Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Әлібек Байбол. Күн сәулесіне шағылысқан оксюморон ...

15.02.2023 1277

Әлібек Байбол. Күн сәулесіне шағылысқан оксюморон - III 14+

Әлібек Байбол. Күн сәулесіне шағылысқан оксюморон - III - adebiportal.kz

ТАНЫЛУ МЕН ТАБЫНУ

Абайдың «Күлімбайға» («Болыс болдым мінекей») деген өлеңін қайта оқығанда, шыны керек, қайран қалады екенсің. Оның со кездері салған рухани картинасы әлі өзгере қоймағанына көзіңіз жетеді:

«Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді.
Өз еліме айтамын:
«Бергенім жоқ, – деп, – белімді».
Мақтанамын кісімсіп,
Оязға сөзім сенімді».

Басшылық пен саясаттың сан баспалдағын басып, өрлеген сайын, әу бастағы, Құдайдан берілген тазалық кірлеп, өзекке құрт түсетіні несі екен, осы?! Бұның түпті мәнін адам сезімінің тұрақсыздығынан іздеген дұрыс шығар. Халықтың жаңадан тағайындалған кісіге: «Бұ сабазым не бітірер екен?» – деген сенім мен секем арасындағы түсініксіздеу Ойдың шығу тегін де – мінез мінінен, кісіліктегі кінәраттан. Ал, өзінің жылы орнын қиғысы келмейтіндердің жөні тіптен бөлек. Біреудің алғысын алса, келесі күні қарғысқа қалып жататын әдеті. Ауыл айтқыштары әкім-қараларға лақап ат қойып, тұрғындарды күлкіге қарық қылғанын талай көрдік. Бастықтарды жақтырмайды десең жағынып, жағдайын айтатын сәт келсе, мүмкіндігін мүлт жібермейді. Тәжірибесі бар, тісқаққан саясаткерлер зейнетке шығып, буын алмасып, қан алмасып, о қызметке жастар келгенде «оң өзгеріс болса...» екен деген дәме көңіл түкпірінде бас көтеретіні тағы бар. Алайда, үкілеген үмітіміз үдеден шықпай, бәз-баяғы қалпына түскенде, ашық аспан жүзін бұлт торлағандай күй кешесің. Бұрнағының басшылары ақсақалдар батасын алып, батырлар жыры мен «Құранға» ден қойып, дұға тілегенде: деннің саулығын, елдің амандығын, өнердің өрістеуін, бейбітшілік болып, сананың оянуын сұрағанын ел арасындағы аңызбен астасқан әңгімелерден естіп қалатынбыз. Кейін елтұтқалардың есімі «жалпыхалықтық» деген ұғыммен тұтасып, тарихта қалуының бір сыры – Жаратушыға жақындауында. Ал, «халық – Алланың бір аты!..». Қазіргі қазақ үшін ең басты дүние – мақсатымызды айқындап, «бізге не қажет?» деген сауалға жауап табу. Сонда ғана алға жылжи аламыз. Ал онсыз теңізбен жекпе-жекке шыққан Хемингуэй Шалының халін бастан өткереміз.

Бүгіндері барлық келеңсіздікті тек кризистен ғана көретін ғадет таптық. Ал, «рухани дағдарысқа» душар боп, кітаптан ажырап, жал­пыға бірдей құндылықтан алыстап, жолайрықта тұрған ұлт үшін кінәні дефолт пен девальвацияға ғана ысыра салудан оңай нәрсе жоқ. Ойшылдық мысын ойын-сауық басып, құнымыз  арзандап бара жатқанын неге түсінбей жүрміз? 

Мексикан кинорежиссері Иньярриту түсірген «Аман қалған» фильмінде ойнаған Леонардо Ди Каприо «Үздік ер рөлін» жеңіп алғаны Жаһанға тегіс тарап, талайдың талқысына түскен жаңалық болды. Бұған дейін 5 рет қатысып, 5-еуінде де құлаған ол, 6-шы рет бағы жанды. Бұл мысал хас талант түбі дегеніне жетпей қоймайдыға сайса, екіншіден, оның ерік-жігер, қайрат-қайсар­лығының арқасы. 

 

«АҚПАРАТ ҒАСЫРЫНЫҢ» АҒАТТЫҒЫ

Черчилльдің сәуегейлікпен айтқан: «Ақпарат кімде болса, билік – сонда» деген сөзі әлі өз өзектілігін жоя қойған жоқ. Бүгінгі информация тасқыны – адамды не құбыжық, не идол етіп көрсететін күшке ие. Астыртын топтар, ықпалды ұйымдар, белгілі бір тұлғалар қолындағы «қаруды» қажет кезде қолданса, Әлемде сілкініс орын алып, конфликт туындайтыны белгілі. Әлгіндей қақтығыс тар аяда емес, Батыс пен Шығыс, ислам мен христиан, ислам мен массондар, расистер мен зәңгілер, гегемониялар мен этностар дәрежесіне шейін көтерілді. Қожанасыр әпенденің: «Ең керемет ауру – қышыма. Қышыған сайын жаның кіреді!..» – дегеніндей, көп қан төгіліп, адамдар ажал құшса, Олардың да «жаны кіретінге» ұқсайды. Кейбір телеарналар дебат ұйымдастырып, екі қонақты бір-біріне айдап салып, айтыстырып қояды. Жүргізушінің арандатушылық пиғылмен қойған сұрақтарының сұрқы тіптен жаман. Адастыру, алжас­тыру. Ал, басылымдары – ұрда-жық, агрессор.

Біреудің мүддесін қорғап, оны жақтау мақ­сатында объектісін сыни мақа­ла­лар­мен бас-көзден төпелейді, келіп. Аме­ри­ка жур­налистері «қабаған иттен де жаман» деген сөз содан қалған-ды. Де­зин­фор­ма­ция­­ға бой алдырғаны сонша, «Нью-Йорк таймс» газеті сүрініп, құлап қал­­ған кі­сіні орнынан көтерген бір Па­лес­­тина аза­­маты турасында: «Енді тер­ро­рис­тер ­қарапайым халықты да аямайтын бол­ған...», – деп жазған еді. Ал, Мұхаммед (с.ғ.с) пай­­­­ғам­бардың карикатурасын салған дат су­рет­шісін Еуропа бас­­­п­асөзі «замана баты­ры» жасаса, мұсыл­ман журналистері: «Аз­ғын, күнәһар!» – деп айыптады. Ұлы боксшы Мұхаммед Әли­дің жаназасына жиылған шен-шекпендінің ішінде Реджеп Тайып Эрдо­ған да бо­лып: «Маған сөз бермедіңдер!» – деп жанжал шы­ғар­­ғаны па­парац­цилер на­за­рына түсіп, біразға дейін өсектің өзе­гіне ай­нал­ғанын бі­леміз. Түрік баспасөзі басшысының бұл қылы­ғын ақтап алса, орыс пен ағыл­шын теледидарлары оны кешір­ген жоқ, сынға алды. Яғни, бұдан шығатын қорытынды – ақпараттық кеңістікте кесімді сөз айтатындар аз. Басқасын айтпағанда, Джозеф Пу­лицер, Руперт Мердок, Сильвио Берлускони, Тед Тернер, Алишер Усманов, Опра Уинфри, Артем Боровик, Вадим Раби­новичтердің мысалынан-ақ медиа-конгламераттың қалай құрылатынын, уа­қыт өте келе дүлей күшке айналғанын аңғару қиын емес. Ақпарат қа­шанда өсіретін де, сонымен қатар өші­ретін де дүние екенін түсінген жөн. Әйт­пе­се, балауыздан жасалған қанаты Күнге күйіп, опат болған Икардың күйін кешуі­міз әбден мүмкін. Селдей ағып, тасты қопа­ратын тасқынды дұрыс арнаға бұра ал­масақ не өзіміз «өлеміз», не біреудің оба­лы­на қаламыз. Адамның ең негізгі цензоры – ар десек, бүгінгі заманауи жур­на­лис­­тика адами сезім, адамгершілік өлшемінің жоқ­тығынан зардап шегіп, зар илеген­дер­дің қатары күн санап артып келеді. «Қара құрлық» – Африкада тара­ған «Эбола» індетін АҚШ-тың Бұқаралық ақпарат құралдары тарқатып жазып, ашып айтқысы келмеді. Бұл да Әлемге ықпалы бар масс-медияның – «Массон ложасының» «Алтын миллиард» жоспарына қызмет ететін­ді­гі­нің бір көрінісі деп бағалауға негіз бар.

Бүгіндері адамның антропо-физио­ло­гия­лық, психо-неврологиялық тұрғыдан қат­ты әсер ететін ақпарат түрлеріне шектеу қою заң жүзінде бекітілсе де, іс жүзінде жү­зеге аспай жатқаны қынжылтады. Әлеу­­меттік желілердегі түрлі жазбалар мен қолжетімді бейнероликтер өскелең ұрпақты этикалық һәм моральдық жағы­нан азғындатып, ішкі стержннен айырып, деградацияға ұшыратудың бір формасы. Түнгі сағат 00.00-ден асқан соң мектеп жасындағы біраз баланың ұялы телефонына: «Періні көргің келе ме? Онда үйіңдегі газдың аузын аш та, ұйықтап қал!..» – деген хабарлама келген екен. Бұл Ал­матыда болған жағдай. Аталмыш фак­тілердің тіркелуі – «ақпараттық қауіп­сіздіктің» әлсіреуінің белгісі. Егер елде «ақпараттық қауіпсіздік» неғұрлым әлсіз болса, саяси-әлеуметтік, діни, психо­ло­гия­лық, экономикалық және әскери ахуал соғұрлым тұрақсыз келеді. Ондай республиканы Наполеонша айтқан­да: «Бө­ліп алып, басқара беру» өте оңай. Отан­ның орталығы әрі темірқазығы – сенім, тұтастық және идеология. Сыртқы «ақпараттық факторлар» дәл осы бір ұс­тын­дарды құртуға бағытталады. 

Капитализм заманында бір жол ақ­пар­ құнының өзі аспандап тұрған, көп­теген шетел басылымының беделі ту­ралы айтудың өзі артықтау. XXI ғасыр­да информократияның үстемдік еткені соншалық, белгілі бір идеяны қолдау мақсатында бәрі жұдырықтай жұмыла келе санаға шабуыл жасайды. Бокстағы автомат деңгейіне жеткен «бір-екі, бір-екі» соққысындай, бұл да Әлем үшін қа­лып­ты дағды. «Еуро-майдан» ушыққан тұста Жер жаһан қақ жарылды. Орыс баспасөзі Путин мәртебесін үстем ету жо­лында ая­нып қалмады, ал Батыс басылымдары «Ре­сей билігінің арам пиғы­лына» қарсы шы­ғып, қарғаумен болды. Сонда бір таң қал­ғанымыз, орыс журналистикасының мық­тылығы дейміз бе, әйтеуір «мыл­тықсыз майданда» ұтылып, тізе бүккен олар жоқ, өз басшысын – «Ақ патшасын» аман алып қалып, «құзғын­дар­ға жем» қыл­ған жоқ. Бұл – беріктік, тұтастық, ауызбіршілік пен кешенді жоспардың жеңісі. Таңертең Путиннің «адресіне» жазылған сыни мақалаға, араға сағат салып орыстар «окоптан» қарымта қайтарып жатты. «Франс пресс»: «Бұл ақпараттық ұрыс кө­з алдымызға «Екінші дүниежүзілік со­ғыс­ты» елестетуде», – деп баға берді. РФ Президентін бір жақ «фашист» жасаса, екін­ші жақ «демократ» етіп көрсетті. Қа­лай болғанда да, «Ақпарат туралы Әлемдік кон­вен­ция­ның» шартына сәйкес кез кел­ген орынсыз тағылған айып үшін Медия-ор­талықтар айыппұл төлеп, кешірім сұ­рау­ға тиіс еке­нін ұмытпаған абзал. «Ақ­қа Құдай жақ» дегендей, кімдікі бұрыс, кім­дікі дұрыс екенін Уақыттың өзі анық­тай­ды. Бұған «Нюрнберг процессі» дәлел...

Украина, Ауғанстан, Ирак, Пәкістан, Ли­вия, Ливан, Мысыр, Шешенстан, Гүр­жістан, Сириядағы жағдайды дәл жет­кіз­ген журналистер сирек шығар. Қаза тап­қандардың санын қолдан кеміту дертке айналған. Мұсылман әлеміндегі келең­сіз­дікке «ИЛИМ» («ИГИЛ немесе Даиш») және «Араб көктемі» деп ат қойып, айдар таққан саясаттанушылардың өзі жанынан жағымсыз ақпар қосып, мүміндерді құбыжық етіп көрсетуге бейім. Өзгені айт­пағанда, «Удар» саяси партиясының төра­ғасы Кличконың әр қылығы, әр сөзі не­месе На­дежда Савченконың қырсық, қыңыр мінезі – сойыпсал орыс басылымының назарында. Мақсұт-мұраты – Империяға қар­сы келгенді тұқыртып, тұқымын тұз­дай құрту. Россия блогерлерінің шови­нис­тік пиғылға толы жазбаларын оқысаң, жа­ның түршігеді. Андрей Зилов деген бір блогер: «Ұлы орыс ұлтын ешкім жеңе ал­ма­ған. Немісіңді де жеңдік, французың да тізе бүккен. Біз – мықтымыз! Қарсы шық­қандарды қырамыз, қатарымызға қосылғандарға рақымшылық жасаймыз!» – депті.

Бір жылдары Гарвард университеті «Әлемдік кон­фликтіні шешуге атсалысып, мемлекет басшыларына сөзін өткізе алатын га­­зеттердің» тізімін түзіпті. Алдыңғы қа­тар­да кімдер тұрғанын айтпаса да белгілі шы­ғар. Ал, мұсылман және Орта Азия жур­налистері ортаңғы жақтан орын теуіп­ті. Медиа-форум ұйымдастырып, сан түрлі сапаршылардың басын қосқыш қазекем де со маңда жүр. Көкейде: «Біз не үйрендік? Не түйдік? Қай бағытта дамудамыз? Алдымызға қойған жоспарымыз қандай? Оны қанша уақытта жүзеге асырамыз? Заман көшіне ілесе аламыз ба?» деген сұрақ туады екен.

Өзі коментаторлықтан бастап, кейін АҚШ-тың 40-шы Президентіне дейін кө­терілген Рональд Рейган «телеарна – ұлт айнасы» деп баға берген қазақ «көк­сан­дығының» арғы жағында не көрсетіліп жа­тыр?! Тізіп шық­сақ... Әзіл-қалжың, ток-шоу, бе­нефис-шоу, телехикаялар, жеңіл-желпі сұқбаттар мен әңгімелер, әлеу­меттік, я күйкі тірлік маңындағы маңы­зы аздау әрі тамақ-тағамды даярлауды үйрететін бағдарламалар, өмірі біт­пейтіндей көрінетін концерт, шы­ғармашылық кештер фонында кітап, руха­ният, этнография, тіл, тарих, әдебиет жөніндегі аз-кем дүниелерді көріп, көңіл шіркінді алдайтынымыз бар.

 

ТЫЛСЫМ

Замана жалына жармасқысы келгендер жаңа – XXI ғасыр дайындаған жаңалықтан құр қалғанды ұят деп санаса керек. Бір күн ғаламтор ақтарма, бір күн теледидар көрме, бір күн қала аралама, бір күн ешкіммен тілдеспесең, Әлемдік өркениеттен қалып қойғандай сезімде жүресің. Жұрттан жырақта өмір сүретін диуанаң бекер қалсын. Құмсағатқа тәу ететін Тәулік есінде шапақтың атқаны мен күннің батқаны қалса, тіптен жақсы. Мойнына қамкөңіл тірліктің қамытын мықтап артқан ағайын үшін басты нәрсе – бас амандығы. Адамды физикалық һәм рухани әлсіретуге бейім қаланың қарбалас тіршілігі басылса, қалғаны сәтімен бола жатар. Әзірге ұлттық ұстаным – осындай. Ақпарат тасқынына төтеп бере алмай жүргеніміз жанды ауыртады. Ал, саралап, әр нәрсеге биік Талғам тұрғысынан қарауға шама жетіңкіремейтіні өкінішті-ақ! Осы жөнінде аз-кем толғанған ек.   

– Оу, гений! Қалайсың?

– Шүкір, жақсы.

– Кеше «постыңды» оқыдым. Керемет екен!

– Тағы мақташы... Мақтай түс.

– Мақтайын десем сөз жоқ, сол. Сенесің бе?!

– Сенбей қайтейін.

– Бұнымен тоқтама. Енді осы деңгейден түспе.

– «Лайк» бас!

– Жақсы...

– Кеше не туралы жазып едің?

– Не туралы жазып едім, расында. А! Қояндардың көбеюі туралы...

– Иә, иә, сондай бір нәрсе. Күшті.

– Рас па?

– Рас. Тіл-көз тасқа, тпә-тпә!

– Қорқып жүрмін.

– Неге?

– Көре алмайтындар көп қой.

– Тұмар тағып ал. Арамыздағы жалғыз вундеркинд сенсің, абай болшы!

– Жақсы.

Жобамен осындай, енді. Әлеуметтік же­лідегі жазбаға көзім түсуі мұң екен, көз ал­дыма аждаһаның аңқау қозыны жұтқан көрінісі келгені бар емес пе. Ары қарай оқу­дың ешбір мәні қалмады. Қос мықтының бірін-бірі жер-көкке сыйдырмай, жөнді-жөн­сіз мақтап жатқаны адамға біртүрлі әсер етеді екен. Сан сауал Сана атты «бақылау пунктінде» кезекке тұрып, жауап қана күте­тін­дей. «Айта салдымның» маңайындағы жалтарма жауаптың иесі Жаратушы алдында қаншалықты күнәға бататынын пақы­рыңыз дөп айта алмас, алайда жауапсыздығы мен өрмекшінің торындай әдемі өрілген өтірігі үшін сол жақ иықта отырған Періш­те-екеңіз қара сиямен ақ қағазды аямай шимайлайтыны анық. Қоғамдағы адам шо­шырлық құбыжық-құбылыстарды санауға уақыт жоқ. Біріншісі шықса екіншісі, екіншісі дайын тұрса үшіншісі, ал үшіншісі «дүние есігін ашса», ары қарай кете береді, кете бе­реді. Бір нәрсе анық емес – ұлт қашан ес жияды?.. Бәзбір білгіштерім: «Бәленің бәрі жаңа технологиялардың келуімен байла­ныс­ты. Сол себепті, ешкімнің оқуға құлқы жоқ», – деп ой түйген еді. Дұрыс делік! Бірақ, Элвин Тоффлер айтқан «футурошок» зардабы тек жаңа заман жаңалығымен ғана шектелмейтінін, оның басты мәні – адам еркінде, адами қалпында, индивидтың өзін-өзі жоғалтпауында жатқанын ерекше ескергеніміз жөн-ақ. Уағында: «Кино келді, енді театрдың күні қараң!..» – деген талай­лаған көріпкелдің аты-жөнін жады қанша жерден ғаламат болса да, мәрт Тарихыңыз ұмытып қалды. Сондықтан деймін да, әу баста, өткен ғасырдың орта шенінде басталған талғам төңірегіндегі талас-тартыс, көркем-эстетика үшін күрес бүгіндері арзан-құрзан, жеңіл-желпі, ұсақ-түйекке ауып, дерт үстіне дерт, кесел үстіне кесел қосылып, қойыртпақтың нақ өзі болды. Елдің көңіл-күйі қандай екенін білгіңіз келсе, соңғы жарты жылдықта оқылған кітаптарға мән беріңіз. Тематикасы – романтика, лирика, поэзия, ән, күй, мотивация, психология. Бас-аяғы – осы, шоп-шолақ. Ал, оқушыға ой салатын, таным-түсінігін молайтып, көркемдік көкжиегін кеңейтетін дүниелерге құлықсызбыз ба, әлде тісіміз батыңқырамай ма, бұ жағы бұлыңғырлау. «Өтпелі кезеңде өмір сүрме...» деген қытайдың қарғысы кімге қарата айтылса да, астарында ащы шындық жасырынғаны көңілге үрей ұялататыны несі екен-ей?! Бір қызық жайт. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар