«Казконтент» АҚ-ының «Әдебиет порталы» мен «Тарих порталының» қызметкерлері Асылбек Байтанұлы мен Арман Сүлейменов 14 мамыр күні «Сал-серілер, ақын-жазушылар еліне сапар» жобасы бойынша Ақмола облысының Бұланды, Біржан сал, Бурабай, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласын қамтитын бағытқа аттанған болатын. «Рухани жаңғыру» аясында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыруға үн қосу, ақпараттық қолдау көрсетіп насихаттау мақсатындағы бұл сапар Ақмола облысы әкімінің туризм мәселелері бойынша кеңесшісі Игалиев Марат Несіпқалиұлының тікелей қолдауы арқылы жүзеге асуда.
Алтынды ауылында
Бұланды ауданы – орман-тоғайлы, сулы-нулы, табиғаты көркем өлке. Астана-Көкшетау тас жолы мен Алматы-Қызылжар теміржолы өтетін Бұланды ауданының халқы 34 мың шамасында. Бұл халықтың тең жартысы Макинск қаласында, келесі жартысы 11 ауылдық округте тұрады. Аудан халқы көпұлтты. Қазақтардың үлесі 40 пайыздан астам. Орыстардың үлесі де осы шамада. Өзгесін неміс, украин, ингуш, татар т.б. ұлт өкілдері құрайды. «Бұланды ауданынан туып шыққан әйгілі тұлғалар кім?», - деген сұраққа жауап іздер болсақ, ең әуелі екі тұлға ойға оралады. Біріншісі – қазақ даласының батыры, әйгілі палуан, әнші сері Балуан Шолақ Баймырзаұлы. Ал екіншісі – қазақ әдебиеттану ғылымы дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы.
Тұрсынбек Кәкішұлы 1927 жылы 15 тамызда осы аудан жерінде дүниеге келген. Ақмола облысындағы қазақ драма театрында актер, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған Тұрсынбек Кәкішұлының 1950 жылдан өмірінің соңына дейінгі бар ғұмыры қазақ әдебиеттану ғылымымен байланысты болған екен. 2015 жылы 8 қыркүйекте өмірден өткен Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы мен теориясы, сыны дамуына зор үлес қосты. Тек ғалымдығымен ғана емес, ақ алмастай тіліп айтатын батылдығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен де халқының қабырғалы тұлғасы ретінде танылған азамат болды.
Алтынды – Астана-Көкшетау тас жолының бойында жатқан ауыл. Ежелден қазақтардың мекені болған бұл төңірекке Данил деген көпес мекен етсе керек. Соның атымен Даниловка аталған елді мекенде 1934 жылдары алтын шахтасы құрылып қызу еңбек қайнаған екен. Алайда қазіргі күні алтын өндірілмейді. Ауыл халқы көп ұлтты. Алтынды болып атауы өзгертілген ауылда аралас мектеп білім беруде. Тұрсынбек Кәкішұлы атындағы Алтынды орта мектебінің директоры Кинабаева Ақмарал Аманқұлқызының мәліметінше мұнда 169 оқушы білім алуда. 65 оқушы шағын орталыққа барады. 1974 жылы салынған мектеп ғимараты қазіргі күні апаттық жағдайда екен. Бюджеттен 409 миллион теңге бөлініп, алдағы екі жылда толықтай күрделі жөндеуден өткізілмек екен. Мектеп директоры күрделі жөндеуден кейін Тұрсынбек Кәкішұлының мұражайын мектеп қабырғасында толықтырып жасақтау мақсаттары бар екенін жеткізді.
Тұрсынбек Кәкішұлы көзі тірісінде туған аулының мектебіне өзінің ғұмыр бойы жинаған кітаптарының елеулі бөлігін өткізіп кеткен екен. Мектеп кітапханасында ғалым жазушының қолтаңбасы бар көптеген кітаптарын көруге болады.
Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Т.Кәкішұлы залы ашыларда біршама кітаптарды сонда жіберілген екен. Тұрсекеңнің төл шәкірті Бәтима Айтжанқызы Сүлейменованың ұстаз рухын ұлықтаудағы еңбегі зор болыпты. Ауылдағы бас көше Тұрсынбек Кәкішұлы атында. Қазіргі күні Бәтима Айтжанұлы қатарлы білікті аға буын өкілдерінің арқасында ауыл көшелерінің бірталайына қазақша атаулар ешбір ың-шыңсыз берілген екен. Шындығын айтқанда, Бұланды ауданындағы елді мекендер мен көшелерге қазақша атаулар беру мәселесі біршама қиындықпен жүрілуде екендігі аңғарылды.
Алтынды мектебі қабырғасында аудандық музыка мектебінің филиалы жұмыс жасайды екен. Шәкірттер музыка әліппесін меңгеріп, көптеген аспаптарда ойнауды игеріп шығатынын ұстаздары зор мақтанышпен айтып берді. Солардың бірі – Лебедев Сергей. Орыс баласының қазақ музыкасына деген құштарлығы ересен. «Мен көптеген музыкалық аспаптарда ойнай білемін. Солардың арасында домбыра маған ерекше ұнайды. Онда қазақ халқының ұлттық бояуы, даланың тылсым сыры бар», - деген ол «Балбырауын» мен «Ерке сылқым» күйлерін орындап берді. Сергей сияқты талапты да талантты балалар бұл мектепте көп көрінеді.
Ынтымағы жарасқан Алтынды ауылының ұстаздар қауымымен «Рухани жаңғыру», ұлттар арасындағы татулық, бала тәрбиесі мәселелері бойынша емен-жарқын өрбіген әңгімеден соң Астанадан келген қонақтар сапарын жалғастыру үшін жолға шықты.
Бұланды ауданындағы сапардың келесі бағыты қазақтың сегіз қырлы бір сырлы ақиығы Балуан Шолақ мәңгіге тыныс тапқан Тастыөзек ауылы еді.
Асылбек Байтанұлы
(Фотосуреттер автордыкі)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.