуміз түк болмаған түр танытып отыра қалдық. Жаз гүліндей жайнап жүретін әдемі апама ауыр сұрақтар қойып, көңіліне қаяу салғым келмеді.

Қорқау қараңғылықтың патшасы түн басталды. Терезе алдына барып, әйнекке қарадым. Қою қараңғылықтың арасынан маған өз бейнем қарап тұрды. Кенет ол мырсылдап күлді:

– Сағым қуып қанша жүрер екенсің? Нені анықтағың келеді?

– Әкемді, жеті атамды білгім келеді. Оның несі айып?-Терезенің бер жағындағы мен жүнім жығыла үн қаттым. Ар жақтағы мен адуынды, әрі тілі ащы екен.

– Ал білгенде қайтесің? Осы уақытқа дейін әкесіз өмір сүріп келдің ғой. Анаң сені жетімсіреткен жоқ. Оқытты, шоқытты. Үйің, көлігің бар.

– Өмір дүниемен өлшенбейді. Әке махаббатын көлікпен өлшеген сен ақымақсың!

– Жә, солай-ақ болсын. Егер әкең жайлы ештеңе біле алмасаң, қайтпексің?-Ол кекете езу тартты.

– Қайтсем де анықтаймын.-Кіжіне қарап едім, ол жоқ болды. Мына күйгелек күйімнен өзім шошынып қалдым. Белгісіз біреудің арандатуына сонша мән бергенім жарамапты. Ешкімге ұнамайтын әкем тақырыбын жабайын. Иә, әжем дұрыс айтады. Ұялы телефоныма хабарлама келіп түсті. Өткендегі нөмірден екен: «Текті ғұмыр кешкенсіп жүре бер. Намыссыз екенсің!» Мына хабарламадан соң, жаңағы жуас Әмір ғайып болды да, терезенің ар жағындағы бірбеткей Әмір келді.

Сүреңсіз жұмыс күнін салтанатты кешке айналдыратын Сұлушаш бүгін маған оң жауабын айтты. Отбасыммен танысуға дайын екен. Бірақ анасы менің де келіп танысуымды қалайды-мыс. Бұл жауап бақайесеп тәрізді естілсе де, келісімімді бердім. Бүгінгі кешті көңілді өткізуге тиіспін. Болашақ жарым алғаш рет менің отбасыммен жүздесетін жауапты сәт қой.

Көл-көсір дастархан басында отырмыз. Бәрі де көңілді көрінеді. Сұлушаш бөле сіңлісі Айжанды ерте келіпті. Оның сұрағы бітсеші. Тергеуші ме өзі?

– Сонда банкир болуыңа анаң ықпал етті ме, әлде әкең бе? – еп қойып қалды. Анама қарадым. Қырық шырақты әйелдің қулығы қол созымда тұрмай ма?

-Жоқ, менің кеңесіммен осы мамандықты таңдады. Әрі қызметінде тез өсуіне де мен ықпал еттім.-Анам жауабын жарастырып үлгерді. Ұрлық жасағандай, іштей қуыстанып жүргенше, сүйіктіме әкесіз өскенімді айтуым қажет. Қонақтарымды шығарып салдым да, бөлмеме кірдім. Тағы хабарлама. Қорыққаным сонша, оны ашуға жүрексіндім. Тағы не сұмдық жазылғанын кім білсін? Қызығушылығым басым түсіп, хабарламаны ашып оқыдым: «Сұлушаш қай рудың келіні болатынынан хабарсыз кетті ме? Обал болыпты сұлуға.» Құдай-ау, бұл кім? Қоңырау соқсам, жауап бермейді. Мен жайлы соншалықты көп білетін нендей дию бұл?Төзімім таусылды. Бөлмемнен атып шығып, апама жетіп бардым. Өмір-бақи қорған болып келген жан анамнан осы жолы да сая күттім. Оның жауабы жанымды тыныштандыратынына бек сендім.

– Апа, – дедім даусым тарғылданып, - әкем жайлы айтып беріңізші! Өтінем, жалынам!

– Тосыннан не болды? – Күліп әңгіме айтып отырған апам тез-ақ сұсты түрге ене қалды. Өзі әртіс сияқты ма, қалай?

– Туған күнімнен бері осы сұрақ жанымды жеп барады. Апа, құтқаршы мына зымыстан ойлардан!

– Несіне жаныңды жейсің? Он сегіз жасыңда айтқанмын. Әкең сені тастап кеткен. Енді неге оны іздей қалдың?

– Анашым, жаныңды жаралағым келмейді. Бірақ айтшы, ол қандай адам еді? Суретін сақтадың ба?

– Сен жанымды жаралап та үлгердің. Ол бейбақтың суретін сақтауға міндетті емеспін!

Анам мені анау қорқынышты құбыжықпен бетпе-бет, жалғыз қалдырды да, өз бөлмесіне тайып тұрды. Әжемнен де қайран жоқ.

Атпастай көрінген Алматы таңы әрең ағараңдады. Жұмысқа жиналдым. Сұлушашты көрсем, бар қиындығым ұмытылатындай.

– Жаным, қайырлы таң. Сені түсімде көрдім,-деді ол еш алаңсыз.

– Мен сені көп ойлаған соң, түсіңе кіргенмін ғой.

– Білесің бе, апаң мен әжең маған өте ұнады. Енді бүгін менің ата-анаммен танысуға келсең, жақсы болар еді.

– Кейінірек таныссам болмай ма? – Бұл сөзімнен соң, Сұлушаштың жүзіндегі қуанышты рең солғын тарта қалды. Жо-о-оқ! Оны мұңайтуға хақым жоқ. Айтқанына келістім. Ішкі үрейім Сұлушаштың үйіне барғанда расталды. Сауалдары таусылмайтын нағыз қазақтар екен. Кей сұрақтарына жауап беріп үлгермей жатып, келесі сұрақтарын көлденең тарта қояды.

– Әкең жөнінде тіс жармадың ғой. Келгелі апам, әжем деп қана отырсың. Жігіт өз жұртын жақсы білуі керек,-деді кенет әкесі шежіре айтып отырғандай маңғазданып.

– Мен әкесіз өскенмін, – дедім амалым құрып. Сұлушаш маған жалт бұрылды. «Неге айтпадың?» деген кінәмшіл көзқарасын оқып үлгердім. Айтуға мұршамды келтірді ме жұмыс қамы?

– Сонда қалай? Әкең жайлы ештеңе білмейсің бе?

– Сабыр, жігітті ұялта бермесеңші. Үйімізге алғаш келуі ғой,-деп Сұлушаштың анасы Бибігүл отағасын ақылға шақырып еді. Онысынан түк шықпады.

– Мен қызымды жеті атасын білмейтін жетесізге бермеймін. Тексіз біреудің ұрпағын жалғастыруына көнбеймін!

– Әке! – деп шыр етті Сұлушаш...

Бұлт арасынан шыға алмай тырмысқан ай да қараңғы. Жарығы болса да, мына көшелер де қараңғы. Кеудемде жүрегім соғып тұрса да, мына әлем мен үшін қараңғы. Көңілімдегі көктемді әлгі сөздер тонап әкеткен, ол да қараңғы. Алыстан жалған жылтыраған жұлдыздар да қараңғы. Өмір-қапас, мен-тұтқынмын. Адамдардың бәрі өмір-абақтының тұтқыны. Тек өтірік күліп, өздерінің жасанды шаттықтарына «бақыт» деп ат қойған. Бірақ менен өткен ғаріп бар ма? Қазақ үшін ең ауыр сөз-тексіз. Оны естігенше, тірідей жерге кірсемші. Сұлушаштың тікмінез әкесіне ренжи де алмадым. Онікі дұрыс. Жеті атасын тексермей, қыз алысып, қыз беріспейтін қазақ қой ол. Мына диуана халіме кімді кінәлаймын? Таптым! Әкем айыпты! Ол мені тастап кетпегенде, мен айдың-күннің аманында тексіз атанбас едім.Сені дүниенің қай қиырына кетсең де, іздеп табамын. Сосын жазаңды беремін! Оған мына қараңғылық куә!

– «Сұм өмір абақты ғой саналыға», – деп ыңырси өлеңдетіп үйіме кірдім. Бұл өлең жолы қайдан есіме түскенін білмеймін, мектепте әдебиетті сүйіп оқитынмын. Сол шағым елес беріп жатыр ма? Әлде жаныма жақын болған соң, жалғыз жол өлеңді әнге айналдырып алдым ба? Өзім де білмеймн. Аналарым ояу екен.

– Балам, алтыным, саған не болды?

Әжем жылаудың аз-ақ алдында тұр.

– Әміржан, сен ішпейтін едің ғой?

Апам мені тани алмады. Менің аяғымды бастырмай тұрған арақ емес, шер ғой, апа, шер!

– Құдағиыңның қолынан шай ішіп едім, буыныма түсіп кетті,-дедім мысқылдап.

– Шайын беріп, қызын бермеймін деп қуып шықты.

– Не дейсің? Қызына сендей жігіттің төресін таба ала ма екен?

– «Тексіз» деді! «Жетесізсің, әкесіз өскен ұлға қыз бермеймін» деді!

Анам тілден қалды. Жүресінен отыра кетті. Әжем дұғаларын айтып, Алласынан жәрдем тіледі. Бірақ Алла құтқарушы періштелерін жібермеді.

Мен тағы да жауапсыз сұрақтардың соққысында қалдым.

Адам үш күннен соң тозаққа да үйренеді деседі. Мен де үйрендім. Сұлушашсыз өмір кешуге, әкемнің кім екенін білмей алас ұруға, тіпті анау құбыжық хабарламаларға да үйреніп, мойынсұнып кеттім. Хабарлама жылт етті. Қараңғылықтан шығарар сәуле ме, әлде... Оқи бастадым. «Әкеңнің жоқтығынан шаңырағың құрылмай жатып құлап түсті. Енді не істемексің? Жоқ әкеңді іздейсің бе?» «Жоқ әкең» деп не тантып тұр мына құбыжық? Әкесіз сәби туылатын ба еді? Әлде әкем қайтыс болған ба?Құбыжыққа қанша қоңырау шалсам да, тұтқаны көтермейтінін білемін. Сондықтан «мықты болсаң, қарсы алдыма кел» деп хабарлама жазып жібердім. «Оған әлі ерте» деген жауап келді.

Кішкентай күнімде ойнап жүріп құлап қалсам, бірден анама жылап баратынмын. Ол мені ыстық құшағына алып, еркелетіп, қалай да жұбатып алатын. Бүгін дәл сондай күйге түстім. Жігіт болсам да, көз жасым кірпігімнің ұшында тұрды. Үйге кіре сала, анамды қатты қысып құшақтадым. Әжемді де құшағыма алдым. Көзімді ашқалы көріп келе жатқан қос анам менің ағыл-тегіл жасымды көріп,жандары мұрындарының ұшына келді.

– Апа, әже! Құтқарыңдаршы мені мына азаптан! Біреу менімен қатыгез ойын ойнап жүр. Әкем туралы сандырақ хабарламалар жібереді. Сұлушашты әке-шешесі менімен араластырмай қойды.. Қараңғылықтың қапасынан құтқаршы! Сонау бақытты күндеріме оралғым келеді!

– Балам, сабыр етші,-деді анам оқыстан салқын үнмен.

– Жоқ, сабама түсе алмаймын. Күнде жүрегімді сыздатқанша, бүгін бәрі аяқталсыншы. Мен кімнің ұлымын?Руым кім?Қазақпын ба өзі?-Өзім үшін сонша қымбат қос қимасымды аямадым. Өзімшілдігім жеңді ақыры. Әжем аузын басып, еңкілдеп жылап тұр. Шешем әкемнің өлгенін естіртердей түнеріп алған.

– Апа, шындықты айт. Бүгін жауаптан қашпа!

– Дайынсың ба жауабын естуге?

– Иә, әзірмін!

– Гүлжаз, қой, айтпа!-Әжем екі қолы ербеңдеп, ортамызға түсті.

– Қашанғы жасырам? Қанша уақыттан бері алқымымнан алып болды. Айтып құтылайын. Ар жағы бір Аллаға аян.

– Иә, айтып құтыл, апа!

– Мен сені жасанды ұрықтандыру жолымен туып алғанмын.

– Түк түсінбедім. Әкемнің тастап кеткені қайда?

– Жоқ, ол өтірікті сенің көңілің суысын деп, мен ойлап тапқанмын. Бірақ сенің тыныштық алар түрің жоқ. Ақыры білдің.

– Нені білдім? Әкесіз қалай туғанмын?

– Жасанды ұрықтандыру орталығына барып, қызмет ақылары үшін төлем жасадым да, ұзын бойлы, қара көзді, бұйра шашты деген сипаттамалы ұрықты таңдадым. Сөйтіп сені өзім үшін туып алдым.

– Өзім үшін деген не кесел, апа?

– Кәрі қыз мылжа-мылжа кемпір болмай ма? Күйеуге шықпаған соң, жалғыз жүре бермейін деп, өзімнің болашағымды ойлап, сені дүниеге әкелдім.

– Қандай болашақ? Кімнің келешегі?-Жаным алас ұрып, тысқа ұмтылдым. Жолыма кедергі болған анамды өмірімде алғаш рет кеудесінен итеріп жібердім.

Ілбіп келем, ілбіп келем. Бойымда шала-жансар жаным бар. Ойымды зіл қара тұман басқан. Жанымды тас түнек еңсеріп алды. Түнерген мылқау әлемде иненің жасуындай да сәуле қалмады. Тұлдыр кеңістікте құр тырбыңдап келем.Ақылым адыра қалып, қайран жүрек қана қалды қалтырап. Кімге екені белгісіз, мұң шаққым келді. Осы ой сүйрелеп, Абай ескерткішіне алып барды. Ескерткіш түбіне құлай кеттім: «Ұлы баба, «қазақпын» деп өмір кешкен балаңмын! Енді бүгін өзімді кім деп атарымды білмей әуремін. Айтшы, данагөйім, адамды адам қолдан жасап алса, кімге күнә?Ақша үшін албасты тұқымын шыныға салып өткізген шайтантектілер айыпты ма? Әлде сол шыныдағы ұрықты жатырында дамытқан өзімшіл әйелдер жазықты ма?Осы азғындыққа ауыздық салмай, есіртіп отырған күллі қоғам ба? Менің даусым жетер емес. Үн қатшы мына меңіреу қоғамға! Оятшы арын! Сақташы барын!» Дәл осы сәтте бүкіл жаным нағыз әке құшағын аңсап тұрды. Ал Абай ескерткішінен жауап болмады: «ұстарасыз аузына мұрты түскен» қазағын көрген данышпан да менімен бірге жылап тұрғандай.

Түн етегінің қалай түрілгенін, таң шапағының қалай шашылғанын мен сезбедім. Құбыжықтың қоңырауынан ес жидым. Қыздың даусы «Қайдасың?» деді. Адам өліп бара жатса да, ішін қызығушылық теседі екен. Өлер халге жетсем де, ол диюмен кездеспей кеткім келмеді. Мына сұмдықты қара! Бөксесін бұраңдатып Әйгерім келе жатыр.

– Сәлем, Әмір!

– Не керек саған?

– Сен керексің!

– Арам екенсің! Бір кеңседе жүріп, істеген ісіңді қара! Сонда не таптың?

– Сұлушаш екеуіңді ажыратқым келді. Сен туралы ақпарат іздеп шаршамадым. Сұм дерек мені өзі іздеп тапты. Менің алыс жамағайын бір тәтем қыз күнінде сенің апаңның құрбысы болыпты. Екеуі анау орталыққа бірге барыпты. «Содан туып алған ұлы ғой» деп тәтем бәрін біліп отыр екен. Сол шындықты өз пайдама асырдым.

– Ештеңе де кәдеңе жарамады. Мен әкем жайлы бәрін білдім.Одан саған келіп-кетер не бар?

– Көп нәрсе өзгерді. Сенің әлпештеп жүрген сұлуың тастап кетті. Қайрылып келмейтіні анық.

– Сонда Сұлушаш болмаса, мен саған ғашық болам ба?

– Мен тегіңе қарамаймын. Әрі менің махаббатым екеумізге жетеді!

– Жоқ, мен Сұлушашты сүйемін!!!

Осы өмірдегі жалғыз мөлдірім-махаббатымды бар даусыммен айғайлай айттым.

– Мен де сені сүйемін!

Ту сыртымнан естілген сыңғыр үнге жалт бұрылдым. Боташым, сүмбіл шашым, келдің бе? Жанарымыз түйісе қалды.

– Қайғы құрты мүжіп біткен жанымды,

Қайдан білдің запыран шеккен халімді?

– Мен білмейтін жүрегіңде күй бар ма?

Сені сүйем, басқа жайға иланба!

– Сұрама менің тегімді,

Білмей-ақ қойшы елімді!

– Қазақы жаның, тілің бар,

Кем тұтам қалай өзіңді?!

– Тегім-жын, ал анам-қазақ,

Содан да өмір толған азап!

– Жын бол, мейлі пері бол!

Жүрегімнің мәңгі үні бол!

Ғашығымның жасты жанарындағы осы ойды оқыған мен оған қарай тәлтіректей ұмтылдым...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар