Авторы аталмаған «Күңгірт кеп» әңгімесі – қысқа проза жанрында жазылған терең психологиялық әңгіме. Бірнеше фрагментті суреттен тұратын композициясы ерекше назар аудартады. Фрагменттер бас кейіпкердің жадында сақталып қалған балалық шақ көріністерінен сыр шертеді, онысы абстракция ретінде қабылданады. Сонымен қатар, кейіпкер естелігінің, өз ішінде, түс көруіне алмасып, негізгі идеяны толықтыра түсетін, жаңа бір параллель сурет тудыратын тұсынан сюрреализмге тән белгіні көруге болады. Бұл әңгіменің ерекше психологиялық табиғатының қыр-сыры неғұрлым айқындала, анықтала түскен сайын, Фрейд ілімін негізге алатын сюрреалистерге тән айрықша көркемдік тәсілдер мұнда да жоқ емес екендігі байқалды.
Бас кейіпкердің жанын жегідей жеген бір азапты естеліктері бар: оның балалық шақта толық қанып, сезінбеген ата-ана махаббатына деген шөлі.
«Алдымен, темір табалдырығы қажалған есікті екілене жұлқып ашып, шақыр-шұқыр шайнасқан топса мен жақтаудың жанын шығарып алады да, ауыр бәтеңкесін босағаға тастай салып, төрге озады», - деген бір суреттің өзіндегі «табалдырығы қажалған темір есік», «шақыр-шұқыр шайнасқан топса мен жақтау», «ауыр бәтіңке» сынды деталдардың бәрі – кейіпкер жанына бала кезден беріш боп қатқан ауыр естеліктер баламасы ретінде ассоциацияланады.
Ендігі есейіп, ересек өмірге әлдеқашан аяқ басса да, тағдырына кері әсер еткен осынау түйткілді естеліктер оның қыр-соңынан қалмайды. Күту, елегізу сезімінен қайтсе бір арылмай қойғаны білінді. Бұл психологиялық ерекшелікті автор әңгіменің өне бойында «Қазір келеді...» тіркесінің әр жерде бір қайта-қайта қайталануы арқылы беріпті.
Сөз жоқ, автор заманымызға тән өзекті проблеманы көтеріп отыр. Қазіргі батыстық психологияда мұны баланың үлкендер тарапынан «назарға зәрулік синдромы» (СДВ – «синдром дифицита внимания»)деп атайтынын да білеміз.
Тіл көркемдігін жетілдіруде автордың ізденісі көрінеді. Алайда, стилистика жағынан ақсап жатқан тұстары бірден көзге шалына кетті.
Мысалы: «Қарашығы тозған қой көздері жасаурап, еңкіш тартқан жауырыны құнысып, жүрдек көліктің ішіне кіріп бара жатқан болатын», - дегендегі атасының портретін алайық. Қарт адамның портретін жасағанда, «қой көзді», «бота көзді» сияқты тіркестерді қолдану орынсыз сияқты. «Жүрдек көлік» «жүрдек пойыз» деп ауыстырылса, құп болар еді. Кейде қарапайым нәрсені өз атымен атаған әлдеқайда тұщымды.
Келесі бірде: «Анасы бәріне мәз, аяғының ұшынан басып, қашан да қалқып жүргені», - дейді. Мұнымен автор анасы «ештемеге көп алаңдай қоймайтын, ойсыз жан» дегенді жеткізгісі келген шығар деп түсіндік. Бірақ «аяғының ұшынан басып» фразеологизмі бұл жерде өз орнында тұрмағандай көрінді. Ол, негізінен, «сыбдырын білдірмей, ақырын, имене басып жүру» деген мағынаны береді.
Жанры – «әңгіме-элегия» аталған екен. Жалпы, элегия – прозаға емес, поэзияға, лирикаға тән нәрсе. Әр нәрсені өз орнында қолдану – сауаттылықтың бір белгісі болар еді деп тағы да атап өткім келеді.
Торығу, түңілу сарыны Тәуелсіз прозада о бастан көп кездесті. Біз оны постмодернизм деп атаған болатынбыз. Өліара, дағдарыс кезеңінде, рухани сілкініске зәру кезеңдерде біз бұл ерекшеліктегі көркем шығармаларды қалтқысыз қабылдадық. «Экспериментке» жатқыздық, т.б.
Алайда, әсіре ода мен негізсіз элегияны жөніне қалдырып, нағыз өміршең проза жазуды қолға алудың кезі келген сияқты.
Бұл әңгіме - декаденттік сарындағы психологиялық қысқа проза.
Бір оқығаннан ерекше әсер етті деп айта алмаймын. Энергетикасын сіңіріп, толық қабылдау үшін уақыт аралатып барып, бірнеше рет оқып шықтым.
Анар Кабдуллина, әдебиеттанушы, сыншы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.