Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Аманхан Әлім: Серік Ақсұңқарұлының екі шығармашылық міні

18.04.2017 3031

Аманхан Әлім: Серік Ақсұңқарұлының екі шығармашылық міні

Осыған дейін «Әдебиет порталының» ұйымдастырған сауалнамасына ақын Серік Ақсұңқарұлы жауап беріп, өзінің өткір пікірлерін ортаға салған болатын. Сол сауалнамада ақын Мемлекеттік сыйлыққа қатысты ойын ашық айта келіп, «Мен – Тәңірі Сыйлығының Лауреатымын!» - деп жұртты елең еткізіп еді. Осы сұхбатта өзге де әдеби мәселелер ашық айтылған.

Серік Ақсұңқарұлының «Әдебиет порталында» жарық көрген сол ой-пікіріне белгілі әдебиеттанушы Аманхан Әлім келіспейтінін айтты. Ашық пікір алаңын қолдайтын «Әдебиет порталы» бұл сынды да назардан тыс қалдырмай, оқырманға ұсынып отыр.

Таза, Ақсұңқарұлывщина!

Достарым, осы бір жанның бойынан екі шығармашылық мін көремін. Бірінші, өлең мен басқа да жазуды, яғни, шығармашылық қадыр-қасиетті құрал ретінде пайдалану (терең білім -біліктікпен талдап, талқылау, сараптау емес). Біреуді мақтаса да сол! Өлеңді құрал етіп, өзгені сонымен соғу. Себебі, оның шығармашылық ұстанымындағы темірқазық еткен бағыт - бағдары рухты жамылып, жау іздеу. Олар кімдер, олар Қабыл, Сальери, Дантес, Мартынов болып келіп, ақыры киллерге келіп тіреледі. Олардың іс-әрекеттеріне себеп-салдар болған оқиғаға терең бармайды. Жан-жақты келмейді. Мән-мағынаға үңілмейді. Білім-білікке жүгінбейді. Атүстілік. Қыздырма қызыл сөз. Пафос. Оны сынағандардың бәрі, біз тілге тиек еткен кейіпкерлер. Кешіріңіздер, мені о жандарды, ондай адамдарды ақтап жатыр деп ойламаңыздар. Ол мәселенің екінші жағы. Ал, мен көптен біліп-сезіп жүрген екінші мін, сол бірінші міннің бастауы - желкеуделік. Оған оның басқа астам, асқақ сөздерін алға тартпай-ақ, тасқа басылған бірлі-екілі сөзін куә етейін. Ол өзін қарапайым адам - оқырманнан жоғары қояды да, оларды "көшедегі көрінген" көреді. Ол олармен тілдеспейді, Тәңірдің өзімен тілдеседі. Тура жол тапқан. Недеген жоғары алынған тон, қандай кеуде! Ол " Поэзия дегеннің өзі көшедегі көрінгенмен емес, Тәңірінің өзімен сөйлесу ғой" дейді. Ол білсе, со көшедегі көрінгендер, оның (поэзияның) оқырманы. Олар жақсы болсын, жаман болсын, олардың да өзіндік түсінігі бар жандар. Әрине, бұл сөзім "анандай" еді, "мынандай" болатын о мырза мені түсінбеген" деп ақталып, мың-сан жағдай айтуға болады. Өкінішке орай, оның өзіне соншалықты сеніммен, нық айтқан сөзі, " айтылған сөз, атылған оқ" екенін тағы бір рет дәлелдейді.

Сосын ол «Мен-Тәңір сыйлығының лауреатымын! Осы маған жетеді...» дейді. Біріншіден, ақындық, ақын болып туу материалдық құндылық - сый-сияпат немесе соның синонимы лауреаттық емес. Ол, Алла берді қасиет. Мысалы, Алла, ұстаға-ұсталық, шеберге-шеберлік, суретшіге-суретшілік қасиетті берген. Ақындық та со секілді қасиет! Қазақтың қадір-қасиет деуінің сыры сонда. Сый, сыйлық, лауреаттық сол қадір-қасиеттің мықты иесіне беріледі. Ал, енді, о кісідегі өкпе, оған сыйлық бермепті. Соған ол " мен енді осы "тай жарысқа"" (өзін ат көретін болу керек) түспеймін деп шештім" деп мәлімдеме жасайды. Соған, автор сөз етіп отырған "тай жарысына" өзінен артық талайлар түсіп, сыйлық алмай, лауреат атанбай қалғанда да, мұндай мәлімдеме жасамаған еді. "Тәңірмен сөйлесетін" ақынға өте қиын болған. Содан келеді де, ақын-жазушылардың үстіне қараспанды төндіреді. Қаламақыны сөз етеді. Кітап шықпайтынын айтады. Өзі кітап шығарудан ешкімнен кенде емес. Шығарып жатыр. Кітап шығара алмай жүрген ақын-жазушылардың жаны оған қарағанда сірі екен. Мүшәйрадан бастап, басқа да алып жүрген сый-сияпаты аз емес. Мемлекеттік сыйлық бермей қойған екен, дүниенің бәрі лас, өзі таза. Классик. Айналасының бәрі Қабыл, Сальери, Дантес, Киллер, тағы тағылар. Достарым, мен мұны ол азаматты өшім кеткеннен, болмаса ол мені бір жерде жамандап, ғайбаттағаннан, немесе жолымды кескеннен, қазаныма, бойымдағы барыма, сый-сияпатқа ортақтасқаннан жазып отырған жоқпын. Ол маған олардың бірін де істеген емес. Менікі, соңғы кездері тенденцияға айналып бара жатқан ақсұңқарұлывщинаны тілге тиек ету ғана. Бұл жеке өзімнің шығармашылық пікірім мен ойым. Ешкімге таңып, менікі дұрыс демеймін. Тәмам, тәмам!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар