Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақылбек Шаяхмет: Көңілден шыққан көрікті сөздер

19.04.2017 2107

Ақылбек Шаяхмет: Көңілден шыққан көрікті сөздер

(ділмарсөздер)

* * *

Рушылдық дерт – қаулап тұрған өрт.

* * *

Көргенсіздердің алдында көргенділер дәрменсіз.

* * *

Таза болып қалғың келсе, жүн-жұрқа, күл-қоқыстан алыс жүр.

* * *

Өз бойыңды өлшегің келсе, тапалдармен емес, биіктермен салыстыр.

* * *

Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин.

Ұлт ұйтқысы Ахмет Байтұрсынов.

Ұлт ұраншысы Міржақып Дулатов.

* * *

Орыс айтқан сөздің бәрі орынды емес.

* * *

Қазақылық – нағыз ғұрып.

Қазақшылық – шылық-былық.

* * *

Жалғандық (фальшь) туралған ет – фарш секілді, ұсақталып кеткенде расы мен өтірігін ажырата алмай қаласың.

* * *

Көсемдердің көсеу, шешендердің мешел болғаны елге кесел болды.

* * *

Біздің қоғамға зұлымдықтың дәні емес, ізгіліктің нәрі керек

* * *

Мешкей деген жақсы ат емес,

Кандидат болу мақсат емес.

* * *

Адал болсаң, жерде қалмайсың, арам болсаң алысқа бармайсың.

* * *

Намысы бар қазақтың табысы жоқ,табысы көп қазақтың намысы жоқ.

* * *

Өз жеріңе өгей болма!

* * *

Өрге шықсаң да, өктем сөйлеме.

* * *

Еркіндік дегеніміз еңсесі биік, еңкеймей енер ақ орда.

* * *

Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренсек, досы көппен сыйласып, досы азбен сырлассақ, үйде шешен болмай, түзде көсем бола білсек, досқа ашылған алақан, дұшпанға жұмылған жұдырық болсақ, саусақ бірікпей, инеге жіп ілікпейтінін терең түсінсек, көп қуанып, аз күрсінсек, бойға сіңген жаманшылықты сылып тастап отырсақ, ақылымыз азбай, тонымыз тозбай, қазақтың тасы өрге домалайтыны анық.

* * *

Елі үшін тер төккен, жері үшін қан төккен кісіні ер десе жарасады.

Қарақан басын ойлаған, қанша жесе тоймаған кісіні ез десе жарасады.

* * *

Ездер еңсеңді басса, ерлер рухыңды көтереді.

* * *

Досыма – сенім, жауыма – кегім – Қасиет.

Кездейсоқ өлім, текке өткен өмір – Қасірет.

* * *

Қарсы алғанбейбіткүнніңнұрлытаңын,

Өзүйім – Отанымныңбірбұтағы.

* * *

Көйлек тігер торқа, бөзді сандықтан шығармай, шіріткеннен пайда жоқ.

Көңілдегі көрікті сөзді ауыздан шығармай, іріккеннен пайда жоқ.

* * *

Тамыры терең бәйтеректі көзге ілінбейтін құрт-құмырсқа сұлатады.

Мызғымай тұрған тұғыр-тіректі жұрт елемейтін сыбыр-күбір құлатады.

* * *

Көзілдірікті мұрын көтереді, пайдасын көз көреді.

Таяқты қол ұстайды, пайдасын аяқ көреді.

* * *

Емізікпен өскен баладан ана сүтіне уызынан жарыған баланың артықшылығы көп екені анық.

* * *

Ана тілі төрге шығарса, орыс тілі өрге шығарғаны анық.

* * *

Ана тілі – атаның құты,

Ана тілі – ананың сүті.

* * *

Ана тіл – анамыздың ар-намысы,

Ана тіл – бабамыздың толғанысы.

* * *

Жалғыз жүріп қараңғыда жол тапқаннан көпшілік үшін жарық жаққан көп артық.

Оңы мен солын айыра алмайтын көппен бірге жүріп адасқанша жалғыз жүріп жол тапқан дұрыс.

* * *

Өзі туып-өскен жұртқа қызмет ету мен тамыры тереңде жатқан ұлтқа қызмет ету – екеуі екі түрлі.

Алғашқысы – рушылдық, жершілдік., жікшілдік.

Екіншісі – ұлтшылдық, қайраткерлік, көпшілдік.

* * *

Алғыс айтқан ауыздан қарғыс шығар кез болар,

Киім шіріп, тән тозар, өшпей жалғыз СӨЗ қалар.

* * *

Отанды сүю – иманнан,

Тәніңе иман құйған қан.

Иманың қалса таусылып,

Пайда жоқ терген-жиғаннан.

* * *

Аққуда сүт, жылқыда өт болмайды,

Арсыз болса, адамда бет болмайды.

* * *

Мысың басып, күшің асып, қайратың тасып тұрса – дұшпаның жасып тұрады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар