Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 4

04.02.2019 677

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 4

Ақын Берқайыр Аманшин (1924–1986) “Жұл- дыз” журналының поэзия бөлімін басқарып отырған кезде ол кісіге Қабыкен Мұқышев (1920–1976) бір топ өлеңдерін апарады. Содан өлеңнің тағдырын Қабыкен де сұрамай, Берағаң да айтпай, арада жарты жылдай уақыт өтіп кетеді. Бірде, көшеде екеуі оқыс ұшырасып қалады. Қабыкен табан астында:

– Әй, Берқайыр, Берқайыр,

Ағаң сенің ер Тайыр,

Өлеңімді баспасаң,

Қайта өзіме бер, қайыр,

депті де, амандаспай да, қоштаспай да әрі қарай жүріп кетіпті.

* * *

Партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің әкесі сексенінші жылдардың орта тұсында жүзге жетіп қайтыс болады. Бұл хабарды естіген соң Сырбай Мәуленов бәйбішесін ертіп, өзінің майдангер досы Қасекеңе, ол кісінің жұбайы Асылға көңіл айтуға үйлеріне барады. Есіктен кіре бере Қасымды құшақтап тұрып, Сырбайдың досына айтқан көңілі мынау екен:

– Жасады әкең бір өмір ғасырындай,

Жетпісте жетім қалған Қасымым-ай!

Жылама, жасыңды тый, балалар мен

Жұбайың аман болсын Асылыңдай!

* * *

Бір топ ақсақал, қарасақал қаламгерлер қазіргі қазақ тілінің жай-күйі төңірегінде пікірлесіп, әңгімелесіп отырады.

- Баяғыда залда екі-үш орыс отырса болды, баяндама да, жарыссөз де орысша өтуші еді, – дейді біреуі.

Тайыр – ақын Тайыр Жароковты айтып отыр.

- Алла-ай десеңші, ондайда жарыссөзде қазақша сөйлесең, отырған жұрт қой қораға қасқыр кіріп кеткендей жақтырмай, осы ұлтшыл емес пе дегендей күдікпен қараушы еді ғой, – дейді келесі қаламгер де жағасын ұстап.

- Екі-үш орысың не... Залда жалғыз Иван Шухов отырса да шүлдірлеп орысша сөйлеуші едік қой, – дейді үшінші біреуі де оларды қостап.

Сонда партизан-жазушы Қасым Қайсенов:

- Иван Шухов түгілі, сол залда татар Машқар Гумеров отырса да, тілімізді бұрап орысша сөйлеуші едік қой. Ал Гумеров жолдас татарша да емес, орысша да емес, қазақша жазатын жазушы емес пе еді! – деген екен.

* * *

Ұмытшақтық қасиет жазушы Дидахмет Әшімхановта да болса керек.

- Мен қырыққа толғанға дейін сағат жоғалтқыш болдым, – дейді ол бірде қаламгер інілеріне сырын ашып. – Мынау дүние – қырыққа толған мерейтойда Сауытбек досымның сыйлаған сағаты еді. Содан бері бес жыл өтті, шүкіршілік, жоғалтқам жоқ.

- Қалайша? – деп сұрайды әуесқой інілері.

- Өйткені бұл сағатты содан бері қолымнан әлі шешкем жоқ? – деп жауап беріпті Дидахмет.

* * *

“Қалжыңбас Қалтай” атанған атақты сатирик жазушы Қалтай Мұхамеджанов (1928–2001) Жаңа жыл алдында өткізіліп жатқан әлдебір жиынға кешігіңкіреп келіпті. Бұл 1991 жылдың желтоқсаны, яғни нарықтық қатынастың қайда апарарын білмей ел дағдарып жүрген қиындау уақыт екен. Кешіккен Қалекеңнен:

- Иә, Қалтай, қайда жүрсің? – деп сұрайды құрдастары.

- Жолай көкбазарға соғам деп...

- Иә, көкбазарда не жаңалық бар екен?

- Ол жақта қандай жаңалық болушы еді, – дейді сонда Қалтай қолын нәумез сілтеп, – Бір кемпір бір килограмм алмаға екі килограмм ақша сұрап отыр.

Қалекеңнің дәл тауып айтқан жауабына отырған жұрт ду күліп жіберіпті.

* * *

Өмірден ертерек кеткен тамаша ақын Төленді Нұрмұхамедов /1936–1979/ көп жыл бойы партия-кеңес саласында қызмет еткен ғой. Сол кісі Алматы облысы, Талғар аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген кезінде партиялық қызметті тастап, біржола шығармашылыққа бет бұруды ойлайды. Сөйтеді де, хатшылықты табыстап, Мәскеудің М. Горький атындағы Жоғары әдебиет курсынан бір-ақ шығады. Ол жақта екі жыл оқып, Алматыға келген соң қызмет табылмай, біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Сонда Сырбай:

– Нұрмұхамедов Төленді

Жазамын деп өлеңді,

Хатшылықтан босанып,

Мәскеу жаққа жөнелді.

Барып түсіп оқуға

Теорияға кенелді.

Қайтып келді – жұмыс жоқ,

Кездесті көп кедергі...

Оқу сонда не берді? – деген екен.

* * *

Сырбай Мәуленов “Қазақ әдебиетіне” екі рет бас редактор болғаны белгілі. Сол екінші жолы бас редактор болып бекіген соң, бірде Орталық Комитеттің кезекті Пленумына қатысады. Үзіліс кезінде Сырағаң бұрын Орталық Комитеттің хатшысы боп істеп, кейін орнынан түсіп қалған Нұрымбек Жанділдинді көреді. Бұрынғы үлкен бастық төңірегіне бір топ адам жинап, әңгімелесіп тұрғаннан кейін, Сырағаң байқамағансып былай қарай өте береді.

- Иә, Сырбай, сен “Қазақ әдебиетіне” қайтып барыпсың ғой? – деп Жанділдин өтіп бара жатқан Сырағаңды тоқтатыпты.

Сонда Сырағаң:

– Оныңыз рас... Мен қайтып баруын қайтып бардым ғой. Менің қайтып барған жолымды Құдай тағала сізге де бермес пе екен? – депті.

* * *

Қазақ халқының талантты ақындарының бірі Төлеужан Ысмайыловтың (1932–1972) бірде “Социалистік Қазақстан” газетіне топтама өлеңдері шығады. Қуанышы қойнына сыймай, Төлеужан ел- пең қағып көшеде келе жатса, қарсы алдынан Сырбай Мәуленов кезігіпті.

- Оқыдың ба? Өлеңдерім қандай екен? – дейді Төлеужан Сырбайға.

Сонда Сырбай:

– Кешегі болдым ырза өлеңіңе,

Төлеужан, не берейін төлеуіне?

Басыңды бір сүңгітсем жарамай ма

Тобылғы торы сыра шелегіне, –

депті де, қолынан ұстап сыраханаға қарай жетелей жөнеліпті.

* * *

Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі, Рейхстагқа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев (1924–1985) әскерден аман-есен оралған соң, көп жыл бойы моншаның директоры, соңынан “Алматы” мейманханасының бастығы қызметтерін атқарған. Сол Рахаң бірде қаламгер достарының арасында отырған кезде:

- Осы сендер менің әскердегі өмірімді, Рейхстагқа ту тіккенімді тәптіштеп, оқырманды мезі етіп, қайта-қайта жаза бересіңдер. Жазғыш болсаңдар, менің содан кейінгі өмірімді неге жазбайсыңдар? Мәселен, мен қандай директормын, сол туралы пікір білдірсеңдер етті? – деп базына айтады.

Мұны естіп отырған ақын Сырбай Мәуленов сол арада суырылып сөз алып:

– Мейірің – нұры мол сарай,

Мінезің – бейғам баладай.

Жүрегің – ыстық моншадай,

Көңілің – мейманханадай, –

деп мақтап ала жөнеліпті.

* * *

Баяғыда ақын Қуандық Шаңғытбаев (1925– 2001) пен драматург Игорь Саввин киностудияда бірге қызмет жасапты. Екеуі үнемі бірге жүретін төс түйістірген достар екен. Бірде қаттырақ “тойлаңқырап” жіберіпті де, екінші күні бастары мең-зең, моншаға түсіп жазылмақ болады. Сүйекшідей сүйретіліп моншаға келген оларды сол жерде Сырбай Мәуленов көреді. Екі досқа жаны аши қарап тұрып, Сырағаңның моншада шығарған өлеңі мынау екен:

– Қуандық тауып Игорьді,

Моншаға әкеп күйдірді.

Қайта-қайта уқалап,

Жон терісін и қылды.

Сыйлап салқын сырамен,

Тас тамырын идірді,

Арақ беріп артынан,

Ақыл-есін жидырды.

* * *

Қазақ сахарасында Шәмші Қалдаяқовтың (1930–1992) есімін білмейтін, оның ғажайып сазды әсем әндерін ұйып тыңдамаған адам, сірә да, жоқ шығар. Қазақ халқының алпысыншы, жетпісінші жылдардағы ұрпақтары Шәмшінің әнімен өсті, Шәмшінің әнімен тәрбиеленді, Шәмшінің әнімен рухани байыды, нұрланды, азамат болып ержетті. Мұны сол заманда туған ұрпақтың бәрі де мойындайды.

Әрине, соншалықты сыршыл әндер шығарған композитор ән айта алмайды дегенге кім сенсін. Республикалық теледидар ұйымдастырған Шәмшімен кездесуде бір көрермен:

- Шәке, өзіңіз ән айта аласыз ба? – деп сұрақ қояды.

Сонда Шәмші:

- Айтқанда қандай! Мендей әнші жоқ бұл дүниеде, – деп жауап беріпті композитор. – Ән айта алмасам, мен ән де шығара алмас едім ғой... Бірақ мен әнді ылғи да ішімнен айтамын.

* * *

“Шәмші Қалдаяқов” десе қазақтың әрбір азаматы әлі күнге елең етіп, ол кісіні құдіреттей көретіні шындық. Атақ-даңқы дәуірлеп, ел-жұрты алақанына салып құрметтеп жүрген өткен бір замандарда Шәмші ағамыз да сый-сияпатқа қатты масайып, бірер жыл бойы ішімдікпен әуестеніп кетіпті. Үлкен адамның ондай оғаш мінезі елеусіз қалсын ба, Шымкент қаласында өткен кездесуде бір студент жігіт:

- Шәмші аға, соңғы кезде сізді көбірек ішіп жүр дейді, сол рас па? – деп сұрапты.

Сонда Шәмші:

- Ондай өсек таратқандардың жандары шықсын. Мен былтыр бір рет қатты ішкенім рас, ал содан кейінгі уақытта кілең бас жазумен ғана жүрмін, – деп жауап берген екен.

Алайда студент інісінің сол сөзі көңіліне түйткіл түсірді ме, әлде денсаулығы келіспеді ме, Шәкең содан кейінгі жылдары арақ ішуін мүлдем қойып кетіпті.

* * *

Белгілі драматург Қапан Сатыбалдин (1917– 1969) мен ақын Сырбай Мәуленов бірде сапарлас боп, ел жаққа жол тартып бара жатады. Ұзақ жолда Қапекең жазып жатқан өзінің жаңа бір пьесасының желісін ұзақ-сонар әңгіме етеді. Сөз арасында:

- Пьесада төрт қазақты өлтіргеніме қалай қарайсың, Сырбай... Осыным артық емес пе? – деп сұрапты ұйқылы-ояу отырған Сырбайдан.

Сонда Сырағаң бүлк етпей:

- Қапеке, бүкіл қазақты қырып тастасаңыз да еркіңізде ғой, – деп жауап беріпті.

* * *

Жетпісінші жылдардың орта тұсы болса керек, денсаулығына байланысты ақын Сырбай Мәуленов ащы суды біраз уақыт бойы аузына алмай жүреді. Онысын құрбы-достары да біледі екен. Алайда, бір топ қаламгерлер бас қосқан бір жиын-тойда Мұзафар Әлімбай бастаған достары Сырағаңды сынап, ащы судан аздап болса да дәм татқызбақ болып келіседі. Достары әрі азғырады, бері азғырады, неше түрлі сөзбен қажайды, бәрібір Сырағаң көнбей, безеріп отыра береді. Жан-жақтан қаумалап, “отырыстың сәні келмей жатыр” деп жалбарына берген соң, көңілшек Сырағаң ақыр соңында шыдай алмай, бір рөмкені көзді жұмып тартып жіберіпті. Сырағаңның сонысын аңдып отырған Мұзафар:

- Ішпеймін деп сөз берген,

Сырбай қалай өзгерген, –

деп таңданғандай болып, басын шайқайды. Сонда Сырағаң зор дауысымен гүж етіп:

- Ішейін деп іштім бе,

Қимайды екен көз көрген, –

деп іле өлеңмен жауап беріпті.

* * *

Өтежан Нұрғалиев (1938–2011) жақсы ақын ғана емес, мықты аудармашы ретінде де қазақ оқырманына танымал ғой. Соны білген баспагерлер ол кісіге: “Мына бір топ өлеңдерді аударып берсеңіз”, – деп бірде қолқа салады. Өтекең өлеңдерді парақтап қараған болады да:

- Жігіттер, кешіріңдер... Мен үп-үлкен ақын басыммен мынау секілді отызға толмаған сопляктарды аудармаймын! – дейді.

Сөйтсе, Өтекеңнің айтып тұрған “отызға толмаған соплягі” – Михаил Юрьевич Лермонтов екен.

* * *

Қазақ әдебиеті мен өнеріне қатысты белгілі қайраткерлердің әзіл суреттерін салып, оқырманға аты белгілі болған суретші Еркін Нұразханов бірде жолы түсіп, Жазушылар одағының “Шығармашылық үйіне” бара қалады. Көктемнің жылымық жайдары күні екен, есік көзіндегі ұзын орындықта бір топ қаламгерлер күншуақтап, маужырап демалып отырады. Келіп сәлем берген Еркінді олардың біреуі таныса да, біреуі танымайды екен. Ол кездегі Еркіннің бастығы, “Балдырған” журналының бас редакторы Мұзафар Әлімбай:

- Жігіттер, сендердің аузы-бастарыңды қисайтып салып жүрген мықтың осы болады, – деп таныстырады.

- Е, осы жігіт пе еді? – деп, қаламгерлер риза болып, Еркінге қошемет сөздер айта бастайды.

Сонда орындықтың бір шетінде үнсіз отырған ақын Өтежан Нұрғалиев:

- Еркін інім, бұл ағаларыңды қисайтып салдым екен деп қысылма, сен әлі күнге бұлардың түп-түзу, тәуір портреттерін салып жүрсің. Ағаларыңның шын бейнесін көргің келсе, қарызға молырақ ақша сұра... Беттерінің қалай қисайғанын сонда көресің. Міне, ағаларыңның нағыз портреті сол! – деген екен.

* * *

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарының бұл ісін мінеп-шенеген жиналыстар, соңдарына шырақ алып қудалап-соттаған науқан басталғаны мәлім. Сондай жиналыстың біреуі бұрынғы Мемлекеттік баспасөз комитетінде де өткен болатын. Республикалық баспалардың жетекші мамандары, баспахана басшылары, комитет қызметкерлері түгелдей қатысқан үлкен жиналыста Тұрсынбаев деген арнайы шақырылған қарт профессор ұзақ сонар сөз сөйлейді. Сөзінде, алаңға шыққан қазақ жастарын сынаумен тынбай, соның төркінін әріден, қазақтың өз мінезінен, дәстүр-салтынан, шығып жатқан кітаптардың ішінен іздеуге тырысып бағады. Қысқасы, не керек, ол қазақтың ақ көңілділігі мен қонақжайлылығын да ұлтшылдық деп тауып, соның салдарынан сүйекке таңба түсірген желтоқсан оқиғасына келіп ұрындық дегенге саяды ғой. Профессордың мұндай баяндамасынан соң жиналған жұрт біреу төбелерінен қойып қалғандай, не айтарларын білмей сілейіп отырып қалыпты. Осы кезде жазушы Сұлтан Оразалинов қалың топтың ішінен суырылып шығып, мінбеге беттейді. Біреулер оқу мен жұмыстан шығып, енді біреулер сотталып, біреулер атылып жатқан, әйтеуір “қазақ жаман” деген қиын-қыстау кезең болса да, мінбеге шыққан

Сұлтекең профессордың сөзін тайсалмай жоққа шығарып, халқын арашалауға тырысады. Қазақтың қонақжай мәрттігі кеңес үкіметіне дейін де пәлен рет дәлелденгенін, тіпті оны қазақтың өзі шығармағанын, сонау Ибн-Фадлан, Ибн-Батута, Рубрук, Марко Полодан бастап, кешегі Паллас, Аткинсон, Янушкевич пен Залесскийлерге дейін тайға таңба басқандай хатқа түсіріп кеткенін нақты деректермен дәлелдеп береді. Профессор жақ аша алмай отырып қалыпты.

Жиналғандар арқасынан ауыр жүк түскендей “уһ” деп дем алып, сыртқа шыққан кезде бір досы Сұлтекеңе:

- Мынау алмағайып заманда бәлеге қалармыз деп бәріміз жүрексініп отыр едік, көңіліміздегіні айттың... Алла-тағала өзіңе жар болып, қызылкөзден сақтасын! – дейді шын ризашылдығын білдіріп.

Сонда Сұлтекең:

- Тау сыртындағы жау кәрлі келеді деуші еді, ту сыртыңдағы жау одан да бетер болады екен! – деп, ашуын баса алмай, маңдай терін сүрте беріпті.

* * *

Өр Алтайда есімі күллі Қаратай жұртына мәшһүр Абдолда Шегіров деген сыйлы ақсақал болды. Көп жылдар бойы ауылдық кеңестің төрағасы болған, мінезі бала секілді аңғалдау, сол ақ көңіл адалдығымен жұртқа жұғымды қызмет атқарған абыройлы кісі. Ол өңірде “Шегіров солай депті, Шегіров бұлай депті” деген аңыз әңгімелер әлі күнге дейін кездеседі. Сол Шегіров ағамыз жетпісінші жылдардың соңында, ауылдық кеңестің төрағасы боп істеп жүрген кезінде өз еліне демалысқа келген жазушы Оралхан Бөкейді арнайы қонаққа шақырады. Орекең қасына кеңшар директоры Сайфолда Ауғанбаевты ертіп, Шегіровтің ауылына қарай тартады ғой. Машинадан түсіп, Шегіровтің ауласына кірсе, ауланың төрінде бір аяғынан байланған арқандаулы әтеш жүр екен дейді қыт-қыттап. Үйден Шегіровтің өзі шығып, қонақтарды құшақ жая қарсы алады. Амандық-саулықтан соң қашанда тілге шешен, сөзге өткір Сайфолда:

- Әбеке, қазақ ат арқандаушы еді... Сіз әтешті арқандайтын болғасыз ба? – деп сұрайды.

Сонда Абдолда ағамыз:

- Әтесіне нәлет, бұл бір оңбаған, жүргіш әтеш. Біздің үйде жалғыз ғана тауық бар еді, сол тауықты менсінбей, көрші үйдің көп тауығымен көңілдес боп алды. Соған ашуланып, зинақорлық жасамасын деп әдейі арқандап тастадым, – депті бар шындығын ақтарып.

* * *

Жазушы Мұхтар Мағауин бірде Едіге ұлын шақырып алып, былай депті:

- Баяғыда, мен сенің жасыңда, яғни студент кезімде Карамзиннің 12 томын, Соловьевтің 16 томын, Ключевскийдің 8 томын тамамдап тастағам. Ол ол ма, әлемдік тарихтың нелер бір інжу-маржандарын теріп, оқып бітіргем. Сенде ондай ынта-жігер жоқ, бар болса да менің дәрежеме жетпей жатыр! – деп ескерту жасайды.

Сонда Едіге мырс етіп:

- Көке, сіз 20 жылдан соң коммунизм орнатпақ болған, 10 жылдан соң Американы қуып жетіп, басып озбақ болған, жарқын болашағы бар әлемдегі ең ірі державаның жастары едіңіздер. Ал мен болсам Ауғаннан жеңіліп қайтқан, бір-бірімен қырық пышақ жанжалдасып жатқан, өзін-өзі асырай алмай көтерем қойдай жаутаңдап жасып қалған, ертеңі не болары белгісіз үшінші қатардағы мемлекеттің жас азаматымын ғой, – депті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #мұхтармағауин, #Оралхан Бөкей, #өтежаннұрғалиев, #еркіннұразхан, #шәмшіқалдаяқов, #сырбаймәуленов
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар