ақын Светқали Нұржанның «Көкірегім-көне кітап» жыр жинағы туралы аз-кем толғаныс
Аядай ғұмырда түйгеніміз бойынша поэзия дегеніміз ой мен сезімнің шетсіз-шексіз алқаракөк мұхитына жүрек қаламын батыру және сол қаламға жұққан дүниемен жарық жалғанның жүзіне сурет салу болса керек... Әлбетте, адами затпен жағаласа туған «Өлең» деген құдіретпен ауырмаған, жады болмаған, тіпті дәмеленбеген пенде аз шығар... Әсіресе қазақта... Тек ақын атанғандардың әлгі поэзия аталатын ұлы мұхитқа салған қалам өлшемі, сүзген маржаны, жұқтырған бояуы әртүрлі болса керек. Патшайым Фаризаның өзінен кейінгі шәкірттеріне жиі айтатын бір ойлы пікірі еске түседі осындайда... «Жарқыным, өлең деген шалдамбалдың балағын түріп алып, шалшық суды шалпылдата әрлі - берлі кешіп өту емес!» дейтін жарықтық!.. Әне, солай!!! Демек, әлгі мұхитқа жете алмаған мұңлықтар да, асау толқынның жағаға әкеп тастаған жалқын көбігін сүзушілер(өлеңшілер) де, әрі алысқа жүзбей жағалауда жан бағатындар да, қырық қабат су қыртысының бетін ғана шалатын (өлең техникасын меңгергендер, оқырман сезімімен ойнайтындар) бар да, күллі құпиясын түбіне бүккен тұңғиыққа көзсіз сүңгіп, соны әлемнің жан көрмеген ғажайыптарына тірі куә болатын жанкештілер бар. Мейлі ғой... Біз сол ғажайыпқа құштарлардың, сол тылсымға әуестердің хал-қадеріне қарамай, барлығын да сыйлаймыз. Ал, мойындау?.. Ол - бөлек әңгіме! Поэзия да махаббат секілді, бар не жоқ!
Әлқисса, біздің бойымызға лайық пайымызбен әңгіме еткелі отырған Светқали мұхиты - қай мұхит?! Құдай -тағаланың қазаққа қиып берген (бәлкім бағына, бәлкім сорына) көкжиекпен астасқан құла дүз кеңістігі, сол мәңгі еріншек далада маңқия көлбеген обалар мен бағзы қорғандар, мізбақпас балбалдар, мейірімсіз ғасырларға жұтылған үңгірлер мен қия -тастарға жазылған құпия жазулар... Шерлі шайырлар мен тентек серілердің ащы зары мен айғай-әні сіңіп қалған жартастар, шыңдар... Біздің кейіпкеріміз - дәл осы сұрғылт, сұсты ғажайыптарды тынымсыз кезіп, мың сан бояу тілінде біздің ғасырда сөйлетуші. Атырау мен Алтай, Ордабасы мен Отпантау, алып Арқа... Ұлы дала Айт-ман қаламынан өзгеше сыр шертеді, ерек бояумен төгіледі.
Кімнен, бірақ жөн сұраушы ед бұл ғасыр,
Қаңғып жүрген мен сықылды кезбе көп.
Құм да басыр, шың да басыр – кіл басыр
Құл-тірлігін айтып болсын езбелеп.
Мен Арымды іздеп жүрмін жоғалған,
Қазығұртта қалған еді басында.
Содан кейін таңбаланған
о, жалған,
Мәртөбе мен Ордабасы тасында.
немесе
Қарқаралы, әрі ысыршы бұлтыңды,
Сені көріп жүрек біраз жұлқынды.
Көрсем деп ем Қарқаралы басынан
Етектегі, жетектегі ұлтымды.
Мына аршаға әнін арнап Біржан сал,
«Қозыбайда» мәжілісті құрған сәл.
Осы жайдан білгім кеп ед бір дерек,
Түк айтпады шүлжің бала, ыржаң шал.
немесе
Жазда ыстық,
қыста жанға сыз өтіп,
Шарап ішер шаған құсап Жайықта Ай,
Қалсам деймін шаһарымды күзетіп,
Мастығымнан айықпай!
Ақ, аға көр!
Жақ, жаға көр, Жайық, шам! –
Сарқылмағай татарым һәм сапарым.
Білемін мен – мастығымнан айықсам,
Мәңгі күйреп түсетінін шаһарым...
Айт-ман ақын өзге шәр, бөтен жұмақты аңсамайды. Оның иран-бағы да, қасірет қақпасы да - туған Қазақиясы. «Күбір-күбір әруақтар кеңеседі,
Елес – өңі, япырмай, не деседі?..
Бір сапарға күбініп жатыр олар,
Бар мұраты – қазақтың келешегі». Сол үшін де «темір етігінен теңгедей, темір таяғынан тебендей» қалғанша шартарабын шарлап келеді. Ұлтандарға мазақ болған ұлан байтағын қорып, көзінің жасы сақалынан сорғалап Жиделі -Байсын іздеп желіп келеді.
Езгісі кеп, тұл қылып тастамақ боп,
Бар тіл, күллі дінге есік ашты әлек боп.
Тасқа көктеп кететін езген сайын,
Уа, Біздің Тіл –
БАСҚА ДІЛ, БАСҚА МЕКТЕП! -деп өз үйі, құтты босағасында тұл жетімнің халін кешкен ана тілінің азабы көкірегін күйдіреді. «Көне астананың қорымында» түнеп, «Сары айшықта хәл кешіп,», «Көбелектің кешкі жырын тыңдап», «Қызғалдақтың қайғысына» мұңдасқан ақынның жүрегі бір сәтке
Жәә, сол дастандарды том-том кітап оқып, ұлылармен ойша сырласып, үйдегі емен үстелімнің үстінде қою шайды сораптап отырып неге жазбасқа?.. Қазір «Көрмегенге көз таңсық» заман өткен! Әлеужеліні пайдаланып, алты құрлықты еркін шарлауға болмай ма?.. Мұндай сұрақтардың болуы заңды... Әсіресе, «Тарихы талан-таражға түскен мұқым Қазақияның мұңын жаяу жүріп түгендеу әпенділік емес пе?» деген күмәнді ойлардың қылаң беретінін жасырып қайтеміз... Алайда, Айт-ман олай ойламайды. Ол мынау сайын даланың жұмбақ сырын, есесі кеткен кешегісін елең-алаңда өсіп келе жатқан ертеңіне табыстауды өзінің қасиетті борышына санайды. Қалғып кеткен қоғамның жүрегін жыр-найзасымен піскілеп оятуға бекінген. Тұран даласындағы тобырлық сананы бабалар ілімімен ағартуға асығады. Оның ойлы жырларын оқу, түсіну үшін де ойлы оқырман керек. Сол келешек ойлы орманның құнарлы топырағын әзірлейді Айт-ман...
Бес уақыт намазын қазақ қылмайтын ақынның мешіт жағалап, Мекке аттанғанын және көрмедік. Өйткені, оның қағбасы- туған жердің қара тасы. Оның діні - жүректің ақиқати махаббаты. Оның мұңдасы - ғасырлар толқынында жұтылған алаш аруағы. Былайғы жұрт Пірге қол беруді көксесе, ол сол Пірлерге жүрегін баяғыда-ақ беріп қойған.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан «Көкірегім -көне кітап» жыр жинағын жан-жақты талдап, мағына - мазмұнына жету үшін жай сауат жете қоймас... Мен Айт-манның «Көне кітабын» Даналық кітабы дер едім. Ақынның өзі айтпақшы:
Жорналшы қыз: «Қалайсыз, – деп, – Даңқпен?..» –
Қойып жатыр маған тағы сұрағын.
«Адам атым – даңқ!..» – дер ем шабытпен,
Бірақ оған сенбейсің ғой, шырағым.
«Машайық басқан Маңғыстауда» жанған жалқы алау мұнарлы атыраптың мың түмен өткен жолына жарық түсіріп барады. Жолыңыз болсын, Айт-ман! Іздеген жоғыңыз табылғай!
ЖАЛҚЫ ШЫРАҚТЫҢ ЖЫРЫ
Мұңдасқым келеді.
Кіммен?
Сырласқым келеді... Білмен.
Түнді ашқым келеді – нұрмен,
Гүлді ашқым келеді – жырмен!..
Тажал тырнағы бүрген
Қан саулап тұр бүрден.
Тас қараңғы түрмем –
Сәуле керек күлген...
Тым өкіреш үнмен
Жел сөйлейді түннен...
Ай да – темір тақа,
Жүрегімді тілген.
Тапқан жолым – осы,
Көрем оны кімнен?!
Ызғар ұрад іргем,
Ит сықылды үрген!
Кетті күйім мүлдем,
Кетем бе шын мүрдем?..
Жанған шырақ сынды
Жел өтінде – сүлдем...
Бір дем – ары...
Бір дем...
Әлия Дәулетбаева
Ақын, Махамбет атындағы сыйлықтың, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.