Дидахмет Әшімханов пен фототілші Берсінбек Сәрсеновтің “Қазақ әдебиеті” газетінде бірге қызмет істеп жүрген кезі екен. Бірде екеуі ығы-жығы қайнаған қалың халықтың арасында, темір жол вокзалында оқыс бетпе-бет ұшырасып қалыпты. Қапелімде не айтарын білмей сасып қалған Берсінбек:
- Әшеке, сәлеметсіз бе, халіңіз қалай? – деп қолын ұсына береді.
Сонда Дидахмет беті бүлк етпестен:
- Сәрсеке, сәлеміңізге рақмет... Менің ұлым Дидахмет, сенің ұлың Берсінбек екеуі бірге бір газетте істейтін көрінеді ғой. Соған қарағанда сіз бен біздің халіміз жаман болмас! – деген екен.
* * *
Талантты жас ақын Әбубәкір Қайран бірде “Балдырған” журналының редакциясына барады. Бұрынырақта өзінің қызмет істеген жері екен, жігіттермен қауышып, әңгіме-дүкен құрысады.
- Не жаңалық, Әбіш? – дейді жігіттер.
- Жаңалық сол... кеше Кеңес Одағының президенті Горбачев ант берді, оны өздерің де естіп жатқан боларсыңдар, – дейді Әбубәкір әңгімені саясат жағына бұрғысы кеп.
Сонда сатирик-ақын Бейсебай Кірісбаев:
- Әбіш-ау, ант бергенше халыққа қант неге бермейді екен. Әңгімені содан бастасаң етті, – депті мырс етіп.
* * *
Өнер зерттеуші Мұхаметжан Әлімбаев тумысынан қалжыңбас, үлкенмен де, кішімен де әзілі жарасып ойнай беретін азамат. Сол Мұхаметжан алғаш үйленген жылы бір топ қаламгер, суретші достарын қонаққа шақырып:
- Бір атаның кіндігінен кіш еткен жалғыз ұрпағы едім. Детдомда жетім өстім. Әйелім ұл тусын деп ырымдап сендерді әдейі шақырып отырмын, – дейді.
Бірақ Мұхаметжанның үміті ақталмай, әйелі қыз туады. Атын “Ақмарал” қояды. Арада көп уақыт өтпей әйелі тағы босанып, бұл жолы да қыз табады. Атын “Сұлу” қояды. Алғашқы нәрестеде үндемей қалған достары енді Мұхаметжанды сөзбен түйреп:
- Сен бракодел болдың. Бізден неге көмек сұрамайсың? Көптеп-көмектеп бір ұл таптырар едік қой, – дейді әзілдеп.
Сонда Мұхаметжан:
- Достарым, менің суретші екенімді білесіңдер. Мен қазір триптих жасау үстіндемін. Менің жоспарым бойынша, Ақмарал, Сұлу, Еркемай деген “триптих” үш қыз дүниеге келу керек. Содан кейінгі “триптих” ұлдар болады. Ұлы аталарының құрметіне ұлдарымды ылғи “иттен” келетін – Ғабит, Сәбит, Леонид қоямын, – депті.
- Ғабит пен Сәбит түсінікті ғой... Ал Леонидің не? – дейді достары.
- Брежневтің құрметіне, – депті Мұхаметжан.
Жетім өскен Мұхаметжанның осы сөзі Құдайдың құлағына шалынды ма, әлгі қалжыны шындыққа айналып, келесі жылы Еркемай дүниеге келеді. Арада бір жыл өткенде Ғабит, енді бір жылдан соң Сәбит өмірге келеді. Әйелі соңғы ұлға босанған кезде Брежнев қайтыс болып, Леонид тумай, ұлдардың “триптиғы” аяқталмай қалыпты.
Шүкіршілік, қазір өнер зерттеуші Мұхаметжан Әлімбаевтың Ақмарал, Сұлу, Еркемай және Ғабит, Сәбит деген бес баласы азамат болып өсіп жатыр.
* * *
Дидахмет Әшімханов киіміне қыл жұқтырмайтын, бәтеңкесі де айнадай жалтырап жүретін, бойын үнемі таза ұстайтын жазушылардың бірі. Сонысын байқап жүрген қызметтес бір інісі:
- Осы сіздің бәтеңкеңізге қылау жұқпайтынына қайранмын... Мен де сіз құсап жалтыратып-ақ шығамын үйден, бірақ автобуста қысылып-қымтырылып, жұртаяғымдыбасып... – деп,“мұңын” шаға берген кезде, Дидахмет оның сөзін бөліп жібереді.
- Түһ... сен де қызық екенсің, – дейді қолын сілтеп. – Автобусқа адам бәтеңкемен кіре ме екен. Жұрт аяғымды басып, тап-таза бәтеңкемді былғайтынын білем де, мен автобусқа кіре бере бәтеңкемді шешіп қолыма алам...
* * *
Жетпісінші жылдары ақын-жазушылар Әди Шәріпов, Сергей Киселев және Сырбай Мәуленов шығармашылық сапармен Шығыс Қазақстан жаққа барады. Бетіне күміс шытыра шашқандай жарқыраған Бұқтырма теңізін көргенде Киселев:
- Осы теңіздің жағасында демалып жатса, шіркін! – деп таңдайын қағып, тамсанып қояды. Құрмет көрсетіп жүгіріп жүрген жігіттер бұл сөзді ести салысымен теңіздің шағындау аралына алты қанат киіз үй тіккізіп тастайды. Үлкен Нарын ауданының басшысы келіп, кешке дейін қаламгерлердің қасында болып, қой сойып, сый-сияпат жасайды. Кеш түскен кезде:
- Сіздер тынығып, демалыңыздар, біз таңертең келейік! – деп, бұларға қоржын-қоржын тамағын, арақ-шарабын қалдырып, өздері моторлы қайыққа отырып кетіп қалады.
Олар кетісімен қас қарая маса буады ғой. Теңіздің ортасында жападан-жалғыз қалған үшеуі киіз үйге кірсе де, далаға шықса да масаға таланып, шыдамай бара жатқан соң суға қарғып, таң атқанша кірпік ілмей, ит қорлықты көреді. Сол түнгі қияметке қатты ашынған Сырағаң ертеңінде мынандай өлең шығарыпты:
“Үй тікті алты қанатты,
Тартты қос-қос табақты,
Құйды мөлдір шарапты.
Түнде тастап аралға,
Масаға бізді талатты...
Бетімізден сорғалап,
Шараптай қызыл қан ақты.
Шықпа, жаным, шықпа деп,
Әупіріммен таң атты!”
* * *
Осы сапарда Сырағаңдармен еріп жүрген обкомның бір қызметкері соңынан, Өскемен қаласындағы бір жиында:
- Біз ақын-жазушыларды, әсіресе Сырбай Мәуленовті құрметтеп, ел мен жерді көрсетіп шапқылап жүрсек, ол кісі еңбек ерлерін жазудың орнына Үлкен Нарын ауылындағы бір кездесуде “Маса” деген өлең оқыды емес пе, – депті мінбеден ренішін айтып.
Бұл сөзді естіген кезде, сол кездегі облыстық газеттің редакторы, казақ журналистикасының майталман қайраткерінің бірі Мұқан Әбуғалиев орнынан ұшып тұрып:
- Сендердің алғаш көрсеткен кейіпкерлерің маса болса, Сырбай басқа несін жазсын! – деп залдан айқай салыпты.
* * *
Сейфолла Теміров деген драма театрының әртісі өз ғұмырында біраз әйелге үйленсе керек. Сейфолла Шәкен Аймановпен түйдей құрдас екен. Ал әзіл-қалжың жағына келгенде Шәкен алдына жан салмаған сабаз ғой. Сейфолла құрдасының “әйел алғыштығын” мегзеп, ол бірде “Жоғалған әйелдердің жоқтауы” деген ән шығарады да, оны өлеңімен бірге достарының арасына таратып жібереді. Шәкеннің сол шығарған өлеңі мынау екен:
Алғаным небәрі он бір қатын,
Бәріне ауды ыстық махаббатым.
Сағынам он бірін де жатқанымда,
Шатастырам кей-кейде атап атын.
Қайырмасы:
Он бірім-ай, Өндірім-ай,
Махаббат мөлдірім-ай,
Есімнен қалдырмайме-е-ен,
Мен бірін-а-ай!
* * *
Ақын Қабыкен Мұқышев (1920–1976) Ақмоланың бір мейманханасына орналасып, үш күн бойы бөлмесінен шықпай “тойлап” жатып алыпты. Төртінші күн далаға шықса, айнала аппақ қар, күн жарқырап шығып тұр екен.
“Апырмау, таң да атып қалған екен-ау” дейді Қабыкен таңданып.
- Қабеке, жалаңаяқ қар кешіп тұрғаныңыз не? – дейді қарсы жолыққан бір танысы.
Сонда Қабыкен аяғына бір қарапты да:
- Шабытым шамырқанған кезде табаным шыдатпай қызып кетуші еді, соны салқындатып тұрғаным ғой, – деп, табан астында сөз тауып, құтылып кетіпті.
* * *
Қазақ халқының ақсақал жазушыларының бірі Сейтжан Омаров ғұмыры арақ-шарапқа ернін тигізбеген жан екен. Осыны білетін қаламгер інілері әлдебір жиында “мынау жай сусын шарап, асқазанға шипасы бар” деп алдап, Секеңе “Шартрез” деген шарапты күштеп жұтқызып жібереді. Содан Секең мас болғанын “уландымға” жорып, “баяғыда “Шартрез” ішіп өліп қала жаздадым емес пе” деп, кейіндері әлгі оқиғаны әр жерде сөз етіп айтып отыратын көрінеді. Ақсақалдың осы мінезін қызықтап, Сырбай Мәуленов Секеңе арнай мынандай өлең шығарыпты:
“Шартрезді” ұрттады,
Ойлап шипа шарап деп.
Сосын оны жұтпады,
Отырды ол қарап тек.
Улады деп денемді,
Соқпады оған бір қайтіп,
Сол “Шартрез” дегенді
Қырық жыл бойы жүрді айтып.
* * *
Жаздың ми қайнатқан аптап бір күнінде ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Жайсаңбек Молдағалиев (1935–1986), Әубәкір Нілібаев Жезқазған облысының Ақадыр ауданына сапарлап барып қалыпты. Аудан басшылары қаламгерлерді сол жақтағы бір кеңшарда директор болып істейтін Көкжалов деген кісінің үйіне қонаққа ертіп апарады. Көкжалов атына сай мінезді жігіт болса керек:
- Мынау күйіп тұрған шілдеде, торғайдың қанаты күйер мынау шөлде бұлар не іздеп жүрген кісілер? – дейді басшыларға әзілдей бұрылып.
Басшылар не айтарын білмей аңтарылып қалысады. Осы кезде Сырағаң гүж етіп, Көкжаловқа төніңкіреп барып былай депті:
– Шөлден көл іздеп жүрміз,
Елден ер іздеп жүрміз,
Көкжал болып атағы шыққан,
Соның ішінде сені іздеп жүрміз...
* * *
1991 жылы Көкшетау өңірінде өткен Абылай ханның мерейтойы кезінде Сырбай Мәуленов Шота Уәлиханға қаратып, өлеңдете жөнеледі:
- Жаңбыр жауды Шотаның шабытындай,
Сөз сөйлейді кейбіреу жағы тынбай...
Осы арада Қадыр Мырза Әли Сырбайдың сөзін іліп әкетіп, қалған екі жолды табанда сарт еткізіпті:
- Бұл қазақ өз бетімен ел болмайды,
Дер кезінде Шотаға тақ ұсынбай.
Оқырманға ескертетін жай: Қадыр ақын Шотаның төре руынан, хан Абылайдың тікелей ұрпағы екенін мегзеп отыр.
* * *
Тәуелсіздіктің елең-алаңы болса керек. Кеңес экономикасы күйреген, ел күйзелген қиын кезең. Сол бір шамада жазушы Шерхан Мұртаза “хан тұқымы Шота Уәлихановты елбасы сайламай қазақ оңала қоймас”, – деп қалжыңдапты.
Сонда Шота былай деген екен:
- Ұлылардың сарқыты екенім рас. Бірақ сендер Абайды соққандай соғып, Әлиханды атып тастағандай атып тастарсыңдар.
- Ол жағын айта аламаймын... Гарантия жоқ! – дейді Шерағаң.
- Әй, дегенмен олардан жаным артық емес шығар. Айтқандарыңа көнейін. Ақылым жетеді, күш-қуатым баршылық, қайрат қайтқан жоқ, апарып таққа отырғызыңдар мені. Сендер сертке тұрсаңдар, хан тұқымы екі сөйлемес... – деп Шота қарқылдап күліп жіберіпті.
* * *
1936 жылы Мәскеу қаласында Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткізілгені тарихтан белгілі. Тұңғыш рет өткізілген бұл онкүндікке қазақтың небір күміс көмей, жезтаңдай әншілері мен бишілері, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің майталмандары қатысады. Солардың ішінде Тайжан ақын да бар екен.
Қазақстан делегациясы Қазан вокзалына тоқтап, улап-шулап түсіп жатса – төңірек құжынаған көп халық... Біреудің біреуге қарайлауға мұршалары жоқ, жүктерін көтеріп, арбаларын сүйретіп, қойдай сапырылысып жатыр. Бұрын мұндай қаймалысқан көпшілікті көрмеген Тайжан ақын аңтарылып тұрып қалады:
- Япырай, – дейді қатты өкініш білдіріп. – Бір көрсем деп осыншалық зарығып келгенде Мәскеудің көшіп жатқан сәтіне тап болғанымды қарашы!
* * *
Жасамыс бір драматург Халық әртісі Серке Қожамқұловқа (1896–1979) барып, жаңадан жазылған пьесасын оқып береді. Серағаң пьеса нашар жазылғанын бетіне айтып, драматургті шығарып салады.
Тауы шағылып, үміті үзілген драматург үйіне келеді де, қолжазбаны жанып жатқан отқа тастай салады. Түбі жақсылап түптелген, мұқабасы қапталған бума қағаз бықсып жана қоймайды. Қолжазбаның жанбай жатқанын байқаған драматург мұны жақсылық ырымға жорып, от ішінен суырып алады да, күлін қағып сақтап қояды.
Келесі күндердің бірінде тағы да Серағаңа жолығып, “сіз жаратпаған пьеса отқа жанбай қойды, соған қарағанда ол жаман шығарма болмағаны ғой” дегенді айтады.
Сонда Серағаң:
- Пьесаң отқа қайдан жансын, жыланқарағы жоқ, көлкіген су болса! – деп тағы да турасын айтып салыпты.
* * *
Ертеректе Министрлер Кеңесінің кеңейтілген бір жиналысында Қаржы министрі Өтешқали Атанбаев баяндама жасапты. Үзіліс кезінде министр өзі бұрыннан жақсы танитын, бір-бірімен әңгімелесіп-сөйлесіп жүретін Мұхтар Әуезовке жолығып, ізетпен сәлемдеседі де:
- Иә, Мұқа, қалай болды? Менің баяндамам жұртқа ұнады ма? – деп сұрайды.
Сонда Мұқаң кеңк-кеңк күліпті де:
- Пәлі, Өтеке-ау, жұрт сенен ақыл сұрайды дейсің бе! Уағымен ақшаңды бepiп тұрсаң болғаны да! – деп жауап беріпті.
* * *
Талантты ғалым, әйгілі әдебиет сыншысы Баламер Сахариев (1929–1979) бір жазушы досының тойына қатысып, ертеңінде басы ауырып көшеде келе жатады. Ерте көктемнің жылымық күндерінің бірі екен. Бұрылып кафелердің біріне кірейін десе, қалтасында көк тиыны жоқ. Сөйтіп, салы суға кетіп, жүдеп келе жатқанда қарсы алдынан ақын Мұзафар Әлімбай кездесе кетеді. Қуанып кеткен Баламер:
- Ауылымның қонғаны КИЗ-де деймін,
Бip өзіңнен басқаны іздемеймін, –
деп өлеңдете жөнеледі. Мұзағаң Баламердің сөзін шапшаң бөліп:
- Бұл күнде қалтамыздың түбі тесік,
Айналып біp соғарсың күзге дейін! –
деп бұрылып жүріп кетіпті.
* * *
Әдеби жылды қорытындылаған бір жиналыста ақын Сырбай Мәуленов (1922–1993) баяндама жасайды. Баяндамадан соң біраз жарыссөз болып, соңын ала мінбеге академик Мұхаметжан Қаратаев (1910–1995) шығады. Ол өз сөзінде Сырбайдың баяндамасына біраз сын ескертпелер айтады.
Жиналыстан шыққан соң Мұқаң Сырбайдың қасына келіп:
- Сен ренжіме! – дейді арқасынан қағып. – Балдыз болған соң сені әдейі батыра сынадым.
Сонда Сырбай:
- Мұқа, бұл балдыздар мен жезделердің жиналысы емес қой! – деген екен.
* * *
Төл әдебиетіміздің тамаша сыншысы, эстет-ғалым Зейнолла Серікқалиев (1938–2004) өзінен жасы біршама кіші, қызара бөртіп алған бір ақынмен сөз таластырып қалыпты. Ақын жігіт көкірек қағып, еліре сөйлеп, өлең жазу сыншылардың қолынан келмейтінін айтып өңмеңдей түседі. Мақтаншақтың сөзіне күйіп кеткен Зекең:
- Бас сүйегіңді саудыратып,
каска етсем дeп eдiм,
Бет теріңді сыпырып aп,
маска етсем дeп eдiм,
Кеңірдегіңді суырып aп,
шләнгі етсем дeп eдiм, Қ
ұлағыңды жұлып aп,
ләңгі етсем дeп eдiм, –
деп Махамбетше жырлай жөнеліпті.
* * *
Композитор Латиф Хамиди (1906–1983) мен ақын Мұзафар Әлімбай әңгіме-әзілдері жарасып, ағалы-інілердей болып кеткен кісілер екен. Бірде Мұзафар Алматының көшесінде аяғын санап басып, ақырын жылжып келе жатқан композитор ағасына қарсы жолығып қалады.
- Латеке, денсаулығыңыз қалай? – деп жадырай сәлем береді.
Жетпістің бесінен асқан әзілкеш композитор сәл ойланып тұрыпты да:
- Кешеге қарағанда бүгін нашарлау, ал ертеңге қарағанда бүгін құдайға шүкір! – деп жауап беріпті.
* * *
Елуден асқаннан кейін жазушы Шерхан Мұртаза мұрт қояды. Онсыз да суық мінезді, турашыл Шерағаңа қою қап-қара мұрты ерекше жарасып, айбынын асыра түседі. Мұны көрген қаламгер бір құрдасы әзілдеген болып:
- Ой-хой, Шер-аға, мұртыңыз мұрт-ақ екен!– деп өзінше қолпаш сөз айтыпты.
Сонда Шерағаң құрдасының жып-жылтыр көсе бетіне бажырая қарапты да:
- Осы қатын бет еркектердің жұрттың мұртын да көре алмайтыны-ай! – деп бұрылып кетіпті.
* * *
Соғыс жылдары болса керек. Көктем айының бірінде, жер дегдіп, көк шыққан мезгілде Мұхтар Әуезов (1897–1961) Ұзынағаш жақтағы қарт Жамбылға сәлем беруге арнайы сапарлап барады. Даңқы асқан жазушы інісін көрген Жамбыл ақын да созалаңдап орнынан тұрып:
–Уәликүмәссәләм, Мұхтарым,
Оң қолымды ұстағын.
Жиі-жиі сенімен,
Кездесуге құштармын.
Мен кәрімін, сен жассың,
Қолымды артық қыспағын.
Құтты болсын, қарағым,
Баспадан әлгі шыққаның!
Сабасындай биенің
Өзіңді-өзің ұстағын.
Еңбегің “Абай” жазғаның –
Өрлеп көкке ұшқаның, –
деп, құшағын жайып, қуана амандасыпты.
* * *
Көкірегі сара, жүрегі даңғыл, буырқанған Жамбыл жырауға қара сөзден гөрі өлеңмен сөйлеген, өлеңмен жауап берген әлдеқайда оңайға түскен секілді. Ұлы ақынның Рақымжан Досымбаев деген жеке дәрігері болыпты. Сол Рақымжан Жәкеңнің денсаулығын қарап, тексеруден өткізіп жатып:
– Иә, Жәке, қалайсыз? – деп сұрапты. Сонда Жамбыл дәрігеріне бұрылып:
– Бұл өмірде тоймайды адам жасқа,
Бақыт үшін бола ма жасамасқа...
Қарағым, жасарта бер Жамбылыңды,
Өлтірме шамаң келсе даңғылыңды,
Өмірге тым асығыс ерте туып,
Өткіздім бейнетпенен сан жылымды.
Өткенге өкінемін, амалым жоқ,
Өлімге менің қарсы табарым жоқ.
Өзің біл, шамаң келсе, шара қолдан,
Жай жатқан жан емеспін талабым жоқ,
Бір күні зорлық қылып әкетпесе,
Өзім тілеп өлімге барарым жоқ! –
деп жауап берген екен.
* * *
Жүз жасаған Жамбыл ақынның Қанымжан деген соңғы әйелі Самсы ауылынан екен. Бірде құдалар жағы қарт ақынды сый-сыяпатымен арнайы шақырып, қонақ етіпті. Дастарқан басында небір өлеңдер оқылып, құйқылжытып әндер шырқалады. Ар- арасында құда-жекжаттың әзіл-қалжыңы жарасқан базынасы да айтылып жатады. Сондай мезеттің бірінде шай құйып отырған өжеттеу келіншектің бірі:
– Шай ала отырыңыз, кәрі күйеу! – деп Жамбылға әзіл тастаған болады.
Сонда Жамбыл әлгі келіншекке жалт бұрылып, кідірместен:
– Балдыз деймін, ендеше балдыз деймін,
Су жағалай бітеді жалбыз деймін.
Жасым келді тоқсанның сегізіне,
Жездең қалай жатады жалғыз деймін? –
деп жырлай жөнеліпті.
* * *
Алматыдағы Көкбазардың маңайында ақын Мұзафар Әлімбай композитор Әбілахат Еспаевқа (1925–1975) кездесіп қалады.
- Әй, Әбілахат! – дейді Мұзағаң. – Сен тарихта қалатын болдың!
- Аузыңызға май... Қалайша қалмақпын? – деп сұрайды композитор.
- Кеше бір поэма бітіріп едім. Соған сені кейіпкер ретінде енгізіп жібердім.
- Мұзаға! – дейді сонда Әбілахат езу тартып. – Алдымен сол поэмаңыз тарихта қала ма? Әңгімені содан бастасақ қайтеді?
* * *
Қазақтың көрнекті ақыны Қуандық Шаңғытбаев (1925–2001) пен қырғыз шайыры Темір Үмбетәлиев әзіл-қалжыңдары жарасқан құрдастар екен. Екі дос Алматыда бір кездескенде Қуандық:
- Темеке, поэзияңызда қыз-келіншек тақырыбы сол бұрынғыша шығар, ол жағын әлі қоймаған боларсыз? – деп сұрапты.
Сонда Темір:
– Өтіп кетті жасшылық,
Өтіп кетті састырып,
Қыздар өпкен бетімді,
Қыл сақалға бастырып, –
деп өлеңдете жауап беріпті.
* * *
Жас кезі болса керек, дауылпаз ақын Нұрқан Ахметбековтың (1902–1961) өлең шығарып жүргенін ауылдағы бай біліп қояды. Ақын десе қыртия қалатын бай “Сен жалқау екенсің, әуейісің, ақындар мен жыршының бәрі сондай адамдар” деп маңайына жолатпауға тырысады. Жаз шығып, ауыл жайлауға көшкенде Нұрқанға көлік бергізбей, жұртта тастап кетеді.
Әдетте көшкен ауылдың жұртына ит-құс үйір келетіні аян. Иен жұртты қорыған сондай қасқырдың бірі сүтін сауып, талғажау етіп отырған Нұрқанның жалғыз сиырын жарып кетеді. Соған налыған ақын мынадай өлең шығарыпты:
– Мінерге атым, артарға жоқ түйем де,
Жоқшылықтың отына мен күйем де!
Жалғыз сиыр жар астында жасырын
Кездесіпті қасқыр деген жиенге.
* * *
Ғылым академиясының алқалы жиыны өтіп жатады. Жарыссөз көбейіп, даулы пікірлер туындап, жиын ұзаққа созылыпты. Академик Әлкей Марғұлан (1904–1985) мінбеге қайта-қайта шығып, пікір қосып, жарыссөзге араласа беріпті.
- Әлеке, мұныңыз қалай... сөйлей бердіңіз ғой? – дейді қасында отырған академик Сәбит Мұқанов.
Сонда Әлкей:
- Адам білген соң сөйлейді... Білмеген адам несін сөйлейді! – деген екен.
* * *
Сексенінші жылдардың басында Мәскеуде Қазақстан әдебиеті мен өнерінің күндері өтіп жатады. Қазақстаннан келген жазушылармен кездесу кезінде сахнаға сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Олжас Сүлейменовпен қатар Қалмұқан Исабаев та шығады. Олжас сөз сөйлейді, соңынан Қалмұқан мәс- кеулік әріптестеріне сый-сияпат тапсыруға көмектеспекші болады.
Шешендігі орыстарды жаңылдыратын, қашанда тауып айтатын, өткір сөйлейтін Олжас сөзінің соңында өзінің ұзын бойлы, ал Қалмұқанның бәкене екенін мегзеп: “Мына алдарыңызда тұрған майдангер Қалмұқан мен бүгінгі жасамыс менің бітімімізді бүгінгі қазақ кеңес әдебиетінің даму диаграммасы деп қабылдаңыздар” деп әзіл тастайды.
Сонда Қалмұқан орыс тілінде: “Ол рас, Олжас – әдебиетіміздің саны, мен сапасы боламын!” – деп ойланбастан жауап беріпті.
* * *
Елуінші жылдардың аяғында, қоңыр күзде Халық әртісі, атақты күйші Әбікен Хасенов (1897– 1958) қайтыс болады. Күйшіні жерлеу комиссиясын басқару Шәкен Аймановқа (1914–1970) жүктеледі де, ол оған қаржы сұрап, жоғарыда қызметте отырған Асқар Закаринге барады. Әбікен Қарағанды облысы, Шет ауданында тұратынын, Алматыдан біраз өнер қайраткерлері жерлеуге баруы керектігін айтып, бес мың сом бөлгізуді сұрайды. Мұны естіген Асекең:
- “Бес мың сом” дейді? Бұл бір адамға көп емес пе?– деп басын шайқай беріпті. Сонда Шәкен:
- Асеке-ау, бір бес мың сом үшін тағы біреуіміз өлуіміз керек пе! – деп күлдіріп, қажет қаржыға ұлықсатты алып шығыпты.
* * *
Алпысыншы жылдар болса керек, Жазушылар одағындағы әдебиет мәселесіне арналған кезекті бір жиналыста жас ақынның біреуі Сәбит Мұқановтың поэзиясын сынға ала сөйлейді. Залда отырғандардың үнсіз тына қалғанын арқаланып, әлгі жігіт одан сайын қыза түседі. Сөзінің соңына қарай “Турасын айтсақ, Сәбит Мұқанов ақын емес” деп түйіндейді. Жас ақынның сөзінен соң іле Сәбеңнің өзі мінбеге шығады:
- Жаңағы жігіт мен туралы дұрыс айтты, – дейді Сәбең жұмсақ дауысымен. – Жас кезімде мен де Абайды ақын емес деп санайтынмын!
* * *
Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, белгілі ғалым Ысқақ Дүйсенбаев (1910–1976) тақыр бас, мойыны күжірейген дембелше, толық кісі екен.
Көп жиналыстың бірінде ақын Сырбай Мәуленов тура сол Ысқақтың артқы жағында отырып қалады. Ысқақтың дене бітіміне риза болған ол:
- Желке жағы жеті адыр,
Жылқы жайсаң жеткендей.
Төбе жағы тап-тақыр
Тайлақ тайып кеткендей, –
деп, бір параққа жазыпты да, Ысекеңе ұстата қойыпты.
* * *
“Қазақ энциклопедиясы” баспасы отандық ғалымдардың екі томдық энциклопедиялық анықтамалығын шығарып жатады.
Энциклопедияның бірінші томы жарыққа шыққан кезде баспа басшылары оны Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігіне көрсетуге әкеледі. Ол кезде министрдің бірінші орынбасары Нұралы Бектұрғанов екен. Бірінші том А әрпінен басталып, Қ әрпіне жете аяқталыпты. Қалған Я-ға дейінгі мате- риалдарды келесі жылы шығарылатын екінші томға жоспарлап қойса керек.
Нұралы бірінші томды алай парақтайды, былай парақтайды, кітаптан өзінің аты-жөнін таба алмай, себебін сұрайды.
- Ойбай, сіз ғылым докторы ма едіңіз? – деп баспа басшысының бірі вице-министрдің сұрағына қайран қалады.
- Иә, техника ғылымдарының докторымын, профессормын, республика Ғылым академиясының академигімін! – дейді Нұралы сыпайы ғана.
Баспа өкілдері не уәж айтарларын білмей қысылады.
Сол кезде бәрін естіп, қастарында отырған Сауытбек Абдрахманов:
- Жігіттер, түк те қысылмаңдар! Докторлық диссертацияны тым ерте, сонау Кеңес заманында қорғап, жастайынан академик болып алған Нұрекең өзінен көрсін. Мінезі қарапайым, өзгелер секілді өзеурей бермейтін бұл кісінің ғалым екенін ел-жұрты баяғыда ұмытып кеткен... Сондықтан екінші томға “Тұрғанов Нұралы” деп суреті мен өмірбаянын басып, соңына сноска беріңдер. Сноскада “Бектұрғанов болып оқылсын” деп ескертсеңдер, мәселе шешіліп жатыр! – деп, жиналғандарды ду күлдіріпті.
* * *
Ел жақтан келген бір ағайын есімі қалың қазаққа белгілі сықақшы, халқымыздың сүйікті ақыны Оспанхан Әубәкіровпен (1934–1986) әңгіме кезінде:
- Оспанхан қарағым, ішімдік атаулыны сен мүлдем қойыпты деп естідік қой, сол сөз рас па? – деп сұрайды.
Сонда Оспанхан иығын көтеріп, басын шайқап:
- Япырмай, бұныңыз жақсы жаңалық екен... Бірақ өзім бұл жаңалықты әлі естімеппін! – деп жауап беріпті.
* * *
Қазақтың әйгілі сәулетшісі, Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасын жасаушылардың бірі Шота Уәлихан – хан Уәлидің тікелей ұрпағы, ұлы Шоқан Уәлихановтың ағайыны екені белгілі. Бірде осы Шөкеңе құрдасы Шерхан Мұртаза:
- Мен осы сенің фамилияңнан қорқамын! – депті.
Сонда Шота:
- Фамилияма көлеңке түсіріп алмасам екен деп, сенен бұрын өзім қорқамын! – деген екен.
* * *
Сатирик-жазушы Садықбек Адамбеков (1922– 2002) Жазушылар одағы Сатира секциясының қарауына өзінің әлі сиясы кебе қоймаған жаңа комедиясын ұсынады. Секцияның кезекті мәжілісінде әлгі комедиясын Сәкең өзі оқып береді. Комедияның шұбалаңқы, ұзақтығы сондай, секцияға қатысып отырғандарды есінетіп, ұйқы шақырта бастайды. Ақын Сырбай Мәуленов те жалығып, ыржалақтап жиі-жиі күле беріпті.
- Әй, Сырбай, сен неге күлесің? – дейді Садықбек оған реніш білдіріп.
Сонда Сырбай:
- Комедия болған соң күлмегенде қайтеміз! – деп одан бетер иығы селкілдеп қоя берген екен.
* * *
Садықбек Адамбеков кеудесінен күн көрінген жұқа болса да, мінезі қағілез, шапшаң кісі. Сол Сәкең бірде ақын Қайнекей Жармағамбетовпен шартпа-шұрт сөзге келіп, қатты ренжісіп қалады. Басын қалтаңдатып, қарсыласын қалай түйрерін білмей ойланып тұрады да:
- Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білмейді екенсің... мен Қарақыпшақ Қобыландының тоғызыншы ұрпағы боламын, ұқтың ба!? – деп шәңкілдеп, қораздана түседі.
Мұны естіген Қайнекей Садықбектің бәкене бойына, түрмеден шыққандай арық бітіміне таңдана қарап тұрыпты да, қос қолын аспанға жайып жіберіп:
- О, садағаң кетейін Қарақыпшақ Қобыланды, сенен өрбіген ұрпақтың соншалықты азғындап кеткені қалай? – деп, басын шайқап-шайқап жіберіп, жөнімен кете барыпты.
* * *
Елуінші жылдардың соңында атағы жер жарған полковник Бауыржан Момышұлыны (1910–1982) Куба мемлекетінің жас лидері Фидель Кастроның өзі арнайы шақыртып, бірнеше күн мейман еткені белгілі. Баукең сол сапарында Кубаның әскер басшыларымен, көптеген офицерлермен, генералдармен кездесулер өткізеді. Сондай кездесудің бірінде олар Баукеңді өздерінің әскери жарғысымен таныстырады. Жарғының бip бөлімінде Бауыржан Момышұлының “шегіну, сосын қайыра шабуылдау” тактикасы да енгізіліпті.
Жарғымен танысқан Баукең оларға:
- Соғыста мен пайдаланған бұл тактика сіздерге жарамайды! – депті. – Шегінгенде маневр жасайтын жерлерің жоқ, алақандай ғана аралда тұрасыңдар, шегінсеңдер мұхитқа барып құлайсыңдар!
* * *
Балалар жазушысы Сейтжан Омаров (1907– 1985) пен ақын Қадыр Мырза Әли (1935–2010) бірімен-бірі көп жылдан бері құда-жекжат екен. Құда болса да көп араласа бермейтін болулары керек. Соны ескеріп, бірде Сейтжан:
- Қадыр құда, өзіңнен хабар жоқ, күні-түні жазу жазып үйіңнен шықпайсың. Құда деген бірінбірі қонаққа шақырушы еді, – деп базына тастайды.
Сонда Қадыр:
- Сәке, “құда мың жылдық” деген емес пе? Сол мың жылдың ішінде сіз бен біз әлі талай кездесеміз! – депті.
* * *
Майдангер ақын, соғыс жылдарында теңізші болған Тоқаш Бердияров (1925–1988) бірде қаламгерлер ортасында:
- Шіркін, тағы бір соғыс болса екен! – депті.
- Тоқасы-ау, қайдағы жоқты айтып... мұныңыз қай сасқаныңыз?–дейді достары таң қалысып. Сонда Тоқаш:
- Атып тастайтын бірер кісім бар еді! – дейді. Бұл әңгіменің астарын түсіне қалған ақын Өтежан Нұрғалиев:
- Тоқа, соғыс болған күннің өзінде сіз “атамын” деген адамдарыңызды ата алмайсыз... Өйткені олар ебін тауып тылда қалып қояды. Соғысқа сорыңыз қайнап тағы өзіңіз кетесіз! – деп мырс-мырс күліп жіберіпті.
* * *
Төл әдебиетіміздің классигі Мұхтар Мағауин ұзақ жылдар бойы “Жазушы” баспасының бас редакторы қызметін атқарғаны белгілі. Баспа деген ірі өндіріс, тынымсыз еңбек, күнде күйіп-жанып жатқан жұмыс. Мұқаң қатты шаршап жүреді. Сондай қарбалас күндердің бірінде телефонмен Баспа комитеті бастығының бірімен сөзге келіп кетісіп, ренжіңкіреп отырса, бөлмесіне баяу басып жазушы Рамазан Тоқтаров (1935–2000) кіріп келеді.
- Мұха, шаршап отырсың ғой? – дейді Рамазан.
- Баспаның жұмысы емес, басқаның жұмысы шаршатты, – деп Мұқаң қабағын кіржитеді.
- Тегі, біреу сені ренжіткен-ау? – дейді Рамазан түсінгендей болып.
- Айтысқан соң дау табасың, алысқан соң жау табасың! – деп Мұхаң шорт қайырады.
- Байқаймын, сенде қағаз жұмысы да көп сияқты, – дейді Рамазан жаны ашығансып.
- Жұмысың бұзық болса да, қағазың түзік болу керек! – деп Мұқаң тағы тоқ еткізеді.
- Мұха, сен өзі мақалдап сөйлейтін болыпсың ғой, – деп енді Рамазан таңданысын жасырмайды. Мұхтар бұл жолы да:
- Мақал жетіскеннен шықпайды, кетіскеннен шығады! – деп тағы да келте қайырыпты.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.