Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДЕГЕН ЕКЕН
Теңіз бен Сырдың сырбаз суреткері...

24.02.2023 2213

Теңіз бен Сырдың сырбаз суреткері 14+

Теңіз  бен Сырдың сырбаз суреткері - adebiportal.kz

Халықаралық «Алаш» әдеби және Қазақ ПЕН-клубы  сыйлықтарының лауреаты Қуаныш Жиенбай – қазіргі қазақ прозасында өзіндік беталасы, жазу мәнері қалыптасқан әрі өнімді жазатын қаламгер. Заманның аумалы-төкпелі қиыншылығына қарамастан қаламын серік еткен оның «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар» романдары мен повестері, әңгімелері оқырманға жақсы таныс. Жазушының туындыларында қазіргі уақыт пен өткен кеңестік кезеңдегі адамның тыныс-тіршілігі, қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы байланыс, одан туындайтын күрделі мәселелер кейіпкер болмысымен терең тамыр тартып, бұрқ-сарқ қайнауы мен толғанысы басым көркемдік әлемі оқырманға айқара есік ашады.

Бүгінгі мақаламызда оның бәрін жіліктеп, тарата айтуды міндетімізге алып отырған  біз жоқ, ол алдағы уақыттың еншісі. Дегенмен жазушының оқырманға ұялмай ұсынылған әрбір шығармасы өз алдына тиянақталған көркем кеңістік, көркем дүние.  Бұ жолы бір әңгімесі мен жұртшылық жылы қабылдаған соңғы романы төңірегіне тоқталайықшы. Осының өзінен-ақ шебер қаламгердің ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы айқын аңғарылады.

Ана жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Ұста» атты әңгімесінің соңында өз ісінің хас шебері Тоғанас ауласындағы ұстаханасын өртейді. Автор «...Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Бәлкім рас, бәлкім өтірік...» дегенмен, оқырман кейіпкердің шешімді іс-әрекетін іштей жақсылыққа жориды. Әңгімеде қазақ қоғамының шындығы суреттелген. Бәлкім, жетпісінші, мүмкін сексенінші жылдары Арал теңізі жағалауының халқы туған жерімен «қимай қоштасып»,  жан-жаққа үдіре көше бастады ғой. Енді қайтсін. Табиғат-Ананың жауһар сыйына адам қолымен қиянат жасалып,  шалқар теңіз сағасынан қиылып, тартыла бастады. Содан соң... Ауа райы өзгерді. Тұзды шаңдақ аспанға көтерілді. Адамдарды жалмаған небір сұмдық індеттер мен кесапатты кеселдер саны көбейді.

Сондай алмағайып кездің бірінде әңгіменің бас кейіпкері - теңіз жағасындағы Бөген балық зауытының қайықшы-ұстасы Тоғанас та көптің бірі болып, бар тапқанын жиып-теріп Алматыға – Кеңсайдың етегіне қоныс аударады. Кіші күйеу баласының араласуымен, әрине. Қайбір шекесі қызғаннан дейсіз. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?..» Теңіз тартылып, зауыт тоқтаған. Балықшы ауылының тірлігі, суреткер Ә. Нұрпейісов жазғандай, ырың-жырың.

Тоғанас алғашқыда ағаш ұстасы да жерде жатқан жоқ, өз кәсібіммен нәпақамды табармын деп үміттенген-ді. Қателесіпті. Ақыры нәсіп содан бұйырып, қаладағы жерлеу бюросының табыт жасаушы шебері болып шыға келеді. Тағы да сол пысық күйеу баласының арқасында. Дүние асты-үстіне түскен ту талақай замандағы бұл бұйрықты қойсаңшы. Қайық жасаушы шебер күндердің күнінде мұсылман ұғымына мүлде жат табыт жасаймын деп ойлап па? Кейіпкердің ішкі әлеміндегі жанын жеген күйзелістің сыр-құпиясы осында еді. Автор осы кереғарлықты әңгімесінде шым-шымдап шебер аша білген.

«…Тоғанастың кәсібі турасында көшкенде, көп пенденің көкейінен шыға бермейді. Тәтті дәмді ашқарақтана жұтып келе жатып, кенет бір тастүйін тамағыңнан не ары, не бері өте алмай кептеліп қалғандай күй кешесің. Несін жасырады, теңіздің тартылуына байланысты Арал жағалауынан ана жылы Алматыға қоныс аударған Тоғанас Күнбергенов бүгінде осындағы жерлеу бюросының тапсырмасы бойынша табыт соғады. Кәдімгі тақтайдан соғатын табыт. Қай жағынан болсын: әдемілігі, ықшамдылығы, тақтайлардың сүрленіп, бір-бірімен жымдасуы жағынан дейсіз бе, қалай десең олай де, қабылдаушылардың сынағынан сүрінбей өтеді. Тендерден де Тоғанастың аты ылғи алдымен аталады. Себебі, әр табытқа мынадан үстеме ақы төлейсіз деп, жерлеу бюросындағылардың мазасын алып жатқан Тоғанас жоқ. Бергендеріне риза, тіпті екі-үш ай айлық алмаса да үйреншікті шаруасын дөңгелете береді. Өз есебі өзінде. Осы күнге дейін бірде-бір табыты кері қайтқан емес. Керісінше, әрбір мереке тұсында жерлеу бюросындағылар Тоғанастың ерен еңбегін  елеп, ескеріп, бірнеше тұсына мөр басылған мақтау қағазын беріп жібереді. Рақмет дейді Тоғанас, одан әріге тереңдеп барғысы келмейді. Сол қатырма қағаздарды мақтанышпен біреуге көрсетсе не дейсіз, бір түрлі жүрегі қаламағандай үйге апаруды да артық санап, қамыс сарайдың бір бұрышына тыға салады».

Мәселе осында. Ұрлық жасаған жоқ, біреуге қиянат жасаған жоқ. Ақ тер-көк тер боп еңбек етіп, тапқан нәпақасы. Отбасын асырауға жетеді. Қолының ұсынықтылығымен үй-жайын да жөндеп алған. Жазушы оның жұмыс үстіндегі шабытты сәтін әдемі бейнелейді. Ағашты сүргілегенде қолы қолына жұқпайды. Самайынан жылтырап тер шыққан сайын дүниені ұмытып, рақат күй кешеді. Мүйізгектенген алақанымен жонылған тегіс тақтайдың бетін аса бір ұқыптылықпен әрі-бері сипайды. Одан соң бір көзін сығырайтып, оның түзу-қисықтығын тексереді.

Шебердің ісінен титімдей кемшілік байқалмауы тиіс. Бұл әдет Тоғанастың бойына сонау бала күнінен сіңіскен. Өйткені ол шебер, өз ісінің нағыз шебері. Жұмыстың жақсы нәтижесі көңіліне шабыт береді.  Десе де... ол бұл ісінің өзінен басқа тірі жанның білмегенін, естімегенін қалайды. Үйге бөгде адамның, қонақтың келгенін  де жақтырмайды. «...Ой-хой, ой-хой-ау, өзім соққан қайықта шалқамнан жатып жан тапсырсам, сосын теңіз толқындары қайда айдап әкетсе де бәрібір. Бәлкім, теңіз түбіне шым батып, балдырлардың арасынан мәңгілік мекенімді тауып, балықтарға жем болармын» дейтіні бар-ды бір кезде. Ол арман-мұрат әдірем қалған бүгінде.

Жазушы Қ. Жиенбай туындыларындағы тұрақты желінің бірі осы – теңіз тақырыбы десек қателеспеспіз. Кейіпкерлері шөпке тышар дөкейлер емес, қарапайым адамдар. Солардың әр алуан реңктегі көңіл-күйлері, жан күйзелісі, тағдыр-талайы, туған жерге деген толассыз сағынышы - туындыларының  әлі күнге дейін негізгі арқауы болып келеді. «Ұста» әңгімесіндегі Тоғанастың жан күйзелісінің бір түйінін осыдан іздейміз. Ел қатарлы тірлігі бар, ешкімге алақан жаймайтын оның көңіл аңсары мүлде бөлек. Бала күнінен теңіз жағасында өсіп, теңіз мінезін бойына  молырақ сіңірген оның алғаш күн көріс қамымен қолға алған тірлікпен біте қайнасуы мүмкін еместей көрінетін. Тоғанастың жаратылысы мүлдем бөлек еді, амалы қанша... «...Сірә, теңіз жағалауында туғандардың ішкі әлемі ылғи асқаралы армандар мен тосын толғаныстардан тұрады. Соқпа толқынның әсері ересен, қызуқанды. Бір жерде бір сағат тыныш отыру дегенді атамаңыз. Тоғанастың көкірегіндегі үнемі қыз-қыз қайнап жататын тогы күшті аккумулятор – сол. Содан айырмасын деп жаратқанға жалбарынады».

Жазушы Қ. Жиенбайдың қалам тербеу ерекшелігі – шығармада кейіпкерін бірінші орынға қояды: дүниеге, төңірекке кейіпкер көзімен қарайды, оның ішкі толғанысына, сезім-түйсігіне бірінші кезекте мән береді. және ауызекі сөйлеу мәнерлерін де жоғалтпайды. Юмор да жетерлік. Мұны «Ұста» әңгімесінен де анық аңғарамыз. Шығарманың бүкіл тіні жаны таза Тоғанастың көңіл-күйіне, ішкі арпалысына құрылған. Автор кейіпкерінің  таңғы шықтай жанының мөлдірлігін әсіресе, жұмыстан соң мұнтаздай  жуынып-тазаланып, өзін іштей дайындап,  Кейсайдағы бейіттердің басына баруымен аңғартады. Қазақтың маңдайына біткен небір қасқалары мен жайсаңдары жерленген мұнда. Алдымен аруақтарға құран бағыштайды. Әр бейіттің алдында біраз кідіріп, ойша тілдеседі. Содан соң... Жауын-шашыннан бір бүйіріне қарай қисайған құлпытастарды ерінбей-жалықпай қайта тіктейді. Темір шарбақтарының есігін бекітеді. Біреулерге түсініксіз көрінетін оның бұл қарекеті – кейіпкер жан дүниесінің тазалығын айқындайды. Қайық соқтың не, табыт соқтың не, күнкөрісің болса жетпей ме , -- деп әлдекімнің тіл безегеніне ол болмыс-бітімімен  төзе алмас еді. Тоғанас қалай дегенде де көңіл түкпіріндегі аңсарын бәрібір жеңе алмайды. Теңізін сағынады. Атамекенін аңсайды. Теңіз бетінде өрлей жүзетін, өз қолымен жасаған мықты қайықтарын іздеп, түсінде көреді. 

Әңгіме көркем қуатымен, шыншылдығымен біздің де көңілімізден шықты. Демалып қалдық кәдімгідей. Қаламгер шеберлігі дегеннің түп тамыры осында ғой.

Жазушының соқталы дүниесінің бірі, әрі мерзімді басылым беттерінде көбірек талқыланған «Жер үстінде де жұмақ бар»  романы. Апыр-ай дейсің, анда шырылдап жатқан қазақ, мында еңсе көтере алмай, есесі кеткен қазақ, сонда қазақ үшін жер үстіндегі жұмақ қайда екен деп ойлайсың. Бәлкім, бұл жазушының оптимизмі болар ма?!

Бұған романды оқи отырып көзіңіз жетеді. Көркем шығарма күнделікті өмірдің күйтің тірлігін термелеу емес. Көркем туындының басты шарты – қоғамның психологиясын суреттеу, осы кезеңде өмір кешіп жатқан халықтың тыныс-тіршілігіне терең бойлау. Бұл өте күрделі және бір арнамен шешіле де салатын жеңіл жүк емес. Осы ретте төңірегін суландырып, тіршілік нәрін беріп, байсалды ағып жататын қасиетті Сырдария ойға оралады. Бұрындары жайқын су арнасын керіп, баяу, шымырлап өз бағытымен ағып жататын. Сырттай моп-момақан секілді көрінеді. Ал шындығында солай ма? Жиекте тұрып аяғың сәл тайса, адуын ағыс жұлқи тартып ала жөнеледі. Сырттай момақан болып көрінген судың жойқын күшін сонда барып бүкіл денеңмен сезінесің. Ал иіріміне кез келсең, шыр айналдырып тұңғиығына тарта жөнелгенде, иманыңды үйіресің. Ал оның көзге көрінбейтін тереңіндегі ағыстарының қуаты мен қарама-қайшылығы, тіршілік соқтығысы қаншама!

Қасиетті Сырдарияның осы бейнесін көбірек жіпке тізуміздің себебі - жазушы Қ.Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар»  романының жазылу стилін осыған ұқсатуымызда. Автор атыс-шабыс, жеңіл тартыс, сөзуарлық диалогтен бойын аулақ тартады. Жазушыға ең басты керегі және барынша қызықтыратыны - адамдардың жан дүниесінің тереңіндегі қарама-қайшылықтар мен солардың арпалысы, итжығысы, өзін-өзі іздеуі, табуы және таба алмауы, сарсаңға түсуі... Уақыттың, қоғамның осылай алға тартқан шетін жайлары бас кейіпкер Көбейсіннің көңіл түкпіріне мықтап орнығып алады да, содан соң онысы бітеу жарадай сыздап, берекет таптырмай  күллі тынышын алып бітеді.

Төретам стансасындағы теміржол депо бастығынан жабық қала мэрінің орынбасары қызметіне ауысқан Көбейсіннің бір қарағанда, тіршілігі тап-тұйнақтай, бәрі жақсы: қызметі орнықты, жауапкершілігі  жоғары, ешкімге қамшы салдырмайды, жұмысының ыстық-суығына көніп, бір кісідей дөңгелентіп әкетеді. Бұрынғы жұмысы да жауапты әрі мазасыз болатын. Күн-түн демейді, ыстық-суыққа да қарамайды, космодромнан шұғыл хабар түссе  әйелі алдын-ала дайындап қоятын үстөл үстіндегі бір кесе ағарғанды іші салып, депоға қарай жүгіре жөнелетін. Ау, ғарыш кемесіне қажетті жабдықты тиеген ауыр составтың бір минут те кешігуге қақысы жоқ. Қашан діттеген жеріне жеткенше Көбейсін жанын шүберекке түйеді. Соңғы қызметінде де сол мінез  -- сол қалып: өте қатал, әскери тәртіпке негізделген жұмыстың ең ауыр салмағын, жауапкершілігін мойнына артып алып, тыным таппайды. Соған сәйкес материалдық жағынан да, құдайға шүкір, ешкімнен кем емес, анау-мынау жетпейді деп күйкі тірлікке бас қатырған емес, қасындағы шаруаға мығым көрікті әйелі де қас пен қабағына қарайды. Бұдан артық не керек, ия бұдан артық не керек дейсіз?!.. 

Жоқ, олай емес екен, жазушы  кейіпкерінің  бітім-болмысы өзгеше. Бұрынғы әңгімемізге арқау еткен «Ұста»-дағы Тоғанас та дәп осындай мінездің адамы еді ғой: өзінің елден алабөтендігі жоқ қарапайым тірлігіне қарамастан, ойшыл болатын, ішкі жан дүниесіне көбірек үңілетін, мазасыз көңіл-күйінің жауабын іздеп, кейде соның құрбандығына да шалынып кете баратын. «Жер үстінде де жұмақ бар» романының кейіпкері Көбейсін де осы сипатта. Мәскеуде жүріп білім алған, ысылған, талапты да зерек, оны төңірегіндегі толғандырар түйткілдер шаш-етек.

Көбейсіннің осы беймаза азаматтық көзқарасымен, ішкі жан дүниесіне үңілуімен Қазақ елін әлемге мәшһүр еткен Байқоңырдың қазіргі тыныс-тіршілігі, күрделі әлеуметтік-экологиялық мәселесі толыққанды бейнеленеді. Бұл ыңғайда жазушы шығарманың кілтін таба білген. Әлеуметтік-экологиялық теңсіздікті суреттеуде ауасы, суы, жері ортақ, бірақ тұрмыс-тіршілігі, тіпті көзқарасы мен мүддесі бір-біріне қарама-қайшы келіп жататын үш контрастыны таңдап алып, романның бүкіл оқиға желісін соның аясында өрбітеді.

Романдағы жазушы басымдық беретін үш нүкте қайсы? Біздіңше, бірінші нүкте – ғарыш айлағы, жабық қала. Адамзат ой-санасы мүмкіндігінің қазіргі таңдағы ең шырқау биігі. Бұл қасиетті өлкеден өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында-ақ адам баласы аспан кеңістігіне құлаш ұрған.  Бұл өңір қоғам социалистік және капиталистік деп аталатын екі шепке бөлінгенде де Кеңес Одағының «кешегі құдіреті» осы төңіректі басты нысанаға алған... Ал қазір Кеңес мемлекеті келмеске кетсе де, оның өктем мұрагері -- Мәскеудің тынымсыз коммерциялық айлағына айналып үлгерген.  Ғарыш кемесі жарылып жатыр-ау, ол қазақ даласына құлап, адам өміріне қатерлі гиптель төгіліп, онсыз да шұрқ тесікке айналған даланы аясыз улап жатыр-ау... Коммерциялық мақсаттың онымен ісі жоқ. Талабы қатал, тек кестеден шығу керек. Пайданы үсті-үстіне тауып жатса болғаны. Романдағы Көбейсінмен қатар суреттелетін тағы бір кейіпкер, жабық қала мэрі Евгений Ильич мұны жақсы біледі. Бірақ ол өз мүддесінен, мәнсабынан асып кете алмайды. Мәскеудің алдында дәрменсіз, бұйрықты орындаушы ғана. Ауа- райы қатаң аймаққа әйелін әкеле алмаған қала мэрі осы өңірдің уақытша тұрғыны екенін де іштей жақсы сезінеді. Сондықтан көп нәрсеге бас қатырғысы келмейді, тек Мәскеудің бұйрығын орындап жатса болғаны. Ал Көбейсіннің қолы байлаулы, шарасыз, тіпті мұның мұң-зарын құлаққа ілер, елер Мәскеу жоқ. Дегенмен, Көбейсіннің мазасыздығы -- ар-ождан алдындағы мазасыздық. Оның ішкі қарсылығы – Байқоңырдың байырғы тұрғындарының жан күйзелісінің шындығынан бастау алған.

Жазушы әлемдік ғарыш айлағындағы әлеуметтік-экологиялық кереғарлықты бейнелеуде сол аймақтағы екінші бір тіршілік нүктесі - Төретам стансасына көңіл аударады. Романның алғашқы парағынан-ақ аспан айналып жерге түскендей аптап ыстықтағы станса басының жұтаң көрінісі Көбейсіннің қабылдау-түйсігімен жан-жақты суреттеледі. «...Теміржолға ентелей қоныстанған қазақы үйлердің қам кірпіштен тұрғызылған аласа шартағы, жартылай құмға көмілген терезелері, қаңылтырмен қапталған ұп-ұзын мұржалары, бір-бір шаңырықтың төбесіне орнатылған спутниктік антенналары мың жерден қалпағын қақырайтсаңыз да бұл сурет сірә, жолаушылардың көңілін көншітпейтін болар. Біреулер бастарын шайқайды, біреулер аяушылық білдіреді. Космодром және Байқоңыр іргесіндегі қазақ ауылдары дейтін бір-біріне мүлдем қабыспайтын, қабыспақ түгілі қарадай-қарап кісінің ит жынын тырыстыратын осы бір атамзаманнан келе жатқан кереғар ұғымды балталап тастайтындай, ішінен кіжінетіндер қаншама. Айбат көрсетеді кәдімгідей. Ал сол аласа шартақтың қамыс есігінен басын қылтитқан жалаң аяқ, жалаң бас қара бала шақырайған күннен көзін көлегейлеп, жүйткіп өткен пойыздарға «жолдарың болсын!» дегендей әлжуаз қолдарын әнтек көтереді. Мұнысы, әрине, ішің жылитын-ақ құбылыс».

Автор мұндай детальді суреттеуге әдейі баратын секілді. Суреткерлік мақсат-мұратын да осымен аша түсетін сияқты. Өңір тарихы, тіршілік көрінісі... Бұл әдебиетте бұрыннан бар дәстүр. Мәселен, М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясымен қасиетті Шыңғыстау өңірінің мол панорамасымен танысамыз. Қазақтың жоталы сар даласы бар келбетімен, сұлулығымен көз алдымызға келеді. Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» роман-дилогиясымен өлімші халге түскен Арал теңізі тағдырын елестетеміз. Жазушы теңіздің ақырғы демі мен бұлқынысын қаламының құдіреті жеткен жеріне шейін қопара суреттейді. Біз де Қ. Жиенбайдың романынан осы сипатты көреміз. Аспанға ғарыш кемесі толассыз жол тартқан Байқоңыр өңірінің қасиетті де жұтаң, қайшылықты бейнесі кеңінен көрініс береді. Автор осыған басымдық жасайды. Әдебиетте бұрын космодром бейнесі Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романымен көрінсе, енді Қ. Жиенбайдың романымен толыға түскен.

Романдағы үшінші нүкте – қасиетті Қорқыт кесенесі. Бұл бейненің символдық мәні басым. Бұл - қазақ даласының киелілігінің көрінісі. Қорқытта қазақтың ертеден қалыптасып, кешеден бүгінге жалғасқан дүниетанымы, салт-дәстүрі, наным-сенімі, түптеп келгенде, күллі рухы бар. Сондықтан да Мәскеуде оқып, білімімді жетілдірдім десе де, өмірдің талай талқысы мен қызметтің талай сынынан өттім, есейдім, тарлан тарттым десе де, романның бас кейіпкері Көбейсін ақыр соңында бар жан-тәнімен төңірегіне нұр шашқан Қорқыт баба рухына ұмтылады. Өйткені ол – өткен мен бүгіннің жалғасы. Бүгін өткенсіз болмайды. Бүгін өткеннен қол үзсе, ол мәңгүрттенеді, өшеді, мәнін жояды.

Романдағы үлкен тартыстың жаңғырығы да осы Қорқыт кесенесіне қатысты дамиды. Қорқыт кесенесі әлем назарына ілігіп, туристер келе бастайтын орынға айналғанда, жеке пайдасын ойлаған жандар (Көбейсіннің туған қайнағасы Сағыныш, ағасы Ебейсін) оның қасынан жер алып, пайдасы мол сауық-сайран орталығын салуды көздейді. Олар қызметтік беделдерін (бірі депутат, бірі ірі бизнесмен) салып, қала мэрі Евгений Ильичке өтініштерін орындатабіледі. Табанының бүрі жоқ, жеңіл атақ-абыройды иеленгісі келген қала мэрі оларға жер бөліп беруге уәде етеді. Көбейсін мен Евгений Ильич арасындағы бітіспес, қажауы мол тартыс осыдан өрбиді. Көбейсіннің қазақтың киелі орны Қорқыт кесенесінің маңын арзанқой сауық-сайран орталығына айналдыруға жол бергісі жоқ. Киелі орынды қызғыштай қориды. Осындай текетірес сәтте Евгений Ильич ақыры илікпеген орынбасарына қазіргі уақытта жиі көрінетін, ешкім таң қалмайтын дәрежеге жеткен қорқытып-үркіту тәсілін қолданады. Қол қаруы мықты жігіттер Көбейсінді алып кетіп, айдаладағы, адам аяғы баспайтын жеке сарайда бірнеше күн қамап ұстайды. Сусыз, тамақсыз, есінен танған бірнеше күн қасиетті Қорқыт кесенесінің ғажайып сипатына деген қайта оның іңкәрлігін арттыра түседі. Кемітпейді, қайта еселендіреді. Неғұрлым қиындықты көрген сайын, мына заманның жеке бастың қамын ойлаған күйтің тірлігінің қарқын алғанын сезініп, жерінген сайын ол Қорқыттың ғасырлар тереңінен күңіренген өлмес, ұлттық рухына жақындай түседі. Бұрын-соңды сезінбеген, басынан өткермеген сағынышты сарындар Қорқыт бабаның жаңа қырларын аша түседі. Сөйтіп Көбейсіннің жан дүниесінде аспанға құлаш ұрған ғарыш кемелерімен бірге Қорқыт бабасының бейнесі асқақтай, биіктей береді. Тек оны көре, сезіне алатын іңкәр, ыстық жүрек керек. Тасжүрек үшін ол жабық. Қазіргі замандас бейнесі Көбейсін образының халықтық сипаты осында деп білеміз.

Романның жазылуынан, жалпы композициясынан өзіндік ерекшелік байқалады. Түйіліп, жауар бұлттай түнеріп келе жатқан тартыс, көзқарас-мүдде алшақтығы бірде Көбейсіннің, бірде Евгений Ильичтің, бірде Ебейсін мен Сағыныштың, бірде Көбейсіннің әйелі Ақкербездің жандүниелік суреттелуінен қылаң беріп, дамып отырады. Оқырман романды оқи отырып, олардың беттесуін, алақиғаш тартысуын, өзара өткір диалогын күтеді. Шығармада бұған негіз бар. Көбейсіннің қайнағасы Сағыныш - қазіргі уақыттың атақты пайдакүнем бизнесмені. Оның иісшіл танауы мен қырағы көзі пайдалы жерді тым алыстан, елден бұрын сезеді. Пайдалы сәтті ешуақытта құр жібермеу - оның өмірлік принципі. Өткірлігі және бар. Көбейсіннің жастық өмірінің, махаббатының кілт өзгеріп, асты үстіне түсіп, Ақкербезге үйленуінде Сағыныштың қызметі ерекше. Бүгінде жайқалған бәйбішеге айналған Ақкербездің ағасының сөзін сөйлеуде, тіпті күйеуінің етегінен басып отырып, дегенін істетуде мүмкіндігі мол. Сағыныштың айнымас досы, оның талай қолдауына ие болған Көбейсіннің ағасы дөй қызметкер Ебейсін тағы бар. Бұған Ебейсіннің ықпалынан шыға алмаған жабық қала мэрі Евгений Ильичті қосыңыз. Шартта-шұрт айқас алаңы дайын тұр. Бірақ автор бұл пафосқа бармайды. Сол тартыстың көкірекке түскен зілін, айықпас дертін бірде Евгений Ильичтің, бірде Көбейсіннің қабылдауымен, дағдарысымен, күйзелісімен суреттейді. Бұл ретте жазушының өзіндік жетістігі көзге түседі.

Роман жанрын қазіргі дамыған әдебиетте әр алуан түрге бөліп жатамыз. Қ. Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» романы, біздіңше, әлеуметтік-психологиялық роман. Қазақстанның байырғы да даңқты мекені Байқоңырдың әлеуметтік-экономикалық жайын жазушы кейіпкерлерінің тағдырымен астастырып бейнелейді. Романдағы образдар көзқарасы мен өмірлік ұстанымы тұрғысынан әркелкі. Мұнда жеке пайдасын  ойлайтындар да бар, олар жең ұшынан жалғасып та жатады, болмайтынды болдырам деп алас ұрады. Аз-кем болса да, оларға қарсы тұратын принципшіл тұлғалар да кездеседі. Олардың өмірі жеңіл деп те, үнемі жеңіске жетіп жатады деп те айта алмайсың. Тек өз мемлекетінің мүддесін көздеген, солардың талабымен жұмыс істейтін, Байқоңыр өлкесінде өзін уақытша сезінетін адамдар да, келіп-кетушілер де шығармада көрінеді. Мұның барлығы өмірдің өзінен алынған, жазушының өмірден әдебиетке жетектеп әкелген кейіпкерлері. Сондықтан мұндай әр алуандылық, көзқарастар қайшылығы романның реализмін, проблематикасын өткірлей түскен.

Шығарманың жазылу мәнері, тілі туралы бірер сөз. Қаламгердің өзіндік жазу машығы қалыптасқан. Суреттеу объектісін бетінен қалқып, қысқа қайырмайды, жоғарыда айтқанымыздай, кейіпкердің қоршаған ортаны қабылдауын, сезім-түйсігін, жан дүниесінің ішкі иірімдерін тереңдей суреттеу, детальге мән беру – жазушының стильдік даралығы десек қателеспеспіз. Сол себепті де романда суреттеу объектісі басым жағдайда кейіпкердің қабылдауымен, қатысымен, жан дүниесінің сезім-сырларымен беріледі. Кейіпкердің көңіл-күй әуендері сөйлем құрылымдарына, түрлі реңктік мәнді күшейтуге ықпал жасайды. Мұндай сипат романның өн бойына тән десек, шығарманың оқылуы да өз оқырманын таңдайды. Шындығы керек, қазіргі қайбір туындыларда телеграфтық стиль, қысқа қайыру, соған сәйкес шығарма тілінің жұтаңдығы байқалып, қазақ тілінің мол байлығы, көркемдігі көрінбей жатады. Қ. Жиенбай шығармашылығы Ә. Нұрпейісов («Соңғы парыз» дилогиясы), Т. Ахтанов («Боран» романы) бағытындағы классикалық дәстүрге берік. Қазақ тілінің мол байлығын, көркемдік палитрасын неғұрлым кеңірек қолдануға, ашуға ұмтылыс жасайды.

Түйіндей айтқанда, жазушы Қ. Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» романы қазіргі қазақ прозасындағы өзіндік ізденіс, орны бар шығарма. Иә, жазушы айтпақшы, жер үстінде де жұмақ бар: ол – туған жерің, қасиетті Отаның. Көбейсін күншілдердің қастығына ұшырап, қамалып, азап шексе де, өзгелер үшін сортаң тартқан, ауасы құрғақ, өмір сүруге жайсыз, тал-дарағы сирек туған жерінен бәрібір безінбейді. Безіну тіпті ойында жоқ. Өйткені ол бүкіл тағдырымен, шыр етіп дүниеге келгенде-ақ кіндігімен туған жеріне байланған.

Шамамыздың жеткенінше жазушының бір әңгімесі мен бір романы төңірегінде байыпты сөз қозғауға тырыстық. Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді, қаламгердің шығармашылық әлеуеті оқырманға біз айтпасақ та белгілі. Біздің қосарымыз – жетпіс жастың қырқасына көтерілген Қуаныш Жиенбайға тың туындыларыңызбен ел-жұртты қуанта беріңіз дейтін тілек қана...

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының

директоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар